Өлеңдер ✍️

  18.05.2023
  88


Автор: Сара Тастанбекқызы

Жоқшылықта

 
Ақша қар алғаш жауған қыстың басы,
Көңілсіз көк салбырап қабақ-қасы.
Бекеті Абдыраның ашық дала,
Ақсудың жарғабақты босағасы.
Ышқынған оқтын-оқтын дала желі,
Жаныштап жер үйлерді бекеттегі.
Көшіре айдаланың аппақ қарын
Бүркеді борандата аяз демі.
Салынған сал қорадан аласа үй,
Есіксіз, терезесіз, қараша үй,
Қазандық, көне алаша, тозған қомша,
Жетімсіз жарлы тұрмыс – іштегі күй.
Әйнек жоқ, терезеге тартқан қарын,
Азынатқан босағадан қыс ызғарын.
Төрт жағын төңіректің қар үрлеген,
Жан да жоқ келіп-кетер бірлі-жарым.
Жылтылдап сол бір үйден шыққан жарық.
Кейде өшіп, үзіледі, кейде жанып.
Сол үйде тынбайтұғын мен ғанамын,
Уыстап тамызыққа отын салып.
Сақырлап қазан толы қайнаған су,
Үй-іші қара түнек қаптаған бу.
Қақталып көн үстінде жатыр апам,
Естілмейд үйде дабыр, ешбір у-шу.
Телмірген екеу едік түнді күткен,
Дəмелі секілдіміз бір үміттен.
Қазанда қара судың құр қайнауы,
Айтып тұр үйдің халін азық біткен.
Ақысын жалға жүрген Сахаридың,
Бермеген жартылап та, болмаса тым.
Көшіріп іргесінен Абдыраға,
Бұл үйді тентіреткен Арнай мығым.
Жайсаңбек – кіші інісі Тастанбектің,
Қорғаны жесір кемпір, жетімектің.
Абдыра бекетіне қоса келген,
Қорланып ағайыннан алған кектен.
Палуан қажырлы адам қайраты асқан,
Белдескен көп мықтымен бала жастан.
Жоталы жолбарыстай жойдасын ер,
Жүлде алған талай-талай той мен астан.
Тастемір, Арнайы болыс, Телібай би,
Сайысқа Жайсаңбекті салып ылғи.
Батыры Байғазының Мүсəпір де,
Жайсаңбек он жасынан алатын сый.
Бас қосып ас, жиында халық ана,
Сайысқан əрбір ерді сынға сала.
«Жайсаңбек нағыз палуан, жарайтын ер», –
Дегенді айтар еді солар ғана.
Елдің сол ардақтысы ер Жайсаңбек,
Бекетке туыстарын сүйрете кеп,
Қамы үшін жесір кемпір, жетім бала,
Ел кезіп кеткен еді азық іздеп.
Ал біздің жарлы үйіміз түн күзеткен,
Сарғайдық Жайсаңбекті тосып көптен.
Үй жылытып, құр қазанға су қайнатып,
Ырыздық тілеуші едік күнде көктен.
...Мінеки, ауытқыды түн жарымы,
Көрінбей күңгірттенді от жарығы.
Сол кезде үй жанына жақындады,
Бір дыбыс күртілдеткен тыста қарды.
Жай басқан ауыр жүктен Жайсаңбек ер,
Сартайжан, үй аман ба? Есік қай жер? –
Дей беріп арқасындағы ала өгізді,
Ақырын жерге қойып, бір сүртті тер.
Қарт ана қалтыраған қолын жайып,
«Бұйырсын, адал асы берген ғайып!» –
Деп, бетін сипай бата беріп жатыр,
Қалғандай бір-ақ күнде малға байып...





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу