Өлеңдер ✍️
Толғаныс, толған іш
Бұл өлең Атырау қаласында өтетін, «Мұқағали
Мақатаев» жыр-сайысына жол тартты. Өлеңді
оқитын Айкенай қызға сəттілік тілеймін!
Жырласамшы, дəл өзіңдей, əттең мен,
Ақын едің, Тəңір сөзден бақ берген.
Қылыш тілің қылпып өтсе, жарқ етіп,
Найзағайдай қара бұлтты қақ бөлген.
Өлеңіңе тарих-тұздық, күй-қатық,
Шым батқанда, шымырлаған құйқа-түк.
Семіп қалған тамырларға жан бітіп,
Сезім кешкен аққуларды ұйықтатып.
Кездестіріп көзір жырды, көздеген,
Бөлінгендей, шыбын жаннан өз денем.
Жан ұшырып жағалауды іздеймін,
Осыншама, бола ма екен, сөз терең!
Жырласамшы, дəл өзіңдей жұртым деп,
Уыз жырдың тартқанбыз ба, үрпін тек?!
Жүрегіңнен шыққан жырға масаң боп,
Сіңіп бара жатқандаймын біртіндеп.
Дəл өзіңдей сезіне алмай арайды,
Өз-өзіме өкпелімін…
Жəрəйды!
Саумал жырың тамырымды қуалап,
Саусағымның ұштарынан тарайды.
Көсілгенде шешілді ме шер-қайғың,
Шер-қайғыңда айып емес, берсе айбын.
Ақыным-ай…
Нар идірген науша жыр,
Құшағына қалай сыйды Кеңсайдың.
Қалай ұштың Қарасаздың төсінен,
Тіршілікте бар ақынның көші кем…
Ай маңдайын жарқ еткізіп өлеңде,
Тəңір сыйға тарту еткен, Несібем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter