Өлеңдер ✍️

  27.05.2023
  117


Автор: Серікбай Оспанов

Тобыл ағады

Өрнек салып көк белге


Тобыл ағады.


Арнасына көктемде


Толып ағады.


 


Айдынына Күн бірге


Қонып ағады.


Айналасы күмбірге


Толып ағады.


 


Сүйіп-құшып, аймалап


Жолын,


Жағаны,


Төсінде Ай тайғанап


Тобыл ағады.


 


Жоқ ешкімге, еш жерге


Оның алаңы.


Нәр боп өніп-өскенге,


Тобыл ағады.


 


Орғып жота-жондардан,


Орып ағады.


Ой мен қырдың ол барған


Шөлі қанады.


 


Жүрегіңнен-жаныңнан


Орын алады.


Іздеп бізді сағынған


Тобыл ағады.


 


Бақыты, елдің байлығы


Болып ағады.


Айдынына Ай нұры


Қонып ағады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу