Өлеңдер ✍️

  21.05.2023
  93


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Жылаудан жұбаныш

(1803)

Соншама неге мұңайдың?
Жүр ғой жұрт көңілді;
Жылаған, досым, түрің бар,
Көзіңнен көрінді.
«Мұңайсам,— жүрек жаралы,
Жалт беріп жар тайды;
Жыласам... көздің жасынан
Зар-қайғым тарқайды.
Жанашыр жақсы досың көп,
Олардан жасқанба;
Айрылсаң қымбат асылдан,
Сырыңды аш бар да.
«Бақтияр пенде ұғар ма
Мен бейбақ ұққанды?
Айтайын... о жоқ! Айтпаймын,
Жанда тек дық қалды».
Жасыма, қайта жайнай түс,
Қартпысың қаусаған?!
Іздей бер, досым. табарсың
Жоғыңды аңсаған.
«Табарсың деген оңай сөз,—
Жылаумен өтермін;
Көктегі жырақ жұлдызға
Мен қалай жетермін!»
Қайтесің алыс жұлдызды?
Көкке ол жарасқан.
Жар сүйіп жерде күндіз-ақ,
Аспанда адаспа.
«Өзім де күндіз көз жазбай,
Құмартам қияннан.
Ал түнде... түнде зар жылап,
Көз жасын тыя алман».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу