Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.05.2023
142
Туған жер-ай!
Әр бетегең жүректегі қозғар сырды,
Есіңде ме елегенің қорғансызды?!
Алғаш қамқор самалың кеп сүрткен еді
Аяр адам көл еткен көз жасымды.
Мен де қазір лайланған тұнықтаймын,
Кейде айта алмай
Шындықты құлыптаймын.
Адамдардан таба алмаған махаббатты
Сенен тапқан едім соны
Ұмытпаймын.
Аппақ, тәтті арман құшып ақ таңыңда,
Түн келгенде түнергенмін, батқам мұңға.
Алайда түн құшағына ап жұбататын
Әкемді іздеп көз іле алмай жатқанымда.
Күні-түні өлең жолын ұлмын қуған,
Өмірім де,
Көңілім де бүгін думан.
Ешбір адам сипамаған аяғымды
Мөп-мөлдір сенің таңғы шығың жуған.
Өзің бердің, кең болса егер, жан сарайым,
Болса, шіркін, сендей дархан барша ағайын.
Ата-анамның алақаны секілденген,
Туған жер-ай,
Қалай ғана аңсамайын?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter