Өлеңдер ✍️

  21.05.2023
  315


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Фауст

ТРАГЕДИЯНЫҢ БІРІНШІ БӨЛІМІ
Неміс тілінен аударған Медеубай Құрманов

Неміс халқының ұлы жазушысы, жалынды патриоты, Иоганн Вольфганг Гетенің «Фауст» трагедиясы әлемдік әдебиеттің алтын қорына жататын шығарма. Данышпан ақын бұл шығармасын 1772 жылы бастап, 1831 жылы, өлерінен бір-ақ жыл бұрын аяқтаған. Адамзат баласының жарқын болашағына шексіз сенген ұлы ойшыл ақынның қаламынан туған осынау кемеңгер туындымен қазақ оқырман қауымы тұнғыш рет танысып отыр. Аударған Медеубай Құрманов — неміс тілінің маманы, «Фаусты» аударумен көптен бері шұғылданып келеді.

АРНАУ
Жарқ еттің ғой алдымнан бұлдыр елес,
Мазалаған талайдан бір бұл емес.
Шеңгеліне шабыттың аламын ба?
Әлде тағы айрылып қаламын ба?
Жоқ! Бұл жолы жанымды әлдиледің,
Мен де көндім, еркімді сен билегін!
Бұлыңғыр бу — тұманнан шығып, менің
Жас кеудемді улады сиқыр лебің.
Еске салдың елесін шат күндердің,
Көлеңкелі, шаттықтан жат күндердің.
Ұмыт болған бір аңыз жаңғырықты,
Тұңғыш сезім қайтадан алды ырықты.
Мұң жаңарып, қайтадан қайталанар
Күйкі өмірдің шытырман соқпағымен,
Қайтіп қана бақытқа жол таба алар
Адасқандар тағдырдың тоқпағымен?!
Ести алмас енді олар бұл жырымды,
Ақтарған ем соларға бар сырымды,
Достар тобы тарады, ыдырады,
Үндері өшті, күні өтті — тынды бәрі.
Қол соқса да мақұлдап, сескенемін,
Бәрі жат, қызығы жоқ ештеңенің.
Қайғысына достардың тұтылам құр,
Өлгені өлді, тірісі бытырап жүр.
Бір сезім әлдеқашан ұмыт болған
Мені алға сүйрейді тұрып қалған.
Нәзік әуен өнбойды шымырлатып,
Жыр келеді қытықтап, жыбырлатып,
Моншақ-моншақ көзден жас төгілдіріп,
Мұз жүректі ерітіп, егілдіріп,
Сезім тулап, жүректе шағылады,
Жоғалғаным жанымнан табылады.

ТЕАТРДАҒЫ ПРОЛОГ
Директор, ақын және Сайқымазақ.
Директор

О, достар! Өздеріңсіз көңлім күңгірт,
Мен үшін тындырдыңдар жұмыс талай,
Кеш батып, жақындады-ау төніп ымырт,
Болады, айтыңдаршы, бұл іс қалай?
Тәп-тәуір іс тындырып берекелі,
Халықтың көңілінен шыға алсақ-ау!
Әр кім-ақ күтіп отыр мерекені,
Ойынды тартымды етіп шығарсақ-ау!
Қадалып, сахнадан көз ала алмай,
Ынтыға той-думанды қоғам күткен.
Тықыршып тұрмын мен де төзе алмай,
Дәл мұндай көрмеп едім қобалжып мен!
Жақсыға жарымай бір өмір бойы,
Мәз болып бұрынғының қалдығына,
Керек-ақ болып тұр, дос, көңілді ойын
Ұнайтын бірі емес, барлығына.
Па, шіркін, тау суындай тасып халық,
Ағылып театрға келіп жатса.
Билетке біздің мөрді басып қалып,
Кассир қыз үлестіріп беріп жатса!
Талтүсте жиылған жұрт билет жетпей,
Пьесамыз басталғанша тарамаса. —
Билет! — деп қырылысып тұрса кетпей,
Мойыны үзілгенге қарамаса.
Несіне ақын болып жүрсің, достым,
Осындай бір пьесаға жарамасаң!

Ақын
Айтпа маған шулаған бұ халықты,
Ақынның у құятын шабытына.
Мойынға сала салып бұғалықты,
Тастайтын топастықтың табытына.
Тілерім тәңірінің пәк мархабаты,
Жаныңды нұрға малый, жырға бөлер.
Әлпештеп Достық пенен Махаббатты,
Жүрегім өлсе дағы жырлап өлер.
Бірде өктем, бірде баяу қайрат қылып,
Жүректің түкпірінен қайнап шығып,
Сөзіңді сыртқа атылып ыршып шығар
Озбыр күш шықпай жатып тұншықтырар.
Жоқ, асықпай жетіліп жылдар бойы
Саф алтындай сомдалып, піссін ойың.
Сыртын емес сөзіңнің түзе сырын,
Кейінгіге мұра боп қалсын жырық!

Сайқымазақ
Қайда қашар дейсің ол кейінгі ұрпақ?
Заманына амалы бейім тұрмақ.
Қазіргіні дұрыстап ойлайық та,
Замандастың көңілін аулайық та!
Бала екеш бала да бұ заманда
Іздегені той-думан, күлкі баққан.
Жұрт назары күлдіргі, қу адамда,
Ойнақы әзілімен жұртқа жаққан.
Салдық құрған қызықтан құр қалар ма,
Дүйім жұрттың дәп басып, көңлін тапқан.
Қыздырыңдар ойынды қызықтырып,
Үздіктіріп, қиқуға ынтық қылып,
Ұмытпаңдар сезімге, ой-қиялға
Әзіл-күлкі құюды тұздық қылып.

Директор
Ең бастысы — оқиға болсын қызық,
Көргенде жан еліріп, кетсін қызып.
Таңырқатып, тамсантып, тебірентіп,
Дертін қозғап, кейінің көңлін бұзып.
Сонда біздің ісіміз оңға басар,
Несі қалжың қытықтап, қозғамаса.
Жұрт бір-бірін еліртіп, ертіп келер,
Сахнадан өзінің дертін көрер.
Міне, сонда орайы жарасады,
Үйді-үйіне мәз болып тарасады.
Кесек затты көпшілік ұға алмайды,
Ұға алмаса, әрине, құп алмайды,
Қысқа, қызық, дәмдімен еліктірсек,
Ғұмыр бойы есінен шығармайды.
Не бір кесек туынды көрсет, мейлің,
Топас тобыр бәрібір бөлшектейді.

Ақын
Бұл кәсіптің кәдімгі шын өнермен
Үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Болса егер зердесіз бар көрермен,
Пайда іздеген адамға осы ыңғайлы.

Директор
Сені қалай биледі күлкі сонша?
Зар заманды түзесең, қайда қалдың?
Тазы боп шал заманың түлкі болса,
Пайдаланып бәрін де айла-амалдың.
Қарашы, сөзді ұғарлық адам бар ма,
Не пайда айтқанменен надандарға?
Жұрт келер театрға еріккеннен,
Қайғы жоқ, тамағы тоқ зеріккеннен,
Келеді біреу тоғын басу үшін,
Есірік әйелге сыр ашу үшін,
Бәрібір думан-сауық, бал, маскарад,
Жібермес біреуін де, қалмас қарап.
Әйелдер барын киіп, бойын түзеп,
Белгілі не үшін келер ойы Сізге.
Қомданып ақын ойы қай шыңда отыр?
Көңілді сергітер ме мына топыр?
Қарашы көптің кейпін таяу барып!
Кейбірі суық, селқос, кейі соқыр.
Кейінің есі-дерті карта ойнауда,
Әйелмен арақ ішіп бір тойлауға.
Қой ақ қой, тауыспағын ақылыңды,
Әуре боп бұлар үшін, ақыным, біл!
Халық—бала баққаны ойын-сауық.
Алда, шырма, шатастыр ауық-ауық.
Шабыт буып кетті ме, не болды ақын?
Түсің қашып кетті ғой, есің ауып!

А қ ы н
Басқа жақтан малайды алғын тауып!
Мен табиғат ұлымын дара туған,
Ардың кұлы, асқақ боп жаратылған!
Ойды қозғап, жүректі тербетеді,
Бұлақ болып кеудеден жыр атылған.
Кәкте қалқып дауысым дамылдаған,
Жаңғырығып бар ғалам қабылдаған!
Сағат сайын дүние сан алмасып,
Естігенде үнімді мамырлаған!
Тәртіпке сап, тәптіштеп, жиыстырып,
Дыбыстарды дуылдап, дабырлаған,
Қисындырып, қиыннан қиыстырып,
Сөз маржаны көмейден сауылдаған!
Сұлу сөзді күшті оймен жарастырып,
Құйындатып, құтыртып, дауылдатып,
Екілентіп, еліртіп, таластырып,
Нөсерлетіп, шапшытып, жауындатып,
Кешкі арайды тілменен кім көсейді?
Аяғының астына сұлу қыздың
Көркем гүлін көктемнің кім төсейді?
Кім жырлаған құдайды, құдіретті?
Олимпке шығуды ойлап па адам?
Адамзаттың күш-қуат, құдіреті
Ақындардың қанында ойнақтаған!

Сайқымазақ
Қашан сенін қуатың тысқа шықпақ?
Шабытыңның жалынан ұста мықтап!
Әйелдерді әзәзіл аздырғандай,
Жаз бір пьеса ойнақы, қысқа ғып, шақ.
Кездейсоқ жолықтырып, ғашық қылып,
Ынтық қып, үздіктіріп, асықтырып,
Отына махаббаттың күйдір-жандыр,
Сезімнің пердесін дәл басып тұрып.
Mac қылып, елжіретіп естен тандыр,
Аянба құмарын бас, шөлін қандыр,
Бақытқа белшесінен кенелдіріп,
Туласын кеудесінде сенім де үміт.
Енді бірде бәрінен жұрдай қылып,
Жалаңаш, жүнін жұлған құрдай қылып.
Душар ет қайғы-мұңға күрсіндіріп,
Бермегін ес жиюға мүмкіншілік.
Шым-шытырық шытырман қателесіп,
Қыз бен жігіт күнәға бата берсін.
Ақиқатты айтсаң да мысқалдап айт,
Ашық айтпа ешқашан, тұспалдап айт!
Оқиғасын тартымды, ұтымды ғып,
Жаз осындай дүние жұтындырып.
Таңданбайды түкке де, алданбайды,
Селт етпейді кәрілер жаны қызып,
Ал жастарға бәрібір, бәрі қызық!

А қ ы н
Жүректе сырлар тұнып,
Сезімді дуылдататын,
Жыр бұлақтай атылып,
Толқындап туып жататын,
Mac қылып дала исіне,
Ұйытып маужырататын,
Гүлдерді сүйіп сүйсіне,
Рақатқа бататын,
Жалын мен оттан жаралған,
Махаббаттан нәр алған,
Жаһанға үнім жаңғырып,
Жатталып жырым таралған,
Шат күнім менің, қайдасың?
Жастығым менің қайдасың?!

Сайқымазақ
О, жақсы дос, керек-ақ жастық деген,
Жау шапқанда еліңе ентелеп кеп.
Ақ білегін арта сап, мас қып демі,
Қыз асылса мойныңа еркелеп кеп.
Жалынымен жандырып, шарпып-өртеп,
Мақсатына жас жүрек ерте жетпек.
Болса да қаншалықты албырт, тентек,
Жаратылыс жастықты еркелетпек.
Жастық жақсы-ақ түн бойы билеу үшін,
Менмен басты тағдырға имеу үшін.
Ал, кейіпкерді таңдап ап ғашықтардан,
Еліртіп жұртты алдауға машықтанған,
Дертін қозғап, әріден, беріден де,
Пьеса жазар нағыз күш кәрілерде.
Қарттық емес тек бізді бала ететін,
Өзіміз балалықтан дәмететін.

Директор
Құр сөзден бар ма, тегі, өнетұғын,
Ақыным, бекер-босқа дауласқанша,
Жөнің бар пьеса жазып беретұғын,
Көпшілік тамашалап көретұғын.
Қөңілдің күйі келмес күйрегенге,
Жоламас шабыт маңға сүйрегенмен.
Шабыттың шын қожасы, патшасы — ақын,
Жыр — тұлпар зымырайды қысса тақым,
Өзіңе жақсы мәлім біздің талғам,
Келмейді екі айналып мына жалған,
Ертеңге қалдырмағын, кәне, кіріс
Ісіңе бүгін бастап қолға алған!
Отырма қол қусырып бір күн, тіпті,
Жанталас, пайдалан бар мүмкіндікті.
Талаптың тұлымынан мықтап ұстап,
(Талантың сол талаппен бір туыспақ)
Суытпай бір пьесаны жаз дұрыстап!
Немістің білесің ғой сахнасын,
Кез келген қойылып жүр шимай-шатпақ.
Ақыным, неменеден тартынасың?
Түгім жоқ мен өзіңе қимай жатқан.
Су ағып құз-қиядан сарқырасын,
Ай нұры су бетінде қалтырасын,
Жұлдыздар жымың қағып, құстар сайрап,
Күн күліп, от лапылдап жарқырасын!
Дүние думан болып жатсын қайнап,
Көргеннің көзін алдап, тілін байлап.
Аспаннан бастайық та, жиһан кезіп,
Көрейік жаһаннамға сапар шегіп.

АСПАНДАҒЫ ПРОЛОГ
Тәңір. Періштелер. Кейін Мефистофель келеді.
Үш періште алға шығады.
Рафаил
Ару күн жанарын төңкеріп,
Жер-көкке кірпігін қадайды.
Әлемді нұрымен көмкеріп,
Қия алмай қиыла қарайды.
Жадырап қаламыз, күлімдей
Жылы бір шыраймен қараса.
Алғашқы жаралған күніндей,
Дүние не деген тамаша!

Ж е б і р е й і л
Жұмыр жер зыр қағып зымырап,
Жұмақтың нұрына малынар.
Біресе түнектей тұнжырап,
Жарыққа шығуды сағынар.
Ойы бар толқынның соқтықпақ,
Долданып жартаспен алысар.
Теңіз, жер бір-бірін қолтықтап,
Барлығы қосылып жарысар.

Михаил
Дауылдар, құйындар құтырып,
Жапырып, жаныштап, таптайды.
Құдірет, күшіңе тұтылып,
Дүние жан сауға таппайды.
Найзағай шошытып кәрімен,
Барлығын өртеуге оты әзір.
Жауап ап байыппен бәрінен,
Шақырған тәртіпке, о, тәңір!
Күшіңе біз қайран, о, тәңір!

Үшеуі қосылып:
Жадырап қаламыз, күлімдей,
Жылы бір шыраймен қараса.
Алғашқы жаралған күніндей
Дүние не деген тамаша!

Мефистофель
О, тәңір, бізді тағы алдың жиып,
Сұрайсыз ел жағдайын, жер жағдайын.
Мақтау сөз нөкерлерін айтты үйіп,
Басқарақ, кешіріңіз, менің жайым.
Сұлу сөз білмеймін мен, өкінбен еш,
Қайтейін амал бар ма мазақтасаң.
Сылдыр сөз, салтанатты, көпірме сөз
Сенсеңіз, маған бітпес азапқа сан.
Айта алман Күн мен Көктің қасиетін,
Білемін жер бетінің қасіретін:
Адамзат сол баяғы қалпында әлі,
Тартуда күйкі өмірдің тақсіретін.
Жағдайы болар ма еді аздап жақсы,
Шалмасаң шариғатпен сен де, тақсыр!
Мұны ол нағыз ақыл деп атайды,
Байғұсты аюанға бек тақайды.
Құлдарың шегірткеден бір аумайды,
Жай тауып бір орнында тұра алмайды.
Секіріп көгал қуып ескі әуенмен,
Тамағын тыным таппай күнде аулайды,
Сонда да жұбана алмай сорлы аш қарны,
Тұмсығын шалшық тіреп, күл қармайды.

Т ә ң і р
Болдың ба? Айтатының жоқ па тағы?
Қашан көрсем, осылай кұп-қу жағың.
Түк жоқ па ауызға алар жер үстінде?

Мефистофель
Жоқ, тақсыр, кере алмадым, тегі, ештеңе.
Бишара адамзаттың күні қараң,
Қинауға менің-дағы келмес шамам.

Т ә ң і р
Сен Фаусты білесің бе?
Мефистофель
Докторды ма?

Т ә ң і р
Менің құлымды!

Мефистофель
Иә, ол Сізге өзгеше табынады,
Әмірге көңілі толмай жабығады,
Шарқ ұрып шартарапқа, жерге сыймай,
Еңіреген ерлікті сағынады!
Аласұрып, алысып, таппай тағат,
Көктен жұлдыз көксейді, жерден рақат!
Алыс-жақын дегеннің бәрін көрді,
Сонда да жас жанына жоқ қанағат.

Т ә ң і р
Адасып жүрсе ол қазір жол таба алмай,
Бақытқа кеп ұзамай бөлендірем.
Қапастан шықсын сыртқа ой қамалмай,
Жемісін күні бұрын көрем, білем. 

Мефистофель
Егер де шын рұқсат берсе ұлығым,
Болады көп ұзамай мендік құлың —
Ашсам — алақаным, жұмсам — жұмырығым.

Т ә ң і р
Әзір ол жер бетінде жүргенінде,
Рұқсат, істей бергін білгеніңді.
Талпынған жан адаспай, тегі, тұрмас.

Мефистофель
Рақмет, көңілімді өлік бұрмас,
Дені сау, дерті жоқты ұнатамын.
Шабытпен ондайларға тіл қатамын,
Мысықты өлі тышқан қызықтырмас.

Т ә ң і р
Ал, жақсы, болсын сенің қалағаның!
Тайдырсаң хақ жолынан — жарағаның.
Дегеніңе жүргізіп, көндіре алсаң,
Күлкі болмай, бір нәрсе өндіре алсаң,
Мен онда бұл бәйгеде жығылғаным,
Құлымның қидым түгел шыбын жанын.
Тек ұмытпа: адал жан, шынайы жан,
Әсте безіп кетпейді құдайынан.

Мефистофель
Құп болад! Жеңілем деп торықпаймын,
Көп ұзамай іс тынар, қорықпаймын.
Жыландай жеті ирілтіп, жер тістетсем,
Тілегім: мендік болсын толық, айқын!

Т ә ң і р
Жарайды, тілегіңді орындайын,
Менің де, міне, достық қолым дайын.
Өзіңмен түсінісу қашанда оңай,
Оныңды, айлакерім, мойындаймын.
Еңбектен адам оңай тоқырайды,
Кейде ол жек көрмейді жан тынышты,
Сен барсаң, тізе бүгіп отырмайды,
Сайтанның азғыруға салты күшті.
(Періштелерге қарап:)
О, ұлдары әлемнің, жер мен көктің!
Қасиеті қолдасын, нұрын төксін.
Қамқор болып пендені аялаңдар,
Қымсынбасын, ақтарсын, сырым шертсін.
Бұлыңғырды тұмандай түсініксіз
Елегінен ақылдың бір-бір өткіз!
(Аспан әлемі жабылады. Періштелер тарап кетеді.)
Мефистофель (жалғыз қалады.)
Кейде қартым мейіріммен қарайды,
Оныменен татулықты қалаймын.
Күллі әлемнің падишасы жаратқан
Шайтанды да пендесіне балайды.

ТРАГЕДИЯНЫҢ БІРІНШІ БӨЛІМІ
ТҮН
Ескі гот стилімен салынған үйдің биік тар бөлмесінде креслода Фауст отыр. Мазасыз.

Фауст
Уа, дүние-ай! Философия, заң ғылымын,
Медицина, дін ілімін —
Заманымның бар ғылымын
Жаным салып меңгердім!
Сонда-дағы мен, бірақ
Баяғы қалпым ақымақ!
Ғұлама, ғалым атанып,
Түкірігіме қақалып,
Қолынан алып ентелеп,
Шәкірттерді жетелеп,
Он жыл бойы сенделдім.
Сөзімді еш жан ұқпады,
Ақыры түк те шықпады!
Барлық ақымақтардан:
юрист, доктор, поптардан
Көш ілгері болғанымды қайтейін,
Тозақ, сайтан әншейін,
Ар-ұяттан жұрдаймын,
Өзіме-өзім құдаймын.
Есесіне қуаныштан айрылдым,
Текке өтуде апта-жылым, ай-күнім.
Адамзатты түзетуге, түзеуге
Дәрменсізбін, қанатымнан қайрылдым!
Бұл аз болса, сіңірі шыққан кедеймін,
Қызығына бұ жалғанның өгеймін,
Қайран өмір! Қор болдың. ғой, не дейін!
Дүниенің құпиясын меңгеріп,
Іші-сыртын көру үшін төңкеріп,
Қалмас үшін тырнақтай сыр мен білмес,
Қалмау үшін бармақтай жер мен көрмес,
Сөз бен күштің құдіретіне сендім мен,
Бар ерікті сиқырлыққа бердім мен!
Нұр сәулеңді, о, алтын ай!
Ақырғы рет төк аямай!
Кейде түннің ортасында
Отырғанда азап шегіп,
Сен болушы ең жолдасым да,
Жұбатушы ең нұрың төгіп.
Сенің нұрлы жарығыңмен
Өрмелейін тау шыңына,
Еркін кешіп шалғынын кең,
Шомылайын таң шығына!
Иіскейін раушан гүлін,
Жалықтырды саяз білім.
Бой жаза алмай мен бір ауық
Зар боп көкте алтын күнге,
Қаламын ба бек қамалып,
Қарғыс атқан қараңғы інде?
Құртқа жем боп, тозаң қауып,
Кітап тіреп керегесін,
Перде орнына сүлгі жауып,
Сығырайған терезесін.
Ата-анадан мирас қалып,
Тұр сықасып орын тауып,
Құрал-сайман, заттар не бір —
Міне өмірің! Бұл да өмір!
Сұрайсың-ау енді-дағы
Неге жүрек айныды деп,
Жас кеуденің сынып сағы,
Қуаныштан айрылды деп?
Құдай берген күш-қуатты,
Таза ayа, күншуақты
Қаңқа, көрге телігесің
Неге жаның кейімесін?!
Кет алысқа! Бақытты тап!
Сиын, әруақ, толған айға!
Нострадам жазған кітап
Саған серік бола алмай ма?
Тәңір өзі жөн сілтесе,
Жұлдыз сыры қиын емес.
Әруақ, құдай бір тілдессе,
Саған жылдық ақыл-кеңес.
Босқа арам тер, суми, кеще
Жауап беру қолдан келмес.
Қайдасыңдар, келсеңдерші,
О, әруақтар, сиқырлы елес!!!

(Ол кітапты ашады да, Макрокосмостың бейнесін көреді.)

Па, шіркін, неткен бақыт кеуде керген!
Биледі бар еркімді бір кергеннен,
Аралап алпыс екі тамырымды,
Секілді жас ғұмырым қайтып келген!
Құдай ма мұның бәрін айтып берген?
Сорлы жан сорлап жүрген қаңтарылып,
Бар сыры табиғаттың ақтарылып,
Бөленді қуанышқа байғұс жүрек
Жүретін жари алмай жаз-қыс жүдеп.
Апыр-ау, мен құдай ма? Көз алдыма
Жан сырын жаратылыс жайып салды.
Жалғанда мен білмейтін сөз қалды ма,
Өмірдің қалтарыс бір жайыттары?
Айбынды, дарынды да менен гөрі,
Түсінем енді ғана кемеңгерді:
«Есігі ақыл-ойдың қашанда ашық,
Талап жоқ бірақ сенде алға ұмтылған.
О, шәкірт! Ұмтыл кәне, қатарға шық,
Аш көзіңді, оянып енді ұйқыңнан!»
(Суретті ұқыптап қарайды.)
Тұтасып бір-біріне жабысады,
Үйлесіп, үндеседі, қабысады.
Көшкендей қолдан-қолға алтын шелек,
Ай дене лапылдаған жарқылы ерек!
Жер сұлу, көк керемет, дала-сынды!
Бойына жиып алған бар асылды,
Не деген жаратылыс жарасымды!
Ғажап бейне! Тек бейне бірақ-тағы,
О, шексіз-шетсіз әлем, құшақ жетпес!
Қайдасыңдар, өмірдің бұлақтары,
Қаншама ішсең көңілден құмар кетпес?
Жер менен Көк сусындап: нұр жайнайды,
Неге менің сусыным бір қанбайды?!

(Кітапты еріксіз ақтарып отырып, жер рухының бейнесін көреді.)

Міне, бұл басқа белгі жанға жақын,
О, әруақ, жақын болмай бар ма хақың?
Ішкендей уыз шарап жүзім жайнап,
Кернейді өнебойды күш-қайратым.
Өмірге, тартынбаймын, батыл кірем,
Қуаныш-қасіретін көріп-білем,
Такаббар көкіректі айқара ашып,
Дауылға қарсы тұрам тайталасып,
Көк әлемді мұнар жауып,
Ай да жүзін жасырды.
Шам сөнді де жалын қауып,
Айналдырды басымды.
Жарқ етті де, үрейді алды
Қызыл сәуле нақ төбемде.
Ажал ма бұл? Шыр айналды,
Демім бітті. Ах! Өлем бе?!
Жақындасың, тұрмын біліп,
Мені тұрсың буындырып,
Босат мені, кел, кел, рух!
Сезім жанды кернейді де бунайды,
Жүрек, шіркін, асау аттай тулайды.
Мен сендікпін, жан-тәніммен берілдім,
Кел, кел, пірім! Мерт болса да өмірім!

(Ол кітапты ұстаған қалпында ішінен дұға оқиды. Қызыл жалын көрініп, Рух пайда болады.)

Р у х
Кім шақырған мені?

Фауст (айнала беріп)
Сұры қандай жаман еді?

Р у х
Жарқын шығып үніңіз,
Шақырдыңыз мені Сіз,
Енді міне...

Фауст
Тфу! Түрін адам көргісіз!

Р у х
Сен емес пе ең үздігіп, өлмек болған,
Даусымды естіп, түрімді көрмек болған?
Шақырған соң, міне, мен келіп тұрмын,
Түсің қашып кетті ғой, керіп тұрмын.
Дүниені сыйғызбақ құшағына
Қайда, алпамса зор кеуде, жақын келмей?
Теңеспек болған бізге күш жағынан,
Шақшадай шағын басын ақыл керней?
Қайда, Фауст, дауысы жерді жарған,
Жаңғырығып әлемде мазаны алған?
Сенбісің сол Мылқаудай үнсіз қалған?
Болып тұрмын бишара қалпыңа таң,
Екпінімнен қояндай қалтыраған?

Фауст
Иә, мен — Фауст. Сенімен тең терезем,
Алдияр деп алдыңда бас имеген!

Рух
Өмір дауылында, тұрмыс толқынында
Арпалысам, тербелем.
Өмір-бақи бола бермек
Туу деген, өлу деген.
Өзгерген өмір,
Құбылған көңіл.
Уақыттың ұршығын иіремін,
Құдайлардың тоқимын киімдерін!

Фауст
Құшағың кен дүниеге бір-ақ жетер
Етене жақынмын мен саған, елес!

Р у х
Сен талпынсаң биікке ерең жетер,
Маған емес! (Жоқ болады.)

Фауст (Құлай бере.)
Саған емес? Енді кімге?
Мен құдайдың пендесі,
Саған жатпын? Бұ несі?

(Есік қағылады.)

О, ажал! Білемін мен — көмекшім бұл —
Әттеген-ай, беймезгіл бұ неғып жүр?
Сәтті елестен болды ғой айыратын,
Көп оттап, құрғақ ғалым жай ұғатын!

(Жатын орынға сай киінген, қолында шамы бар Вагнер енеді. Фауст жақтырмай сырт айналады.)

Вагнер
Бұлай жарқын шықпаушы ед еш үніңіз,
Айтыңызшы қандай жыр, кешіріңіз?
Келдім жетіп үйреніп қалайын деп,
Бірер сабақ алайын деп.
Естуші едім, жүректің оты барда,
Берері көп актердің сопыларға.

Фауст
Иә, сопының өзі болса актер,
Болмас ед қара тер, ақ тер.

Вагнер
Амал нешік!
Музейлерге қамалдық қой мына біз,
Тек мейрамда сыртқа әрең шығамыз.
Көз орнына дүрбіменен қараймыз,
Қайтіп жұртты үйретуге жараймыз?!

Фауст
Жүректе сезім болмаса, құр арам тер.
Жан тебіренте тереңнен шықса егер,
Тыңдаушыны еліртіп, баурап алып,
Шындық сөздің құдіреті тасты ерітер!
Ал сендер ше? Отырумен омалып,
Одан-бұдан қалдықты құрап алып,
Қоспа жасап, тұз, бұрыш саласыңдар,
Аздап отқа ұстап та аласыңдар.
Ал ақылға? Ақылға салмайсыңдар,
Ақымақ пен баланы алдайсыңдар.
Жылуы жоқ сылдыр сөз жанға әсер етпейді,
Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді.

Вагнер
Бақыты — сөзі шешеннің!
Кеткенін білем есемнің.

Фауст
Адал бол, әділ, анық бас!
Не керек жалған атақ, ар!
Еңбекшіл пенде тарықпас.
Қашанда аты аталар!
Айтарың анық шын болса,
Сөз қуғаның бола ма?
Сөзің сандырақ жын болса,
Дегенің басқа қона ма?
Күздің құрғақ желіндей
Сумаңдайсың ерінбей.

Вагнер
Құдай-ай! Ғылым биік, өмір қысқа,
Биікке созғанменен қолым қысқа.
Тынбаймын, талпынамын, бас айналып,
Құлаймын, амал бар ма бұл болмысқа!
Сүйеніп, сеніп кімге қол артасың,
Білімнің бұлағынан қану үшін?
Қанша жүрсең — жүргенің жол ортасы,
Туған ба адам арманда қалу үшін!

Фауст
Пергаментің шөл қандырмас, шырағым,
Соқыр көңіл көрмегені — көрмеген.
Өз жаныңнан атқыламай бұлағың,
Өмір-бақи шөлдегенің — шелдеген.

Вагнер
Кешіріңіз, ой жіберіп қараңыз,
Өткен күннен жан сусынын табамыз.
Ата-баба өресінен етіп біз,
Байқалықшы, қанша алысқа кетіппіз?

Фауст
О, әрине, жылдарды аттап өттік біз,
Сонау алыс жұлдыздарға жеттік біз.
Бірақ тарих оңай емес, жарқыным,
Танып, біліп аршу қиын алтынын.
Замананың бетке ұстары — адамы,
Қанша жүрсе мандымаған қадамы,
Қоқыр-соқыр, жаман-жәутік — жиғаны,
Кергендері — жәбір-жапа, ит қорлық,
Қала берді алдау-арбау, күш-зорлық.
Бекер-босқа шыбын жанын қинады.
Мықтағанда құрғақ ақыл дарынды
Пірі тұтып қуыршақтай бағынды.

Вагнер
Ал өмір ше? Жан — жүрегі адамның!
Білу үшін бір талпынбай қалар кім?

Фауст
Білу дейсің! Тағдыры не білудің,
Жан аямай адал өмір сүрудің?
Танығанын, білгенін,
Көкірегіне түйгенін
Ақтарғандар бұқарадан жасырмай,
Қалды ма екен дарға бірі асылмай?
Дем алайық, тынық, кәне, досым сен,
Әңгімені доғарайық осымен.

Вагнер
Ғылыми кеңес осылай үзілмесе,
Таң атқанша тапжылмай көз ілмес ем!
Бірақ ертең мейрам ғой, уақыт тар,
Мүмкін болса, басқа да сұрауым бар.
Ішін үңгіп ғылымның кірсем деймін,
Көп білсем де, тағы да білсем деймін.
(Кетеді.)

Фауст
(Жалғыз өзі.)
Нұры қайтпай әлі де үмітінің,
Ғылымқұмар көңілі күні-түні.
Қазына іздер қомағай аласұрып,
Болса игі еді-ау, білімпаз жібі түзу!
Бірақ бұ жол бишара бір жарады!
Үрейлі елес әлі де тұр жаңағы.
Әруақтардың үстіне адам батып,
Кіріп келді дегенге кім нанады?
Қоршап мені қысқанда қалжыратып,
Рақмет! Сен алдың ажыратып!
Ух! Тұр басылмай ентігім, алқынамын,
Рух алдында қояндай қалтырадым.
Мен — құдайдың бейнесі жақылмаймын,
Айнасындай шындықтың жарқыраған.
Қолтығында аспанның дамылдаймын,
Жер бетінің бейтаныс салты маған.
Періштеден артықпын. Құдіретімнен
Жаратылыс тамыры солқылдаған,—
Деп күнаға баттым-ау, о, қу заман!
Қайтіп, қалай айығам бұл дертімнен?
Өкінгеннен жақсы ғой жайды ұғынған,
Жазалымын, жайрадым жай оғынан!
Жоқ, қолымнан келмейді тарту саған!
Келтіргенмен зор үнім саңқылдаған,
Қолда ұстап қалуға күшім жетпес,
Бишарадай бағынып қалтылдаған.
Кереметтей со бір сәт естен кетпес!
Тұңғиыққа итеріп сен қайтадан,
Аямадың, жаныңа жолатпадың.
Кімді жақын, кімді жау деп айта алам?
Әлде арманға дұрыс па қол артқаным?
Жіпсіз байлап қу өмір қолымызды,
Жүргізбейді кес-кестеп жолымызды.
Жанын салып қаншама тырмысқанмен,
Қол жетпейді пәктікке, амал бар ма.
Тез жериміз ауқатты тұрмыс-халден,
Жақсыны да даярмыз жамандауға.
Жаратылыс сыйлаған сезімдердің
Қатып-семіп қалғанын көзім көрді.
Қиял самғап аспанға шықса егер,
Үмітпенен бет алып мәңгілікке,
Быт-шыт болып құлдырап жерге түсер,
Жетпек түгіл шарықтап әлгі үмітке.
Шаруа-жұмыс көбейіп бастан асып,
Ой — уайым күні-түні жастанасың.
Түзде тыным көрмейсің, үйде тыным,
Келіп тұрар жаңалап күнде түрін:
Келеді ол бірде үй, қораң болып,
Бірде қатын, отын, су балаң болып.
Дәйім жылап жүргенің шаруаң бітпей,
Болымсызға қалтырап алаң болып.
Мен бір байғұс, қайтемін өзімді ақтап,
Топырақтан қорек ап, суын жұтқан.
Жолаушының аяғы кетер таптап,
Айнымаймын дәрменсіз жауын құрттан.
Шан, жұтамын, мекенім — мынау мола.
Қабырғада сүлгілер тұр асылып.
Күйе жеген дүние іші тола,
Көтертпейді еңсені, тым басынып.
Мұқтажымды табам ба осылардан?
Осы ма екен ынтыққан асыл арман?
Кітаптардан ләззат аларлықтай,
Оқимын мен мұң-зар үй жабарлықтай.
Бақыттылар саусақпен санарлықтай.
Неге ыржиып, о, қу бас, мәз боласың?
Мен секілді жан жалдап, тісің қайрап,
Байқамастан өмірдің азғанасын
Іздедің ғой шындықты сен қайдалап?
Құрал-сайман, несіне назданасың?
Қасіретін адамның кім байқамақ?
Кілт, санадым сендерді, шаңқай түсте,
Есікті ашып, ішіне кіре алмадым;
Жаратылыс сырларын қымтай түсті,
Сығаладым, еш нәрсе көре алмадым.
Tic жармаған, жан берсең, сірә, сонда,
Рычаг пен винтіңе сыр ашар ма?
Ескі-құсқы дүние иесіз қалған,
Керегіне әкемнің ол жараған.
Әке өлді, шан басып қарақұрым,
Шам түтіні күніне қабады мың.
Түр үйіліп таудай боп қаран қалып,
Іліп алар бірі жоқ жарамды анық.
Мұра болып әкеден қалған бұйым.
Кәкүр-шүкір — тағдырдан алған сыйым.
Керегі жоқ дүниеден артық сонша,
Бір жапырақ үзіп жер нан табылса!
Сонау нүкте көз тартар магнит пе?
Неге менің, жанарым қадалды онда?
Жап-жарық боп кетті ғой жаным тіптен,
Нұр төккендей алтын ай қара орманға!
Құттықтаймын, қымбатты шыны шиша!
Құрметпенен көтерем, ал бұйырса!
Ақыл менен өнерге бас идіріп,
Манауратар күшің бар бір сүйдіріп.
Жайратасың жуасты, асауды да,
Көрсет күшті өзіңді жасаушыға!
Бірте-бірте жан толқу байқалады,
Толқынында теңіздің шайқаламын.
Аяғымның астында айна ағын,
Келер күннен құрметпен айналамын!
Зымырайды отарба жеңіл қанат,
Дайынмын ғой қашаннан мен, тегінде!
Жаңа жолмен эфирге етіп талап,
Пәк дүниенің жүремін жетегінде.
Уа, дүние! Жайлаған тәңір қалап,
Қатарыңа теңеліп кетемін бе?!
Шыдам бітті, таусылды енді тағат,
Қоштасатын Жерменен келді сағат.
Шық атылып, тәуекел, кең әлемге!
Келді уақыт, ісіңмен сен дәлелде:
Ақыл-ойдан адамзат кенде емес,
Жұмыр басты дәрменсіз пенде емес!
Батыл атта, сескенбе, босағасын!
Мейлі, онда сені азап тосып алсын,
Тозақ оты жалаңдап бет қаратпай,
Тілін жалап тәніңді осып алсын,
Көтере түс еңсеңді, шешім дұрыс!
Есесіне, қатарға қосыларсың!!!
Таста көне қабыңды қақыраған!
Мөлдір шыны жақұттай жарқыраған!
Жаттың бекер талай жыл, келші, кәне,
Өзің барда көңілді, жарқын адам!
Қонақтарды жиында жұбатушы ең,
Сыңғыр-сыңғыр күлкіңді ұнатушы ед.
Көркем, ғажап жиегің көмкерілген,
Ауызға кеп жарқ етіп төңкерілген,
Салар еске сонау жас күндерімді,
Тост көтеру жырменен жөн көрінген!
Ондағыдай көршіге ұсынбаймын,
Қағып салып қалжыңға ұмсынбаймын;
Күрең шарап соңғы рет сарқып ішіп,
Жатам тұрмай мәңгі ұйықтап, сұлқ түсіп.
Ортағы жоқ ешкімнің, берік сөзім,
Дайындаған да езім — ішетін де өзім.
Жанды қиып ішемін, басты байлап:
Сәлемім деп атар таң, алтын аймақ!!!

(Шыныны аузына апара береді.)

Осы кезде жақыннан қоңырау үні мен хор естіледі.

Періштелер хоры
Христос тірілді!
Құп алыңдар, тірілер!
Қуаныңдар әлілер!
Кешті тәңір піріңді,
Азат өмір сүріңдер!

Фауст
Жарқын дауыс, неткен өктем! Ерінімнен Жұлып алды уға толы бокалды! Нені ұғасың қоңыраудың үнінен? Әлде мейрам басталар сәт тақалды? Еске салды, еске түсті қайдағы, Жер мен көктің достығының айғағы — Періштелер қосылып хор айтады.

Ә й е л д е р хоры
Мироменен майладық, (Миро – хош иісті май, христиан дініндегілер дәни ырымдарғы қолданады)
Орнын жақсы жайладық.
Табытқа сап денесін,
Матаменен орап біз,
Жібек жіппен байладық.
Енді, міне, қарасақ,
Христ жоқ, о ғажап!

Періштілер хоры
Христос тірілді!
Үмітсіз жатқандар,
Күнәға батқандар,
Азатсың, ұмтылғын,
Сыналар күн туды.

Фауст
Не іздейсіңдер, шаттанып, өктем, үндер,
Қарғыс. атқан қараңғы қу моладан?
Нәзік жанға үніңді төккенің жөн,
Ал мен сенің әніңді тыңдай алман,
Тыңдамасам, құлақтан өткеніңмен,
Бара алмаймын, өмірді қия алмаймын,
Жақсы хабар шақырып жеткеніңмен.
Мені қайта шақырды нұрлы өмірге
Басқа бір үн жасымнан құлақ қанық.
Әлі күнге айнымай тұр көңілде,
Тұр ол, міне, жаныма сыр ақтарып:
Сәулешімнің ай жүзі, тәтті еріні,
Жан сергітер жарасты сыңғырлаған
Қоңырау үні, балбұлақ сыр ұрлаған —
Жанға рақат о да бір сәттер еді!
Қара орманның теріп жеп бүлдіргенін,
Шалғын кешіп, есімде, жүгіргенім.
Қайран қызық, бақытты балалық кез!
Өтіпті ғой білінбей уақыт тез.
Өмір тәтті, қимайды сәби жүрек,
Соңғы шешім іске аспай қалды күйреп.
Рақмет, жастықтың жыры балғын,
Мен өмірге оралдым, тірі қалдым!!!

Жеткіншектер хоры
Күдер үзіп өмірден,
Куана өлген
Жаңа ғана көмілген
Шықты көрден,
Жеңіп шықты өлімді,
Сақталды өмір!
Ажал сенен жеңілді
Мақтан өмір!
Тірілді ол, атағы
Аспанға ұшты.
Бізге қалды қаһарлы
Жердің үсті.

Періштелер хоры
Тіліп шықты Христос
Тозақтың бет пердесін,
Құтқарды ол, көңіл хош,
Күнәдан күллі пендесін!
Мадақтаңдар, мақтаңдар,
Үмітін адал ақтаңдар,
Кір жуытпай мәпелеп
Махаббатын сақтаңдар,
Бірігіп дәм татыңдар,
Рақатқа батыңдар.
Өзім деп келді ұстазың,
Өзімдік деуге хақың бар!

Қақпа алдында
Әртүрлі киінген серуендеушілер қала қақпасынан шығады.

Бірнеше шәкірт
Бет алдыңдар қай жаққа?

Басқалары
Аңшылар үйі қай жақта?

Б і р і н ш і л е р і
Біз ендеше диірменге барамыз.

Шәкірттің бірі
Көлге барып, шомылып дем аламыз.

Е к і н ш і с і
Жолы құрсын ол жақтың.
Басқа бір топ шәкіртте
Сен ше?

Үшінші бір шәкірт
Басы мең-зең бойдақтың.

Т ө р т і н ш і с і
Жүріңдер Бургдорфқа!
Төбелестен қорықпа,
Қызды да содан табасың,
Сыраға да қанасың!

Б е с і н ш і с і
Сен құтырған қу бойдақ,
Қышыды арқан нені ойлап?

Күтуші қыз
Жо жоқ! Мен қалаға қайтамын.

Е к і н ш і қ ы з
Түбінде тұр ағаштың, жақын барып байқалық.

Б і р і н ш і с і
Мені айдаған сор не?
Оның көңлі сенде.
Сеніменен билейді,
Мен үшін ол күймейді.

Е к і н ш і с і
Бекер, босқа жасыма,
Бұйрабас болмақ қасында.

Студент
Тезірек жүр, жақындайық қасына,
Қыздар кетіп бара жатыр асыға.
Сұлу қыздар, суық сыра болса, дос,
Одан артық не тілейсің басыңа!

Қ а л а қ ы з ы
Сондай ғажап көркем, сұлу жігіттер!
Лайықты қыздарына қаланың,
От жанары қыздың жанын жібітер.
Сиқырлапты шүйкебасы даланың.

Екінші студент біріншісіне
Үндеме, дос, берді құдай тілеуді,
Келе жатыр екі бикеш үлбіреп.
Танимын мен, көршім менің біреуі,
Нені біліп дүрсілдейді бұ жүрек?
Асықпайды, жай-жай басып келеді,
Айналдырсақ, сөз жоқ, бізге ереді.

Б і р і н ш і с і
Әуре болып, үздігуге тұрмайды,
Артық одан кәлге барып құс атқан
Күйлі қыздар пәтуада тұрмайды,
Құшақтарға сырғиды олар құшақтан.

Қ а л а т ұ р ғ ы н ы
Жоқ, бурмистр ұнамайды көңілге,
Күннен-күнге жаншып, құртып барады
Не әкелді ол қалалық өмірге?
Аузын тырнап, ушықтырды жараны.
Бүліншілік жайлап алды қаланы,
Бұрынғыдан салық та көп алады.

Қ а й ы р ш ы
(әндете)
Бекзада, сұлу бикештер,
Алуан, әсем киінген!
Аяңдар, жылы жүректер,
Назар сал байғұс күйіме!
Құлақ сал, тыңда үнімді,
Қайырымды қолдан алайын.
Қарным тойса, бүгінді
Бақытты күнім санайын!

Екінші бір қала тұрғыны
Ұнатамын мерекеде жиылып,
Соғыс жайлы айтысуды, тегінде.
Жатыр дейді кескілесіп, қырылып,
Халық біткен сонау түрік елінде.
Стаканды қолға алып,
Теңізге ұзақ қараймын.
Тілгілеп суды, қозғалып,
Кемелер жүрер талай мың.
Кештетіп үйге қайтамын
Кәдімгі өз үйіме.
Ыңырсып өлең айтамын,
Сүйсініп бейбіт күніме.

Үшінші бір қала тұрғыны
Солай, көршім, ылайым солай болсын,
Мейлі, олар бірі еліп, бірі қалсын.
Маған десе, жер беті өртке толсын,
Тек үйіміз аман болсын.

К е м п і р
(қала қыздарына)
Қу қыздар кұлпыруын барын киіп,
Қылмыңдар жігіт көрсе, басын иіп.
Шұнақтар, жиіркенбе теріс қарап,
Пайдасы кемпірдің де қалар тиіп.

Қ а л а қ ы з ы
Агата! Бері жүрші, бұл кемпірмен
Ұялам жұрт көзінше сөйлесуден.
Ол маған көрсетсе де Андрей түні,
(Немістің халықтық ұғымы бойынша Андрей түні (30 ноябрь) қыз өзінің пешенесіне жазылған болашақ күйеуін көре алады)
Пешенеме жазылған жігітімді.

Е к і н ш і қ ы з
Маған да ол көрсеткен шар айнадан,
Әскер еді өнбойы саудырған.
Сағынамын, жолына қарай-қарай
Екі көзім төрт болды жаудыраған.

Әскерлер жыры
Қабырғалы, қақпалы
Биік қамал,
Мықты, берік қақпаны,
Сұлу қыздар,
Беріліңдер,
Кәнеки, көрініңдер!
Бәрібір құтқармаймыз:
Барабанды қағамыз,
Айқай-ұран саламыз.
Қайғыға да батамыз,
Қуаныш та табамыз.
Біздің өмір осы да,
Берілмесең, шабамыз!
Біз құмар болған
Қыз бен қорған!
Беріліңдер,
Кәнеки, көрініңдер!
Берілмесең, шабамыз,
Қайратпенен аламыз.

(Фауст пен Вагнер шығады).

Фауст
Босанып мұз — құрсаудан жылға-бұлақ,
Әндете жарысады суға құлап.
Елжіреп күн нұрымен бойын жазды,
Кең дала ару тәнін буға бұлап.
Жуасып, қаһарлы қыс қойып назды,
Болыпты жаз киетін тауға тұмақ.
Кей-кейде ашу қысса, кең даланы
Қояды ақ ұлпаға аунатып ап.
Қалжыңын бірақ оның күн сүймейді,
Көз шылап, түс болмай-ақ, кемсеңдейді.
Түрленген масатыдай дала жасыл,
Төсінде жан-жануар салады асыр.
Адамзат ол да түлер жазғытұрым,
Айтылмай жас жүректе қала ма сыр?!
Қазір сен талай сырды ақтарасың,
Бұрылып қара, достым, қала қалпын.
Қапырық, ауасы тар қақпаны ашып,
Келеді гүл жайнаған адам — толқын.
Нұрына қыздырын бақ алтын күннің,
Халықтың мейрам — көңіл қалпы бүгін:
Тойламақ Христостың тірілгенін,
Жазбақ бүгін белінің бүгілгенін.
Шықты олар аласа үй, тар қапастан,
Ауасыз азап шеккен күркелерден,
Айрылған көшелерден ар-намыстан,
Табынған күні-түні шіркеулерден,
Жарыққа шықты әммесін талақ қылып,
Пердесін қараңғылық лақтырып.
Қарашы, жер қайысқан мынау топқа!
Су күліп, дала ән сап тұрған жоқ па?!
Ұзыны, көлденеңі бірдей болып,
Қайықтай су бетінде жүрген толып,
Безеніп, барын киіп құлпырған топ,
Жарыққа, күн нұрына ұмтылған топ.
Қаптаған қарақұрым тау да, тас та,
Барлығы елжіреген тастан басқа,
Бұралып ән салып тұр бүкіл қыстақ,
Мәз-мәйрам шат көңілді кәрі-жас та.
Халыққа нағыз жұмақ осы ғой, дос,
Адаммын! Адаммен мен көңілім хош!!!

Вагнер
Доктор, сізбен, қыдыру, серуендеу
Үлкен құрмет, зор пайда елді емдеу.
Жалғыз өзім бірақ та қала алмаймын,
Айқай-шудан жанға нәр таба алмаймын.
Суханым еш сүймейді жай халықты,
Дөкірлігі бірден-ақ байқалып тұр.
Жын соққандай еліріп елеңдейді,
Мұны өздері көңілді өлең дейді.

(Шаруалар бәйтеректің астында би билеп, ән айтып тамашалауда).

Қойшы биге қосылды,
Үсті қызыл-жасылды
Шыттай болып киінген.
Күткендей жұрт осыны,
Би қайтадан жосылды.
«Ой жаса, ой жаса!
Биле биді қыздырып!»
Сырнайшы да сүйінген.
Жігіт қызды, би қызды,
Қағып кетті бір қызды
Шынтағымен абайсыз.
Қыз бұрылып қарады,
Жанары жеп барады.
«Ой жаса, ой жаса,
Биле биді қыздырып!»
«Тек әдепті болғайсыз!»
Құшаққа алып қызды енді,
Оңды-солды биледі,
Шыркөбелек айналды.
Қыз алқынып, тер шығып,
Ширыға түсті ер жігіт.
«Ой жаса, ой жаса,
Биле биді қыздырып!»
Қыздың басы айналды.
«Басынбағын мені тым,
Жібер, кәне, жігітім,
Аш кенеше жабыспай!»
Қыздікі не, ой, шын ба?
Епті жігіт қойсын ба?
«Ой жаса, ой жаса!»
Сырнай даусы, жұрт даусы
Алыстай, берді, алыстай...

Қарт шаруа
О, доктор, төрлетіңіз, хош келдіңіз,
Мінеки, өзіңіздің дос еліңіз,
Құрметті қонағым деп қадірлейді,
Ән мен жыр — халық сыйы әзір дейді!
Халық атынан ұсынам, һәм тілеймін:
(Саулығын тілемейді кім досының)
Тек қандырып қоймасын жан сусынын,
Қанша тамшы болса осы тұнық шарап,
Сонша тәңір бақытты күн қосуын!

Фауст
Мен ішемін бәріңе саулық тілеп,
Ал, ақсақал, Сізге шын рақмет!
(Халық оны қоршап алады.)

Қарт шаруа
Бүгін мына үстіне берекенің,
Той-қуаныш, ән мен жыр мерекенің
Қандай жақсы келдіңіз?
Ел басына Екіталай күнде де Ер екенін
Сіздің әкей халыққа таныттырған.
Мына топты шығарсыз танып тұрған?
Құтқарғансыз ажалдан көрнеу келген,
Болатын ед обаға халық құрбан.
Арпалысып ажалмен күн-түн демей,
Тынбадыңыз қайғының бұлтын женбей.
Елегізіп, сағынып тұрушы едік,
Ортамызға қалсаңыз бір күн келмей.
Әкеңізді ел үмітін ақтаған
Сіз едіңіз мерт болудан сақтаған.

Б ә р і
Жаса, ғалым, бізді апаттан қорғаған!
Әлі талай халықтарды қорға одан!

Фауст
Кім үйретсе сүюге, өмір сүруге,
Болар дұрыс соған басты ию де!
(Вагнер екеуі алға жүріп кетеді.)

Вагнер
Қандай сезім биледі Сізді қазір?
Халқыңыздың ілтипат, құрметі әзір.
Қандай бақыт тимегі үлесіңе
Дүйім жұртты қарату бір, өзіңе!
Айтып Сізді әкесі баласына,
Ұмтылады көрмек боп бәрі асыға,
Скрипач ойынын, биші биін
Доғарар да таңдана Сізге қарар,
Қақ жарылып, қаз-қатар тұра қалар,
Енді бір сәт барлығы басын иіп,
Сізге Пірдей табынар қолың сүйіп.

Фауст
Бір өзіме бәрі аян, сырым анық.
Сонау тасқа отырып тынығалық.
Мұнда талай отырғам ойға шомып,
Жалбарынып тәңірге бекер тоңып,
Үміт толы, сенім зор жаратқанға.
Әлі ойласам, көзге жас кетер толып.
Мақтағаны халықтың — мазақ маған,
Түсінсең-ау жанымды азапталған!
Әке мен ұл тындырған түгіміз жоқ,
Мерт болуға мен сорлы аз-ақ қалғам.
Әкем менің бейнетқор адам еді,
Өз бетінше әлде кілт табам деді,
Терін төкті аянбай, жанын беріп,
Қымтай түсті табиғат сырын берік.
Адептермен жиылып тізе қосып,
(Адепт — ғылымның жолын қуушы)
Кабинетте іліп ап отыратын.
Дәрілерді сан жетпес алып, сосын
Бір-біріне құятын, толтыратын.
Қызыл арыстан ұзамай пайда болар,
(Алхимияда «қызыл арыстан» деп алтынды атаған)
Лилия3 оған қосылмай қайда қалар.
(Лилия деп сынапты атаған)
Біраз оны отқа ұстап отырады,
Басқа ыдысқа сонан соң қотарады.
Бар дәрінің ақыры түсін жинап,
Жас ханзада шығатын жанды қинап.
(Жас ханзада деп панацеяны — шипалы дәріні атаған)
Жұрт ішетін ем — дәрі сол болатын,
Көзді жұмып химиктер қолданатын.
Содан мәңгі аурулар тұра алмайтын,
Неліктен деп еш бір жан сұрамайтын.
Мына дала, таулардың арасында,
Біз өлтірген адамдар — бәрі осында.
Өз қолымнан у бердім мен қаншаға,
Олар өлді, мен тірі, о, жасаған!
Маған тағы тілейді-ау ұзақ өмір,
Жерді қайтіп ұялмай мен баса алам!?

Вагнер
Өзіңізді жазғырасыз бекерге,
Ұстаз айтса, шәкірт екі етер ме?
Ғылым деген түпсіз терең шыңырау,
Бір адамның ғұмыры оған жете ме?
Жасыңызда әке тілін алыпсыз,
Талай жанды аман алып қалыпсыз.
Сіз ғылымның жол салдыңыз тыңына,
Ал ұлыңыз шығарады шыңына!

Фауст
Қараңғыны қақ жаруға үмітті.
Бақытты деп айтар едім жігітті.
Құр даурығып керексізді бағалай,
Керектіні құп алмаған, заман-ай!
Уламайық жанға жайлы бұл сәтті,
Қарашы, әне, күміс сеуіп кеш батты.
Жасыл жота, шалғынды сай жусапты,
Сам жамырап, шулы дүние ес тапты.
Күн батты, бір күніміз аяқталды,
Демек бұл, басқа өлкеде таң атқаны.
Уа, дүние! Берші маған канат тағып,
Күнменен жарысайын еш тынымсыз!
Көрейін: маужырап бір ешбір үнсіз
Астында аяғымның тау жатқанын,
Дамылдап, тыныш ұйықтап бау жатқанын,
Өзеннің алтын бұлақ — саусақтарын.
Тәкаппар, тағы, биік тау шыңдары
Тосқауыл бола алмайды екпініме,
Тулаған теңіздер де таусып кәрін,
Құлағын түрер еді өтті үніме.
Күміс күн тағы еңкейіп батар шақта,
Құмарлық сонда, өршіп, тасар шақ та!
Бас қойып алтын нұрын жұтар едім,
Жүрекке от, тәнге қуат тұтар едім.
Алдым күн, артымда түн, үстім аспан,
Астымда тентек толқын жағаласқан,
Бар ма екен осы арманнан арман асқан
Қиялдап тұрғанымда батып кетті,
Алтын күн нұр сәулесін ала қашқан.
Қайран, шіркін, қиялдың канаты от!
Құр қиялдап болмасқа маған не жоқ?
Деген бар ғой үмітсіз шайтан болғай,
Жұмыр басты пендеге қиялдау тән.
Көтерілсе аспанға бір бозторғай,
Жанды шымшып, жүрекке естілсе ән,
Ну орманға көз тастап ақырын жай
Бүркіт жүрсе, тырналар тізіліп сән
Тау мен дала, суға қош айтып барад;
Отанына, еліне қайтып барад.

Вагнер
Менде-дағы сондай сәттер болатын,
Бірақ мынау сезім емес нанатын.
Орман, дала, қызық емес теңіз, тау,
Іш пыстырып, көз де оңай талатын.
Ал құстардың қажет етпен қанатын.
Кітапхана — маған қызық тақырып,
Томнан томды жатқан қандай сапырып!
Қыстың ұзақ түні де тез өтеді,
Неге керек қиялмен бас қатырып?!
Шіркін, қолға түссе қымбат қолжазба,
Одан артық бұ жалғанда бар ма олжа?!

Фауст
Жалғыз нәрсе — талпынғаны жаныңыз,
Басқасына басты ауыртпа, наныңыз.
О, дүние-ай, бір кеудемде екі жан
Тартысады екі басты жыландай.
Бірі — жерді ұнатады жанындай,
Жер бетінің бар қызығы оған тән,
Екіншісі — лапылдайды жалындай
Жоғарыға сүйрелейді бағынбай.
О, әруақтар, кең аспанда сағымдай
Жер мен көктің ортасында көлбеген;
Басқа өмірді жаным зар боп сағынды-ай,
Әкетіңдер, сүлдем қалды елмеген!
Тым болмаса сиқыр камзол берсеңдер,
Дүниенің сырын тінтіп кезер ем.
Айырбасқа патша тағын берсе де,
Ат-тонымды ала қашып безер ем.
Фаустың жұмыс кабинеті
(Ит жетектеп Фауст енеді.)

Фауст
Даланы кезіп көп қаңғып,
Шаршадым қатты қалжырап.
Көңлімді бей-жай, дел-сал ғып,
Отырмын ұйып маужырап.
Қамықпа, жаным, мұңайма,
Серпілші, арман, оянғын,
Ұйықтап ем сүйіп құдайды,
Адамды сүйіп ояндым!
Тыныштал, барақ итім, аласұрма!
Төрге шық, баспа есіктің баспалдағын.
Жылы жер пеш артынан табасың ба?
Жат та ұйықта жұмсақ жастық жастан-дағын!
Кең жерде, ұзақ жолда көңіл аулап,
Секірдің, ойнақ салдың біз құп алдық.
Сыйға-сый, тар, бөлмеде оның аулақ,
Құрметті тыныш қонақ бол құба-құп!
Біздің ескі тар бөлмеде
Түнде жарық шам жанса,
Нұр құйылар бар кеудеге,
Жан сусыны қанғанша.
Ой артынан ой туады,
Үміт қайта гүлдейді.
Көңілде арман мол тұрады,
Жетелейді, жүр дейді.
Қой итім, жөні бөлек бұрынғыңның
Жөні жоқ, жараспайды, ырылыңның.
Тамаша, жақсы, мейлі адал болсын
Әдеті: түсінбесе, адамзаттың,
Кемітер, келеке етер бағаламай.
Мінезді сен де сондай қайдан таптың?
Қой енді, арпылдамай, абаламай!
Дүние-ай, қаншама мен талпынсам да,
Қанағат сезілмейді салқын жанда.
Әй, қойшы, бір бұл емес мұң басқаны,
Талайдан қайғы-мұңмен сырлас жаным.
Ынтық жан тек Шындықпен жұбанады!
Көңілім алла үнін құп алады.
Тәжім қып пенде біткен бас иетін,
Түсініп, қол қусырып, қасиетін,
Оқиын қақтың Жаңа өсиетін.
Ашайын алғаш бетін алайын да,
Сырына сусындайын, қанайын да,
Түп нұсқа, түп тамырын аңғарайын,
Сүйікті Ана тілге аударайын!
(Ол кітапты ашып, аударуға кіріседі.)
«О баста, алдыменен Сөз жаралған!»
Мен бұған қалай ғана илана алам?
Сөз бе екен дүниеге болар тірек?
Қалай деп аударайын, айтшы жүрек?
О баста — дейсің бе сен — ой жаралған?
Арым таза, оныңа, қой, бара алман.
Тоқта, асықпа, аптықпа, ақылға сал,
Бастамай қателессең, болмас адал.
Ой емес қой жаратқан дүниені?
Күш деп жазсам, бұл қалай болар еді?
Жоқ! Бұл да дұрыс болмайды,
Бұған көңіл толмайды.
Жарқ етті, елес берді!
Miнe дұрыс:
«О баста, ең әуелі болған Жұмыс!»
Менімен жақсылықпен қалам десең,
Секірме, аласұрма, аларма сен!
Арпылдап мазамды алдың,
Әлек салдың,
Едәуір істен қалдым.
Ұят та болса, қайтейін,
Не сен кет, не мен кетейін!
Қонақ та болсаң, айып бұл,
Есік әнe, тайып тұр!
...Апыр-ау, жалғыз сәт ішінде
Енді ғой басқа бір мүсінге?
Өңім бе, түсім бе?
Ұзыны-көлденеңі бірдей болып,
Кетті толып.
Мынау иттің түрі емес,
Қайдан келді бұл елес?
Танауы тампиып,
От шашып жанары,
Бегомоттай бортиып,
Ішіп-жеп барады.
Дұғаны енді төгейін,
Ғұлама көмей бүлкілдер,
Әуселесін көрейін,
Сүлейменнің кілтін бер!

П е р і л е р
Қолға түсті ол байғұс!
Болмайды ішке кіруге!
Торға түссе, қай-қай кұс,
Шамасы келмес күлуге.
Кәнеки, канат қағайық
Тапжылмай аузын бағайық,
Аямай барды салайық,
Ажыратып алайық!
Аяулы асыл бек еді,
Жақсылығы көп еді,
Көре тұрып көз қиып,
Үндемей қайтіп қалайық,
Көмекке тез барайық,
Бір амалын табайық!

Фауст
Аюанды ауыздықтау үшін мен
Сыйынамын төрт ауыз сөз күшіне:
Саламандра, жалында!
Ундина, балқы да,
Сильф, жарқыра! Кобольд,
тез жет алқына!
Төрт қара күш
Дүниені билеген.
Шебер емес қасиетін білмеген.
Әмірі оның перілерге жүрмеген.
Жалыныңды жалындат,
Саламандра!
Толқыныңды толқындат,
Ундина!
Нажағайды жарқылдат,
Сильф!
Көмекке кел,
Инкубус! Инкубус!
Қолғабыс бер!
Төртеуінің бірі жоқ,
Аюанның түрі жоқ
Сескенетін.
Тым-тырыс,
жатыр маған көзін сатып,
Ұшқын атып,
Сезер емес ештеңені.
Қаттырақ дуалайын қазір сені,
Тыңда мені:
Сен, батыр, қашқынбысың
Тозақтан қашып шыққан?
Мә, қара; асқынба, шын
Бұл белгінің сырын ұққан.
Тәуба қылар басын төмен иіп тұрып!
Соншама шашың кетті тік үрпиіп.
О бейбақ, ант атқан!
Оқимысың сен мұны?
Белгісіз тегі, тұқымы,
Атын атамай,
Жер мен көк қадірлейтін жанды ерек
Білемісің?
Пеш артына тығылып,
Еңкиіп пілдей, құбылып,
Түтін боп өзін немене,
Бөлмені басқың келе ме?
Әуре болма, асқынба!
Жығыл келіп аяғымның астына!
Байқадың ғой, қорқытқам жоқ бекерге?
Тайынбаймын алла отымен өртеуге!
И басыңды, ашуымды келтірме!
Бедірейіп тұрып алсаң,
Тұқымыңды тұздай құртам!
(Тұман сейіліп, пеш артынан қыдырма
Схоласт болып киінген Мефистофель шығады.)
(Схоласт – орта ғасырдағы философ, шіркеу ғалымы)

М е ф и с т о ф е л ь
Шу шығарып не керек?
Әміріңді айт, мен дайын

Фауст
Осылай де мән-жайым?
Ит дегенім сен бе едің?
Қашанда қулық ермегін.

Мефистофель
Оқымысты мырзаға мың бір сәлем!
Арбауыңнан, апыр-ай шықтым әрең.

Фауст
Кімсің сен, есіміңді сұрайық біз?

Мефистофель
Бұл сұрақ Сізге тіпті лайықсыз,
Басқаға әңгімені бұрайық біз.
Сыртына дүниенің көз салмайсыз,
Тереңге үңілуден еш талмайсыз.


Фауст
Атыменен атағанның несі мін?
Дәл, тап басып жұмбақ сырдың шешімін?
Әлде алдамшы, әлде зұлым, сұмырай —
Демек қалай есімің?

Мефистофель
Бөлшегімін қара күштің — адамды зар қақтырып,
Ойлайтыным — жаманшылық, істейтінім — жақсылық.

Фауст
Жұмбақтамай, айтсаң нетер ұқтырып?

Мефистофель
Тәңір ісін қойған мақұл, құп қылып.
Мен шайтанмын жамандыққа тоймаған,
Ант ұрғандық қылығын еш қоймаған.
Мұным дұрыс:
Жаратылыс құру үшін жаралған,
Бар жамандық әулетіңе таралған.
Алдау, арбау, азғыру мен аздыру, зұлымдық
пен жауыздық —
Осы іспеттес қилының —
Бәрі менің пиғылым.

ФАУСТЫҢ КАБИНЕТІ
Фауст пен Мефистофель.

Фауст
Есікті біреу қаға ма? Еніңіз! Тыным бермес,
мазаны aп!

Мефистофель
Мен ғой.

Фауст
Еніңіз!

Мефистофель
Үш қайтала, азамат!

Фауст
Келсейші енді, кім болсаң да бәлсінбей!

Мефистофель
Көрмедім мен сезімтал жан дәл сендей!
Енді, міне, ұнайсың.
Бәлкім, менің бұйымтайым сұрайсың?
Қару-жарақ асынып мен айбынды,
Келіп тұрмын серпейін деп қайғыңды.
Киім мынау оқаланған алтындап,
Атлас бешпет судыраған жарқылдап,
Қалпағымда қауырсыны қораздың,
Қылыш жарқ-жұрқ, санды соққан сартылдап
Ұзын сөздің қысқасы сен, батырым,
Дәл осылай киін — берер ақылым!
Таста, құрсын, қайғы-мұңның мекенін,
Көр де түсін өмірдің не екенін!

Фауст
Қандай киім кимейін мен түрленіп,
Бұ жалғаннан өткенім ғой күңіреніп.
Тым кәрімін, тек қана ойнап-күлуге,
Аса жаспын, үмітсіз бос жүруге.
Жарық дүние енді маған не берер?
Сап-сап, көңіл! Басты шұлғып жүре бер!
Ертеменен оянғанда-ақ білемін,
Қабыл болмай қалатынын тілегім,
Жас төгумен өтетінін күнімнің,
Бекер, босқа талатынын білегім.
Егер бір сәт елес берсе қуаныш,
Қиқар дүние оны дағы қызғанар.
Сорлы жанға жоқ ешқандай жұбаныш,
Зығырданы қайнап іштен сызданар.
Түн де маған әкелмейді қуаныш,
Қайғы екеуміз бір бөлмеде тұрамыз.
Төсегімде дөңбекшимін, аунаймын.
Өзіме-өзім жан алатын жаудаймын.
Көкірегімді мекен еткен пірімнің
Қайтейін мен іштей сырды ұғуын,
Кеуде керген қайрат, жігер, білімнің
Қаламайды ол сыртқа атылып шығуын.
Міне, осындай аянышты күйге ендім,
Өлім тілеп, бұл өмірден жирендім.

Мефистофель
Ажал деген құтты қонақ емес қой.

Фауст
Рахат қой, төккен терің төленіп,
Ұйықтап кетсең даңқ-атақты құшақтап,
Не болмаса, шын бақытқа бөленіп,
Ажал келсе, қыз тұрғанда құшаққа ап!
О, дүние-ай! Ұлы тақсыр алдында
Сүйіне мен жан тапсырғанымда!

Мефистофель
Сол бір түні өзіңдей бір адал жан
Уды ішпей, бас тартты ғой ажалдан?

Фауст
Әзәзілдік әдетің ғой ежелгі.

Мефистофель
Бәрін білем дей алмаймын, кейбіреуін сезем-ді.

Фауст
Ашу-ыза, сын сағат, хал үстінен
Ажыратып алғанда таныс үндер,
Сәби сезім жүректі, жанды билеп,
Соңғы шешім іске аспай, қалды күйреп.
Енді, міне, лағнат, қарғыс бәріне:
Қылмаңдаған, жылмаңдаған көңілге!
Қайғы мен мұң жүрген қаптап әлі де
Екіжүзді, алдамшы бос өмірге!
Лағнат саған, құр дәріптеу шулаған,
Әруақтар да шырмауықтай шырмалған!
Көзді байлап, ақыл-ойды улаған,
Лағнат, соқыр, опасы жоқ, сұм жалған!
Лағнат, арман, тұрлауы жоқ бақытқа!
Даңқ іздеумен бекер өткен уақытқа!
Алдандырып аз ғана күн әуре еткен
Лағнат кәсіп, тұрмыс-күй мен дәулетке!
Лағнат саған, өшпендіктің тәңірі,
Сорлы етсе, сенің берген әмірің,
Ар-ұяттан жұрдай ғып, қалтамызды қалыңдап,
Десең бізге: «Басқаны қой, жаның бақ!»
Лағнат жаусын, шырын берер жүзімге!
Лағнат сонау қасиетті сезімге!
Лағнат саған, Үміт! Лағнат Сенімге!
Бәрінен де лағнат тілсіз төзімге!

Рухтар хоры
(Көзге көрінбей)
Әттеген-ай! Әттеген-ай!
Көрікті, сұлу дүние-ай,
Қайратты бір жұдырық
Быт-шыт қылды бір ұрып!
Қиратты, жерге құлатты,
Алдымызға сені сұлатты!
Сынығын
Мына біз жинаймыз.
Күнұзын
Жас төгіп жылаймыз.
Әулетін
Құдіретті, Адамзат, тамаша.
Сәулетті
Құр өмір жаңаша!
Жүрегіңнен жылу бер!
Тайынба, тайма, ұлы Ер,
Баста жаңа өмірді!
Қызығайық, көрейік,
Тербетейік, көңілді
Ән мен жырға бөлейік!

Мефистофель
Естимісің, не дейді?
Әлде илаңғың келмейді?
Басқа өмір бастағын,
Жалғыздықты тастағын,
Таста мына күйіңді,
Сәулесі жоқ үйіңді,
Қанатыңды байлаған.
Шық өмірге қайнаған!
Берілме енді қайғы-мұңға соншама!
Көкірегіңді жегідей ол жеп жатыр.
Қоғам тіпті қанша сорлы болса да,
Адам күні Адамменен дер, батыр.
Бәрі адам, бір-бірінен кем емес,
Әрине олар сеніменен тең емес.
Бірақ түсін:
Жалпағынан басып пәни жалғанды,
Жүрем десең қолға уыстап арманды,
Шын берілген адал серік болайын,
Жаным салып керегіңе жарайын,
Не тілесең тауып сәтті қолайын,
Қайда десең тартынбайын, барайын.
Болмасам да әулетінен Ұлының,
Мен даярмын, қызметші құлыңмын!

Фауст
Қаруыңды қалай, қайтіп қайтарам?

Мефистофель
Дәл осыны айтарыңды байқағам,
Қам жеме!

Фауст
Жо... жоқ неге?
Шайтан бекер жасамайды жақсылық,
Айт шыныңды, не қыласын жасырып?
Жасырмай айт, шартың бар ма қоятын?
Шамам жоқ, дос, бекер уақыт жоятын!

Мефистофель
Бұл дүниеде мен қызмет етейін,
Айтқаныңды бұлжытпайын, адал болып өтейін.
О дүниеде, тоқ етері, төтесі,
Сен де маған осылай қызмет етесің.

Фауст
О дүниені ойға да алмас көңілім,
Жарық дүнием қалай сөнсе, .солай өшер өмірім.
Осы өмірде, жер бетінде шаттығым,
Шығу үшін асығумен батты күн.
Бассам, шіркін, албырт көңіл аптығын,
Сонан кейін не болса да бәрібір.
Оған дейін қылқылдамай әрі жүр!
Неге керек, аспаймын да құлаққа,
Аспанды жұрт жек көре ме, сүйе ме?
Кінәсіздер сайран құрып жұмақта,
Күнәһарлар сорлап отқа күйе ме?

Мефистофель
Тіпті жақсы, ешкім көріп, білмеген,
Адамзаттық түсіне де кірмеген,
Өнерімді рақаттана көресің.
Тек, шарт жасауға келісімің бересің!

Фауст
Сорлы сайтан, соншама не бересің?
Адамзаттың асыл арман, игі биік өресін.
Сен бейшара, түсіне алар ма екенсің?
Ac берерсің дәмі жоқ, татуы жоқ,
Іс берерсің қызметтен жатуы көп?
Әлде алтын берерсің қолға тұрмас судырап?
Мүмкін сұлу берерсің құшағымда тұрып-ақ
Басқамен тұрар қылмыңдап?
Әлде даңқ берерсің
(мүмкін ойын алдандырар біруақ?)
Құйрықты жұлдыз-сынды кезбе олар,
Қардың суы секілді тез жоғалар.
Бұлдаймысың шіріген жемісіңді алмай тұрып?
Ағашыңды қураған бүршүгін жармай тұрып?

Мефистофель
Қиын емес бұларды болсаң алар,
Құдірет бар қазір-ақ бере салар.
Дегенмен, дос, бұлардан артығырақ
Нәрселерің бар шығар жаның қалар?

Фауст
Кер жалқаудың төсегі емес бұл өмірден күткенім,
Онда менің гүлдей солып, біржолата біткенім.
Егер мені алдай алсаң жалған күліп, қуланып,
Онда обал жоқ, кінә өзімде, тас төбемнен ұрды анық
Егер жанды тебірентіп, сезімімді билесең,
Сен жеңгенің! Мені түгел биле сен!
Міне, қояр талабым!

Мефистофель
Қуана құп аламын!

Фауст
Әкел алақаныңды!
Мен өмірге дейін қолды жаям да:
Тамашасың! Тоқта бір сот, аялда!
Мейлің саба шырқыратып жанымды,
Өкінбей-ақ өлер едім мен онда!
О, қара жер, аша бер деп қойныңды,
Босатар ем сенің-дағы мойныңды.
Сағат тоқтап, тілі түсін саудырап,
От жанарым көрге кірсін жаудырап!

Мефистофель
Сақта есіңде, ұмытып қара баспа!

Фауст
Басылғандай таңба боп қара тасқа,
Көңілімнің жатады түкпірінде.
Мейлі, сен бол немесе болсын басқа,
Айтылған сөз — атылған оқ,
Қайтармақ жоқ!

Мефистофель
Мен даярмын мәртебелі сабазға,
Тауып берем қазірден-ақ керегін.
Тек өтінем бір жапырақ қағазға
Қол қойсаңыз артық болмас дер едім.

Фауст
Қандай қағаз тілейтінің, қу залым?
Екі айтқаннан артық менің өлгенім!
Адам болып рас болса туғаным,
Еш уақытта сөзден тайып көрмедім.
Астан-кестең болып жатса жер беті,
Дейсің ғой сен: «Қайда қалмас берген серт?»
Сертте тұру адамдықтың келбеті,
Оны бұзу — бізге бітпес ауыр дерт!
Беріктіктен, адалдықтан өлмес жан,
Жасқандырмас, қорқыта алмас кұрбандық.
Бірақ қағаз қол қойылып, мөр басқан —
Міне осылар адам арын жүр шандып.
Берілген серт қаламұшпен көмілер,
Барлық билік пергаментке берілер.
Соныменен не қалайсың сен менен?
Жазайын ба графильмен, қаламмен?
Әлде мыс па, мрамор ма тілеуің?
Еркің білсін, өзің қала біреуін!

Мефистофель
Керегі не таусылып болымсызға,
Сонша күйіп, егіле жаныңызбен?
Бір жапырақ қағаз ап қолыңызға,
Қол қойыңыз бір тамшы қаныңызбен.

Фауст
Құп, жарайды, бола қойсын сеніңше,
Егер саған солай дұрыс көрінсе.

Мефистофель
Қанша айтқанмен, қанның жөні бөлек қой.

Ф а у с т
Болмасын тек, уәде бұзар деген ой!
Менің күшім, ұмтылуым —
Айтқан сөзде тұруым.
Өзімді-өзім зор тұтуым —
Саған билік құруым.
Ұлы әруақ өшпендігін асырар,
Жаратылыс сырын менен жасырар.
Ақыл-ойдың жібін жалғай алмаймын,
Ал ғылымға өгей болған жандаймын.
Лапылдап жанған жанның жалынын
Құмарлықтың сусынымен басамын.
Киіп алып сиқырлықтың қалыбын,
Қып-қызыл шоқ — оттың өзін басамын!
Жүр, кірейік у-шуына мезгілдің,
Не бір ғалам құйынымен кез қылғын!
Қуаныш пен реніш,
Сәттілік пен өкініш
Мүмкіндігі болғанынша жатсын дәйім алмасып,
Жатсын менің өмірім де тыным таппай жалғасып!

Мефистофель
Еш нәрседен мұқтаж болмай, нысапсыз
Қалауыңды қолың соз да ала бер!
Ағыл-тегіл мол қуаныш қисапсыз.
Көңіліне басқа жақса ал егер,
Ұялмай-ақ мені азапқа сала бер.

Фауст
Қуанышта емес әңгіме, тыңда, түсін.
Сан азапқа салуға жетер күшім,
Ащы рақат, тәтті азап көксегенім,
Тек білім деп жүріппін жанның нәрі.
Көндім асау тіршілік тепсе де мың,
Маған да тән — адамға тәннің бәрі.
Асқарын құшып, ақылды тереңіне бойлатып,
Адамзаттың бар қайғысын, шаттығын
Көкірегіме жинап алсам деп едім,
Кең әлемді алақанда ойнатып,
Ақырында быт-шыт боп қирап қалсам деп едім!

Мефистофель
Сайтан ғана Адамға қосар шабыт,
Бұл өмірмен бірге жасап келемін.
Бесіктен соң адамды тосар табыт,
Еш уақытта тапқан емес керегін.
Бұл әлем құдайдікі екенін
Ешбір жан ұқпайды-ау, ұқпайды.
Көр, тозақ — шайтанның мекені,
Мәңгі бір Күн күліп шықпайды.
Күн-түні алмасқан,
Тас-түнек қараңғы
Жерге жіберді адамды.

Фауст
Ал мен күресем тынбастан!

Мефистофель
Жарайсың, мынаған қалайсың:
Avs longa, bvevis est («Өмір қысқа, кәмилетке жету жолы тым ұзақ»)
Көмекші керек бұл істе.
Менің берер ақылым,
Көрігін бас ақынның.
Игі қасиеттерді:
Арыстанның айбатын,
Жолбарыстың қайратын,
Қызу қанын жігіттің,
Адалдығын үміттің,
Шақырсын да шабытың,
Бойына сенін дарытсын!
Сүйтіп ол бір амалын қарастырсын,
Зұлымдық, махаббатты жарастырсын,
Жастардың от тұтатып жүрегінде,
Жоспармен ғашық қылып таластырсын!
Дәл осындай адамға мен де зармын,
Ондай жанды Микрокосмосы деп атармын.
(«Грекше mikro – кіші,kosmos – әлем, бұл жерде адамзат әлемі»)

Фауст
Аласұрып қолын созған бәрі де,
Адамзаттың жете алмасам тәжіне,
Кім болғаным?
Онда өмірдің мәні не?

Мефистофель
Кім болсаң сен — сол қалпыңда қаларсың.
Парик киіп, мейлің бұйра жалғап ал,
Біз өкшемен, сән киініп балға бар,
Бәрібір сен қаз-қалпыңда қаларсың.

Фауст
Сезіп тұрмын, адамзаттық
Бар байлығын бекер, босқа жинаппын.
Тырмысқаннан мен не таптым?
Жанды текке қинаппын.
Өспеппін-ау бір мысқал да, баяғы сол қалыбым,
Жаратылыс жұмбақ қалпы, қажыдым да налыдым!

Мефистофель
Жақсы дос, әр бір затты қаз қалпында
Баладай бола ма екен қабылдауың?
Шаршау жоқ болса егер жазған құлда,
Қуаныш мүмкін емес табылмауы.
Күмән жоқ, аяқ-қол, бас өзіңдікі,
Әрине құйрық майлы, көзің жіті.
Ал рақат жаныңды жай таптырған
Әммесі де менікі, байқап тұрсаң?
Базардан шертіп жүріп алты ат алсам,
Күші олардың кімдікі, менікі емей?
Шегіп ап күндік жерді алты аттасам,
Жиырма төрт аяқ біткендей!
Кім бас алмай қиялдауға бекінді,
Қарыны аш, сасық сиыр секілді,
Шыр айналып, тақыр жерден шықпайды,
Айналасы жасыл. майса, көк екенін ұқпайды.
Ой-қиялды таста, ерік берме оған,
Шулы өмірге кеттік, кәне, ер маған!

АУЭРБАХТЫҢ ЛЕЙПЦИГТЕГІ
ШАРАП ДҮКЕНІ
Көңілді жігіттер тобы

Ф р о ш
Ешкімнің ішкісі жоқ, күлгісі де,
Жетерлік өнерім бар бір кісіге.
Торғайдай судан шыққан бүгін бәрін
Үрпиіп қалыпсыңдар болмай сәнің.

Брандер
Күлеміз неменеге білесің бе, ей?
Сен өзің түк айттың ба күлетіндей?

Ф р о ш
(Басынан төмен қарай бір стакан шарапты құйып жібереді).
Мә, онда түк таппасаң?!

Брандер
Мысқалдай айырмаң жоқ ит-шошқадан!

Ф р о ш
Өзің ғой тілеп алған, мен қоштаған!

З и б е л ь
Кімде-кім жанжал десе, тұрсын тайып!
Одан да дауыс қосып ән шырқайық!
Кәне! Холла! Хо!

Альтмайер
Мақта қайда құлағымды бітейін?
Әйтпесе мен жығыламын, бітемін!

З и б е л ь
Сал айқайға, көтер дауыс, әнге бас!
Үйді көкке көтермесе несі бас!

Ф р о ш
Өте дұрыс, жақтырмаған шықсын, кәне далаға!
А! Тра-ла-ла-ла-ла! .

Альтмайер
А! Тра-ла-ла-ла-ла!

Ф р о ш
Міне, достар, дауыс жаңа түзелді!
Гуілдетіп әндетеміз біз енді.
(Әндете) Сүйікті, қасиетті Рим елі,
Қалай шыдап тұр екен сынбай белі?

Брандер
Аянышты, сорлы ән!
Саясат, Тфу мүңкиді,
Айналамын құдайдан босатқан мені мың түрлі.
Мемлекет ісінен, одан мен не түсінем?
Патша да емес, бек те емес, қаңғыбас, ішкіш, кеңкелес
Болғаныма тауба қып, құдайыма қой айтам, тәңіріме тай айтам!
Десек бізге бас керек,
Басқарсын отты жас зерек.
Кәне, папа сайлайық
(Ішіп алғанда «папа» сайлау салтанаты европа елдерінің барлығында дерлік кең тараған. Бұл жерде Гете Рим папасын сайлау алдында кандидаттың жынысын анықтау салтын әжуәлайды)
Ескі жолдан «таймайық»!

Ф р о ш
(әндете)
Шарықтап шық аспанға самғай ұшып,
Сәлем де сүйгеніме бұлбұл құсым!

З и б е л ь
Сүйгеніңді қоя тұр, баста өз әнімізді!
Сүйгенді айтсақ бар ғой ол бәрімізде.

Ф р о ш
Неге қоям қызды мен — өмір сәнін?
Тек қыздарға арналар менің әнім!
Ілгекті аш! Түн ортасы. Тым-тырыс.
Ілгекті аш! Сүйіктің беріп тұр дыбыс.
Ілгекті іл! Үйге кайттым. Таң жақын.

З и б е л ь
Жарайды, әндет, шырқа, мақта қызды!
Қыз сыйлау — ерге мінез жақсы-ақ, ізгі.
Біле ме бірақ солар сол қадірді?
Пысқырмас сенің адал болғаныңды!
Қыздардың бәрі алдамшы; сыры мәлім,
Сайтанның сүйеді олар жыры, әнін.
Жігітке адал, таза қарамайды,
Үйткені ол алдауға жарамайды.
Ондайды әнге қосу былай тұрсын,
Жағар ем беттеріне қарамайды!

Брандер
(Жұдырығымен столды қойып қалады).
Қойыңдар дуылды, тыңдаңдар!
Жігіттер, махаббат уымен уланған,
Құр бекер состиып тұрмаңдар,
Қыз деген жігітке нұрлы арман!
Сендерге сыйым бар тамаша —
Жаңа ән жазылған жаңаша!
(Әндетеді)
Ac үйде тышқан тұрыпты,
Тамақ көп, сайран құрыпты.
Мұны аспазшы көреді,
Әдейілеп у береді.
Тышқанды у қинайды,
Кең дүниеге сыймайды,
Ғашық болған адамдай.

Хор
(көңілді)
Ғашық болған адамдай!
Брандер
Арлы-берлі жүгіріп,
Тіптен есі кетеді.
Ішін қатты у бүріп,
Әбден әлсіретеді.
Секіруге шама жоқ,
Істейтұғын шара жоқ,
Жатады шипа таба алмай,
Ғашық болған адамдай.

Хор
Ғашық болған адамдай!

Б р а н д е р
Сасқанынан тал түсте
Асханаға келеді.
Еденге аунап, хал мүшкіл,
Еңіреп жылай береді.
Аспазшы көріп мұнысын,
Көрсең-ау күліп тұрысын:
«Жатысын қара, ой, аллай,
Ғашық болған адамдай!»

Хор
Ғашық болған адамдай!

3 и б е л ь
Тышқанды салу қорлыққа
Адамға ерлік болып па?
Таңым бар бәрінді күлкі қысқанға?

Брандер
Қашаннан бері ашиды жанын тышқанға?

Альтмайер
Қампиған қарның құрсын қазандайын!
Қор болдың бауырыңды жаза алмай күн.
Жолында бір тышқанның өлемісің?
Әлде одан өз кейпіңді көремісің?
(Фауст пен Мефистофель кіреді).

Мефистофель
Көрсетейін мен саған
Қызықты қолдан жасаған,
Сауықшылдар сайранын
Көңілді өмір айғағын.
Күнде думан, күнде той,
Нағыз дәурен осы ғой!
Қайғыруды білмейді,
Шыркөбелек билейді.
Қарызға берсе болғаны,
Орта көңіл толғаны.

Брандер
Қонақ келді қараңдар!
Жолаушы болар, тегінде.
Келгеніне болған-ау бірер сағат кемінде.

Ф р о ш
Сүйемін кіші Париж — Лейпцигті,
Халқы да басқалардан бөлек, тіпті.

3 и б е л ь
Мыналар құтырынып, өрекпіп тұр.

Ф р о ш
Сабыр ет, мен оларға жақындайын,
Толтырып екі стакан жаса дайын!
Сонан соң аян болар кім екені.
Дәл бұлар тегін емес текті жерден,
Жөн білетін мырзалар көпті көрген.

Брандер
Мен білсем алаяқтар, бәске бармын!

Альтмайер
Қит еткенді Сезгіш-ау әсте жаның!

Ф р о ш
Тиіселік, жүр барып!

Мефистофель
(Фаустқа)
Қасындағы сайтанды да сезер емес бұ халық,
Салсаң-дағы мойынына бұғалық.

Фауст
Сәлем бердік, мырзалар!

3 и б е л ь
Сәлемет бол!
(Мефистофельге көз қиығын тастaп, ақырын ғана)
Бір аяғын неге сылтып басады?
(Библия аңызы бойынша құдай қарғап қуып жібергеннен бері сайтан бір аяғын сылт басады-мыс.)

Мефистофель
Рұқсат па отыруға біздерге?
Тәуір шарап жоқ болғанмен сіздерде,
Жақсы әңгіме серпіп көңіл ашады.

Альтмайер
Сіз еріккен екенсіз.

Ф р о ш
Риппахтан жай шығам деп осы сіз,
Ганспенен түнеп қалған жоқпысыз?
(Ганс жынды; халық ашықауыз, епсіз адамдарды кемсіту, кекету үшін қолданған.)

Мефистофель
Өткен жолы болған едік үйінде,
Сол баяғы сіз білетін күйінде.
Сіз туралы ұзақ әңгімеледі,
«Барар болсаң, дұғай сәлем!» — деп еді.

(Фрошқа иіледі).

Альтмайер
(ақырын)
Түсінетін қу болды!

З и б е л ь
Тегін емес — сұм болды!
Сабыр! Сабыр! Түйрейін мен, жым болсын!

Мефистофель
Біз келгенде жап-жаңа
Ән айтылып жатқан-ды.
Көңіл ашар — ән ғана,
Неге кенет тоқталды?

Ф р о ш
Әнге де бар ма өнерің?

Мефистофель
Тек қана жақсы көремін.

Альтмайер
Шырқап жібер! Жақсыны көрмек үшін!

Мефистофель
Қаласаңдар, айтайын ермек үшін.

3 и б е л ь
Жаңасын айт айтқаннан соң тегі сен!

Мефистофель
Ән менен жыр, асау шарап елінен,
Біз келеміз Испания жерінен.
(Әндете)
Баяғыда бір патша
Асырады бүргені.

Ф р о ш
Естимісің, жігіттер? Бүрге! — деді,
Бүрге шіркін жағалап жүр кедейді.

Мефистофель
Баяғыда бір патша
Асырады бүргені.
Аямай одан пұл-ақша,
Мәпеледі, түрледі.
Тігіншісін алдырып,
Арнай киім тіктірді.
Алуан өрнек салдырып,
Жағасы, шіркін, тік тұрды.

Брандер
Ескертіңіз тігіншіге ұмытпай,
Өлшегенде өте-мөте сақ болсын,
Тіккен шалбар болмау үшін қуықтай,
Әдібі жоқ, астары жоқ қап болсын!

Мефистофель
Айта берем несіне,
Орады үлде-бүлдеге.
Крест тағып төсіне,
Орден де берді бүргеңе!
Уәзір қойды патша оны,
Жұрт: «Бүргеке!» — деседі.
Бүрге біткен патшаның
Сарайына көшеді.
Сарайдағы ел біткен:
Бала, әйел, ер біткен
Дуылдап жеп жатса да,
Қасынуды ар көреді.
Сыр білдірмей «басқаға»,
Амалсыздан көнеді.
Тиіссе бізге, саспаймыз,
Тырнақпен сығып тастаймыз!

Хор
(көңілді)
Шақса бізді, саспаймыз,
Тырнақпен сығып тастаймыз!

Ф р о ш
Браво! Браво! Жақсы жырға бір кенелдім!

З и б е л ь
Тағдыры болсын солай бүргелердің!

Брандер
Тырнақпен тырс еткізсең — өтті сағат!

Альтмайер
Жасасын нұр бостандық, тәтті шарап!

Мефистофель
Болғанда шараптарың аздап тәуір,
Ішер ем бостандық деп мен де едәуір.

З и б е л ь
Біз үшін бұл сөзіңіз аса ауыр!

Мефистофель
Мырзаны шарап сақтап текке көкіп,
Қорқамын алам ба деп өкпелетіп.
Қадірлі қонақтарға шарабымды
Болмаса ұсынар ем бөшкелетіп.

3 и б е л ь
Тезірек болса ондайың әкел дейім,
Пәлесін бір-ақ өзім көтерейін.

Ф р о ш
Стакан толтырып бер бергеннен соң
Ауыз толсын ақыры көргеннен соң.
Шараптың оңай емес дәмін білу,
Ол үшін ішу керек бірқыдыру.

А л ь т м а й е р
Мен білсем, дәл осылар Рейннен.

Мефистофель
Бұрғы бер, біраз терлеп көрейін мен.

Брандер
Жақсы лебіз шықты ғой көмейіңнен!
Бөшкең бар ма ауыз үйде жасырған?

Альтмайер
Бұрғыны анау жәшіктен ал, қасыңнан!

Мефистофель
(бұрғыны алып, Фрошқа)
Қандай шарап ішуді сіз қалайсыз?

Ф р о ш
Түсінбедім, сізде бар ма түр-түрі?

Мефистофель
Тауып берем қалағанын әр кімнің!

Альтмайер
(Фрошқа)
Aha! Көбейді ғой көмейіңнің бүлкілі.

Ф р о ш
Жақсы! Қөңіл Рейнвейнді қалады,
Барлығынан артық маған Отанымның шарабы.

Мефистофель
(Фрош отырған столдың шетін бұрғылап)
Тығын жаса, бекер жерге ағады.

Альтмайер
Мынау бізді тәлкек қылмақ өзінше.

Мефистофель
Ал сізге ше?

Брандер
Шарап та шарап шампан ғой, одан шарап асқан ба?!
Тек көбігі бұрқырап, атқылап жатсын аспанға!
(Мефистофель бұрғылайды, біреу тығын жасап, тесікті тығындайды).

Брандер
Біздің бір осы мінез жарамайды!
Қандай жан шын жақсыдан түңіледі?
Немістер французды қаламайды,
Шарабын өліп өшіп сіміреді.

З и б е л ь
(Мефистофельге жақындайды)
Шынымды айтсам, ащыны ішпеуші едім,
Мүмкін болса, тәттіден үш-төртеуін.

Мефистофель
(бұрғылайды)
Онда сізге Тоқай шарап дұрыс келер шамасы.
(Тоқай – Венгриядағы жүзім өсіру шаруашылығымен аты шыққан жердің аты.)

Альтмайер
Кәне, мырза, маған тура қарашы!
Алдап жүрген болма сайтан баласы?

Мефистофель
Жо-жоқ! Мырза, бұл сөзіңіз не деген?
Сіз секілді бекзаданы көреген
Алдау үшін маған керек күш шексіз,
Айтыңызшы, қандай шарап ішпексіз?

Альтмайер
Маған бәрібір! Тек мынауыңа тез төккіз!
(Барлық тесік тығындалғаннан кейін)

Мефистофель
(ғажап қимылдар жасап)
Жүзім, жүзім, жүзімді!
Сағағынан үзілді.
Саналуан түр-түрмен,
Шарап болып сүзілді.
Білгіш болсаң, біліп көр,
Жаратылыс күшін көр.
Тығынды алып, жігіттер,
Қанғаныңша ішіңдер!

Б ә р і
(Тығынды жұлып алғанда қалаған шараптары стаканға құйылады.)
Неткен шарап ғажайып! Ағытылды көктеп сел!

Мефистофель
Байқап-байқап ішіңдер, тамшысын да төкпеңдер!
(Олар тағы да ішеді.)

Б ә р і
(әндете)
Шалшықта аунаған доңыздай,
Шарапқа әбден бір тойғызды-ай!

Мефистофель
Көрдің бе шарап көрсе халық қандай?

Фауст
Кетейік, болды емес пе жалыққандай!

Мефистофель
Тұра тұр, тағы біраз тоқта, батыр,
Бұлардың бар қызығы алда жатыр.

З и б е л ь
(Байқамай, іше бергенде шарабын жерге төгіп алады. Лап етіп от жанады.)
Ойбай! Аттан! Тозақ оты қаптады!

Мефистофель
(жалынды дуалап)
Басыла ғой, сұрапыл от, тоқта әрі!
(Жігіттерге)
Осы жолы құдай мықтап сақтады.

З и б е л ь
Бұл немене? Бұған сен, жауап берер!
Байқамасаң, аяғың көктен келер.

Ф р о ш
Тағы бір қайталасаң, сәтің өлер.

Альтмайер
Табанын жалтыратсын, кетсін, жібер!

З и б е л ь
Жоқ, мырза, мұны көңіл қаламайды,
Бұл жерде фокус жасау жарамайды.

Мефистофель
Доғар енді, кәрі бөшке!

З и б е л ь
Сайтанның сапалағы сен емес пе?
Қарашы, дайын өзі төбелеске!

Брандер
Байқа! Төбеңнен жауар жұдырық!

Альтмайер
(Столдағы бір тесіктің тығынын
Бәрі таңдана бір-біріне қарасып тұрып қалады.)
Жанып барам о сұмдық!

З и б е л ь
Сиқырлық!
Ұстаңдар, пышақтаңдар! Бәрі қулық!
(Пышақтарын суырып алып, бәрі Мефистофельге ұмтылады).

Мефистофель
(Сескенбестен)
Жалған ой, жалған сөз!
Алмастыр орнын тез,
Санасын алмастыр!
Біріне-бірін жармастыр!
(Бәрі таңдана бір-біріне қарасып тұрып қалады.)

Альтмайер
Апыр-ай, мен қайдамын? Бұл қандай жер?

Ф р о ш
Жаныңды жай таптырар сөзсіз бұл маң!

З и б е л ь
Қолға уыстап ал, таңдай бер!

Брандер
Алуан жүзім тұр ғой аңқып,
Жасыл бақ, неткен әсем көз тұндырған!
(Ол Зибельдің мұрнын ұстай алады. Басқалары да осындай халге душар болып, пышақтарын оқтайды..)

Мефистофель
Жалғандық көз байлаған, сейіл кәне!
Сайтанның құдіретін көрсін бәрі.
(Фауст екеуі кетеді. Жігіттер бірін-бірі босатады, естері кіреді.)

З и б е л ь
Не болғаны?

Альтмайер
Бұл қалай?

Ф р о ш
Мұрын ба мынау, япырай?

Брандер
(Зибельге)
Сенің мұрның қолымда тұр, масқара-ай!

Альтмайер
Шарап емес, у секілді өне бойға тараған!
Орындық бер, тұруға енді жараман.

Ф р о ш
Не болды, айтыңдаршы түсіндіріп?

З и б е л ь
Қайда әлгі? Алайын мен тісін жұлып!
Әйтеуір қолға түссе аямаймын!

Альтмайер
Көзіммен көрдім анық, оу, ағайын,
Отырса әккі жігіт атқа қандай,
Бөшкеге кетті мініп ол да сондай.
Мең-зеңмін біреу сабап тастағандай.
(Стол жаққа бұрылып)
Атқылап тұрар еді-ау шарап әлі!

З и б е л ь
Өтірік, алдау-арбау, жалған бәрі!

Ф р о ш
Шарапты шын ішкен-ақ секілдімін.

Брандер
Жүзім деп қалай мұнша алданғаным?

Альтмайер
Сенем енді, ғажап бар жалғанда мың!!!

МЫСТАН КЕМПІРДІҢ АС ҮЙІ

Жатаған ошақта үлкен қазан асулы тұр. Аспанға атылған будың ішінде әр түрлі бейнелер қараңдайды. Қазан қасында көбігін алып, тасымасын дегендей сапырып қойып теңіз мысығы отыр. Оның қасында балаларын алдына алған, отқа қыздырынып еркегі отыр. Үйдің қабырғалары. мен төбесінде мыстанның сан алуан саймандары самсап ілулі тұр.

Фауст пен Мефистофель

Фауст
Айтшы сен албастының түнегінен
Табам ба ем қонбайтын жүрегіме ем?
Мыстанның ден қоям ба ақылыңа?
Көрсетпе ондай азап пақырыңа!
Не істемек нас, әруей, қояншығын,
Жасарып жас жігіттей шарқ ұруға?
Таппасаң басқа бір ем, шындап ұғын,
Үміттің салдың пышақ алқымына!
Кім сенер жаратылыс, жасағанда
Дауа жоқ дегеніңе жасарғанға.

Мефистофель
О, достым, білгішсініп кеттің тағы!
Табиғи дауасы бар жасарудың.
Тағы бар бірақ істің қиын жағы,
Сен оны мойынсұнып жасауың мұң.

Фауст
Мен оны білгім келер, аңсауым шын.

Мефистофель
Жарайды! Қиын емес жасаңғырау:
Мезгілсіз самайыңды шалса қырау,
Ақшасыз дәрігерсіз, еш дауасыз.
Көкпенбек, көк шалғынды далаға бар,
Қолына шалғы, күрек, араны да ал,
Ағаш кес орман барып, не тұқым сеп,
Аяма өзіңді-өзің теріңді төк.
Талғамай тамақты да қармай беріп,
Бір күйсеп хайуанмен бірге өріп,
Дәл сондай қамсыз-мұңсыз харекет қыл,
Ұялма, жұрт көзінше дәрет сындыр.

Фауст
Бірге оттап хайуанмен, бірге өретін,
Бауырлап шегірткедей күн көретін,
Ебім жоқ, мұндай өмір жаныма жат,
Жоқ, келмейді дәл мұндай күйге ретім!

Мефистофель
Ендеше көмектесер мыстан демек.

Фауст
Сол қақпас, түсінбеймін, неге керек?
Өзің-ақ жасай салшы дәрі-дәрмек!

Мефистофель
Уақыт әттең әсем өтер еді!
Бұл істі төзім ғана көтереді
Көз алмай жылдар бойы тесілерсің,
Сарғайып дәрі болып есіл-дертің.
Сарылып, азаптанып отырарсың,
Жалғанның қызығынан тосыларсың.
Бұл өзі ауыр еңбек, не жоқ онда?
Ұшынып, үйренбесең, шошынарсың.
Шайтандар не пәлені үйрете алар,
Ебі жоқ, дәл мынаған, қосыларсың?
(Аңдарға нұсқап)
Қарашы, қандай ғажап жануарлар,
Мынау күн, ал анауы құлын болар.
(Аңдарға)
Кемпір қайда? Үйде жоқ па?

А ң д а р
Құлқынын ол тойдырды да,
Қайта қазан қойдырды да,
Мұржаменен кетті өрмелеп.

Мефистофель
Сайраңдап ол қанша жүрмек?

А ң д а р
От қызғанша қайтып келмек.

Мефистофель
(Фаустқа)
Қалай, сізге ұнай ма сүйкімді аңдар?

Фауст
Құсқым кеп тұр, содан-ақ өзің аңғар.

Мефистофель
Мұның бекер, бұлардың тілін білсең,
Зеріктірмес тамаша, қызық жандар!
(Аңдарға)
Айтыңдаршы, ант атқан ақымақтар,
Қайнап жатқан қазанда не тамақ бар?

А ң д а р
Сорпа ғой бұл ішетін қайыршылар.

Мефистофель
Е, көп болады десейші алушылар?

Е р к е к а ң
(Мефистофельге жақындап, жағымпазданып)
Сізбен, мырза, бір рет
Ойнауға жан ынтызар.
Мүмкін маған құдірет,
Ақшаңызды ұтқызар.
Ақшаң болса қалтаңда,
Талтаңдасаң — талтаңда.

Мефистофель
Карта ойнап, ақша берсем, құп алар ең,
Жеткендей төбең көкке қуанар ең.

(Осы кезде аңның балалары үлкен шарды домалатып ойнап жүреді.)

Е р к е к а ң
Міне мынау жер шары,
Өміріңнің дер шағы.
Айналады, шабады,
Тиіп кетсең, шыныдай
Сынады да қалады.
Іші кеуек, сырты бай,
Жылтырайды, жанады.
Балам менің, тұр былай!
Онсыз да ойның қанады.
Тағдырыңмен ойнама,
Таста шарды, қозғама,
Түсіп кетсе, жарылар,
Тек-тек, ұлым, боздама!

Мефистофель
Елек неге керек?

Е р к е к а ң
(Електі алып келеді)
(Немістің халықтық ұғымы бойынша шегеде ілулі тұрған елек ұры келгенде өзінен-өзі айналатын болған)
Шегеге оны ілеміз,
Ұры келсе, білеміз:

(Жүгіріп барып ұрғашысына көрсетеді).

Қарашы сен мынаған,
Ұры емес пе мына адам?
Айналар атын атасаң.

Мефистофель
(Отқа жақындап)
Қыш құмыра не керек?

Еркегі мен ұрғашысы (қосыла).
Қыш құмыра кәдімгі!
Қазанды да танымас
Иә миғұла, иә әңгі!

Мефистофель
Әдепсіз аңдар, ақымақ!

Е р к е к а ң
Міне орындық, міне тақ
Отырғаның мақұл-ақ!

Фауст
(Айнаға бір жақындап, бір алыстап тұрады.)
Өңім бе, құдай-ау, бұл, әлде түсім?
Айнадан жарқ еткен бұл неткен мүсін?
Махаббат, о Махаббат, қанатың бер,
Тұра алман енді шыдап тағатым кем.
Арудың аяулы орнын көрсет деймін,
Жолыңда жаным пида, өлсем мейлі!
Дүние-ай, мында алданып, қамалмасам,
Қасында болар ем-ау әлдеқашан!
Асқан жан, асқақ тұлға ұрғашыда!
Тез жөнел, жет жанына тұрма шыдап!
Жоқ шығар мұндай келбет жер бетінде,
Бар әлем бір өзінің келбетінде!

Мефиистофель
Әлемді алты-ақ күнде жаратқанда,
Тамсанып өз ісіне қарапты алла.
Демек, тәуір бірдеме болғаны ғой,
Қанып ал әбден керіп, қарап қалма!
Қапсыз қайрылмастан шын құладың,
Дәл осы аруменен кез қыламын,
Сенен бақытты адам жоқ, жаным, ұғын,
Кермаралдай керілген қалыңдығың!

(Фауст айнадан көз ала алмайды. Мефистофель шалқайыңқырап отырып, желпінген қалпы сөзін сабақтайды.)
Мен отырмын патшадай астымда тақ,
Желпуіш бар, енді бір тәж қажет-ақ.

А ң д а р
(Әр түрлі ғажайып қимылдар жасап, айқай-шумен Мефистофельге тәж әкеліп береді.)
Төксең қанды,
Қисаң жанды,
Тәжді жеңіп аласың!

(Ебдейсіз қимылдап, тәжді қақ бөліп алады. Бөлшектерін алып билейді.)
Жеңіп алдық,
Бөліп алдық,
Айқай-ұран саламыз!

Фауст
(айна алдында)
Құрыдым, естен танамын!

Мефистофель
(аңдарды нұсқап)
Менің де басым айналып, бір түрлі болып барамын.

А ң д а р
Келсе реті,
Қайтса беті,
Қуана бер, қарағым!

Фауст
Өртеніп, жанып барамын
Кетейікші тезірек!

Мефистофель
Бас имей қалай қаламын,
Төгілді ән-жыр кезі кеп.

(Назардан тыс қалған қазан қайнап, тасып төгіледі. Лапылдап жанған жалын пайда болып, бақырып-шақырып мұржадан мыстан кемпір шығады.)

М ы с т а н
О, албасты, не қара басты?
Қазанға қарамай, неге алжастың?
Есалаң! Көрсетейін мен саған!
(Фауст пен Мефистофельді байқап)
Бұл неғылған адам?
Не іздеп жүрсіңдер?
Айтыңдар, кімсіңдер?
Не шаруаларың бар?
Жауап бер, бер деймін,
Әйтпесе өртеймін!

(Ошақтан от қарпып алып, Фауст пен Мефистофельге шашады. Аңдарға да соны істейді. Олар ойбайлап қашады.)

Мефистофель
(Қолыңдағы сыпыртқының сабымен ыдыс-аяқтарды ұрады.)
Бір, екі, үш!
Қазан оттан түс!
Шынылар сын!
Біліп қой, жын,
Сенің жырың
Олай болса,
Осылай менің сырым!
(Мыстан қаймығып кейін шегінеді.)
Танимысың дадаңды, кәрі қақпас?
Қаһарланса қожаң шын, кәрі жақпас!
Бір сілтесем қолымда жоқ боларсың,
Кіретұғын әулетің көрін таппас.
Қызыл камзол алдында енді қайтып
Жорғалауды қойдың ба, тәубаңды айтып?
Қауырсынын қораздың көрмедің бе?
Көрсең-дағы оған мән бермедің бе?
Немене, атымды да атайын ба?

М ы с т а н
О, мырза, кешіріңіз, мен байғұсты естен танған!
Көрінбейді тұлпарың, қайда қалған?
Екі бірдей қайда әлгі қара қарғаң
(Христиан мифологиясы бойынша қарға шайтанның серігі)

Мефистофель
Жарайды, кешірейін қара бетті!
Өзін де көрмегелі заман өтті.
Өмірді мәдениет жандандырып,
Шайтан да бұ заманда алға кетті.
Өзгерді, өзгерді өмір, модамыз да,
Мүйіз, құйрық тасталды о да құзға!
Aт тұяғы да ескіріп жылдан-жылға,
Шығып қалды модадан жұрт алдында.
Сондықтан мен тіктірдім жалған киім,
Міне, менің дәуірден алған сыйым.

М ы с т а н
(билеп)
Төбем көкке жетпейді екі-ақ елі
Қуаныштан. Сайтанның есті лебі.

Мефистофель
Тоқта, кемпір, атама сайтан атын!

М ы с т а н
Неге атаман? Жамандық байқамадым!

Мефистофель
Баяғыда сайтанның аты өшкен,
Бірақ одан адамға еш пайда жоқ,
Жын кеткенмен жындылар азайған жоқ.
Енді менің есімім бек, бекзада,
Емін-еркін атай бер, барон, мырза.
Бірақ іштей қанға тартып тұрамын,
Айғағы оның мойнымдағы тұмарым.
(Әдепсіз қимыл жасайды.)

М ы с т а н
(ерсі, дарақы күліп)
Бейбастақтың айылы жиылмапты,
Қу нәпсіңіз әлі де тиылмапты.

Мефистофель
(Фаустқа)
О, достым, бұларменен өр болғайсың,
Сайқалдың тілін білсең көр болмайсың!

М ы с т а н
Мырзалар, бұйымтай не? Келсе әліміз...

Мефистофель
Ежелгі бір стакан — ем дәріңіз.
Әкел тек, ұзақ тұрған күштісінен!

Мыстан
Жарайды, көмейіңді деп түсінем.
Берейін өзім деген құмырамды,
Тұруы жетті, әбден иі қанды.
Өзім де кезі келсе, иіскеуші ем,
Басқаға қимаушы едім, тиіспеуші ем.
Берейін бір стакан шын көңілмен!
(Мефистофельге ақырын ғана)
Тек, байқаңыз, ішпесе дұға оқып,
Сол сәтте қоштасады бұл өмірмен.

Мефистофель
Қам жеме сен, бұл оған шипа болар,
Тек дәріңе емес ол риза болар.
Шеңбер сызып, дұға оқы, менің досым,
Толтырып стаканды ішсін сосын.

Мыстан
(Ғажайып қимылдар жасап, шеңбер сызады да, әр түрлі заттар қояды. Стакандар сылдырлап, горшоктар тырсылдап, аяғында бұл дыбыстар музыкаға айналады. Ақырында үлкен бір кітап әкеліп, аңдарды шеңбердің ішіне тұрғызады. Біреуі кітапты, екіншісі факельді ұстайды. Мыстан Фаустқа жақын кел деп ишарат білдіреді.)

Фауст
(Мефистофельге)
Күнібұрын бір сұмдықты сезем мен,
Пасық кемпір, сасық аңдар безерген.
Алдау, арбау, көргенсіздік, өтірік —
Мұнын бәрі таныс маған ежелден.

Мефистофель
Әй, әпенде! Мұның бәрі күлкі шын,
Жасалады балгерлердің ғұрпы үшін.
Мақұлдай бер, алма ештеңе ойыңа,
Сіңсін десең дәрі түгел бойыңа.

Мыстан
(Фаусты зорлап шеңберге еңгізеді де, көпіріп кітапты оқи бастайды.)
Мынаны түсін!
Бірден ән өндір,
Екеуін қолға көндір,
Үшеуін айырсаң,
Байырсың.
Төртті жоғалт,
Бес пен алтыдан,
Дейді мыстан.
Жеті мен сегіз
Бәріне негіз.
Тоғыздан бір,
Оннан ноль,
Мыстанның есебін көр!

Фауст
Елірді, дудар-дудар шашын қара.

Мефистофель
Бұл әлі әләуләйдің басы ғана,
Жасырмай, көшсек сөздің ашығына,
Қыр-сыры бұл кітаптың бастан аян.
Қайшылық тұнып тұрған бастан-аяқ.
Естіге, есерге де бірдей жұмбақ,
Мұң болар түсінуің, білу тұрмақ.
Бұл өзі әрі ескі өнер, әрі жаңа,
Сан ғасыр түсіне алмай бәрі тан, ә?!
Құдайдың бір басында үш басы бар,—
Дегенге сенеді жұрт, кім таласар?
Осылай нағыз шындық бұрмаланып,
Алдаудың шатқалында тұр қамалып.
Әдетте адам сөзге ден қояды,
Ойменен, іспен ғана сен жоя біл!

Мыстан
(жалғастыра)
Ғылымның дәні,
Нәрі, мәні
Құпия, бар әлем хабарсыз!
Ойдан бол қашық,
Саған жол ашық,
Өмірің де алаңсыз.

Фауст
Не дейді? Барлығы сандырақ!
Құлаймын, кеттім ғой қалтырап.
Сансыз көп есерлер есіріп,
Айқайлап жатқандай тантырап.

Мефистофель
Қой енді, о давя Сибилла!
(Аңызға айналған сәуегей әйелдің есімі.)
Дәріңді тез әкел онан да!
Досыма шипалы ем болсын,
Жасына қайраты тең болсын!
Ғылымның сан жолын өткерген
Зерделі жігіт қой көп көрген.
(Мыстан әр түрлі қимылдар жасап, дәріні бокалға құяды. Фауст ішпек болып ерініне апара бергенде, лап етіп от жанады.)

Мефистофель
Қәне, жылдам қағып жібер, тартынба!
Кемеліне келіп тұрған қалпыңда.
Әзәзілмен достасқалы не заман,
Оттан әлі қорқамысың қалтылдап?
(Мыстан шеңберді шешеді, Фауст одан шығады.)

Мефистофель
Ал сыртқа шық! Тұрсың қарап несіне?

Мыстан
Шипа болып ем-дәрі, қызықтарың жалғассын!

Мефистофель
Есіме сал Вальпургия кешінде,
Сыйыңа сый қайтарам, мен де қарап қалмаспын.

Мыстан
Үзбей іш бойға сіңіп дару үшін,
Сонда мықтап сезілер дәрі күші.

Мефистофель
(Фаустқа)
Біраз жүріп, бой жазып қыдырайық,
Кетер қайта, әйтпесе, қыдыр тайып.
Саған қажет серуен, терлеп, суу,
Оңай емес, жарқыным, қайта туу.
Жаның тыныш, тамақ тоқ, жатсаң бекер,
Қаныңда ойнап Купидон, қашсаң жетер.
(Латынша cupido – тілек, талап, ескі римдіктерде махаббат құдайы.)

Фауст
Соңғы рет айнаға бір көз тастайын,
Арумен арманымдай қоштасайын.

Мефистофель
Жүр тезірек, қас сұлуды көрерсің,
Құмарыңнан қанғаныңша өберсің!
(Ақырын)
Дәрі ішкенің рас болса, сене бер,
Әйел біткен Елена боп көрінер!

КӨШЕ

Фауст.
Жанай Маргарита өте береді.

Фауст
Сұлу бикеш үнсіз қалай қалайын?
(Бикеш деп ақсүйектер әулиетінен шыққан қыздарды атаған, ал Маргарита ондай семьядан емес-ті.)
Рұқсат ет, тек шығарып салайын.

Маргарита
Сұлу да емес, бикеш тағы емеспін,
Есіркемей қойса нетер мені ешкім.
(Мойын бұрмастан жөніне кете береді.)

Фауст
Аслан асты, жер үстінде мұндай пәк
Сұлу көрсем, көзім шықсын — бұл шыным
Тазалығы судай мөлдір, сүттей ақ,
Бұзылмаған тұнығындай сілтінің.
Оймақ ауыз, жарқыраған маңдайы,
Мәңгі оны жүрегімде сақтармын!
Жарқ еткенде, сиқырланған жандайын
Естен танып құлауға мен шақ қалдым.
Қысқа, қатал, неткен тапқыр жауабы,
Сөз таба алмай қайтты жүрек тауаны.
(Мефистофель енеді.)

Ф а у с т
Тыңда, достым, таныстыр!

Мефистофель
Кімменен?

Ф а у с т
Жаңағы өткен қызбенен.

Мефистофель
А анау ма? Жаңа ғана ол шоқынып,
Шіркеуден қайтты үйіне.
Столдың астында отырып,
Құлақ салдым үніне.
Бейкүнә, таза, адал, пәк,
Азғырғанға көнбейді,
Оған шамам келмейді.

Фауст
Бой жеткен ғой, не дейді?

Мефистофель
Секілдісіз ақымақ қаз,
Кез-келген гүлді жұлатын.
Көзіне ол көрініп аз,
Тағы үзбек боп тұратын.
Көріп жүрміз ондайдың
Қасиеті болмайды.

Фауст
Бұған көңіл толмайды.
Ұзын сөздің қысқасы:
Сол сұлуды жалынды
Құшағыма қыспасам,
Бүгін түні-ақ кетісем,
Ат құйрығын кесісем!

Мефистофель
Табу үшін кездесуге бір себеп,
Аз дегенде екі жеті күн керек.
Ойлашы өзің, аяқ асты қайт дейсің?

Фауст
Өй-дәйт дерсің!
Сол қыз, шіркін, тұрар еді мендік боп,
Жеті сағат шыдайтұғын еркім боп
Төзе алсам, шынымды айтам,
Қажетің болмас еді сенің шайтан.

Мефистофель
Бозбаладай асықтырған жеңгесін
Жеңілсіз ғой, көңіліңізге келмесін.
Неге керек мысықтай құр асығыс?
Сабыр етіп, жан желігін басыңыз!
Жақсы емес пе: алдыменен танысып,
Кешке қарай фонтан жақтан табысып,
Ыстық құшақ қайта-қайта қауышып,
Тұрған қандай еріннен бал алысып!

Фауст
Онсыз да жақсы тәбетім!

Мефистофель
Қырсығып қалар әдетін.
Бәдіктікті таста, достым, қалжыңсыз:
Дегеніңе көне қоймас балғын қыз.
Тегеуріннің пайдасы аз мұндайда,
Айла, амал, қулық болар ыңғайлы.

Фауст
Болшы, бол тез мауқымды бір басайын,
Берші маған, орамалын әперші,
Иіскейін, көкірегіме басайын,
Тым болмаса, сәукелесін әкелші!

Мефистофель
Жарайды Сіз сонша құмар болсаңыз,
Әзәзілдің әуселесін байқаңыз.
Әр минутты шын бағалай алсаңыз,
Бөлмесіне барып, көріп қайтамыз.

Фауст
Көремін бе, апыр-ау, тілдесем бе?

Мефистофель
Жоқ! Қашанда асығыс бар мінезің.
Көршісінде отырар. Жалғыз өзің
Барасың да сол кезде бөлмесіне,
Ілінбеген халықтың өсегіне
Арманыңның аунайсың төсегіне.

Фауст
Осы қазір, дәл қазір ме?

Мефистофель
Шыдай тұршы әзірге!

Фауст
Силық ала баруға сен қалайсың?

Мефистофель
Силық дейсің? Тапқан ақыл, жарайсың!
Не бір заттар сұлу қыздар қалайтын,
Қазына жоқ білмейтұғын бұл сайтан!
Келді емес пе енді реті жұмсайтын?! (кетеді.)

КЕШ
(Ұқыпты жиналған шағын бөлме. Маргарита бұрымын өріп отыр.)

Маргарита
Кес-кестеген жолымды,
Сыпайы сөзі, қонымды,
Жанары от жайнаған,
Ержүрек, батыл тұлға екен,
Шіркін-ай, кім болды екен?! (кетеді.)

(Мефистофель мен Фауст келеді.)

Мефистофель
Ақырын ен, жасқанба еш нәрседен!

Фауст
(Сәл үнсіздіктен кейін)
Жалғыз қалдыр, өтінемін мен сенен!

Мефистофель
(Айналаға көз тастайды.)
Неткен таза бөлмесі, жинақы әрі,
Бола бермес дәл мұндай қыздың бәрі!
(кетеді)

Фауст
(Жан-жағына қарайды.)
Сәлем, саған аласа үй,
Қасиетті жанның тұрағы!
Қабыл ал мені, тамаша үй,
Сенде екен сезім бұлағы.
Тұр тыныстап тыныштық.
Қатал тәртіп, қанағат.
Осы үй маған тым ыстық,
Осында екен рақат!
(Төсек жанындағы былғары креслоға отырады.)
О, ескі көз, ата-баба мұрасы!
Ортақ болған қуаныш-қайғысына.
Бір топ бала әр нәрсені сұрасып,
Қоршауында отырды-ау байғұс ана.
Осы жерде (жұмбақ қой арамызда ол)
Балаларға мол сыйлық тиді ме екен?
Шашын сипап сәбидің тарамыс қол,
Сәби ерні сол қолдан сүйді ме екен?
О, жақсы қыз, қай жаққа қарасам да,
Тап-тұймақтай жинақы бәрі орнында.
Тұр жарасып дастарқан, алаша да,
Байқалады тәртібі ананың да,
Парасаты, ақылы баланың да.
О, іскер қол, табынбай жан төзгісіз,
Қараша үй жұмағыңа бергісіз!
Ал мынау ше? (Төсекжапқышты көтереді.)
Жүректі баурап алды, есімді де,
Мен тұрмын үңілумен бесігіне.
Табиғат өзі мұнда тербетіпті,
Өмірге жаңа келген періштені.
Кәдімгі нәрестедей тыныс-демі,
Күлкісі, ойыны да. Бірте-бірте
Толықсып сол перизат ер жетіпті,
Тамаша сұлу болып бой жетіпті.
Ал мен ше? Қайдан келдім, неге келдім?
Әзәзіл азғырғанға неге көндім?
Өртендім, лапылдадым, күйіп-жандым,
О, Фауст, неге сонша естен тандың?
Батайын деп рақатқа,
Нәпсі айдап келіп ем.
Душар болдым мехнатқа,
Парасатын көріп ем.
Келсе кіріп үстіме,
Қайда барып тығылам?
Ұят деген күшті де, Аяғына жығылам.
(Мефистофель келеді.)

Мефистофель
Бол, бол жылдам, келе жатыр!

Фауст
Бір қарайын тоқта, батыр!

Мефистофель
Бұл қобдиша неткен ауыр,
Қамыңды ойлап ала келдім.
Іші толған заттар тәуір,
Қыз есінен танады енді.
Қанша айтқанмен бала емес пе,
Зат иесін алар еске.

Фауст
Қалдыруға батпай тұрмын.

Мефистофель
Батпай емес, қимай тұрсың!
Мұндайыңды айтсаң бұрын,
Күні бойы жүгіріп,
Әрең-әрең үлгіріп,
Әуре болмай қоятын ем, әй, тегі,
Сонша сараң болмасаң ғой қайтеді!
(Қобдишаны шкафқа салып, аузын жабады)
Бұл үшін басты ауыртып, қолымды ойып,
Бәрін қойып, барынша іс тындырып,
Жүрсем шауып, есің ауып,
Портфельге кітаптарды салып алып,
Лекцияңды оқуға дайындалып,
Сабаққа баратындай тұрсың неғып?
Жүр шығалық!
(Мефистофель мен Фауст кетеді, қолында шамы бар Маргарита кіреді.)

Маргарита
Ауа неткен қапырық, демді бітеп барады.
(Терезені ашады.)
Үдей түсті жел тіпті,
Мамам да әлі келмепті.
Тезірек келсе жарады,
Дірілдеп қорқып барамын,
Не деген қорқақ адаммын!
(Ол әндете жүріп, шешіне бастайды.)
Кәдімгі Фульде байырғы
(Лат. Ultima Thule (2759) – ертедегі римдіктердің аңызы бойынша қиыр Солтүстіктегі ел. Фуль королі туралы балладаны Гете өзі жазған.)
Тұрыпты король тым затты.
Өлерінде оған зайыбы
Алтын бір бокал сыйлапты.
Той болса сауық жасалып,
Сонымен шарап ішеді.
Көзіне ыстық жас алып,
Есіне жары түседі.
Қозғанда дерті қайғының,
Ел-жұртын жиып алады.
Таратып барлық байлығын,
Бокалды алып қалады.
Жағаны толқын сабалап,
Думанға толды биік үй.
Рыцарьлар отыр қаумалап,
Корольдің соңғы сыйы бұл.
Тік тұрған қалпы қаһарлы
Ішті де сарқып ілезде,
Қасиетті алтын бокалды
Лақтырды төмен теңізге.
Қолтықтап толқын қуанып,
Бокалға мәңгі болды ие.
Корольдің жүзі қуарып, —
Хош,— деді — жарық дүние.
(Ол шкафты ашып, киімін қоймақ болғанда қобдишаны көреді.)
Қайдан келді, қалай келді бұ жәшік?
Мұнда оны қойды екен кім ашып?
Құлыптап-ақ кетіп ем ғой, о ғажап!
Әлде біреу ақшаға боп заразап,
Кепілдікке әкелді ме, анашымнан қарыз ап?
Кілті даяр, тұрғандай-ақ мені аш деп,
Ашып көрсем қайтер екен мен ептеп? (Ашады)
Бұл немене? О, құдай-ай, көр байқап!
Ғұмырымда көрген емен мұндай зат.
Жасау ғой бұл! Мейрамдарда киетін,
Ханымдардың үлесіне тиетін.
Жарасар ма тақсам мынау моншағын?
Мұндай затқа ие екен сонша кім?
(Моншақты. тағып алып айна алдына барады.)
Өзімдікі болсашы мына сырға!
Пайдасы не жалаңаш сұлулықтың,
Көркіңе сай жасауың болмаған соң?
Бәрі алтында қасиет, ұлылықтың,
Күнін құрсын, қалтаң бір толмаған соң,
Керегіңді қысылмай алмаған соң!
Алтынға бәрі жүгірер, бәрі алтынға жүгінер,
Амал не кедейшілік қалмаған соң!

СЕРУЕНДЕ
(Ойға шомған күйінде Фауст арлы-берлі жүр. Мефистофель келеді.)

Мефистофель
Қарғыс атсын, қараң қалсын бәрі де!
Сөз таппадым, қарғар едім әлі де!

Фауст
Не боп қалды? Сонша неге бүліндің?
Адам шошып кетерліктей түріңнен.

Мефистофель
Шайтан алсын дер едім барлығын да,
Тек әттең, өзім шайтан болмағанда!

Фауст
Бұл мінезден керек, достым, арылу,
Саған, тіпті, жараспайды тарылу!

Мефистофель
Ойлашы өзің, ашуланбай бола ма?
Поп антұрған екі дүниеде оңа ма?
Алдап-сулап әкетіпті бұйымды,
Біз апарған Гретхенге сыйыңды.
Мейрам сайын қасиетті дұға оқып,
Құдайына қол қусырып тұратын,
Әр бір затқа күмәнданып жүретін,
Арамдығын иісінен білетін
Көрген бетте асыл затты анасы,
Былай депті (әулиесін қарашы):
Балам менің, арам заттың басында
Сайтан болар қасында,
Күнәлі іске бармайық,
Жаратқанның жолына
Садаға қып арнайық!
Ал Гретхен ерні әрең жыбырлап:
— Сыйға берген аттың,— дейді,— сыбырлап,—
Қарамайды деген сөз бар тісіне,
Ардан безген емес шығар мұны әкелген кісі де.
Осы сәтте поп та жетіп келеді,
Ана сөзін құптап, мақұл көреді:
«Ниетіңіз қабыл болсын, пікіріңіз орынды,
Адал пенде зат аямас тәңірінің жолында!»
Асқазаны жаман емес, шіркеудің,
Қала, дала түгел жұтса да алаңсыз,
Қорытуға құдіреті жетеді.
Иесіз зат, мейірлі әйел, адал қыз
Тек шіркеудің өңешінен өтеді.

Ф а у с т
Король, шіркеу, саудагер сондай шебер,
Түйені де түгімен жұта берер.

Мефистофель
Түйреуіш, сырға, жүзік — не бір асыл
Салып ап дорбасына, неғыласың,
Жолы боп ойда жоқта сайыпқыран,
Рақмет айтпастан тайып тұрған.
Тек жұмақтан екі орын берем деген,
Екеуі мәз боп соған қала берген.

Фауст
Гретхеннің жайынан нең бар білген?

Мефистофель
Алданғанын кейін біліп жасиды,
Өкінеді іші удай ашиды.
Күндіз-түні көзін бір сәт ілмейді,
Жұмбақ жанның кім екенін білмейді.

КӨРШІНІҢ ҮЙІ

М а р т а
(жалғыз)
Қаңғырып жапан түзді кезіп кеткен,
Қатын-бала, үйінен безіп кеткен
О, тәңір, күнәсін кеш күйеуімнің!
Тірідей жесір қалып күйемін мен.
Көзіне шөп салғам жоқ, құдай куә,
Адал, шын әлі күнге сүйемін мен!
(Көзіне ыстық жас алады)
Әлде ол әлдеқашан қалды ма өліп?
Қағазын өлді деген тынсам көріп.
(Маргарита келеді)

Маргарита
Марта, а Марта!

Марта
Гретхенжан, не болды?

Маргарита
Өнебойым дірілдеп, бастырмайды буыным!
Шкафты ашсам, тағы да бір қобдиша тұр бүгін,
Іші тола қазына, көздің жауын алады!
Бұрынғы мұның қасында тіпті адыра қалады.

Марта
Енді мұны мамаңа айта көрме,
Гретхен, Попқа тағы жем қылар,
Жұртты алдаумен күнелткен.

Маргарита
Қарашы! Көз ала алмай қаласың тек!

Марта (оның жасауын жөндеп жатып)
Бақытты жаратылған жансың ерек!

Маргарита
Киініп көшеге де шыға алмаймын,
Құр бекер ұнағаны неге керек?

Марта
Келіп тұр біздің үйге жиі-жиі,
Көрсетпей жан адамға киіміңді.
Білдірмей сыртқа шығып мейрамдарда,
Азырақ болады ғой сайраңдауға.
Жайнатып алқа, сырға тағып алып.
Көрмейді, мамаң көрсе неғылады?
Сонша тіпті не бопты
Киіндіріп жүргізбейтін?

Маргарита
Мұнда бар жасырын сыр біз білмейтін!
Екі бірдей қобдиша кім әкелген?
(Есік қағылады.)
Құдай-ай, мамам ба екен іздеп келген?

Марта (Пердені сыпырып қарайды.)
Бейтаныс, бөтен біреу.— Келіңіз!

Мефистофель (енеді)
Қонаққа ашық екен есігіңіз,
Бәйбіше, келгеніме кешіріңіз.
(Маргаритаға құрметпен, иіліп)
Мартаның білсем деп ем күйін-жайын.

Марта
Мырзаның бар ма менде бұйымтайы?

Мефистофель (Мартаға ақырын. ғана)
Рақмет, қонағыңыз бар екен,
Бикеш өзі сүйкімді бір бала екен!
Аяқ асты суырылып не дейін?
Асықпай-ақ түстен кейін келейін.

Марта (даусын. шығара)
Қарай гөр, мырза сені
Бикеш деді!

Маргарита
Амал қанша, бикеш емес — кедейміз,
Мырза білмей айтып тұр ғой, не дейміз?
Менікі емес мынау жабдық, жасау да.

Мефистофель
Әңгіме тек емес, бикеш, жасауда!
Сыптай дене, балбұл жанған от жанар
Мұндай көрік дүниеде жоқ болар!

Марта
Нендей хабар әкелдіңіз маған Сіз?

Мефистофель
Айтам-дағы амалсыз.
Күйеуің о дүниеге қайтып кетті,
Сізге сәлем айтып кетті.

Марта
Не дейді? Өлді дей ме сүйікті ерім,
Қайғыны тастап маған үйіп-төгіп?
Апыр-ау, шын өлді ме, ол не деді?
Шыдамас адал жүрек, мен де өлемін.

Маргарита
Тауба қыл, сабыр етші, қайғырмашы!

Мефистофель
Айтайын оқиғасын жай тұрғанша.

Маргарита
Жоқ, артық мұнан-дағы сүймегенің,
Қаралы қайғы отына күймегенің.

Мефистофель
Қуаныш барда қайғы бар,
Қайғысыз болмас қуаныш.

М а р т а
Қай жерде өлді ол байғұс?

Мефистофель
Көмілгені — қасиетті Антониус
Сүйегі қойылды оның Падуяға
(Падуя – батыс Италиядағы ескі қала. Онда қасиетті Антонионың саборы бар.)
Жай тауып жатыр ұйықтап қабырында,
Хош айтып мәңгі жарық дүнияға.

Марта
Тағы да не тапсырды өлерінде?

Мефистофель
«Үш жүз сом ақша тиіс төленуге,
Күнәмді мойнымдағы өтеу үшін.
Беретін көк тиын жоқ, қалтам тақыр,
Күнәһар кетіп барам мен бір пақыр.

М а р т а
Не дейді? Жоқ па ешқандай сәлемдеме?
О, патшағар!
Жолаушы берем десе, ақша табар.
Ашығып тамақ ішпей жүрсе-дағы,
Ақыры қайыр тілеп жиса-дағы.

Мефистофель
Бәйбіше, түсінемін Сізге қиын!
Күйеуің кедейліктен алды сыйын.
Жүрсе де тісін қайрай, жанын жалдай
Күнәсін өліп кетті өтей алмай.

Маргарита
Адам неткен бақытсыз, соры қалың!
Мен де, әрине, ол үшін табынамын.

Мефистофель
Неткен жансыз сүйкімді, мейірімді,
Бөлейсіз-ау бақытқа еріңізді!

Маргарита
Жоқ әлі, тұрмыс құру ерте маған.

Мефистофель
Жігітіңіз болсашы еркебұлан?
Сіздей қызды құшаққа ап, болған ие,
Кім де болса жігіттің арманы не?!

Маргарита
Мұндай сөз ерсі біздің ғұрпымызға!

Мефистофель
Табиғат жібере ме ырқымызға?

Марта
Қалай өлді күйеуім?

Мефистофель
Жан тәсілім үстінде басын өзім сүйедім,
Сабанға орап, арулап қойдық оның сүйегін.
Пайғамбардың үмбетінше
Жанын қиды адал, таза қалпында,
Сөзі қалды артында:
«Итке-дағы бермесін менің сорлы күйімді,
Тастап кеткен әммесін: қатын-бала, үйімді,
Көнер едім тәңірім тағы азабын өсірсе,
Тек мейірлі әйелім бар күнәмді кешірсе!»

Марта
Ол туралы жоқ еш қандай күмәнім.

Мефистофель
Сізге артты ол барлығын да күнәнің.

Марта
Жалған сөйлеп не жанына зор келді?

Мефистофель
«Бір тиынды дүние көріп дірдектеп,
Байыз тауып отыра алмай күнұзын,
Жанды жалдап, тісті қайрап тірнектеп,
Тапқанымның көре алмадым қызығын.
Атауымды жөн отырып, сіңіріп бір ішпедім,
Құлағымнан қиқу кетпей, істерін ол істеді.

Марта
Күндіз-түні тек соны ойлап қамығып,
Ұмытқан ғой күткенімді сағынып?

Мефистофель
Деп еді ол: «Үй-ішімді сағындым,
Тәңіріме мұңымды айтып шағындым.
Бәлкім менің, сол зарымды ұқты алла,
Біз Мальтадан шыққанда,
Кездестік біз кемесіне түріктің.
Лап қойдық біз мен де батыл киліктім.
Айым туып, желім тұрып оңымнан,
Сол олжаны бөліскенде соңынан,
Мен де алдым бірталайын мүліктің».

Марта
Не дейсіз Сіз? Қайда сондағы олжасы?
Жер астында шіріп жатқан болмасын?

Мефистофель
Кім біледі, ақшада көз бола ма?
Неапольда бір сұлу кез болады,
Көп жақсылық істепті ол тарыққан кезінде,
Талай рет есіне алды өлердегі сөзінде.

Марта
О, азғын! Жексұрын сұм! Өз үйінің дұшпаны!
Жезөкше әйел өліп-өшіп құшқаны.
Ауыр тұрмыс тауқыметі, қайғы-мұң,
Талайларды арынан да айырдың.

Мефистофель
Сол себептен өлгені де байыңның.
Мен Сіз болсам, бұл қаралы киімді
Тастар ем де, тауып жанды тиімді,
Түзетер ем мынау тұрмыс-күйімді.

Марта
Құдайым-ай! Қандай жақсы қыздай алған күйеуің!
Ондай жанның енді жоғын білемін.
Рас ол да ақымақтың бірі еді,
Жат төсектің тілеуін де тіледі.
Жүрмеуші еді ішкілікке салынбай,
Картаны да ұнататын жанындай.

Мефистофель
Көңліңізге қондырып сан күдікті,
Күйеуіңіз емін-еркін жүріпті.
Қарап жүру әйелге жат дүние,
Шіркін, Сізге болар екен кім ие?
Қалған өмір өтсін-дағы қызықты,
Ауыстырып алсақ қайтед жүзікті?

Марта
Епті адамнан кімдер күдер үзіпті?

Мефистофель (өзіне )
Кетейін, дауа жоқ қой сайқал мына,
Дайын тұр құшақтауға сайтанды да!
(Гретхенге қарап)
Сіздің жүрек тапқан жоқ па керегін?

Маргарита
Мұныменен не айтқыңыз келеді?

Мефистофель (өзіне)
Күнәсіз нәресте.
(Қатты дауыстап)
Қайыр қош, мен кеттім!

Маргарита
Cay болыңыз!

Марта
Тоқтаңызшы, мен Сізден
Білсем деп ем ерімнің
Қайда, қашан өлгенін,
Қай газетте берілді,
Кімнің оны көргенін.

Мефистофель
Анықтау үшін не екенін
Екі куә жетеді.
Жолдасым бар, бәйбіше,
Емес тегін, жай кісі.
Ол да көрген көзімен,
Есітіңіз өзінен.

Марта
Келіңіз ертіп тезінен!

Мефистофель
Бикеш, Сіз де келіңіз,
Жас жігітті көріңіз.
Көргенді жердің баласы,
Көпті көрген данасы.

Маргарита
Ұялам ғой, қысылам ғой мырзадан.

Мефистофель
Патшадан да қымсынбас ем, Сіз болсам!

Марта
Үй сыртында бақшада
Тосамыз кешке, жақсы ма?

КӨШЕ
Фауст пен Мефистофель

Фауст
Жағдай қалай, іс тынатын сұр бар ма?

Мефистофель
Қам жеме сен мына досың тұрғанда!
Жанып тұрсың, енді тіптен жанасың,
Гретхенді құшағыңа аласың!
Бүгін кешке көршісінің —
Мартаның Бақшасына кездесуге барасың.

Фауст
Дұрыс!!

Мефистофель
Бізден дәмететін сыңайы бар.

Фауст
Несі бар, сыйға — сый, сыраға — бал!

Мефистофель
Біз оның күйеуінің Падуяда
Өлгенін, көмілгенін куәлаймыз.

Фауст
Бек жақсы, Падуяға тез арада
Барып қайту керек қой қалайда біз.

Мефистофель
Sancta simplicitas! Жетпегені сол еді!
(Латынша «қасиетті қарапайымдылық». Бұл сөзді Ян Гус (1369−1415) өзін отқа өртеп жатқанда – құдайға жағымды іс істеу ниетімен бір бума шыбық әкеп отқа тастағанын көріп айтқан.)
Қолың қойсаң бітті шаруа, сенеді.

Фауст
Жоспарыңнан түк шықпайды, құрып қал!

Мефистофель
О, байғұс-ау, адал болғың келе ме?
Жалған айтып көрмедің бе өмірі?
Есі дұрыс адам бұған сене ме?
Адамзаттың ой, арманын не түрлі,
Жаратылыс құпиясын, астарын
Сен едің ғой түсіндірген секілді.
Оны қайда тастадың?
Бүгін келіп: «Адал болам мен!» — дейсің.
Айтшы бұл қай сасқаның?
Мартаның күйеуінің өлгенін солардан кем білмейсің!

Фауст
Алдамшы, софист ежелден, сол қалпында қаларсың!
(Софист – софизмді жақтаушы. Софизм бір кемпірдің мәселені әдейі былықтырып, жалған қағиданы сипаттау мақсатымен құрылған ой қорытындысы. Бұл жерде дұрыс жолдан азғырушы мағынасында.)

Мефистофель
Есесіне сен періште, адалсын.
Ертең-ақ күйіп-жанарсың.
«Өлдім-талдым, сенсіз күнім қараң!» — деп,
Ант беріп, көндіріп те аларсың.

Фауст
Шын жүректен сүйем деп ант беремін!

Мефистофель
О, әрине! Мен сендерді білемін:
«Алғашқыда-ақ маған жылы көріндің,
Мәңгі сүйем,— дейсіңдер,— шын,
Мен тәңірден тек өзіңді тіледім!»

Фауст
Деймін рас, нәзік сезім жүрегімді билесе,
Жеткізуге аузыма сөз түспейді.
Сүйе алмайды, адам шындап күймесе,
Шындап сүю — қайғы-мұңды үстейді.
Мен де сүйдім. Бұл сүюім мәңгілік!
Оның үні жүрегімде жаңғырып,
Әлдилейді, аялайды жанымды,
Тасытады көңілімді ән қылып,

Мефистофель
Дегенмен, менікі дұрыс па? Қалай?

Фауст
Дұрыс болғанда қандай?!
Тек мынаны ұмытпа сен, жезтаңдай:
«Қолдан келер, егерде келсе тілден,
Тартынба енді өнерің көрсетуден!»

БАҚ

Маргарита Фаустың қолтығында, Марта Мефистофельмен бақ ішінде қыдырып жүр.

Маргарита
Байқауымша, мырза, мені құр әншейін аяйсыз.
Сіздей жанға кім сенеді,
Меніменен алаңсыз.
Қолтықтасып, сыр ақтарып
тең адамдай келесіз.
Әңгімемді бірақ та сіз ойыншықтай көресіз.

Фауст
Жалғыз сөзің, от жанарың мәңгі есте сақтаймын,
Жер бетінде сенен артық жанға жақын таппаймын!
(Маргаританың қолынан сүйеді.)

Маргарита
Қайтып қана сүйдіңіз сіз?
Ынтықпысыз со ғұрлы?
Ақ жем болған тым дөрекі қолымды?
Жер бетінде ол көрмеген, ол тимеген іс бар ма?
Ананың да қаталдығы көрінер сол күс қолдан.
(Олар өте береді.)

Марта
Осылай сіз өмір бойы жүрмекпісіз ел кешіп?

Мефистофель
Амал бар ма, тағдыр бізге сондай кәсіп бергесін?
Кейде жаның удай ашып, қоштасқың да келмейді.
Бірақ борыш тоқтатпайды, саған ерік бермейді.

Марта
Жас кезінде емін-еркін шарықтасаң несі бар?
Әр бір жерде қалған сұлу, көріктіні есіңе ал!
Бірақ кейін жас келгенде бойдан қуат-күш қайтып,
Бұрынғыдай көңілің де көгаршын боп ұшпайды.
Тәнің кәрі, өзің бойдақ, көңіл бос,
Мұндай өмір кімге керек, айтшы, дос?

Мефистофель
Соны ойласам, күні бұрын төбе шашым тік тұрар.

Марта
Дер кезінде берген сертке мықты бол!
(Олар өтіп кетеді.)

Маргарита
Көзден кетсе, көңілден болады ұмыт!
Сыпайылық сіздерге жарасады.
Сіздей ғалым адамға бәрі ұмтылып,
Топ-тобымен әуелі таласады.

Фауст
О, періште, маған сенсең, ғалымдар —
Ойы шолақ, шала жанған жалындар.

Маргарита
Таңым бар?

Фауст
Қарапайым, таза жандар, қаяусыз
Кінәлайды өздерін еш аяусыз.
Жаратылыс оларды артық жаратқан,
Адалдықты тек соларға таратқан.

Маргарита
Аз да болса болғайсыз қуанышым,
Өзіңіз көңілдегі жұбанышым.

Фауст
Жалғыз қалар күндеріңіз бола ма?

Маргарита
О, әрине! Шаруамыз ықшам, шағын
Болса-дағын жалғыз жүріп ұқсатамын.
Қызметші бізде жоқ, тіпті бәрін:
Ас дайындау, от жағу, ағаш жару,
Қиім тігу, кір жуу, суға бару...
Ертеден кешке дейін тік тұрамын.
Анам менің қатал да ұқыпты адам,
Қит етуге бір сәтке келмес шамам.
Кедейліктен емес-ті мұның бәрі,
Қарайлас-ақ халықтың тұрмыс-халі.
Әкем марқұм болыпты жұрттың алды,
Біздерге үй, бау-бақша мирас қалды.
Жарық күнім қазіргі жаман көрден.
Бауырым бар. Әскерде. Сіңлім өлген.
Бар уақытым өтуші ед сол сәбимен,
Алдандырып, жұбатып, әлдилеумен.

Фауст
Саған тартса мінезі, дөп келіссе,
Болатын ед, дүние-ай, шын періште.

Маргарита
От еді жанып тұрған бауырласым!
Ол мені сүйіп кетті бауыр басып.
Әкеміз ол туғанда өліп қалған,
Шешеміз төсек тартып жатты зордан.
Әйтеуір бірте-бірте бер қарады,
Күш қайда емізуге жас баланы.
Сәбиді біржолата қасыма алдым,
Суға қосып сүт беріп асырадым.
Сүйтіп ол мендік болды, менің балам,
Ойласам көз жасымды сығып алам.

Фауст
Шын бақыт болған екен сәби саған!

Маргарита
Дегенмен ауыр күндер өтті бастан,
Төрт бөліп түн ұйқымды ұйықтамастан,
Бөлеуші ем нәрестені бесігіне,
Шама жоқ бел босатып, шешінуге.
Қыңқ етсе, әрлі-берлі бөлме ішінде
Көтерем, болып алдым өлеңші де.
Осылай түн өтетін уатумен,
Таң атпай жаялығын жуатынмын.
Мал сауып, базар барып келсең, тағы
Шаруа күтіп тұрғаны бүгін де, ертең-дағы.
Бірақта қызметің болса қатты.
Болады тамақ тәтті, ұйқы тәтті.
(Екеуі өтіп кетеді.)

Марта
Бойдақтар-ау, бойдақтар!
Оралың барда ойнап қал.

Мефистофель
Қолыңа құс боп қонайын,
Не бол десең болайын.

Марта
Жүрек сырын толға шын,
Нақсүйерің болмасын?

Мефистофель
Өз әйелің, өз үйің
Жоқтатпайды хан күйін.

Марта
Махаббатты айтамын.

Мефистофель
Жаттан сыйлы қайтамын.

Марта
Шынайы сезім туды ма?

Мефистофель
Әйелдермен қалжыңдасу — тым күнә!

Марта
Түсінгіңіз келмейді!

Мефистофель
Ыңғайыма келіп тұрсың — неге көзім көрмейді?
(Өтіп кетеді)

Фауст
Періштем, байқадың ба бірден мені
Бақты айналып келгенімде?

Маргарита
Жүрек тулап қоя берді, сізді қайта көргенімде.

Фауст
Кешір мені, сонша батыл айтқаныма
Со бір жолы шіркеуден қайтқаныңда.

Маргарита
Бірінші рет жігіт шығып алдымнан,
Не дерімді білмей қалдым сасқаннан.
«Өсек сөзге атым шықпай,— қалдым таң,—
Кім болды екен бөтен ойды жастанған?»
Сонша батыл тайынбастан келді ғой,
Мені апыр-ау оңай «олжа» көрді ғой?»
Шынымды айтсам, сезім билеп не түрлі,
Сізге қарай жетелеген секілді.
Өз-өзімді кіналадым, ұрыстым да таптадым,
Бірақ сізді кіналауға бата алмадым, батпадым.

Фауст
О, сүйіктім!

Маргарита
Жіберіңіз!
(Гүлді жұлып алып, біртіндеп жапырақтарын үзе бастайды.)

Фауст
Бұның не? Букет пе?

Маргарита
Жоға..., ойын ғой!

Фауст
Не?

Маргарита
Күлмеңіз!
(Күбірлейді.)

Фауст
Не күбірлеп жатырсың?

Маргарита
(Баяу ғана)
Сүйеді-сүймейді!

Фауст
О, періште, сені қалай сүймейін?!

Маргарита
(сөзін сабақтайды.)
Сүйеді мені — сүймейді, сүйеді — жоқ...
(Соңғы жапырақты жұлып алады, қуанышы, қойнына сыймай)
Ол мені сүйеді!

Фауст
Иә, менің сүйіктім! Гүлдің мына жауабы
Ол сені сүйеді — соған айғақ болады.
Түсінесің бе? Ол сені сүйеді!
(Маргаританың қолынан ұстап өзіне тартады.)

Маргарита
Мен дірілдеп барамын.

Фауст
Қорықпа, тыңда, жаным!
Қысқан қолым, тесілген от жанарым,
Тілмен айтып тұр ғой: Сенсің деп аңсағаным!
Айтып тұр ғой: Сенсің деп аңсағаным!
Ешқашан да көңілде күмән болмай,
Бақытымыз баянды, мәңгі болғай!
(Ерекше сезім билеген Маргарита оның құшағынан сытылып шығып, жүгіре жөнеледі. Фауст ойға батып біраз тұрып, кетеді.
Марта мен Мефистофель шығады.)

Марта (Жүріп келе жатып)
Таң келеді қайтеміз?

Мефистофель
Иә, қазір қайтамыз.

Марта
Тағы біраз болар еді-ау жүруге,
Білесіз ғой, халық бейім күлуге.
Аяғы емес аузыменен жүреді,
Қыйт еткенді біледі.
Басқан ізіңді аңдиды.
Жазықсыздан жазықсыз өсек таңар сан қилы.
Қос періште қайда әлгі?

Мефистофель
Бұрыштан әрі айналды.

Марта
Жігіт қызға ұнады.

Мефистофель
Оған қыз да ұнады, өмір содан тұрады.

БАҚТАҒЫ КІШКЕНЕ ҮЙ

Жүгіріп Маргарита енеді. Есік артына тығылып тұрып, баспалап қарайды.

Маргарита
Келе жатыр!

Фауст
Жасырынба күн, айым,
Тоқта, ұстап алайын!
(Ұстап алып, сүйеді.)

Маргарита
(сүйіседі)
Сүйіктім! Жан-тәніммен сендікпін!

(Мефистофель есік қағады.)

Фауст
(тепсініп)
Бұл кім?

Мефистофель
Мен ғой!

Фауст
Айуан!

Мефистофель
Уақыт болды қоштасар! (Марта енеді.)

Марта
Тарайық үйге, мырзалар!

Фауст
Мен шығарып салайын!

Маргарита
Мамам көріп қояды, мен өзім-ақ барайын!
Сау болыңдар!

Фауст
Онда біз де кетеміз. Сау болайық!

Марта
Adieu!
(Adieu (адиө) – французша «хош» деген сөз.)
(Фауст пен Мефистофель кетеді.)

Маргарита
Неткен адам сезімтал, о, құдайым!
Қысыламын алдында, алқынамын.
Не десе де бас изеп мақұлдаймын,
Магниттей мен оған тартыламын.
Түсінбеймін жалғыз-ақ мынау таным:
Қай жерімнен ол мені ұнатады?
(кетеді.)

ОРМАНДАҒЫ ҮҢГІР

Фауст
(жалғыз)
О, пірім, қасиетті пірім менің!
Жарқ еттің от ішінен, дірілдедім.
Көрікті табиғатқа қожа қылып.
Биікке көңіл қолын созады нық.
Үмітсіз түнермеймін түнгі аспандай,
Сырына бата алмай дүниенің.
Өзімнің сырласыммен сырласқандай,
Мен оның тереңіне үңілемін.
Өмірдің тізілдіріп не қырларын,
Қаз-қатар көз алдыма әкелесің.
Жер-көктің аян еттің не сырларын,
Сендей-ақ ұлын ана мәпелесін!
Далада кұмды үйіріп, боран ұлып,
Бұл тықыр орманда да байқалғанда,
Жапырақ қардай борап, бұтақ сынып,
Кәрі емен шыдай алмай шайқалғанда,
Үңгірге жетелейсің ормандағы,
Жүректе оянады арман-дағы.
Дала, орман тыным тауып, жел басылып,
Көңілім алабұртқан тыншыққанда,
Тыныштық елшісіндей тауға асылып,
Таратып алтын нұрын ай шыққанда,
Дүние қайтадан бір желпінеді,
Көңілдің тұманы да серпіледі.
Тойым жоқ адамзатқа бұ жалғанда,
Арманы орындалса, тағы арманда.
Биікке ұмтылуым бекер екен,
Жолдасым болмаған соң жағар жанға.
Талпынам, тырмысамын өрге қарай,
Әзәзіл сүйрелейді көрге қарай.
Аруды, сұлулықтың туын тіккен
көрсетіп, от тұтатты жүрегімде.
Ойламай мүмкін емес жүру тіптен,
Аңсаумен сүйіктімді жүдедім мен.
(Мефистофель келеді.)

Мефистофель
Белшеңнен қызығына кенелдің де,
Артыңа бір қарамай жөнелдің бе?
Алған соң тәтті ләззәт, екінші рет
Беттемей тұрар көңіл жаңа тілеп.

Фауст
Мені сен күйдіргенше бекер, босқа,
Атқарар жұмыстарың жетер басқа.

Мефистофель
Жарайды дем ала бер, қапаланба!
Жапан түз жатқаныңа ақы ала ма?
Дөрекі сендей жанмен арпылдаған,
Қиямет тілге келу әр күн маған.
Жатсаң жастық, иіліп төсек болып,
Бұлжытпай дегеніңді ұшып-қонып,
Жүрсем де кешке дейін жаныңызда
Тақсыр-ау, таба алмадым бабыңызды.

Ф а у с т
Қарай гөр сұрын мұның айыптаған,
Сен маған сор боп біттің айықпаған.

Мефистофель
Несіне, байғұс пенде, тепсінесің?
Аздаған жарық күнді көпсінесің?
Індетке ұшыраған сен емес пе ең?
Емдеген жаным салып мен емес пе ем?
Егерде мен болмасам, жер бетінен
Қош айтып бұ дүниеден өтетін ең.
Не таптың жапан түзде қаңғығаннан,
Тығылып жапалақтай қалғығаннан?
Мекендеп шалшық сазды көлбақадай,
Құлқынға шыбын-шіркей аңдығаннан?
Тамаша! Құттықтаймын бұл күйіңді!
Қайтадан ғалымдықтың бұлты үйірілді.

Фауст
Орманда, таза ауада серуеннің
Қаншама тәнге қуат, дем берерін
Білсең, сен, сорлы сайтан, түсіне алсаң,
Жарылып қызғаныштан өлер едің.

Мефистофель
Не деген рақат бұл жан билеген?!
Он сегіз мың ғаламды әлдилеген!
Болады құдаймен де дауласуға
Жатып ап түні бойы тау басында.
Қиялы Көк пен Жерді уыстаған,
«Жат емес, жақын бәрі, туыс маған!»
Жалғанның жарығында ол бармаған
Жер, ол ашпаған сыр қалмаған.
Ләззәт алып, маужырап, қанып құмар,
(Әдепсіз қимыл жасайды.)
Айтайын ба, аржағы немен тынар?

Фауст
Тфу, жексұрын!

Мефистофель
Бұл сізге көріп тұрмын ұнамайды,
Білесіз жиіркеніп, жиренуді.
Арлы құлақ қалайша тыңдамайды,
Арлы жүрек бір кезде сүйген үнді?
Ұзын сөздің қысқасы, кейде саған
Рақатты жаныңа мен жасағам!
Түк көрмеген сорлыдай көтере алмай,
Қызығыңнан қашасың сен есалаң.
Азып-тозып барасың, қатып-семіп,
Есіл-дертін — ғалымдық, о жасаған!
Лебізің ерітердей тауда қарды,
Тау суындай тасқындап өткел бермей,
Қыз жүрегін жаулап ап, баураған-ды.
Енді міне қайтадан кепкен көлдей.
Менімше, ен далада патшасынбай
Артық қой сүйгеніңді құшаққа алып,
Күйіп-жанып, естен танып,
Бөленіп рақатқа, ләззәт алып,
Тоғысып ыстық қан-жан жатса тынбай!
Байғұстың қайғырумен күні өтпейді,
Көзінен қанды жасы шүмектейді.
Тесіліп терезеден көз алмайды,
Аспанда будақ-будақ бұлттар көшіп,
Сүйеді ескі үйлердің кәрі төсін.
Қарайды, қамығады, төзе алмайды.
«Қанаты қарлығаштың маған бітсе!» —
Деп ылғи әндетеді нәзік үнмен.
Жылайды жата қалып ол біресе,
Біресе кездесердей қазір сізбен,
Құлпырып тоты құстай түрленеді,
Керемет ғажайып бір түрге енеді.

Фауст
О, сұр жылан, шұбар жылан!

Мефистофель
(өзіне)
Айрылмаспын бір ұстасам!

Ф а у с т
Тұр, жоғал, көзіңді құрт, о лағнат!
Кінәсіз періштенің атама атын!
Жалт етті от елесі маған қарап,
Үмітім, асыл арман, махаббатым!

М е ф и с т о ф е л ь
Арманың жылап отыр қайғы меңдеп,
Өзіңнен біржолата айрылдым деп.

Фауст
Ол мендік, мен онікі қай түкпірде
Жүрсем де ұмытпаймын, ұмыта алман.
Қызғанам құдай да сөз айтып көрсе,
Жолатпан қасына оның, жуыта алман!

Мефистофель
Иә, дос! Қызғанушы ем мен де өртеніп,
Сен оны құшаққа алып тұрсаң төніп.

Фауст
Кет көзіме көрінбей, қу жәдігөй!

Мефистофель
Несі бар, сен боқтайсың, мен күлемін.
Мен емес жалғыз ғана ел біледі,
Әдейі ер, әйел ғып жаратқанда,
Ойнап-күл, қатарыңмен қарап қалма!
Несіне тартынасың, сен кеңкелес,
Сұлу қыз, тәтті ләззәт күтіп тұрған
Балта емес, абақты емес, жендет емес.

Фауст
Нағыз жұмақ оның от құшағында!
Дем аламын, тынығам құшамын да.
Түсінемін, сезінем жан азабын,
Мен оны, мен ғана оны жаза аламын!
Тау кезіп, тасты басып жабайы аңдай,
Тентіреп жанға сая таба алмай,
Отансыз, жарға соққан тасқындаймын,
Тағат жоқ, тыныштық жат, қашқындаймын,
Жартастың төсін қапқан көбіктеймін,
Тасталған тұңғиыққа өліктеймін.
...Гүл тұнған шағын бақша, аласа үй
Сұлулық тояттаған келбетінде
Тұрады шаруабасты бала сәби
Кәдімгі, жұмақ емес, жер бетінде.
Ал мен ше? Рахаттан қашқан құлмын,
Басымды тауға да ұрдым, тасқа да ұрдым.
Бейкүнә жанды азапқа салып қойып,
Қайдағы ғылымменен бас қатырдым.
Көрейін, не болса да тез болсыншы.
Асылым қарсы алдымнан кез болсыншы!
Құшайын, рақатқа бір батайын,
Көңілдің қайғы-шерін тарқатайын!

Мефистофель
Қайтадан гүл жайнады, тұтанды үміт,
Бар жылдам жұбат қызды, асық жігіт!
Болымсыз басы айналса, есік таппай,
Бітті деп отырасың ақымақтай.
Бір кезде батыл ең ғой, өр едің ғой,
Тәуекел, кәне, алға! Керегі не ой?
Қиналма, зарықтырма, жә, шын сүйсең,
Жылдам жет, мауқын бассын, жасын тисын!

ГРЕТХЕННІҢ БӨЛМЕСІ

Ұршық; иіріп Гретхен жалғыз отыр.

Гретхен
Қапамын, қапамын,
Дегбірсіз жаным жас.
Қайғыға батамын,
Қуаныш табылмас.
Онсыз бұл дүние
Қараңғы көрмен тең.
Қуаныш дегенім
Қасірет-шермен тең.
Өнбойым мең-зең боп,
Есімнен танамын.
Бірде мұз, бірде от,
Күйемін, жанамын.
Қапамын, қапамын,
Дегбірсіз жаным жас.
Қайғыға батамын,
Қуаныш табылмас.
Келер деп көз алмай
Әйнектен қараймын.
Отырмын төзе алмай,
Келмеді арайлым.
Неткен паң жүрісі,
Қоңырау — күлісі,
Ойнақы көздері,
Сиқырлы сөздері.
Бетіңе тигенде,
Лебі от жандырған,
Құшақтап сүйгенде,
Құмарды қандырған.
Қапамын, қапамын,
Дегбірсіз жаным жас.
Қайғыға батамын,
Қуаныш табылмас.
Айрылам деген ой,
Жоқ еді үш ұйықтасам.
Дене еріп, балқып бой,
Аймалап, құшақтасам,
Жібір ед лебінен
Жүректі жарған мұз.
Өлсем де тегі мен,
Өлер ем армансыз!

Мартаның бағы
Маргарита. Фауст.

Маргарита
Генрих, жауап берші сұрауыма!

Фауст
Не сұрайсың?

Маргарита
Сен өзің жақсы жансың мейірімді,
Білмеймін бірақ дінге пейіліңді.
Менімше, дінге селқос көзқарасың?

Фауст
Қайтесің, сөз қылмашы, неғыласың?
Дін емес сенем саған! Білемісің?
Мен сені жан-тәніммен сүйемін шын!

Маргарита
Дінге де дәл осылай сену керек!

Фауст
Сену керек?

Маргарита
Амал қанша, айтсам ырық бермейсің,
Сен киелі дарынға да сенбейсің.

Фауст
Сенемін.

Маргарита
Онша емес дегенмен.
Шіркеуге бір барғаныңды көрмедім.
Құдайға ше?

Фауст
Сүйіктім, өзіңді-өзің алдамашы,
Сопыдан сұра, мейлің данышпаннан,
Өзіңнің күнде көрер таныс жаннан,
Олардың жауаптары дайын тұрар,
Өзіңді келемежге ұрындырар.

Маргарита
Сонымен сен сенбейсің бе?

Фауст
О, сүйіктім, мені теріс түсінбе!
Оның атын кім атар?
Сенемін деп кім айтар?
Бар сеніммен,
Бал сезіммен
Сенбеймін деп кім айтар?
Ол барлық жерде,
Көкте, суда.
Біз бір пенде.
Әлдилейді кұшақтап
Сені, мені, өзін де!
Әуе тұр төбемізде төңкеріліп,
Жер жатыр көкжиекпен көмкеріліп,
Жұлдыздар бізге қарап жымыңдайды,
Не деген көз тұндырған көркемділік!
Қараймын мен өзіңе, ал сен маған,
Дүрсілдеп жүрегіміз атойлаған.
Басыңда, жүрегіңде тұр ғой бәрі,
Айнала құпия боп бізге мәңгі,
Көрініп, көрінбей де қозғалады.
Сиғанша жүрегіңе қабылдай бер,
Қаласаң қуанышың, бағыңдай көр!
Тек оған мықты болсаң, бағынбай көр!
Атасаң қалай деп те ерік өзіңде:
Махаббат, бақыт, шаттық, жүрек дегін
Барлығы не десең де бір-ақ сезім.
Есімі түтін, дыбыс. Сол дұп-дұрыс,
Торлап ап кең әлемді тұр тым-тырыс.

Маргарита
Шынында, тамаша, әсем мүсінделген.
Сопы да дәл осылай түсіндірген.
Тек оның сөздері аздап өзгешелеу.

Фауст
Құдайды аспан асты, жер үстінде
Барлығы түсіндірер өз тілінде.
Мен неге сөйлемеймін өз тілімде?

Маргарита
Әрине, мен де солай деп түсінем,
Бірақ күмән сезіледі түбіңнен,
Жаның алыс христиан дінінен.

Ф а у с т
О, періштем!

М а р г а р и т а
Меніменен келіссең,
Онымен бір жүруің ұнамайды,
Көңілге күдік келіп тұралайды.

Ф а у с т
Кімді айтасың? Кімменен?

М а р г а р и т а
Күнде жүрсің кімменен?
Көңіліме көргеннен-ақ жоқ ұнаған,
Қорқыныш, үрей, сұмдық болды маған.
Зәре жоқ, орнықпайды көңілім де,
Дәл мұндай қорыққам жоқ өмірімде.

Фауст
Жөнің жоқ одан қорқар тегі мүлде.

Маргарита
Ол келсе, өнебойым тітіркеніп,
Шошиды жүрек байғұс күнілгері.
Әйтпесе мен адамға үйірмін ғой,
Сағынсам сені қалай бір көруге,
Дайынмын одан солай жиренуге.
Секілді азғырушы жын ол маған,
Кешірсін құдай өзі айтсам жалған,

Ф а у с т
Өмір сүріп әпенде де жүреді.

Маргарита
Жоқ, ондайлармен қатнасты үзеді!
Есіктен кірер-кірмес жан-жағына
Ішіп-жеп қарайды ол алаң-жұлаң.
Оты ойнап зұлымдықтың жанарында,
Қасқырдай тояттауға жем аңдыған.
Асылам, еркелеймін, мойыныңа,
Жүректі баурап алдың, ойымды да.
Ол келсе, аза бойым қаза болар,
Жібергендей жылан тастап қойыныма.

Фауст
Сүйіктім, періштедей сезіктім!

Маргарита
Егер ол жылман қағып келе қалса,
Тітіркеп тұра алмас төзіп денем.
Сені де сүймейтіндей сезіктенем.
Ол бар жерде табына да алмаймын,
Денем ұйып, жаны уланған жандаймын.
Оны сен де жек көруге тиіссің!

Фауст
Оны сұмдық жек көресің, сүйіктім!

Маргарита
Кетейін, мезгіл болды кететұғын.

Фауст
Күн бар ма құмарға қол жететұғын?
Өбісіп, тар төсекте төс түйісіп,
Қызықпен бірер сағат өтетұғын.

Маргарита
Дариға-ай, жалғыз жатсам келмес пе едің?
Есіктің ілгегін де ілмес те едім.
Анашым сергек адам сақ ұйықтайды,
Екеуміз қолға түссек жазатайым,
Табанда маған деген жаза дайын.

Ф а у с т
Періштем, сөз қылмашы жаза жайын,
Несіне сені бекер мазалайын?
Құмыра міне мынау! Ғажап дәрі,
Көп емес, өзі-дағы аз-ақ дәрі.
Үш тамшы кешкі асына қосып берсең,
Ұйқының тамашасын сосын көр сен!

Маргарита
Тартынар шама бар ма сен дегенде?!
Мынауың ұқсамай ма у дегенге?

Фауст
Жаным-ау, саған тірі у берем бе?

Маргарита
Көзіңе көзім түссе, жақсы жігіт,
Тартылам магниттей, кетем жібіп!
Берілдім, мен сендікпін, арманым жоқ
Өзіңмен бірге өтсем ойнап, күліп! (кетеді)
(Мефистофель келеді.)

Мефистофель
Кетті ме әлгі таза гүл?

Фауст
Тұрдың ба тыңдап, әзәзіл?

Мефистофель
Иә, рас бір нәрсеге көзім жетті,
Жігітті бұ заманда қыз билепті.
Сенудің маңызы зор құдіретке,
Арадақты, асыл парыз әр жігітке.
Күйеуі сенгіш болып, көнбіс келсе,
Қыздардың бөленгені мол құрметке.

Фауст
О, зұлым, білемісің, ұғамысың?
Пәк жанның пәк махаббат қуанышы.
Шынайы, адал, таза шын сенуден,
Тек содан табар жаны жұбанышын.
Мені ол жақын тартып, жаны ашиды,
Жабырқап жаны қор боп қалмаса игі.

Мефистофель
Қайтейін, амал бар ма, епті жігіт
Сөзіне шүйкебастың кетті жібіп.

Фауст
О, тумасы азғындық, зұлымдықтың!

Мефистофель
Ол менің білем, шебер сырымды ұқты,
Мен келсем, тағат тауып тұра алмайды.
Данадай көретін ед бұрын тіпті,
Бақ тайса басқа дәулет құралмайды,
Сонымен! Бүгін түні сапарға шығамысың?

Фауст
Болмасын сенің жұмысың!

Мефистофель
О, не дегенің? Сенің қуанышың — менің қуанышым!

ҚҰДЫҚ БАСЫНДА
Шелек ұстап Гретхен мен Лизхен шығады.

Л и з х е н
Естіттің бе Варвараның жағдайын?

Г р е т х е н
Жоға... Қайда жүріп есітем, жиын жерге бармаймын.

Л и з х е н
Ерке қыздың ойыны осылыпты,
Қанына басқа бір қан қосылыпты.

Гретхен
Қалай дейсің?

Л и з х е н
Солай!
Дейді оның аяғы ауыр.

Гретхен
О құдай-ай!

Лизхен
Өзіне де сол керек, сыйын алды!
Бермеуші еді бұраңдап бидің алдын.
Сол жігітпен өліп-өшіп билеуден
жалықпайтын, талмайтын.
Тамақ беріп, шарап беріп
жігіт те қу, алдайтын.
Көрген емес жұрттан дағы қаймығып,
Ұят-ардан айрылып,
түнеп қалатынды шығарды.
Көрнеу сыйлық алатынды шығарды.
Жүрді бейпіл оңды-солды,
Ақыры, міне, гүлдей солды.

Гретхен
О сорлы!

Л и з х е н
Аяймысың сайқалды?
Оның сыры ежелден-ақ байқалды.
Қатал ана бізді еріксіз көндіріп,
Қойғанында жіп, ұршыққа төндіріп,
Рақатқа батып, басы түйісіп,
Ол тұратын жігітімен сүйісіп.
Енді, міне, қара киім киініп,
Тұрар сорлап жұрт алдында иіліп.

Гретхен
Үй болады, түктен де ұтылмайды.

Л и з х е н
Ақымақ па? Ондайлар тұтылмайды.
Кетіп қапты.

Гретхен
Әрине, бұл жақсы емес.

Л и з х е н
Енді ол масқарадан құтылмайды.
Жігіттер шірін жыртып, ұстатады қолына,
Сабан, ұнтақ төгеміз біз жолына (кетеді)
(Тұрмысқа шыққанша арынан айырылған қалыңдықтың некесін қиярда оның басындағы шірді (венок) жыртып, жолына сабан немесе ұнтақ себу ырымы болған.)

Гретхен
(үйіне қайтып келе жатып)
Қыз байғұс күнәлі боп қалса егер,
Тепсініп төнуші едім өршіп жігер.
Болса да қандай ауыр, қандай қиын,
Көзіме көрінетін бір-ақ тиын.
Қаралаушы ем бір жанға бермей ырық,
Асау едім тимеген жүген-құрық.
Енді, міне, өзім де күнәлі боп,
Сорым қайнап, сорладым дымым құрып.
Сол бір жігіт осыған душар еткен,
Жанға қандай сүйікті, тәтті неткен!

ҚАЛА ҚОРҒАНЫНЫҢ ҚАБЫРҒАСЫ

Қабырға қуысында Mater dolorosa статуясы алдында гүл өсетін ваза.
(Mater dolorosa – латынша «қасиетті ана».)

Гретхен
(Вазаға жаңа гүл әкеп қояды.)
О, ана қасиетті,
Қайғылы, қасіретті,
Сен ғана ортақсың мұңыма!
Қабыл болмай тілегің,
Боялып қанға жүрегің,
Қарайсың өлі ұлыңа!
Әкесін іздейсің,
Күдеріңді үзбейсің,
Ах ұрып, жасыңа булыға.
Түсінер кім бар?
Жүректе мұң бар,
Езілді де күйзелді жан, тән жара!
Байғұс жүрек дерті меңдеп, қамығып,
Дірілдейді, не тілейді жалынып?
Білетін де түсінетін — сен ғана!
Қайда барсам қамығам,
Жабығамын, жабығамын, жабығам.
Тұлабойым көтертпейді жаншылған,
Жалғыз қалдым тегі мен,
Еңіреймін, еңіреймін, егілем,
Естен тана жығыламын қалшылдап.
Таң сәріде тыншығып,
Гүлді теріп аларда,
Жылай-жылай тұншығып,
Жас қалмады жанарда.
Терезеден күн түсіп,
Нұрын төкті елжіреп.
Төсегімде бүк түсіп,
Жаттым жылап еңіреп.
Жерлеме мені мазақтап!
О, ана қасіретті,
О, пірім қасиетті,
Құтқар ауыр азаптан!

ТҮН. ГРЕТХЕН ҮЙІНІҢ АЛДЫНДАҒЫ
КӨШЕ.

Валентин
(солдат, Гретхеннің бауыры)
Отырсаң сыра ішісіп, дабырласып,
Белгілі басқа әңгіме табылмасы,
Тек қана әңгімеміз қыздар болып,
Мақтайды әр кім қызын жамырасып.
Таянып шынтағыма түк үндемей,
Қосылмай дау-дабырға жырақ қалып,
Отырам сөздеріне құлақ салып.
Жымиямын, мұртымды ширатамын,
Бокал толы сыраны қолыма алып,
Кенеттен мен оларға тіл қатамын:
«Сүйген сұлу бәрінен, ұнатқаның!
Қолыңнан қиын сүю келмегесін.
Жігіттер, атаңдаршы, бірақ та шын,
Бір қызды Гретхенге тең келетін!» —
Дұрыс! Дұрыс! Дұрыс! —деп гуілдесіп,
Қыз біткеннің қызғалдақ гүлі үшін,
Жігіттер, жіберейік бір-бір ішіп!»...
Осылай жігіт біткен мақтап жатсын,
Шара таппай бір шетте отырады
Құм құйылып аузына мақтаншақтың.
Енді, міне, барлық көз түйіледі,
Кекетеді, мұрынын шүйіреді.
Айтылған сөз мылтық боп мені атардай,
Ләм-мим демей отырмын күнәһардай.
Сұлатар ем барлығын бір-бір ұрып,
Ашуымды ақылым қойды буып.
Кім болды екен ана екеу қараңдаған,
Жан-жағына жалтақтап алаңдаған?
Гретхенді қорлаған осы болса,
Жүрегінен аяман, қанжар салам!
(Фауст пен Мефистофель келеді.)

Фауст
Жылтырайды көз ұшында шам жанып,
Біресе ол жарқырайды жалындап.
Бірте-бірте бара жатыр сәл тартып,
Қараңғылық бара жатыр қалыңдап.
Дәл осындай тас қараңғы жүрегім!

Мефистофель
Денем сергек, күш біткендей білегім!
Мысықтайын қаншығына ұмтылып,
Өрмелеген мұржаменен жоғары,
Кемеліме келіп тұрмын құлпырып!
Қарақшылық жасауға әбден болады.
Тұлабойым шат сезімге кенелді,
Вальпургня түні естен қалар ма?
Бүрсүгіні, жақын қалды келеді,
Түніменен ұйқы болмас жанарда.

Фауст
Көзді тартып қызықтырған қазына
Жер астынан шығар күні болар ма?

Мефистофель
Көп ұзамай тастап барлық кәсіпті,
Арқалайсың алтын толы жәшікті.
Көз тартады жарқ-жұрқ етіп жарқырап,
Алтын-күміс теңге, жамбы, тайтұяқ!

Фауст
Қазынаңды ақтар, тінтіп қара әлгі,
Сүйіктіме сыйлар бар ма жарамды?

Мефистофель
Сый болғанда не болғай! Сирек сонша-ақ
Не бір түрі маржанның, меруерт, моншақ!

Фауст
Онда дұрыс! Сәулеме кешке қарай
Ұят болар барғаным ештеңе алмай.

Мефистофель
Құмар басу ақысыз-пұлсыз болар,
Онда тұрған ерсілік жоқ ешқандай.
Енді ән тыңдап азырақ дем ал, сүйсін.
Жымыңдаған аспанда сансыз жұлдыз,
Шырқайын, дауысымды тыңдасын қыз.
Жырлайын, мадақтайын махаббатты,
Сұлу қыз, сүйкімді жан инабатты
Тезірек торға түссін, қолға тисін!
(Гитарға қосылып әндетеді.)
Ынтығып, құмартып,
Сенімді тұмар қып,
Ерке қыз, бұла қыз,
Бейуақыт қай жаққа барасың?
Жігіттің үйіне,
Пәк, адал күйіңде,
Кірерсің сүйіне,
Шыққанда қыз болмай қаларсың.
Сенбеңдер сөзіне,
Сиқырлы көзіне,
Алар да өзіне
Аларын, хош айтар жігіттер.
Былай де ғашыққа:
«Той күні қашық па?
Сүйіктім асықпа,
Әуелі қолыма жүзік бер!»
(Валентин келеді.)

Валентин
Кімді тұрсың қызықтырып әніңмен,
Тышқан аулап күнін көрген сорлы жан?
Гитарыңды быт-шыт қылып қазір мен,
Өзіңді де жоқ қылайын соңынан.

Мефистофель
Гитар сынды, қақ бөлінді.

Валентин
Гитар тұрмақ жоям сенің көзіңді!

Мефистофель
(Фаустқа)
Доктор мырза, шегінбеңіз! Не тұрыс!
Өнерімді байқа менің, мә қылыш!
Аянба, тез жаныма кел сен менің,
Қылыштасу менен қалған! Сермедім!

Валентин
Сермесейші, сермемейсің сен неге?

Мефистофель
Сермемеске немене!

Валентин
Тағы да!

Мефистофель
Тіпті жақсы. Тағы ма?

Валентин
Шайтан өзі келген бе сайысуға?
Бұл қалайша? Кетті ғой салым суға!

Мефистофель
(Фаустқа)
Түйре, тұрма!

Валентин
Ах! (құлайды)

Мефистофель
Ақымақтың үні өшті!
Кетейік, кету керек осы қазір!
Айғай-шу, аттан-ойбай, халық толар.
Полиция бір сәрі, айла әзір,
Ар сотынан құтылу қиын болар. (кетеді)

Марта
(терезе алдында)
Мында келіңдер!

Гретхен
(терезеден)
Жарық беріңдер!

Марта
Төбелес! Ойбай! Аттан! Апыр-топыр!

X а л ы қ
Біреуі келіп жатыр!

М а р т а
(шығады)
Кім өлтірген? Ұстаңдар қанішерді!

Гретхен
Кімді өлтірді?

X а л ы қ
Сенің бауырыңды!

Гретхен
О, құдай-ай, бауырым! Сорым-ай!

Валентин
Мен өлемін! Айтуға оңай.
Керегі жоқ аттан-ойбай!
Әй, қатындар, шуламаңдар,
Көзді жаспен бұламандар!
(Бәрі оған жақын келіп, қоршап алады.)
Гретхен сен әлі жассың,
Жүрер жолды танымассың.
Адал-ақ деп сеніп ем мен,
Сырласа алмай сеніменен,
Кетіп барам, өтіп барам,
Қыдырғайсың шегіменен!

Гретхен
О, бауырым! Құдай-ай!
Қай айтқаның бұл маған?

Валентин
Атама атын құдайдың, ойыншық емес ол саған!
Болары болды, бояуы сіңді, Енді іс тынды.
Біреумен жасырын бастадың,
Жүрдің біраз тастадың.
Басқаменен таныстың, түсіністің, табыстың.
Одан тағы жерідің, басқа гүлге тағы ұштың.
Ғадет алып осылай,
Арта берер «досың-ай».
Алғаш күнә туғанда
Жасырын келер өмірге.
Халық білмей тұрғанда
Оңай болар «көму де».
Бірте-бірте ұлғайып,
Жұртқа әбден тарайды.
Сыртқа шықсаң бұ халық
Жиіркене қарайды.
Айтпады мені демегей: адам біткен қайда бар,
Жұқпалы ауру денедей сенен теріс айналар.
Сыбыр-күбір туындап, қарай қалса ел төніп,
Ұят-ардан дуылдап екі бетің өртеніп,
Жиын жерден безерсің — сонда бәрін сезерсің.
Жолай алмай шіркеуге, қашып алыс жүрерсің,
(XVI ғасырда Германияда қарапайым, кедей қыздарға, жеңіл мінезді әйелдерге алтын, күміс, алқа, жүзік тағып, сондай-ақ атлас, барқыт киініп шіркеуге баруға тиым салынған полицияның арнайы қаулысы болған.)
Сүйретіліп құр кеудең. Сонда бәрін білерсің.
Сұлу жаға тағынып, биге батып кіре алмай,
Сұм тағдырға бағынып, еркін ойнап күле алмай.
Жарық күнде шыға алмай, қараңғыны аңдырсың,
Мүгедек боп туғандай, қайыршыдай қаңғырсың.
Кешірсе де күнәңді құдай түсіп көңілі,
Жұрт алдында күнәңді жуа алмассың өмірі?

Марта
Бауырын қимас торғай да,
Райдан қайтсаң болмай ма?

Валентин
О, жезөкше, оңбаған!
Бәріне сен күнәлі.
Көрсетер ем мен саған,
Тірі болсам күн әлі!

Гретхен
Азаптың тарттым ауырын,
Бауырым, қайран бауырым!

Валентин
Тишы, кәне, көзің жасын, қарындасым — қарлығашым!
Қандай күйге душар болды парасатты, арлы басың?
Жөн жоқ, жол жоқ жылауыңа, жыламашы, тартпашы аза!
Кетті бауырын құдайына солдат қалпы, ары таза!
(өледі)

СОБОР.
(Бұл сахнада Маргарита екі бірдей қағазға жоқтау айтады: анасының және Фауст пен жекпе-жекте қаза тапқан бауыры Валентиннің өлімі.)
(Жаназа оқу, орган үні, ән. Гретхен топ ішінде, соңында жын.)

Жын
Гретхен, пәк күніңде қандай едің?
Құрбыңның өзің қатар маңдайы едің!
Шіркеуге келуші едің сылқым басып,
Ақкөңіл, бала мінез жандай едің.

Гретхен!
Ақыл толы басың қайда?
Жүрегің мұңға толы, жасың қайғы!
Не болды? Қандай күнә істеп қойдың?
Қыз деген бізден сырын жасырмайды!
Келдің бе дұға оқи анашыңа?
Қызғыштай қорып сені, жаны ашыған.
Аттанған мәңгі ұйқыға қайта оралмас,
У ішіп өзі тапқан баласынан.
Шашылған босағаңда кімнің қаны?
Тулаған құрсағында кімнің жаны?
Сескенбе, секемденбе, шыныңды айтшы,
Қанша ай босануға күнің қалды?
Қайтесің? (Амал бар ма жуықтаса)
Бір күні жазатайым туып қалса?

Гретхен
Тағы да азаптаған сол бір ойлар.
Қалмады-ау қайда барсам қыр соңымнан!

Хор
(Шіркеу хоры бар күнәһарларды соттайтын Қаһарлы сот туралы гимнді орындайды)
Dies irae, dies iila
Solvet saecium in favilla
(Бұл әлемнің күлін көкке ұшырар қаһарлы күн)

(Орган үні)

Ж ы н
Қаһарлы сот кіл өстиді!
Кернейлердің үні естілді!
Табыттар шайқалды!
Сенің жаның, иманың
Күлден арылып,
Көтерілді Көк аспанға!

Гретхен
Осы жерден кетсем, шіркін!
Орган үні дүркін-дүркін
Жанғырығып мазамды алды,
Жан қиналды, тән қиналды, азапталды.

Хор
Judex erqo cum sedevit,
Quidquid latet, adparebit,
Nil inultum remanebit.
(Жоғарғы сот салтанатпен орын алғанда дүниедегі не сырдың бәрі ашылып, еш нәрсе жазасыз қалмайды)

Гретхен
Тынысым тарылды,
Тарылды тынысым!
Қинады жанымды,
Күмбездер құрысын!
Ауа болса, шіркін, ауа!

Жын
Жасырына алмайсың,
Тасалама бойыңды!
Әлі үміттен талмайсың
«Ауа! Жарық!» ойыңда.
Олар енді қайдан келсін!
Қайғы, азап ендігі еншің!

Хор
Quid sum miser tunc dicurus?
Quem patronum roqaturus?
Cum vix justu sitsecurus.
(Талайсыз, бақсыз мен сорлы сонда не айтамын?)
Қай мықтыға сүйенем?
Қай қазыға жүгінем?
Әуелі сопы зәресі ұшып, адам қорқар түрінен.

Жын
Арлы жандар сенен бойын тасалар,
Қол беруден шошынар,
Таза жандар
Қорқады олар!

Хор
Quid sum miser tunc dicurus?

Гретхен
Көрші! Біздің флакон! —
(Естен танып құлап түседі).

ВАЛЬПУРГИЯ ТҮНІ
(Вальпургия түні – 1 амайға қараған түн)
Гарц тауы. Ширке мен Еленд селоларының тұсы.

Фауст пен Мефистофель.

Мефистофель
Шіркін-ай, таяқ болса таянатын,
Мініп aп шауып кетер, я атып!
Барар жер әлі алыс, аяқ талды,
Халім жоқ әрмен қарай жүре алатын.

Фауст
Жалықпас ем күнұзын кеше берсем,
Кек шалғынды көрінбес ат құлағы.
Төте жүріп жолды ұзақ кесе жүрсең,
Ортекедей орғыған ақ бұлағы,
Өрмелесең ерінбей құзар шыңға,
Жырға бөлеп жаныңды шат қылады!
Қайыңдардан көктемнің иісі аңқиды,
Әнге басып бұлбұлдар мың сан қилы,
Табиғаттың бар үні үндесіп кеп,
Елжіретіп жаныңды күй шалқиды!

Мефистофель
Түк сезбеймін, әрине, мен оныңнан,
Соқыр мылқау жанымды қыс жайлаған.
Боран ұйтқып солымнан, ал оңымнан
Саршұнақ сары аяз тіс қайраған.
Болар-болмас жылтырап тұр төбеде ай,
Түнеріп, бұрынғыдай нұр төге алмай.
Көзге түртсе көргісіз тас қараңғы,
Әр адымын аяқтың басып аңдып,
Шүперекке тас қылып түйіп жанды,
Біз келеміз ентігіп, күйіп-жанып.
Тоқта, келсін көмекке адасқан от,
(Халық нанымы бойынша «адасқан от» сазды жерде жолаушыны тартпаға батыруға тырысады да, шайтанға жол көрсетіп көмектеседі-міс)
Әй бері кел! Кел жақын, тіл ал, туған!
Бекер-босқа жылтырап саған не жоқ?
Бізді шығар, жарық қып, құзар шыңға!

Адасқан от
Тіліңізді мен сіздің ала алмаймын,
Жеңіл мінез, қыңыр боп жаралғанмын,
Түзу жолды мен сізге таба алмаймын.

Мефистофель
Әй! Әй! Еліктеме адамға өшір үнін!
Сайтан үшін тура тарт, қиқақты қой,
Бір-ақ үрлеп әйтпесе өшіремін!

Адасқан от
Ұқсатамын қапысыз әміршіме,
Жөн сілтеуге құлыңыз әзір сізге!
Бірақ қиын жол табу шатқалаңнан,
Мыстан, пері, жын, шайтан қаптаған маң.
Қарағайсыз сондықтан кешіріммен
Түзу жолды дөп басып, нақ таба алман.

Фауст, Мефистофель, Адасқан от (алма-кезек)
Не деген ғажайып табиғат,
Сүйсінткен жаныңды армандай!
Баста, алға! Тоқтама, алға тарт!
Қызғалдақ құбылған қызыл нарт,
Па, шіркін, көк жасыл орманды-ай!
Тәжім қып, тау шыңы иіліп,
Кәрі құз құс мұрнын шүйіріп,
Ағаштар қаз-қатар тізілген,
Бұраңбел бейне қыз үзілген,
Біздермен жарысып қалмайды!
Мың бұлақ, құлдырап асқардан,
Ойнақтап, секіріп тастардан,
Сылдырап, сыңғырлап бір тыным алмайды.
Күндіз-түн өшпей сарнайды.
Құйылған ән бе екен, жыр ма екен?
Сүзілген жүректе сыр ма екен?
Со бір жыл жарқ еткен бағым ба?
Алдаған, арбаған сағым ба?
У да шу! Бақалар бақылдап,
Саршұнақ, атжалман шақылдап,
Жапалақ, үкілер жарбаңдап,
Көкқұтан, тырналар арбаңдап,
Шегіртке, жыландар бауырлап,
Бегемот жүре алмай ауырлап,
Гу де гу! Салды ойнақ!
Шырмауық жыландай иірілген,
Тастар мен түбірді тұр байлап.
Күн қызып, бap жәндік тірілген,
Ашулы индуктер дүрдиген,
Біздерге қылды айбат!
Қалақай шаққан жер тызылдап,
Ашиды. Қоңыздар ызылдап,
Қалаған жеріне қона алар.
Тау думан, сай думай, күз думан,
Тышқандар сан жетпес ызғыған
Жүргізбей аяққа оралар.
Айтыңдаршы, тұрмыз ба?
Барамыз жүріп қайда анық?
Қарасам ағаш, шың-құзға,
Тұрғандай бәрі айналып.
Қайда әлгі отың әр сынды,
Жоғалды, неге бәлсінді?

Мефистофель
Ұста менен қаттырақ,
Биіктен бәрін көреміз.
Шарқ ұрып, тынбай шапқылап,
Қазынасын тереміз.

Фауст
Ғажайып қарақошқыл жүзі жайнап,
Жарқырап алтын арай нұрмен ойнап,
Қазына тұнып тұрған таудың тәні!
Қиялым қиясында салады ойнақ.
Ойда бу, қырда тұман тұр артылып,
От сәуле шашырайды мұнар тіліп.
Нәп-нәзік бірде талып жылтыраса,
Бұлақтай бірде шапшып тұрар күліп.
Даланы емін-еркін аралайды,
Өнбойын тіміскілеп, тінтіп, көріп.
Бұл жерде ол еркіндік жарамайды.
Жылт етер отты ұшқындар. Мұнар көміп...
Алтындай дараланған құм ішінде.
Қара, әне, лапылдап, құз мүсінге
Жалындап тұлабойы тұр өртеніп.

Мефистофель
Мына тойға (көз тартар жарқырап тас),
Неге Маммон сарайын жарқыратпас?!
(Маммон – алтын – байлық иесі. Шайтандарға алтыннан сарай салып беріпті-міс)
Қандай бақыт сен мұны байқағаның,
Құмырсқадай қаптады сай-саланы,
Той дегенде жын-пері халқы жатпас.

Фауст
Неткен өктем суық жел өті қатты,
Өңменімнен ұрғылап жанға батты!

Мефистофель
Тастан ұста мықтылап! Жыламағын!
Құзар шыңға, әйтпесе, құлағаның.
Қараңғыға көрісіп қоюланған,
Естимісің байғыздың жылағанын?
Қара орманның қауқарсыз қарағайы
Желге төтеп беруге жарамайды.
Шарт-шұрт сынып бұтағы, түбі босап,
Көремісің ұзыннан сұлағанын.
Сынып жатыр тағы да, сұлап жатыр,
Үсті-үстіне жапырлап құлап жатыр,
Дауыл тұрып, жел ұйтқып, боран ұлып,
Қирап бәрі тұра алмай жатыр сұлық!
Тек жапалақ жарбаңдап уілдейді,
Түн баласы кірпігін бір ілмейді.
Естимісің? Биіктен үн шығады,
Бірде қатты, біресе тұншығады.
Бүкіл тауды жаңғыртқан хор үні ғой,
Біз де солай барайық жүрші, кәне!

М ы с т а н д а р х о р ы
Брокеннің шақырып күншуағы,
(Брокен – Гарц тауындағы шың)
Мыстан біткен биікке құлшынады.
Онда күтіп Уриам өзі отыр,
(Уриан – шайтанның немісше бір аты)
Сол биікке алдымен кім шығады?
Тау мен тастың арасы — шатқалаң құз,
Жол қиямет, шыдамас мақтаған қыз.

Д а у ы с
Қайран Баубо, ілесе алмай қыз-қырқын,
(Баубо – (грек миф.) жер құдайы Деметраның сүтанасы)
Зытып келеді, кәрі қаншық ұшқыр тым.

Хор
Алға, Баубо! Баста мына тобырды,
Мадақтаймыз, саған мақтау жарасар!
Астыңдағы доңызың да ұшқыр екен соғұрлы,
Сенен өзге кім бар алға таласар?!

Д а у ы с
Сен қай жолмен келесің?

Д а у ы с
Ильзенштайнмен!
(Ильзенштайн – Гарц тауындағы жартас. Император Генрих 11-нің сүйіктісі Ильзаның есімімен аталған)
Кез болып бір жапалақ, деп едім ұстайын мен,
Көзі шарасынан шығып, жата қалды бұғып.
О, сұмырай, мандымаған қадамы,
Сонша асығып, не жау шауып барады?

Д а у ы с
Көрмеймісің, міне, мынау жараны?
Тырнап алды, әлі де қан ағады.

Мыстандар хоры
Жол ауыр, қиямет жол ұзақ!
Не керек бет жырту, ерегіс?
Онсыз да шаршадық қалжырап,
Іш тастап сор қайнап келеміз.
(Жол қиындығы кей бір мыстандарға бала тастатады-мыс)

С и қ ы р ш ы л а р. Ж а р т ы л а й хор
Біз келеміз тасбақа аяңменен,
Алға деумен әйелдер алқындырар.
Аласұрып, еліріп әйел деген,
Жамандыққа бір табан жақын тұрар.

Басқа бір топ
Жарыстырып қайтеміз сөзді бекер,
Сылтау емес сылтауды қып лекер.
Қанша озып кетсе де әйел бейбақ,
Ерлер әлі-ақ аттатпай қуып жетер.

Д а у ы с
(жоғарыдан)
Алға! Алға! Өзеннен тез шығыңдар!

Д а у ы с
(төменнен)
Шығар ек-ау қуана, сөзді ұғыңдар.
Шомыламыз, сылқымданамыз,
Бірақ мәңгі бедеу боп қалармыз.
Екі топ қосылып
Жел қойды. Жұлдыз әлсіз. Жұртқа жарық −
Тығылды ай, жасырынды бұлтқа барып.
Құйындай ұйтқып, тауды, шыңды шарлап,
Біздің ән дүниені алды баурап.

Дауыс
(төменнен)
Сабыр! Сабыр! Тоқтаңдар!

Д а у ы с
(жоғарыдан)
Құзардан кім болды екен айқайлаған?

Д а у ы с
(төменнен)
Мені де әкетсеңдер, айқай заман!
Үш жүз жыл өрмелеумен өкпем өшіп,
Мен бейбақ іштен ғана кемсеңдеймін
Әулетім, нәсіліммен болсам деймін.
Екі хор қосылып
Таяқ, аша көтерер.
(Мыстан – дюлар аша, таяқ, сыпыртқыларға ұшады-мыс)
Кел, парызың өтелер.
Күлмесе бүгін сор жалған,
Қор болғаның — қор болған.

Шала мыстан
(төменнен)
Қарға адым жер мұң болып,
Тырмысып жатқан жайым бар.
Ішіме құса, мұң толып,
Өкініш, қайғы, уайым бар.

Мыстандар хоры
Май мыстанға күш берер,
(Май – аша, сыпыртқы т. б. Мініп ұшқанда жағатын мыстандардың сиқырлы майы)
Жұмсақ болар шүперек.
Ұшқаны, бүгін ұшса егер,
Ұшпаса, қалды не керек.
Бәрі қосылып
Шыңға шықсақ шарықтап,
Жерге де қайта қайтармыз.
Дала, орманды қалықтап,
Ғажайып өлең айтармыз.
(олар қонады.)

Мефистофель
Қағып соғып, итеріп, онымен қоймай боқтайды!
Ауыздары көпіріп, не болса соны оттайды.
Қолқаны атып иісі; нас, ант атқан кұс жандар!
Міне, нағыз мыстандар!
Адасып қалма қайдасың? Менен мықтап ұстағын!

Ф а у с т
(алыстан)
Мен мұндамын!

Мефистофель
Не дейді? Кеткенбісің алыстап?
Қожалықты білдірмесе, бара жатыр жаныштап.
Жол беріңдер, босат, дию келеді!
Ығысыңдар, кәне әрі!..
Бермен, доктор, жақында, ұста менен!
Әзер шыдап келемін құспай әрең.
Жүр шығалық, шығайық бұл тобырдан,
Ғажап сәуле жарқ етті сонау қырдан.
Көремісің бұтаны шөбі қалың,
Сонда барып азырақ тынығалық.

Фауст
О, пірі қайшылықтың! Мұның қалай?
Не болды аяқ асты құбылғандай?
Вальпургия түнінде тойға келіп,
Не күн туды басыңа
Жасырынып бұтаға тығылғандай?

Мефистофель
Қарашы алуан түрлі от сан құбылған!
Не бір алыс қиырдан
Көңілді халық жиылған.

Фауст
Жақсы еді-ау жоғарыда қалғанымыз,
Бәрін де көріп ләззәт алғанымыз.
Көрінді әне от, ошақ, түтін будақ.
Бүгін мұнда шешілер не бір жұмбақ.

Мефистофель
Талайы жұмбақтың да жаңа тумақ,
Алысып думанды өмір жатсын шулап.
Тынымсыз арпалысып, толқып, тулап.
Біз мында тыным тауып отырайық,
Бей-жай болған көңілге осы лайық.
Ежелден табиғаттың дара заңы,
Үлкен өмір кішіні жаратады.
Қара әне, жас мыстан тыр жалаңаш шешініпті,
Неткен пішін, неткен өң тамылжып тұр!
Ал егдесі бұл түрді ерсі ұғыпты,
Жеңіл шапан үстіне жамылыпты.
Мен үшін сен олармен сыпайы бол,
Көнуі оңай болғанмен, көңілі зор.
Естимісің, еліртіп күй тартты ғой?
Кеттік алға, бәлсінбе, қиқақты қой!
Алып-ұшып барады көңіл деген,
Таныстырам нағыз, шын өмірменен.
Қаз-қатар от жанып, қазан қайнап,
Билеп жатыр, сүйісіп, ішіп-ойнап,
Көрдің бе, дос, дәл мұндай думанды аймақ?

Фауст
Кім демексің өзіңді, айтшы сойқан,
Дию, пері, сиқыршы, әлде сайтан?

Мефистофель
Ұнатушы ем астыртын жүруді мен,
Орден тағып шығыпты бүгін кілең.
Менде ондай ордендер жоқ болса да,
Әуселемді байқаңыз, доктор мырза!
Көрдіңіз бе бауырлап ұлу келді,
Барлығынан тез байқап, бұрын келді.
Жасырғанмен атымды, танып қояр,
Сезгені емей немене, сәлем берді.
Кеттік, кәне, қыз таңдап аралайық,
Сен — күйеу, құда болу маған лайық.
(Жанып тұрған көмірді қаумалай отырғандарға келеді.)
Мырзалар, отырсыңдар неге шеттеп?
Отыру жетпегендей үйде текке?
Жастардың арасында жайраң қағып,
Сұлумен келдіңдер ғой билемекке?

Генерал
( Генерал, министр, Parvenu – (французша «мансапқұмар») және жазушы ескі тәртіпті жақтаушылары, олар бар жаңа біткенге үрпие қарайды)
Не деген пәтуасыз, әй, ел деген!
Кім байқап, көрген, шіркін, кім мұндайды?
Топталған жиын да бір, әйел де бір,
Жымиып, тек жастарға қылмыңдайды.

Министр
Шындықты ұмытты ғой енді халық,
Халқындай бұрынғының қайда халық?
Не керек, өтті — кетті алтын заман,
Иіліп, кез келгені жалпылдаған.

Parvenu
Шынында біз ақымақ емес едік,
Ебін тауып рақат күн кешелік
Деп жүргенде дүние астын-үстін
Болды да ойладық қой жан тыныштық.
Жазудың керегі не қалың кітап?
Ден қойып оқитұғын адам бар ма?
Ендігі жас есерсоқ, жаны жұтап,
Жылтырға әуес, не шара, амал бар ма?

Мефистофель
(Сәтінде алжыған шал бола қалады.)
Бұрынғыдан халық ширақ, жоқ талас.
Жастық шағын неге көңіл жоқтамас?
Ақырғы той басын қосқан аярдың,
Байқауымша, ақырзаман таялды.
Ескі-құсқы сатушы мыстан
(Дәуір талабын түсінбейтін, замана көшіне ілесе алмайтындарды әжуалайды Гете ескі-құсқы сатушы бейнесі арқылы)
О, мырзалар, өмір көшін көп көрген!
Жақындаңдар, жанай өтіп кетпеңдер,
Қараңдаршы, көздің жауын алады,
Не бір бұйым мирас қалған өткеннен!
О, жараңдар, көрмей — қалма арманда
Магазиннің не керемет байлығын!
Тең келетін магазин жоқ жалғанда,
Мұнда зат жоқ адамзатқа әкелмеген қайғы-мұң.
Не тілесең — бәрі осынан табылар:
Жасау-жабдық, қанжар, қылыш, тағы басқа, тағы бар.
Онда адамның аққан, қатқан қаны бар,
Күнәсіз пәк, жас арудың аяқ асты ары бар.
Әз денеге жайылған у дәрі бар,
Жақындаңдар, тартынбаңдар, бәрі бар!

Мефистофель
Жайып салып айқайлайсың, ескі-құсқы жаманды,
Әй, бәйбіше, білмейсің-ау, түсінбейсің заманды!
Пайда көздеп қалдықпен кім саудалар?
Жаңа әкел! Жұрт назарын жаңа ғана аударар!

Фауст
Мынау нағыз жәрмеңкеден аумайды.
Бірін-бірі, қағып-соғып, қуланады, алдайды.

Мефистофель
Жұрттың бәрі өрге қарай ұмтылған,
Көз тартады не көрікті сылқымдар.
Сен де ұмтыл ығыстыра өзеуреп,
Өзі ығысып қалар босқа, құр тұрған.

Фауст
Анау кім?

Мефистофель
Сонша неге қадалдың?
Ол — Лилит.
(Лилит – еврей аңызы бойынша Хаудан бұрынғы Адамның бірінші әйелі. Адамнан тапқан балаларының бәрін өлтіргені үшін Адам оны періге айналдырып жібереді)

Фауст
Кім?

Мефистофель
Бірінші әйелі Адамның.
Көзің салшы тоқпақтай бұрымына!
Байқа. Түсіп қалма тек құрығына.
Жанап кеткен, жанына естен танар,
Лапылдар да өртенер оттай жанар.

Фауст
Әне, екеуі бірі — егде, бірі — жап-жас.
Билей-билей отырды шаршап рас.

Мефистофель
Неге тұрсың телміріп, бақырайып?
Би басталды жүр барып шақырайық.

Фауст
(жасымен билеп жүріп)
Алма ағаш көрдім түсімде.
Таң қалдым сұлу мүсінге.
Көзді тарты қос алма,
Қол созсам сәтін қосар ма?

Жас ару
Сендерді Хауа дәндетті
Пейіштен алма жегізіп.
Қуаныштан әл кетті,
Алмамды менің көр үзіп.

Мефистофель
(кәрісімен.)
Арса-арса пішінде
Алма ағаш көрдім түсімде.
Қартайып қапты тым аса.
Амал не бірақ ұнаса?

К ә р і ә й е л
Көңіліңізге ұнаса,
Шошырлық болмас тым аса.
«Қалсын құмар бір қанып,
Тояттай бер кел де алып».

Проктофантасмист
(Бұл есім арқылы Гете неміс әдебиетшісі Ф.Николайды әжуалады. Берлин академиясының ғылыми бір мәжілісінде Николай өзін азапқа салған елестен құйрығына сүлік салу арқылы құтылғанын мәлімдеген. Бұған «proctos» (ерекше «құйрық») деген сөз арқылы мегзейді)
Ант атқан дию, пері ел ме екен?!
Адамға ұқсап билемек боп терлеген.
Пешенеден белгілі ғой қағида:
Жаратылыс сайтанға аяқ бермеген!

Ару
(билей жүріп)
Бұ кім өзі биге болған көлденең?

Ф а у с т
Е бір байғұс бекер жүріп шөлдеген!
Жанам дейді, бықсиды тек, жанбайды.
Әр адымын өлшеп басып, аңдайды.
Жұрт ән айтып, билесе де сөз қылып,
Құйысқанға қыстырылып қалмайды.
Әсіресе жанын қинар бұл өмірдің ескені,
Оған қызық гүлдей солып, өшкені.
Масайрар ед есі кетіп қуанып,
Бірер сөзін қойсаңыз сіз құп алып.

Проктофантасмист
Әлі кетпей жүрмісіңдер?
Бұларда ұят болсашы,
Қанша айтсаң, миына бір қонсашы?
Тегі дию, жын, пері де тәртіп деген болмайды,
Аха-хумен күні өткен, екі дүниеде оңбайды.
Түк түсінбес өңшең кеще; орындалмас мақсатым.
Баяғыдан ақыл айтып бекер-босқа қақсадым.

Ару
Мазаны алмай кетер кезі бола ма?

Проктофантасмист
Дұрыс болар, сәулең болса қойғанын,
Көтермеймін жын-перінің ойнағын!
Айтыңдаршы бастарыңа қона ма?
(Би қыза түседі)
Байқап тұрмын, бүгін сөзім өтпейді,
Жақтырмайды, бәрі маған кет дейді.
Соңғы үмітім, ақырғы рет байқайын,
Мүмкін, ақын, шайтан теріс кетпейді.

Мефистофель
Қазір барып шалшық суға бадалып
Отырады. Сонда тыншыр жайы бар.
Сүлік сорса құйрығына қадалып,
Еліретін науқасынан айығар.
(Биді қойып шетке шыққан Фаустқа)
Қайда әлгі жас аруың жайнаған,
Билеп жүріп ән шырқатып сайраған?

Фауст
Ойбай құрсын! Атама нас сайқалды!
Аузы тола қызыл тышқан құжынаған, қайнаған,

Мефистофель
О, тәйірі-ай не қылады қызылы,
Сұр болмаса, міне, сонда қызығы.
Құшақта да қандыр көңіл құмарын,
Не қыласың ұнамасын, ұнарын.

Фауст
Ананы қара!

Мефистофель
Ол не?

Фауст
Мефисто, көріне ме сонау тұрған
Сүйкімді жалғыз, дара сұлу тұлға?
Секілді қос аяғы кісендеулі
Орнынан қозғалады зордан-зорға.
Анықтап қарашы сен, ұқса жаның,
Сүйікті Гретхенге ұқсатамын!

Мефистофель
Қарама, не қыласың тас жүректі?
Талай жан ұрынып қап, жасын төкті!
Онымен жолығысқан таппай бақыт,
Суиды ет жүрегі тастай қатып.
Қор қылған не жайсаңды есі кеткен
Ежелгі Медузаны естімеп пе ең?
(Медуза (грек миф.). басындағы шаш орнына жыландары бар горгонның үш қызының бірі. Медузаның қарағанынан адам тасқаайналатын болған)

Фауст
Кеудесі Гретхеннің кеудесіндей,
Ерітіп, елжіретіп мені құшқан!
Денесі де дәл соның денесіндей,
Тән еріп тар төсекте жолығысқан.

Мефистофель
Сиқыр ол! Сені оңай арбап алды,
Ұнатар әркімді-ақ алдағанды.

Фауст
Неткен жан, неткен жанар! Төзе алмай
Қараймын, қадаламын көз ала алмай!
О, ғажап! Сүп-сүйкімді мойынынан
Қайралған алмас пышақ нақ жүзіндей,
Қызыл жіп ширығады шаққа үзілмей.

Мефистофель
Ежелден оның сыры мәлім маған,
Қылышпен Персей басын қағып алған.
((Песей гр.миф) – Медузаның басын қағып алып батыр)
Кейде ол қолтығына қысып алар.
Әдетің қалмапты әлі ысып-жанар!
Жүр кеттік, шығайықшы көктөбеге,
Көңілді халық неткен көктемеде!
Паркіндей Пратердің құжынаған,
(Пратер − Вена қаласындағы парк)
Қайнасын бекер-босқа, текке неге?
Театр! Бәсе халық сезген екен,
Кәнеки, нелерің бар біз көретін?
S е г v і b і 1 i s
(S е г v і b і 1 i s (лат. «елгезек, қызметке даяр») – әдебиет пен искусствода аса білгіштер типі)

Сіз көретін
Жүректен жалындаған жаңа жыр бар,
Төгілер, ақтарылар жаңа сырлар!
Жазған адам жанашыр, қарапайым,
Ойнайтын артистер де жаңашырлар.
Мырзалар, кешіріңдер, мен кетейін
Тез барып шымылдықты көтерейін!

Мефистофель
Сенің мұнда келгенің қандай жақсы!
Мықты болсаң ойынға бармай бақшы!

БҰЛЫҢҒЫР КҮН. ДАЛА.

Фауст Мефистофель.

Фауст:
Қайғылы байғұс!
Үміті үзіліп, торыққан!
Адасып ұзақ жүрді жер бетінде, енді міне түрмеде! Қылмысты болып тұтылып, абақтыда азап шегіп жатыр ол бақытсыз, бақсыз сорлы, сүйкімді жан! Міне, ақыры не болды! Екіжүзді, опасыз жын, сен мұны менен жасырдың! Көз алдымда қыпықтап, қиянатты көзіңді аударып төңкер де тұр енді. Жан төзгісіз азапқа салып мені сілей де тұр! Абақты! Тән төзгісіз азап! Адамзатты аяусыз айыптайтын жендеттердің қанды шеңгелінде! Ал сен ғой мені осы екі арада дәмсіз бірдемелермен жұбатпақ боласың, оның өршіп бара жатқан қайғы-мұңын жасырып, дәрменсіз байғұстың тұқымының тұздай құруын қалайсың.

Мефистофель:
Өмірдегі бақытсыз сол ғана емес қой!

Фауст:
Ұялсаң етті, айуан, доңыз! Ит-шошқа! О, пірім, қасиетті, тыңда мені! Айналдыр ит қалпына бұл пәлені! Түн болса құйрығын бұлғаңдатып, тілін жалап менің алдымнан шығуды, қамсыз жолаушының аяғына оралып, иығына асылуды ұнататын мұны айналдыр алдымда бауырымен жорғалаған, тегеуірініме шыдай алмай құйрығын жымиып қорғалаған үйреншікті ит қалпына! Жалғыз сол — ғана емес! Неткен бақытсыздық! Неткен бишаралық! Адамзаттың жаны, ары төзгісізі Қайғы-мұңның тұңғиық тереңінен тұншығып өлгендер сан жеткісіз, жалғыз бұл ғана емес! Осы жалғыздың өзі кешірімді жаратушы алдында күнәсін жуа алған жоқ. Осы бір азапталған жанның жалғыз өзін ғана ойласам, миым шайқалады, ал сен мыңдағандардың тағдырына пысқырмайсың да!

Мефистофель:
О, біз тағы да қалжыңның адамды есінен
айыратын шегіне шыққан сыяқтымыз.

Егер бізді суханың сүймейді екен, онда бізбен бекер достасқансың ғой. Ұшқың келеді, ұшпайсың. Басым айналады деп қорқамысың? Осы жармасып қалмай жүрген сен бе, мен бе?

Фауст:
Маған кіжініп, зымиян тісіңді қайрама!
Құсқым келер! О, ұлы қасиетті пірім менің!
Көзіме көрініп, тілге де келісіп, жанымды, жүрегімді түсінгендей едің, жамандықпен көзін ашқан, қан төгіп, қан ішуге жанталасқан ұятсыз, арсыз пәлеге неге мені душар еттің?

Мефистофель:
Болдың ба?

Фауст:
Құтқар оны бұғаудан, әйтпесе сақтан!
Қылыш жалынсын! Бүкіл ғұмырыңа жететін сүйегіңмен кететін лағнат жаудырамын!

М е ф и с т о ф е л ь:

Абақтының қабырғасын қиратып, есігін талқандау менің де қолымнан келмейді. «Құтқар! Құтқар!» Кім оны тұңғиыққа тіреген, бітпес азапқа салған? Мен бе, сен бе?

(Фауст алақтап жан-жағына қарайды.)

Жайдың оғын қармағың келе ме? Оны, сорлы пенде, сендерге жазбағаны қандай бақыт! Кінәсіз қарсыласқандарды таптап, жаныштау — міне шынжырбалақ, шұбартөстердің тұңғиыққа тірелгенде қолданар әйгілі айласы!

Фауст:
Мені оған ертіп бар! Құтқаруға тиіспін!

Мефистофель:
Ал бір пәлеге душар болсаң қайтесің?
Қалада сен төккен қан барын ұмыттың ба? Қан төгілген жерде қанға қан, жанға жан деп жалаңдап кек алушылар отыр қанішерді күтіп!

Ф а у с т:
Тағы не деп барасың? Лағнат жаусын төбеңнен саған жауыз! Апар мені, дедім ғой, құтқар оны!

Мефистофель:
Ал жарайды, апаруын апардым делік, сонан соң не істеймін? Көк пен жердегі бар күш-қуат менің ғана қолымда емес қой? Қарақшының есін қағып алайын, дереу кілтке не бол да оны тез ертіп шық! Сыртта сиқырлы тұлпар дайындап тосып тұрамын.
Мінеміз де қашамыз. Міне, қолымнан менің келері.

Фауст:
Аялдамай тарт онда!

ТҮН. АШЫҚ ДАЛА
Фауст мен Мефистофель, қара тұлпар мінгені, зымыратып келеді.

Фауст
Аналар неғып үймелеп жүр қара қарға секілді?

Мефистофель
Кім біледі нені ойлап, нені істеуге бекінді?

Фауст
Ұшып-қонып, еңкейеді, иіледі біресе.

Мефистофель
Таскемпірдің тұқымдары, менімше.

Фауст
Жерді қазып, дар дайындап жатыр ғой!

Мефистофель
Кеттік әрі, көңіл қойма, батыр, қой!

АБАҚТЫ (Бұл сахнада Гете Маргарита мен Фаустың арасындағы махаббаттың қайғылы аяқталуын баяндайды)

Фауст
(Қолында бір бума кілті бар, шам ұстап темір есіктің алдына келеді.)
Жаныма жат қорқыныш бойды билеп,
Бастырмайды буыным, құрыды әлім.
Кінәсіз жан нақақтан босқа күймек,
О, бақытсыз, сорлы жан соры қалың!
Бет көруге тұрмысың бата алмай?
Бол тезірек! Қимылда қарап тұрмай,
Құтқар оны ажалдан таңды аттырмай!
(Құлыпты. аша бастайды. Іштен ән 2 естіледі.)
(Маргарита немістің халық әнің айтады. Бұл әнді Гете бала кезінен жақсы білген)

Өзі өгей, өзі жүрдек
Шешем миды мыжыды.
Әкем байғұс етімді жеп,
Сүйегімді мұжыды.
Сіңлім сорлы көмді мені
Тас бұлақтың басына,
Құсқа айналып енді, міне,
Қонамын кеп қасыңа.

Фауст
Сезер емес сүйгенінің жақын келіп тұрғанын,
Шынжыр даусын, сабан үнін естіп, көріп тұрғанын.
(енеді)

Маргарита
(шошып тығыла)
О сұмдық! Келе жатыр! Рас па ажал таялғаны!

Фауст
(сыбырлап)
Шошыма! Босанар сәт таяу қалды!
Мен ғой, жаным

Маргарита (Аяғына жығылып)
Аяшы, кім де болсаң адамсың ғой,
Ақырғы тым болмаса атсын таңым!

Фауст
Ақырын, күзетшіні оятасың!
(шынжырға жармасады)

Маргарита
(тізерлеп)
Кім берді саған билік айтшы, жендет?
Қорлауға түн ішінде қайғы меңдеп,
Қор болған мен байғұсты жаны қашқын,
Құдайдың ең болмаса таңы атсын.
(орнынан тұрып)
Жап-жаспын, қылшылдаған қыршын жаспын!
Тағдырым көпсінді ғой аспан астын!
Сұлу ем, сұлулығым сорым болды,
Сүйіктім жанымда еді, алыс кетіп,
От жанар жаудыраған жасқа толды.
Жыртылды венок, гүлі солып қалды,
Тимеші, аясаңшы торыққанды!
Барады темір шеңгел құрсап жаншып,
Көрмеген өмірімде бөтен жансың.

Фауст
Бұл қорлыққа қалай, қайтіп шыдарсың?!

Маргарита
Қолыңда ғой, барлық билік өзіңде,
Қарсы тұрма таза аналық сезімге,
Ажал сағат асықтырып тұрса егер,
Нәрестемді емізейін мұрша бер.
Обалсыздар сәбиімді ұрлап ап,
Өлтірдің деп жала жапты өзіме.
Түні бойы көз жасыммен аймалап,
Жылай бердім, әлім келді көзіме.
Әлгі ертегі... жауыз әйел баяғы...
Қалай еді аяғы?...

Фауст
(Маргаританың аяғына жығылады.)
Есіңді жый, сүйіктің ғой бұл тұрға,
Сені азаптан құтқаруға ұмтылған.

Маргарита
(оның алдына келіп тізерлеп тұрып)
Тізерлейік, жалынайық тәңірге!
Сен есік ашқан жақта
Баспалдақта
Тозақ оты жанып тұр!
Әне қазір,
Алаңдап, жалаңдап
Келеді әзәзіл!

Ф а у с т
(айқайлап).
Гретхен! Гретхен!

Маргарита
(құлақ түре)
Сүйіктімнің үні ғой бұл, о тәңір!
(Ұшып тұрады. Шынжыр саудырап бос қалады)
Қайда? Қайда? Естілді ғой дәл қазір!
Мен азатпын! Ешкім бөгет бола алмас
Қайда от құшақ? Келші жақын мен әзір!
Еркелейін асылайын мойныңа,
Дамылдайын, кірейін де қойныңа!
От-жалынның арасынан атылып,
Баспалдақтан найзағайдай жарқ етті.
Таныдым мен, соның өзі — асылым!
Жарқын даусы: Гретхен—деп саңқ етті,
Қайдасың сен? Қандай құдай ап кетті?

Фауст
Мен мұндамын! Алдындамын!

Маргарита
Сенбісің? О, сүйіктім, қайталашы тағы да!
(оның мойнына асыла)
Сен келдің азап біткен болды ғайып,
Қуаныш шықты алдымнан құшақ жайып,
Болды ұмыт кісен, зындан, үрейді алған.
Семіп қалған көңілде түлейді арман.
Мінеки көз алдымда толық тұлғаң,
Көше тұр өзіңді алғаш жолықтырған.
Бақша, әне, Марта екеуіміз тосып тұрған,
Сонда да дәл осындай, осы тұлғаң

Фауст
(алға ұмтылып).
Тезірек жүрші жаным, кетелікші!

Маргарита
Сабыр етші!
Азырақ құшағыңда дамылдайын,

(Аймалайды)

Фауст
Жүрші тез!
Қиын боп тұр, жаным, жайым!
Тезірек аттанбасақ, асықпасақ,
Мен сенен біржолата айрылғаным.

Маргарита
Не дейді, ұмыттың ба аймалауды?
От демің лапылдаған, қайда аяулым?
Немене ебің қашып, тұрсын сұлқ?
Дем алмай сүюші ең, ғой, тұншықтырып,
Ып-ыстық құшағыңда қысып тұрып.
Кел бері, құшақташы, сүйші мені!
Әйтпесе өзім, міне, сүйем сені!
(оны аймалайды)
Тәңірім-ау!Ернің неткен мұздай суық.
Құшағың да қалыпты мүлдем суып,
Өліп-өшіп аймалаған,
Махаббатың қайда қалған?

(одан сырт айналады)

Фауст
Есіңді жи, жүр, сүйіктім, кетейік!
Бұ жалғаннан қол ұстасып өтейік.
Өзің ғана ұмтыларым жан көксеп,
Тек ілесші! Мәңгі өтейін әлпештеп!

Маргарита (бұрылып)
Сенбісің шын? Рас па сен екенің?

Фауст
Менің, жаным! Өзіңді алып кетемін!

Маргарита
Кісенімді қиратып, босатарсың бұғаудан!
Құшағыңа қайта мені аларсың.
Бұл кім? — деген шошырсың да сұраудан,
Үнсіз ғана ойға батып қаларсың.
Бұл ой сөзсіз сені азапқа салады.

Фауст
Жүрші, жүр тез! Түн түріліп барады!

Маргарита
Уландырып өлтірдім мен анамды,
Буындырып өлтірдім мен баламды.
Менің балам сенің балаң емес пе ед?
Сенбісің бұл? Сенейін бе, сенбейін бе елеске?
Түсім емес! Сүйікті қол! Танып тұрмын қолыңды
Мен бір жазған оңғармаған жолымды!
Қолын неткен жылымшы еді, түршіктірді денемді!
Онда адамның қатқан қанын көрем-ді!
О, құдай-ай, қылышыңды көрсетпеші тағы да!
Құдай үшін қабынан
Суырмашы, жалынам!

Фауст
Өткен өтсін, өзімен кетсін!
Кетейік жылдам, демесең ажал бізге де жетсін!

Маргарита
Жоқ, сүйіктім, тілеме сен өлімді!
Онсыз-дағы жетерлік қан төгілді.
Таң ата мен аяқтаймын өмірді,
Өтінерім: дайындай бер көрімді.
Тап-тұйнақтай төрт бұрышы тең болсын,
Аунап жатар өзі биік, кең болсын.
Оң жағына жатсын сорлы анашым,
Дәл қасына орналастыр баласын.
Мені біраз қашығырақ қойғайсың,
Өтінемін онша қашық болмасын.
Сәбиді қой оң қолымның қарына,
Одан өзге кім жатпақшы жаныма!
Амал қанша сенімен де жатпаймын,
Ол жақта да білем бақыт таппаймын.
Бұ жалғаннан кім бақытын тапты шын?
Сонда дағы сүйіктімсің, баяғыдай жақсысың.

Фауст
Жүр кетейік, уақытым тапшы тым.

Маргарита
Қайда?

Фауст
Еркіндікке, далаға!

М а р г а р и т а
Иә, қабыр күтіп тұр ғой мені онда.
Ажал шіркін, бір шүйілсе қоя ма?
Кеттік, жаным, мен өлімнен қашпаймын.
Одан әрі бір кадам да баспаймын.
Кеткенің бе? О, дариға, бір кетсем-ау өзіңмен

Фауст
Жүрші, жаным, айрылдым мен төзімнен!

Маргарита
Болмайды маған кетуге,
Өзімді келеке етуге.
Не пайда қашып кеткеннен?
Сақшыны тентіреткеннен?
Түрмеден қашып кетерміз,
Қайыршыдай қаңғырып,
Қайғыменен өтерміз.
Оған-дағы көнерміз,
Ар алдында не дерміз?

Фауст
Онда мен де кетпеймін,

Маргарита
Жоқ, кетесің. Ушықтырма жарамды,
Құтқара гөр балаңды!
Орманның ішінде,
Бұлақтың басында.
Көпірдің астында,
Кінәсіз пішінде.
Тақтайда ол жатыр
Қаннен қаперсіз
Өзімен-өзі боп жатыр
Тез бара гөр,
Құтқара көр!

Фауст
Есіңді жи, таста ауыр азапты,
Жалғыз адым аттауын мұң — азатсың!

Маргарита
О, дүние-ай! Керегі не, қажеті не мазақтың?
Тау басында тастай қатып ана жатыр,
Тебе шашым тік тұрады, кім халімді байқайды?
Тас үстінде анам отыр, үнсіз қарап әлі отыр,
Қарайды да маған басын шайқайды.
Бұлғақтайды ауыр басы буынсыз.
Ұйықтап отыр, мәңгі ұйқыда түк үнсіз.
Ол ұйықтады, рақатқа баттық біз.
Махаббаттың уыз дәмін таттық, біз.

Фауст
Жалындым, жалбарындым, түк өндіре алмадым,
Күш жұмсаудан басқа амал қалмады,

Маргарита
Жоқ, күшпенен мені әкете алмайсың!
Өлтірмесең, босат мені, қандайсың?
Онсыз да сен аларыңды алғансың.

Фауст
Таң атты ғой! Сүйіктім-ау! Сүйіктім!

Маргарита
Тан! Иә, таң келеді, соңғы таңым сібірлеп!
Болар деуші ем той таңым, ажал — дейді күбірлеп.
Гретхенде болдым деме, маңдайыма сыймадың.
Тағдыр маған гүл орнына қолға кісен сыйлады.
Бара алмаспыз махаббаттың бағына,
Бірақ біздер кездесерміз тағы да.
Тынысы тарылып, далада гүл тұншығар.
Көше, алаң, жолға симай,
Мең-зең боп қорғасындай.
Қоңыраудан күңірене үн шығар,
Күн тұтылып, дал ада гүл тұншығар.

Сот таяғын сындырар
(Қоңырау, таяқ, эшафот: үкімді орындар алдында қоңырау қағып, күнәһардың басынан сот өлім жазасының белгісі ретінде ақ таяқша сындыратын болған)

Эшафот! Тосармын мойнымды,
Дүйім жұрт ағызар жастарын,
Менің емес, айбалта шабардай олардың бастарын!
Дүние, у-шуға қомағай, үн қатпас моладай.

Фауст
Қорлықты көргенше дәл мұндай,
Жақсы еді-ау тумай-ақ қойғаным!

Мефистофель
Жүр, енді! Құрыдық! Бол, ғалым!
Не керек күрсініс, ах ұру!
Аттар тұр шыдамай тықыршып,
Керек қой асығу!

Маргарита
Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты!
Ах! Сол еді? Демім бітті, тұншықтым!
Бұл не алады қасиетті орыннан?
Әлі қалмай жүр ме менің соңымнан?

Фауст
Жүрші кеттік, қалмашы өмір жолыңнан!

Маргарита
Тәңір соты! Айыпта өз қолыңнан!

Мефистофель (Фаустқа)
Ал мен кеттім, енді көр өз сорыңнан!

Маргарита
О, тәңірім! Үмбетіңді демеші!
Періштелер, қанатыңмен жебеші!
Құтқарыңдар, атырыңдар азат таң!
Уа, Генрих! Тұрсың мені мазақтап!

Мефистофель
Еншің сенін — от тозақ!

Жоғарыдан дауыстар:
Жоқ, азат!

Мефистофель (Фаустқа)
Жүр кеттік, ер соңымнан!

(Екеуі кетеді.)

Маргаританың даусы абақтыдан талып естіледі.

Генрих! Генрих!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу