Өлеңдер ✍️

  27.05.2023
  139


Автор: Серікбай Оспанов

Қара сайдың бойымен...

Қара сайдың бойымен


Жүгіреді қара жел.


Жалғап қырын ойымен,


Мен жүгірсем бала дер.


 


Баланы да, шалды да,


Тәуекел ғой тау етер.


Желді салып алдыма,


Жүгірейін,


Тәуекел!


 


Көзімнен жас парласын


Шығындай боп даланың.


Жүгірейін,


Қалмасын


Жетімсіреп бала күн!..


 


Кеттім төмен құлдырып,


Көгімде – нұр,


Көңіл – нұр.


Мың сүрініп, мың құлап,


Құшақтасқан жерім бұл.


 


Тайып кетті-ау табаным,


Құлап бара жатырмын.


Ұшында көз – жанарым.


Жарқ етті бір алтын күн.


 


Көкмайсасын мамық қып,


Қағып алды қара жер.


Жылап атам, жарықтық,


Қарап қапты маған ел.


 


«Ауырды ма бір жерің,


Айналайын, балам?» – деп,


Қоршап апты гүлдерім,


Аймалады самал кеп.


 


«Қалмадың ба мертігіп,


Құлап қалдың неге?» – деп,


Дала жел боп ентігіп,


Елпең қақты ебелек.


 


Ұшқан торғай, көбелек –


Бәрі амандық сұрауда.


...Екен ғой бір керемет


Туған жерде құлау да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу