Өлеңдер ✍️

  18.05.2023
  369


Автор: Сара Тастанбекқызы

Зорлық

 Ақырған аяз кетті, басылды жел,
Ашулы ақ бораннан ашылды жер.
Қар күреп, күресіннен жол салынып,
Қатынап, бір-біріне тасынды ел.
Жалғыз үй жапан дүздің жолындағы,
Бекеттен шеткері бір орындағы,
Елеусіз ел көзіне бір қалыпта,
Өзгермей өте берді өмір-дағы.
Не болды ондағылар, бар ма, жоқ па,
Тіршілік халі қандай, аш па, тоқ па?
Із салып, барып қайту дегендерді,
Бекетте ешкім ойға алған жоқ та.
Әйтсе де көктем шыға басылған қар,
Дегендей: «жария болсын жасырғандар»,
Көзіне ит пен құстың түсе берді,
Күл-қоқыс, сүйек-саяқ шашылғандар.
Жарлы үйден, үрлеу басқан жеке қоныс,
Көбейіп шыққан түтін иіс-қоңыс.
Білініп бірте-бірте бекетке де,
Сөз болып оңды-солды жатты сол іс.
«Жаз бойы жар құлағы жастық көрмей,
Жүретін жарлы кемпір азар өлмей.
Қырық үйден қысқа күнде есік ашып,
Тынбайтын арқан есіп, желбау өрмей.
Неліктен қар түскелі қадам баспай,
Қыдырып ешбір үйден есік ашпай.
Тығылып сыртқа қалай шықпай қойды,
Күн-түні молыққан ба дайын асқа-ай».
Дегендей күңкіл сөзден күннен-күнге,
Көбейіп айтылды ақыр ашық түрде.
Бір жат іс жарлы үйінде бар деген сөз,
Таралып ел ішіне кетті мүлде.
Тараған өсек-аяң осындайдан,
Айтылмай Арнайға да тұрсын қайдан.
Бұл хабар құлағына тиісімен,
Шешілді, – деді Арнай, – менің пайдам.
Қан шеңгел, қайсар болыс, қара ниет,
– Қамдан! – деп шабарманға қақты иек.
Құдайын танымайтын асау кедей,
Арнайдың алдына енді басын иед.
* * *
Абдыра алақандай абыр-сабыр,
Алпарыс, шапқыласу, айқай-дабыр.
Қамаған қараша үйді қырық шақты атты,
Шуласып бір жаяуға дейді «жабыл!».
Көлденең күресінде тұр Жайсаңбек,
– Жалынам, жазығым жоқ, ағайын! – деп.
– Ұрысың қанды балақ, түстің қолға, –
Дейді Арнай, – кете алмайсың малымды жеп.
Жарлыда қора болсын кілет қайдан,
Жөнімен азық жинап етін жайған.
Кесектей қар астына көмген еттен,
Қызарып қан көрінді анадайдан.
Ай топыр есік алдын атпен басып,
Жүргендер сойыл сүйреп, мылтық асып.
Қазбалап қар астына көмген етті.
Жабылып алдақашан алған ашып.
Жайсаңбек жалбарынад жауап қылып,
– Бір маған жабылуға келдің қырық.
Азығын жетім-жесір тартып алдың,
Отырған жан асырап, талшық қылып.
Келген жоқ ешқайсыңа менен зиян,
Десем де бермейсіңдер сөзіме ырық.
Туысым, елім емес, жау болсаңдар,
Кетіңдер біржолата бізді қырып, –
Деді де ашу қысқан арынымен,
Арнайды ат үстінен алды жұлып.
Белбеумен омыраудан қымти ұстап,
Дегенше: «жіберейін жерге ұрып».
Баж еткен дауысымыз тоқтау болды,
Апам мен екеуміздің ара тұрып.
– Ағатай, етке бола елді шаппа,
Ерлікке ерік беріп жазым таппа.
Қорыма ит жейтін бір өлексені,
Болғаны аман болсаң біздің баққа.
Жиылған елдің жақсы адамдары,
Жабылып жұмысың не ағамдағы?!
«Күміс пе күн бетінде жылтыраған?»
Жарлының жанын баққан адал малы.
– Ағатай, «шашпа топырақ – деген, – көпке»,
Шешілер өз жайымен бар болса өкпе.
Азығын қарт анамның алмаңыздар,
Біздің күн көргеніміз елге көп пе.
Арыны əлсіреген Арнай болыс,
Бергендей тілге көніп, сөзге қоныс.
«Шешуге дау аяғын ертіп жүр!» – деп,
Айдауды Жайсаңбекті көрді жөн іс.
Астыртын адамдардан хабар беріп,
Ізінен Жайсаңбектің қылмыс теріп.
Арнайдың ақылымен шақыртылған,
Дау күткен Тұрысбек те отыр келіп.
– Қажыеке, қапа болып ғазиз басым, –
Дейді Арнай, – бойға сіңбейді ішкен асым.
Алдында бір ұятқа душар қыпты,
Мал ұрлап мынау менің жақындасым.
Ағайын Құдай сүйіп, қыдыр қонған,
Болғаннан сізбен қыңыр кім бар оңған?!
Ырысты Маман – əкемнің ұрпағынан,
Ішінде жалпақ қазақ кім бар озған?!
Болғанмен жері-суым өз алдыма,
Арыма ағайындық ой салдым да.
Ұрымды өзім барып алып келдім,
Айыбын əперуге көз алдыңда.
Тұрысбек маңызданып қарқ-қарқ күліп,
«Кім өзі салып жүрген елге бүлік?!
Қасқыр да қас қылмайды малымызға,
Матайдың үш баласы түгел тұрып».
Жайсаңбек қусырулы екі қолы,
Кеудесі керіскедей кекке толы.
Бас иген сəлемін де қажы алған жоқ,
Көкиіп көрмегендей болып оны.
«Жə!» – деді сақал сипап қажы бір кез,
Дегендей өз ойымды ішіңмен сез!
– Артын айт, шаруаның, Арнай мырза,
Бұйымтай бізге келген шешілсін тез.
– Отырмын, – дейді Арнай, – мен де қам ғып,
Әнеки, мал ұрлаушы қолын қан ғып.
Астында аты, иінінде шапаны жоқ,
Қу кедей із-тозы жоқ жүрген қаңғып.
Айыпқа ат орнына тіксін басын,
Өтесін сөйтіп ішкен арам асын.
Жабатын бұл жарлының шапаны жоқ,
Бермесе күңшілікке қарындасын, –
Дегенде қалт түсіп бір қажы есіне,
Қарады Жайсаңбекке ол тесіле.
– Құтқарса Жиенқұлдың қиқағынан,
Емес пе татығаны бір бестіге!
Бұлар сөз берер емес Жайсаңбекке,
Келтіріп жатыр бəрін өздері епке.
Қарсылық бір-екі ауыз пікір айтты,
Жайсаңбек отыра алмай тектен-текке.
– Мен малын қажы аулының ұрлағам жоқ,
Қалайша бұйырдыңдар арам ниетке?
Малының терісін кім танып отыр,
Сөйлессін əкеліңдер бетпе-бетке.
«Айып» деп күңшілікке бере салар,
Шығарған адамым жоқ əзір шетке.
Мүлкіндей қолындағы саудалайсың,
Абайлап, Арнай, сен де сөзіңді епте!
Маманның маңын басып мал алғам жоқ,
Қажыеке, ақты айнытып, қате кетпе.
Ақырын Арнай деді: – Ей, Жайсаңбек!
Көкисің қалай сөйлеп, миымды жеп.
Мамаекең дəулетінің аздығынан,
Отыр ма қажы келіп, пəле іздеп?!
Қажы да қабақ түйген, қашқан сұры:
– Қалжақтап, нені айтасың, – деді, – ұры!
Ар көріп отырсың ба, ақымағым,
Болғанға құтты аулымның қара құлы.
Көнбесе билігіңе – көрсін біраз,
Айдатып жібер бізге! – деді, – мұны.
– Құп болад, – деді оған – Арнай болыс,
Асауға лайықты тегі сол іс.
Сонымен Жайсаңбекті абақтыға,
Апарып, қараңғы үйде берді қоныс.





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу