Өлеңдер ✍️
Қош бол, елім!
Жүргенде бір шапандық олжа сынды,
Ел-жұртым көрген еді көз жасымды.
Қанды көз қарақұстың тырнағынан,
Босатып зорға алып ем өз басымды.
Сонда бір қызыл гүлім сарғайып ең,
Жаралы жүрегімнен зар жайып ем.
Бұтаға қорғалаған бозторғайдай,
Халқымнан көмек тілеп қол жайып ем.
Ел-жұртым тілегімен құлақ салып,
Шығып ед жаным күйген өрттен алып.
Қайықтай дауыл қуған қалтылдасам,
Сен едің пана болған, қалың халық.
Мен риза, риза шығар жұрт та маған,
Сезе ме тұщы-ащыны ұрттамаған.
Ақ жүзім күзгі гүлдей солғын тартты,
Күн қаққан шүберектей жұртта қалған.
Ел едік Үйсін – Найман аулы аралас,
Қосылған төскейде мал, төсекте бас.
Көптен-ақ өздеріңе мəлім еді,
Көзімнен жас аққаны қан аралас.
Жалайыр жалпақ жуас берекелі,
Жасымнан мəлім еді ел екені.
Арықтап, аңсай іздеп келгенімде,
Ортаңнан қызық көрдім мерекелі.
Бір кезде сайраушы еді тілім бұлбұл,
Жүйткіген желдей өсіп ойым дүлдүл.
Қанаты қиялымның қайрылса да,
Баяғы қалпында тұр көңіл құрғыр.
Сəлем де Жалайырдың қариясына,
Жасы үлкен, ақылдың кен-дариясына.
Кім білсін көрер қанша жарығым бар,
Әйтеуір жеттім тірі елге асыға.
Ортаңда көп күн болдым Балғалы, Андас,
Рахымың, құрметіңе иемін бас.
Дертіме шипа іздеп келіп едім,
Жегі құрт жей берген соң жаныма қас.
Балпық пен Ескелдідей кемеңгер де,
Айтуға сөзге жүйрік тереңдер де.
Ақылмен хан, төрені бағындырған
Қадірлі Қарынбайдай зереңдер де.
Дарынды Дарабоздай бəйбіше өткен,
Ақылы асып туған ерлерден де.
Дұшпанның он екіде шебін бұзған,
Атақты Тəттібайдай мергендер де,
Солардай ұлдар менен қыз туғызған,
Кім алғыс айтпас сіздей өнерлі елге!
Сəлем де Мəулімбайдай ақыныңа,
Жас түлек Ақшабектей батырыңа.
Еліне он екі ата Жалайырдың,
Жұрт сүйген ел басшысы – ата ұлына.
Қырымпоз жігіт екен Қыдыралы,
Көбірек қызды ауылды қыдырады.
Түбінде үлкен ақын болар деймін,
Көрінед басылмаған қызуы əлі.
Сөздері салмақты екен қорғасындай,
Құр сөзде құн бола ма үн қосылмай!
Серпінді, зор дауысты əнге шебер,
Жақсы ақын Қыдыралы – міне осындай.
Дейді екен жеңгелері Молдабала,
Кететін сөзге жылжып жорға қара.
Артына хатқа жазып сөз қалдырса,
Ұмытпас халқы оны сонда ғана.
Сəлем де Керімқұлдай шешеніңе,
Шежіре, əрі білгір көсеміңе.
Аузына орыс, қазақ қарап тұрған,
Кісі екен көрнекті де, көшелі де.
Аулында, көке, сіздің көп күн болдым,
Бір күнім татығандай неше күнге.
Сары қымыз, сансыз болған зор құрметтің,
Тіпті бір жете алмаймын есебіне.
Сіздердің сый-сияпат, ықыласыңыз
Күш беріп, ем болғандай кеселіме.
Дүние бір ұзақ жолдың керуеніндей,
Тоқтаусыз жүре беред көшеді де.
Білтелі шамнан нəзік сорлы өмірім,
Жоқ болып қалар бір күн өшеді де.
Дүниеге келіп-кетер əркім қонақ,
Солардың біреуі мен – өмірі шолақ.
Сырықтан қазық жасап ала алмайтын,
Ұқыпсыз болмаушы ма ед кейбір олақ.
Адаммын мен де сондай ұқыбы жоқ,
Құр тілді санап жүрген көңіліне тоқ.
Қағазға жалғыз сөзім түспеген соң,
Ұмытылып қалар Сара құр аңыз боп.
Әргендей көмекейім текке гулеп,
Солды өмір шешек атып бір-ақ гүлдеп.
Белгілі байлауы жоқ, матауы жоқ,
Есіл сөз босқа кетті желдей улеп.
Дəм татқан қадірлі елге тартып бұйрық,
Осы бір он ауыз сөз менен сыйлық.
Хикая, кітап жазып бере алмадым,
Әріптей болмаған соң хатқа жүйрік.
Кемді күн қызмет еттім дос-жаранға,
Өнерім аз болса да мақтанарға.
Мені де баламыз деп еске ал, жұртым,
Сараның айтары осы аттанарда!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter