Өлеңдер ✍️
Қосылып аққан қос өзен
Біріне-бірі мал берген,
Біріне-бірі жан берген,
Керегелерін күй керген,
Шаңырақтарын ән керген.
Дән егіп екі ел бір жерге,
Төскейде бірге малы өрген.
Талпынып алғы күндерге,
Тамылжып атқан таң көрген.
Қосқанда тізе екеуі,
Біріне-бірі әл берген.
Бірінің кетсе кетеуі,
Келтіріп бірі, сән берген.
Біріне-бірі қайрылып,
Біріне-бірі дәм берген.
Кетпессің қалай айналып,
Туысқандығы мәңгі елден?!
Маңдайда екі көзімдей,
Өлеңнің екі жолындай,
Өмірдің өшпес өзіңдей,
Адамның екі қолындай.
Сапарлас болған сан жолда,
Бір жүрмей көңіл көншімес.
Тігілген екі ақ орда,
Бірімен-бірі еншілес!
Екі елдің бірге өзегі –
Қартайған, қайта жасарған.
Торғай мен Тобыл өзені
Жарысып аққан қашаннан!
Құдайдың қайта қосқаны-ай,
Өскен жер, шыққан негізім –
Бір ананың Қостанай –
Торғай атты егізін!
Бірінің-бірі баласын
Жатсынбай, құшып емізген,
Туыстық тауып жарасым,
Бәрекелді-ой, дегізген.
Арман атты арнада
Қосылып аққан қос өзен –
Астығың толсын қамбаға,
Көгерсін, Елім, көсегең!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter