Туындылар ✍️
Сапар жолы
(бірінші кітап)
Құрметті оқырман!
Біз кітаптың мазмұнын түгел айтып беруді мақсат тұтпаймыз. Осы келтірілген үзінділерден кітаптың не жайында, кімдер жайынан баяндайтынын шамалап болса да топшылай алған шығарсыздар деп ойлаймыз. Мұның жалғас екі кітабын да автор осы баспадан іле-шала шығармақ ойы бар. Бірақ әзірге қаржы жетіспеу жағы қол байлау болып отыр. Қол ұшын беріп, қаржылай көмек етем деушілерге автор алдын ала алғысы мен ризашылығын білдіреді. Демеушілік көрсетушілердің аты-жөні кітапқа жазылады.
Оқиғасы тартымды кітап
Құнанбай Зияш шым-шытырық оқиғаға құрылған «Өтпелі кезең» атты романына дейін де оқырман қауымға өзінің 1999 жылы Степногорск қаласында жарық көрген «Арнау» және «Жон арқамда салмақ тұр жеңілдемей» атты өлеңдер кітабымен көрінген еді. Ол сондай-ақ кеңес дәуіріндегі стратегиялық маңызы зор құпия қалалар туралы деректі материалдарымен де танымал. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде 35 жыл бойы құпия болған Степногорск қаласында тұңғыш рет өзі ашқан мемлекеттік тілдегі «Жаңалық» атты басылыммен қоса, сол қалада «Стелла» телерадиокомпаниясының жанынан «Шолу» атты бағдарламаны журналист-репортер ретінде жүргізген еді.
Құнанбай Зияш бұдан 63 жыл бұрын құрылған Қазақ саңыраулар қоғамының республика бойынша таралатын «Жанашыр — Милосердие» атты екі тілдегі газетін Тараз қаласында шығарған.
Құнанбай Зияштың «Өтпелі кезең» атты шығармасының «Сапар жолы» атты бірінші кітабында қазіргі өтпелі кезеңдегі замандастарымыздың дүниеге көзқарасы әрекеттер үстінде көрсетіледі. Онда қуаныш сезім де, өмірге деген зор сенім де, мұң мен наз да, зәрлі ащы шындық та бар.
Иә, қазіргі өмір сан қырлы, сан алуан. Оның идеялық мазмұны да аса бай, әрі қилы. Тағдырлары заманына байланысты Құнанбай кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесі оқырмандарды сөзсіз толғандырады, олардың келешекке, махаббатқа деген сезімдері философиялық деңгейге дейін өрбиді.
Шығарма оқиғасы өте тартымды, оқырманын үйіріп әкетеді.
Б. Әбілдаев.
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі
Адам елеусіз тозаң сияқты із-түссіз құрып кету үшін тумайды. Адам жер бетінде артында із қалдыру үшін, басқа адамдардың ақыл-ой дүниесінде жүргендей із қалдыру үшін туады.
В.А. Сухомлинский
Сапар жолы
Тәтті ұйқының елегінде жатқан мені баж ете түскен телефонның қоңырауы оятып жіберді. Ұйқылы-ояу төсектен түсіп, қараңғыда жан-жағымды қарманып жамылатын бірдеңе тапқанша, телефонмен тілдесіп жатқан Халиманың даусын есітіп, көп таныстарының бірі болар деген оймен жылы төсекке қайтадан бас қойып, түйе жүн көрпені қымтанып аунап түскенім сол еді, лезде көзім қайта ілініп кетіпті.
Біраз уақыт өткен шамасында Халиманың түрткісінен қайта ояндым. Ұйқым қайта-қайта бөлінгеніне реніш қынжылумен:
— Не пәле? Таң азанмен ерігіп. Сағат неше болыпты?
Біресе телефон, біресе сен, не қылған бәлесіңдер? Адамға ұйқы бермедіңдер ғой! — деп, істің мән-жайына бармай-ақ, байбалам сала ояндым.
Менің ренішім екі жыл бірге өмір сүріп жатқан әйелім Халиманың ойбайының қасында жіп есе алмай қалды.
— Мен емес, пәле — анау! Раиса қатыныңның ісімен келінің бір жаңалық айтқысы келетін көрінеді. Сол пәле салып жатқан. Сені сұрап жатыр.
— Кім?
— Раисаның абысыны, сенің келінің.
Ұйқымды әлі аша алмай есінеп отырып, қапелімде түк түсінбей. «Жынды ма мынау, жоқ, әлде, бірдеме шалықтаған ба өзін?» деп, мең-зең болып біраз отырдым да, тілге келдім.
— Әй, қатын, есің дұрыс па? Таң азанмен не оттап отырсың? Маяң не, Раисаң не?! Не деп тантып отырсың, жөндеп айтшы, — деп шыж-быжым шықты.
— Әй, анау Мейізкүл келінің мен сенің бұрынғы қатының, Рабиға екі «деловой» абысындарыңның үстерінен тергеу орындары қылмыстық іс қозғап жатқан көрінеді. Солардан құтылуға сенен ақша табыла ма? — деп, менен соны сұрап жатыр. Ақша дейді. Ақша! Бар енді жауабыңды бер. Телефонда күтіп тұр.
Есім шықты. Телефонға не барарымды, не бармасымды білмей, дал болдым. Ар жақтан келінім Мейізкүлдің жағымсыз, тарғыл дауысы саңқ-саңқ естіліп жатыр.
— Аға, сіз бе, тыңдап тұрған?!
— Иә, мен...
Сәлем-сауқатсыз, әй-шәй жоқ, келін бастырмалата жөнелді.
— Сіздің адресіңізді білмегендіктен бе, жоқ, әлде, тұрақты мекен-жайыңыздың жоқ екенін білмегендіктен бе, тергеушілер шақыру қағазын кеше маған әкеп берді. «Директорыңа апарып бер» деп қол қойғызып алды. Бүгін сағат 10-нан қалмай, Орталық ауданның тергеушісі Құлжабаев Бақытжанға барасыз. Жай тергеуші емес, «аға» тергеуші, «опытный следак», 24-ші кабинет. Тарғыл даусы одан сайын жарықшақтанып, тоқтамай сөйлейді, тегі бір тергеуші мен бұрыннан сыр алғы адамдай келіннің көңіл күйінен бір сарын білінеді. Анда-санда сигаретті ішке тартып «уф-ф-ф» деп үрлегені анық естіліп, тоқтаусыз көсілгеніне қарағанда, кешегі «жүз граммның» әлі де уыты қайтпаған-ау!- деп ойладым.
Ойымды жиғызбай, енді еркелік әуеніне салып, біресе орысша, біресе қазақша бұлаңдай бастады.
— Ағай, извиняюсь, повестканы кеше алып келетін едім, бір крутойлардың отырысында болып, үлгере алмадым. Все меня знают же, уважают же, бармасам, не удобно же. Сол себеппен таң атпай телефон соғып жатқаным. Обязательно барыңыз, а то, мені Бақытжан Құлжабаевич повешает! - деді де, есімді жиып, жауап беруге мұршамды келтірмей, телефонның трубкасын қоя салды.
Қайтадан мән-жайды біліп, не туралы шақырғанын, не мәселе жөнінде сұрайтынын анықтап алмаққа қайта телефон шалсам, жиі гудок желі бос емес екенін аңғартты. Телефон нөмірін қайта-қайта тергеніммен, еш нәтиже шықпады.
Сағат ертеңгі жеті. әлі үш сағат уақыт бар. Мен сағат онда баруым керек. Жатар бөлмеге кірсем, Халима тап-тұйнақтай ғып төсек-орынды жинап, жуынатын бөлмеге кетіпті.
Дел-салмын. Жуынып болған Халима бөлмеге сөйлей кірді. Үнінде ащы кекесін бар.
— Қатындардың мафиясына душар болып, басың қатып отырсың ба?! Ә... «қораға кірді» деген осы! - деп табалай түсті.
— Бұл не пәле? Сен білесің бе?! Бұл не жағдай, тағы не сұмдық? Бірдеңе білсең, айтпайсың ба?! Әкесі өлгенді де естіртеді ғой!, — деп, аузыма келген сөздерді айтып, жорта ашуланған боламын.
Халима жақсы адамдардың ұрпағы емес пе, тез сабасына түсті. Бәлкім, менің онсыз да жаралы жүрегіме қаяу түсіргісі келмеген шығар. Талдырмаш бойлы, сұлу мүсінді, реңді болуы да тұқым қуалау ретінің бір себептігі болар, — деп ойладым, жүрегім жыли түсті. Өйткені қанша ашу-ыза кернесе де, жабырқап жабынса да, жүзінен ашу-ызаның инедей де табын сездірмейтін қасиеті бар еді.
Сырт көз басқа адамдар Халиманың жабырқап, ыза буып, ашу үстінде тұрғанын тіпті де аңғара алмайтынына менің күмәнім жоқ. Өйткені ол — әншейінде ашу шақырғанымен, қайтымы жылдам, жайдары жан. Жүзінен көбіне күлкі табы кетпейтін. Ол өзінің жаратылыс сыйлаған қасиетін сезеді, бағалай да алады. Айтар сөзін де он ойланып, жүз толғанып, айтатын адамына жай сыралғы қарапайым үнмен ғана жеткізетін еді.
Ал мені қайран қалдырғаны мана түйеден түскендей етіп, бөлмеге кірмей жатып, «қатындардың мафиясына душар болып, «қораға» кірдің бе?» деген сөз еді.
— Иә, мен біраз нәрсені білемін, біраздарынан хабардармын!, — деді Халима біраз үнсіздіктен соң.
— Боспалап, қоқан-лоққы жасамақ оймен, бір жағы абысыны екеуінің тірлігін саған жеткізсін деген пиғылмен айтып отыр. Негізгі ойлары — сені өз мүддесіне пайдаланып, жем қылу. Жарайды, қалған жағдайды шақырған жерден білерсің. Сағат сегіз болып қалды. Шәйіңді іш, сен жеткенше, он да болып қалады, — деді кесені ұсына беріп.
— Мен, біріншіден, повестканы қолыма алған жоқпын. Екіншіден, менің қандай кінәм бар? Біреудің далбасалап «шақырып жатар» дегеніне шапқылай берем бе? Құрып кетсін. Менің бүлдіріп қойған дәнеңем де жоқ. Бармаймын! - дедім.
— Әй, Сабыр, сен менімен отандасып, үй-жай болып жатқаныңа, міне, екі жылдың жүзі болды. Осы екі жылдың ішінде абысындардың істеген ісі мен айтқан сөздеріне әбден шыдап болдым. Көңілің үшін тіс жарып саған ләм-мим деген жоқ едім. Бәрін қойып, Мейізкүлдің менің шешеме де сен жайлы талай-талай жаман пиғыл туғызатын, тіпті үрейлі өтірік пен өсек сөздерді қардай жаудырғанына да сыр білдірмей, естімегендей боп, сырт беріп жүр едім, енді түсіне білсең, шыдамның да шегі болады екен. Бұлар тіптен даңдайсып кетті ғой. Сен кәсібіңмен жолаушылап кеткен сайын, неше түрлі адамдарға маған телефон шалдырып, «мен рэкетпін», «мен разборщикпін», «мен киллермін»- деп қорқытып, үркітіп, үйден қадам басып шықпайтындай жағдайға мәжбүр етті. Оны да саған айтып тіс жармадым. Қойшы, абысын-ажындар не демейді, ағайынның тиыштығын ойлайын, арасы ажырамасын бір - бірімен ащы болмасын!-дедім. Оның үстіне сенің адалдығың, олардың ісіне еш қатысың, кінәңның жоқ екенін ойладым.
Сенің бір кездегі жоғалтқан мөріңнің шеті келініңнен қылтиып тұр-ау. Байқаусыз сөйлеген бір сөзінен байқағандаймын. «Сол қолды болды ма?» деген күдігім тағы бар. Менің түйсігім осы жайға келіп тіреледі де, ойымнан шықпай, маза бермейді. Қойшы, айналайын, солар тағы бірдеңені бүлдірмей тұрғанда, істі насырға шаптырмай, шақырған жеріне барып, істің мән-жайын білсеңші. Әлі де кеш емес, ана «абысындардың» сөз төркінінен байқап отырмын!-деп, Халима тұнжырап қалды.
— Киімің дайын. Анау қоңыр костюм-шалбарыңды ки де, бір түсті галстук тақ, туфли, курткаң дайын. Бол, бол, енді, сағат тоғыз болды. Іздегенге сұраған! - деп, шақырған адамың күтіп отырған шығар. Өзі тәртіпті сыйлайтын офицер екен. Жай-күйіңді түсінер!-деп, жігерлендіріп қоюды да ұмытпады.
Айтқан жерге сәл кешігіп келдім де, 24-кабинеттің есігін қақтым. Арғы жақтан «Да!» деген қатқылдау үн естілді. Жаймен есікті ашып, кабинетке кірдім. Шағын стол, қабырғаға қатарлас үш-төрт орындық қойылыпты. Төрде шашын өте қысқа етіп алдырған, қара-торы, қысық көзді, штаттық киімдегі жігіт отыр. Орта бойлы, толықша келген, жас шамасы 35-40 тардағы жігіт, сәлеміме жауап қатпастан:
— Кімсің? — деді әй-шәй жоқ көзі тікірейіп.
— Сабыр Асылбеков!-деген едім. Свердлов ауданы, «Көлқайнар» кооперативінің бастығымын. Аға тергеуші Құлжабаев Бақытжан керек еді. Шақыртқан екен, — деп үзік-үзік анықтама беріп үлгердім.
— І-і-і, шақырыпты де?! «Көлқайнар» кооперативінің бастығымын де?!-деп, тергеушінің қысық көзі тіпті сызық болып кетті. Енді сол көздерін сәл ашқан болып тесіле қараған күйі, жайлап телефон құлағын көтерді.
— Кезекші! Дежурный! Ана жерде тұрғандардан понятойға 3-4 адам және тергеуші капитан Бекжановты тез жіберіңіз!, — деді керги түсіп. Өзі түргеліп, бұрыштағы сейфті ашты да, ішінен бір нәрсені іздей бастады. Ары аударып, бері аударып тұрып, сыртында жазуы бар дәу папканы алып, столына жайғасты. Үн-түнсіз ақтара бастады. Орта тұсынан бір суреттерді алып, папканың жанына қойды да, қайта үңілді.
Сол кезде есік ашылып, кабинетке бірнеше адам кірді. Соңындағы арықша келген бұйра шашты сары жігіт:
— Жолдас майор, понятойларды алып келдім!-деп, тағы қандай тапсырманы орындауға дайын екенін аңғартты.
— Мынау тұрған — бастық. «Көлқайнар» кооперативінің бастығымын!-дейді. Бұл бастықтың ісі туралы менде талай уақыттан бері материалдар жиналуда. Және әр жерден. Так... Бүгін күн жұма. Бекжанов, сен керекті құжаттарды әзірле. Дүйсенбіге прокурорға апарамыз, санкцияға дайында.
Ал қазір мына понятойлардың көзінше керек қағаздарды толтыр да, апарып қама! — деді де, осымен іс бітті дегендей темекісін тұтатып, өзімен-өзі болып кетті. Сол-ақ екен, әлгі капитан: «Қолыңды артқа! Алға жүр!» деп әкіреңдеп, есік жақты нұсқап коридорға шығарды да, қатар-қатар есіктің бірін ашып: «Кір», — деді. Үн-түнсіз кіре бердім. Артымнан екі-үш адам ілесе кірді.
Өзі төрдегі көлденең столдың ар жағына жайғасып алды да, бір папканы алып, әлде бір қағаздарды дайындады. Сәлден соң әлгі аға тергеуші Құлжабаевтан алған папканы ашып, сәл үнсіз отырды да:
— Мына кісілерді танисыз ба?-деп, екі-үш сурет көрсетті.
Қолымды соза беріп едім, қолын тез тартып алып:
— Ұстауға болмайды, жақын келіп көр! — деді, аса бір мемлекеттік маңызы бар дүниедей.
Жақындап келіп, бірінші суреттен немере келінім Мейізкүлді көріп:
— Танимын, — дедім. — Екінші суреттегі ажырасып кеткен бұрынғы әйелім Рабиғаны да танимын, — дедім. Одан кейін тағы да бірнеше суреттер көрсетті. Мен:
— Екеуінен басқасын танымаймын, — дедім тергеушіге қарап.
— Жаңа танимын деп едің ғой!, — деп понятойларға қарады.
— Мен екеуін, тек екі адамды, келінім Мейізкүлді және Рабиғаны танимын!-деп айттым сізге. Ал жанындағыларды танымаймын, — дедім сәл зілдей түсіп.
— «Көлқайнар» кооперативінде Мейізкүл Аяғанова қай уақыттан бастап істейді? — деді капитан бір көзін қысып, басын сәл қисайта қарап.
— Мейізкүл Аяғанова «Көлқайнар» кооперативінде еш уақытта істеген емес, — дедім мен де, үніме әдейі сәл кекесін араластырып.
— Уақытша да ма?
— Уақытша да.
— Рабиға Жәкенова ше?
— Рабиға Жәкенова менде есепші болып істеген.
— Ол саған кім болады? Қандай жақын, әлде туысың ба?
— Ол кісі менің әйелім болған.
— Қазір ше?
— Қазір елінде екі жылдан асты, ажырасып кеткенбіз.
— Еліне қашан кетті? Өзі қай жақтан?
— Жақында, екі-үш ай болды. Елі Қостанайда. Менің тағдырым қызықтырып кетті ме?
М-м-м... — деп біраз отырды тергеуші:
— Қанша бала бар? — деп әңгіменің ауанын өзгертті.
— Екі ұл, бір қыз.
— Үлкені нешеде?
— Үлкені ер бала жасы 21-де, одан кейін қыз бала, 18 жаста, кенжеміз ұл, 12 жаста.
— Үлкенің қайда, оқима? Жұмыс істей ме?
— Оқиды.
— Қыз ше?
— Ол да оқиды.
— Қайда оқиды?
— Ұл Томск қаласында, Ресейде, қыз Қарағандыда.
— Қандай оқуда?
— Ұл, радио-инженері институтында, қыз университете, заң қызметкері болмақ, кішіміз 6-шы класта.
— Ал Мейізкүл қандай келінің? Қандай туысыңның әйелі?
— Немере інімнің әйелі. Әкелеріміз ағайынды кісілердің балалары. Немере келін.
Сәл үнсіздіктен соң капитан бірнеше суреттерді көрсетті. Бір суретте сірескен арақ пен бос шынылар жәшік-жәшік болып жиналып тұр. Және де неше түрлі этикеткалар. Енді бір сурет анық етіп түсіріліпті. Онда Мейізкүл арақтың этикеткаларын қолына ұстап тұр. Тағы бір суретте пластмасс бөшкелердің арасында Мейізкүл мен бір ер кісі. Жанында төрт бұрышты, сиымдылығы 300 — 400 литр келетін ваннаға ұқсас, бірінің үстіне бірі шығарылған астаушалар.
— Мейізкүл Аяғанованы суреттен таныдың ғой?!
— Иә, таныдым.
— Танысаң, сол Мейізкүлге спиртті, этикетка мен пробканы қайдан алып бердің?! Шығарған, жасаған арақты қайда апардың?! Бартерге алған мал мен теріні не істедіңдер?! Жезқазғанға қанша техникалық спирт, қанша таза этил спиртін апардың, оның орнына қанша мыс алдыңдар?! Мысты тура қай жерден алдың?! Оны қайда өткіздіңдер?! — деп, тізбек-тізбек сұрақты қардай жаудырғанда, не деп жауап қатарымды да білмей, өң мен түстің арасында қалдым.
«Бұл тегін емес-ау, алда әлі қандай бәле күтіп тұр екен?»-деп қатты қиналдым. Тергеушінің саңқ еткен даусы селк еткізді. Басымды көтердім, тергеуші маған тесіле қарап:
— Сабыр Асылбеков, істеген қылмысыңа жауап бер! Түлкі-бұланға салма! Үкімет пен халық алдында, сот алдында заң жүзінде жауап бересің. Үкіметтің құрығы ұзын, ешқайда қашып құтыла алмайсың! — деп, екі қолының екі саусағын айқастырып «тор» жасап, түрме дегендей ишарат білдірді. Және сенің жаның күйзелген сайын, ол рақат табатын сияқты.
— Жолдас тергеуші, менің бұл істерге еш қатысым да, араласым да жоқ. Білмеймін, Мейізкүлдің не істеп, не қойып жүргенін. Тіпті білмеймін.
— А-а-а, білмеймін де! Керекті құжаттарды толтырып, қол қойып, «Көлқайнар» кооперативінің мөрін басып бекіткенді білесің! Пайданы ақшалай бөліскенді білесің. МАИ қызметкерімен қарауыл тобын алып, мыс пен спирт, ірі-қара терісін және басқа да түрлі тері-терсекті қоса тиеген жүк машинасын кедендерден ұзатып салғанды білесің! Істі болып, жаның алқымға тірелгенде, ештеңені білмейсің, ә ?!
Жарайды солай-ақ болсын. Енді Рабиға Жакенованың «Үркер сәулесі», «Қазақстан», «Тұран» фирмасынан алған тауарлары мен косметикалық бұйымдaрын да білмейсің бе?!
— Оны да білмеймін, ештеңе білмеймін.
Пәлен жыл қойнымда жатқан шұбар жылан мен келінім деп көлгірсіген сайқалдардың қандай іске душар етіп, жалалы етіп отырғанын біліп, тіпті тұншығып қалдым. «Білмеймін» деген сөзден басқа амалым да қалмағандай еді. Шын сөзімді айтып, шынында да білмейтінімді, еш қатысым жоқ екенін қанша айтқанмен, тергеуші тыңдамақ тұрмақ, құлағына да ілетін түрі жоқ.
Неше түрлі сұрақ сарыны мен тергеу жүйесінің мән-жайынан біраз нәрсені түбін аңғарғандай болдым. «Қой, бұл істің бет алысы жақсы емес сияқты. Маған беймәлім қардай жауған мына сұрақтар неше түрлі жасаған айла-тәсіл мол, шым-шытырық оқиғалар қалайша Мейізкүл мен Рабиғаның ісі?»-деп, қара басым қазандай болды... «Жоқ, әлде, тағы басқа сыбайластары бар ма?» деймін терең ойдың түбіне шомып. Кенет бір жағдай есіме сарт етіп түсті. Ұмытпасам, осыдан екі-үш жыл бұрын Мейізкүлдің бір келін-кепшік, абысын-ажындардың бас қосқан жиынында от басы, ошақ қасында әңгімесін құлағым шалып қалған еді. Сонда әңгіменің төркіні құдашасын Мәскеуге қаракөл елтірісін алып барған сапары жөнінде болған еді. Сол жерде шиландай елдің көзінше құдашасын жерден алып, жерге салып жамандап, «Тиемелді ақымды жеп кетті. Елтіріні өткізген кезде алатұғын адаммен кездестірмеді де. Оның шабаданындағы елтіріден менің елтірімнің сапасы әлде қайда жақсы еді, сорты жоғары болатын. Өзінің жаман елтірісін менің тауарымның арқасында өткізіп, пайдаға белшесінен батты. Өзі оңбаған қатын екен. Ол ол ма, пойызбен кетіп бара жатқанда, ЛОМ-ның милициясы тексеріп келіп, кезек құдашама келген кезде бажылдап, өтірік қысылып, «Жүрегім! Ойбай! Жүрегім! Шабадан менікі емес, анау әйелдікі» деп, маған ысырып, мені көрсетіп, екі ортада мені бәлеге қоя жаздады. Тегі сұмдық зәлім, сұмырай екен. Содан ес-түссіз талып қалған құдашам милициялар кетісімен, есін жиып «Мейізкүл, Мая, а Мая, шабадан қайда? Шабаданға тиген жоқ па?» деп, әбігерге түссін.
— Жоқ, ашқан жоқ, өзің қалайсың? Не, жүрегіңнің талмасы бар ма?! Ойпырай, саған мұндай тірлікпен жол жүру қауіпті екен ғой. Өзіңді-өзің қинауың, бұл жақсылық емес. Жазатайым жүріп кетсең, бір қиянда не болар еді. Беті аулақ, құрсын!, — деп, бәйек болып жатырмын. Сөйтсем құдай-ау, құдашам таза әртіс екен.
— Ой, Мейізкүл, сен әлі білмейді екенсің ғой, біздің кәсіптің қыр-сырын? Қалай, ә? Шынымен сенді ме?! А... өздері де қорқып кеткен шығар.
— Ойбай-ау, қорықпақ түгіл, зәре құты қалмады, тіпті доқтыр шақыр деп бұйырып кетті! Проводниктерің де жән-тәні қалмай, кері қарай жәрдем шақыруға жүгірді. Әне, келе жатыр! — дей бергенім сол екен:
— Ойбай, Мая, жақсы, жақсы болды, су ішкіздім, валидол бердім де. Бұл жай айла ғой, роль, айла-тәсіл, тез-тез, жолатпа! Келтірме! Сырт көз көп!, — деп жанталасып, «Құрт-құрт» демесі бар ма?
Тегі сұмдық шіркін-ай, зәлімнің зәлімі екен. Сөйткен құдашам жеткенше ауызбен орақ орып, қай-қайдағы мәскеулік Володяның атын айтып қойып, «Сол бәрін туралайды, құдай соған аман-есен жетсек болды, қалған мәселенің бәрі ойдағыдай болады», деп, барғанша жарылқаумен болды.
— Көресің, Мая, қайтарда тек «Московский» тауарға шабаданың лық болады, — дейді. Мен де қуанғаным сонша — асты-үстіне түсіп, «Айтқаның келсін» деп бәйек болам. Сөйткен құдашам... Ойпырай, зәлімдігін қарашы. Содан қойшы, айласын асырып, ақыры мені Володясымен кездестірмек түгіл, маңайына жолатпай, ақыры тақыршаққа отырғызды ғой»-дегені санамда жаңғырып, қайта-қайта есіме түсіп, тегі жүрегімді сыздатты.
«Япырау құдашасы емес, бұның өзі сұмдық екен ғой» деймін іштей.
Жарайды, елтіріні араққа, спиртке, тағы басқа затқа айырбастасын, арақты да спирт араластырып, самогон еткен болсын. Маған жұмбағы, — мыс. Мысты қалай алды? Оны қайда апарды? Оған қалай жол тапты? Осыншама жұмысты әйел адам жалғыз өзі атқару не деген сұмдық. Жоқ, әлде, сыбайластары мықты ма? Жарайды, тергеуші маған МАИ-дың көмегімен ұзатып салдың дейді. Солай-ақ болсын. Сонда бір тосқауылдан өтесің. Қалған тосқауылдан қалай өтесің? Аудандық, облыстық, тіпті мемлекетаралық кедендер мен бекеттерді қайда қоясың? Ондай бекеттер Қазақстан бойынша, басқа республиканы қойғанда, қаншама десеңші? Ойпырмай, бұл миға сыймайтын жағдай ғой. Өзі мынау тергеуші де жынды екен. Мені сондай дәрежедегі адам деп, ірі мафиозниктің қатарына санап отырған.
Мен ондай дәрежедегі адам болсам, өз басымдағы жағдайыммен қоса, өз шаруақожалығымның іс нәтижесін білуге неге құмартпайды, өкіметтен алған несиені де уақытысында қайтара алмай, созып алып жүрісім анау. Ауа райының қолайсыздығынан өнім өнбей, егін жай, көкөніс шаруашылығында істеп жүрген қарамағымдағы диқан шаруалармен дер кезінде есептесе алмай, әлі күнге дейін берешек болып жүргенім мынау. Жер өңдейтін, егін жинайтын, тасымалдайтын барлық техникалық керек-жарақ, қосалқы бөлшектер мен саймандарға дейін сатып алуға қаражат болмай, жанармайдың өзін келесі егіннен түскен өнім есебінен өтейтін боп қарызға алып отырғанымды неге тергеп-тексеріп білмейді бұл, а?
Қай-қайдағы алаяқтарға таңып, елді-халықты, үкіметті тонап, талан-таражға түсірген мафия, контрабандаға қосып, істеген ісіне жауап бер дегені қай сасқаны. Мейлі, дәл қазір бұларға қарсы амал да, айла да жоқ. Уақыт осылардыкі болып тұр. Меніңше, осы тергеушілердің өзі де сау емес-ау, «Сүт — көп, көмір — аз», бәрін де уақыт көрсетер. Тек «шыда-шыда» деп, өз-өзімді жігерлендіргеннен басқа еш амалым да жоқ еді.
Өзіммен-өзім болып, өз ойыммен әрі-сәрі болып отырғанымда, кенет тергеушінің «кезекші» деген қатты даусы селт еткізді. Жалт қарасам, телефонның тұтқасына аузын тосып, «Кезекші!», «Кезекші!» деп айқайлап жатыр екен. Ар жақта кезекші үн қатқан болу керек:
— Мына менің алдымдағы адамды дүйсенбіге дейін уақытша қамау бөлмесіне апарып жабыңдар. Құжаттарды толтыр. Прокурордың санкциясына қатысты құжаттар дүйсенбіге дайын болсын! — деп, телефон тұтқасын орнына қойды.
Маған жақында деген ишарат жасап, сұқ саусағымен көрсетіп, жазылған қағаздың әр-әр жеріне қол қой, - деген ым қақты. Мен қол қойып бола бергенде, ішке екі милиция кіріп келіп, не бұйырасыз дегендей, селтие қалды. Барлық қағазды қаттап, жиып болған тергеуші: «Қамауға апарыңдар!», — деп бұйырды. Екі милиция біреуі алдыма, біреуі соңыма түсіп, бір бөлмеге апарды да, тұла бойымды тінтіп тексеріп, мойнымдағы галстукті, белімдегі белдікті, қолымдағы сағатты шешіп, блокнотты алып, список жасап, қол қойдырып алды да, салдыр-гүлдір еткізіп дәу кілтпен темір есікті ашып, арқамнан түйіп итерген бойда ішіне ендіріп жіберді.
Ар жақтан мені қолқаны қабар күлімсі иіс лап етіп қарсы алды да, бірден тынысымды тарылтып, денемді тітіркендіріп, тұншықтырып ала жөнелді.
Ертеңгі Халиманың шәйінен басқа күн ұзаққа нәр татпаған мені тергеушінің қыспағы мен ақылға кірмейтін сұрақтары жүйкемді тоздырған неше түрлі ой, ол аздай енді мына қамауда күлімсі сасыған ауада, өкпені қауіп, тынысты тарылтқан сасық ауасы, әрі сырттағы жарықтан бірден қараңғы бөлмеге кіргендіктен, көзім түк көрмей апалақтадым да қалдым, аяғымның асты былқ-былқ еткендей болды да, екі-үш рет басып үлгерместен, етпетімнен құлап түстім.
Жалма-жан қолымды тіреп, тұруға ыңғайлана бергенімде, біреу боқтап, майлы жерімнен бір тепті. Қапелімде не істерімді білмей, қозғалсам, тағы біреуіне жазатайым тиіп кетемін бе! — деп, сол жатқан жерімде қимылсыз қалдым.
Ду ете қалған кекесін аралас әжуә күлкі естілді де, артынша орысша аралас біреуі анық қылып: маған «Что, сдох, что ли?! Пластом улегся, или слепой, давишь человека!» деп орысша тіл қатты.
Сонымен қатар бірнеше адамның қосарланып сөйлеген дауыстары естілді. Бір дауыс маған ерекше естілді. Бұрын да жиі естіп жүрген таныс дауыс. Үні, әуелі сөз ырғағы мен сөз арасындағы «қызталақ» деп қоятын «связкасы» да таныс. Әйтеуір жақын араласқан, сөйлесіп жүрген адамның бірі екені сөзсіз.
Жатқан жерім цемент сызы білініп тұр, сипалап ұстап көрсем, қатты бұдыр-бұдыр қиыршық тасы бар цемент-бетон көрінеді. Әлгідегідей емес, көзім үйреніп, адам бейнелерін анық ажырата бастадым. Тарлау келген ұзынша бөлмеде төрт-бес адамның екі-үшеуі малдас құрып, бір-біріне қарама-қарсы отыр екен. Бір-екеуі аяғын созып шынтақтап, қисая орналасыпты. Малдас құрып отырғандардың ішінен жаңағы таныс дауыс:
— Кел, мына біздерге жақын орналас. Қай туған боласың?! Қашан әкелді?! — дей бергені сол еді:
— Тоқта, өзің ше? Өзің кімсің? Даусың таныс қой!, — деп, мен де оған жақындай түстім. Жүзін енді анық көрдім. Мұрты едірейген, шашы ылғи да ұйпа-тұйпа болып жүретін, менің немере інім Мейізкүлдің күйеуі Дәнебаймен бір класта оқыған біздің ауылдық Ердос деген жігіт болып шықты. Соңғы жылдары қалада ДОСААФ-та вездеход КамАЗ жүргізушісі болып істейтінін білетінмін.
Олардың үй-ішінің бәрін танимын. Үлкен ағасы — малшы. Біздің ауылдан шеткерілеу жерде орналасқан қой совхозында, көп жылдан бері мал бағады. Әкесі марқұм Жолдасбай деген кісіні де бала кезімнен талай көргенмін, тіпті әкеммен бірге ары-бері мал айдап өткенде, үйіне талай рет қонған да болатынбыз. Шешесі Гүлбахрам деген кісінің пісірген тапанша наны сондай дәмді де тәтті болушы еді. Малды санап өткізіп болған соң бір тапанша нанды орамалға орап, қоржыныма салып: «Нан деген — қасиетті нәрсе, бізден дәм-тұз бұйырып тұр екен. Қоржыныңда нан болса, қарның да тоқ, көңілің сергек, жолың оң болады, балам, қарның ашқанда жерсің» деуші еді жатқан жерің жәнатта болғыр жарықтық.
Расында, кейін сол кісінің сөзін талай еске алып жүрдім. Бала кезден көрген, білген, есіткен сөз еш уақытта естен шықпай, көз алдында елестеп, сурет болып қалады екен. Тағы да менің өмірімде бір балалық шақ оқиғасы осы Жолдасбай атаға байланысты жай еді. Сол әлі күнге дейін есімнен шықпайды. Тіпті күні бүгінге дейін көз алдымда.
Ол кезде Жолдасбай ата ірі қой шаруашылығына мамандандырылған оңтүстік меринос атты асыл тұқымды көршілес совхоздың асыл тұқымды қошқарын бағатын. Ол кезде менің үлкен апам Озипаның тірі уағы. Ары-бері өткен кезден Жолдасбай қария үлкен үйдегі келін-кепшік, бала-шағаның аман-есендігін біліп кетейін дей ме, келіп түстеніп, кейде қона жатып, әңгіме айтып, өткен-кеткендерді қозғап отырушы еді. Атаның өзінің қасы қалың, көзіне дейін түсіп тұратын. Сақалы қою, ақ түсті мұрты едірейіп, жан-жағына жайыла түсіп, қабағының үстіңгі қатпары көзін ылғи жауып тұратын. Байқамаған адамға мүлгіп, ұйықтап отырғандай әсер қалдыратын. Басына ылғи үлкен ақ сәлде орап жүретін.
Сондай бір шай үстіне тап келдім. Үлкен апам, әкем және көрші Ұлбике апам отыр екен. Сәлем бердім. «Кел, отыр» деген ешкім болмаған соң, апамның қалқасына қарай отыра кеттім. Ойым біреу «шай іш» дей қала ма деген дәме.
Ол кезде ізеттілік, тәлім-тәрбие дегеннің кереметтігі сонша — үлкеннің үстіне кіру, олармен араласып дастарқан басына отыру деген атымен жоқ кез. Апамның еншісінде болып, бауырында өскен соң, «үлкен апа баласы», «қара тентек» аталғандықтан, қатал мінезді әкем де маған апамның көзінше ләм-мим! — деп сөз қатпаушы еді.
Осындай артықшылығымды пайдаланып, мен өзімді еркін ұстап, дандайсыған кездерім де көп болатын. Төрдегі отырған Жолдасбай атаға көзім түсіп кетті. Көзін шарт жұмып алған. Не шай ұрттамайды. Ұйып отыр. Үй іші де тым-тырыс. Ауызындағы тамағын шайнаған күйі, көзін жұмып, мүлгіп отыр. Бұл көрініс маған қызық көрініп кетсе керек.
— Апа-апа! Үлкен апа! — деп алып, — Жолдасбай ата не, жусап отыр ма? Жоқ, күйсеп отыр ма?! — деп қойып қалмасым бар ма. Сол сол-ақ екен, әкем қолындағы шынымен жіберіп ұрды. Әйтеуір құдай сақтап, шыны тимей қалды. Әйтпегенде, әкемнің күректей қолынан шыққан шыны сөзсіз майып қылатын еді.
Үйдің іші абыр-сабыр бола қалды. Кейбірі тіпті не болғанын да түсінбей қалды-ау! — деймін. Мен болсам, есікке қарай зыта жөнелдім.
Қайран балалық-ай!
Одан кейін бертін келе, ол кісі туралы әкемнің өз аузынан талай әңгіме естігем. Соғыстан кейінгі жылдар болуы керек. Әкем жаралы болып келіп, кейін бір аяғы бір аяғынан кем болып қалғандықтан, колхоздың ауыр жұмысынан босатылып, бастықтың жарлығымен қырманға қарауыл болыпты.
Сол қырманда Жолдасбай ата бас болып өгіз қосақтап, бидай бастыратын көрінеді. Бір күні қырманға аудандық басқару комитетінің төрағасы келіп, қырманда бастырылып жатқан астықтың мөлшерін біліп, жұмыстың барысымен танысып, жасы үлкен қария кісі болған соң, Жолдасбай атадан кем-кетістікті, хал-ахуалды сұраса керек.
Сонда Жолдасбай ата әңгіме арасында әдет бойынша «қызыңды ұрайын», «уа, қызыңды ұрайын» деген сөзді қоса берсе керек.
Сонда жаңағы ауданнан келген кісі шыдай алмай кейіп:
— Уа, қария, сізге не болған? Жасыңыз осы жердегі адамдардың бәрінен үлкен. Ата сақалыңыз аузыңа біткендегі сөзіңіздің бірі — боқтық пен жаман сөз. Бұны естіген басқалар не ойлайды? Бұл жерде балаңыз қатарлы да немере болып келетін жастар да бар. Ана қыз-келіншектер естісе, не дейді?! — деп сөксе керек.
Бәріміз ыңғайсыз жағдайда болдық. Ал Жолдаспай ата еш саспай, сығырайған көзін одан сайын қысып тұрып, әдет бойынша қолын көзіне көлегейлеп, ауданнан келген кісіге үңіле қарап жақындай түсіп:
— Әй, шырақ, сен де менің балам есептісің. Өзің сияқты өкіметтер мәшинеден түскенде, «тәк», «тәк» деп, мәшинеге мінерде, «тәк-тәк» деп мініп түседі ғой . Сол сияқты «қызыңды ұрайын» біздің «тәкіміз», — демесі бар ма. — Ол ол ма, қала берсе «знашит-знашиттарың» тағы бар ғой, біздің колхоз бастық жиналыстың жартысын знашит-знашитпен бітіреді!, — деп, тағы бірдемені бастап келе жатыр еді. Ана кісі үн-түнсіз бұрылып алып, машинасы тұрған жаққа қарай жүрді де кетті.
Сол Жолдасбай атаның кенже ұлы мына Ердоспен немере інім Дәнебайдың үйінде де, ауылға барған кездерде ауылда да кездесіп тұрушы едік. Енді, міне, камерада кездесіп отырғанымыз. Ол сұрақты жаудырып жатыр. Кезі келгенде өз жайынан да қызталағын араластырып қойып, хабардар етуді ұмытпайды.
— Кеше мені де осы уақытта қамады. Анау Дәнебайдың қатынының кесірінен, «братан», осында отырмын! — демесі бар емес пе.
Мен «Дәнебайың қатынының кесірінен» деген сөзіне елең ете қалдым да:
— Мейізкүл келін бе?! — деп, жеделдете сұрақ бердім.
— Иә, сол Мейізкүл келініңіздің кесірі. Сол кеше ДОСААФ-тан үйге келсем, Мейізкүл тастап кетті!-деп, қатыным повестканы дайындап отыр екен. Бөлімше милициясымен бірге, ертең сағат 10-да осы адреске келсін!- депті. Содан кеше сағат 10-да келгенмін. Бір сары капитан кешке дейін сұрап, осындай уақытта әкеліп қамады, «братан».
— Ердос, не деп сұрады? Не жайда сұрады? — дедім дегбірсізденіп.
— Ой, братан, осыдан екі ай шамасы бұрын Мейізкүл үйге де, жұмысқа да келіп: «Ердос, сенің КамАЗ-ың вездеход қой және тіркемең бар. Сарыарқаға барып жүрсің, жолын жақсы білесің. Осы жуық арада барсаң, менің сол жақта жұмысым бар еді, мен де сенімен бірге барып қайтайын. Ақыңды жемеймін, риза етемін», деп, қайта-қайта келген.
Бір ретте маған күнделікті беретін арағы таусылып қалды. «Арақ жоқ» деген соң, анау құйып
Жылда Октябрьдің 40-жылдығы атындағы колхоздың малшыларын біздің ДОСААФ-тың келісім-шарты бойынша, Жезқазған облысының Қаражал қаласына 40 шақырымдай жердегі Қулы-Мұңлы тауының маңындағы «Айнабұлақ» деген жерге көшіретінбіз.
— Осы сенің ілесіп барамын деген шаруаңның реті келмейтін сияқты. Өйткені малшылардың жүгін, үйін басамыз және адамдары бар, кабинаға сыймайсың, орын жоқ! — деп мән-жайды айтқан едім.
— Ердос, сен қам жеме, өзіміздің баратұғын көлігіміз бар, тек жолды көрсетіп отырсаң болғаны және қайтарыңда бос қайтсаң біз саған жүк басамыз, ақыңды төлейміз! — дегені.
Содан не керек, мен машинамды жолға дайындап болғанмын. «Ертең тура сағат азанғы 6-да мал базарынан Ровныйға шыға беріс айналымында кездесеміз. «40-жылдық» колхозының атақты малшысы Нұрлан Жүндібайұлы маған ағайын болып келеді, соның көшін Төрткөлден басып, тікесінен Бостандық, Ойық совхоздары арқылы Ұланбелдің үстімен Сарыарқа-Жезқазғанға тартамыз. Жолға маған деген «сыбағаңды» дайындап, жуынып-шайынып шық» деп, әзілдеп шығарып салдым.
Жерден жеті қоян тапқандай қуанып, Мейізкүлім кетті. «Айтқаныңның бәрі болады», - деп қутыңдап.
Ұзын сөздің қысқасы, ертесіне уәделі жерде Мейізкүлім бір бортовой УАЗ-икпен соңымызға ілесті. Сол жүргеннен мен малшының үйін баратын жеріне апарып, үйін тігісіп қондырғаннан бөлек, Мейізкүлдің жұмысымен он алты күн дегенде бір-ақ келдім.
Ердостың әңгімесі созылып барады. Мені ынтықтырып отырған жай: «Ол не жүк? Жалғыз өзі барды ма? Не тиеп әкелдіңдер?» деп бастырмалап сұрап жатырмын.
— Әңгіме сол жүкте болып тұр ғой. Ана бортовой УАЗ-икпен спирт апарыпты. Ол спиртті сол жерде жабатын пробка, жарты литрлік бөтелке және «этиловый спирт — 96» деген этикеткалар ала шығыпты. Не көп малшылардың жұртында бөтелке көп, әр құдықтың басына барып бөтелке жиып алып, шелекпен су тартады да, жуып тазалап, жаңағы спиртті жалма-жан құя салады. Жанындағы шойындай қара шофері пробка мен этикетка жапсырудың нағыз маманы екен. Пробка жабатын аспабы да бар. Әп-сәтте «заводской» арақ дайын бола қояды. Соны малшыларға апарып, бартер жасайды. Не берсе де, оны маған тиейді. Көбінше тері. Неше түрлі теріге арақты айырбас жасайды. Ол жерде қойдікі, сиырдікі деп қарап жатқан жоқ. Тек жылқының терісі болмаса болды.
жатқан спиртінен іше салған едім, біраз уақыт өткен соң, жүрегім қағып дүрсілдеп, тұла-бойым, аяқ-қолым ұйып, екі-үш күн ауырып, өлім аузында қала жаздадым. Әйтеуір әр малшы-қойшының үйіне барғанда ағарған ішіп, соның септігімен уын қайтарып, әупіріммен аман қалдым-ау. Спирттің таза еместігін айтып, Мейізкүлге бас салдым.
— Спиртің жаман, сасық спирт. Елді қырасың уландырып. Мен сен үшін бәлеге қалар жайым жоқ!, — дедім де, кетем де кетемге бастым. 13-14-ші күн өткенде, КамАЗ теріге толды. Тіркемеде біраз тері және жүн бар. Дегенмен ыңғайын келтірсе, әлі де жүк салуға болатындай орын бар.
Сол сасық арақ үшін Мейізкүлмен ертеңнен кешке дейін қырғи-қабақ боламыз.
Жеме-жемге келгенде, қандай сиқыры барын қайдан білейін, жымыңдап отырып асты-үстіме түсіп, «құрдас» деп, «дос» деп, қай-қайдағыны айтады. Күндігіне 500 теңге деп келіскенбіз, сол өзінің жұмысы басталған күннен бастап 500 теңгеден, ұрысқан күнге дейін 6000 теңге ақшамды беріп қойған. Кетейін десем, жүктің құжаты жоқ. Әрі жағдайым жаман емес, күндігіне 500 теңге беріп отыр, тамағым, жанармайым Мейізкүлдің мойнында. «Үйге барып жатқанда, маған кім күніне 500 теңге береді, ең болмаса нан-пұл тауып барайын деп ойлаймын. Енді бір күн күтемін, жүрмесең, жүгіңді түсіріп тастаймын да, өзім кете беремін! — деп, қоқан-лоққы да жасап қоямын. Онымды елеп жатқан Мейізкүл жоқ, қутың-қутың етіп, «Ереке!», «Ереке!» деп арқамнан қағып, «көпшікті» қалыңдап салып, мақтап-мақтап қояды. Сойған түлкідей ыржың-ыржың етіп мен қаламын.
— Әй, Ереке, сендер күнде ішкенде, машинені қалай айдайсың? Ол жерде не, МАИ қызметкерлері жоқ па? — деп, тосыннан сөз арасында сұрақ та қойып үлгердім.
— Ой, братан, Сіз де қызық екенсіз, айдала полигон, бір жағы — Жезқазған, бір жағы — Қарағанды облысына қарасты кәдімгі Сарыарқа даласы. Тек көктем, жазда ғана малшылар отырады да, жаз бітісімен, қайтадан көшіп кетеді. Тек әр-әр жерден самолет, ракета анда-санда ұшып шығады, не болса да жер астында қызыл шәпке киген адам тұрмақ, жол сұрайтын адам таппай зар боласың.
Полигон демекші, бір рет адасып, түн ішінде бір жерге тап болдық. Қоршау дейтін қоршауы жоқ, кәдімгі жазық дала. Дәл жанымыздан бір жарық жарқ етті де, төбесінде жалт-жұлт еткені шыр айналып сирена беріп, бізге «тоқта» деген белгі бергені. Біз кілт тұра қалдық, 7-8 солдат автоматтары мойнында бізді қоршап алды. Екі солдат екі жағымыздан есікті ашқан бойы «Тапжылма!» деді де, бәрімізді өздерінің машинасына алып барып, тексеріп-тексеріп алып: «Бұл жер құпия аймақ» — «Запрещенная зона!», деп алдымызға түсіп, өздерінің шебінен ұзатып салды.
Олар кеткенде, таң да атқан еді. Арт жағымызға қарасақ, олар кетіп бара жатқан бағытта тып-типыл үй-жай, объект дегендей тіршілік белгісі білінбейді. Тек қана үш-төрт мұнара, ұзын-ұзын керілген антеннаға ұқсас әр шаршы шақырымда биік-биік қадалар қалқияды. Не болса да жер астында дейтінім сол. Ал полигон дейтінім: сол біз аралаған жерлерде ұшып келе жатқан самолет жерге қарай шүйіліп келеді де, жоқ болады.
Бір қарасаң, қайдан шыққаны белгісіз, дәл қатарыңнан гүрілдеп самолет көтеріліп бара жатқанын көресің. Сол Бетпақтың даласында неше түрлі құлаған самолет-ракета, неше түрлі жарқырап жатқан металл қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз. Содан қойшы, әйтеуір жолда бір малшыларға тап болдық. Келе жатқан бетіміз — Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы; жаңағы малшылардың біздің облысымыздан екенін бірден байқадым. Өйткені жайылып жатқан қойлары қаракөл тұқымдас еді. Арғы жақтың малдары «еділбай тұқымды», кәдімгі біздерше «қазақы қой» деп атайтын сирақтары ұзын; ұзынша тұлғасына құйрықтары дөңгеленіп біткен. Семіріп жетілген уақытта 4-5 жасар қошқарларының құйрығы 15-16 килоға дейін салмақ тартатын кереметтер. Өздерінің тірідей салмағынан бөлек таза еті 50-60 килограмнан кем түспейді. Жердің ыңғайына қарай салқынға бейімделген тұқым. Солтүстік Қазақстанның суығы мен боранына шыдамды мал. Қыс мезгілінің өзінде өз аяғымен жайылып, үстеме қоректі көп қажет етпейді. Негізгі ет бағытындағы тұқым. Терісі де өте құнды, бағалы болып келеді. Кәсіпшілер өңдеп, сеңсең тон, тұлып сияқты өте жоғары бағалы киімдер тігеді. Ал қаракөл тұқымды қой Жамбыл-Шымкент, Орта Азия елдерінде өсіріледі. Сондай-ақ Жамбыл облысының Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарында да қаркөл тұқымын өсіру, жетілдіру тәжірибесі жолға қойылған. Одан қаракөл елтірісі, қаракөлше алып, оны өңдеп, шетелдерге шығаратын мамандандырылған дербес шаруашылықтармен қоса, тәжірибе станциялар да жетерлік.
Бұл қаракөл тұқымды қой өнімінің бір бағытты ет төгу болса, екінші бағыты аталық-аналық малдың терісінен тон сияқты тауар өнімдері жасалынады. Қозысының терісі «елтірі»-деп аталады, неше түрлі бұйымдар дайындауға таптырмайтын шикізат ретінде алтынның мөлшерлік эталонымен аукцион арқылы дүниежүзілік рынокта түр-түрге, сорт-сортқа бөлініп сатылады.
Оңтүстік Қазақстанның ауа райына, континентальды климатына шыдамды тұқым. Қыс уақтысын түгелдей өз аяғымен жайылып шығады. Үстеме қорегі қыс айының аяқ шенінде, ерте көктемде төл алатын кезде ғана беріледі.
Түрлі жұқпалы ауруға туа біткен иммунитеті өте берік тұқым. Осы екі жақтағы мал тұқымының өз жеріне сай бейімділігін салыстырып, ой елегінде отырғанымда, малшының киіз үйіне жақындап қалғанымызды аңғартқандай, дүбара ит бастаған екі-үш әр тұқымды иттердің абалаған дауыстары ойымды бөліп жібереді. Мен жастайымнан малдың ішінде өстім ғой. Атам (ол әкесін ата дейтін) өмірінің аяғына дейін малда болды. Мен өзім ес біліп, әскер қатарына алынып, шофер болғанға дейін мал бақтым. Малдың өрісін, ыңғайын, жайылым жағдайын, тұқымының қандай екенін және жүнінің, терісінің сапасы қай класқа, қай сортқа жататынын, жалпы классификация, классировка жағынан кейбір зоотехник, мал дәрігер мамандарымен бәсекелеске алатыныма толық сенімдемін.
Мысалы, мал мамандары қарамағындағы адамдардың психологиялық жай-күйіне мән бере бермейді ғой.
Ердостың әңгімесін ұйып тыңдап отырған мен тосыннан:
— Бірге істеп жүріп, қалайша мән бермейді? — деп қалдым. — Олардың жағдайын білмесе, жағдай туғызбаса, ол қандай маман болғаны? Қалайынша қандай талап қойып, жұмыс нәтижесін сұрайды? — дедім ағымнан жарылып.
Ерекең оқыстан:
— Жо-жоқ, жағдай туғызу, жағдай жасап талап ету... Қалай түсіндірсем екен?.. Иә, қарапайым мысал: — Мына біз келе жатқан малшыны алайық. Бұл кісі — жан-жақты, әр нәрседен хабары бар, түсінігі мол, қадір-қасиетке ие, беделді, өмірден көргені мен ойға түйгені көп, саналы азамат. Тіпті бір көргеннен-ақ, сондай пысық, іскер жан екенін мен бірден білдім.
Неге десеңіз, киіз үйге жақындаған заматта, кермеде қаңтарылып жақсы ат тұрды. Жанында тағы бір етті, күтім-күйі ерекше, ер-тоқымымен тағы бір ат байлаулы тұр екен. Мал ішінде шаруа адамға бірден көзге түсетін нәрсе — малды ауылдың иттері мен аттары ғой. Бізге қарсы абалап шыққан дүбара төбет, құмай тазы және тұқымы таза түрікмен итке көзім түскеннен кейінгі ойым еді бұл. Малшының итіне дейін күйлі екен. Малшыларға жақсы ит ұстау ежелден келе жатқан әдет. Малшы қазақтың түсінігі бойынша, малшы үшін жақсы ит анша-мұнша санасыз адамнан да пайдалы. Әрі ес, әрі серік, бұл — бұрыннан келе жатқан қағида.
«Бес саусақ бірдей емес» демекші, кейбір мал шаруашылығын кәсіп етіп, өмірінің көбін мал ішінде өткізген де малшылар бар. Өзінің түйсік-түсінігінің, сана-сезімінің жеткені осы ма, әйтеуір: «Е-е әйтеуір дыбыс беретін ит бар, аяқ алып жүретін ат бар, қой қайыруға жараса болды, жаяу емеспіз», деп, барлық істі «ғой-ғойға» артып қойып, аты тыриып, өзіне ес болар, серік болар иті бұралып, сабалақтанып жүргені. Міне, «ит» деп айтылған атау кейде құлаққа жағымсыздау болып естілгенмен, атамыз қазақ итті қадірлеп, ес тұтқаны сонша — оны жеті қазынаның біріне балап, серігі санаған.
Ұзын сөздің қысқасы, біз ат басын тіреген үй айтса айтқандай, кім екенін тақадай ұқыптылығымен-ақ көрсетіп тұрған тұғын.
Иттері үріп, бізге жүгіргеннен-ақ үй иесі киіз үйден шығып, бізге қарап тұрған болатын. Тіркемелі КамАЗ шаңды аспанға көтергенде, борпылдақ топырақ аспанға көтеріліп, шығып тұрған күннің көзін жауып кететіні бар. Соны ойлап және мынау тап-тұйнақтай тазалыққа ақау түсірмейін деп, үйге жақындай түскенде, машинамның жүрісін бәсеңдете қойдым. Менің жел жағымда шаңнан қашқақтап келе жатқан УАЗ-иктегі Мейізкүл мен шойқара жын ұрған адамша, иттерді таптап кетердей арылдатқаннан арылдатып, тура киіз үйге қарай екпіндете барып бір-ақ тоқтады. Шаң сейіліп біткенше:
— Әй, көргенсіз, әдепсіз мақұлықтар! — деп әкесінен де, шешесінен де қайырып жатырмын.
Жайлап барып КамАЗ-ды аулақ жерге тоқтаттым. Шаңнан байқамаған екенмін, аналар тіпті табалдырыққа тақап қойыпты. Үй иесі маған қарай жүрді. Жанында тұрған Мейізкүлдерге «үйге кір» деген ишарат та, ізет те жасамады. Амалсыз олар да үй иесіне қосылып, бізге қарай келеді.
Қазақтың ежелгі амандасу салтымен бір қолды кеудеге қойып, оң қолымды созып, жас жағы үлкендеу болғасын:
— Ассалаумағалейкум, отағасы! Мал-жан аман ба? Ат-көлік аман-сау ма? Қонысыңыз құтты болсын! — дедім шын ықыласымды білдіріп. Ол да қарап қалмады:
— Уаликим ассалам! Ел-жұрт аман ба? — деп, салт-дәстүр бойынша қайтарма сәлеммен сауқаттасып жатыр.
— Ал, жолаушы меймандар, үйге қарай жүрейік, — деп ишарат білдірді үй иесі.
Соның арасында менің Мейізкүлім өзінің кінәсын білмей, маған бас салып:
— Немене, жүріп келе жатқан екпініңнен бірдеме көрінгендей табанда табандап қалдың! — дегені.
Мені онсыз да ыза буып отырған, мыналардың көргенсіз-әдепсіздігіне шыдамым таусылған еді. Мейізкүлмен онсыз да қырғи қабақ болып жүргенмін, қанша дегенмен әйел ғой, қатындығына салып, жайсыз сөз айтып қалса, бөтен көздің арасында жер боп қалам ба деген пиғылмен шойқараға бас салдым. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» демекші, түсінген адамға сол да жеткілікті еді.
— Әй, Сәрсен! Ауылдың шетіне жақындағанда, қандай көлікпен келе жатсаң да, екпініңді төмендетіп, мейілінше жай жүру керек. Шоферлердің сондай жазылмаған заңдары болады. Сен мүмкін білмейтін шығарсың, мына жеңгең бірталай жасқа келген, көргені көп адам ғой. Әдепсіздік-көргенсіздікке салынба. Бұдан кейін есіңде болсын, жаңағы жүрісің — жау шапқанда елге жаман хабар әкеле жатқанның жүрісі. Ондай жүрісті атамыз қазақ жақсылыққа жорымайды, әдепсіз, көргенсіз, тәрбиесіз! — деп сөгеді дегенді зілдеп-зілдеп тұрып айттым да, білмейтін болсаң, мен сендерге атап тұрып айтып берейін.
Мына Мейізкүл өзінің таудай мінімен кіналы бола тұрып, мені сөкпекші. А, отағасы, дұрыс айттым ба? — деп, үй иесіне қарсы бұрылып қойдым.
— Иә, әдет-ғұрып бойынша солай ғой, — деп, ол кісі де менің сөзіме сүйеу берді. Мейізкүлге көзім түсіп кетіп еді, өзінің әшейіндегі қара өңі одан сайын түтігіп, қара қошқылданып кетіпті. Қысылғаннан ба, жоқ, ұялғаннан ба, жоқ әлде түсінігінің деңгейі тек бір бағытта дүние-дүние, ақша-ақшаға ауысып, сол ойын жүзеге асыру үшін, бар жан дүниесін, ар-абаройын да соған ойланбай айырбасқа салатыны, одан ештеңе аямайтындығы ма, мені жеп қоярдай-ақ көзімен ішіп-жеп тұр. Қайта шойқара байғұстың бекер обалы не керек, саңылауы бар сияқты, білмейтіндігін мойындап, «Бұрынырақ неге айтып ескертіп қоймадыңыз!»-деп ыңғайсызданып, қысылып-ақ қалды.
Үй иесі бізді ыңғайсыз жағдайдан құтқарғысы келді ме:
— Ештеңе етпейді, білмегендіктің әсері ғой. Атамыз қазақтың аталы сөзі бар ғой:«Білмегенді кешірмесең,білімділігің қайсы?» деген. Оқасы жоқ, ендігі жолы білетін боласыздар, — деп жуып-шайған болып жатыр.
Беті-қолымызды жуып, үйге кірдік. Амандық-есендікті сұрасып, бұл отағасының «Қамқалыда» туып-өскенін білдік. Отыз жылдан бері Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы, «Жайлаукөл» шаруашылығының малын бағып келіпті. Жерлес болып, туған-туысқандай мәре-сәре болдық та қалдық.
Отағасының аты — Қамбар, алты баланың әкесі екен. Жұбайын Қалдыкүл деп таныстырды. Әйелі де, өзі де аңқылдап қалған бір қарапайым ақ көңіл жандар екен.
— Көптен бері үйге ешкім келмей, алаңдап елегізіп жүр едік. Жақсы болды ғой. Енді қонақ болып, сыбағаларыңа бір малдың басын мұжып, баталарыңызды беріп, асықпай аттанасыздар! — деп жатыр.
Әңгіме айтып, бір шер тарқап, көңіл көтергенге не жетсін! Оған әйелі де қосылып жатыр. «Негізі бұл жол жолаушылар жүретін жолдан бұрыс. Сондықтан мұнда адасып, тосыннан келген жолаушы болмаса, ат басып жүрушілер сирек!» деп, әйелі де қуаныш білдіруде.
— Көбі сол күнбатыс жақтағы әскерилер арқылы «Солдат өлгенмен» жүреді. Ол — жақын, төте жол. Сол жақтағы сара жолға көбі адасып түсіп кетеді дағы, «Солдат өлгеннің» сол иығынан бір-ақ шығып жатады. Ол тура 95 площадка. Құпия аймақ. Тура соған тірелген жолаушыны қарауыл қарсы алып, біз отырған «Бұйралыға» қарай бағыттап жібереді. Оларға да рақмет. Анда-санда қонақ келіп тұрмаса, қазақтың ішкені бойына сіңер ме еді. Сіздерді де бізге түстеніп, қонақ болсын деген-ау азаматтар, — деп, Қамбар жымиып, сөзін жалғастырып жатты.
Мен «95-ші площадка деген не нәрсе?» деп сұрадым, бұрын-соңды есітпеген сөз болған соң.
— Ол 95-ші площадка деген — ғарышқа ұшатын ракетаның орны. Осыдан 45-50 шақырымдай жерде орналасқан. Біз ең жақын жерде отырмыз.
Сол площадканың батыс бағыты — Төретам. Қызылорданың солтүстігімен «Қарақойын», «Құмкөл» ортасымен төтесінен 300 шақырым аралығында бұрынғы Ленинск космонавтар қаласы бар. Ол кезде құпия еді. Қазіргі кезде ашықтан-ашық Байқоңыр қаласы! — деп аталады. Барлық мемлекеттік косманавтика саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктер бірдей болғандықтан, құпия ретінде саналмай қалған болуы керек. Осы екі аралықта темір жол бар. Сол темір жолмен жүретін поезды «Мотовоз» деп атайды. «Мотовоз» осы 95-ші площадкаға керек-жарақтар мен Байқоңырда тұратын мамандарды тасиды.
— Сонда қалай? 400 шақырымдай жерден ракета-спутникті ұшырады ма? Байқоңырдың өзінен ұшты!-деп жатушы еді ғой? Сонда қалай болғаны?-дедім, тура бір космонавтика саласының қожайынын қолға түсіргендей ынтығып.
— Байқоңыр бұрынғы Ленинскіде сол космонавтика саласындағы жұмыс істейтін мамандар әзірлік жұмысын осы площадкаларда жүргізеді, корабльдерді бөлшек-бөлшек күйінде мотовозбен әкеледі де, әкелген соң оны құрайды тура ғарышқа ұшып шыққан сәтіне дейін, — деп көсілді шопаным. Бәрін біледі. Тіпті араласып, ішінде жүргендей. Менің осы ойымды оқып қойғандай-ақ:
— Ереке! — деді отағасы, — Мен бұны білетін себебім, менде бір қаңғып келген жәрдемші болды. Мен ол орыстың жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен жай адам емес екенін байқағанмын. Айтқанымдай, бұл орыс тегін болмады. Күздің кезі тұғын. Дәл осы жұртта ауылға қарай бүгін көшеміз! — деп отырғанбыз. Соның алдында ғана батыс жақта алау отқа орап ракета ұшқан. Жаңағы орысым:
— Қамбар, екі-үш күн күте тұрайық. Ауа райы бұзылады, — дегені. Шынында да ертеңіне жел басталып кетті. Сол жел үдете келе, кәдімгі қара боранға айналды. Сол тұрғаннан 4-5 күннен соң әзер басылды-ау, әйтеуір.
Әңгіме желісін сырттағы ат тұяғының дүбірі мен «Аға!» деген дауыс бөліп жіберді.
— Әй, Асхат, келдің бе? — деген Қамбар сыртқа шығуға ыңғай білдірді. Бұл кезде әңгіменің қызығымен шай да ішіп бітіп қалған еді. Мейізкүліміз қисая сала, ұйқыға кеткен. Шойқара да анда-санда есінеп қояды. Мен Қамбардың әңгімесіне ұйғаным соншалықты — ұйқымның қайда кеткенін білмеймін. Бұл — сәске түс кезі тұғын. Дәм қайтарылып, дастарқан жиналып болған соң, бой сергіту үшін сыртқа шықтық. Қамбар бір семіз қаракөл ісектің аяғын буып болып:
— Ал, Ереке! Жасы үлкен сен боларсың пайымдауымша. Әйел баласы боса да бата бермейді. Жас жағынан кіші болсаң да, менен жолың үлкен «Ата» баласысың ғой, бата жаса! — деп, аяғы буылған малдың басын маған қарай ыңғайлай берді.
— Қамбар аға, осы менің айтқанымды тыңдасаңыз, мал соямын!- деген ұсынысыңызды «қабыл алды» деп қоя салсаңызшы, — дедім. — Біз шай-пайымызды іштік, енді машинамыздың желін тексереміз де, жолға шығамыз. «Жолаушының ақысы жүрсе бітеді» демекші, — деп ризалығымды білдірдім.
Сол арада Қамбардың сырт жағынан Мейізкүл шыға келді. Көзін қысып, сұқ саусағын аузына таман апарып, басын шайқап, ым жасап үлгерді де, менің онша түсінбегенімді біліп:
— Әй, Ердос! Тұз-дәм бұйрып тұрған соң, ниетін қайтарма! Сыбағаңды жеп кет деп тұр ғой! Батаңды бер! — дегені. Ой әкеңнің аузы....Шешеңнің пәленшесі... — деп тұрып бір сыбап алдымдағы. Лаждың жоқтығынан білгенімді айтып, бетімді сипадым.
Қамбар мал бауыздап жатқанда, Мейізкүл ымдап, үйден тысқарлау жерге апарып, тағы да бас салсын.
— Әй, сен жындымысың! Соямын деп тұрған малды сойғызбаймын!-деп. Көп сөзді кой, мен жаңа Қамбардың әйелімен сөйлестім. Байлық осында, елтірі болғанда тамаша: «күлгін күміс», «жалтырақ алтын» және «москвалық жакет» атты сорты екен. Құдай берейін!-деп тұр. Бізде шамалы спирт бар. Саспа, қатырамыз!-дегені.
Жүрегім тас төбемнен шықты. Ағынан жарылып, «қонақ» деп ішкен асын жерге қойып, төбесінен жай беріп, шын ниетімен жастансаң, жастық, төсенсең, көрпе болып отырған ақ көңіл Қамбардың адамгершілігі көз алдыма келіп, екі бетім ду-ду ете түсті. Құдайы қонаққа! — деген халқымыздың ғажайып қасиеті мен бауырмашылдық сезімін көпе-көрінеу аяққа таптау ғой мынау.
— Әй, қатын, зәлімден бе! Әбиіріңді айрандай төгем! Қасиеттен жұрдай қылам! Улы спирт беріп, бұларды да құртпақсың ғой! Сен әуелі жүріп өткен жеріңде не болып жатқанын білесің бе?! Сенің жаман самопал суррогатыңнан уланып, мүмкін өліп жатқан болар. Біреу болмаса біреу машинаңның нөмірін біліп, осындай нөмірі бар машинадан алдық десе не істейсің?! Кімнің артына кіресің?!
Осыдан тырп етші! Бөтелкеңмен қоса ұшырамын! Шойқара ойнасыңмен қоса ұшықтаймын! — деп бұрылып алдым да, үйге қарай тартып кеттім.
«Ереке, Ереке!» деген дауысқа қараудың өзі жиіркенішті еді.
Қамбар малды бауыздап болып, ашаға іліп, терісін сыпырғалы жатыр екен.
Ашу-ызаның табы түрімнен білініп қалды ма деген күдікпен, ой сергісін!- деп, шай үстіндегі әңгімені қайта сабақтай бастадым.
— Қамбар аға, ол орысыңыз қазір бар ма? — дедім.
— Иә, бар. Қазір екінші жылдан асып барады. Кәдімгі бір жақын адамымыздың бірі болып кеткен. Басында қаңғыбасқа санағанымыз ұмыт бола бастады. Ол тегін болмай шықты. Оның тағдыры да қызық. 60-шы жылдары Жоғары саладағы соғыс-ұшақ инженерлік мектебін Сібірдің бір қаласында бітіреді де, Ленинскіге келеді. Ол кезде Ленинск құпия болып есептелген. Жаңадан үйленген, қылшылдаған жас. Әлі ыстық-суығы басылмаған кезі болса керек. Әлгі площадкалардың бірінде, ракеталар құрастырып дайындайтын жерде инженер болып қызмет атқарады. Содан бұл ракетаның «контакты» деген сайманын ұрлайды. Содан не керек, мұны ұстап, әскери трибуналдың тәртібі бойынша ату жазасына бермекші болған екен. Бірақ солардың бағына орай, дер кезінде жоғалған контакты деген сайман табылып, 15 жыл түрмеге кесіледі. Содан ақырғы уақытына дейін абақтыға отырып шығады. Бұның шенін де, мамандығын да, зейнетақысына дейін біржолата жоққа шығарады. Бұл Кеңес Одағының кезіндегі жағдай. Міне, биыл Қазақстанның өз алдына егемендік алып, ел болғанына үш жыл болды емес пе? Осы биыл мен бұған «Қазақстанның азаматы»-деген құжат алып бердім. Артық іс-әрекеті, жағымсыз қылығы жоқ. Мен өзім де ішкілік дегенді білмеймін. Бұның да үш жылдан бері бір рет те болса ішіп, ләйліп жүргенін көрген емеспін.
Анау айналып тұрған жел қалақшасын көрдіңдер ме? Сол жел қалақшадан генератор арқылы электр қуаты алынып, мына теледидар, үйдегі жарық, құдықтан тоқтаусыз ағылып жатқан су — бәрі-бәрі осы орысымыздың арқасында келіп тұр. Әйтпесе, айдалаға электр қуаты қайдан келсін? Өзінің білмейтіні жоқ. Бір қобдишаға сыярлық дәнекерлеу аппаратын жасады. Ол 220 вольттік электр қуатымен емес кәдімгі автомашинадағы 12 вольт, 24 вольт аккумулятор күшімен жұмыс істей береді. Қандай темір болсын кеседі және дәнекерлейді.
Арқаның даласында не көп құлаған ұшақ көп. Соның темір-терсек саймандарын алардан бұрын, ол қолында 1,5-2 метрдей таяқшасы бар арнайы қобдиша аппаратын алады. Ол қобдиша тегін емес, ішінде ақ, көк, қызыл түске бөлшектелінген, қозғалып тұратын сағаттың тілшігіндей тілшігі бар. Жіңішке сыммен қосылған құлаққа киіп тыңдайтыны және бар.
Осы аспап құрал арқылы ракета сынықтарын байқап көріп, тыңдап болып:
— Пәлен жердегі жатқан ракета сынығына еш жақындамаңдар, ол жақын арады пайда болған, радиация қабылдап қалуларың мүмкін, — деп, кейбір тұсына бірдеңелерді жазып, ескертпе қалақша қояды.
Сол тұста не қызықтырғанын қайдам:
— Ол орысыңыз қайда, аты-жөні кім? — деп тосыннан Мейізкүл де араласып кетті.
— Біз Борис дейміз, фамилиясы Антонов, — деді отағасы.
— «Борис Карпович. Борис Карпович!» деп біздің бастықтар, әйтеуір, жаны қалмайды, — деп, Қалдыкүл де қостап жатыр. Бұл уақытта біз сонау қораның ту сыртындағы төбешіктің үстінде тұрғанбыз. Қалдыкүлдің:
— Еттің қамырын түсірейін деп жатырмын, үйге таман жақындаңдар, — дегенде барып, әңгіменің қызығымен уақыт шіркіннің зымырап кететіне іштей қайран қалдым.
— Бұл Қамбардың әңгімесі таңның атысына бітпейді. Жалғыз Бористің әңгімесінің өзі-ақ бір қауім елді аузына қаратады, — деп, Қалдыкүл қашанғы қазақы мінезбен жорта жазғырған болып жатыр.
— Қамбар аға, Борис Карповичтің қайда екенін айтпадыңыз ғой, — деп, енді Мейізкүл қызыға бастады. Қамбар да әзілдеп:
— Не, келін, Бористі көңіліңіз жаратып қалған ғой деймін, — деп сыпайы ғана жымиып қойды. Мейізкүл де сол заматта:
— Енді ұнатсам да жарасатын шығар. Сізге сенбейді дейсіз бе? Мақтауын асырдыңыз. Тағы қолынан келмейтіні жоқ көрінеді. Сондай басы істейтін, әр істің маманы болса, бұл айдалада неғып жүр дегенім ғой өзімше, — деп сылқ-сылқ еткен сайқал күлкісіне салды.
— Ей, Мейізкүл, бағана Қамбар аға оны Сібірдің бір қаласында жоғары әскери мектептің космос саласындағы радио-электр жүйесі бөлімінің инженерлік бөлімін бітіріпті. Байқоңырда әскери қызметте майор шенінде жүріп сотталыпты деген жоқ па еді, — дедім мен де білгішсініп.
— Қайдам, мен ол әңгімені естіген жоқпын, содан кейін сұрағаным ғой, — деп, Мейізкүл де өп-өтірік былқ-сылқ ете қалды.
— Егер көргілерің келсе, біраздан кейін сұраған Борисіңіз де келіп қалар. Біздерде де сіздердікіндей бортовой УАЗ-452 машинасы бар. Сонымен бір темірге кеткен. Кеше барып кесетінін кесіп, дайындап қойса керек. Тағы да бір жаңалық ашайын! — деп жүр-ау деймін, — деп, Қамбар бізді үйге қарай бастады.
Ет желінді, дәм қайырылып, бата жасалынды. Осы кезде машинаның гүрілдеген дауысы естіліп, оған қоса иттердің үруі де тез арада басылып қалды. Үнсіздікті Қамар бұзды.
— Дәу де болса осы Бористің өзі болар. Иттердің үргені тез арада басыла қалды ғой, — деді елеңдеп, құлағын сырттағы дауысқа түріп.
Үй сыртында жүрген бала да:
— Дядя Борис қой! — деп хабарлап жатты. Машина тоқтап, кабинаның есігі ашылып, қайта жабылғаны естілді. Әлден уақыттан соң бір жас қазақ жігітімен бірге 55-60-тар шамасындағы ұзын бойлы орыс кісі кіріп келді.
— Мынау бала — маған қолғабыс, жәрдем беріп жүрген менің ортаншы ұлым. Ал ана кісі — Борис Карпович деген ұста, — деп таныстырды, сәлем-саулықтан соң Қамбар әлгі екі жігітке.
Біздің де жолаушы екенімізді, Жамбылға қарай бет түзеп бара жатқанымызды айтып, бұрыннан таныс жандай таныстырып өтті. Сағат тілі 3-тен асып барады.
— Қамбар аға, енді рұқсат болса, біз аттанайық! Сізге көп рақмет! Біз шын ризамыз! — деп, үй иесінен рұқсат сұрадым. Сол екі арада Мейізкүл Қалдыкүлмен оңаша тұрып сөйлесіп жатқанын байқасам да, әліптің артын бағайын!- деп, машинама қарай бет алдым. Егер «Ердос, анау машинадағы спиртті ала кел» десе немесе шойқараны жіберсе бітті, ештеңеден аянайын! — деп тұрғаным жоқ.
Құдай жарылқап, у-шусыз бәрі ойдағыдай болды. Бірақ Мейзкүлге Қалдыкүлдің бір түйіншік ұстатып жатқанын КамАЗ-ды от алдырып, ауа жинап жатқанымда байқап қалдым.
Қайыр қош айтысып, үлкен жолға қарай бет түзедік. Екі-үш сағат өткенде, Қарадөң деген жердің тұсында тоқтап тұрған УАЗ-ик автокөлігінің үстінен шықтым. Жолаушыларымның канистр шай қоятын ыдыстарын түсіріп жатқанын қырдан асқаннан-ақ байқап келе жатқанмын. Мен де қатарласа келіп тоқтадым. УАЗ-иктен түсе бере Сәрсен:
— Шай ішеміз бе? — деп айқай салды.
— Жоқ. Ымырт жабылмай мынау Бетпақтан күре жолға шығып алайық. Емін-еркін ішеміз де, — дедім көліктен түсіп.
— Қайдам, маған бәрібір. Бірақ Мейізкүл жеңгей шай ішейік деді ғой, — деп міңгірлей бергені сол еді, Мейізкүл:
Мен де қисайып қалдым.
— Әй, Ердос, енді тыныштықпен шай да ішкізбейін дедің бе? Жарты сағат, бір сағатта тұрған не бар? Таңдайымыз кеуіп барады.
— Өлмейсің, су іш! Бәріміз де су ішіп келеміз. Содан өлсең көрерміз. Гәп сол, қараңғы түспей, үлкен жолға жету керек. Сол жерде түнгі үш-төртке дейін демалып, машина сиреген соң, жолға шығамыз! — дедім де, КамАЗ-ға қарай аяңдадым. Мені қайырылмай тура КамАЗ-ға қарай бет алғанымды көрген Сәрсен не істерін білмей, аңырайып тұрып қалды. КамАЗ-ды от алдырдым да, жүрдім де кеттім. Әлден уақыттан соң айнадан УАЗ-дың жүйіткіп келе жатқанын көрдім де, ойыма қай-қайдағы түсті. Ол анау бейбақ Мейізкүл: «Кетсе кете берсін, құжаттар бізде. Асықпай шайымызды ішіп болып жүреміз», — десе, мен оларды іздеп, сарсаңға түсемін-ау! — деген ой еді. Әйтеуір көңіліме медет еткенім:
— Өткен қым-қиғаш жолдар бұл Сарыарқа даласының жазыққа шыға беріс жері еді. Екеуі де бұл жолдың бағыт-бағдарын білмейді. Бұл жолмен бірінші рет жүріп тұрғандықтан, жолдың қалай кететінінен де бейхабар. Далада адасқаннан артық қорлық жоқ. Ондай жай басымыздан талай өткен. Дегенмен Мейізкүлдің мысын басып, шайдан қаққаныма өзімше риза болып келе жатырмын.
Әлден уақытта Ұланбелдің үлкен жолына да келіп жеттік.
— Осы жерде ас-су шайымызды ішіп, сағат түнгі төртке дейін тынығамыз, мен оятқан уақытта маған ілесіңдер! — дедім де, тамақтың қамына кірісіп кеттім.
Бағанадан бері тым-тырыс отырған Мейізкүліміз кенеттен баяу үнмен:
— Ереке!, — деп тіл қатты. — Ереке, көбі кетіп, азы қалғанда, ренжісіп қайтеміз. Осы бәріміз де нанталап қылып жүрміз ғой. Сен ауылға қай жолмен, қай жақпен жүресің? — деп мәймөңкелей қалыпты. «А, құрдас» деп, сықылықтап қояды. Дәл бұл көлгірситін, сықылықтайтын кез емес еді. Жол қажытқан адамның зорлықпен істеп тұрған қылығы бірден білінеді екен. Бірдемені жоспарлап отырғанын үйреншікті 10-15 күн жүргенде, әбден біліп сезіп, сыралғы болғам. Ішімнен таза зәлім, сиқыр екенсің-ау! — деп бір боқтап алдым да, мен де қисая тарттым.
— Көктерек, Төле би, Меркі, Құлан арқылы Жамбылға дөп ете қаламыз! — дедім дым білмегенсіп. Сол сол-ақ екен, Мейізкүлім ыршып түсті.
— Ойбай, айналайын, құрдасым-ау, мені өлтіресің ғой. Төрт-бес ауданның милициясы, МАИ кедені, тағы-тағысы менің сау тамтығымды қояды дейсің бе? Айналайын Ереке, анау милициясы, МАИ-ы жоқ, келген жолымызбен жүрейік те! — деп шыж-быжы шықты.
«Жарымес, кеңкелес!» деймін іштей. «Топас болмаса, біз Ұланбелде тұрмыз. Көктерек қайда, Төле би ауылы қайда? Бәріне миы жеткенде, осыған миы жетпей қалды ма?» деп қоямын.
Әрине, Талас ауданы — Кеңес колхозының жаны. Ойық совхозының үстімен Аманкелді Сәду Шарипов атындағы совхоз, Бостандық, Ақмола бөлімшесі мен Тегістік арқылы Жамбылға түскен әлдеқайда жақын. Көктерек жақ айналма болып кетер еді. Оның үстіне ол жолда МАИ бекеті, кеден бекеті, есірткіге қарсы күрес бекеті, оған қоса агрохимиялық, мал дәрігерлік карантин бекеттері сияқты кедергілерден аяқ алып жүргісіз.
Мен де тағы не айтар екен деген оймен:
— Мен білмеймін! Жолға өзім жауап беремін, құжаттарымның бәрі заңды дегенсің! Мен КамАЗ-дан шықпаймын! — дедім. Мейізкүл түлкіше бұлаңдады:
— Айналайын Ереке! Айтқаныңдай істейін, қай-қайдағыларға жем болғанша, бір тиын болса да, өз қалтамызда қалғаны жақсы емес пе?! Анау-мынау емес, әр бекетте 200-300 тенге «отметка», «ставка» дегені болады екен! — деп зар қақты.
— Мейізкүл, Құжаттардың бәрі заңды, жолды, жанар-жағар майды, тамағыңды өз мойныма аламын дегенсің! — деп, одан сайын жүйкесіне тиіп, ежірейгеннің үстіне ежірейе түсем.
Мейізкүлімнің салы суға кетіп, «әй», «әй» деп бұйыра сөйлеп, дағдыланған екпіні басылып, бір мүсәпір халге түскенін көрсең, адам аярлық. Табан астында маймөңкелеп, бір бейшара болды да қалды. «Ай, шешеңді ұрайын. Зәлім, өстіп қанша адамның қанын іштің екен?»- деп, іштей бір сыбап алдым.
Менің де өзімше іштей түйіп отырған жоспарым бар ғой. Мынандай пәлелі іске ақыры басымды былғаған соң, түгелдей есеп-қисап жасасып, еңбекақымды алайын да, екінші бәледен машайық қашыпты дегендей, бетін де, жүзін де көрмейін! — деген ойға келдім. Ол ойымды тағы да Мейізкүлдің жалынышты, мүсәпір үні бөліп жіберді. Кемесеңдеп отырып:
— Ереке, замандас, бір жылдың төліміз ғой. Қу далада сен де, мен де қоңыз терген күйге түсіп, жетіскенімізден жүрген жоқпыз. Тағдырымыз мына заманның тәлкегіне душар болды. Бұған заман, уақыт кінәлы. Сен жүргізуші болсаң, мен жоғары білімді экономистпін. Әйтеуір нан табу, күн көрудің амалы ғой! — деп, әдемілеп келе жатыр еді. Мына кесірткіше құбылған түрін көріп, елді, қарапайым шаруа мен малшы қауымды суррогатпен алдап жүрген кездегі «пысықтығы» есіме түсіп, қайта қаным көтерілді. Шыдамым таусылғаны сонша — әкеден де, шешеден де қоя бердім.
— Әй, сұр жылан, елді, жұртты неге уландырасың?! Мен өзім де уланып, басымннан өтті ғой! Әйтпесе, бұлай демес едім! Сен оңбаған қатынсың! Бұл дүниеде де, о дүниеде де оңбайсың! Еш оңатын ісің жоқ! Сен бандысың, контрабанданың тірлігін істеп отырсың, оңбаған! — деп ашық кеттім. Менен мұны күтпеген Мейізкүл не дерін білмей, қапелімде қалшиды да қалды.
— Бол, көп сөзді қой дағы, менімен есептес! Сенің түрің жаман екен, ауылға барған соң, «бәлен» болды, «түген» болды, өзің көрдің, шығын көп болды!-деп. Маңғыт, аузыңа саңғыт! дейін, — деп отырсың! — деп, әңгімені төтесінен қойдым. Ойпырмай, не деген жәдігөй. Неткен сайқалдық. Неткен екіжүздік. Манағы Қалдыкүл берген түйіншекті ашып жіберіп:
— Ердос, мына елтіріден қалағаныңды ал! Бұл еңбекақыдан бөлек, мұның әрқайсысы жүз доллардан кем емес!, — деп, менің алдыма шамамен жиырма шақты елтірінің ішінен бес елтіріні суырып алып тастай салды. Енді елтірі болғанда сұмдық, бәрі — жоғары сортты елтірілер. Шынында да баға жоқ дерсің. Мен жоғарыда айтып өттім ғой, елтірінің, жүннің бағасы мен сапасын онша-мұнша маманыңнан жақсы білемін! — деп. Жаңағы Мейізкүлдің берген бағасы әшейін-ақ, аукционда ол бірнеше мәрте көтеріледі.
Мен «басқа не айтасың» дегендей, тіл қатпай, бедірейгеннен бедірейіп отыра бердім. Ол тағы да бір бәлені бүлдіреді! — деп, менен секемденді ме, апыл-ғұпыл төсінен бет орамалға түйілген түйіншекті алып, ішінен көк қағаздың бесеуін санап:
— Ереке, мынау сенің қалған күніңе төлейтін еңбегіңнің ақысы, бес жүз доллар, теңге шамалы. Оны бекеттерге береміз, «отметкаға» деді.
— «Отметкаға» неше теңге қалдырдың? Әйтеуір жететіндей болсын. Бәрімізді үйірімізбен апарып, темір торға тығып жүрмесін. Істегеніміздің бәрі — қылмыс, байқау керек! — дедім үрей араластырып. Сол сол-ақ екен:
— Ереке, мынау жиырма мың теңге, өзің ал да, не істесең, соны істе, жетпей бара жатса, тағы көреміз!, — деп бас салып, қалтама тыққыштап, жанымды қоятын емес. Жалмауызға да жан керек екен. Бұл — жауапкершіліктен қашып, бәрін менің мойныма іліп қоймақ амалы.
Кенеттен ойымды жиып алдым. «Кемедегінің жаны бір»- демекші, мен машинаның жүргізушісімін. Машинаға жауап беретін де мен. Тиелген жүкке де жеме-жемге келгенде, менің жауап беретінім сөзсіз. Қой, одан да ойнақтаған бала от басады деуші еді, «артты қысқан бай болады», өз еркімен беріп отырған жиырма мың теңгені алайын да, тура Ұланбелдінің Қамқалысын айналып, ешкім жүрмейтін құла даламен Мойынқұм арқылы төтелетіп, «Жамбыл қайдасың?» деп тартайын! — деген ойға келдім. 600 литрден астам жанармай бар, 50 литрдей су, 10 литрдей мотор майы және бар. КамАЗ сенімді, өзі вездеход. Дөңгелектері жаңа, ауа реттегіші жұмыс істеп тұр. Құдай қаласа, жол-жөнекей отырған қарауылдар мен сексеуіл иегерлерінен жол сұрап, жөн сұрап, әлі-ақ жетіп барамын! — деп түйдім.
Теңгені қалтамның түбіне қарай түсіріп:
— Онда менің айтқанымды екі етпей, соңымнан жүріп отырасыңдар. Құжаттың бәрін туралап, реттеп, жазатынын жазып ал. Әлдеқандай жағдай болса, «Сақтықта қорлық жоқ!» деген. Машинасын жағалап жүрген Сәрсенді шақырып алдым да:
— Сенде қанша литр бензин бар?! — деп сұрадым.
— Бір бөшке бензин бар.
— Ей, қандай бөшке?!
— Екі жүз литрлік.
— Май ше?!
— Бір канистр.
— Қандай канистр?
— Он литрлік.
— Машинаң майды көп жей ме?
— Жоқ, көп жемейді, моторы жаңа ғой.
— Онда жаңа Мейізкүлге айттым, менен бір қадам қалмай ілесіп отырасың.
— Айтпақшы, алды істей ме, алдыңғы мост қосыла ма?
— Иә, істейді, қосылады.
— Су ше?
— Су да жетер, 150 литр.
— Онда дастарханды жинаңдар. Сағат екіден кетті, алға жылжимыз.
Күбірлеп дәмге бата қылып, дастарқанды жиып, көтеріле бергенде, Сәрсенге тағы да қатаң ескерттім.
— Мен фарды өшіргенде, сен барлық фарды, жарық біткенді тегіс өшіріп, менің соңымнан қалмай жүріп отырасың. Мен КамАЗ-дың артқы жағын ғана, сен кіші жақтарын ғана жағып жүресің. Шарт солай, бұл айтқанымды бұлжытпай орындамасаң, мына далады, Мойынқұмда жүрген аңшы инспекторларының көзіне түсеміз. Олар рация арқылы алдымыздағы бекеттерге хабар беріп қояды, — деп, нақты тапсырма бердім.
— Иә, аға, ұқтым-ұқтым!, — деп шойқараның көзі жыпық-жыпық етті.
— Онда машинаға отыр, кеттік! — дедім де, барлық жүргізушілерге тән әдеппен: — Уа, жаратқан ием, әбиір бере көр. Қандай пәлеге қайдан тап болдым. Я, Алла! Пендеңнің біліп істеген, білмей істеген қателігін кешіре гөр. Иә, аруақ! Ғайып ерен, қырық шілтен, өзің жар боп, қамқорыңа ала көр. Иә, пірім, апаттан сақта, жол қырсығы, кесір кесапаттан сақта. Бәле-жаладан сақта! — деп, ойыма түскен Фатиха дұғасын іштей күбірлеп, жаратқанға жалынып келемін. Ненің әсері екенін қайдам, ойым кейде өлең болып өрілетіндей. Күбірлеп іштей өлең шығарып келемін. Сол кездегі көңілі-күйімнің үндесі ме, әйтеуір, өзіме әжептәуір өлең сияқты болып көрінеді. Ұмытып қалмайын деп қайталап келемін.
Айды да, аспанды да түнек басқан,
Күз айы жартысынан енді асқан.
Кейде жел, жауын мазаны алып,
Тұмшалап соқыр тұман жолды басқан.
Жолаушы жол серік пен шоферлардың,
Тақымын жаза алмай бір құты қашқан.
Жарығы ай-құм ұйқыш түнді тіліп,
Ұйқысыз ұзақ жолда таң аттырған.
Ақау боп машинасы жолда сынса,
Денесі де көмусіз түзде қалған.
Көп адам шоферлерді түсінбейді,
Немқұрайлы, поливной шофер дейді,
Сол поливальщик шоферлердің
Ұялмай-ақ талай бекет «нанын» жейді.
Тиегені — біреудің асыл заты,
Уақытысында жеткізу — бір мақсаты.
Сондықтан да күн демей, түн демейді,
«Шаршадым» дегенді де бір білмейді.
Бірінші, екінші, үшінші, төртінші орта газ 1800-2000 о/м аралығын ұстап, Ұланбелдің батыс жағындағы даланың ескі сүрлеу жолымен Қамқалы тұз кенін бетке ұстап тартып келемін.
УАЗ-ик ең төменгі фонарьдің жарығымен соңымда келеді. Мен түнгі уақыттағы тұманға арналған тетікті құралдың жарығымен келемін. Ол сырт көзге көрінбейді. КамАЗ ДОСААФ-қа қарасты болған соң, одан да басқа жабдық-саймандары төтенше соғыс қаупінің талабына сай еді. «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын. Бір жол бар жақын, жақын да болса да алыс» дегенді біле тұрып, өзіме, машинама сенгеннен соң, тәуекел еткенім. Үш-төрт сағат шамасында оң қанаттан ақтаңылтақ болып, ай сәулесімен жарқырап, әр-әр жерден көлшік көрінді. Бұл көлшік дегенім — сор мен тұз қабатының орны. Қамқалы тұз кеніне жақындағанымызды байқадым да, осы бағытпен айнымай тура жүрсем, Талас ауданының Кеңес, Ойыққа қарай кеңшарлары арқылы өтетін үлкен жолға көлденең шығатынымды болжап, тұспалдай тарттым.
Енді бір сағат шамасында күре жолдағы машиналардың жарығы көріне бастады. Қуанышымда шек жоқ. Әсіресе, алғашқы Мейізкүлдің Қарадөңдегі шай ішеміз деген жерінен осы маңайға дейін ешкімнің кездеспегеніне қуанып келемін. Бұл жерде аңшы инспекциясы ылғи да торуылдап жүреді. Мүйізді ірі қараның, қойдың терісі ештеңе емес, елтірінің мәселесі қиын еді. Оны бірақ ешкім қанша іздесе де таппайтын жерге, бақтың ішіндегі дербес жасалған құпия орынға тыққан едім.
Көлденең жатқан күре жолды қақ жарып өттім де, Мойынқұм солтүстігінен қалың жынысты Сексеуілді Түлей бағытына қарай тарттым. Түлейдің солтүстік жағын Мойынқұм ауданының малшылары қыстайды да, оңтүстігін Көкой, Көжеқұдық, Қырғауылды, Ақдаласымен қоса, Байзақ, Талас, Жамбыл аудандарының малшылары қыстайды. Мойынқұм ауданы Қамқалы жағынан Сексеуілді Түлейге бұрын жүріп көрмеген едім. Ептеп қобалжып та келемін. Күздің ортасы. Құмда тоң деген атымен жоқ. Еспе құмда, Түлейде тығылып, машинаны қинамайын ба! — деп қауіптеніп келемін. УАЗ-игім де қалатын емес, бұлтаңдап ол да ұрып келеді. Дегенмен мотор алдыңғы мостың үстінде орналасқандықтан, кузов жағын ары-бері лақтырады. Сексеуілдіге жетсек, біраз кузовқа сексеуіл салып алатын екен! — деп түйдім іштей. Артқы мостқа кішкене жүк салу керек сияқты.
Құмның солтүстік жиегінен өтіп, қалың ортасына келгенде, көңілім орныма түсті.
Ерте көктемдегі жүрген көліктердің таптаған ізі сол кездегі жауын-шашынның, ылғалдың әсерінен бе, қабыршақтана қатып, жақсы күйінде сақталыпты. Қиналмай Сексеуілдіге жетіп, ас қамын жасадық.
Екі-үш сағат мызғып демалып, машиналарды тексеріп, қайта жолға шықтық. Ендігі жүретін бағытымыз — Қызыл арқылы Түлей, одан ары Жуалы штабының үстімен Есқара, Байсал, Қырғауылды, одан соң Ақдаланың батыс жағымен Мейізкүлдің төркіні Ақжар ауылына ат басын тіремекпіз.
Ендігі қорқыныш — Қызыл арқылы өтетін жол. Одан арғы — жағы бұрын-соңды жүріп жүрген үйреншікті жер. Әр төбесі мен бұрылыс, қалтарысына дейін маған мәлім. Қызылдан аман-есен өтсем болды! — деп келемін. Қызылдың төбе-төбешіктерінен де астық. Жоқ, Қызылда да әлгіндей таптаурын жол болып шықты. Бір — екі жерде тығылдық. Тіркемеге тросты жалғап, тележканы шығарып алып, келесі күннің таңында Ақжарға келіп жеттік.
— Братан, Сізге өтірік маған шын, сол Сарыарқа мен Бетпақтан Ақжарға дейін бірде-бір милицияға да, МАИ-ға да кездестірмей, әлгі сайқалды елге аман-есен алып келдім, — деп бітірді әңгімесін қапаста кездестірген Ердос інім.
— Е, жақсы ғой, жиырма мың тенге, бес елтірі пайдаңа асып, өзіңе бұйыртқан да, — деймін, енді мені сол мазалағандай.
— Ә! Айтпақшы, Мейізкүл зәлім жүн-теріні ағасының үйіне түсіріп жатқан кезде, мені шақырып алып: «Ереке «отметкаға» дайындаған пұлдан бөлісейік. Жолға шығын болған жоқ қой. Айлаңды асырып, мені тас қатырып, таза тұздадың», — деп бықсытып келе жатыр еді, аузын топадай еттім.
— Жиырма мыңды беріп пе? — дедім, біліп тұрып анықтай түскім келіп.
— Қайдан, братан, неғылған жиырма мың, шешеңді ұрайынға. Содан айтайын да, үйге жүр, шай іш! — деген жоқ. Соның күйсеген аузына қарап тұратын мен бе? Мен неден қорқам, оның өзі сүйіп айтатын былапыт сөздерімен өзін сықпыртып алдым да, «Бесжылдық» қайдасың! — деп жүрдім де кеттім. Сол тірлік екі жыл өткен соң, мынау камерадан шығарып отыр.
— Содан кейін тағы да барып па едің?!
— Жоқ, неған. Басында айтпап па едім, алпыс шақырым аулақ жүремін!- деп.
Ол қасиеттсіз он күн өтпей, тағы да келіп, ДОСААФ-тан шықпай қойды. Сол қарсаңда бізде ДОСААФ-та вездеход КамАЗ айдайтын Куденекин Николай! — деген Сарыарқаға жабдықтар апармақшы болып, жолға дайындалып жатқан еді. Соған кездестіріп, зорға құтылдым.
Николай аңшы еді. Аңшылар ұйымының мүшесі. Заңды құжатымен неше түрлі аңға лайықты асыл тұқымды иттері бар. Ол Сарыарқаға жабдықтар апарып бара жатқанның өзінде, сапарын аң аулау маусымның ашылуына туралап бара жатқан. Онысын бастықтан бастап бәріміз жақсы білетінбіз.
Байғұс ол да аңшылықтан құр қалып қалмайын! — деп ат-тонын ала қашып еді, не керек, біраз мән-жайды майыстырып:
— «Аң ауласаң, ол УАЗ-икпен барады. Аңға шыққанға УАЗ-игін падаланасың» деп, зорға көндіріп бердім. Тіпті қалжың-шыны аралас:
— Николай, баба классная, ради денег она на все согласна, даже себя продать. Вот посмотришь, когда время пройдет, тогда не забудь, мое слова вспомнишь, — дегенді де ұмытпадым.
— Трахнешь когда захочешь, для этого времени у вас достаточно будет. Ты же разведенный, ничего не теряешь, для тебя полезна биологическая разрядка, — деп құтырттым.
— Ты чего? Пробовал? Трахнул, обкатанная баба, да?!
— Да, нет, мне нельзя, ее муж мой одноклассник, хороший парень, мне его жалко, хоть она на все согласна. Я то разбираюсь же, но я бы на такой поступок не пошел, честно говоря совесть не позволяет. Во-первых, я свое достоинство не хочу терять, во-вторых, я не хочу ее мужа унижать. Мы с ее мужем вместе выросли в одном ауле. Наше детство прошло вместе. Раз она такая, если ей хочется, это ее право. Раз ее муж слабохарактерный, ты как раз подходящий «айғыр». За десять, пятнадцать дней по степи бродить будете, как ты думаешь? Что ей плохо, что ли наслаждение получить плюс удовольствие. Ничего, Николай, после разгрузки новый рабочий день с таким высшим настроением, с таким же вдохновением будете встречать на вашу пользу дело.
— Ей, Ереке, қай-қайдағыны айтып кеттің ғой. Одан де тергеушіге не деп жауап бердің? Одан кейін Мейізкүлмен барған жоқпын, жолда үйге келгенге дейін ешкімнің көзіне түскен жоқпын дейсің. Сонда қалай, сені КПЗ-ға кім әкеліп тықты?
— Міне, гәп сонда болып тұр ғой. Осыдан төрт ай бұрын ДОСААФ-қа Куденекин Николайдың атына хабар келіп түсті. Онда түрлі түсті темір және мыспен ұсталды делінген. Сол рейстен соң әйтеуір Куденекин Николай сарыарқашыл болып кеткен. Ана қара қатын Куденекин екеуі егіз қозыдай боп жұптары жазылмай, маған сәлемдеспек тұрмақ, сәлемімді де алмай кеткен болатын. Бір-екі рет қалжыңдап, Куденекинге тиіскенімде:
— Ерик, точно по твоему сценарию получается! — деп ыржың-ыржың еткен.
— Значит сблатовался, — деп, мен де кекесін күлкімен шығарып салғанмын. Ал тергеушіге Мейізкүлмен болған жағдайды, сізге қалай айтсам, тура солай етіп, жіпке тізгендей ғып айтып бердім. Өзімнің бір-ақ рет барғанымды, мен арқылы Куденекин Николай Мейізкүлмен танысқанын тергеушілерге айтса керек.
Енді менің тергеушілердің қинап отырғаны: «Қанша мыс, қанша түрлі түсті темір алып келдің? Қай жерге? Қандай бағамен өткіздіңдер?» дейді.
Мен ат-тонымды ала қашам. «Темір-терсек әкелген жоқпыз, жүн-тері әкелдім» деймін шыр-пыр болып. Қойшы, әйтеуір кеше қара кешке дейін қинап, ананы бір сұрап, мынаны бір сұрап, бағана сізді әкелген уақыт шамасында осында әкеп тықты ғой. Братан, бәрі құрып кетсін, екі күн болды, нәр татқан жоқпын. Үйдегілер де хабарсыз. Біздің үйдегі келініңіз бұл жерде екенімді де білмейді. Білсе де, бұл жерді тауып келетін адам емес. Әйтеуір бір жүрген адам санатындағы біреу ғой. Мені іздейтін, маған қол ұшын беретін жақын туыс-ағайнның сиқын өзіңіз білесіз. Жалғыз ағам малда. Ол босада малдан шыға алмайды. Міне, осындай гәп! — деп, жүресінен отырған күйі күрсініп қалды.
Дел-салмын. Камераның іші тас қараңғы болғалы қашан? Сасық иісіне де үйренейін дедім. Ердос айтпақшы, қарын да шұрқырай бастады. Бұрыштағы 20-30 литр су. Бұл судың барына да шүкіршілік. Екінші бұрышта кіші дәретке отыратын параша ыдыс. Қақпағы да жөнді жабылмайды, дәрет сындырғандар салдыр-гүлдір еткізіп, әйтеуір бір боқтап қояды. Мұндағы басқа жандардың не себептен қамалғанын білмеймін. Оны білуге зауқым да жоқ. Ердостың әңгімесінен кейін тұңғиық ойға кеттім. Бұл жағдайдың жақсылыққа апармайтынына анық көзім жетті. Енді не істеу керек? Бұл істердің ешқайсысына менің қатысым жоқ қой, оны қалай дәлелдеймін?
Бір жағынан Ердостан талай нәрсені естіп, хабардар болғаныма да қуанып отырмын. Неше түрлі ой мазалап, тығырықтан қайтсем де шығудың амалын қарастырумен әлекпін.
Рабиға байғұстың да басын айналдырып, несие алдырып, қарызға белшесінен батырып, кепілдікке тауар алдырып, ең ақыр аяғында алды-артына қаратпай төркініне кетуіне себепші болған да осы Мейізкүл екен ғой.
Олай дейтінім, Халима «Үркер сәулесі» кәсіпорнының адамдары Рабиға алған тауарлардың ақшасын сұрап талай келгенін айтып еді-ау. Кетер кезде ол Халиманың адресін, телефонын тастаған көрінеді. Басқа да біраз мекемелер мен кәсіпорындардың адамдары: «Адресін айт, жерге кіріп кетсе де, құтыла алмайды» деп, айғай-шу көтергенін талай естігенмін.
Зат иелері Рабиғаны таппаған соң: «Ол — сенің әйелің, алған заттарының ақысын төлейсің», деп, маған бәле салғаны да бар.
Ол жолы да бір ай шамасында сұрақта болып, бармаған жер, баспаған тау қалмай жүріп, ақыры заң жүзіндегі ажырасу қағазын, сот шешімінің алиментке шығарған үкімін көрсетіп, зорға құтылғанмын. Ендігісі мынау, әкеліп контрабандаға іліп отырғаны.
Кішкентай ғана саңылаудан түскен жарық сәуле елең еткізген. Қара ойдың шырмауында отырып, таңның қалай атып қалғанын да байқамаппын. «Иә, ойлар, ойлар...» деп қоямын. Адам жаны қысылып, басына іс түскенде, күйзелгенде, әсіресе, осындай қапасқа түсіп, әрекетсіз қалғанда, мына Ердос айтпақшы, ақын да болып кетеді-ау. Үзік-үзік мына бір өлең жолдары келеді ойыма:
Ойлар, ойлар, сан ойлар,
Алды-артыңа қаратпай
Меңдеп алған көп ойлар.
Басты ойдан айырылтпай,
Билеп-төстеп қиялды,
Еркіндікке дес бермей.
Дегеніне жеткізбей,
Жүректегі жалынды
Біржолата өшіріп,
Басып алған тұманша,
Соқыр тұман, қара ойлар.
Осылайша өзімше ой құрап жатып, талықсып, ұйықтап кетіппін. Қанша уақыт өткенін қайдам, есіктің ашылған сылдырымен қоса:
— Асылбеков кто?! — деген кезекші милицияның даусынан оянып кеттім. Кезекші милиция қолындағы түйіншігін тастай салып:
— Тебе жена кушать принесла! — деді де, есікті сарт-сұрт еткізіп, қайта шығып кетті.
Камерадағы 7-8 адам дем арасында ту-талақайын шығардық. Дегенмен ішке бірдеме барғандай болды.
Халиманың жөнін тауып, тамақ әкелгеніне дән риза болған Ердос таңғалып, қайта-қайта басын шайқап:
— Біздің қатын бұндайды да білмейді ғой. Апырай ебін қалай тапты екен, — деп, әлсін-әлсін қайталай берді.
— Тамақ алдыруға рұқсат етпей ме?! — деп қасымдағыларға қарадым.
— Кім қалай ебін табады, — деп, қысқа жауап қатты ілмиген бір арық сары.
Сол жатқаннан дүйсенбіге дейін менімен ешкімнің шаруасы болған жоқ. Үшінші күні ғана камерадан шығарып, «Қара қарғаға» мінгізіп, бірнеше адамды, ішінде Ердос та бар, қаланың ортасындағы тергеу изоляторынан (СИ-13) бір-ақ шығарды. Сонысына қарағанда прокурордың қамауға санкциясы бар болғаны ғой деймін. Камерада адамдардың көптігі сонша — аяқ қоятын жер қалмағандай. Жер бетон, жоғары сәкі сияқтысы жерден 20-25 см биік. Оны лежак дейді екен. Ол да бетон. Ердос маған бердеңелерді айтып үн қатқаны сол еді, арғы қабырға жақтан:
— Кто там разговаривает?! А ну, покажись! Что-то знакомый голос, — деген дауыс естілді де, жоғарғы жақтан көтерілген орта бойлы, тапалтақ, орта жастағы орыс жігіт Ердосты көре салып:
— Ты че, Ерик, откуда? С каким ветром?! — деп, Ердостың қолын алып, арқасынан қағып, бәйек болды да қалды. өзінің жанынан ығыстырып орын тауып, бізді жайғастырып та алды.
— Братан, өткендегі айтқан аңшым осы! — деп, Ердос маған бұрылып қарады. Мен ініме түсіндім дегендей басымды изедім. Бұның Кудекин Николай екенін, біздің келінмен әмпай болып, енді соның сазайын тартып жатқанын айтпай-ақ сезген едім.
Ердос екеуі ұзақ сонар әңгімеге кетті. Оқиғаның қалай болғанын, жол бастап шығарып салушылардың кеденнен өткізу қолынан келмей, қапыда ұсталғанын айтып, күйіп-пісті. Мейізкүл межелі жерден күтемін! — деп, бұрынырақ кетіп қалмағанда, аман-есен құтылатындықтарын айтып, аһ ұрды.
Николай Куденекиннің сөзінен аңғарғаным:
Олар кейінгі сапарларында бизнес түрін өзгерткен сыңайлы. Енді тері-терсек емес, Сарыарқа, Жезқазған, Қызылорда облысына қарасты ұлан-байтақ даладан «батпан құйрыққа» кенеліпті. Дүние табудың небір оңай жолын ойлап табатын Мейізкүл алғашқы сапарында-ақ бірден Қамбардікіне барып, Борис Карповичті бірге жұмыс істеуге көндіріпті. Оны радиациялық мөлшерді өлшейтін дозометрлік аппаратын, кесетін, аралайтын құралын пайдаланып, темір сынықтарын бөлшектеп тиеп, таси беріпті. Борис Карпович дайындап, артуға дайындағанша, Мейізкүлдің УАЗ-ик машинасымен аңға шығып, қалаған уақытында Мейізкүлмен құмар тарқатып, рақат өмір кешкенін, енді, міне, Мейізкүлмен алдамшы өмір мен сұрқия әйелдің арбауына түсіп, пұшайман хал кешіп жатқанын айтып, көкірегі қарс айырылды. «Қайран жарық дүние, шіркін бостандық-ай!» деп аһ ұрып күрсінгенде, жаны қоярға жер таппайтындай.
Сол жатқаннан қатынның қарасы жұққан үш бейбақ тергеу изоляторында алты ай жаттық. Бір күні тергеуге алып барып сұраса, кейде біздей пенделердің бұл өмірде бар екенін ұмытып кеткендей үн-түнсіз қалады. Бірер аптадан кейін қайта тергейді.
Кейінгі тергеуді жүргізу тәсілі алғашқы тергеу жүйесінен тіптен өзгеше болды. Кей күні бетпе-бет біреулермен жүздестіріп, «Әне жерде ананы істедім, мына жерде мынаны істеуге келістім, келісім-шарт жасастық, сөйтіп мынандай қылмысты бірге жасадық деп мойында», — деп зорлық жасаса, кей уақыттағы тергеу кезінде, «Мынаны танимын, осындай-осындай жағдайлар болғаны рас деп қол қой» деген сияқты талап қойса, әйтеуір мойндату амалын қарастырып, жан қинау, ұрып-соғумен қатар, ас пен су бергізбей ашықтыру да тәсілдерін пайдаланды.
Бір күні кезекті соққыға жығылып әлсіреп, есімді бірде жиып, бірде қайта сандырақтап жатқан кезімде, бүкіл өмірім көз алдыма келмесі бар ма. Басымды көтере алмаймын. Көзім қарауытады. Тек өткен күндер елес болып, кино лентасындай көз алдымнан өтіп жатты.
Қайғысыз, мұңсыз балалық шағым. Кіші Бурылдың етегі. Бір топ балалармен доп қуып, тауға шығып, тастан-тасқа секіріп, долана теріп жүрмін. Төменгі жақта «Ақ баз» деп аталатын қамба көрініп тұр. Қамба жанында шағын үй. Осы үйде менің әке-шешем тұрады. Астық қамбасының қарауылы. Олар Бурыл тауының үстінде балалармен күн ұзақ ойнап жүргенімнен бейхабар сияқты. Білсе, «Әжеңе неге көмектеспейсің?» деп ұрысып беретін сияқты.
«Ақ баз» бен біздің ауылдың арасын Бурыл тауы бөліп тұр. Енді артыма айналсам, ауылды көрем. Қайта-қайта артыма бұрылып, ауылды көргім келеді.
Екінші көшенің бас жағындағы үлкен ақ там — әжемнің үйі. Соған ұзақ қараймын, кимешегінің артқы жағы желкілдеп, әжем үйден шығып келе жатады. Мен оны биіктен анық көріп тұрғандай боламын. Кенет Бурыл тауының үстінде аламан-тасыр құйын ойнап, шаң көтеріле ме-ау, қапырық аңызақ ұрып, ауа қалмай, тыныс тарыла ма-ау, жан алқымға тірелгенде, әжем келіп, кимешегінің салпыншағымен желпіп-желпіп кеп жібереді. «Уһ!» - деп бір-ақ дем алғандай жеңілдеп қаламын.
Кішкентайымнан әжемнің қолында өстім, әке-шешемнен гөрі, әжемді көп іздеймін де сағынамын. Әлі есімде, бірде әжем қатты ауырды, кейін ойласам, уақытысы кеткен дәріні ішіп, уланған екен. Әжемді әкем зембілге салып, ауруханаға алып бара жатса, «Өлді деген осы екен» деп, әпкем, інім — үшеуміз шыңғырып жылап, зембілге жармасып ажырамаймыз.
Кейін ауруханадан келгенде, әжемнің Ұлбике деген абысыны:
— Әне, әжесін балалары жылып-жылып өлімнен алып қалды, — десе, қайран балалық, шынында да «Жылап-жылап, өлтірмей алып қалған екенбіз»-деп, әжептәуір болып қалатын едік.
Өткен күннің белгісі, бедері жоқ,
Бала болып ойнаған көнерді доп!
— деген-ау деймін, өң мен түстің ортасында жатып. Енді бір кезде шөлдің қысқандығы сонша — таңдайым таңдайыма жабысып, аузым кеуіп барады. Тұруға дәрмен жоқ. «Су, су!...» деп айғайлаймын, үнім шықпайды. Тағы да ой тартып бара жатады. Несіне шөлдеймін, екі күн болды ғой нәр татпағаныма. Жоқ, аш адам шөлшіл келе ме? Иә, иә, аштықтан да шөл азабы жаман. Адам түгіл, мал ше?
Мұндайда қай-қайдағы елестейді екен-ау.
Бір мың тоғыз жүз алпыс тоғызыншы жылдың қатты қысы болатын. Мен тоғызыншы сыныптың қысқы демалысында Мойынқұмда мал бағып отырған әкеме көмекке бардым. Сол жылы бір апта күндіз-түні жауған қар белуардан асып, жақын тұрған маяға мал жете алмай қалды. Мал қоралар қардың салмағынан құлап малды басып қалатын қауіп төнді. Ауылдан көмекке шыққан көліктер қардың қалыңдығынан жолда қалып, үсікке шалынып, опат болғандар да кездесті. Кәдімгі қазақ айта беретін нағыз «жұт» деген пәлені біз сонда көрдік. Сонда бірін-бірі басып, астауға ұмтылған малдың су ішіп те оңдырмай, құр жалай беретінін көріп таңғалған едім.
Ауданнан келген басшылардың бірі сол жағдайды көріп, әкем байғұсты жерден алып, жерге салған еді-ау.
— Мынау мал екі-үш күн су ішпеген ғой! Маяға жете алмаса жарайды, жол жоқ екен, шөп шаша алмай жатсыңдар. Оны түсінеміз. Ал су бермегендерің не сұмдық?! Қандай адамсың? Обал емес пе, ең болмаса құдайдың қара суын аядың ба? — деп алып, артынан неше түрлі былапыт сөздермен тұздықтап, әкемнің аузын ашуға мұршасын келтірмеді.
Бұл не деген сұмдық! Анау бағана барған малшымыз да малын біздің алдымызда шығарған. Мынау да қазір айдап шығып отыр.
— Өмірбек, сен осы ауданның ауыл шаруашылығын басқарып келесің. Бұл іске не дейсің? Ал енді малға шөп бермегенмен, ең болмаса су беріп суарып қоюға болады ғой. Айтшы өзің, сен мал маманысың ғой.
Жанындағы сұңғақ бойлы кісі баяу сөйлеп түсіндіруге кірісті.
— Бәке... — деді ол, жанындағы қырып бара жатқан талпақтау, көзі шатынанған кісіге қарап. Бұл малшы да, жаңа біз көріп өткен малшы да осы шаруашылықтың озат шопандары. Өздерінің еңбегі де, тәжірибесі де жетерлік. Әуелі жаңадан институт бітіріп келген жоғары білімді мамандар бұл кісілердің білгенін біле бермейді, мына аш малдың қарнында қорек жоқ болған соң, биологиялық процесс бұзылады. Сол сияқты зат алмасу процесінен бастап жалпы қан айналу процесіне дейін бұзылады. Соның әсерінен дененің қызуы көтеріледі де, малдың іші қызып, міне, мыналар құсап, құр суды әшейін жан далбас қылып жалай береді, жалай береді. Мына қойлар енді мал болмайды. Ертең осы уақытқа дейін мына астау маңындағы малдардың бәрі өліп бітеді. Маман тілінде мұны «Алементарическая смерть» деп атайды.
«Бәке» деп тұрғаны — сол кездегі ауданның атқару комитетінің төрағасы екен. Оны кейін біліп жүрмін ғой. Ол жарықтық ауыл шаруашылығы саласында бұрын-соңды істемеген жан екен, иісі мұрнына да бармайтынға ұқсайды.
Ал «Өмірбек» деп отырғаны — сол кездегі ауданның ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Өмірбек Байкелді екен. Олар өздері мініп келген БТР әскери машинасына отырды да, аттанып кетті. Ал осы көрініс менің жүрегімде мәңгі сақталып қалыпты. «Көшелі кісіні бір көргеннің өзі сабақ» деп отыратын әжем байғұс әулие екен. Міне, енді сол ашыққан мал сияқты аштан бұралып, қызуым көтеріліп, ішім қызып, шөлдегендей болып жатқаным.
Кеудеден жан шықпаған соң, бәріне көнеді екенсің. «Адам ит жанды» деген бек рас-ау. Әлде қарауылдар алдырмай жатыр ма? Жоқ, әкелмей жатыр ма? Үйден тамақ тоқтады. Түрме тек өздерінің сылдыр су быламығымен қоректендіреді.
Өңіміз аппақ қудай, тек сүйегіміз қалған. Тәулігіне бір рет қарауылдап, сыртқа үлкен дәретке шығарады. Содан күннің бірінде дәретхана ішінде Ердоспен тілдесіп қалдым. Ол басқа камерада еді.
— Братан, жақында ісімізді сот қарайды. Мейізкүлдер
де қамауда. Қамалғандардың ішінде милиция, кеден тобымен қоса. МАИ қызметкерлері де бар екен! — деп айта беріп еді, мені қарауылдап тұрған орыс дубак:
— Не разговаривать, выходи быстрее! — деп, Ердосты дәретханадан қуып шықты.
Ердос айтқан екі сөздің өзі әжептәуір көңілге демеу болып қалды. Айтса-айтқандай, түс қайта мені тергеуге алып барды. Тергеу бөлмесіне кірген заматта Мейізкүлге көзім түсті. Одан ары таман үш адам, бергі қарама-қарсы қабырғада төрт-бес адам отыр. Төрде тергеуші, қасында бір адам қағазға бірдеңе жазып отыр.
Кіргеннен соң, сәл-пәл уақыт өтісімен, тергеуші:
— Асылбеков! Мына отырғандардың ішінен қайсыларын танисың? Көрсет! — деп бұйырды.
Мен бірден сұқ саусағымен Мейізкүлді көрсеттім де:
— Танимын! — дедім.
— Тағы кімді танисың, жақсылап қара! — деп ескертті тергеуші. Көзім жарыққа үйреніп, бәрін анық көріп тұрғанмын. Сонда да болса тағы да барлығын бірсыпыра қарап шықтым. Бірақ ешкімді танымадым.
— Басқаны танымаймын, — дедім. Тергеуші шеткері отырған өзім сияқты пұшайманға мені көрсетіп:
— Сендер «Жаңа фосфор» зауытынан түрлі түсті темір мен мыс алып шыққанда, мына кісі қатысты ма?! — деді. Анау тергеушіге қарап:
— Жоқ, бұл кісіні бірінші рет көріп тұрмын, — деп басын шайқады. Одан кейін тергеуші маған бұрылып:
— Мына «Көлқайнар» кооперативінің мөрі сенікі ме?! — деді, столдың үстіне иегімен нұсқап, жақында дегендей ишарат жасап. Жоғалған мөрім бірден көзіме оттай басылды.
— Менікі, бірақ бұл мөрдің жоғалғаны туралы газетке «жарамсыз» деп хабарландыру шыққан. «Д» деген дубликат белгіні білдіретін милицияға арыз беріп, рұқсат, тіркеу құжаты бойынша басқа мөр алғанмын. Оны Свердлов ауданының ішкі істер бөлімінен білулеріңізге болады, — деп, мән-жайды тәптіштеп келе жатыр едім, тергеуші ақырын күтпей:
— Аяғанова! Бұл мөр сенің қолыңа қалай тап болып жүр?! — деп Мейізкүлге бұрылды. Мейізкүлде үн жоқ.
— Аяғанова! Қалай сенің қолыңа бұл мөр пайда болды?! — деп қайталады тергеуші.
— Керек қағаз құжатты осы мөрмен бекітіп толтырғаныңыз бізге белгілі. Бұл — нақты айғақ және де бұрынғы, кейінгі құжаттарды да өз қолыңызбен толтырып отырғаныңызды эксперт пен компьютер жүйесі дәлелдеп отыр. Сізге шындықты, болған оқиғаны айтқаннан басқа амал жоқ. Тексеру сарапшылары өз жұмысын аяқтады. Бұл кездесу — Асылбековпен көзбе-көз беттестіріп, айғақпен дәлелдеудің соңғы түйіні. Енді бұл іс бойынша бүкіл іс қағаз тексеру барысының құжаттары халықтық сотқа беріледі. Тағы да үн жоқ.
— Соңғы сұрақ, Асылбековпен бір мекемеде, бір кәсіпорында қанша уақыт істедіңіз?!
— Асылбековпен бірге ешқашан жұмыс істеген жоқпын. Біздің арамызда басқа да кәсіпкерлік іс болған жоқ. Бұл кісінің мөрін ғана пайдаланып, өз бетіммен, бөлек жұмыс істегенмін.
— Ал мөрді қалай алдың, жоқ, өзі берді ме?!
— Мөрді бұрынғы абысыным Рабиға Жакеновадан алдым. Ол екеуміз бір-екі рет алып-сату жұмысын бірлесіп атқарғанбыз.
— Ол кісі қайда?!
— Ол кісі қайнағаммен ажырасқан соң, еліне кетіп қалған.
— Мөрді саған тасттап кетті ме?!
— Иә, маған тастап кетті. Мен осы уақытқа дейін пайдаландым.
— Жакеновамен қандай алып-сату жұмысын атқардыңыз және қандай фирмалармен?
— Ол кезде біз алып сатарлықты жаңадан бастап жүрген кезіміз еді. Осы Жамбылдағы «Үркер сәулесі», «Қазақстан», «Тұран» деген фирмалармен, шағын жеке кәсіпорынмен өтірік келісім-шартпен банкінің, мына кісінің, Асылбековтің, есеп-шотымен қоса, салық бөлімінің тіркеу есеп-шоты сандарын көрсетіп, тағы да бағалы заттарды кепілдікке беріп, сатуға келісім-шарт жасап, сатқан заттардың ақшасын фирма мен кәсіпорынның адамдарына уақтысында бермей, әні береміз, міні береміз, өтпей жатыр деген сылтаумен ақшасын созып, өзіміз айналымға жіберетінбіз. Кейбір аңғал фирманың бастықтарына бермей де қоятынбыз. Олар қағаз жүзіндегі «Көлқайнар» кооперативін заң арқылы іздеп, жоқ кооперативті ақыры таба алмай, сарсаңға түсетін.
— Рабиға Жакенова не үшін кетті?! Бұрынғы берген түсініктемеңе қарағанда бірталай ақша жиналып, жұмыстарың жақсы-ақ басталған сияқты ғой.
— Иә, Жакенованың кетпеске амалы қалмады. Өйткені, біріншіден, күйеуі Асылбеков қайнағамыз оның көп істерін сезді де күдіктенді. Оның үстіне іздеу салған кәсіпке олар заң жүзінде жоқ кооперативтің тарапынан ештеңе өндіре алмай, өтірік келісім шарт екеніне көзі жетіп, сот арқылы нақты айғақтың болмауынан құр әуре сарсаңға түсті.
Сол кезде «рэкет» деген жаңадан шығып жатқан. Көп қарызын, затын, заң жүзінде сот арқылы ала-алмаған кісілер, қарызын өндіріп берген жағдайда кәсіпкерлер рэкет тобына амалсыздан белгілі бір пайызын беретін болып келісіп, соларды салатын. Сол рэкет тобы Рабиғаның да соңына түсіп, осынша күнде қайтармасаң, ары қарай күндігіне мұнша пайыз қосылып тұрады! — деп, өздерінің тілімен айтқанда, «счетчик» орнатып кетті. Белгіленген уақыт мөлшерінде есептесе алмай, рэкеттердің екінші «счетчигіне» тап болып, қарыз ақшасының проценті күнен-күнге өсе берді. Рабиға кепілдікке қойған заттарының бәрінен айырылып, тек рэкеттердің процентіне жұмыс істеуіне тура келді.
— Сен бұл топқа душар болған жоқсың ба? Жакенова екеуіңнің тірлігің бір емес пе?!
— Қиын жағдай менің де басыма түскен. Бірақ менің көршім Нұр деген жігіт сол Костяның рэкеттерінің тобында болатын. Ол маған: «Құжаттарда менің қолым жоқ, Рабиға Жакенова біледі дей бер», деген.
— Ол рэкеттер қазір бар ма?!
— Жоқ, бәрі ұсталып кетті.
— Асылбеков, бұрынғы әйеліңнің бұл жұмысын білесің бе? Сен сол кезде не істеп, қайда жүрдің?! — деп тергеуші енді маған бұрылды.
— Нақты бүк-шігін білмейтінмін. Бірақ жүрегім сезетін. Неге десеңіз, бұрын-соңды мен аттарын естімеген қай-қайдағы танымайтын адамдар «фирма, шағын кәсіпорынның кісілеріміз» деп, үйде болған кезімде, телефонға дамыл бермейтін.
— Қай уақытта кеткенінен, қандай жағдайда кеткенінен не білесің?!
— Мен Өзбекстанда жүрген кезімде кетіпті, төрт айға жуық үйде болған жоқпын. Сібірден ағаш дайындатқызып, оны Өзбекстанға өткізіп жүрген едім.
— Аяғанова, сен хабардар шығарсың, қазір қайда тұрып жатқаны туралы және қай уақытта кеткені туралы не айтасың?
— Тамыздың бас кезі болатын. Жакенова үрейі шығып, үйге кешке қараңғы түсіп қалған кезде жетіп келді. Аузы ісіп кеткен. Көзі де ісік, қолдары, аяқтары қызыл дақ, көйлегі жыртылған. «Мая, Мая мені құтқар, анау бәлелер тағы келіп, ұрып-соғып, «ақша тап» деп кетті. Бар ақшамды түгел бердім. Талай бағалы заттарды, кілем, Сабырдың бір киген, кимеген киімдерінің бәрін алып кетті. Бір-екі күн сенікінде тығыла тұрайын, мына ісіктерім басылғанша, содан кейін қашамын, олар Сабыр келгеннен кейін, бәрі-бір өлтіреді. Бйқұстың тырнақтап жинағанының бәрін алып кетті. Гаражда тұрған «Фордтың» кілтін сұрады, «Күйеуім алып кеткен», деп зорға құтылдым, «Күйеуің қашан келді?», — деп сұрады. «Келгеннен соң за не устойку разборка жасаймыз» деді. Құрыдым, құрыдым, қашуым керек, — деп безек қақты.
— Сен не дедің, не ақыл айттың, істерің бір ғой?!
— Мен не айтам, өз басымды қорғауым керек. Мақсат осы болды. «Тез жолға шық, бұл жерде отырғаның болмайды», дедім.
«Ақшам жоқ, — деді. Содан мен тез арада ақша қарастырдым.
«Ең болмаса вогзалға шығарып салмайсың ба?» деді. Бірдеңеге іліп кетем бе деген қауіппен, әрі тез құтылғам келіп:
— Рэкет Нұр келіп қалса, Рабиға, жағдайың тым ауыр болады, одан да тез жинал, қасыңда қызың мен балаң бар ғой. Мені көз қылып неғыласың! — деп айтуым сол екен, менен алған ақшаны ала салып, сол күні жолға шықты да, еліне кетті.
— Содан кейін хабар алдың ба? Хабарлсатың ба?
— Жоқ.
— Сен ше, Асылбеков?
— Білемін. Соттың ажырасу жөніндегі шешімнен кейін, алиментті қай жаққа, қай адреске жіберемін! — деп анықтап алғанмын
— Кәзіргі тұрып жатқан жердің адресін білесің бе?
— Білемін.
— Білсең, айт! — деді де, тергеуші жанындағы қағаз жазып отырған адамға:
— Сен де айтқан адресті жазып ал! — деп нұсқау бергендей ыңғай танытты.
— Қостанай қаласы, Орталық көшесі, 24-үй, 37-пәтер, — дедім.
— Осы адрес мекен жайы бойынша іздестіріп табуға тапсырма беріңдер! — деді де, осында отырған бір милиция формасындағы жігітке сыртқа шығарып тапсырма беріп келді. Ол көп ұзамай Куденекин Николайды алып келді. Куденекин де боп-боз болып сылынып түсіпті. Есіктен кірген бойынша тергеушінің:
— Тоқта! — деген дауысы саңқ ете қалды да:
— Куденекин! Из этих сидящих людей кого ты знаеш?! — деді. Куденекин бірден Аяғанованы көрсетті.
— Мая ее зовут, она моя клиентка, я возил ее груз, на договорной основе:
Тергеуші:
— Оплата как производилась?! Расчет сразу брал или авансом?!
— Тридцать процентов до выполнения рейса, остальное после рейса.
— Что за груз?! Куда возили?! Куда сдали?! Откуда брали?!
— Ну, брали из разных мест, она заранее заготавливала. Сдали тоже на разных местах, последнее время в Киргизию возили. Я в предыдущих допросах точно, подробно указывал.
— Документы кто оформлял?! Откуда брал?! Кто дал?!
— Куденекин, ты с Аяғановой сколько лет работаешь?! И в Киргизию сколько лет ездил?! Кто тебя задерживал и где?!
— Я с Аягановой в этом году второй сезон работаю. В Киргизию четвертый раз возил и попался.
— Как попался?! Как понять?!
— Чу объехали через Актобе, должны были заехать, в четыре часа утра Аяганова с сопроводителями должна была ждать на тарассе. Я ее до семи утра ждал и не дождался. После того решил ехать в сторону Камышановки, не доезжая до поста ГАИ меня останавливает милицейский УАЗ-ик с мигалкой. Я остановился, документы все в порядке, как и всегда оформляли груз как гос. груз. Их было трое с наркослужбы. Кузов не смотрели, то есть не проверяли, начали требовать отметку, к меня всего 50 доллоров было. Сказали мало, нас трое, еще по пятьдесят сто добавь. Началась торговля, я по всякому, они на своем, короче не подписывался, а у меня других денег нет. Все документы у них. Сказали следовать за ними. Короче на стоянку намерены поставить, это уже конец дела. И Аяганова тоже опаздывает, уже десять часов, три часа торгуемся. Другого выхода у меня не оставалось, решил убежать по степи, по полям, я не знал, что они вооружены, а так спасся бы. Я выполнял свое долг, за который брал деньги на работу и перед клиентом. До последнего шанса и дыхания, если бы они не применили огнестрельное оружие, я бы спас груз и в следственном изоляторе не сидели бы.
— Куденекин, вы знаете, что вы контрабандой занимались, тоже соучастник? ! — Куденекин молчит, не отвечает.
— Аяғанова, мынаның айтып отырғаны дұрыс па?!
— Дұрыс.
— Сіз мына отырғандардың ішінен тағы кімдерді танисыз?
— Ана екі кісіні.
— Аты-жөнін білесіз бе?!
— Білемін. Анау кісі — МАИ қызметкері Манапов Садық, екіншісі — Асанов Әлім. Кеденде смена бастығы.
— Қай кеденде?!
— Қазақстаннан Қырғызстанға, Шу ауданы мен Мерке ауданының қиылысында, Қырғызстанның Камышановка!-деген айылындағы кеденде жұмыс жасайды.
— Бұл кісілермен қалай танысып, байланыста болып жүрсің?! Әлде біреулер арқылы таныстың ба?
— Иә, Манапов Садықпен менің қайным таныстырған.
— Қайның қайда істейді?!
— Ол да осы облыстық МАИ-да, осы кісінің қарамағында, байланыс жүйесінде.
— Асановпен ше?!
— Асанов Әлім мен Манапов Сыдық таныстырған.
— Бұлар мен қандай келісім бойынша есептесесің?!
— Бұл кісілермен заттың, металдың түріне қарай.
— Қалай?! Түріне қарай болғанда?! Мысалы, мысты өткізгенде қандай бағамен өткізесің? Бір тонна мыс қанша тұрады? Ал бұларға қанша ақша бересің?!
— Қазіргі уақытта мыстың бағасы түсіп кетті, соған байланысты әрқайсысына ең көп дегенде аман-есен шекара кеденінен ұзатып шығарып салса, бес жүз доллардан алады.
— Ал шығарып сала алмаса ше?!
— Шығарып сала алмау деген болмайды. Мұндай жұмыс алдын-ала реттеліп, шарт бойынша істелінеді.
— Сонда да боса бір жерден кемістік, қателік сөз, я болмаса әр түрлі себептің болуына байланысты келісім-шарт пен сөздеріңіз шикілеу болып, ойланған ойыңыз іске аспаса ше?!
— Мен Сізге айттым ғой, ойланған ой іске аспауы мүмкін емес деп. Ақша бәрін істейді. Барлық ойды да іске асырады.
— Аяғанова, міне сізге нақты айғақ, мына ойларыңызды іске асырмай тастаған біздің милицияның жүйелі де тынымсыз жұмысының қорытындысы. Тәжірибе мен іскерлік танытып, өз міндеттерін табандылықпен атқарғанның нәтижесінде сіздерді топ-тобыңызбен қолға түсіріп, ойларыңызды іске асырмай, контрабандалық тобыңызды әшкерлеп, қылмысқа тартып отырғанның өзі үлкен нәтижелі іс емес пе? Ал сіз болсаңыз, ақша, ақша, дейсіз, ақшаға, дүниеге бір табан жақындығыңызды танытып, әбден құныққан екеніңізді білдіріп отырсыз. Ақша үшін барлық жағдайға барып, өзіңіздің қара басыңызды ғана былғап қоймай, дүние үшін отаныңызды сатып жіберетін сатқын екеніңізді де білдіріп отырсыз. Қалай, а!, Аяғанова, мен дұрыс айттым ба? Екі ортада талай адамның обалына, бала-шағасы, бауырларының көз жасына қалып отырсыз.
— Жоқ, сіз дұрыс айтқан жоқсыз. Олай дейтін себебім, мен қандай жұмысқа барғанымды білемін. Біріншіден, мен зорлап жұмсап, ешкімге қиянат жасаған жоқпын. Керісінше, бұл жұмыста еш қателік болмауы тиіс. Қателік сәл кетсе болды, бәріміз топ-тобымызбен қылмыскер контрабанда жолымен сотталатынымызды білгенбіз. Бұл мәселе әрқайсысына, әр адамға жеке түсіндіріліп, жетесіне жетіп, санасына құйылған. Соған қарамай, шофер Куденекин қателік жасады. Қателігі сол, — үш сағат емес, үш күн болса да, келісілген жерде күтуі керек еді. Біз, мысалы мен, не ұйқы көрмей, не күлкі көрмей, аман-есен Қырғызстанға жететін жағдайды қарастырып жүрдім. Ол жақтағы мысты алатын адамдар келісілген уақытта келе алмай, біз соларды күтіп қалдық. Сол екі арада кездейсоқ наркоманияға қарсы күрес тобы кездесіп, ойламаған жерден және Куденекиннің трассаға шығып кеткен қателігінен қолға түсіп отырмыз. Бұл жерде сіздердің контрабандаға қарсы қызметтің де, сіз айтқандай тәжірибесі мол милицияңыздың да еш қатысы жоқ және ешқандай еңбегі де жоқ. Еңбек Куденекиндікі, осы мәселені сотта ескерсеңіздер, — деп айтып отырмын. Куденекинге, мүмкіндік болса, жеңілдік болар! — деген ойдамын.
— Сонда милиция қызметкері жайында айтайын, — деп отырғаныңыз не?! Сіз өзіңіз қылмыс жасап отырып милиция қызметкерлеріне айып тағайын деп отырсыз ба?! Бұл үшін жауап беретініңізді ұмытпаңыз.
— Тергеуші мырза! Сіздің сұраққа бес-алты сөзбен жауап беруге рұқсат етуіңізді өтінемін және сөзімді бөлмей тыңдауыңызды өтінемін. Бұл жауапты сот алдында айтуға құқым бар екенін де білесіз. Сіз де ұмытпаңыз! Қазақстан Республикасының жаңадан қабылдаған Конститутциясына байланысты өз ойымды толық жеткізуге құқым бар екенін ескерерсіз. Біз сотталамыз, біз қылмыс жасадық, контрабандалық қылмыс! — деп айып тағылып жүргізілген тергеу жүйесі де аяқталып қалғанын біліп отырмыз. Бізді біріккен топ құрамы! — деп контрабандалық жүйедегі статьямен ұзақ мерзімге соттайды. Бірақ екі-үш жыл жетпей, амнистия тармақтары заңының шығуына байланысты босатады. Істеген еңбегімізді атап, ескеріп, әуелі кәсіпкер ойламаған ой тапқан, өз өмірінің қауіпті жағдайда болуына да қарамай, іскерлік танытқан ілкімді жан! — деп таниды. Біздің арқамызда басқалардың нан жегенін ескереді. Неге десеңіз, егемендігін енді алған біздің жас Республикамыздың түрлі түсті металды алып өңдеу түгілі шеге шығаратын зауытқа, иә болмаса наубайханаға зар болып жатқанда жеке адамдар іскерлік танытып, өз тарапынан қаражат шығарып, Қазақстанның жерінде шашылып жатқан радиация, адам мен өсімдікке зиян келтіретін, Кеңес дәуіріндегі ұшақ, ракета, снаряд қалдықтарын, дезактивировать ететін маман тауып, залалсыздандырып тазартуға өз үлесін қосып, көрші елден қалдық металл арқылы елге ақша әкеліп жатқан еңбегімізді бағалап, іскер адам ретінде құрметтейтініне көзім жететіндігін білдіре келе, осы жеке адам істеген тәжірибе мемлекет аумағына көтеріліп, сол деңгейде түсті металды экспортқа сату жөнінде контракт жасалып, таза валютаға сатылуы туралы келісім-шарт жасалады! — деп білемін.
Өйткені шетелмен сауда-саттық жасалмаса, мемлекеттің экономикасы жетілмей, мешелдеп қалатыны — көзі ашық, сауаты бар адамға белгілі нәрсе. Бір кезде өз-өзіне келіп, экономикалық жағдайы жақсарған сәтте, бәрібір мемлекет тарапынан қаншама қаржы бөлініп, техникамен қоса адам күші топтастырылып, Қазақстанның бірнеше облысына шашылған зиянды металл қалдықтарын жинауға күш жұмсалар еді. Өйткені өркениетті, экономикасы дамыған ел жер асты байлықтарынан гөрі, жер үстіндегі тиімді де әрі арзан байлықты келешекке сақтағанды жөн көреді.
Ал сіздердің қызметкерлеріңіз, — ештеңе өндірмей, еңбек етіп тер төкпей, дайынға тап болатын адамдар. Олар Куденекинге рахметін айтсын. Естіп тұрсыз, Куденекинде енді жүз доллар болғанда, олар жібере салар еді.
Сол сияқты соңғы жылдарда біз сияқтыларды әрі-бері жеткізіп салып жүрген мыңдаған милицияны білемін. Дүниеде ақшаға сатылатын мен емес, нақ солар. Ақша үшін, керек десеңіз, туған анасы мен қатын, баласын да сатып жібереді олар.
— Аяғанова, сіздің біреудің қылмысы мен тәртіп бұзуында шаруаңыз болмасын, сіз өзіңізге қатысты мәселеге оралыңыз.
— Мен өзіме қатысты, өзім білетін жағдайды айтып отырмын. Керек десеңіз, осы түрлі түсті металл, мыспен айналысқалы бері, сіздердің қызметкерлеріңіздің бастауымен, солардың қолымен, айтуымен химия зауыттарынан қаншама генератор, қаншама мыс, орамды желі сымдар, тағы сол сияқты дайын істеп тұрған станок-агрегаттарды тонатып, өздері ұзатып шығарып салып, нағыз контрабандалық әрекетпен айналысып жүрген милиция, МАИ, кеден қызметкерлерінің талайын білемін. Баратын жері казино, қыз-ойнақ, еңбексіз келген ақшаны әрі-бері шашып, бір өкініштісі олар тергеуде емес, бостандықта масайрап сайран салып жүр.
Айырмашылығы — олар бізге ұқсап Бетпақдаладан, шөлден теріп келіп жатқан жоқ. Дайынға тап адамдар. Ия болмаса жолды торып, қалтасын толтырып жатқандар. Бұл айтқан сөзімді растайтын айғақ — Куденекиннің ісі.
Бағанадан бері бір бозарып, бір күреңітіп отырған тергеуші Аяғанова соңғы сөзін айтып жатқанда, орнынан ары-бері қозғалып, жанында отырған кісіге еңкейіп, кейістік кейіппен құлағына бірдеңені айтып жатты. Аяғанова сөзін бітірген заматта екінші адам:
— Асылбековты, Аяғанованы, Куденекинді өз камерасына апарыңдар!, — деп бұйрық берді.
Менің алдыма бір, артыма бір милиционер түсіп, бастапқы камерама апарып қайта қамады. Бұл жолы ұрып-соқпағанына қуандым. Алюминий тостақта сылдыр су быламық пен екі түйір нан мені күтіп тұр екен. Бұл — кешкі тамағымыз. Кеш болғанын сонда ғана білдім. Шіркін, үйдің тамағына не жетсін? Үйден де хабарсызбын. Әдейі жолықпай жатқанын, жоқ, әлде келмей жатқанын еш біле алмадым. Келген болса, жолықпаса да, әкелген тамағының жартысын кезекшілер беріп жіберер еді ғой. Ойымды тық-тық етіп жылу трубасымен келіп жеткен белгі дыбыс елең еткізді. Бұл басқа камерадан келген хабар еді. Мен де қасықпен тықылдатып, аман-есен, бұл жолы жағдайым жақсы, ұрып-соққан жоқ деп, өзімізге белгілі тәсілмен хабар жібердім. Кешкі быламығымды ішіп болдым. Әркім өз ойымен әуре. Мен де неше түрлі ойға кеттім. Халимадан хабар болмағалы екі айдан асты.
Біреулер неше түрлі сөздер жүгіртіп: «Енді оның бостандыққа шығуы екіталай, контрабандымен байланысқан адамды ешкім де аямайды, құтылып ақталатын жағдайда емес» деп, күдер үзген арандатуына ерді ме екен деген ой мазаны алды. Сонда да болса «Екі жыл жақсылы-жаманды тұрмыс құрдық қой, мен оған қиянат, жамандақ жасаған жоқ едім ғой» деген ой мазалай берді. Халимамен алғашқы танысқан кезім көз алдыма келді.
Сарыкемер аулының Әлия деген келіншегімен жұмыс бабымен араласып тұратын едік. Бір күні жолымыз бір болып, қалаға дейін бірге келдік. Әңгімеден әңгіме шықты да:
— Сабыр, мен сені қалада бір мисспен таныстырайын ба? Тамаша келіншек, — дегені.
— Таныстырсаң таныстыр, көрейік, қандай сұлу мисс екенін, — дедім.
— Менімен кітпханада бірге істеген. Күйеуі жоқ, ажырасқанына бірталай уақыт болды. Үлкен қызы Құлан жақта тұрмыста. Өзінің үш қызы бар. Ортаншы қызы дәрігердің оқуын бітірген. Әйелдер босанатын жерде дәрігер бикесі болып жұмыс істейді, жасы 22-23 шамасында.
— Отырып қалған қыз көрінеді ғой, ортаншы қызы 22-23 жаста болса. Үлкені нешеде?
— Е-е, мына мисс!-деп мақтаған келіншегің бабушка десеңші, — дедім әзілге бұрып.
— Ей, Сабыр, бірінші танысып көрсеңші, бабушка емес, қызға бергісіз.
— Ал онда үшінші қызы бір 18-20 жаста болғаны ғой. Өзі жасы қаншада? Мен 45-ке келдім. Онда ол миссің кемі елудің үстіне шығып қалған шығар.
— Қайдам, 1953-ші жылғы. Сонда қаншада болғаны?
— Е, онда менімен жасты болды ғой. Сонда не пәле, мектепте жүріп туған ба? Немере көріп, шөберені де әлі-ақ сүйейін! — деп отырған мисс болды ғой. Не болса да мықты екен, бәріне үлгерген. Кенже қызы не істейді?!
— Не істейді несі?.. Сабыр, сен де қызық екенсің, мектепте, біріншіден екінші сыныпқа көшкен.
— Е-е, мынау мисс тағы да жаңалық ашты ғой. Сонда екінші қызы мен кенже қызының арасы қанша жас болғаны?
— Өзің есептейсің бе? Он бес жас емес пе?
— Құдайдың құдіреті, естімеген елде көп деген. Мынау шынында да сұмдық мисс екен. Туғысы келсе туып, туғысы келмесе «айт шу»-деп жүрсе, негізі бұл мисстің бәрінен хабары бар адам болып шықты ғой. Әлия, мен жоғары білімді ветеринар врач екенімді білесің. Мал доқтыры. Біздің мамандық — әр саладан хабардар ететін мамандық. Мысалы, орысша мынандай нақыл сөз бар. «Ветеринария для человечества, медицина лечит человека» деген. Қазақшасы: «Ветеринария саласы адам мүддесі үшін, медицина ғылымы адамды емдеу үшін». Сондай-ақ, біздің мамандығымызға байланысты гинекология, акушерство, генетика саласынан өте жоғары деңгейде хабардар болды ғой! — деп күлдім.
— Оны уақыт көрсете жатыр. Танысқаннан соң, қандай деңгейде екенін білесің ғой. Өзі қалада туып-өскен. Сол соңғы жылдары күйеуімен біресе ажырасып, біресе қосылып жүрді. Балаларының арасы 10-15 жас болатыны соның да салдары шығар.
Бірақ та кім-кімнің ішіне кім кіріп шығыпты, бір құдай біледі де, — деп екіұшты қылып алдым да:
— Әлия, күйеуі не істеген? Қандай адам еді?! — деп қойдым.
— Сабыр, шынын айтсам, күйеуімен бірге жүріп, той-томалақ, шақырған жерге бірге барғанын көрген емеспін, әйтеуір ішеді! — деп айтатын. Бұрын УПТК деген мекеме бар еді мына мал базары жақта, №5 автобустың соңғы аялдамасы тұсында. Сонда дәнекерлеуші болып істейді дейтін.
Ал күйеуін үйінде көргенмін, кішкене келген момын жан, артық сөзі жоқ сияқты болып көрінген. Қауқары анау арақты қай жағына ішеді! — деп те ойлағанмын. Сабыр, сенің мына КамАЗ машинаң өкіметтікі ме? Біресе иномаркамен, біресе КамАЗ-бен жүресің ғой.
— Иә, жұмыстың ыңғайына қарай жеңіл машинамен де, КамАЗ-бен де жүремін. Бұл КамАЗ жекешелендірілген.
— Қазір қайда барасың?
— Жүкке және әкем тұратын жерде «Андижанец» деген су тартатын мотор бар. Соны егін мен бақшаның басына апаруым керек. Бақшадағы адамдар: «Су тартатын мотор майды көп жеп жүр» деп, қайта-қайта хабар жеткізіп жатыр, бүгінгі күнге дейін тоқтап қалған шығар.
— Бақшалығың қай жерде? Айтпақшы, сенің Жетібайдағы «Әуес» деген дүкеніңнен басқа да дүкенің бар дейді ғой. Ол қай жақта?
— Иә, бар. Сол жерде суармалысы бар, қыраты су шықпайтын барлығы 50 гектар жерім бар.
— Ол қай жерде, алыста ма? Қай тұста?
— Мына Жетібай ауыл бар ғой, осы ауылдан тіке «Кеңес» колхозына қарай кететін жолды білетін шығарсың. Ол жол біраз жүрген соң, екіге айырылады. Тіке кетсең, «Кеңес» колхозы, екіншісі «Төрткөл» деген үлкен төбе-төбе үйінді. Ол — ескі орта ғасырдағы «Төрткүл» деген қаланың орны. Оң жағында темір жолшылардың саябағы, одан ары «Тегістік» деген ауылдан өткен соң, сол қолыңа тағы үлкен асфальт жол шығады. Бұл — «Бостандық» бағыты. Тағы біраз жүрген соң, оң қапталда «Трудовой пахарь» колхозының қырманы тұр.Одан өтіп, шамалы жүрген соң, асфальт жол солға бұрылады. Сол жерде «Бостандық», «Ақмола» деген жол белгілер тұр. «Ақмола» деген белгі сілтеген жолмен жүрсең, оң жақта Талас өзенінің көпіріне жетпей, қызыл әкпен әктелген үлкен дүкенмен қоса, үш-төрт там және вагондар тұр, міне, сол дүкен менікі. Сол жерде мен тұрам, ел сияқты егін егіп, бақша, көкөніс өнімдерімен бірге, мал өсіріп, шаруамен де айналысам.
— Неге «Ақмола» деп қойғансың? Жоқ, әлде шаруақожалығының аты ма?
— Жоқ, шаруақожалығымның аты — «Көлқайнар». Ал Ақмола, ақсақалдардың айтуына қарағанда, бұдан кемі үш-төрт ғасыр бұрын аталған көрінеді. Сол жерде жасы сексеннен асқан, елі ойық Қалдарбек деген қария тұрады. Мен алғаш келгенде, сол қарияның айтқан әңгімесі бар. Өзі қырық жыл бойы осы Ақмолада, Талас өзенінің көпірінде қарауыл болған екен. Ол кісінің балалары қазір қалада тұрады. Барлығы бақуатты, үлкен қызметте. Екі баласын жақсы танимын. Шарапи деген баласы менімен қатар оқыған. Ақмади деген баласы қалада менің шешем тұратын көшеде тұрады. Құдайы тамақ, соғым басы, айт, той-думанда кездесіп тұрамыз, талай дастарқандас болғанбыз.
Қалдарбек ақсақалдың өзі Бостандық жақта туып-өскен. Ата-бабасы да сол Ойық, Бостандық жақтан. Ақмола жақтан егжей-тегжей білгің келсе, сол кісінің әңгімесін тыңда.
— Менің әкемнен естігенім: сол кезде мен 15 жаста екем, әкем 70-тің үстінде, — деп бастады әңгімесін қария. — Менің әкем өзінің әкесінен 9 жасында естіпті. Атам ол кезде 90-ның үстіне шыққан кезі екен. Олар: «Бұл жерде жатқан кісі — әйел адам» дейді. Бір саудагердің жалғыз қызы екен. Төменгі Арқа қаласынан мал айдап керуен тартып, Ташкенге қарай сауда-саттық сапарымен Мойынқұмның ішінен төтелеп жүретін кез екен. Сонда осы жиекке жетіп, керуен шалған арқа босатып, ат шалдырып, демалуы керек. Сол жалғыз қызы кенеттен ауырып, осы жерде дүние салыпты. Әкесі жалғыз қызы үшін, басына қорған белгі тұрғызып кету үшін осы маңдағы елге сауын айтып, ақыры ала жаздай осында болып, сапарын қорған-күмбез біткенге дейін тоқтатыпты. Қорған кірпішін сүтпен илеп, арасына малдың қылын қосқан көрінеді. Кейінірек, он шақты жыл өткен соң, Қалдарбек ақсақалдың сөзі еске түсіп, кірпіштің сынығын суға салып, сүзіп көріп едім, шынында да ақ, көк қара түсті қылдың құрамы жаңағы алған кірпіштің кесегінің ішінен шықты. Меніңше, ешкінің жүнімен қоса, аттың да күзеген жал-құйрығының қылына ұқсайды. Соларды араластырып соққаннан болар, осынша уақыт тұрғаны.
Жиектің топырағы ақ түсті болып келеді. Оның үстіне ағарған қосып илеген кірпіш қорған-күмбез соғып біткеннен кейін, алыстан сағым арасынан аппақ болып көрінген соң, «Ақмола» деп атаса керек, міне, Ақмоланың жайы осындай.
— Сабыр, сенің шаруақожалығының аты да тегін емес-ау деймін, «Көлқайнар» деген атау олда кездейсоқ емес сияқты.
— Иә, бұрын кооператив етіп құрғанмын. Кейін жарлықты қайта тіркеуден өткізіп, шаруақожалығы етіп жаңарттым, атын сол «Көлқайнар» деген атпен қалдырдым.
Оны олай деп қалдырған себебім де сен айтқандай тегін емес. Біздің бабамыз Қырғызбайдың жаз жайлауының аты «Көлқайнар» деп аталады. Көлқайнардың басында «Ақбастау» деген үлкен бұлақ болған. Суы қысы-жазы бір қалыпты. Халықтың тәуелсіздігі үшін Ресей отаршылдық саясатына қарсы бар өмірін арнаған қазақтың атақты халық батыры хан Кененің он мың әскерімен түнеген Ақбастау бұлағы осы.
Сол бұлаққа бабамыз Қырғызбайдың он мың жылқысы қаптап суға түскенде, аяққы су ішіп жатқан жылқыға бұлақтың жерден атылып шығып жатқан ағысы жетпей қалады екен.
Содан Қырғызбай Көлқайнардың үстімен ағып жатқан Ақбастау бұлағының суына тоспа бөгет салдырыпты. Салдырған жері де өте ыңғайлы. Көлқайнар жері бітіп, Көделі даласының басталар жері. Бұл «Қырғызбай бөгеті» қазіргі қатарда солай деп аталады. Геодезия мен гидротехникалық құжаттарда сол «Қырғызбай бөгеті»-деген атаумен аталып, белгімен көрсетілген. «Көлқайнар» шабындығы — мол, сазды жер. Егін еккенге ыңғайсыздау. Сондықтан да болар, осыдан екі ғасыр бұрын бабамыз Қырғызбай «Көделі» жеріне жақын етіп «Көлқайнардың» шабындығын сақтап, қыратты болып келетін «Көделі» жеріне егін салу, суармалы ету мақсатымен бөгет салғаны. Сол бөгет арқылы шындығында да егін салып, сол «Көделіні» суармалы етіп, Өзбек елінен диқан шаруалар әкеліп, астық бастырған екен. Біздің Қырғызбай кіндігінен тараған туғандарымыз мынандай өлең құрастырып әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүреді.
Ақ мола
Мойынқұм мен жазықтың,
Көделі атты даланың.
Ағып жатқан өзеннің,
Жиегінде Таластың.
Аппақ болған моланың,
Көрінеді алыстан.
Дөңгеленген бейнесі,
Толқын сағым ішінен.
Жалғыз тұрған далада,
Бұл неғылған Ақмола?
Ақмоланың тарихын,
Бар ма адам білетін?
Бұрынғы өткен адамдар,
Сонау орта ғасырдан.
Келтіріп неше дәлелдер,
Аңыз емеспен айғақпен.
Ауызба-ауыз айтылып,
Ұрпақтан ұрпақ естіп.
Аңыз боп тарап халыққа,
Қалдырыпты тарихта.
Тегі араб саудагер,
Керуен тартқан жазықпен.
Жалғыз қызы ауырып,
Жиекке керуен шалдырған.
Ауруынан жазылмай,
Қатарға қайта қосылмай.
Жалғыз қызы қожаның,
Осы жерде көз жұмған.
Ақмоланың ішінде,
Арудың жатыр сүйегі.
Қызы өлген жеріне,
Соқтырып мола әкесі.
Пәк ару жас, — қызына!
Ескерткіш етіп басына.
Далада жалғыз моланы,
Қалдырыпты тарихта.
Қазіргі біздің ауыл «Бесжылдықтың» күн батыс жағынды. Кіші Бурыл деген тау бар. Таудың Таразға қараған күншығыс бетінде астық сақтайтын қамба-қоймасы болыпты. Кейін Кеңес үкіметі тұсында да, колхоздастыру кезінде де колхоз ұжымы өз пайдасына пайдаланған екен.
Ал бертін келе, алпысыншы жылдарда, мен мектепке барардың алдында, әкем сол жердегі тауық базға барып, жұмысшыларға тауық әкелеміз деп, мені алып барғаны есімде. Әкем ол кезде Бурылдың екінші жағындағы «Ақбаз» деп аталатын қамбада қарауыл еді. Сонда қабырғасы кілең таудың тасынан қаланған, ені бір метрге жуық бабамның қоймасын көргенмін.
Тауықшы татар шал еді. Оның баласы мұндаға дейін облыстық МАИ-да істеп, құрметті демалысқа шықты, аты — Таһхир.
— Міне, Әлия, сұрасаң, менің шаруақожалығымның аталу жайы. Бертін келе, «Бесжылдық» колхозы совхоз болды да, сол бабамыздың қоймасындағы әдемі қалақтай, кірпіш сияқты тастарды соғып жатқан үйлердің астыңғы іргетасына пайдаланды. Қазір бабамның қоймасының орнында білінер-білінбес ұнтақтан құралған топырақ басқан төмпешік қана қалды.
Әңгіменің қызығына түскен Әлия:
— Мен түсетін жеріме келіп қалыппын, осы жерден тоқта, мен түсіп қалайын, — деді. Мен тоқтадым.
— Сабыр, мисспен қашан таныстырайын? — деді ол жымиған болып.
— Ондай болса, 2-49-42 телефонға түс кезінде қоңырау соқ, көбінесе түс кезінде осы телефонда боламын, — дедім. Содан біраз уақыт өткен соң, түс әлетінде қарындасым:
— Сізді телефонға шақырады, — деді. Барып телефон тұтқасын көтерсем, баяғы мисспен таныстыратын Әлия.
— Сабыр, қайда жоғалып кеттің, уәде қайда, мен сенің мақтауыңды асырып қойып едім. Біздің мисс келіншегіміз қашан таныстырасың деп жанымды қоятын емес. Қашан келе аласың? Бүгін сағат 2 мен 4-тің арасында қалалық аурухананың алдына келесің бе? Келетін болсаң, немен келесің? Машинаның түсін, нөмірін айт, біз сол жерге барайық, күтеміз, — дегені.
— Онда мен жеңіл машинамен жүрмін, «Форд» сары түстес, нөмірі 78-87 ДЖИ. Төртке дейін жетемін.
Содан сағат күндізгі 3-тен аса қалалық аурухананың машиналар тұратын жеріне барып тұрдым. Олар да көп күттірмей келе қалғаны. Анадайдан келе жатқан Әлияның жанындағы келіншекті бірден таныдым. Ол келіншек деп отырғаны — менімен бұдан жиырма бес жыл бұрын бір мектепте қатар сыныпта оқыған қыз. Бірақ ол мені танымады. Әлия таныстырып еді, атын Халима емес, Сара деп қойды. Мен дереу «түзету» жасадым бірден сенге көшіп.
— Сара емес, сенің атың — Халима, фамилияң Нұрәсілова. Жетпісінші жылдары Жамбыл атындағы мектептің «А» сыныбында оқып бітіргенсің! — деп едім, ұялғаннан қып-қызыл боп, қатты састы.
— Қайдан танисыз? — деді маған таңғала қарап.
— Мен сол мектепті бітіргенмін. Содан кейін жақсы танимын, — дедім. Сөзге араласқан Әлия:
— Мені Пушкин көшесіне апарып тасташы, сонда кіріп шығатын жұмысым бар еді. Өздерің де бір-біріңді танитын ескі таныстар екенсіңдер ғой, — деп, кәнігі жеңгетайлардың әдісіне көшті.
Содан Пушкинге қарай бет алдық. Әлияның баратын жеріне апарып тастаған соң, дәмханаға кіріп, сусындап, жеңіл-желпі тамақтанып алдық та, тағы да біраз жүрдік, содан соң телефонын алып, үйіне шығарып салдым. Бір күні дүкенге зат әкеліп түсіріп жатқанмын. Бір судай жаңа 06 маркалы Жигули автомашинасы дүкеннің қасына келіп тоқтай қалды да, ішінен Әлия мен Халима түсті. Артынан бір ер адам түсіп келеді. Аман-есендіктен соң Әлия әдеттегідей қалжыңға басып:
— Біздің мисспен танысасың да, ат-ізін салмай кететінің дұрыс емес екен, — деп, ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны. Мен де қалжыңына қарай әзілдеген болып жатырмын.
— Иә, кіріңіздер, — деп, кішіпейілдік көрсетіп, мына заттарды түсірісіп болғанша, өздеріңіз аралай беріңіздер, — деп елпек қақтым. Бір сағат шамасында заттарды түсіріп болып, дүкенге кірсем, жаңағы қонақтарым бейнефильм көріп, диванда отыр екен.
— Мына кісілерге қандай зат ұнады. Өзіңіз де көрсетіп қоймадыңыз ба? — деп сатушылардан сұрап жатырмын.
— Бұл кісілер бәрін көрді, біраз зат алды, парфюмерия ұнады-ау деймін, Францияның иіс суы, тағы да басқа заттар алды. Жанындағы жігітпен Әлия бірге жүрген достармыз деп таныстырды, аты Аббас екен.
— Басқа қандай бұйымтайларыңыз бар? — деп сұрап жатырмын, кететін ыңғай танытқан соң...
Әлия сөз бастап:
— Басқа еш бұйымтайымыз жоқ, ертең сенбі күні күйеуімнің туған күні еді. Соған шақыра келіп отырмын. Бір-бірімізді білгенімізге талай уақыт болды. Неше түрлі себептермен әлі араласа алмай жатырмыз, соған арнайы шақыра келдім. Халима да болады: — деп, «миссін» сөз арасына қыстырып қояды.
— Рахмет! Елеп мисспен қоса шақырғаныңызға. «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» демекші, арнайы шақырған соң, барамыз да, сағат нешеде? Қай уақытта барамыз? — деп, мен де джентельмендік танытып жатырмын.
— Кешкі сағат 8-ге, — деп, машинасына бет алды.
— Жарайды, — деп, қол алысып шығарып салдым. Бір байқағаным, шығарып салып, Халиманың қолын алып жатқанымда:
— Обязательно келіңіз! Күтемін, — деген сөзі мен қиылып қараған көзқарасы ұзақ уақыт көз алдыма орала берді. Бір сезім жылт етіп, жүрегімді бұлқынтып жібергендей... Уақыттың тұрып алғаны соншалықты — бір күн маған бір жылдай әсер етті. Әйтеуір сенбі күннің кешкі туған күнге баратын уақтысы да болды-ау.
Мен де уәделі уақытта «Фордпен» ағызып жетіп бардым. Бір-екі машина тұр екен. Тоқтағаным сол еді, Әлия, Халима, Аббас және бір еркек шығып, қақпаны аша бастады.
Әлиялар құшақтасып сәлемдесіп болған соң, Халима жеке келіп, қолымды алып, сәлем-сауқат сұрасты. Тағы да жақындап, құшақ жайып, көрісе бергенім сол еді, ернін сүйгізге ыңғай бергендей тоса берді. Жаймен ғана құшақ жайып, ернімді тигізіп, сыпайы сүйіп сәлемдестім. Әлия күйеуін таныстырды. Аты Боранқұл екен.
— Сіз машинаңызды аулаға кіргізіңіз, кім біледі, бөтен жердің ой-шұңқыры көп демекші, біреу-міреу айнасын алып қойса, бұл иномаркаға сайман табу қиын ғой. Мен шофер болып істеймін, сондықтан да бұл техниканың қыр-сырын білемін, — деп бәйек болып жатыр.
— Жарайды, айтқандарыңыз болсын, — деп, аулаға кіргіздім. Келген қонақтың саны он-он бес болды-ау деген шамада дастарқанға шақырды. Мені төрге шығарды да, Халиманы жаныма жайғастырды.
Сол туған күн кешінде көптен әңгіме-сыр айтылмағаннан ба, жоқ, тыңдаушым Халиманың әсерінен бе, ерекше бір сезім мен өмірге деген құштарлыққа бөленіп, көңілді қайттым. Бұл 1992-ші жылдың күзі кәдімгі сабан ақшаның кезі еді. Артынша экономикалық дағдарыс басталып, 1995-ші жылы нарықтық-экономикалық саясаттың іс жүзіндегі бәсекелесі шарықтап, дүкен тұрмақ, небір алып зауыттар тоқтап, таратылып, экономикалық-техникалық жабдықтау саласымен қоса, шетел, көршілес республикамен де байланыс үзіліп тұрған кезі еді. Сауда орталығы мен сауда дүкендері, кооператив тұтынушылар одағы да біржолата тарқап бітті. Барлық сатушы мен сатып алушылар қаланың ішінде саңырауқұлаққа ұқсап өскен бұрынғы базар мен жаңадан ашылған базарларға кетті. Өндіріс тұрмақ, нарықтық-экономикалық саясат ауыл шаруашылығына да әсерін тигізбей қоймады. Бұрынғы колхоз, совхоздар ұжым болып құрыла бастады. Өйткені материалдық-техникалық жабдықтау жағы жеткіліксіз болғаннан әрі жанар-жағар маймен, ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ете алмағандықтан, сайман сатып алатын қаражаттың жоқтығынан колхоз, совхоздар қарызға белшесінен батып, тозып бітті. Қолдағы бар астық, малдан да неше түрлі бартерлік алмасуға жіберіп, жұрдай болды. Халыққа жекешелендіру жүйесінің әсері оңай тимеді. Үлкен ұжымдар әлі келмей жатқан тірлікке жеке адамның күші жетер ме? Игере алмады. Оның үстіне техниканың да сапасы төмен еді. Жанармай, сайманға жеке адамдардың қаржысы жа жоқ еді. Халық күйзелгеннің үстіне күйзеле түсті. Ел басшыларының қателігі осы ауыл шаруашылығын жекешелендіруде болды. Барлық Қазақстан бойынша нарықтық дағдарыспен қоса, жұмыссыздықтың саны да өсе бастады. Бұл дағдарыс әр ұжымға, әр отбасына, әр адамға кері әсерін тигізді. Оның салдары менің де отбасыма келіп жетті. Нарықтық бәсекелестік әсерінен заттарым құнсызданып, ақшам инфляцияға ұрынды. Балалар оқуда, әр қалада. Оларға да қаражат керек. Лаждың жоқтығынан ауылды тастап, қалаға көшуге мәжбүр болдым. Құнсыз бағаға там тасты сатып, қалаға келдік. Сатушы көп, алушы жоқтың қасы, екінің бірі таныс, бәрі де ауылдан келгендер. «Ауылда ешкім қалды ма?! — деп сұрасаң, бәрінің айтатыны бір сөз: «Күн көрістің амалы», деп әбіржіген кейіп танытады. Көңіл толқыны өлең болып өріледі.
Сәті түспей ісіңнің,
Тірлігің оңға баспаса.
Он ойланып, толғанып,
Қайғырғаннан не пайда?
Үйден жырақ жүргенде,
Демеу берер көңілге
Қасыңда жақын адам жоқ,
Қол ұшы, көмек берерге.
Қиналған жалғыз мен емес,
Сауда-саттық жасап жүр,
Талай ұлттың баласы.
Барлығы бірақ мәз емес,
Өзгерткен саясат
Сұм заманның ағымын.
Дорба арқалап тоз-тоз боп,
Көше аралап ел кетті.
Үйі-жайын ұмытып,
Көру үшін барлығы
Күн көрістің амалын.
Ауылда ешкім қалмады,
Кейбіреулер бірақ та,
Инвестиция арқылы,
Сағалап жүріп ұлықты,
Жақыны мен туысын.
Оңды-солды шашып жүр,
Еңбексіз алған қаржыны.
Малшы менен диқаншы,
Механизатор жұмысшы,
Ауыл шаруа маманы,
Директордан басқасы.
Айналдырар қаржы жоқ.
Алатұғын несие
Жоғарыда таныс жоқ.
Зауыт пенен өндіріс
Неше түрлі себеппен
Тоқырап қалды, табыс жоқ,
Әрқайсысы әр іспен.
Құр сенделіп босып жүр,
Айналысар дым іс жоқ.
Азаматтар үйде отыр,
Күнкөрісін көре алмай,
Нанға теңге таба алмай.
Құл болуға жұмыс жоқ,
Әйелдері базарда,
Балалары далада,
Үлкен-кіші бұзылып,
Бәрі кетті қалаға,
Ауыл шаруа маманы.
Ауылда ешкім қалмады,
Өйткені онда базар жоқ,
Сататұғын тауар жоқ,
Алып сатар заманы.
Осы заман болғалы,
Демократия жойылып,
Бюрократ көзқарас,
Адамшылық тарады.
Жақыны мен туысы
Ұлық пенен әкімнің
Барлық іске жарады,
Барлығы да байыды.
Егеменді қазағым
Қуырылды айылы.
Кедей-кепші бір жақта.
Ұлық-әкім байларың
Шынжыр балақ шұбар төс,
Қарақшы рэкет бір жақта.
Жарлы-кедей бір болып,
Бай болысың ауылнай
Екі қауым ел болып,
Әлділері әлсізге,
Түртпектеген күн болды.
Ата-сөзді елемей,
Сөзі мен ісі сай келмей,
Тығырыққа тіреліп,
Дағдарысқа ұрынып,
Қалың көпке сын болды.
Экономика тұралап,
Барлық байлық тоналып,
Шекара асып жан-жаққа,
Пысықайға пұл болды.
Иесіз қалған мүлікке
Есеп берер адам жоқ.
Мүгедек пен зейнеткер,
Еңбек ері ардагер
Егеменді заманда
Қиын-қыстау күн кешті
Аз өмірі қалғанда.
Әкім отыр бұйрықпен.
Қайыршы халқы болғанмен,
Ашаршылық келгенмен,
Жұмыс таппай қос қолға,
Небір талант үйде өшті.
Киім бүтін, қайғы жоқ,
Өздерінің қарны тоқ,
Қу менен сұм үйлесті.
Әсіресе, базардың қыр-сыры мен тәртібіне үйренбеген, бұрын-соңды сауда-саттық жасауды дағды етіп, кәсіп қылмаған ауыл интеллигенттерінің жағдайы өте ауыр болып еді. Олардың тұрмыс жағдайлары төмендегеннің үстіне төмендей берді. Кейбір отбасы қайыршылық күйге түсті. Балалары мектепке киіп баратын да киім таппай қалды. Ауылдың аңқау, қарапайым шаруа адамдарын кез келген қаланың бұзықтары алдап, арбап, заттарын арзан бағаға, ия болмаса зорлық-зомбылық жасап, күшпен жер соқтырып кетіп отырды. «Рэкет» деген топ көше-көше болып құрылып, әр аймаққа өздерінің заңын орнатып, қарапайым халықты тонаумен болды. Милиция мен заң қызметкері, МАИ тобы сол рэкеттің баскесерімен сыбайлас, бармақ асты, көз қысты жағдайда болып, тонаудан түскен пайданы бөлісіп, ішім-жемі бір болды.
Өзіме базардан ештеңе шығара алмаған соң, КамАЗ-ды сайлап, кіре тартуға көштім. Клиент қайдан табылса, сонда барып, қандай жүк болса, сол жүкті апаратын жеріне дейін апарып, жалданумен болдым. Бұл жұмыстың реті мен қыр-сыры тура картаның ойнындай, техниканың аты техника. Бұзылса, жолда қалып, не болмаса затты неше түрлі себеппен бүлдіріп алсаң, ақша түгілі, сол заттың апаратын жердегі сатылу бағасымен зат иесіне құнын төлейсің. Келісім-шарт сондай. Және машинаның жанар-жағармайы, сайманы тағы бар. «Үмітсіз шайтан» демекші, қырсыққа ұрынбай, машинаң бұзылмай, қарақшы рэкет тобынан аман-есен елге жетсең, онда әжәптәуір табыстың иесі боласың. Дегенмен, жарты табысыңды машинаның сайманы мен кем-кетігін жөндеуге жұмсайсың. Басқадай еш айлаң да, амалың да жоқ. Бір КамАЗ-ды ұстап жүргізу екі отбасын асырағаннан да асып кетеді. Және екінші жүргізушіге ақша, айлық төлейсің.
Осылайша бес жылдай поливальщик өмірін де көріп, бармаған жер, баспаған тау қалмады. Оңтүстік Өзбекстанның ерте көктемінде Әндіжан, Наманган, Сухандарияның, Денау, Құзар, Ауғанстанның шекарасы Термезден бастап Ресейдің батысы мен солтүстігіне ала жаздай үй көрместен кіре тарту оңай жол ма?!
Қазақстанның қалаларын атамағанда, Ресейдің Омск, Томск, Кемерова, Бараул, Свердловск, Сургут, Нижний-Вартовск, Улан-Удэ, Мәскеу, Калининград, тағы басқа да майда қалаларын КамАЗ-бен ала жаздай сан рет кездім. Ал жол қиыншылығы, ыстық-суықта қалып, боранда жанды шүберекке түйген, машина бұзылып, жолда қалып көрген бейнет бір басқа, қаншама жол апатының қауіпі ол өз алдына. Кейде осыншама жол азабын тартып, үй көрмей жүргенде, кішкентайыңнан қосылған жарың, әйеліңнің түсінігі мен ой өлшемінің саяздығына ренжисің де, іштей қынжыласың. Осы жағдай ауыртпалығы төзімін тауысып, титықтатып, Рабиғаның да, Маяның арбауына түсіргені де замана ағымы туғызған күнкөрістің амалы-ау.
Рабиға Маяның алдауына түсіп, қарыздар боп, бас сауғалап еліне қашты дейік. Ақырында мен де Маяның торына түсіп, қамауда жатырмын. Жақында контрабандалық топқа жатқызылып, осы статьямен сотталып, жазамды өтеуге түрмеге айдаламын.
Түрмеде маған кім келеді дейсің, мынау қол созым жерге ешкім хал-ахуалымды білуге келмегенде.
Халима да мені осыдан аман шыға алмайды деген шығар, сірә. Сондықтан да дәмелі етіп емеурітпейін деп, үзілді-кесілді осылай ой түйген шығар. Хабарласпағанына қарағанда солай ғой деп ойлаймын.
Дегенмен, басқа жаман ойға дес бермеймін. Әлі де болса дәмелімін. Жаманшылыққа қимаймын. Алғашқыда дүкенде Әлия екеуінің келгені, туған күнге Әлия шақырғанда, күтем деген сөзі, қиылып қараған көзі, бәрі-бәрі есте. «Қалайша бұндай жағдай болуы тиіс. Еш себепсіз хат-хабар білдірмегені не?» деп ойлай-ойлай, шақшадай басым шарадай болды.
Ұйқылы-ояумын. Камераға көмескі жарық түсті, таң атты-ау, біраз уақыттан соң бізді тысқа шығарады. Бар ойым: осы уақытта Ердосқа кездесіп, бір-екі ауыз тілдессем дегенмін.
Бұл ойым іске аспады, қырсық атқан ауыр күн болды. Сансырап, салым суға кетіп, камерада күн бойы дөңбекшумен болдым. Тағы бір күн өтті. Түрменің өмірі азанда тарс-тұрс еткен темір есіктің ашылып-жабылып, сыртқа шығарып алуымен басталады. Бұл күні тағы да жол болмады. Ердосқа тағы да кездесе алмадым.
Сәске шамасы болатын. Өзінен-өзі көңілім елігізіп жатқанмын, кенет:
— Асылбеков, жинал! — деді таныс айдауыл. Аң-таң боп жинала бастадым. Қасымдағы тағдырластар:
— Ни пуха, ни пера! — деп жамырасып жатыр. Өзіме-өзім келіп, іштей бір құдайға сиынып:
— К черту! — дедім де, қолымды көтеріп, үнсіз қоштастым, сыртқа шықтым. Алдымда да, артымда да айдауыл.
— Қайда барамыз? — деп сұрақ қойдым.
— Сотқа, сотқа барасыз, — деді айдауылдың бірі сыбырлап.
— Жақын күнде сот болатынынан хабардар едім. Міне сол күнге де құдай жеткізді. Бүркемелі машинаның ішінде біраз адам отыр екен. Ердостың да даусын бірден таныдым.
— Ой-о, қайран көкем-ай, бері, мұнда, жоғары шығыңыз. Иә, қалайсыз? Жағдай, денсаулық жақсы ма? — деп дарылдап-ақ жатыр. Әне-міне дегенше сот болатын жерге де жеттік. Бәрімізді айдаған қойдай сот болатын үйдің бір аядай бөлмесіне тоғытты. Не керек, зарыға күткен сот та басталды.
Жалғыз мен емес, Мейізкүл емес, сотталатын адам жеткілікті көрінеді. Ішінде милиция, олармен қоса, кеден қызметкерлері. Жаңа фосфор зауытының қарауылдары, мемлекеттік автоинспекторы, құдай-ау, қарапайым жұмыскерлер, шоферлер, кәдімгі бір қатынның лаңы қырық есекке жүк бопты дегендей-ақ.
Сот он күнге созылды. Сот жүйесі бойынша екі ғана адам ақталдық. Оның біріншісі — мен, екіншісі — Ердос. Қалған қылмыскерлер Қазақстан Республикасының жаңадан шыққан Конституциясына байланысты заң кодексінің тармақтарына сай, алды он жыл, ең аз дегені қатаң тәртіп колониясында екі жылдық өтеу мерзімін мойнына іліп кете барды.
Мейізкүл және Куденекин екі жылдық қатаң тәртіп колониясына сотталды.
Он күн ішінде мен жағымнан жылғыз інімнен басқа ешкім келмеді. Сотқа алып келген сайын, машинаны қоршаған топтың ішінен де екі жылдан аса өмір сүрген жарым Халиманы іздеп, екі көзім төрт болды.
Сот шешімі оқылып біткен заматта, сот залы жанашырлардың назары шуына ұласты. Оны елеп жатқан ешкім жоқ.
Тізім бойынша сотталғандардың аты-жөні аталып, қарауыл топпен бөлек жайға қамады. Ердос екеумізді бір бөлмеге кіргізді. Ердос байғұстың қуанышында шек жоқ. Жалғыз ағасы Барбол сот басталғаннан бері, бір күн жібермей қатысқан.
Бізді әкете бергенде даусы саңқ-саңқ етіп:
— Бауырым! Мойыма... «Аққа құдай жақ». Киім-кешегің дайын! Ауылға алып кетем! Көделіге! Қазір Көделіде отырмыз. Жеңгеңнің қуанышында шек жоқ. Мал құдайы атап қойғанбыз. Жайлауға барып, екеуің жас сорпа ішіп, қымыз ішіп, біраз демаласыңдар! Бауырым! — деп, даусы дірілдеп, сөзінің аяғында қуаныштан жылап та жіберді.
Зал ішінің әр тұсынан:
— Қайтсін.
— Қайран бауыр-ай!
— Жалғыз інісі ғой, — деген мұңлы да жанашыр үн естіліп жатты. Мұндайда қуанышыңды бөлісер жан іздейді екенсің. Мен жағымнан келіп жүрген кенже інім МАИ қызметкері еді. Жұмысында бір жағдай болып қалды ма деп қобалжудамын. Ердос пен Барбол тағы бірдеңені айтып, дабырласып жатыр.
Мен өз ойыммен өзім болып, мелшиіп әлі отырмын.
Қайсысының жазасы әділ болды. Кім нақақтан-нақақ күйіп барады? Дегенмен Мейізкүлдің адвокаты саяси жағынан көзі өте ашық, білімді, ой-өрісінің бәрі келешек өмірдің, ертеңгі күн тәртібін негізге алып, ой жүгіртіп ойлап пішіп, нақты айғақ пен неше түрлі мысал келтіріп, әр сөзін жік-жігімен, жүйе-жүйесімен сөйлейді екен.
Ойыма сот процесінің соңғы күндеріндегі Мейізкүлдің қорғаушысы айтқан сөздері орала береді. Ол:
— Мейізкүл Аяғанова қателесті. Бірақ оған кім кінәлы, әр нәрсені тұрмыс билейді. Замана ағымы, қоғамдық өзгеріс, міне, бұлардан да бар. Нарықтық экономикалық саясатқа байланысты Президентіміз телеарна арқылы халыққа арналған жолдау сөзінде : «Шама-шарқыңызға қарай қолдан келетін жұмыстарды неге істеуге болмайды?» деген еді. Онысы, атап айтқанда: «Қазір барлық жерде, өндірісті де, басқаны да кәсіпкерлер басқарып отыр. Сол өндіріс орнының ауласын сыпырып, тал егіп, тазалықты қадағалап, шамасы келгенше істі атқарса, сол кәсіпкер азаматтар еңбегіне қарай еңбекақысын төлейді ғой. Тиын-тебен болса да кешке дейін қарап жүргенше, ең болмаса нан-пұл табады ғой» дегені әркімге ой салуы керек.
Мына көрші өзбек ағайындарды алып көрейікші. Кішкентай баладан тоқсандағы шалға дейін қыбырлап еңбек етіп, уақытын құр өткізбейді. Жазғы демалыстарында балалары су сатады, машинаңды жуып береді. Ындының кепкен ыстықта, бес теңгеге мұздай су ішкізген балаларға рақметіңді және айтасың. Ақша қайда? Тиыннан құралады емес пе, кешке дейін құр ойнап сандалғанша, үйіне нан-пұл табады. Әрі еңбек етуде, сауданың ебін үйренеді.
Ал бізде ше? Бүгінгі жұмыс бітпей қалса, еш ренжіместен, «Ертең де күн бар ғой», «Атадан қалған жұмыс жоқ», «Ертең істейміз де», деп, ғой-ғоймен семіріп отыра береміз. Бейжайлық, бойкүйездік тұла бойымызға әбден сіңіп кеткен.
Тағы бір мысал. Өзбекстанның қаласына барсаң, бірінші қалдыратын әсер — бір адамның бос, құр жүргенін кездестірмейсің, ең ақыр аяғы көшеде қобдишасын арқалап жүріп, аяқ киім тазалап, нан-пұл табады. Міне, нарық. Нарықтық саясат дегеніміз осы.
Қорғаушы осылай-осылай жосылып келіп, аяғын Аяғанованың ісімен сабақтастырған еді.
— Мейізкүл Аяғанова алса, тасыса, түрлі түсті металды, темірді ұрлап, иә болмаса зауыттан, кеңшардан талқандап, қорқаулық жасап бұзған жоқ.
Кеңес үкіметі тараған соң, далада шашылып, иесіз қалып, жинауға мүмкіншілігі болмаған тәркі дүниені залалсыздандырып, экологиялық тазарту жасап, қоғамның мүшелері болып саналатын бала-шағасына тамақ тауып, өзінің нағыз іскерлігін көрсетті деп айтуға болады. Басқаларға ұқсап жұмыссыз отырып, өкіметтен жәрдемақы сұрап, қол жайған жоқ. Не болмаса еңбекпен қамту орталығына барып, жоғарыдан жағдай жасауды күткен жоқ, — деп әр түрлі мысалдар мен айғақтар келтірген болатын. Сот оны ескерді ме, ескермеді ме, әйтеуір Мейізкүл Аяғановаға екі жыл мерзімде айыпты айлық-жалақысы есебін төлеп тұратын жазаға кесті.
Әне-міне дегенше, біз отырған бөлмеге милиция қызметкері келіп, белбеуімізді және басқа а киім-кещегімізді әкеліп, қағаздарына қол қойғызып, енді боссыңдар дегендей белгі берді. Өз көзімізге өзіміз сенбей біз тұрмыз. Барбол мен Ердос жүруге ыңғайлана беріп, менің «Қайда барсам екен? Халиманікіне қалай барамын? Біраз уақыт өтіп кетті. Әй-шай жоқ жетіп барғанда, қалай қарсы алады?» деп, іштей арпалысқан ойларымды оқып қойғандай:
— Ой, көке, малды ауылға барып, біраз ағарған ішіп, жас сорпамен қалжаланып алайық. Өзіңіз өскен Көделіге тартайық! — деп, Ердос шын көңілмен қолқа салып еді, оның сөзін ағасы Барбол да іліп алып:
— Жүр, туысқан, өзіңнің туып-өскен Көделің ғой! — деп, шын көңілімен шақырып қоймады.
Қайда барамын деп қиналып тұрғанымды біліп те тұр-ау. Көделіні естіген соң, құлағым елеңдеп, сонау алыста қалып қойған балалық шағым қол бұлғағандай да еді. Көделі даласына көңілім тартып сала бердім.
Сыртқа шықтық. Жайма-шуақ. Күннің сәулесінен көзімізді аша алмай, сығырая қарап біраз тұрдық та, арнайы күтіп тұрған УАЗ машинасына келіп отырдық.
— Ал, Барбол, Көделі боса болсын. Еш жерге бұрылмай, тура тарт солай, — дедім, өзгеше бір көңілді сезім билеп.
— О, көке! Жолдан тамақтанып, шай-пай ішіп, әлденіп алайық. Содан кейін жүреміз! — деді. Жолдан жеңіл-желпі тамақтанған соң, Аса ауданының орталығына жетпей, оңға «Пионер» кеңшары арқылы Сеңгірбай көліне келіп бір-ақ тоқтадық.
Сеңгірбай көліне шомылып, жуынып-шайынып, біраз бой сергіттік.
Бұл Сеңгірбай көлі маған бала кезден таныс. Талай шомылып, бертін келе қызметте жүргенде, тап осы көл жағасына жоғарыдан келген талай-талай комиссияны күтіп, шығарып салғанбыз. Анау көрініп тұрған — «Пионер» кеңшарының қырқым базы. Сол базда менің бала кездегі достарым, әкем мен анамның қолтаңбалары, істеген еңбектерінің іздері әлі жатқан шығар-ау.
Сол қырқым базды соққанда, әлі есімде, барлық малшылар жабылып асар жасап, бала-шаға демей, барлық малшы біткеннің отбасы басы-қасында болып еді. Қырқым біткен соң, қойды тоғытуға қатысып, жүн-жұрқасын өткізіп, жүн өнімінің есеп-қисабын шығарып болғаннан соң, күздікке қоныс аударып, қозы бөлікке дейін бірге отыратын.
Кейінгі кездегі комсомолдық бригады, «Семейный подряд», «Арендный подряд», «Аренда», «Ұжым» дегендер құрылып, біздің қазақ шаруасында, әсіресе мал шаруашылығында ежелден кәсіп болып, негіз құраған еді.
Жоғарыда аталған атаудың бәрі іс жүзінде жақсы нәтиже беріп, шаруашылық саласында оңтайлы жағдай туғызғанды. Бұл тәжірибе іс жүзінде өзін-өзі ақтаған соң, осы саланы бертінде осылай атаған тұғын. Әйтпесе, бұл жүйе мал шаруашылығы бойынша үлкен жаңалық емес. Тек атауы ғана өзгерген.
Иә, бұл Сеңгірбай көліне кімдер келіп, кімдер кетпеді? Қанша уақыттан бергі өткен күндердің белгісін, сырын, қаншама қуаныш жайларды, есте қаларлықтай тамаша уақыттың куәсындай болып, үнсіз жатқан жатысы мынау енді. Сонау алыста, тіпті әлі күнге дейін жаңғырып тұрған студенттік кездің бір елесі ойыма оралды. Ол бір ұмытылмайтын, қызығы да, қуанышы да мол кезең еді-ау.
Бір топ студент достармен келіп, осы Сеңгірбай көліне, дәл осы қазір мен тұрған жерге шатыр құрып, екі-үш күн тамашалап, сайран салған едік-ау. «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар, қайда кетті-ау құрғырлар» деп ұлы Абай айтқандай, енді мынау абақтыда бір жылға жуық тергеуден тергеу сансыратқан көңілімнің кірін тағы да осы Сеңгірбайға келіп тазалап тұрғаным.
Кенеттен Ердос көңілімнің қобалжып кеткенін сезгендей:
— Көке, өткен өміріңіз ойға оралып, көңіліңіз жабырқап тұр-ау, — дегені. Қапелімде не айтарымды білмей, ыңғайсызанып қалғанымды сезіп, Ердос әңгімесін әрі қарай жалғап кетті.
— Иә, көке, уақыт зымыран — «Аман болса басың, талай шығар шашың» деген ғой атамыз қазақ. Енді өзіңіздің асыр салып балалық шақты өткізген Көделіңізге тартамыз, жиналайық! — деп, риясыз күліп қояды.
Біз мінген УАЗ машинасы Көделі даласын бетке ұстап, жүйіткіп келеді. Әр-әр жерден малшылар көрінеді. Бұрынғыдай мал үстінде мал, отар үстінде отар жоқ. Нарықтық экономика, өтпелі дәуір кезеңі малшы қауымға да өз әсерін тигізгенде ұқсайды. Малшы қатары да, мал санының қатары да едәуір сиреп қалған көрінеді. Қорласпай төбеден өтіп, Көктөбеге де жетіп қалдық. Осы Қорласпай төбеден Көделі алқабы басталады.
Оң жағымызда — Тасқұдық. Шіркін-ай, анадайдан көзіме оттай басылды. Бұл жерде — менің бала кезден, ес біліп әкеміз малда жүргенде талай шапқылап асыр салған балалық шақтан бір елесін еске түсіретін жер.
Батыс жағымызда — Сымтас. Шөбі шүйгін, жылда малшы қауымға шөп дайындайтын шабындық алқап. Мекепте оқып жүрген кезде талай Т-20 деген кішкентай трактормен шөмеле салғанбыз.
Ол кезде жұмысшы күші жетіспейтіндіктен оқушыларды да неше түрлі ауылшаруашылық жұмысына пайдаланатын.
Осы Көделі, Көлқайнар алқабы «Пионер» атты асыл тұқымды қой шаруашылығына қарайтын. Сол совхозда 80 мыңға жуық қой болатын.
Сол мал басына азық дайындап, қыстан аман-есен алып шығып, ерте көктемде оның төлін алып, жүнін, етін мемлекетке өткізу, халықты бірқалыпты жұмыспен, айлық жалақымен қамтамасыз ету совхоз директоры мен сол саладағы мамандардың тікелей жауапкершілігіне жүктеліп, олар міндет етпей, борышым деп білетін.
Қайран далам! Кіндік кескен туған жерім «Көделі»! Ата-баба мекені, сегіз ай тергеу қапасында, абақтыда жатқанда, бірде-бір рет есімнен шықпай, сарғайтып сағындырыпсың-ау!
«Ер туған жеріне» деген сөз рас екен ғой! Абақтыдан шыға сала еш туған-туыс, бауырларыма да соқпай Ердос пен Барболға ілесіп, даламды, туған жерімді, ауылымды сағынғаным соншалықты, тура осында тартқан жоқпын ба?!
Осылайша, Көделі жазығын бір апта аралап, мауқымды бастым-ау, әйтеуір.
Бүгін күн сейсенбі. Осыдан 4-5 жыл бұрын сәскеде жақсы ниетпен іс бастаған бір жағы Талас өзені, бір жағы Құмның жиегіндегі сұғына жатқан Ақмола деп аталатын мекеніме келіп тоқтадым. Иә, тап осы жерде дүкен ұстап, мал бағып, оны өсіріп, алғашқы кооператив қозғалысын бастаушысының іргетасын қалаушылардың бірі болған кездерім кинолентасындай көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты.
Мұхтар деген ағайыным екеуміз Ақмола облысының Қорғалжын жағынан үш жүзге тарта Еділбай тұқымды қойдың тоқтысын әкеліп, жас кезінен біздің оңтүстікке үйретіп, оны бағып, жергілікті қазақы қой тұқымымен будандастырып, төзімді ет бағытымен қоса, ыстыққа шыдамды құйрықты қой тұқымының буданын шығару еді.
Бұлай дейтінім: ол жақтан алғашқы алып келген аналық қой болсын, ісегі болсын, біздің ыстыққа шыдамай азып, ең аяғында өкпе ауруына шалдығып, жерсінбей, көп шығынға ұшыраған едік...
Содан кейінгі әрекетіміз өзінің нәтижесін берді. Оны біз іс жүзінде былай асырдық. Біз мұнда еділбай малының бір жастан жаңа асқан тоқтысын салқын түскенде әкелдік. Жол-жөнекей зорықтырмай, уақытылы суын суғарып, аздап шөп салып отырып жеткіздік. Қанша дегенмен, жол соқты, есеңгіреп келген мал болса да, бір-екі күннен кейін-ақ есін жияды. Бір апта шамасынан кейін айдау жемге қоятынбыз.
Күз кезінде Ақмола даласының қара оты, жантағы, жусаны, ебелегі, басқа да күз жөптері пісіп, жеммен бірдей күшке енеді. Сондықтан жемді де өте сақтықпен үстеме қорек етіп, әр басқа шаққанда, 50-100 грамнан асырмаймыз. Бұл норма алғашқы 4-5 күн, ары кеткенде, бір аптаға созылады. Кешке дейін мал өрісте. Кешке берілетін жемді, не жайылымнан кейін берілетін жемді қазақ атамыз айдау жем дейді. Бір аптадан соң оны әр басқа 100-200 грамм мөлшеріне дейін көтереміз. Осындай тәсілмен бір ай көлемінде 300 грамға жеткізетінбіз. Жем мөлшері көбейген шақта, күпті болып, іші кеуіп кетпес үшін, малды қақпайлап отыратынбыз.
Сол бір ай көлемінде бұл әдіс өз нәтижесін беріп, мал қонданып, шетінен күйге келген еді. Күйге келген тоқтыға алдын-ала күтімде тұрған қазақы тұқымының қошқарын еркін шағылыстыру тәсілімен түсіргенбіз.
Қыс айының соңғы айында туған будан қозы біздің жерге төзімді де шыдамды болып, жерсініп кетуші еді.
Осылай күтілген малдан келешек күтуге болады да, одан өнім де, өсім де алатының сөзсіз.
Міне, осындай тәсілді салқын түсе пайдалынып, ерте көктемге дейін мал өсіру, ірі малды бордақылау сияқты шаруашылықпен айналыссақ, көктем басталысымен, егіс шаруашылығына кірісетінбіз.
Сонымен бірге диқаншылық іспен, қауын-қарбыз өсіру саласымен де айналысатынбыз.
Біздің мал жағдайын білетінімізге ешкімнің де таласы жоқ еді.
Мен өзім есепші әрі мал дәрігері болсам, бақша өсіру, оны мейілінше күту тәсілін ұлты грек Юра Василиади деген маман кісі атқаратын. Ал өзі ісін жақсы білетін, қазақша таза сөйлейтін өте жақсы адам еді. Ол кісі биыл ғана марқұм болды. Талай дастарқандас болған едік. Соңғы сапарға қолдан келген жағдайды жасап, құрметпен аттандырып салдық.
Ол кісіні балаларым дядя Юра дейтін. Содан бәріміз де дядя Юра деп атап кеттік.
Ол кісіден бірінші жылы қасында жүріп, бақша өсіру тәсілін жақсылап меңгердік. Бұл істе де еңбегіміз зая кеткен жоқ, өз нәтижесін берді. Барлық іс ойдағыдай болып, тасымыз өрге домалап, өз өнімімізді сату үшін, сол жерден бұрынғы тұтынушылар одағына қарасты дүкенді мердігерлікке алып, дүкен аштық. Бұл іске бұрынғы әйелім Рабиға жетекшілік етті. Қазір Астанада резиденцияда пропуск беретін бюрода қызметте.
Міне, осыншама қат-қабат сан түрлі жұмысты өз күшімізбен атқару оңайға түскен жоқ. Бұл жұмысқа бала-шаға демей, сенікі-менікі деп бақылдаспай бір кісідей жұмылдық.
Мен дүкенге тауар іздеп кетсем, балаларым малдың басы-қасында болып, үлкендермен бірдей еңбек етті.
Әйелім сатушы боп жұмыс ісетеді. Дүкен тоғыз жолдың торабында болғандықтан, күн-түн демей сауды жүріп жатты.
Дядя Юра өзінің тобымен диқаншылықпен айналысты.
Сол кездегі уақыт талабымен жұмыстың ыңғайы сондай еді. Ал қазір сол жұмыстың жұрнағы да жоқ. Иесіз құлазып тұр. өмірге өң берер айналайын ұлы тіршілік-ай, сен құдірет екенсің-ау! Мен осыны сезіндім...
Қалаған белгіден бұрынғы бақша еккен жердегі сол бұрынғы ескі арықтар, қоршаған қадалардың түбірі. Ал анау «Андижан» насосын қойып су тартқан арал. Ол аралды менің үлкен балам Дәулет «Нұрай» деп атайтын еді-ау.
Нұрай деген құлыншағы бар еді. өзі тәтті беріп үйреткендктен, артынан қалмайтын тұғын. Сол аралда құлынын жетектеп алып, қойды үйіздетіп, тоғытып жүретін.
Одан беріректегі анау маңды екінші жоғарғы бақша дейтінбіз. Соның жанында кішкене төбешік бар. Ол төбешікті менің екінші балам Дулат «Шеңгел тау» дейтін. Өзі сол Ақмола маңайы теп-тегіс жазық болып келеді де, сол жазықтың дәл ортасынан әдемі киіз үй аумағындай етіп, әдейілеп бір төбені қолдап қоя салғандай. Бір ерекшелігі — дәл басында он шақты түп шеңгел өсіп тұратын.
Дулат жақын маңайда не тау, не бір шоқы болмаған соң, жалғыз төбені бала қиялымен тауға баласа керек. Ол бес жаста еді. Содан әйтеуір «Шеңгел тау» деп аталып кетті.
Дәулет Нұрай аралында суға түсіп, құлыншағымен әуре болса, Дулат сол Шеңгел тауына үш аяқты велосипедімен бір шығып, бір түсіп, кешке дейін қызыққа бататын.
Ең үлкен қызым Райкен анасына қолғабыс көмек беріп, сауда-саттықпен қоса, үй жұмысын атқаратын.
Өткен уақыт күндердің елесін ғана еске алып, кезінде құмырысқаның илеуіндей болып бір кіріп, бір шығып жатқан Рабиғаның дүкенінің құлаған, тоналған, иесіз қалған кейпіне қарап, көңілім одан ары құлазып, көкейіме бір өксік келіп тығылғандай күй кештім. Өзегім өртеніп, қос жанарымның боталанып кеткенін өзім де байқамай қалыппын. Соны байқаған сезімтал Ердос, әрі сол Ақмола жеріндегі тіршілік бейнесінен хабары бар болғандықтан ба, менің көңілімді бөлмек ниетпен:
— Көке, анау көпір жаққа барайық, өзіміздің құмға, сексеуілге барғанда, сан рет өткен көпір ғой, — деп, ойымды бөліп, менің жағдайымды түсінген кейіп танытты.
— Иә, көпір демекші, осы көпірдің астына жолаушылар суға түсіп, жаздың ыстық күндерінде бір рақаттанып жатушы еді-ау.
Туған жердің әр тасы, қымбатсың-ау, қымбатсың!
Осы көпірден мен өзімнің талай өткен, шомылған кездерім есіме түсіп, кезінде мынандай өлең жолдарын жазғаным есіме түсті:
Бұл маңда мен тұрғанда,
Алтын зерлеп ер тұрманға.
«Көлқайнар» ұжым болып,
Көңілім толыққанда.
Дәулетім шалқып тасып,
Кей кезде артық басып,
Кеткен де кездер болды-ау,
Сайтанмен қолтықтасып.
Сол уақыт арман болып,
Қалаларын біліппін бе?
Сарқырап ерке Талас
Ағатын күліп күнде.
Өмірдің аққан судай
Өтерін сезіппін бе?
Сағынып саналы есті,
Қиынға кезіккенде.
Сор мен бақыт қатар тұрып,
Ақ, қара тең болады.
Ақ көңілің Аралдай,
Кіршіксіз кең болады.
Жақсылар іздейді үміт,
Жаманда дерт болады.
Ақ жүрек біздей жігіт
Бір сөзді мәрт болады.
Досы да көп болады,
Қасы да көп болады.
Еңбегі жанбаса да,
Қайтпайтын от болады.
Қарамай сонысына,
Бір сөзге тоқталады.
Көңілі ақ арымас,
Жігіттер тоқ болады.
Осы өлең шумақтары менің сол кездегі кеткен қателіктерімнің көп болғанын мойындауым еді. Қазақтың бір мақалы есіме түсіп, өзімді-өзім іштей қайраттандырғандай да болдым. Ол «Көл бақасыз болмайды, адам қатесіз болмайды» деген. Мақұл ұшқарылау, дегенмен амал қайсы, өткенге күйіне бермей, көңіл жұбатуға жарайды.
Міне, Көделі даласындағы үш-төрт ауданының малшыларының Мойынқұм қыстауына Талас өзенінің көпірі арқылы өтетін Ақмола бекеті осы еді. Бұл жерді берекелділігімен қоса, есте қалар жайлары мол, шым-шытырық оқиғасы да, қызығы да өз алдына мерекелі жер тұғын.
Ердос екеуміз Талас өзені арқылы өтетін көпірге келдік. Бұрынға салынған ескі көпірдің жанындағы жаңа жобамен соғылған биік бетон көпірдің астын, неше түрлі машиналарын қойып, көлеңкесі түсіп тұрған жердің бәрін өткінші жолаушылар иемденіп алыпты.
Күннің ыстығы қайтып, салқын түсе бастағанға дейінгі жолаушылардың суға түсіп, тыныстап алатын ежелгі әдеті. Мұндай көрініс — бізге бұрыннан таныс, белгілі жағдай.
Анау көпірдің арғы батыс жағындағы бұрынғы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы колхоздың қырқым базы.
Қырқым базға қарап тұрып, бір күлкілі жай есіме түсті.
Жаздың шілде айының бас кезі еді. Дядя Юра және басқа да бақшада жұмыс істеп жүрген кісілермен түнде суарылған бақшаны аралап жүргенбіз.
«Ақ қоян» деген жетім меринос қозымыз болатын. Денесі шағындау келген, бір атты кісі жаңадан түйіні үлкейіп келе жатқан қарбыздың быт-шытын шығарып, бақша ішінде Ақ қоянды қуып жүр.
«Әй, бұл неғылған адам?» деп, мен аң-таң болып тұрғанымда, ол Ақ қоянды ат үстінен еңкейіп іліп, өңгеріп те үлгеріпті.
— Бестай ғой мына! — деді менің үлкен ұлым танып. — Қырық жылдықтың малшысы. Бір аптаға жуық болды, қырқымға қойын қырықтырып, арақ ішіп жүргеніне. «Тентек Бестай», — дейді жұрт оны. Кеше де келіп кеткен. Мас қой! Қазір сізден арақ сұрайтын шығар, арақ қоймасаңыз, Ақ қоянды бермейді, — дегені.
— Мен танимын ба? Арақ сұрағаны несі? Ақ қоянда несі бар? Оның үстіне бақшаны ары-бері таптайтын кім ол? Ақ қоянды өңгеріп алғанын кіші ұл көрсе, ойбайын салатын болды ғой, — деп шамданып келе жатқаным сол еді. Бестайым әй-шай жоқ атпен бастырмалата келіп маған:
— Әй, жиен! «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» дегенді білесің бе? Әй, әкеңнің... — деп, тебініп-тебініп қояды. Тентек десе, тентек екен.
Балам айтқандай, мені сыртымнан жақсы танитынын біле қойдым. Әрі «жиен» деген сөзіне қарап, нағашы жұрт жағымның адамы болды ғой деп топшыладым. Танымасам да, сөз саптауына қарай:
— Нағашы-еке, нағашы-еке, аттан түс, қонақ бол, дәм-тұз тат, жақсылап танысайық, — деп, барынша сыпайылап жатып, зорға дегенде аттан түсірдім.
Әйтеуір «әке, көке» деп жүріп, баламның кішкентайынан мәпелеп өсірген Ақ қоянын ажыратып алдым. У-шуды естіп, үйден шыққан кіші балам Ақ қоянды көре сала:
— Ақ қоян! Ақ қоян! — деп шақырып алып, қозысын ертіп, «Шынжыр тауына» қарай кетті. Тентек Бестайым беті бүлк етпей:
— Анау қозы — менің қозым! Осы қырқымға келе жатып, сендердің үйдің жанынан малымды айдап өткенімде, жоғалтып алғанмын, мен танып тұрмын, қазір алып кетемін, — деп бәле салмасы бар ма.
— Бұл қозы баламдікі. Барлық өткен-кеткен жолаушылар жетім қозы екенін біледі. Бір қадам да баламның артынан қалмайды. Әне, өзің көзіңмен көрдің ғой, екеуінің бірге кеткенін, — деп ары айтып, бері айтып, әлгі пәлені көндіре алсамшы. Сол кезде Рабиға шығып:
— Сабыр, бесполезно! Бұл кісі әнеу күні де сен жоқта келіп, Ақ қоянды алып кеткен. Әдейі істеп отыр. Оның көкейін тесіп тұрған басқа, — деп, тамағын шертіп-шертіп қояды да, — Ана ұлың қозысын іздеп жылағаннан кейін, үлкен ұлдың мотоциклымен арақ-шарабын апарып, Ақ қоянды алып келген.
Оның үстіне: «Жиен дүкен ашыпты, көрімдігім» деп, бір семіз ісек өңгеріп алып келген. Одан да бірдеңе етіп, Ақ қоянға тимеймін деген сөзін алып құтыл, — дегені жымиып қойып.
Менің миыма енді-енді бірдеңе жете бастағанда, Рабиға:
— Өйтпесең, ана балаң «Ақ қоянды алып кетеді» деп, кешке дейін үй бетін көрмейді. Күн ыстық, күн өтіп, балаң ауырып қалар, — дегені.
«Бала деген — адамның бауыр еті» демей ме, онымен қоса «жиен» деп тұр. Ел тентек дегенмен, жол-жораны да білетін жан сияқты ғой деген ой билеп:
— Нағашы-еке, аттан түс, үйге жүр, — дедім, қонақ-жайлық танытып.
Бестайым: «Әкел, тап осы жерде жүз грамм құй», — деп, бой беретін емес, тентек десе тентек.
— Ой, нағашы-еке, үйге жүрсейші, бәрі болады ғой, — деп, мен де қасарыстым.
— Жоқ, жиен, Ақ қоянға тиіспеймін. Сен арақ-шарап алып шық, анау көпірдің астына барып, суға түсіп, салқындап отырып ішейік, — деді.
Мынаның бізге істеп жүрген қылықтарына қарай, жиендігімді пайдаланып, қарымта қайтарсам деген бір сайтан түрткені. Айтқанының бәрін істедім, көпірдің астына келіп. «Таласқа шомылайын», деп енді шешіне бергенде, әзілдескен болып, Бестайды киім-пиімімен суға итеріп жібердім де:
— Нағашы-еке, байқамай қалдым, айып етпе, ойнағаным ғой. Айыбымды төлеймін. Айыпқа костюміңе костюм, көйлегіңе көйлек кигіземін, дүкенге жүр! — деп, ертіп келдім де, үстінде лыпа қалдырмай шешіп алып, бастан-аяқ жаңа киімдер кигізе бастадым.
Басына шляпа, үстіне аппақ көйлек, мойнына галстук тақтым, сыртынан қап-қара костюм-шалбар, аяғына қара туфли кигіздім. Етігімен қоса, ескі киімдерін жиып алып, дүкеннің бір бұрышына қарай лақтырып жібердім де:
— Міне, нағашы-еке, қатып кеттің! — деп мақтап-мақтап, тағы да ішкізіп, әбден мас қылып, атына көтеріп мінгізіп, таралғыға аяғын тас қылып байлап, атының басын қырқымға қаратып, айдадым да жібердім. Басын жіберсең болды, күнде жем жеп жүрген жеріне жетіп баратын қойшының аты емес пе, әрі кетсе, екі жүз метр келетін қырқым базға жетіп-ақ барыпты. Кейін қырықтықшылардың түскі тамаққа шығып, далада жүрген кезіне тап болған көрінеді.
— Аты тентек Бестайдың аты екенін анық танып тұрмыз. Ал үстінде отырған адамның кім екенін білмей, далмыз. Ішімізден біреу:
— Әй, анау киіміне қарағанда, атқа мінуді қызық көріп, тентек Бестайдың атын сұрап мініп келе жатқан журналист болу керек, — деді. Екіншіміз:
— Дәу де болса бұл ауданнан ба? Облыстан келе жатқан өкіл, — дедік.
Тентек Бестайдың галстук тағып, ақ көйлек, қара костюм-шалбар киіп келеді деген кімнің ойына келсін. Жақындағанда, Бестайдың нақ өзі екенін танып, күлкінің астында қалдық. Жиенінің тамаша ету үшін әдейі істеген тірлігі екенін біліп, одан сайын күлдік.
Ол — ол ма, не сөз жоқ, не үн жоқ, қасымыздан өткен ат сол қалпымен бірден баздың ішіндегі күндегі жемшөп жеп үйренген ат тақырына бір-ақ тоқтады, қалған-құтқан шөпті кәшектеп тұра берді. Тентек Бестай қатып қалған ағаш адам сияқты, ат үстінде үн-түнсіз қопшиып отыр.
«Бұл неге түспейді, неге әңгімесін айтпайды? Әншейінде елге сөз бермейтін тентек Бестайға не көрінген?» деп, әзіл-қалжыңы бар бір-екі жігіт ат тұрған жаққа жүрді де, жақындай бергенді, үзеңгіде тентек Бестайдың байлаулы тұрған аяғын көріп, күлкіден іштерін басып домалап қалды. Сөйтсек, ер Бестай әрі мас, әрі аяғы байлаулы, аттан түсе алмай, пұшайман халде отыр екен ғой.
Міне, мына көпір осы бір жайтты есіме түсіріп, біраз ойымды сергіткендей болды. Көпір маңындағы демалып жатқан жолаушылардың қарасы да мәз емес сияқты. Сәні кеткен дүние, дүние бұрынғы осыдан жеті-сегіз жылғы ығы-жығы адамдардың қарасы қа-й-да?!
Бұл жер тек жолаушылардың демалып, ат шалдыратын жер орны емес, диқаншы, бақша еккен жандардың, малшылардың да келіп шомылып, жанына сая табатын орны еді.
Біздің дүкеннен салқын сусын, ішкілік алып, кіші-гірім той жасап, көңілдерін бір мезгіл көтеретін демалыс орнына айналған орынның қазір жұрдай болған кейпі мынау.
«Менің балаларымның балалық шағы өткен жері еді-ау» деген ой, мына жұпыны көрініс тұла бойымды дүр сілкіндіріп, көңілімді алай-түлей етіп жіберді.
Дел-сал күйіммен машина тұрған жаққа еріксіз жүре бердім.
— Кеттік пе? — дегендей, Ердос та машинасын от алдыра берді. Машинаға жайғасып, Бостандық-Тегістік жолына түсіп, Жамбылға қарай бет түзедік. Біраз уақыт өткен кезде, кенеттен:
— Көке, мына «Трудовой-Пахарь» колхозының қырманы да қаңырап бос қалыпты ғой! — деген Ердостың сөзі ойымды бөліп жіберді.
Қарасам, Көделі даласында жазыққа ақ егіс егіп, ортасына механикаландырылған қырман соғып, астық бастырған атақты Кеңес Одағының Социалистік Еңбек Ері, Ленин ордерінің иегері А.Л.Нахмановичтің «Дала бөлімшесінің» қасына келіппіз. Шынында да бұл жердің да тоз-тозы шығып, қаңырап құр сүлдесі қалыпты.
— Ердос, қырманға бұршы, — дедім, көңілім алай-дүлей болып.
— Көке, жұмыстың осындай кезде қайнап жататын аймақтың мына сұрқын көріп, құлазып келесіз-ау. Шаруа адамы болғаннан кейін қиын екен ғой! — деп, Ердос басын шайқап-шайқап қойды.
Ал менің кезінде колхозшылардың табысына істелген қанша дүниенің тоз-тоз болып кеткенін көріп, күйзеліп келе жатқаным рас еді. Қаншама дүние ысырап болып, тоналып кетті десеңші. Бұл қаншама адамның, еңбеккерлердің еңбегі еді-ау. Осы кезде үндемей отырған Ердос:
— Көке, мен осы жайды түсінбеймін. Бәрі де сақадай сай тұрған дүние еді ғой. Қалайша өкімет осындай жағдайға жіберіп алды. Шешенстандағыдай және басқа да мемлекеттегідей соғыс болса бір жөн ғой. Бізде әйтеуір бір жақсысы, ондай жағдай жоқ қой, қайыршылық жағдайға жібірп алғанға не себеп? — дегені.
— Иә, Ердос, дұрыс айтасың. Шындығын айтсам, мен де жауап бере алмаймын. Біз екеуміз қалайша сотталып кете жаздадық? Оған не себеп? Заман тыныш болса, осылай былғаныш іске шатылар ма едік? Заман, заман кінәлы шығар! — дедім екі ұшты қылып.
— Е-е, көке. Гәп көп қой. Меніңше, бұл саясатшыларда да, өкімет басындағы адамдарда да бір гәп бар ғой деймін.
— Міне, Ереке, жөнге енді келе жатқан сияқтысың. Бір гәп емес, көп гәп бар. Ердос, мемлекет деңгейін алмай-ақ қояйық. Жай қарапайым мысал үшін екеуміздің жағдайымызды-ақ алайық та. Сегіз айдан аса абақтыда бірге жаттық. Менің жағдайыммен жақсы таныссың. Өз абысыны Рабиғаны алдап-арбап тақыршаққа отырғызған, ақыры бас сауғалатып қашуға мәжбүр еткен. Мейізкүлдің ісі анау. «Бұл Сабыр түбі сотталады» деп, күнкөрістің амалын іздеп, соңғы уақытта ат ізін салмақ тұрмақ, сотқа да келмеген Халиманың ісі мынау. Ақылға жеңдірсек, олар жетіскеннен осындай психологиялық қорытындыға келді деймісің. Жағдай шамалы дұрыс болса, менің бауырларым, мен ғана емес, Мейізкүлдің де хал-жағдайын сұрап тұрмас па еді? Осының бәрі кері заманның, мына өтпелі кезеңнің пәлесі емес пе? Нақты заң жоқ. Тәуелсіз мемлекет туралы бүгін былай, ертең қалай болады деген үрей басым. Өзіміз бір пәлеге ұрынып кетеміз бе деп қорықты олар. Әуелі күнкөрістің амалы үшін бір-бірін алдап-арбап, шұңқырға итеріп кеткен жоқ па?
Бір қоғамнан екінші қоғамға өту кезеңінде осылай болады. Әлі қандай болады? Оны бір құдай біледі.
Президентіміз бір жоба, бағыт тауып, тез бетбұрыс жасамаса, жағдайдың бұдан да әрі ушығуы әбден мүмкін.
— Ай, қайдам, көке? Қалай десек те, осы ауыл шаруашылығына қатты нұқсан келіп тұр ғой. Осы жекешелендіруді ерте бастап қойды-ау деймін. Біраз уақыт мемлекетте қалдыра тұру керек пе еді? Қайдам, өзімнің топшылауым ғой...
— Қой, Ереке! Кеттік, біз екеумізге саясат не керек. Байқаймын, тым биіктеп бара жатырмыз, «гәптер» көп қой, қайтеміз оны.
— Кеттік, Ереке!
Әне-міне дегенше, Тегістік аулына да өттік.
Тегістік пен Кеңес аулына баратын бұрылысқа дейін үлкен асфальт жол басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері мен оның жұмысшыларының саяжайы еді. Бұл саяжай да талқандалып бітіпті.
Менің ендігі ойым — жол-жөнекей бұрынғы Октябрьдің 40 жылдығы деп аталатын шаруашылық кезінде қант қызылшасы мен аты дүркіреген шаруашылық еді. Соған бару. Ол жерде нағашыларым тұрады.
Мені тергеу бөліміне жапқанда, КамАЗ машинамды сол ауылға нағашым апарып қойды, — деген еді. Ендігі үміт — КамАЗ-ды жөндеп шығарып, кіре тарту. Сөйтіп, күнкөрістің амалын жасау.
Нағашымдыкіне де келдік. Нағашым мал бағып кеткен екен. Орын жеңгеміз үйде болып шықты. Бекер обалы не керек, жалпақтап, аман-есендік сұрап, қарсы алып жатыр.
Анам бестерек руынан еді. Бестерек елінің Нарынбайы. Өзі әкесінен бір жаста жетім қалған. Әкесі Аударбай деген кісі. Ол осы өңірге белгілі құсбегі, әрі үлкен сынықшы болыпты, нағашы апам Сартай ол жайлы көп айтып отыратын еді.
Тазы жүгіртіп, құс салып, сәйгүлік баптайтын өнерлі кісі болыпты. Өмірінің соңғы уақытысына дейін Тараз жеріне жария болған ағасы Мәдімар болыспен бірге жүрген екен.
Сол Аударбай — менің туған нағашы атам. Нағашы апам Сартай Аударбайдан көп кіші болса керек, менің шешем дүниеге келгенде, небары отыз жаста екен. Сартай апамызды өз қолыммен соңғы сапарға аттандырып, 1985 жылы жүзге қараған шағында арулап қойдық. Аударбай, Әлібай, Айтымбет деген ағайынды үш жігіт екен. Менің келіп отырғаным — солардың ең кіші інісі Айтымбеттің баласы Әбентай деген кісінің үйі. Аударбайдың өз кіндігінен ұл жоқ. Қыз баланы қазақ шаңырақ иесі демейді.
Шай ішіп біткенше, азын-аулақ қойы мен бір-екі бұзауын айдап, нағашы ағам да келіп қалды. Менің келгенімді ауылдың балаларынан естісе керек.
— Жиен қайда?! — деген даусын естіп, мен де есікке қарай жүрдім. Қапсыра құшақтап, көрісіп, төс түйістіріп, аман-саулығымызды сұрап жатыр.
Қайран бауыр-ай! Әпкесінің тірісіндегі қамқорлығы есіне түсті ме? Жоқ, әлде бірге туған аға, інісі болмай, жалғыздық, жетім болған, жетімдіктің, жалғыздықтың тауқыметін көріп, өмірден, өткен менің шешемнің қиын-қыстау өмірі көз алдына елестеді ме? Нағашым біраз уақытқа дейін өзіне-өзі келе алмады. Әлден уақыттан соң:
— Жиен Сабыр! «Аққа құдай жақ» деген. Аман-есен құтылып келіпсің. Кінәңның жоқ екенін бәріміз де біліп сенгенбіз. Алдауға түсіп қалмаса екен деп біз де қатты уайымдап жүруші едік. Рабиға келін де жақсы жан еді. Ол да соры қайнап алданып қалды ғой. Мына заман кімді кім қылмай жатыр. Қаншаға созыларын кім білсін? Әйтеуір бір алдамшы заман болды ғой! — деп, ауыр бір күрсініп қойды. Мен де сөзге араласып, әңгіме желісін басқа арнаға бұрайын деген оймен:
— Өздеріңіз қалай? Денсаулық, мал-жан аман ба? Шаруашылығыңыз бір қалыпты ма? — деп бастырмалатып-ақ жатырмын. Бұрын дүкен меңгерушісі болған нағашымнан дүкен жайын сұрадым.
— Ой, жиен-ай, дүкеннің шаруасы біткелі қашан? Кооперацияны әуелі ауыл емес, аудандағы, облыстағы тұтынушылар одағын қысқартып, жалға алатыны жалға, жекешеге алатыны жекеге сатып алып қойған жоқ па. Қалталылар барлық ғимаратты жекешелендіріп алған. Біздің шамамыз жоқ, ауылда бес-алты тұяқ малды айналдырып отырған жайымыз бар.
Биыл ауыл ұжымға, шаруақожалығына бөлініп, техниканың бәрін әр ұжымға бөліп берген. Бірақ жер мәселесі толық шешілмей отыр. Сонда да үлкен балам ауылдағы бір шаруақожалығына мүше болып кірген. Сол қожалықтан арендаға жер алып, қызылша, біраз майда-шүйде, көк-сөк еккен. Нәтижесінің қандай боларына көңілім онша толмай отыр.
— Неге, нағашы-еке?
— Өйткені судың кезегі келгенде, уақтылы суара алмайсың. «Суға ақша төле», — дейді. Аманай деген — гидротехник, судың бастығы. Ақшасы барлар егін суаруға су алады. Ал ақшасы жоқтарға су жоқ. Су жөніндегі есеп-қисапты жаңағы гидротехник жүргізеді. Қадам бассаң, ақша. Ол ақшаны қайдан табатынымызды? Кішігірім несие береді деген еді. Ол да әзірге жай сөз көрінеді. Оған кепілдікке тұрарлықтай мүлік қоюың керек екен.
Там-тасты кепілдікке қояйық десек, «Ауылды жердегі там болмайды» дейді. Ондай үйің қалада, ауданның орталығында болса ғана банкке кепілдікке жарайды екен.
Қысқасын айтқанда, «Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледінің» кері.
— Ім-м-м...
— Ал, жиен, КамАЗ-дың дөңгелектерін балаларға істетіп, қысымын жеті атмосфералық қысымға келтіріп, қосалқы дөңгелек камераға дейін дайындап қойдым. Біз де әне-міне келіп қалар деп отырғанбыз.
Ауа сүзгіш пен мотордың майын ауыстырып ал. Рейске шығып кетсең, уақытың бола ма, жоқ па? Әрі май сүзгіш ескірген шығар. Анау өзіңмен қырқымда қылжақ құратын Бестайда дизельдің майы бар дейді. Кеше үлкен балам көріп, дәл КамАЗ-ға құятын май маркасы — М10Г12 деп келген.
— Онда, нағашы-еке, тез отыз литрдей алдыртыңыз, нағыз КамАЗ-дың моторының майы болса, қазір тамақтан соң жұмысқа кірісейік. Ертең осы уақытқа дейін бітсем, Сарыағашқа қарай кіре тартуға жолға шығамын. Біз Сарыағашқа жеткенге дейін 150-200 литр соляркадан қарайлассаңыз. Рейстен келген соң, есептесемін.
Тамақтан соң дастарқанға батаны күтіп отырған Ердос:
— Әбеке, әумин деңіз. Мен анау-мынауды өзім көзіммен көріп, көкеме көмектесейін. Әрі қарсы болмасаңыз, рейске мені де ала кетсеңіз. Бұйырған табысты өзіңіз бере жатарсыз. Маямен де бүкіл Сарыарқа даласын шарладым емес пе? Жаңа сіздер үйде отырғанда, КамАЗ-ды көріп, бұл рульге үйреніп қалған әдетті қойсаңызшы, делебем қозып кетті. Машинаңыз зыңдай екен, күтімі жақсы. Қарсы болмасаңыз, мен де барайын, — дегені.
— Ой, Ереке, не дегенің! Мен де саған қолқа салайын деп отыр едім. Өзің ойыңды білдіргенің тегі жақсы болады. Басқа әңгіме жоқ. Ал машинаны жолға дайындайық.
Сыртқа шықсақ, екі канистрмен Бақытжан да дизельдің майын алып келіпті. Ердос арнайы кілттерді алып, картердің бұрандасын ашуға кірісіп кетті. Бұрыннан сақтап жүрген майдың сүзгісі бар еді, мен оны да тауып, дайындап қойдым. Артқы кабинаның жатар орнындағы көрпеше, жастықты күннің көзіне жайып, кабинаны жинастыруға кірісіп кеттім. Бақытжан жолда тамақ пісіретін шмель, примусты тексеріп, бензин құйып, кілттердің үлкен-кішісін реттеп жатыр.
Қойшы, әйтеуір, үшеуміз үш жақтап жүріп, кеш батқанда, машинаны дайындап біттік қой. Енді солярка құю ғана қалды. Құдай қаласа, ертең ерте аккумулятор да қуатталып, дайын болып қалар.
Осылай үшеуміз әңгімелесіп тұрғанда, Әбентай нағашым бір трактормен қораға кіріп келді де, үстінен екі жүз литрлік бөшкені Бақытжанға: «Түсіріп жібер, құдай жарылқап, солярка табылды! — дегені. Мынандай заманда солярканың табыла кеткеніне бәріміз қуанып кеттік.
Мен де ішімнен: «Жолымыз болады екен, бір күнде біраз мәселені шешіп тастадық. Мұның бәрі нағашымның беделі ғой», — деп қоямын. Жеңгеміз Орынкүл:
— Кеш батып, қас қарайып кетті ғой. Тамақ дайын болғаны қашан. Қазір свет те өшіп қалады. Ертерек тамақ жеп алыңдар! — деп бәйек болып жүр.
Тамақ ішіліп біткен соң, нағашым екеуміз оңаша шығып, әңгімелесіп отыр едік. Қасымызға нағашы жеңгем Орынкүл келіп:
— Жиен, бағана сұрайын деп едім, ыңғайы болмады. Ана жаққа кеткен қатын-балалардан не хабар бар? — деді даусын сәл бәсеңсітіп.
— Жоқ, Ореке... Қайдағы хабар, сегіз айдан асса. Оны айтасыз, осы қалада тұрып жатқан бауырларымнан хабар алған жоқпын. Ол жақтан қайдан хабар болсын? — дедім.
— Әйтпесе, өткенде үлкен жиеннің баласының үйлену топ жиярында, сол жердегі үлкен абысыннан естіп қалдым. Рабиға Президенттің резиденциясына пропуск беретін бюроға тұрыпты дейді, — деп қояды.
— Қайдам, менің еш хабарым жоқ. Ертең Бесжылдыққа әкеме барғанда, естимін ғой, не жаңалық болып жатқанын.
— Әлі аулыңа барған жоқсың ба, қарағым-ау?!
— Жоқ, түрмеден шыққанымда ешкім келген жоқ. Содан Ердоспен бірге Көделіге, Таластың Ақмоласына тартқанмын. Сонда бір апта болып, машинаны айдап кетейін деп, осында келіп тұрмын.
— Халима да барған жоқ па?
— Ол да соңғы екі айдан аса келген жоқ.
— Әжептәуір атақты кісінің қызы, шыққан жері де жақсы деуші еді ғой, оған не болды екен?!
— Қайдам? Ертең құжаттарымды, КамАЗ-ға киетін киімдерімді алып шығамын ғой.
Сөзге бағанадан бері үндемей отырған нағашым араласты.
— Әй, көп сөзді неғыласың, бір жағдайлар болған да. Одан да төсек қамын жаса. Жиен ертең жолға шығады, ертерек демалсын.
— Демалсақ демалайық, — деп, көрсеткен бөлмеге қарай жүрдім. Жастыққа басымды қоюым сол екен, Орынкүлдің әлгі атақты кісінің қызы, шыққан жері жақсы еді деген сөздері ойыма келіп, Халима жөнінде неше түрлі қиялға кеттім.
Қанша ақылға салып, сараптап бақсам да, еш хабар бермей тым-тырыс қалғанына миым жетпей-ақ қойды. Көңілге бір медеу тұтқаным — ертең құжат пен киімді алуға барғанда, бәріне қанық боламын ғой деген ой еді.
Азанмен ерте тұрып, ертеңгі шайдан ішіп алып, нағашыларыммен қайыр-қош айтысып, Жамбылға қарай жүріп кеттік.
Жетібай ауылының орта тұсына осыдан бес жыл бұрын анамның атынан ашқан дүкеннің бұзылып жатқан қаңқасын көргенде, амалсыздан тоқтауға тура келді. Нағашым айтпақшы, кооперация тұтынушы одағын жекешелендіргеннен кейін болған жағдай айтпаса да түсінікті еді.
Сол 1992-шы жылдары өз ісінің шебері, іскер білікті маман Жетібай ауылшаруашылық тұтынушылар кооперациясының төрағасы Мұрат Өтебаевтің бастауымен, колхоздың қызыл бұрышына арнап соғып, аяғына дейін бітіруге қаражат мүмкіншіліктері болмаған соң, маған берген үйі еді. Мұрат Өтебаевтің қолдауымен қалған құрылысын өзім, өзімнің қаражатыммен аяқтап, колхозшыларға, Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагерлеріне арнайы бұрыш пен бөлім ашып, анамның атын қойып, ашқан дүкенім еді бұл. Енді, міне, қанша еңбек, құрылысқа кеткен қанша қаражаттың ысырап болып, далада, иесіз қалғаны мынау.
Мен қаладан базар ашатын болып, кетер кезде, жарты құнына Ақыл Сыздықов деген жігітке сатып кеткен едім. Оны да заман қақпақылдап жіберген сыңайлы.
Мүмкін, ауылды жерде ақшаның тапшылығы әсер етіп, алымсақ жоқ болғаннан соң, өзін-өзі ақтамағаннан кейін жабылған шығар. Дегенмен өз қолыңмен істеген істің мынандай жағдайда талқандалып жатқаны жаныңа батады екен.
Өткен күндер ағымы көз алдыма келеді. Ойға шомып кетсем керек. «Көке, жүрмейміз бе?» деген Ердостың даусы бөліп жіберді. Жайлап машинаға қарай аяңдадым. Менің машина жүргізетін құжатым жоқ болған соң, КамАЗ-ды Бақытжан жүргізіп келе жатыр. Мен қасындамын. Камазды апарғанда, техникалық паспортын КамАЗ-бен бірге тастап кеткенім мұндай жақсы болар ма? Өзіммен бірге төлқұжатым да жоқ. Ердос өзінің УАЗ-игін айдап келеді.
Көкталдан өттік, енді Бесжылдық аулына бару үшін, республикалық дәрежедегі үлкен жолға түсіп, қаланың сыртын айналып, біраз жүруіміз керек.
Ең қауіптісі — сол арқылы өзімнің төлқұжатым жоқ. Бақытжанда сенімқұжат та жоқ. МАИ инспекторлары тоқтатса, қалай сендіретінімді білмей, дал болудамын.
Үлкен жолға түстік. Бағытымыз — Шайқорық арқылы Бесжылдық аулы. Сол ауылда менің әкем тұрады. Шешем дүниеден өткен соң, әкем тағы бір әйел алған. Сол өгей шешем, мектепті жаңа бітірген кіші ініммен — бәрі бірге тұрады.
Ойым — сонда барып, машинаны тастап, Ердостың машинасымен Халима тұратын шағын ауданға барып, заттарымды, құжаттарымды алу.
Элеватордың тұсына келгенді, айтқанымдай, МАИ қызметкерлері тұр екен.
Бақытжанға: «Дереу жүрісті төмендет, тез төртінші, үшінші жылдамдыққа сал да, жандарынан мейлінше жай жүр», — дедім. Өзім милицияларға қатарласқанда, екі қолымды қайшы қылып ұстап, «бос» деген белгі беріп едім, белгіге қарады ма, жоқ, әлде өзіміздің машина екен деді ме, әйтеуір басын изеп, ала таяғын төмен түсіріп, «Кете бер» деген сыңай танытты.
Әне-міне дегенше, Бесжылдыққа да келіп қалдық.
Ауылдың кіре-беріс жерінде, Бурыл тауының бөктерінде біздің ауылдың зираты бар. Сол зиратта менің анам Әуес, әжем Озипа, нағашы апам, Әйкен атты қызым және басқа да туыстарым мен ағайын-жерлестерім жерленген. Бақытжанға тоқта деген белгі бердім, өзім машинадан түсіп, шешемнің қорғанына қарай жүрдім.
Қорғанның есігі күн батысқа қараған екі босағада өсіп тұрған екі аршаның қатарына тізерлеп отырып, Фатиха мен Ықылас сүресін оқыдым:
Ауғузу биллаһи минәш-шәйтанир-ражим
Би исми-лаһир-рахмани-р-рахим
Әл-хәмду лиллаһи рабби-л әлемин
Ар-рахмани-р-рахим
Мәлики йәуми-д-дин
Ия-кә нағбуду уа ия-кә нәстәхин
Иһдина-с-сирата-л мустаким
Сирата-л-ләзина әнғамта ғалейһим
ғейри-л-мағдуби
ғалейһим уа ла-д-далин (Амин)
Би исми-л-лаһи-р-рахмани-р-раһим
Құл һуа аллаһу ахад,
Аллаһу-с-смад
Лем иалид уа ләм йуләд
Уа ләм иакүн ләһу куфуән ахад.
Садақаллаһу ғазим.
Сүбханә раббика раббил ғиззәти-гәмма
иәсифун уә сәламун ғалем нурсалин
уәлхамду лиллаһи раббил-ғалләмин (Амин)
Иә, Алла! Осы оқылған Фатиха, Ыхлас сүресінен болған сауабты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ға, пайғамбарларға, сахабаларға, әулие-әмбиелерге, шайһидтерге, дүниеден өткен барша мұсылмандарға (өзімнің дүниеден өткен ата-бабаларыма, әке-шешелеріме, туған-туысқандарыма... бабаларым Қосан, Күзер, Қырғызбай, атам Зияш, шешем Озипа, Сартай, анам Әуес, қыздарым Гауһар, Әйкен және т.б. аты аталған аталмағандардың аруағына) бағыштадым. Иә, Алла! Ата-бабаларымның рухтарын шад-шадман етіп, осы оқылған Құранның нұрымен нұрландырып, қабір азабынан сақтап, жандарын жәннатта ете гөр!
Иә, Алла! Біздердің үй-ішімізді, халқымызды, қайғы-қасіреттен, қорлық-зұлымдықтан, қауіптен, қастандықтан, дұшпандықтан, табиғи апаттардан, мың бір атты пәледен, жүз бір атты пәле-жаладан сақтай гөр! Дұға-тілектерімізді қабыл алып, екі дүниеде де нығметіңе бөлей гөр!
Раббәнә атина фиддүния хасанәтән уә Фил-ахи-рати хасанәтән уә кинә ғазабаннар. «Раббымыз! Біздерге дүниеде де, ахиретте де жақсылығыңды бере гөр. От ғазабынан сақта! Аллаһу әкбәр!»
Марқұм анам жетпіс алты жасына қараған шағында, екінші опрациядан кейін қайтыс болғанды.
1996 жылы ораза кезі еді. Мен ол кезде қаладамын. Кіші інім: «Жишем шақырып жатыр», деп, жұмыс басына келіп тұр, анамызды «Жише» деуші едік.
Қосы батыр мен Бұрыл көшесінің бұрышында базар соқтырып жатқанмын.
— Тыныштық па? — деп, бір түрлі секемденіп қалдым. Өйткені осы ораза айында ауыз ашар тарқатып, кісілер кеткеннен соң, мені бөлек алып қалып айтқан әңгімесі есімнен шықпай жүр еді.
— Балам, биыл оразаның алғашқы бес күнін тұтпай, жіберіп алдым. Оразаның жетінші күні түсімде... — деп, даусы дірілдеп келе жатыр еді.
— Ой, Жише, не боп қалды? Сөз төркінің бұрынғыдай болмай бара жатыр ғой. Не айтпақшы болып отырсың? — деп, көңілін бұрайын деген оймен әзілге бұрып жатырмын. Оның үстіне соңғы кездері өзі де бір уайымшыл болып алып еді. Анда-санда келгенімде:
— Сегіз бөлмелі үйде жападан-жалғыз отырмын. Мен өліп қалсам да келмейтін шығарсың. Бүгін қай құдай айдап келіп қалдың? — деп қоятын.
Мен де елемеген, түк сезбеген болып:
— Не боп қалды, менен де басқа балаларың бар ғой. Бәрі осында, жаныңда. Бәрінде де телефон бар. Мені керек болғанда ғана іздейсіңдер. Тағы да жемшөптерің бітейін деген ғой. Менде нелерің бар? Менің шешем өліп қалған. Мен кемпірдің баласы екенімді білесің! — деп, ескі әдетіме басатынмын.
Марқұм анам «кемпір» деген сөзді аузыма алсам-ақ, басылып қалатын, сосын апамшалап: «Ой, Қара тентек», деп жымиып қоятын.
— Бұл — сіздің балаңыз, сіздің немереңізді құдай алдында сұраймын, апа. Сіздің балаңызда шаруамыз жоқ, — деген сөзі есіне түсе ме, әлде аруағын сыйлап, ескінің салт-ғұрпын ұстанғаны ма? Тіпті үндемей, әжептәуір басылып қалушы еді. Сабасына түскеннен кейін барып:
— Олардың бәрі жұмыста ғой, қолдары тимейтін де шығар. Қазіргі уақыттың жұмысы да қиын, сағатымен барып келеді. Алай-бұлай қиыт етсе, бәлеге қалады, — деп, жуып-шайып жатқаны. Тағы бір жолы Райкүл деген немере әпкеміз бар еді. Сол екеуінің әңгімесінің үстінен түстім. Екеуі де беттері ісіп кеткен. Есіктің ашылып-жабылған тықырынан асып-сасып, көздерінің жасын сүртіп, әлек боп қалғаны.
Мен кірген бетте, аман-саулықтан соң:
— Тағы да не боп қалған?! Жеңге мен қайын сіңілі болып, қандай асан-қайғыны орнатып жатырсыздар, — деп қойып қалдым. Ыңғайсызданған немере әпкеміз:
— Қой, бірталай отырып қалыппын ғой! — деп жинала бастағанда, өз сөзімнен ыңғайсызданған мен:
— Әпке-ау, мен кемпірдің баласы болғандықтан, айта берем! Отырмайсыз ба?! Өзім машинамен жеткізіп саламын, қайтарда сіздің көшемен жүремін! — деп жатырмын.
— Осы баланы көрсем, Зияшты көргендей боламын да тұрамын. Ана жылы жеті-сегіз жастағы кезің шығар, есіңде ме? Озипамен ілесіп үйге келіпті. Дастарқанға повидло қойсақ, нан батырып, дәмін татып алып, солидол сияқты екен, солидол сияқты болса да, тәтті екен, — деп, ішегімізді қатырып, күлкіге бір қарық қылған. Ертесіне повидлоны дастарқанға қоюды ұмытып кетіппіз. Әлден уақытта Озипа: «Балам-қайда кеткен, көрінбейді ғой?» деген соң іздеп, далаға шықсақ, әлгі сары қыз деп отырғаны Халима:
— Сабыр: «Бұл үйге енді келмеймін, маған солидол берген жоқ», деп, арғы дәу жолға түсіп алып, маған тоқтамай, ауылға қарай кетіп қалды, — деп тұр.
Озипа байғұста үрей жоқ. «Адасып кететін болды-ау, жүгірмек» деп, безек қағуда. Ол кезде ширақ кезім. Халиманы ертіп алып, кеткен жағынан қуып жетіп, жалынып-жалпайып, үйден ала шыққан повидло «солидолын» беріп, зорға дегенде өкпесін жазып, үйге алып келгеніміз бар.
— Иә, Райкүл, бұл Сабырдың да кемпірді арқа тұтып істемегені жоқ.
Сол әпкеміз кеткен соң, анам:
— Е... Ол сары қыз, Халиманы айтып, бағы ашылмағандығы, күйеуінің маскүнем болып, көше кезіп кеткенін, мен үлкен қызымды айтып, әңгімелесіп отырғанда, сен келіп қалдың ғой! — деген еді.
Сол жолы шешем ебін тауып, ақыры сол жетінші күні көрген түсін айтып салды:
— Балам, осы мен көп ұзамай әкемнің қасына аттанатын шығармын. Бұл әңгімені тек саған айтып отырмын. Елмен, халықпен ерте араласып кеттің, басқасына қарағанда сенің жөнің бір бөлек қой. Ана бауырларың осы Жамбылдан басқа жаққа ұзап шығып, ел-жұрт, жер көрген жоқ! — деп бастады әңгімесін.
— Қойшы, Жише, қайдағыны бастамай! — деп ескермеген болғанмен, шешемнің мына сөзі жүрегіме ине болып қадалып жатты.
— Тыңда, балам, сөзімді бөлмей. Кейін есіңде жүреді, айтып болайын, — деп әр сөзіне салмақ беріп алды да:
— Түсімде аруағыңнан айналайын «болыс атам».(Мәдімәр болыс): «Жүр, әкеңді көрсетейін!» деп ертіп келіп, маған бір белгісіз жақты нұсқады да: «Көп ұзамай әкеңді табасың» — деп, батысқа қарай бет алып, жоқ болып кетті. Өңім бе, түсім бе деп аң-таң болып қарап тұрдым да: «Барсам барайын, әкеңді көрсетемін» деді ғой. Естуімше, «Әкем бұл кісімен үзеңгілес деуші еді» деп, мен сол кісі нұсқаған жағына қарай жүрдім де кеттім. «Апа, апа!» деген келіннің даусынан оянып кеттім де, «Қой, ораза айы, не де болса ораза тұтайын. Соңғы кезде денсаулығыма байланысты оразаның алғашқы күні тұтқан жоқ едім ғой», деп аузымды бекіттім. Аяғымнан тұра алмасам да, намазды отырып оқып жүргенім сол, қарағым.
Сол анам ораза айт біткен соң, он күн өткен шамада ауруханаға түсіп, бірінші операция жасалынды. Бұл наурыз айының аяқ кезі еді. Одан кейін мамыр айының басында екінші операция жасалынды да, он екінші мамыр күні дүниеден өтті анам.
Қабір басында ұзақ тұрдым. Анам тірі кезіндегідей көз алдыма елестеп тұрды. Тек қорғанның ішіндегі кішкентай төмпешік қана анамның жер қойнында екенін амалсыз мойындатып, сазарып тұр.
Анамның жатқан белгісін
Сездірер мүрде сенбісің?
Ардақтым енді келмейсің,
Түсініп тұрмын енді шын.
Үн-түнсіз жатыр анашым,
Сезінбей жердің сызын да.
Күйзелген іштей балаңның,
Күңіреніп қалған қызын да.
Орныңның бөлек екенін
Кезіңде, ана, білмеппіз.
Мәңгілік мына мекенің
Тәу етіп енді жүрмекпіз.
Жеткізсем!- деп ұл-қызын,
Бейнет көріп өсірген.
Еркелігін ұл-қызыдың,
Анашым-ай, кешірген.
Қайран анам! Есіл анам! Өмір бойы айтқан ақыл сөздеріңмен, мәңгі есте сақталар тілім-тәрбиеңмен, мағыналы өсиеттеріңмен өмірден өткенімше санамда бірге боларсың...
Қасымдағы немере інің Бақытжан мен Ердосқа қорғанда жазылған өлең шумақтарын оқып беріп едім, екеуі де көзіне жас алып, біраз уақыт үнсіз қалды. Кім білсін, бәлім, анамның қолынан дәм татқан кездері есіне түскен шығар...
Үн-түнсіз машинаға қарай беттедік. Бірінші боп бізді әкемнің сонау мал бағып жүрген кезінен бері тұқымы үзілмеген, ұялас иттері Ақшолақ пен Қайтпас екеуі бірдей арсылдап алдымыздан шықты.
Машинадан түсіп жатып, «Ақшолақ» деген дауысымнан бірден таныды білем, құйрығын бұлтаңдатып, «өзіміз екен ғой» дегендей, қора жаққа кете берді. Иттің даусынан далаға шыққан өгей шешем:
— Дәу папа келді! — деп қуанып, есі шығып көрісіп жатыр. «Дәу папа» дейтінінің екі жақты мағынасы бар. Бір жағы әже баласы деп үлкейтіп қойса, бір жағы Дәулеттің папасы дегенді қысқартып, Дәулетті бастапқы «Дәу»деген жаңа ат жасағаны.
Сырттағы абыр-сабырды естіп, әкем де, кенже інім де шығып құшақтап, шұрқырасып аман-саулықты сұрап жатыр.
Әсіресе, әкемнің қуанышында шек жоқ. «Қуанған мен қорыққан бірдей» демекші, қапелімде не дерін білмей, есі шығып, екі көзі жыпылықтап:
— «Аман ердің аты шығар» деген, — деп елпілдеп алып:
— Ат-көлігің аман ба?! Өзіңді көріп, есім шығып кетті ғой. КамАЗ-ды да айдап келгенбісің, нағашыңдікіне бардың ба?! Неге тіке үйге келе бермедің?! Сенің ақ екеніңді сезіп, білгенмін. Аман-есен босанатыныңа да көзім жеткен! — деп өзіне-өзі шексіз риза.
— Көке! Балаңызды ауылға алып барып, өзінің шапқылап өскен Көделісін, Таласын, дүкен ашқан Ақмоласы мен Жетібайын, одан қала берді нағашысын аралатып келемін! — деп, Ердос желпіне беріп еді, әкем онша жақтырмаған сыңай танытты.
— Сенің аулыңа ма? Өй, қызталақ. Бұрынғы істеген жерлерін аралатып, нағашысына барып, КамАЗ-ды алып келе жатырмыз десең жарасады. «Ауылға апарып» дейді ғой. Аулы осы Бесжылдық емес пе? Алдымен Бесжылдыққа келуі керек еді ғой. Одан кейін қайда барса да рұқсат! — деп шамданыңқырап қалған шалды мен де, Ердос та түсіне қойдық.
— Көке, жұмыспен, жұмысымызбен жай соғып қайтқанымыз ғой! — деп ақтала бастап ек, сол арада әкем:
— Әй, Нұрсейіт! Нұрсейіт! — деп, кіші ініме дауыстап:
— Анау өзіне атаған қара ісекті сой да, ертерек ет қамына кірісіңдер, көршілерге, ақсақалдарға хабарлаңдар. Құдайы тамақ жесін, сағат алтыға деңдер. Қазір түс кезі, алтыға дейін үлгересіңдер! — деп бұйырды да, бұрыла беріп, Нұрсейіттің жанында тұрған Бақытжанды көріп:
— Әй, сен, Әбентайдың баласы Бақытжанбысың?! Ой, айналып кетейін, «Қуанған мен қорыққан бір» демекші. Өзім сасқалақтап жүріп, сені байқамай қалыппын ғой! — деп, бар ықыласымен қайта қолын алып жатыр.
— Ата-ау, сәлем беріп, сізді осы қуанышқа бөлеп жатқан мен емес пе?! Мені баса-көктеп, балаңызға қарай ұмтылып, тіпті «сүйінші» дегенді де ұмыттыңыз ғой! — деп, ол да жездесініп жатыр.
Әкем мәз-мейрам.
— Айналайын, сүйіншің дайын! Кәне, үйге жүріңіздер. Қалған әңгімені үйде айтайық! — деп, үйге қарай беттеді.
Ішкі бөлмеге кіре берісте әкем:
— Сабыр, мына мүліктеріңді ана Рабиға келін анау усойқының үйіне жиып кеткен екен. Оның бәрін кейін аннан-мыннан естіп-білдік қой. Сол усойқы келінді ұстап әкете салысымен-ақ, тағы да сатып, ту-талақайын шығара ма деп, осында әкеп жинап қойдық.
Рабиға келіннің момындығынан алданып, бас сауғалап бір күнде қашып кеткенін де кейін білдік. Ол кезде сен рейстесің. Ресей дей ме, әйтеуір сені ұзақ жаққа кетті! — деді. Соның бәрін лаңдап жүрген анау антұрған Мейізкүл екенін де кейін білдік қой. Байғұс Рабиға келінді белшесінен қарызға батырып, ең аяғында өзі де сотталып тынды. «Аққа құдай жақ» деген осы.
— Ойбай, көке! Сол Мейізкүлдің пәлесінен мен де нақақтан-нақақ сегіз ай түрмеде жатып шыққан жоқпын ба? Таза алаяқ, қу тұяқтың өзі екен! — деп, Ердос та қабаттасып жатыр.
— Өткенде үлкен ұл Екібастұз жаққа жұмыстарымен барған екен, сонда Астана дейміз бе бұрынғы Ақмоланы, сол Рабиға келіннің адресін біле ме, жоқ, әлде, сұрастырып тапқан ба, қойшы әйтеуір, жолығыпты. «Аман-есен» дейді. Уақытша бір жатақханаға орналасыпты. Бұрынғы қызметін істеп жатқан көрінеді. Үй мәселесі әлі шешілмей жатқанға ұқсайды. Құрылыс қаптап жүріп жатса да, келген адамдарға пәтер жеткізе алмай жатқан көрінеді! — деп әкем қоңырсыта бастады.
Маған да керегі осы хабар, деректер еді... Сегіз айдан аса еш хабар-ошарсыз қалған едім.
— Кәне, жайғасып, аяқтарыңды созып отырыңдар, қазір шай келеді! — деп, бізді төрге отырғызған әкем, тағы да бір тосын жаңалықты алдымызға жайып салды.
— Анау Жақияның қызы бізге жиен ғой, сен білетін шығарсың, Ердос. Атын ұмытып қалдым, жиен келін ғой. Сол үш-төрт ай болыпты, троллейбус дей ме, автобустан құлады дей ме, әйтеуір басының сүйегі сынып, миы шайқалып, Алматыға алып кетіпті! — деп, маған құлаққағыс етті. Жүрегім зу ете қалды.
— Бәсе, түрмеге келмей кеткенін басқа саққа жүгіртіп, жерден алып, жерге салып жүр едім. Байғұс аман ба? Өзі аман ба екен?! — деп, әкемнен қайта-қайта сұрағыштап жатырмын.
— Қайдам, айтыстарына қарағанда, жеңіл жарақат емес көрінеді. Алғаш төсектен тұрғызбай жатыр деп еді. Райкүлдің екі-үш тұяқ малы бар менде, соның біреуін алып кетуге келіпті. «Келін қандай екен?» деп сұрап едім, «Бері қарап келеді, төсегінен тұрғызып, ары-бері жүргізе бастапты. Балалар барып тұрады ғой, солар айтып келеді. Әйтпесе мен өзім қайдан барады дейсің», деп отырған.
— Көке, Райкүл деген атты бұрын естіген сияқтымын, ол кім еді? — деп, Ердос әкемнен сұрап жатыр.
— Райкүл деген жаңа мен айтқан жоқпын ба? Ол екеуміз — немере ағайынбыз, менің атам Баймаштың Қалдыбет деген інісі болған, соның үшінші әйелінен сол Райкүл туады. Жаңағы Сабырдың үйіндегі келіннің шешесі.
Әне-міне дегенше, шай да келді. Тамыз айының аяқ кезі болса да, күннің ыстығы әлі қайтпаған.
Шай үстінде әкем ауылдың бес-алты қариясы бірігіп, ұжымның ардагерлерге бөлген жеріне жүгері еккенін, суды уақтылы ала алмай отырғанын, су кезегі уақтылы қадағаланбай, салған суды әркім жығып, әбден сарсаңға түсетінін, жүгері су ішіп біткенше, кезек-кезек қарауылдаумен күндері өтетінін және басқа да ауылдың бітпейтін әжік-күжік әңгімелерін айтып отырды.
— Ұжымға жердің пайдаланған төлемақысы қанша? — деп қойдым әңгіме арасында.
— Біздерге, ардагерлер болған соң, біраз жеңілдік жасап отыр. Суға елу процент төлейміз. Жерге, шыққан өнімнен он процент.
— Қалғандары қалай төлейді?
— Әркім әр қалай. Еккен дақылына байланысты. Пияз еккендер алған өнімінен жиырма процент және қанша текшеметр су пайдаланады, соған байланысты. Ақ егіске бөлек, суармалы, қыратты жерге төлейтін баға да әрқалай. Дегенмен, халық алға талпынып, тіршілік етуге үйреніп қалды. Бұрынғы кеңестік дәуірде анау жоқ мынау жоқ деген сөзден арылып, әрқайсысы шамалары келгенше тіршілік етудің қамында. Бірақ қаражат мәселесінен қатты қысылып жатыр. Жанар-жағармай удай қымбат. Қолма-қол ақшаға сатып алуға ешкімде ақша жоқ. Бартер деген шығыпты. Оны да керекті зәру зат болмаса, айырбастап жатқандары шамалы. Ал қосалқы бөлшектермен техникаға керекті саймандар жоқтың қасы. Бәрі ескі-құсқымен жамап-жасқап күнелтуде. Өзіміз білмейді екенбіз, біздің Қазақстанда техникаға, трактор, комбайн, жалпы ауыл шаруашылық машиналары саймандары шықпайды екен ғой, — деп қиналды әкем.
— Ойпырмай, мынау Кеңес өкіметінің айласын қарашы? Барлығын сол орталыққа апарып, сол Ресейде шығаратын етіп ойластырғанын қарасаңшы. Жіпсіз байлап, тәуелді етудің амалы екен ғой бақсақ.
— Құр әшейін «Біз мықтымыз, біз жақсымыз» деп, құрғақ сөзі малданып жүре беріппіз ғой. Келешек ұрпақтың несібесін жеп, қарыздар болып, ақырында тоқырауға тіреліп тақырға келгеніміз мынау.
Енді бұл жолдан қалай шығатынымызды? Бұл дағдарыс қашанға созылатынын кім білсін? Әйтеуір халықты соғыстан сақтасын. Тыныштық өмір, бейбітшілік болса болды да, — деп, біраз саясаттың да басын шалдық.
— Әй, Бақытжан, аулыңда несие алған ешкім бар ма? Жағдайларың қалай? Ұжым болып шаруқожалығы құрылды ма? — деді тағы әкем, тіпті бұл ауылда осы шаруа жайынан басқа әңгіме қалмағандай.
— Несіне сұрайсыз, ата, ұжым да, шаруақожалығы да құрылып жатыр. Бірақ қолдарында ештеңе жоқ. Сол өзіңіз айтқандай, қаржы тапшылығы. Ескі техника. Сайман жоқ. Өйтіп-бүйтіп, кепілдікке зат тауып қойғандар, таныс-тамыр, жора-жолдасы барлар несие алып жатыр. Бірақ жаппай алған ешкім жоқ.
— Өздеріңде трактор, басқа да техникадан ештеңе бар ма?
— Бір ЮМЗ тракторымыз бар, айлықтың есебінен берген. Бірнеше жыл тепкі көріп, шаруасы біткен трактор екен, бір жерін жөндесек, бір жері кетеді. Тапқан-таянғанымыздың бәрін сол жеп бітті.
— Оның тілін білген де жақсы. Біреуге жалынбай, өзің жөндеп, өзің айдап тұрғанға не жетсін. Өзімізде бір ат арба бар, соның өзін уақтылы қарап, жөндеп, майлап тұрмаса, шиқылдайды да қалады. Дегенмен әжетке жарап тұрған әзірге сол арба.
— Нұрсейіт те бір «Белорусь» тракторы керек деп жүр. Жер аударғанға, сепкенге, орғанға әркімнің тракторына жалынып бітті, тегін ешкім істеп бермейді. Жоқ дегенде жанар майын құйып беруің керек. Бақытжан, сондай бір трактордың реті келсе, құлақ-қағыс қыла жүрсеңші.
Сыртта ит үріп, дабырлаған кісілердің даусы естілді. Артынша Нұрсейіт келіп, дәм татуға шақырған кісілердің келе бастағанын айтты.
Ет желінді, шай ішілді, әңгіме-дүкен қызды. Құран оқылып, дастарқан жиналып, келген кісілер құдайы тамаққа «Құдайларың қабыл болсын» деп, үйді-үйлеріне тарқасты.
Жатар кезде әкеме ертең қалаға барып, құжаттарымды алып, одан ары Ердос екеуміз Сарыағаш, Өзбекстан жаққа жүк іздеп, кіре тасып қайтатынымызды айттым. Әкем мұнымды теріс көрмеді.
— Ауылдың сиқын көріп отырсың, қарағым. Әйтеуір, көлігің астыңда, тірі адам тіршілігін етеді ғой, қарап отырғанда, кім не әкеліп береді? Бұл тірлігің дұрыс. Әйтеуір, абай бол. Тонаушылар дей ме, рэкет дей ме, солардан сақ бол. Әркім-әркімнен естуім, оларың сұмдық дейді ғой, бас салып тонап алады екен. Біздің мына кішкентай ауылдың өзінде ұры-қары дегендер малға қырғындай тиіп жатыр. Әнеукүнгі Сейсенбайды білесің ғой?
— Қайсысы, шұбар Сейсанбай ма? Жоқ, Айменбеттің Сейсенбайы ма?
— Шахарман әпкенің күйеуі.
— Иә, білемін.
— Апақ-сапақта, кешкі намазын оқып біткенше, соның көшеде байлаулы тұрған атын ертоқымымен мініп кетіпті. Содан әлі хабар-ошарсыз. Мен де Нұрсейітке атты арбадан шығарған соң, дереу кісен салып қой деп, құдайдың құтты күні зар қылып отырамын.
— Көз алдыңдағы қарап отырған малдан айырылып қалу деген пәле екен ғой. Ой-й, заман-ай десейші!
— Балам, заман емес, заман орнында. Адам, адам бұзылып кетті. Заң жоқ. Заң болу үшін, басшы мықты, қатал болуы керек. Қазіргі басшы басшы ма? Бәрі былыққа батып қалған. Ондай басшы қайтіп қатал болады? Қарамағындағы адамдарға қандай талап қоя алады? Міне, балам, осындайдан құдайым сақтағай да.
— Иә, дұрыс айтасыз, біреулер өмір бойы тірнектеп мал жияды, біреулер оның табан ақы, маңдай терін жейді.
— Ал, балам, уақыт бірталай болып қалыпты. Ертең жол жүрмекші екенсің, демал. «Жолаушының жолы жүрсе өнеді» деген.
Алғаш қалаға Ердостың УАЗ-игімен барсам ба деп едім. Енді ол ойымнан бас тарттым. Халима Алматыда ауруханада болса, бәрібір жолыға алмайды екенмін ғой деп. Біржола КамАЗ-бен шығуға бел байладым. Ердосқа: «УАЗ-икті үйге апар, біржолата КамАЗ-бен шығамыз», дедім.
— Қалаға бармаймыз ба? Құжаттарыңызды аламын деген жоқсыз ба?
— Иә, құжатты Халима өзімен бірге алып кеткен жоқ шығар. Үйінде қыздарынан аламыз. Қыздары үйінде шығар. Бірақ ертелетіп баруымыз керек. Әйтпесе, қызына кездесе алмай қалармыз, базарына кетіп қалса, оны қай жерінен іздемекпіз.
— Жарайды, көке, машинаны ағайдың үйіне апарамын, ертең ерте дайын болып тұрамын. Жолдан ала кетіңіз! — деп, Ердос әкеммен қоштасып, сыртқа қарай беттеді.
Әкемнің дабырлаған даусынан оянсам, сағат әлі алты екен. Тұрып, жуынып-шайынып, жол қамына кірістім. Ертеңгі шайдан соң қоштасып жатып, өгей шешем мен Нұрсейіт бір сөмкені әкеп салды.
— Ол не? — деп сұрап едім.
— Қызанақ, қияр, нан ғой! — деді.
Әкем батасын беріп, машина орнына жылжығанша қозғалмай қарап тұрды. Ердос дайын екен, бірден қалаға қарай тарттық.
Сағат сегіз болмай Халиманың үйінде тұрдық. Ешқандай МАИ-ға іліккен жоқпыз. Ертеңмен көшеге шыға қоймаса керек. Айтқандай, қызы үйде екен. Сәл кешіккенімізде, кездесе алмай қалатын да екенбіз. Асығыстығымызды білдіріп, Халиманың қандай жағдайда жарақат алғанын сұрап, білгеннен соң, құжаттарымды алып, нан ауыз тидік те, далаға шықтық.
Машинада отырған Бақытжанмен қоштасып, Ташкентке қарай баратын бағытқа беттедік.
Түс ауа Сарыағаштағы Абай деп аталатын тұраққа келсек, Жамбылдың машинасы қаптап тұр. Біраз уақыттан кейін қасымызға Жамбылдағы 81-ші автобаздың КамАЗ-ын арендаға алып, айдап жүрген Дихан деген жігіт келіп, мән-жайды айта бастады.
— Бір апта болды, Ресей жаққа ешкім барып жатқан жоқ. Ол жақ дағдарыс болғалы бері, сауда жоқ көрінеді. Сауда жасап жатқандар ұрылып қалып жатыр, өздерінің ақшасы түгіл, КамАЗ-ға келіскен ақшаны да шығара алмай жатқан көрінеді.
— Қазақстан бойынша қалай екен? — дедік сыр тартып.
— Қазақстанға шамалы клиент бар. Бірақ шоферлер ақшасы аз деп, бармай отыр. Алматыға жиырма бес мың беріп еді, ешкім бармады. Ол клиент ана Ильичтегі тұраққа кетті.
Айтпақшы, Жезқазғанға барасың ба? Қырық бес мың беріп еді, азырқанып ешкім бармады. Ертең сөзі рас болса, клиент тағы келеді осы жерге. Барсаң, сені соған байлайық (байлайық — орыстың завязаться деген сөзінен шыққан, КамАЗ-истердің арасында «поливалщик» деген сияқты көп пайдаланады).
Ердос екеуміз ақылдасып: «Жата бергенмен не істейміз? Ішіп-жегенге тамағымыз да, ақшамыз да жоқ. Ертең келсе, қырық бес мың берсе, Бетпақ арқылы тарта берейік. Жай жүреміз ғой. Ассорти басса, әлі жеңілірек болады, балондар шыдайтын шығар» деген қорытындыға келдік.
Ертесіне Дихан бір кореец жігітін ертіп келді. Екі жігіт:
— Екі жүз литр жанармай ғана құйып беруге шамам жетеді, ақша сол, қырық бес мыңнан артық бере алмаймын, оның да өзін Жезқазғанда екі-үш күнде әзер құтылам дейді, — деп әңгімесін айтты. Аты-жөнін сұрап едім, «Слава» деді.
— Тогда, Славик, на дорогу за питание деньги есть?
— Да, на питание немножко есть, еще из дома возьмем кое-какие продукты, — деп жауап қатты.
— Жарайды. Дихан, екі жүз литр соляркасын құйып алайық, Жүкті қай жақтан басады екен?
— Шардарадан басады, кеше солай деген. Славигіміз қазақша түсінеді екен.
— Иә, Шардарадан басамыз, әр түрлі жүк. Менің келісімім, сіздерге қойған шартым, екінші тәулікте баратын жерде болуымыз керек затты сол қалпында жеткізу үшін.
Қол алысып келістік те, таныс жігіттермен қоштасып, Шардараға жүріп кеттік. Әне-міне дегенше, арасы жүз шақырым Абай мен Шардара жолын басып өтіп, жүкті тиейтін алқапқа бір-ақ тоқтадық.
Славиктердің адамдары да дайындалып отыр екен. Тракторы бар, мотоциклмен, арбамен, әр түрлі көк сөкті тасып, қаптағысы қапта, жәшіктегісі жәшікте, қауын-қарбыз, капустасын он шақты жігіт үш-төрт сағаттың ішінде жүктеп болды.
Жүктің қажетті құжаттарын жинап, тексеріп, жолға шықтық.
Бағытымыз — Созақ, Шолаққорған; Степное (қазіргі Қыземшек) руднигі арқылы Бетпақдаламен кету.
— Шардарадан Шолаққорғанға жеткенше, елуге дейін тоқтағанымыздың санын білемін, одан кейін ұйықтап тұрып, санынан жаңылысып қалдым, — деді Бетпаққа түсер жолда шай ішіп отырғанда Ердос. Ешкім сөйлемеген соң өз сөзін өзі жалғастырып, — МАИ инспекторынан қорлық көруші едік, олар аз дегендей, енді салық бөлімі, көлік инспекциясы, карантин қызметі, ветеринар дей ме, одан қала берсе, кеден, участковый, весовой деген бәлелерін де қаз-қатар тізіп тастапты тегі бірдемеден құр қалардай. Бір қынжынарлығы — весовой, таможня, ветеринар қызметкерінен басқалары қағазға қарамайды екен.
Машинадан түскеннен: «Не бар? Қайда барасың? Әкел». Құжатқа қарау жоқ.
— Бәрі дұрыс, тура толтырылған. Көкем оқыған, тексерген, — десем,
— Көкең кім? — дейді.
— Бастық, ана машинаның иесі, машинада, — десем,
— Қазір бастық та, көкең де мен!, — деп ежірейеді.
— Давай, давай, жол ашар жаса! — деп, қолыма правоны бермей, әбден әлек етеді. Әйтеуір екі жүз, үш жүз теңгені беріп, өз правомды өзім әрең сатып алумен болдым.
— Ойпыр-ай, бұлар тегі аш қасқырдай, бермесең, тура бас салып, тартып алатын сияқты. Құнығудай құнығып кетіпті. Бұрынғыдай емес. Жағдайыңды айтсаң, тыңдайтын ешкім жоқ.
— Көке, сіз мына жолды жақсы білесіз бе? Айдалада сан жол, осы жолдың қайсысына түсеміз?
Бұл жолмен алғаш Жамбылдан шығып, Астана, Қарағандыны басып Атбасар, Есіл арқылы Арқалыққа барғанмын. Арқалықтан қайтарда келген жолым асфальт болғанмен, өте алыс, айналма жол болып кетеді. Маған Шымкентке бару керек болды. Шымкентке жүк басқанмын. Картаға қарап отырсам, Арқалықтан Ковыльная — Ұлытау, Сатпаев, Жезқазған, Қарақойын, 16-шы станция арқылы осы жолға шығуға болады екен. Бұл менің осы жолмен төртінші мәрте жүруім. Одан да бері екі-үш жыл өтіп кетті. Анау артымызда көрініп тұрған қала Степное деген уран шығаратын рудник. Жаңа сен ұйықтап жатқанда өтіп кеттік, қазір аты — Қыземшек. Бұрынғы тарихи атына ие болыпты ғой егемендігімізді алғалы бері. Ал алдымыздағы сан жол Бетпақдала арқылы 73-ші шақырымға, яғни Жезқазғанға жетпей, Қызылордадан келе жатқан көлденең асфальтқа алып шығады.
Міне, осы кең далаңызға арналған толғауым мынандай жолдан құралады, тыңдасаң айтып берейін, — дедім шабыттанып кетіп.
— Ой, көке, ол не дегеніңіз. Шаршап отырғанда, бір сергіп алайық та.
Бетпақтың тақырын, шөл даласын,
Тіршілік жоқ деген кең алқабын.
Аңызақ апта, ыстық соққан,
Құм суырып, жерінен соры шыққан.
«Бетпақ дала» деп аталған бұл алқаны,
Кесіп өтед тек жүрек жұтқан.
Бұл Бетпағам сонда да ыстық маған.
Бір көргенде бұл Бетпақты
Тіршілік жоқ деп ойлаған.
Мен өттім төрт рет бұл Бетпақтан,
Соңғысы сәйкес болды маған.
Қазағымның егеменді жері болған
Бетпақ деген ат жамылып,
Қанша ғасыр қайран далам,
Жолатпай ешкімді де қойнауына,
Егемендік елдікті күтіп жатқан.
Тіршілік атауы Бетпақта екен,
Қойнауының барлығы байлық екен.
Құмкөл анау мұнайлы, майлы екен,
Қыземшек пен Ақбақай уран, алтын.
Асты газ, көмір, мырыш, қайран мекен!
— Рас қой, бір қараған көзге мынау меңіреу дала қысы суық, жазы аңызық, қатал, нағыз Бетпақтың өзі ме деп қаласың. Ал бұл да тұқымы құрып кетудің алдында тұрған біраз тіршілік иесіне сая, қорған боп тұрған жоқ па? — деп, Ердос менімен толық келіспейтінін білдіртті.
— Бұл аймақ осыдан бірнеше мың жыл бұрын оазисті, табиғаты сондай жұмсақ, жан-жануардың неше бір түрі мен өсімдіктердің түр-түрі өсетін, жеміс-жидекке бай алқап болған. Қаншама жылдар өткенде, ауа райы өзгеріп, біртін-біртін қу мекенге айналған! — деп, өзімше әңгімені тарихтан толғап келе жатыр едім, Славик сөзге араласып кетті:
— Көке, менің байқауымша, сіз өлеңді тек қана фактімен жазады екенсіз...
— Ой, мынау қазақша біледі екен ғой! Ағып тұр ғой өзі! Мен бұған өзімше жаман орысшаммен жеткізе алмай жүрсем, мынауың нағыз қазақ қой.
— Е, Ереке, мен неге қазақша білмеймін? Қазақстанда тусам, әке-шешем де осы Қазақстанда өссе!
— Қай жерденсіңдер? Қазақстан үлкен ғой, қай облысында тудың?
— Әке-шешем Қызылорда облысының Шиелі ауданы, Қызылтау деген аулынан.
— Біздегі кореецтер сен сияқты жақсы сөйлей алмайды. Сен қалай үйреніп жүрсің?
— Қызықсың, Ереке, кішкентайымнан қазақтың ішінде өссем, қазақтармен жұмыс істесем, мен неге тілін білмеуім тиіс. Қазір қазақша әдеби кітаптар оқуға қатты көңіл бөліп жүрмін. Оның үстіне қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Бұл тілде күндегі тіршілікке пайдаланып, сөйлесіп қана қоймай, келешек балаларымызға да үйрету өте қажет, тіпті парыз да.
Қазақ тілі — қай жағынан да мағыналы, өте бай тіл. Бұрын мен орыс мектебінде оқып жүргенімде, қазақ тілінің мән-мағынасына онша көңіл аудармаған едім. Оның үстіне бізге оны оқытқан да жоқ қой.
Тек орыс тілін оқып үйренсек, сол орыс тілін білсек болды! — деген мақсат еді. Сөйтсек, сол үлкен қателік екен. Соның кесірінен қаншама қазақ жастары өзінің ана тілін білмей, оның мән-мағынасынан айырылып қалды. Соған енді, Ереке, солар өздері кінәлы емес пе? Ал енді келешек ұрпаққа бұл тілді біз үйретпесек, олардың алдында біз кінәлы боламаймыз ба?
— Сен өзің ана тіліңді білесің бе?
— Әрине, білемін, мен оны білуім тиіс, өйткені ол — менің ана тілім.
— Ал мен болсам, сенің қойған сұрағыңа былай деп жауап берер едім. Сен Қазақстанда жүрсең де, өз тіліңді білесің. Ал Қазақстанның өзінің, жергілікті қазақтарының ана тілін білмеуіне кім кінәлы? Әрине, өздері кінәлы.
— Ереке, сіз жаңа сөз арасында «Қазақстанда жүрсең де» деген сөзді қосып жібердің, ол сөзіңіз маған ауыр тиеді. Қазақстанда мен емес, менің ата-анам туып, өніп-өсіп отыр. Қазақ ұлтын менен бөлмеңіз. Қазақстан менің Отаным болса, қазақтар менің туысқаным, достарым, бауырларым деп санаймын. Басқа ұлт өкілдерін қайдам, олар туралы мен ештеңе айта алмаймын. Өз басым солай туысқандық көзқараста екеніме нақта жауап бере аламын. Қазақ — өте бауырмалды, ақ ниетті, қарапайым, көңілдері таза, ақ көңіл халық.
Сол көңілдеріне қарай, осынша жерді де, байлықты да бұйыртқан. Қазақ ұлтынан мен білетін қаншама қасиетті ұлы адамдар, ақындар, жазушылар, күйшілер, қаншама даналар, ғұламалар, ғалымдар шыққан. Ұлы кемеңгер Абайдың сөзі ше? Міне, Абайдың мынау, бұдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен сөзінің өзін қарамайсың ба?
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Көрсе қызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн — бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың...
— Әй, Славик! Сен бәлесің! Кореец болсаң да, қазақтың Абайынан хабарың бар. Ұлы Абайдың өлеңін емес, кім екенін біле бермейтін қазақ аз ба? Ал сен болсаң, тіпті қандай жерде, кімге қандай өлеңін мысал етуді де білесің. Жалпы, ты молодец!
— Ереке! Причем здесь кореец? Абай — жалғыз қазақтікі емес, бәрімізге ортақ. Ол кісінің кемеңгерлігін, данышпандылығын, ұлы классик екенін бәріміз мойындауымыз керек.
— Дұрыс айтасың, Славик! Біз Пушкинді, Толстойды бәріміз түгел білеміз. Ал басқалар Абайды неге білмейді? Бірінші болып Пушкиннің Татьянасы мен Онегинін қазақша сөйлеткен Абай емес пе еді?
Кеңес Одағының кезінде қазақ халқының классиктері мен ақын-жазушылары оқу бағдарламасына толықтай ендірілген жоқ. Оқытса да, үстірт оқытты. Оған мысал: А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймаутов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов, Т. Рысқұлов, тағы басқалар. Олардың мектеп қабырғасында өзге тұрмақ, өзіміз атын да естіп-білген жоқпыз.
Хандары мен билері, қолбасшылары туралы оқымақ тұрмақ, тегі есіткен де емеспіз. Міне, Кеңес дәуірінің біздің момын елдің әдет-ғұрпына, ата-салтын, тілін, ділін, дінін жою арқылы рухын тұншықтырды! — дедім мен Славикке «Сен осы зұлымдықты білесің бе?» дегендей. Ал Славик менен тіпті асып түсті.
— Мен хан Кенені оқыдым! — деп бастады әңгімесін. — Ғажап! Ғажап! — деп тамсанып алып, әңгімені әрі қарай жалғады. — Ресей колонизаторларымен он бес жылдан аса ат жалында жүріп күрескен жоқ па? Тек қана қазақ ұлты емес, туысқан қырғыз, өзбек ұлтына да үндеу жолдады. «Ресей қазақты ғана жаулап қоймады. Бізді жаулап қаратқан соң, кезек сендерге де келеді. Бәріміз бірігейік, бір жеңнен қол, бір жерден бас шығарып қарсы тұрайық», — деген жоқ па еді? Одан да ары: «Бірінші жерді алады, одан соң тілді алады, ана тілің ұмыт болған соң, дінің де жоғалады. Тіл мен дін жоғалған соң, дүбара тілмен кім боласың?» деген жоқ па?
— Шын, айтып отырғаныңның бәрі рас, Славик! — деп, әңгімеге Ердос кірісті.
— Мен өзім тұңғыш Президентіміз Назарбаевтың саясатына қосыламын. Осыдан біраз күн бұрын үш президент бас қосты. Оны газеттерден, теледидардан да көріп, оқыған шығарсың. Сонда осы мәселені Президентіміз былайша түйіндегенді: «Біз өткен ата-бабамыздың жіберген қателігін қайталамауымыз керек. Сонда ғана мызғымас мемлекет, өркениетті ел бола аламыз, біз бауырлас халықпыз».
Сонда ол кісі әлгі сен айтқан әңгімені меңзеген екен ғой! Енді бағанағы сөзге қайта оралайық. Мен соңғы кезде ғана қазақша кітаптар оқып жүрмін. Енді қазақ жазушылары фантастикалық, я болмаса деректі шым-шытырық оқиғаларға толы, тәрбиелік мәні бар дүниелер жазса, біз сияқты өзге ұлттан да оқырмандары көбейер еді.
Нақты айғақ керек десеңіз, міне жаңа ғана Сабыр көке бір ауыз өлең шумақтарымен-ақ барлық Бетпақдаланың алқабын суреттеп берген жоқ па? Соған қарағанда бұл кісіні нақты айғақпен жазуға болады деп айтуға болады емес пе?
— Әй, жігіттер!... Байқаймын, әңгімелерің жарассөзге ұласып барады. Жиналыңдар! Отырғанымызға бір сағаттан асып барады. «Жолаушының жолы жүрсе өнеді» деген. Ереке, баллондарды, мотордың майын тексер. Біз Славик екеуміз дастарқанды жинап, жүкті көрейік, — деп, жол қамына кірістік.
Бәрін тексеріп болған соң, машинаны от алдырып, ауа жинап, жүріп те кеттік.
Бетпақ бұрынғыдан биыл көп өзгеріпті. Бұрындары Бетпақтың ішінде жан болмаушы еді. Анда-санда біз сияқты «бөрілер» ғана жортатын.
Қазір Қызылорданың көлденең жолына шыққанға дейін жеті-сегіз жерінде жекешелер ашқан асхана, дәнекерлеу, камера желімдеу сияқты шеберханалар пайда болыпты. «Бұл бір дұрыс шаруа сияқты екен. Бетпақдаланы игеріп, гүлдендіре берсе, тіршілік аты, ұлы өмір ұлғая түсетін күн де алыс емес екен» деп түйдім ішімнен.
Жезқазғанға екінші күні түс ауа келіп кірдік. Әйтеуір Славиктің заттарын өткізетін жеріне жұмыс уақтысында үлгергенімізге қуандық. Және зат бұзылмай, сол қалпында оны аман-есен өткізіп, арқамыз босап қалды.
Бір кәсіпкер затты сатып алды да, Славик бізбен қолма-қол есептесті. Бұнысы тегі жақсы болды. Ақша қашан жиналады, қанша күнде есептесіп болады деген күндіктен құтылдық.
Машинаны тексеріп болған соң, Славикпен қош айтыстық та, жүк күтетін КамАЗ-дар тұрағына келдік. Автотұрақта үш күн тұрып қалдық. Төртінші күн дегенде, Алматыға баратын кәсіпкерлермен келісіп, жүк тиеп, бағасына келісіп, тартып кеттік.
Бағытымыз — Ағадыр, одан Қарағанды. Балқаш тарассасына Ақшатаудан оңға бұрылып, Балқаш-Сарыағаш-Күрті арқылы жеттік. Тиеген жүгіміз темір құбырлар еді. Жүктің ауыр болғандығынан баллондарымыз бірінен кейін бірі жарылып, алты жаңа баллон сатып алдық. Ақшамыздың бәрін балонға жұмсап бітірдік. МАИ және басқа да қаптаған инспекциялар шаршатып бітті. Жанармай мен тамақ пұлға шамалы-ақ қаражат қалды. Клиенттің беретін ақшасын алып қойғанбыз.
Амалың жоқ, қайтадан Алматының автотұрағына жүк күтуге бару керек болды. Көңілге бір медет тұтқанымыз — қымбат болса да алты дөңгелектің резинасын жаңалап алғанымыз боп тұр. «Қысымын қадағалап отырсақ, біраз уақытқа жететін шығар» — деп, Ердос екеуміз бір-бірімізді мақұлдап, автотұраққа да келдік. Машиналар сықасып тұр екен. Сұратырып білсек, олардың ішінде аптадан көп тұрғаны да бар екен. Әркім-әркімнен сұрастырсам, басқа республикаға, әсіресе, Ресейге ешқайсысының барғысы жоқ көрінеді. Жол жауапкершілігін клиент алмайды. Өзімізге іледі. Кеденнің Ресейге қарай өткізу бағасы көтеріліп кеткен. Оның үстіне рэкеттері де көп сұрайды. Айтқанын бермесең, жүкті тонап, машинаңды да тартып алады деген қауесет әңгімелер. Ары-бері ойласам, қорқатын да жөні бар екен.
Кедендік бағаны еш бұза алмайсың, рэкет деген бәлесі жаман екен. Тағы бір бәрінің қорқып отырғаны — Новосибирь-Кемерова, Барнаул, Томск жаққа баратын болсаң, Талдықорған, Семей арқылы жүресің. Ол маңда Талдықорғанның Көлбайына, сондай-ақ Аякөз, Семейдің рэкеттеріне ұсталсаң да оңдырмайды. Разводить ету өте қиын дегенді тағы ойлаймын.
— Ой, көке-ай, Қазақстанның рэкеттерімен бірдеңе қылып, өз тілімізде сұрағанын жарым-жартылай беріп, тіл табысармыз-ау. Қанша дегенмен қазақтар ғой. Бәрінен бұрын орыстардың рэкеттерімен өз басым қалай табысамыз деп қорқамын, — дейді Ердос та екі ұдай пікірде.
— Қайдам?.. Қазақстанның ішіне жүк күтсек, мыналар сияқты жатып қаламыз. Бізде клиент күтіп жата беретін ақша да жоқ.
— Не болса да, көке! Ертең бірінші келген клиентке қай жаққа болса да, біраз саудаласып алып, сәл жобаға келсе, кете берейік, деді Ердос неге де болса тәуекел деген кейіппен.
— Ереке, кете бермегенде, бізде басқа жол жоқ. Таразға звондап, Халиманың қай ауруханада екенін біліп, аман-саулық жағдайын білейін. Шынымды айтсам, бір жағынан, сол да мазалап жүр. Сонан соң нартәуекелге басып, «Алты малта мас болмай, өзінен туған жас бала сақалы шығып жат болмай, ерлердің ісі бітер ме?», деп, екпіндете тақпақтап Махамбетшелеп, серіктерімді де жігерлендіріп алып, тапсырмаға көштік.
— Ал сен машинаны бастан-аяқ тексеріп, жолға дайында.
Халиманың қызынан өткенде: «Алматының қай ауруханасында?» деп сұрағанымда, мардымды ештеңе айта алмап еді. «Айтпақшы, дедушка знает» деген.
Енді әке-шешесіне телефон шалып білейін дедім де, қала-аралық телефонға кеттім. Кетерде Ердосқа: «Қайтарда жолға тамақ, керек-жарақты өзім ала келемін. Сен машинаның жанына бір қадам аттап шықпа. Құжаттан, машинаның нөмірінен айырылып қалмайық»-деп және тапсырдым. Олай дейтінім: соңғы кезде жүргізушілердің арасында машинаның нөмірін, құжаттарын ұрлап алып, «Мынандай құжаттар тауып алдық» деп, ақшалай сыйлық сұрап, сүйінші алып қайтаратын әдіс тапқан. Бұл да ақша табудың бір түрі.
Таразға телефон шалып Халиманың әке-шешесінен білсем, оның ауылға келгеніне бір жұма болыпты.
Мән-жайды біліп, көңілді бір демдеп, жолға керекті тамақтарды алып, машина тұрған жерге келсем, машинаның қасында бір-екі адам тұр. Мені көріп, Ердос машинаның астынан шығып, май-май қолын шүберекке сүртіп жатып:
— Көке, мына кісілер Кемероваға қызыл бұрыш апарсақ, Қазақстанның жолына, кеденіне сендер, Ресейдің кедені мен жолына біз жауап береміз дейді. Оған қалай қарайсыз! — деді клиенттерді меңзеп.
— Ақысына келістің бе?
— Біздің теңгемен 130 мың теңге беремін, қазірге отыз мың, барған соң қалғанын дейді.
— Өздері қай жақтан екен? Әзербайжандар ғой деймін.
— Иә, сол Ресейдің әзербайжандары көрінеді.
— Бәсе, біздікіне онша тілдері келмейді.
— Әй, гордаш, атың кім? Қазақша білмейтін шығарсың? Как зовут?
— Меня зовут Уммад, а друга зовут Туран! — деп, Ердосқа айтқан әңгімесін бастан-аяқ айтып:
— Келіссеңдер, бүгін жүкті дайындатып, ертең жүктейміз, — деп бітірді сөзін.
— Болгарский перец будем вести, да?
— Да,да.
— Давай сначала когда будем грузить? Что будешь давать, платить, дай раскладку. Потом мы подумаем и дадим ответ.
Сол кезде көрші тұрған машинаның шоферлері де:
— Жаман беріп тұрған жоқ. «Ресейдің жолын өзіміз мойнымызға аламыз» деп тұр ғой. Ағай, келісіңіз, — деп сөзге араласты.
— Жаман бермей тұрғанын білсең, өзің неге бармайсың?
— Мен барар едім, маған да бағана келген, бірақ «Машинаң не утепленный» деп жаратпады. Сіздікі утепленный ғой. «Ыстықты жібермейді, вентиляционный окошкасы бар екен» деп, сіз кеткелі бері, машинаңыздың қасынан шықпай жүр.
— Қалай, Ердос, кетеміз бе? — дедім. Бағанадан бері мені не айтар екен деп маған қарап тұрған Ердос бұрылып:
— Кетсек, кетейік, көке! Машина дайын, бәрін қарап шықтым.
— Давай, Уммад, задаток оставь. Мы тебя здесь будем ждать. Мы готовы.
Олар да сөзге келген жоқ. Отыз мың тенгені санап беріп: «Ертең осы уақытта жүкті артуға сендерді осы жерден алып кетеміз» деп қол алысып, жүріп кетті. Жиналып қалған басқа да шофер жігіттер:
— Көке, жақсы болды, жақсы келістіңіз. Сіздің машинаңыз надежный ғой. Содан да бізге көп клиент жақындамайды. Бәрінен бұрын баға шығарып бердіңіз! Машинаны қатырыпсыз, запас бак те бар екен. Екі бак мың литр алатын шығар? Рұқсаты да бар шығар? — деп, өтірік пе, шын ба, әйтеуір бәрі қолпаштап жатыр.
— Әй, жігіттер, түкіріңдер, әйтпесе көз өтіп кетеді, өзіміз жол жүрейік деп отырғанда! — деп әзілдеп алдым да, — Одан да келіңдер, шай ішейік. Келіңдер! — деп, шайға шақырдым. Бар-аяғы бес-алты жігіт жиналып қалған екен. Әрқайсысы серіктеріне:
— Машинадан нанды әкел! Ананы әкел, мынаны әкел деп жатқанда, бірі:
— Әй, ана жұмыртқаны ала кел! Енді тұра берсе, бұзылып кетер, жеп қояйық! — деп қалды. Арасында бір қылжақпасы «жұмыртқа» деген сөзді ести сала:
— Жұмыртқа жегізіп, мына арамыздағы бойдақ жігіттерді құтыртайын деп отырсыз-ау! Арамыздағы ең үлкеніміз екенсіз, өз басыңызды ойлай бермей, бізге де қарайлассаңызшы. Түндегі келген келіншектің жанындағы қызы ғой деймін. Соны бүгін біздің мына бойдаққа икемдесеңізші. Сөйтіп, «күйеу бала» қылып алсаңызшы! — деп, отырғандарды біраз күлдіртті.
— Ол қандай келіншек? Қызы екенін қайдан білесіңдер?! — дедім мен.
— Ой, көке! Мына Алматының тұрағында тұра берсеңіз, талай қызықты көріп естисіз. Біз төртінші күн тұрмыз, соның өзінде бірталай қызық көрдік. Ал мына шал бір аптадан бері тұр. Осы кісі уже местный болып алды. Ауыл жағына кетейін десе, жанармайға ақшасы жоқ. Жүк әкелген адамы кидать етіпті. Ал тамағы, әсіресе, жұмыртқасы «общий котелдан». Ажалы құдайдан, сонымен қызық көріп жатқан жайы бар.
— Ау, ақсақал, қай жақтансыз?
— Е-е, Қызылорда облысы, Қазалыданмын.
— Жүкті осы Алматыға әкеліп пе едіңіз?
— Иә, осы Алматыға.
— І-і-і, қалай болды?
— Сол Қызылорданың осындай пятагында тұрғанда, қауын артатын клиентке байландық. Сол клиент отырғызып кетті.
— Қалай?
— Жолды мойнына алған. Алматыға жететін солярканы да мойнына алған. Тамақ та содан деп келіскенбіз...
— Е-е, жақсы ғой! Бәрін өз мойнына алса, таза гособеспечениеде болған екенсіз ғой. Мына поливальщик жігіттер мұндай келісім-шартты осылай атайды. — Мен де әзілдегендей болдым.
— Содан Алматыға кешке келіп, төрт-бес жерге қауынды бөлді. Мені машинаммен қоса, стоянкаға тықты.
— Қария, ешкім тимейді. Сіз бері жүріңіз, мына екінші қабатта біздің «офис». Сіз сияқты келген кісілерге демалатын жай бар. Соған жүріңіз. Душ та бар, жуынып-шайынып, демаласыз. Ертең келіскен ақшаңызды түске қарай береміз! — деп, мені апарып орналастырды. Мен жуынып шыққанымша, шайды қойып, тамақты әкеліп, үйіп тастапты. Екеуміз отырып, тамаққа сылқия тойып алдық. Әкелген бір жарты арағын қылдай бөліп және тартып алғанбыз. Әлден уақытта:
— Қария, мына шөлмек, сіздерше шөлмек дейді ғой. Ақыры ертең рульге отырмайсыз ғой, тағы біреуін алып келе қояйын. Аздау болып қалды. Мен сізді сыйлап, қонақ етейін! — деді.
— Әй, балам, қонақ еткің келсе, үйге апармайсың ба? Жоқ, үйің жоқ адамбысың?
— Неге, қария, үйім бар, бірақ алыстау, «Қапшағай» деген жерді естіп пе едіңіз?
— Иә, естігенмін.
— Естісеңіз, сол Қапшағайда тұрамын. Осы жерден алпыс шақырым. Оның үстіне заттардың ақшасын ертең алып, сізбен есептесуім керек. Өзім сондай алып-сату кәсібімен айналысам, мына жайды арендаға, айына жиырма мың теңге төлеп алып отырмын! — деп төгілтті-ай әңгімесін. Содан әлгі клиентім екінші шөлмекке кеткеннен әлі келген жоқ! — деп, аузы алақанымен басып, бір сүртіп қойды.
Отырған шоферлердің бірі:
— Шал, шөлмегіңді ендігі алып келген де шығар. Мүмкін сізді іздеп те жүрген болар! — деп қылжақтай бастап еді, мен сөздерін бөліп:
— Қойыңдар, жігіттер, ұят болады! — деп қағып тастадым. Сәл ыңғайсызданып қалған әлгі жігіт:
— Көке, біз басы-қасында болған жоқпыз. Бұл кісінің айтуына қарағанда, таза алдап кеткен. Ертесіне такси жалдап, қауынды түсірген жерге барса, түк жоқ, жер сипап қалады. Милицияға барса: «Арыз жаз, куә тап» деп, тағы басқа да мәселелерді үйіп-төгіп, бір жағын қарға, бір жағын жарға тақап, ең ақыры «Тапқан күннің өзінде мен сені танымаймын десе, немен дәлелдейсің?» деп, милиция екі-үш күн өзін әуре етіпті.
Ақыры автостоянкаға бірталай ақша төлеп, ол жерден шығып, осы тұраққа келіпті. Бұған жеткенше правоны уақытша правоға ауыстырып үлгеріпті. Бұл жерге келген соң, осы тұрақтың алаяқтарына мән-жайдың бәрін жыр қылып айтып берсе керек. Олар жаңадан келгенін біліп: «Біз көмектесеміз, осы қаланың положенеціне кездестіреміз», деп, шалды екі-үш күн «сарып» «құрып», «қабығын» қалдырыпты. Бұл шал: «Енді ауылға қарай жүк табылмаса, басқа жаққа кете беремін, басқа амал жоқ» деп отыр.Біз де «Сразу солай ету керек еді. Или по часовой жұмыс істеңіз. Сізге МАИ да, басқа да онша тиісе қоймайды ғой, ең болмаса жасыңызды сыйлайды» деп отырмыз. Өзі: «Қаланы жақсы білмеймін. Осы тұрақты тапқанша, қанша рет адасып, жөн сұрап, ақыры правоны алдыртып тындым», деп жүрексініп отыр. Сіз де бір ауыз айтыңыз, әйтпесе бұл кісінің жағдай қиын! — дегені.
— Напарник жоқ па, ағасы?! Көмекшіңізді, сменщик шоферді айтамын! — деп қарияға бұрылдым.
— Бар, ауылдың тракторын айдап жүрген жас баласы ғой! Правосы жоқ, баллон істеп, шай қойып, біраз далада МАИ жоқ кезде айдамаса...
— Ой, ағасы! Правосы жоқ адам сменщик пе? Сіз жазатайым правоны жоғалтып алсаңыз, не істейсіз? Ол болмайды, болмайтын жағдай ғой! — деп кісімсіп отырғанымды, жігіттердің бірі:
— Әне-әне, ей-й, бойдақ, кешегі көбелегің келе жатыр. Әне, жанындағы келіншегі де қасында келеді. Енең... Будущий енең болады! — деп, жанында отырған жасы жиырмадан жаңа асқан қара торы жігітті қаумалып, келеке ете бастады.
— Қойсаңдаршы, ұялтпасаңдаршы! — деп, мен ештеңенің мәніне түсінбесем де, қара торы жігітке болысып жатырмын. Жігіттердің ішіндегі тағы бірі:
— Қарындас! Қарындас! Бері келіңіз! Шайға келіңіз! — деп құрақ ұшты. Іздегені де сол болса керек, олар машинаның көлеңкесінде шай ішіп отырған бізге қарай аяңдады. Жақындаған кезде, Асқар деген жігіт:
— Айсұлу, Роза! — деп аттарын атап алып, — мына шалдың қасына отырыңыздар, дәм алыңыздар! — деп, қоярда-қоймай келіншекті шалдың жанына отырғызды.
Асқардың өзі менің арқа жағыма келіп отырды.
— Бағанағы айтып отырғанымыз — осы әйелдер! — деп, маған күбір етіп те үлгерді.
— Қай? Қай келіншектер?!
— Ой, көке, «көбелек» дегендер. Анау — шешесі, анау — қызы.
— Бұлар не істейді?!
— Ой-й, сіз әлі түсінбедіңіз ғой! Сниматься етеді. Жезөкшелік кәсібі. Проституциямен айналысып, ақша табады. Проститутка.
— Қызы да ма?! Сонда анау шын қызы ма?!
— Иә, өзі солай деп айтты ғой. Біз сенбеп едік, кеше ана шалға да қызым деп айтыпты. Енді үлкен кісіні алдамайтын шығар. Қандай қызы екенін қайдам, әйтеуір «доча», «доча» деп жүр ғой. Өзінің ставкасы — ішіп-жеу. Арақ алып суарасың, тойдырасың, таң атқанша бірге болсың да, ертесіне үш жүз теңге беріп, шығарып саласың.
— Оны кім айтыпты?!
— Өзі, сенбесеңіз, көзінше сұрайын ба?!
— Ей, қой бәлені.
— Жоқ, көке! Қазір анау Тофикке условияны сұра деймін. Тофик сұрайды.
— Тофик, спроси условия у нее!
Тофик сұрап еді, кәдімгі тауармен сауда жасап отырғандай қылып, жік-жігімен көзімізше айтып бергені. Тағы да:
— Будете издеваться, за мной есть люди, крыша, дело сложное будет! — деп, артында бақылап қадағалайтын адамдары барын ескертіп қояды.
Денем дір ете түсті. Ердос та шыдай алмай кетті-ау деймін:
— Осындай жағдайға не зорлады?! Не үшін өздеріңді өздерің сатып, жәлепшілік жасап жүрсіңдер! — деп, кісілік айта бастап еді, Ердостың аузын екі-ақ сөзбен жапты. Шал алдында құюлы тұрған стакандағы арақты ұсынып еді, әй-шайға қарамай қағып салды.
Шал бұрыннан сөйлеп сыралғы болып қалған ба, әйтеуір әңгімелері жалғасып, ананы-мынаны айтып отыр. Жігіттер ыдыс-аяқ, пиала, шынысын алып, тарқасып жатыр.
Мен, Ердос, Асқар — үшеуміз жаңағы Айсұлудың әңгімесіне құлақ қойсақ, әжептәуір сияқты.
Шал да анда-санда сұрақ қойып, ұйып тыңдауда. Тағы бір-екі стаканнан кейін Айсұлу мұңын шаға бастады. Шал да жаны ашыған болып, біздерге қарап көзін қысып, әңгімесін одан әрі қоздыруда. Әңгімесіне зейін қойсаң, жап-жақсы ортадан шыққан. Өзі Жамбылдағы мәдени ағарту училищесінің кітапхана бөлімін бітіріп, балалар кітапханасында жұмыс істеп жүргенді, өзінен төрт-бес жас үлкен, әскери теңіз флотында болып келген морякқа тұрмысқа шығыпты. «Сұлу болған қандай жаман?» деп қояды сөзінің арасында.
— Күйеуім көп сөйлемеуші еді. Институт бітірмеген, бірақ қара жұмыстың көзін табатын, қолынан келмейтіні жоқ жан еді. Өзі сварщик, бәрін-бәрін істей беретін.
— Өзі көп сөйлемес, момын болса, күйеуің жақсы адам болғаны ғой! — деп, шалың көзін тағы біздерге қарап қысып қойып. Оларға алың-алың деп, арақ, тамақты икемдеп қояды.
— Ой, ағай, айтып отырмын ғой, «Сұлу болған қандай жаман?» деп, әңгімесін қайта сабақтайды. Шынында сәл әжімі болмаса, реңдісі реңді екен. Жас кезінде сұлу болғаны көрініп тұр.
— Енді, міне, жүріп тұрған әдет. Ақша табу керек. Жалтырап алтын тағып жүру керек. Бәрібір ертең өліп қаламыз, босқа құрт-құмырсқаға жем боламыз! — деп, өзінше пәлсапа айтқан болады. Мына ісін өмірдің жалған екеніне жапқысы келеді. — Мен ондайды кездестірген емеспін! — деп көзін жұмып, астыңғы ернін жымқыра тістеп, басын шайқап, «м-м-м»-деп, өзінен-өзі ғажайып сезімге берілгендей болды да, сол күйін бұзбастан әңгімесін жалғастырды.
— Айсұлу, мына кәсіпке қалай үйрендің? — дедім қарап отырғанша.
— Ой, ағай, сіз білмейсіз ғой. Маған жігіт айландыру көйлек ауыстырумен бірдей. Кезінде қалай болса солай, бір-ақ қақпаныма түсіретінмін.
Кітапхананың директоры әйел кісі еді. Бізде шығармашылық кеші жиі болып тұратын. Бір кездесуде бірге істейтін әйел:
— Директормен жақсысың ғой, за отработанное время без содержания отпуск сұрашы екеумізге! — дегені.
Жай сұрай салып едім, он күнге берді. Мақсатымыз — Мәскеуден шаш бұйралайтын плойка әкелу. Ол әйел ылғи барып, жеті сомнан алып, жиырма бес сомнан сатады екен.
Менде ақша аз, әйтеуір әкемнен бес жүз сом алдым да, Ташкентке барып, Мәскеуге ұштақ та кеттік. Жанымдағы әйелдің де аты — Айсұлу.
— Күйеуі бар ма? — деп сөзге шал араласты.
— Бар, күйеуі қалалық ДОСААФ-та істейтін. Айсұлудың ұшқыштар танысы екен. Мәскеуге барған соң, ұшқыштармен бірге қонақ үйде демалдық. Маған екінші өзбек ұшқыш тиісіп еді, бірінші күні ырық бермедім. Екінші күні бәріміз бірге орталық магазинге барып, керек заттарымызды алдық. Сол самолетпен қайтатын болдық. Әлі екі күн бар. Мәскеуді әбден қыдырдық. Маған қызық. Орталықта аузым аңқайып жүріп, жаңағы адамдардан адасып қалдым. Қатты абыржып тұрғанымда, жаңағы маған қырындап жүрген өзбегім қайдан сап ете қалғанын, мені тауып алды. Қолындағы кішкентай қорапшаны ашып, маған: «Арнайы алған сыйлығым», деп, қолыма сақина салды. Керемет сақина екен. Кешке дейін жүріп-жүріп, кешке қонақ үйдің ресторанында ұзақ отырып, біраз іштік те, бөлмеге бара жатқанда, Айсұлу маған тағы ескертіп:
— Сен, қатын, неменеге қымсынасың?! Қыз емессің ғой! Байың қайдан біледі? Көп далбасаламай, айтқанын істе. Өліп-тіріліп сыйлап, сыйлық алып беріп жатыр. Білесің бе, мына сақинаның қанша тұратынын? Бір жарым мың. Бұл — сенің екі жылдық айлығың.
Ұшқыш екеуміз оңаша қалдық. Ол өте биязы.
— Бәлкім, салқындап суға түсіп аларсыз! — деді де, ваннаға кіріп, ішін жуып-шайып тазалай бастады. Мен чемоданымды ашып жатып, көйлегімді, сүлгі, сабын тағы да басқа косметикалық заттарымды алып, жақындай бердім. Ол ваннадан шығып, мені кіргізді. Мен ішкі ілгішті ілуге икемден бергенде: «Жаппай-ақ қой, бөтен адам жоқ қой» деп, әдемі жымиып, есікті жайлап сыртынан жаба қойды. Неге екенін қайдам, есікті ілуге менде құлықты болған жоқпын. Жуынып болып, сүртініп жатқанмын, кенет ту сыртымнан сұқ көздің қадалып тұрғанын сезіп, селт ете қалғанмын. Сол-ақ екен, ол мені лып еткізіп оп-оңай көтеріп алды да, бөлмеге әкеліп аппақ төсекке жатқызды. Үлкен терезені түгел жауып, төгіліп тұрған көгілдір пердеге қабырға жақтағы қызғылт түсті светильниктің сәулесі түсіп, күңгірттеніп тұр. Осы көріністің өзі өзгеше бір жұмбақ әлемге бастап бара жатқандай жүрегім әлсіз дірілдейді. Үстіме төніп келген ұшқыш шашымды екі жаққа ысырып тұрып, маңдайымнан иіскеді. Сәл төмендеп, ернін болар-болмас ерніме тигізді. Онан төмендеп тамағымнан өпті. Жайлап екі анарымнан сүйе бастады. Ерні тиген жерді күйдіріп, төмендей берді. Не болғанын білмей, жұмбақ дүниеге ендім де кеттім. Ол қайта жоғары өрлеп сүйіп келді де, дайын күйде балқып жатқан менің денеммен денесі жанасып, ләззат сезімге бөлеп, тұла бойымды шымырлатып кет-і-іп бара жатты. Ұзақ уақыт рақат күй кешіп, бүкіл әлем дүниені сол қызыққа ойланбай-ақ айырбастардай күй кештім. Бұл рақат ләззатты таң атқанша үш рет қайталанды. Біраз уақыт төсек рақатын көрмей жүрген еркек мұндайда қайтушы еді. Есіміз ауып, аузымыз ашылып қалыпты.
Білесіңдер ме, адам деген, оның ішінде әйел деген сұмдық құпия халық қой. Мен тап сол күнге дейін төсек ләззатын түсінбеген екенмін. Бұрынғы күйеуімнен басқа еркек көрмеген басым, рақат деген осы-ақ деп жүріппін ғой.
Ердос Айсұлудың айтқан сөзін іліп алып:
— А-а-а! Сайқал! «Ойнас оттан ыстық, қалады боқтай сасып» деген осы! — деп күбір етті.
— Содан Ташкентке келдік. Өзбектің семьясы бар екен. Үйіне алып барып қонақ етті. Мен Ташкентті аралап көріппін бе? Ташкентті араладық, әбден қыдырдық.
— Өзбек әйеліне кім деп таныстырды?!
— Стюардесса! — деп таныстырды. Біздің стюардессамыз! — деді.
Ердос тағы да күбір етіп:
— Стюардесса сенің не теңің! Жәлеппін демейсің бе? — деп қойды.
— Екі Айсұлу да мықтап киінгенбіз. Екеуміз де бір-бірімізге ұқсаймыз. Әйелі сезген-сезбегенін қайдам. Содан бастап мен сол өзбекті іздейтін болдым. Сол өзбек ұшқыштардың самолетымен Мәскеуге қатынап, бір жылдан аса сайран салып жүрдік.
Саудагершілік жасау ол кезде оңай емес. Көп зат алып жүру одан да қиын. Сол ойнастығымыздың арқасында жолымыз болды. Жолға, затқа солар жауап береді.
— Байың білген жоқ па?!
— Сезіп, айқай-шу шығып жүрді. Оған бой беретін мен бе? Айсұлу үйреткен сөздермен бет бақтырмаймын. Өзі жұмыс басты болып шаршағанда, шамалы ішіп жүретін. Мен сонысын бетіне басамын, «ішкішсің» деймін. Онымен де қоймай, Айсұлудың айтуымен ыңғайын тауып ішкізіп, мас қылып, Самарқандқа да кететін болдық.
— Ол жақта кімдерің бар еді?!
— Айсұлудың өзбегі Самарқандтантын. Ол сволочтың істемегені жоқ. Видиктің жаңа шығып жатқан кезі. Біздің «тіршілігімізді» видикке түсіріп, қызыққа батқанымыз бар. Ой, ол да бір заман екен ғой. Енді, міне, жүрісіміз мынау, май сасығандарға қор болып.
— Сол кез қызық па еді?!
— Әрине, ол кездің қызығы ғажап, ғажап еді ғой!
— Ол кезде неше жаста едің?!
— Жиырма екі, жиырма үштегі кезім.
— Қазір ше?!
— Қырықтамын.
— Сонда жиырма екіңнен бастап осы кәсіппен айналысқан екенсің ғой.
— Ой, оның сізге қажеті қанша? Ақша табудың амалы ғой.
— Қанша бала-шағаң бар?!
— Үш қызым бар.
— Анау қыз да сенің қызың ба?!
— Жоқ, әншейін доча деп атаймын. Сол қыз күніме жарап отырған. Маған ешкім қарамайды. Ағай, шындығын айтсам, сол қызға бас-көз болып, қадағалап, жұмыстан соң алып кетемін.
— Ал, неге доча, қызым деп айтасың?!
— Ол қыздың ешкімі жоқ.
— Байың қайда?!
— Бай кеткен. Абысыным таныстырған темір жол бойының прокурорымен жатқанымда, байым мен абысынымның күйеуі үстімізден түсіп, масқарамыз шыққан. Екеуі де қызу, прокурорымды жабылып ұрып, мені де өлердей сабап, аяғында екеуі де сотталып кете жаздап, зорға дегенде аман қалған. Қайнағама обал болды: қаладағы маңдай алды мектептің директоры еді. Ол кезде партияның заңы қатты, ақыры қызметінен айырылып тынды.
— Байыңның бірге туған ағасы ма қайнағаң?!
— Жоқ, ағайын ағалары.
Әңгімеге Ердос араласты. Бетіне көзім түсіп кеткен еді, түрі сұрланып, рең-басы бұзылып кетіпті.
— Әй, алжыған шал! Мынауың нағыз айуан екен ғой адамгершіліктен де, қасиеттен де жұрдай болған.
— Тағы нені бықсытайын деп отырсың? — Тізесінен басып қойдым да, ойламаған жерден бәрін таңғалдырып, қолымды жоғары көтеріп, ерсілі-қарсылы сермеп, тура бір сахнада рөл ойнап тұрған актерлерге ұқсап, даусымды да әртістерше құбылтып, өлең оқи жөнелдім. Ұйқасына да қарағаным жоқ. Әйтеуір ырғағын келтіріп тұрмын.
Амал қанша, айла бар ма,
Әккілікке әйел сонша салынса?
Зұлымдықпен, сиқырлықпен
Өз қамы үшін мал тапса.
Сайқал қылық, жезөкшелік
Түкке тұрмайды оларға.
Есіл-дерті жатса-тұрса
Ақша табу, өзін-өзі сатса да.
Ерін бояп, тырнақ қойып,
Шашты тағы қысқартып,
Өзін-өзі жылтырату.
Бар арманы — ұқсатып
Қалталыны аңдып ұстау.
Шешесінен қалыспайды,
Тегі одан аспаса.
Амал қанша, айла бар ма?
Тәрбиесі сол болса!
Әдет болған сайқал қылық,
Кәсіп еткен жезөкшелік
Өз әсерін әбден мықтап тигізді,
Күйеуіне мәңгі қамыт кигізді.
Бәле жапты, кінә тақты,
Қосып тағы «ішкіш» деген атты да.
Ақырында үйден қуды байды да.
Аз күнгі бір қызықтарға мастанып.
Мәскеу менен Самарқандтан
Жезөкшелік кәсіптері басталып.
Порнофильм тәсілдерін үйреніп,
Неше түрлі іс-қылықпен
Ақша менен алтын үшін
Ар-намыс пен қасиетті жоқ қылып.
Жеті тектен келе жатқан
Ата-заңын тым бұзып.
Ал, тыңдаушы, қалғанын өзің ойлан,
Ерлі-зайып арасында сенім бар ма?
Сенім жоқта махаббат болсын қайдан?
Жаман қылық іздемейік басқа жақтан.
Күлмейік сүрінгенге құлап жатып,
Ұлтымыздан аулақ болсын жаман қылық.
Енді ел боп, қаз тұрып, ес жиғанда,
Тиым салу керек жас қауымға,
Кәсібі жезөкшелік болғандарға.
Бағанадан бері ұйып тыңдап отырған Асқар:
— Ой, көке! Өзіңізде шабыт-өнер деген тасып жатыр екен ғой. Дәл белінен бастыңыз. Құба-құп өзі. Қандай тамаша айтылған, тура сөз ғой мынауыңыз.
Оған шал да басын шайқап қойып:
— Рас қой, бәрі шындық. Үн-түнсіз отырған Айсұлуға қарап:
— Сен не түсіндің мына інішектің айтқан сөзінен! — деп сұрап еді, үн-түнсіз отырған Айсұлу:
— «Сұлу болған қандай жаман?» деп күбір етті де, орнынан тұрып, ақырындап тайып тұрды.
Кеш те батып, қараңғы түсіп қалған. Бәріміз өз ойымызбен өзіміз болып, сәл отырдық та, тарқаса бастадық.
— Көке, демалудың қамын жасайын. Ертең «сапар жолы» күтіп тұр ғой. Ертерек жатып демалайық.
Түн қапырық. Ердос жастыққа басы тиісімен, ұйықтап кетті. Күні бойғы қыбыр-жыбыр шаршатқан болса керек. Негізі жақсы жігіт. Техника десе ішкен асын жерге қояды. КамАЗ-дың қай жерін тарту керек, қай жерін тексеріп қарап отыру дегенде бұған жететін адам жоқ шығар. Осы КамАЗ-дың жүріп-тұрғаны да Ердостың арқасы ғой. Бұйыртып ақша қолға түсіп жатса, өзінің ойындағыдай етіп риза қылсам деймін іштей. Неге екенін қайдам, ұйқым да ашылып кетті. Дөңбекшуден дөңбекшудемін. Ердос ештеңені сезетін емес. Қалың ұйқыда. Оның ұйықтағаны да жақсы. Жол жүретін болған соң, біреуміздің ұйқымыз қанғаны жақсы. Ердос айтпақшы, ертең сапар жолы, иә, сапар жолы күтіп тұр. Өзбектердің «Сафэр ели — кор ели»-дегені есіме түсті. «Сапар жолы — көр жолы» дегені. Шынында да жол жүру оңай емес. Басқа елдер жолға шығар алдында жақсылап демалып, ұйқысын қандырып, тынығып, сергек болып жолға шығады екен. Ал менкі керісінше. Әлде ойланғаннан ба? Ұйқым да безіп, дегбірім қаша бастады.
Алматы түні тамылжудай-ақ тамылжып тұр. Бұл — мен үшін қымбат қала. Орта мектепті бітіргеннен кейін, бір жыл оқуға түсе алмай, екінші жылы осы қаладағы жоғары оқу орнына түсіп, оны бітіріп, өмірге жолдама алғанмын.
Бес жыл студенттік өмірімнің шәрбәт кезеңі — осы Алматы. Алғаш өмірлік жарым Рабиғаны да тапқан қалам. Екеуміздің сайран құрып, бірге жүрген ғажайып кездеріміздің куәсы да осы қала. Жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, күні кеше болғандай көкейімде сайрап тұр. Талай рет келіп-кетіп жүріп, қураған қу тірліктің күйбеңімен сол Рабиға екеуміздің қыдырған, жастық сезіміміз тоғысып, шаттық кернеген алаңдарды аралап көруге уақыт таба алмаймын. Оның үстіне бұрынғы бірге жүріп, бірге тұрған дос жандар жоқтығынан да қаланың мен үшін мәнісі кетті. «Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың» демекші, баяғы достардың орны үңірейіп, ойсырап тұр.
Міне, осындай күйде менің алтын бесік Алматым, сені қандай жақсы көрем, мәңгі жас, бас қалам — Алматым!
Елден ұзап шықсам, елімді, туған жерімді сағынамын, Алматым, сені сағынамын. Сенің баурайыңда бас қосқан үш баламның анасы, жарым Рабиғаны сағынамын. О дүниелік болып кеткен ата-анамды сағынамын. Достық сезімі аппақ, ақ ниетті Халиманы сағынамын. Бұл өмірдің бәрі сағыныш. Әй, жалған дүние-ай! Неше түрлі ойда болып, ұйықтамай-ақ, ұйқым қанып қалғандай, тұла бойым жеңілдеп, серігіп кеткендеймін.
Біраз отырдым да, кабинаның жарығын жағып, газет оқуға кірістім. Бұл — ойымды бөлейін дегенім, әрі ұйқы шақыру тәсілі еді. Әйтеуір көзді әбден талдырып, оқитын газеттің бәрін оқып, таң қылаң бере жастыққа бас қойдым.
— Көке, көке! Шай ішейік, сағат тоғыздан асты. Ана азиктер келгенше, мен машинаны тағы да шұқылайын! — деген Ердостың даусынан ояндым. Жуынып-шайынып, шайға кірістік. Ертеңгі шайдан соң машинаны тағы да бір қарап, тексерген Ердос қолы-басын жуып, комбинизонды шешіп, таза киімін ауыстырып жатқанда, клиентіміз Уммад та келді.
«Ассалаумағалейком! Әлейкүмассаламнан» кейін келісілген уәде бойынша жігіттермен қоштасып, жүрдік те кеттік. Баратын жеріміз тауға қарай «Горный Гигант» деп аталатын жер болып шықты. Сырттан естігенмін болмаса, онда бұрын-соңды болмаған едім. Бұл жер де ұжым-ұжымға бөлінген екен. Уммад сол жердегі шаруа-қожалығымен келісім-шарт бойынша, қызыл болгарлық бұрыш сатып алып, қаптап, жүктеуге дайындап қойыпты. Машинаға тиедік те, көп кешікпей жолға шықтық. Бағытымыз — Қапшағай. Одан ары Сарыөзек, Талдықорған, Аякөз, Семей, Рубцовка, Алтай өңірі, Барнаул, соңғысы Кемерова. Күн жүрдік, түн жүрдік, қойшы, әйтеуір аман-есен Барнаулға да жеттік. Алматыдан шыққанымызға екі тәулік. Келісілген уақыт шартына сай жүріп келеміз. Енді құдай қаласа, он сағат шамасында Кемероваға да жетіп қалармыз.
— Көке, Рубцовка — кеше кешке өткен кедендік құжат толтырған қаламыз. Тегі үлкен өндірістік қала ма? Бұрын мен ол жолмен жүрмеп едім. Мына Барнаулға дейін әуелі жер аттарының бәрі қазақша ғой.
— Барнаул емес, бұрын Барауыл деп аталған. Баран деген қазақша «ақ», «боз» дегенді берген. Содан Барнауыл болып кеткен. Сол сияқты Омбы, Орынборды қалай өзгертіп атап жіберді. Омск, Оренбург деп жүр ғой, тура сондай жағдайды Барауыл да, Кемер де басынан кешкен.
— Кемеріңіз не?!
— Кемеріміз — Кемерова қаласы. Ана ауылдағы қызыл шынжыр табан «Алтай»-деген трактор бар ма?
— Иә!
— Сол тракторды осы Рубцовка қаласы Алтайдан шыққан соң, «Алтаец»-деп атайды.
— Мәссаған, солай деңіз?!
— Ий, солай.
— Көке, білмейтініңіз жоқ екен ғой?!
— Білмейтін несі бар? Осы жолмен талай рет жүрдім. Алғашқыда мен де сен сияқты қазақша қойған аттарға таңғалатынмын.
— Ал біздерде бар ауыл орысша аталады. Мысалы: Шайқорық пен Бесжылдықтың арасындағы кішкентай ауыл Ворошилов ауданының орталығы Михайловка деп, одан ары қарай қалаға жетпей Головановка деп.
— Иә, сол ата-бабаңнан қалған тарихи атауды солай орысша өзгерту Кеңес Одағының орыстандыру саясатының бір ғана тармағы, Ереке! Өзің айтқандай әңгіме көп.
— Не әңгіме?
— Мынау Алтай өңірі ештеңе емес. Орал бағытымен Саратов, Мәскеу жаққа барсаң, кешегі дос халықтың бізге көзқарасы, бізге ғана емес-ау, қырғыз, өзбек ұлтының біз сияқты қарапайым жүргізушілерінің өзіне көзқарасы бұрынғы Кеңес дәуіріндегідей емес. Өзіміз тәуелсіздік алып кеткелі, олар да басқаша түсінікпен ойлап-пішеді, жалпы қаламайды. Кемсітіп, мұқатып, жаратпай сөйлейді. Осыны мен бірнеше рет байқадым. Өйткені Кеңес дәуірінде Одақтың Мәскеу тұрмақ, Прибалтика, Украина, Беларусь жерлерінде қызмет бабымен талай болдым.
— Ол кездің орыстары басқаша еді ғой.
— Көрдің бе, әңгіме қайда? Енді өзің байқайсың. Тек олармен сөз жарыстырып, бір нәрсені дәлелдеп, тайталасып, қызыл кеңірдек болғанды мүлде ұмыт. Әйтпесен, бірден қамайды. Одан айып-пұл салып жіберсе ғой немесе қайдан келгеніңді, қай жақтан екеніңді тергеп біткенге дейін қамауда ұстайды. Бұларда уақытша тұрған, уақытша келген деген тіркеу заңы бар. Бара салысымен, мына Уммадқа: «Временный прописка жаса»-деп отырғаным сол.
— Көке, мына указательді қара! «Соганды» деп жазылыпты, қазақшасы қалай? Сағынды ма? Соғымды ма? Орысша қандай? Ондай сөз бар ма? Сіз білесіз ғой.
— Ереке, ондай да мағыналы орысша сөз жоқ! Қазақша «соғымды» сөзін «Карасук» дегендей бұрып алғандары ғой. Павлодар қаласынан өткенде, «Карасук» кедені бар. Сол Карасук емес, ондай орысша сөз жоқ, Ол қазақша «Қара су»-деген сөздің бұрмаланған түрі. Сол сияқты «Соганды» да бұрмалануы мүмкін. «Карасу» дейтініміз Қарасу деген өзеннен өтеміз, сол өзеннің үстіне салған көпірдің дәл жанында (р. Карасу) указатель тұр. Шынында да суы қара боп көрінеді. Жері қара топырақты болған соң ба, өзі солай аталса керек.
Кемерова қаласына да келіп жеттік. Уммад бізді базарға жақын жердегі бір үйге алып барып, демалуға жағдай жасап, үш тәулік тұруға пәтер иесімен келісім жасады.
— Машина жайын ойлап қамығып, абыржымаңдар, күзет бригадасына ақысын төлеп, табыс етемін. Жуынып-шайынып болған соң, жарты сағат, бір сағат шамасында өздерің келіп көз жеткізулеріңе болады! — деп, Уммад затын үлестіруге базарда тұрған машинаға қарай жиналғанда, мен уақытша тіркеу мәселесін ескертіп едім:
— Мен базарға барып, інім Хасанды жіберемін. Сол сендердің құжаттарыңды алып барып, уақытша тіркелген қағазда алып келеді. Қағаз беретін жер осы базардың ішінде. Өздерің де бірге барып, алуларыңа болады! — деді Уммад. Мен:
— Бірінші кезекте сен осыны істе, қаланы аралауға құжатымыз дайын болсын. Құжатсыз қайда барамыз, бізді қадам бастырмай қамап қойса, жүреміз бе әуре болып! — дедім.
— Көке, сіз жуынып болғанша, мен мына Уммадпен барып, бәрін тындырып келейін де.
— Онда сөйте қойыңдар. Уммад, Ердос екеуің барып «временный прописканы» істеп келіңдер. Төлқұжатты Ердосқа беріп, екеуін бірге жіберіп, өзім жуынып-шайынуға кірістім.
Орыстың ағаш кесіндісінен соққан моншасы қандай тамаша. Құрғақ бу, қайыңның жапырағынан істеген сыпырғы. Ой, қандай рақат! Әбден бусанып-буланып, мұздай суды үстіңе қотара салғанда, қандай жеңілденесің. Шілденің соңғы күндері болса да, бұл жақ бізге қарағанда әжептәуір салқандап қалған екен. Сыртқа шығып, таза ауамен демалып жүрген кезімде, Ердос та келді:
— Көке! Барлық жұмысты тындырып келдім. Шыпта қалтада! — деп, өзбек ағайындар айтқандай, құжаттың бәрі қалтады. Машинаны да жауып, тексеріп, «охрана» деген бригадасының бір адамы барлығын көріп, журналға жазып, қол қойып, қабылдап алды. Базарлары керемет екен! Бастықтары Ташкент қаласының корееці болып шықты.
— Ой, Ереке! Бәрін біліп, танысып келіпсің ғой өзің.
— Бұлар өзі — істемпаз, әр істің қыбын табатын халық қой, бәлесін қарашы... Әуелі Бишкектің де кореец жігіттерін қосып алыпты. Базарды да өздері жиналып, бірігіп ашыпты. Тегі сұмдық қылып істеген, аумағы ат шаптырым.
— Қазақтар ше?! Қазақтар бар ма?! Жергілікті қазақтарды көрдің бе? Кездестіріп жөн сұрастырдың ба?!
— Е-е, осыны айтайын деп отырмын ғой, көке!
— Е-е дегенше, солардың әңгімесін айтпайсың ба?!
— Әңгімесін айтсам, машинаға жақындай бергенде, жанында екі-үш адам жүр. Біреуі шал, маған қазақшалап:
— Жамбылдан келдіңіз бе?! — деп сұрады. Мен ойымда ештеңе жоқ, машинаға саймандар әкелген біреулер ме, — деп ойлап:
— Неғыласың, Жамбылдан келсек! — деп едім.
— Біз местный қазақпыз, сен де қазақсың ба?! — деп сұрады.
— Мен де қазақпын!
— Онда біздер туысқан екенбіз! — деп жармаса кетті.
— Мен де... Ой, туысқан екенбіз деп, көңілдеріне қарай таныса бастадым. Өздері үш-төртеу, әйтеуір абыр-дабырмен біреуінің ғана аты есімде, Гани деді.
— Гани емес, Ғани шығар.
— Өзінің айтқаны ғой.
— Мейлі, Гани болсын, Ғали, тіпті Қали болсын. Иә, содан.
— Иә, содан «Осы қалаға келген қазақтарды іздеп, хабар айтып жүрміз. Жергілікті қазақтар ұйымының ертең сағат онда тойы болады. Сол тойға сырттан келген қазақтарды да шақырып жүрміз», - дегені.
— Онда менің старшийім бар, сол кісіге айтайын! — дедім.
— Олар не деді?!
— Олар не десін. «Старшийің қайда?! Мен бұрын да осы жерге келгенде, талай келген. Олармен көп сөйлесіп, әңгімелескенбіз. «Осы жерде туып-өскенбіз, кіндік кескен жеріміз. Ата-баба мекені» деп отыратын. Қанша дегенмен, қандастарын жақын тартып, ылғи да қарсы алып, қонақ қылып шығарып салып тұғын. Сондай бір әңгімелесіп, сыр шерткісі келген шығар.
Ердос, монша керемет! Парын айтсаңшы, березовый веникпен париться етткеннің өзі не тұрады! Бол, шешін де, моншаға кір. Мен болып қалдым. Енді бір кірем, содан кейін шай қамына кірісейік. Ана келемін деген кісілерің де келіп қалар! — деп, моншаға соңғы рет париться етіп, демалып отырғанымда, дабырлап Ердос атып шықты.
— А-а, көке! Қалай шыдағансыз? Арғы парына кіріп едім, бес минут та шыдай алмадым ғой. Термометрге қарасам 120 градусқа жетіп қалыпты, атып шықтым. Ойпырай, сіз қалай шыдағансыз? — деп әлі даурығып, дайын тұрған мұздай суды үстіне қотара салып, далаға атып шықты. Біраз уақыттан соң киініп, далаға шығып, үй жаққа беттегенім сол еді, пәтер иесі:
— К вам пришли! — деп дауыс берді.
Мен де айтқан жағына қарай жүргенімде, маған қарама-қарсы калиткадан кіріп келе жатқан жергілікті қазақтарды көрдім. Сәлемдесіп, жөн-жосық сұрасып болып, өзіміз орналасқан бөлмеге қарай бастадым. Хозяйканың дайындап қойған шайын іше отырып, әңгімеге кірістік.
— Салтанатқа Кемерова облысының губернаторы Аман Төлеев те келеді! — деді. Аман Төлеевті айтқан соң, мен де елең ете қалдым.
— Міндетті түрде барамыз, қатысамыз! — деп, уәде бердім де, қош айтысып шығарып салдым.
Бөлмеге кірсем, Ердос та ахлап-ухлеп шайға кірісіп жатыр екен. Менің қуанышымда шек жоқ. Ақпарат құралдарынан атын естіп, теледидардан сан рет көрген қандасымыз Аман Төлеевке көзбе-көз кездесетініме, аты аңызға айналған Ресей Федеративтік Республикасының Президенттігіне кандидат бауырымызбен қол алысып амандасатынымды ойлап, шаттанудамын. Асыға күткен күн де жетіп, мереке болатын жерге ертерек баруға асығып, такси жалдап, жетіп келдік.
Сан үй тігіліп, сол үйге келген адамдарды бөліп, оларды сыйлап, одан кейін театрланған көрініс, айтыс, концерттік бағдарлама басталып, жалпы биге ұласатын шығар деп келгенбіз.
Мүлдем біз ойлағандай болмай шықты. Сырттан келген қонақтарды, оның ішінде арнайы шақырған қазақ ұлтының өкілдерін бөлек жазғы кино алаңының алғашқы қатарына жайғастырып болған соң, салтанатты ашу дәстүрі басталып кетті. Мінбеге шыққан кісі Кемерова облысының қазақ ұлттық орталығы диаспорасының төрағасы екен. Адамның көптігі соншалықты — алдыңғы жақтағы үш-төрт қатардан ары ешкімді көре алмайсың. Есіл-дертім Аман Төлеевті көру болып отыр.
Мінбеге шыққан кісінің сөзінен кейін ғана «Салтанатты ашу үшін сөз Кемерова облысының губернаторы Аман Төлеевке беріледі», — деген кезде, қошеметтеп соғылған шапалақ пен жылы лебіздер де естіліп, гуілдеп кеттік, ел түргеліп тұрып қарсы алды.
Аман Төлеев өз сөзінде біздердегі сияқты «Мереке құтты болсын. Той құтты болсыннан» бастаған жоқ. Жиналған халыққа қарап:
— Кезінде... Жазықсыз жапа шегіп, қызыл қырғын қасіретіне душар болып, қуғын-сүргіннің, зорлық-зомбылықтың, аштықтың, тоталитарлық режимнің құрбаны болған қандас бауырластарымыздың рухын еске түсіруге минут үнсіздік рәсімін жасауға шақырамын! — деп бастады сөзін.
Отырған халық жаппай көтеріліп, еске алу рәсімін жасады. Үнсіздік рәсімі біткеннен кейін, Аман Төлеев сөзін жалғастырып, елдің әлеуметтік жағдайымен қоса, қазақ халқының әдет-ғұрпы, мәдениеті мен құқық қорғау жағдайларының жетістіктері, шалғайдағы тарихи отаны Қазақстанмен байланыс орнату сияқты маңызды мәселелерге тоқталып өтті.
Салтанатты жиын біткен соң, арнай шақырылған отандастармен кездесу өтті. Осы арада бауырымыз Аман Төлеевпен сәлемдесіп, бір-нкі ауыз сөз сұхбаттасып қалуымыздың өзі ұмытылмас әсер қалдырды.
Содан Кемерова қаласынан кетер-кеткенше, бізді сол мерекеге шақырған Ғани және соның серіктерімен күнде кездесіп, сыр шертісетін болдық Кемерова аймағы жайлы. Сол бауырластармен өзімнің ой-пікірімді сараптай келе, төмендегідей өлең шумақтарын жазып, ескерткіш ретінде қолдарына табыс еттім.
Мен келдім Кемерова қаласына,
Ежелгі ата-баба даласына.
Белгісі Кемер деген түбір ғана,
Тарихтың табынасың талабына.
Асқар Алтай қазақтың жері деген
Алтай жаз жайлауы Кемерімен.
Сайрап жатыр қазақша жер аттары,
Жүріп өткен бабамның жолыменен.
Бұл жерге орыстар кейін келген,
Сонан соң біздің жер деп иемденген.
Бұл елдің қай мықтысы дәлелдейді,
Орысша сөз бар ма екен Кемер деген?
Сөйлестім мен Кемердің қазағымен
Ата-баба, ел жұрты қоныс тепкен.
Өздері осы жерде туып өскен,
Туған жер, елім дейді кіндік кескен,
Келтірдім мен бір мысал айғақпенен
Бұл жерді әлі қазақ жайлап келген.
Ресейлік басқыншылар даурыққанмен,
Қазақтың тарихынан аулақ дер ем.
Ежелгі Тоқтамыс хан құрған қорған,
Көп дүние көреміз оннан-мұннан.
Ел-жұртын, жерін, суын қорғау үшін,
Ер қазағым шетінен құрбан болған.
Қала берсе, індет пен аштық жайлап,
Күш кетіп, қазақ сиреп, қалжыраған.
Әлсіз елді отарлап басып алып,
Амалсыз неше ғасыр бодан қылған.
Кейінгі қызылдардың дәуірінен
Халық жауы аталған сылтауымен
Аз қалған қазағымды қырып-жойған.
Бас сауғалап шетелге талай қазақ,
Өз жерінен өзі қашып, тоз-тоз болған.
Семейдегі атомның сынағымен
Түбірімен қазағымды құртпақ болған.
Кемер, Барауыл, Омбы,
Орынбор және Томбы
Ресейге қарасты жері болды.
Осылайша қазақтың талай жерін
Түпкілікті иеленіп алмақ болды.
Кемерова қаласы, қош болып тұр!
Қайтып кездескенше күн жақсы!
Құрметті баурластарымыз, Бауырымыз Аман Төлеевтің қаласы! — деп Алматыға бағыт ұстадық. Кемерова қаласынан жүз шақырым жерде Балашова селосына жақындағанымызда, біздің Жамбылдың екі КамАЗ-ы тұр екен. «Бұларға не болған?» деген оймен тоқтап, анық-қанығын білейік дедік. Екінші КамАЗ-дан шыққан шофер бас шығарып:
— Көкемнің КамАЗ-ын алыстан таныдым. Көке, хал қалай?! — деп бас салып құшақтап, амандық сұрасып, мәре-сәре болып жатыр. — Бір күн болды тұрғанымызға. Мотор кетті. Жүкті басқа машинаға басып, машинаны тартып, Барнаулға дейін жеткізейік десек, тоқтаған КамАЗ-дар атасының құнын сұрайды. Жамбылдың машинасы болып бірінші сіз өттіңіз. Қасақана кешелі бері жамбылдықтар да өтпей қойды. Күйдіргенде мына Шымкенттің КамАЗ-дары күйдірді. Ең болмаса тоқтамай-ақ кетсе мейлі ғой, тоқтайды да, жағдайды айтсаң, әкесінің құнын сұрайды, сволочтар. Әбден тиын санап үйреніп қалған өзбектер сияқты.
— Әй, інішек, атыңды есіме түсіре алмай отырмын. Түрің әйтеуір таныс.
— Ой-й, көке! Танымадыңыз ба? Игілікпін ғой, Асадан, Жамбыл ауданы. Игр, мені бәрі Игр дейді ғой.
— Не-е, ой, сен өзімнің інішек Жаныс-Игілік иә, Игілік, енді таныдым. Айып етпе! Көрмегелі көп уақыт болды ғой. Жаныс-Жамбай елі ағайынды ғой. Не жүк тиеп едіңдер? Әйтеуір бұзылған жоқ па? Клиенттерің қайда?
— Көке, жүк — пияз. Осының прицепі болып тұрғандығы ғой. Әйтпесе жесткий прицеп бар. Нұрмолдаға тіркеп кете беретін едік. Көке, Нұрмолданы танисыз ғой. Сіздің көршіңіз болған, Асадағы үйіңізде. Ортай інішегіңізге қарама-қарсы тұратын.
— Ә, шымыр Нұрмолда ма? Өзі қалай?
— Иә, Шымыр Нұрмолда. Өзі сіз келердің алдында ғана анау жақын тұрған селоға клиенттермен кетті.
— І-і, не үшін?
— Түнде, сол екі-үш шамасында мотор стук беріп, тоқтағанбыз. Артынша бір-екі сағат өтпей-ақ, рэкет деген пәле келіп, ақша талап етті. Жағдайды айтсақ, көнетін емес. Бес адам, бәрінің қарауы бар. Ақшамыз жоқ десек, бой бермейді. Содан не керек, тінтіп, тыққан ақшамызды, бір киер тәуір киімімізге дейін тонап кетті. Таң атқан соң қарасақ, мына жақын жерде село бар екен. Сол жерде милиция болса, пияз берсек те, біз мына жерден кеткенше, охранять ет деп жолығуға кетті.
— Бәле ғой, бұзылып тұрған машинаға тиіссе, бұл сұмдық қой... — деп сөзге Ердос араласып, шоши түсті.
— Ойбай, көке! Ес жиып, өзімізге-өзіміз енді келе бастағанда тоналып, масқарамыз шығармыз. Жылжиық тез. Машинаны тіркейтін болсақ, тіркеп алып, қайтайық, мыналардың айтысы жақсы емес қой! — деп шыр-пыр еткені.
— Иә, Ереке, бұның да дұрыс! Әңгімені қой, Игілік. Шығар жесткийді. Сендер тіркеп, ауа толтырып біткенше, аналар да келіп қалар. Шланго-подкачканы напрямой қосыңдар. Рессивириске толған ауа энергоаккумуляторға бірдей таралып, тормозды басқанда, запас ауа қалпын ылғи да сақтап отырады. Бол, кірісіңдер!
Нұрмолда мен бір клиент бір қызыл жағалыны ертіп келгенде, машиналар да жолға дайын еді. Милицияға келіскен ақысын беріп, Барнаулға қарай жүріп кеттік.
Ердос машина жүргізіп келеді. Мен спальникте жатырмын. Нұрмолда мен Игілік Ердосқа рэкеттермен кездескен кездерін айтып келеді. Ердос анда-санда қызып кетіп, сөздеріне араласып қояды.
— Сендер алтау екенсіңдер, ақыр жағаласуға дейін барыпсыңдар, монтировканы ала салып ұрмадыңдар ма?
— Өзіміз де сондай жағдайға барып едік. Ішіндегі біреуі тарс еткізіп, мылтық па, пистолет пе, атқан кезде, орын-орнымызда селтиіп тұрып қалдық.
Олар сол уақытта пайдаланып, бәрімізді тінтіп, кабинаға да тінту жүргізіп, тапқан ақша мен керек заттың бәрін алды ғой. Қарсыласпағанымыз да, бір жағынан, жақсы болды, бәрінің қолында пистолет, шолақ мылтықтары бар екен.
— Өздерің көрдіңдер ме?
— Көрмегенде, төртеуі қаруларын кезеп тұрды, біреуі тінту жүргізді. Бәрі орыс, қазақша түсінбейді. Игілік қазақшалап, «бір-біреуден бас салайық» деп қоймады. Игілік емес, маған шақ келетіндер емес, тек айбын болып тұрған қарулары. Бізде түк те жоқ. «Батыр бір оқтық» демекші, жалаң қолмен не істейсің оларға? Оның үстіне тілдерін төсеп сөйлейді. Соған қарағанда наркомандар ма деп қалдық.
— Наркомандар болса қиын. Олар адамның сөзіне еш түсінбейді. Таяқ жеп бара жатса, ата салады. Осыдан екі ай бұрын әкелі-балалы екі түрікті Балқаштан отыз-қырық шақырым жерде машинасы бұзылып тұрған жерінде атып кетті емес пе?
— Иә, ол жағдайды біз де естігенбіз.
— Естісеңдер, сол. Қайта ақшасы құрсын, аман-есен құтылғандарыңды айтыңдар. Жазатайым атып жіберсе, бәле ғой. Ақшаларың көп пе еді?
— Ресейдің ақшасымен біржарым миллионнан асады. Одан басқа біздің теңгемен жиырма мыңдай ақша бар еді.
Игілік қайтпайды, машиналарына кетіп бара жатса, олардың артынан қалмай, машиналарына дейін барып:
— Маеляува бер! Раз за трассу отвечаете, маеляува дай, чтобы другим показывать, мы здесь еще долго будем, покуда нас не потащут на буксире. А то вы щас уходите, а другой хлопнет, что мы делать будем, как доказывать будем? — деп, ақыры ксиволарын алып қалды.
— Кәне, қандай?» Не деп жазыпты?» Көрсетші! — деп, Ердос сұрап еді, Игілік тілдей қағазды ұсынды. Қисық-қисық әріппен, қате-қате жазғаны мынадай мағынада екен: «Братва, уделите внимание! Болашова Барнаул. Толян PS». Астына күні мен айын және жылын жазған.
— Бұны не істейсіңдер? Ескерткішке сақтап қоймақсыңдар ма?!
— Тағы да жазатайым осындай бандиттер кездесіп қалса, Игіліктің соларға көрсетсем дегені.
— Оның бос сөз, тонаушылар тонағысы келсе, оныңды көрсет мейлі, көрсетпе, бәрібір тонайды! — деп, Ердос та өзінше білгішсініп жатыр. Осылай қызу әңгімемен екі-үш сағат өткенін білмей де қалыппыз. Бір уақытта қайта-қайта қараған Ердос: «Буксирдегі машина тоқта деп, фарды жағып, белгі беріп жатыр», — деді де, жылдамдықты баяулатып тоқтатты.
Ердос машинадан түсіп, біраз уақыт жоқ болған соң, мен де түстім.
— Тыныштық па?! Не болды?! — деп екінші шоферден сұрасам:
— Білмеймін, артында ма, астынан ба, бір тарсылдаған дыбыс шыққан соң, тоқта деп белгі бердім! — деді.
— Коробкадан бірінші ортадағы редукторға баратын бірінші карданды ағытып па едің?!
— Ағытқанмын! — Сол кезде машинаның астынан шыққан Игілік шоферге:
— Талғат! Екінші карданды ағытшы, мүмкін содан болар. Екінші редуктордың тісі планитаркаға келмей қалып жатқан шығар. Содан кейін көреміз, — деді.
Жарты сағат уақтысында ағытылған карданды алып, машинаның астынан Талғат та шықты.
«Рульге өзім отырып байқайын, не деген дыбыс екенін» деп, кабинаға Игіліктің өзі отырмақшы болды. Содан жүргеннен жүріп отырып, еш жерге тоқтамай, түн ортасында Барнаулға да жеттік. Қаланың ішімен орталық базарға жеткенде, таң да атты. Күні-бойы ыстық тамақ емес, шай да ішпеген жігіттердің бірі шмельге шай қойып жатса, екіншісі машинаны ағытып, әрқайсысы өздеріне тиісті жұмыстарын атқарып жүр. Рульде келген жігіттер қатты ұйқы үстінде. Екінші термосты ашып қарасам, шамалы қайнаған су бар екен. Соған шай демдеп, Игілік екеуміз жарты пиаладан ішіп, жан шақырып, алдағы тұрған қиыншылықты айтып, мотордың қай жері кеткенін, оны істейтін моторист машинаны кіргізетін автобаз жайында сөз қылып, біраз ақылдасып алдық. Шындығында, жағдайымыз айтса да, айтпаса да, өте қиын еді. Танымайтын жерде саймандар табылғанымен, бір жағын істеп жатқанда, бір жағы ұрланып жатса қиын да.
Базарға кірер кезде, есіктің алдындағы кісілерден «Пияз бар ма?» деп сұрағанымда:
— Аз, почти нету! — деген еді.
Соған қарағанда «Пияз екі-үш күнде өтіп кетсе, көп тұрмай, ауылға Игіліктің машинасын сүйретіп кетсем бе» деп те ойлағам. «Обал ғой, далада қалдырып кеткенім».
— Игілік, сен кез-келген бағаға затыңды өткізуге тырыс. Пияз жоқ көрінеді. Пияздың жоқ екенін, сәл кесікшең, оңтүстіктегілер телефонмен хабарласып, біліп қояды. Үш-төрт күнде өткізбесең, кешігесің. Пияз қаптайды. Саған басты мақсат — машинаңды оңдау... Сондықтан пияздан тез құтыл.
— Ойбай, көке-ау, өзім де осыдан тез құтылудың амалын қарастырып отырған жоқпын ба?
— Қазір елдер келе бастады. Тұр, машинаңа бар. Бас-көзіне қарамай сат. Содан кейін машиналардың саймандарын сататын базарға барайық. Моторға не керек, бәрін ал. Бұл жақта бізге қарағанда әлдеқайда арзан. Қалған жұмысты кейін айтамын! — деп асықтыра түстім. Біраз уақыттан кейін Игіліктің машинасына барсам, кузовтың арты біраз босап қалыпты.
— Игілік, қанша саттың?! Қанша тонна кетті?! — десем, Игілік мәз-мейрам. Қуаныштан екі езуі екі құлағында.
— Көке, сіздің айтқаныңыз дәл келді. Ұрып бас-көзіне қарамай сатып жатырмын, бес тоннадай кетті.
— Әй, бас-көзіне қарамай сатып жатырмын дейсің, өзіңе қалатын наның бар ма?! Нешеден сатып жатырсың?!
— Біздің теңгеге шаққанда, он сегізден.
— Неше тонна бар? Нешеден алып едің?
— Жетеді, көке! Бұйырғаны. Барлығы он үш тонна, үш теңгеден алғанмын. Келгенше, бес теңге болады ғой.
— Ә, жарайды дұрыс! Мен, базарды аралап қайтамын.
— Көке, ұзап кетіп қалмаңыз! Моторға запчасть іздейміз.
— Затыңды кімге тастайсың?!
— Талғат сатып, ақшасын алып тұрады ғой.
— Әй, Игілік, ақшамен ойнауға болмайды. Ресейдің ақшасына көзі үйренбеген адам шатысады. Бір қолдан шықсын, осы қарқынмен ертең осы уақыттқа дейін тұрсаң, бітіп қаласың. Содан кейін де іздеп, алатыныңды алуға уақыт бар. Ердос та машинаны қарап шыққанға бір күн уақыт керек деп отыр! — деп айтып, аузымды жинағанша, Ердос та қасымызға келіп қалыпты. Ол Игілікке жақындап:
— Игілік, кешкі тамақтың қамын жасайық. Ортадан шығарып ас-су тамақ қамына кірісейік! — деді.
— О, Ереке, ондай ұсынысыңа еш қарсылық жоқ! — деп, Игілік қалтасынан ақша іздеп жатқанда, мен сөзін бөліп:
— Асықпа! Игілік, саудаңды жасай бер. Кейін барлығының есебін шығарып болған соң, беретінің болса да, атағаның болса да, бір есебі болар. Ал бүгінгі тамақ, шай бізден болсын. Жұмысыңды істей бер! — дедім де, Ердос екеуміз базар аралауға кеттік. Күні бойы бұлт торлап тұрған аспан түнеріп, күн түс мезгілінен ауса да, күннің көзі әлі көрінбей тұр.
Ары-бері аралап, керек нәрсенің бәрін алып, сол жағымыздағы жайма базарға бұрылып жүре бергенімізде, сыртымнан біреу бас салып құшақтап алмасы бар ма? Жалт қарасам, дәл қарсы алдымдаТөлеубек Уызбаев тұр, қасында Люся. Өз көзіме өзім сенбей, «Өңім бе, түсім бе?» деп таңғалып тұрып, енді есімді жиып үлгергенше,
— Ты что, Сабыр, каким ветром? Откуда? Когда приехал? Что здеась делаешь? — деп сұрақты қардай жаудырып тұрған Төлеубектің әйелі, өзіміздің Люся.
— Төлеубек, Люся! — деп бас салып, қайтадан құшақтасып жатырмыз. — Өзіме-өзім әлі сенбей тұрмын! Төке, қайдан жүрсіңдер? Сендерді дәл осы Барнаулда кездестіремін деп, үш ұйықтасам да, түсімде көрмеп едім! — деймін.
— Мен ойлады дейсің бе? Сені анау крытый рыноктың жанындағы киоскіден сигарет алып жатқаныңда, Люся көріп: «Қарашы, қарашы! Анау Сабыр емес пе?» дейді. Қарасам, сенсің. «Бұл жерде Сабыр Қайдан жүр?» деп таңғалды да, сен Ақмолада тұрғанда, есіңде ме, біз Аманжол және оның кластасы Басар, саған барған едік қой. Сондағы сенің КамАЗ жөндеп жатқаның есіме түсіп:
— Е, зат әкелген ғой! — деп, дереу соңыңнан жүріп бердім.
— Иә, зат әкелдім.
— Өзің қайдан?! Е-е, сенің қайын жұртың Алтайдан ғой! — деп жатырмын Люсяның Алтай өлкесінен екені есіме түсіп.
— Люся, сен осы Барнаулдансың ба?! Мама, родители здесь в городе живут?!
— Нет, біз қыдырыстай келгенбіз, әрі базардан анау-мынау алайық деп келгенде, саған кездестік қой. Базарға келгеніміз де жақсы болды, әйтпегенде, кездесе алмас едік. Жүр, біздікіне барамыз. Осыдан алыс емес, он бес шақырым жер.
— Жүр, жүр, Сабыр! Біздің қайын жұртқа қонақ болып қайт. Затыңды бітірдің бе? Қанша қалды?
— Мен клиентті Кемероваға апарғанмын. Қайтарда асалық бір інішек...
— Бұрын сен қызметте болған Аса ма? Жамбыл ауданының орталығы, сенің Ақмолаға дейін істеген жерің ғой.
— Иә, сол Асада. Өзіміздің інішек Кемерова-Барнаулдың жолында моторы кетіп тұр екен, соны осы жерге дейін тартып әкелдім. Бағана таң ата келгенбіз. Өзім боспын. Жолай жүк болса, қай жаққа болса да, мына Ердос екеуміз кете береміз, жұмысымыз солай.
— Айтпақшы, Рабиға қалай?! Балалар аман-есен бе?! Өсіп, бой жетіп, оқуларын бітірген шығар?! Одан бері бірнеше жыл өтті ғой.
— Сен Рабиғаның жағдайын естіген жоқсың ба?!
— Былтыр осындай уақытта Люся бір әңгімені айтқан, сендердің бір жақындарыңнан естідім!-деп.
— Айтса рас, сондай әңгіме болған.
— Құтылды ма?! Қазір қайда?!
— Қазір Астанады. Сен Төке, көп әңгімені білмейді екенсің. Ердос айтпақшыдай, әңгіме көп.
— Е-е, онда әңгімелесейік те?! Ақыры затың жоқ, машинаң бос екен. Жүр, үй жаққа барайық!
— Ыңғайсыз болмайды ма?
— Ой, қандай ыңғайсыздық?! Кішкентайдан бірге өсіп, бір партада он жыл бірге отырып, бір жүріп, бір тұрған достардан не ыңғайсыз болуы мүмкін. Әрі кездеспегенімізге де бірталай болды емес пе? Бұрынға спортсменсің ғой. Русская баняның парына париться етіп, бір шер тарқатып, әңгіме-дүкен құрайық та.
— Русская баняға сөз жоқ қой. Жарайды, барсам, барайын. Айтпақшы, мынау Ердос деген інішек, танысып қойыңдар. Ердос, мынау Төлеубектің деген балалық кезден бір мектепте оқыған досым.
— Иә, әңгімелеріңізден байқап тұрмын.
— Ал мынау кісі — Люся. Өзіміздің Люся! Осы Алтай өлкесінен, Төлеубектің келіншегі. Жамбылда институтта оқыған. Сонда танысып, екеуі үйленіп, қазір үш баланың анасы болып отыр.
— Көке, мен машинада болайын. Қаратайын, майлатайын, тартатын жері өте көп. Запас дөңгелекті монтаж жасап, камераны жамап, жолда қиналмайтындай болайық. Мұндай тұра беретін уақыт бола бермейді.
— Қайран Ереке! Мына айтып отырғаның жөн. Сен ренжімесең болғаны. Машинаны сақадай сай қылып дайындағанға не жетсін.
Төлеубек те Ердосқа қарап:
— Ердос, екі-үш сағаттан соң кеш батады. Ертең бастасаң, үлгере алмайсың ба?! — деді қиылып.
— Үлгеруін үлгеремін ғой. Өзім бар, ана машинаның да сменщик шоферлері бар. Бірақ жұмыс бітпей тұрып, көңіл көншіп, тыныш жата алмаймын ғой. Оның үстіне біржолата былғанып, реті келсе, ертең моншаға түсіп алсам, сол дұрыс болатын шығар. Әрі кездейсоқ клиент кездесіп қалса, машина да дайын тұрғаны дұрыс қой суытылған аттай болып.
— Қой, Төлеубек! Ерекеңді енді көндіру қиын. Саған рақмет, енді Ердосқа арнап қайын атаңнан русская банясын ертең тағы жағатын болдық. Ердостікі де жөн. Жүр, кеттік.
— Ал, жақсы, жігіттер, ертеңге дейін! — деп, мен, Төлеубек, Люся — үшеуміз базардың шығатын қақпасына қарай жүрдік. Төлеубек:
— Жақсы, жігіттер! Ертең тағы моншаға баратындарың бар ма? — деп сұрағаны сол еді, екі-үшеуі:
— Реті келсе, ертең жұмысты бітіріп, Ердоспен бірге жуынып қайтайық! — деп қалып еді, Игілік үлкендігін білдіріп, оларды қағып тастады.
— Не болды, бәрің бірдей шулап?! Түк көрмегендей. Бірінші көкем барып қайтсын, одан кейін көре жатарсыңдар! — деп, бәрінің мысын басып тастады.
Люсяның әке-шешесінен үйі қаладан он бес шақырымдай Семеновка деген жерде екен. Әр жарты сағатта автобус жүріп тұрады екен. Маршруттік автобуспен демде жетіп келдік. Люсяның әке-шешесі егде кісілер екен. Төлеубек пен Люся жарыса таныстырып, мені төргі үйге ертіп жүрді. Біраз отырып, Төлеубек моншаның қамына кірісіп кетті. Әлден уақытта «Валерий деген Люсяның інісі» деп, ертіп келген жігітті таныстырды. Мен де танысып, өзімнің мән-жайымды, қалай жездесіне кездескенімді айтып, өзінің қайда тұратынын, қайда жұмыс істейтінін сұрастырып, Төлеубек пен Люся келгенге дейін әңгімесін тыңдап отырғанмын. Раиавтодор деген мекемеде механик болып істеймін деген кезде, құлағым елең ете қалды. Тез арада Игіліктің жағдай есіме түсіп кетті де, қайта сұрадым.
— Валерий, где работаешь, специалист по двигателю, по дизельному двигателю? Моторист?
— Да, моторист. Что, мотор полетел, застучал что ли?
— Да, у братишки двигатель КамАЗа застучал. Может у вас полностью снимать, собирать, сделать, за работу мотористу будешь тратить, только сделать надо на совесть.
— Какой разговор, Сабыр! Он классный специалист, уже в одном месте двадцать с лишним лет работает. Сол кезде келген Төлеубекке де әңгімемізді айтып едік. Көмек көрсету керектігін ол да Валераға айтып, ұқыптап, өзінің әлі бір жұмадай болатынын, өзі де бас-көз болып, қол ұшын беруден аянбайтынын, машинаны сонда бөлек тельфері бар боксқа кіргізіп, өздері басы-қасында болып, көмектесетінін айтып, уәде етті. Әңгіме айтылып, шай ішіліп, біраз отырған кезде, монша да дайын болыпты.
— Қазір кішкене қыза түссін, әрі ішкен-жегеніміз бойға тарасын. Оның үстіне, Төке, әңгімең енді қызып келеді, жаңалықтың бәрі сенде екен ғой! — деп сәл кідірттім.
— Сол, жаңалық болғанда, сенің жағдайыңды Люся туысқаның Көлшімбайдың қазіргі әйелінен естіпті.
— Көлшімбайдың жағдайын білетін шығарсың?!
— Біршамасын білемін.
— Қайсысын?
— Бірінші әйелі Балтакүлдің домоуправлениеде істеп жүріп бастығымен көңілдес болғанын. Бірақ сырт естуім. Рас-өтірігін білмеймін.
— Ой, ол домоуправлениең қашан, оған он жылдай уақыт өтіп кетті ғой. Одан кейін айқай-шу болып, әйелі Қызылорда жаққа кетіп қалған. Кейін Көлшімбай үйленетін болыпты дегенді естіп, «Бәрі өсек-аяң, көзіңе шөп салғаным жоқ», — деп жалынып-жалбарынып Балтакүл келген.
Балаларының жағдайын ойлап, Көлшімбай кешіріп, қайта табысқан.
— Е-е, мен осы әңгімені естігенмін.
— Бұл емес менің айтып отырғаным, кейінгі жағдай. Бағанадан бері сыртта жүріп келген Люсяға Төлеубек менің Көлшібайдың кейінгі жағдайымен таныс емес екендігімді айтып еді. Люся:
— Иә, сен ол кезде районда, сыртта едің ғой. Естімесең, естімеген шығарсың! — деді.
— Ойбай, масқара болды ғой. Балтакүл Көлшімбайды психотропный дәрімен уландырыпты. Содан психбольницаға өткізіп жіберіп, бәріміз улап-шулап, больницадан зорға дегенде шығарып алғанбыз. Е, оның істемеген бәлесі қалмады ғой. Қандай үйі бар еді, кейін кредит аламын деп, үйі банкке кеткен жоқ па? Ақыры Көлшімбайдың ағайын-туысқандары, бұрыннан білетін өздері араласып жүрген бір кісінің қызына үйлендірді. Үйленген кезде сенен басқа достарының бәрі болды. Даже Алматыдан Маралов та келді.
— Люся, ол кезде мен өзімнің тірліктеріммен басым қатып жүргенмін. Ол әңгіменің шет-жағасын естіпсіңдер ғой.
— Иә-иә, естідік!
— Естісеңдер, сондай жағдай болды.
— Енді Рабиға қайда?1 Балаларың ше?!
— Кіші бала да, үлкендері де Рабиғамен Астанада деп естідім.
— Өзің босап шыққан соң бардың ба?
— Жоқ, енді солай қарай жол түссе, барып, жағдайларын білемін.
— Е-е, Люся, өзінің шыққанына бір ай да болмапты, бірінші рейсін енді бастапты! — деп, әңгімеге Төлеубек араласты.
— Сабыр, Бейсеннің жағдайын естідің бе?! Ол да он жыл оқыған бес достың бірі еді ғой. Осыдан бір айдай бұрын осы жаққа шығардың алдында, больницаға Бейсенге кіріп шыққанбыз, операция ойдағыдай шығыпты. Өзіне жолықтырған жоқ. Бірақ келгенімізді білдіріп, қағаз жазып жібердік.
— Жазым дегенді қойсайшы... Содан бір жұма бұрын қызымның оқуға түскенін және «Қызыл жұлдыз» аулынан салып біткен үйінің бірге атап өткен тойында болғанбыз. Сонда денсаулығы жақсы, шапқылап, қонақтармен көңіл көтеріп жүргенді. Дәрігердің айтуына қарағанда, операция жүрегіне жасалыныпты. Ол Бейсенді, Төлеубекті жақсы таниды екен. Сендердің мектепті бір жыл бұрын бітірсе керек.
Менің дежурством еді. Жедел жәрдем машинасы шұғыл операция жасалатын ауруды алып келді. Бәйек болып жүрген жас қыз, аурудың қызымын дейді. Жақын келіп қарасам, Пышақталған Бейсен. Салынған үй пышағы әлі қадалып тұр екен. Бір жағынан, алмағаны да дұрыс болған ғой деймін. Қанның көп ағуына жол бермеген. Бейсенде ес жоқ. Дереу операцияға апардық. Қабылдау бөлімі ондай оқиғада дер кезінде милицияға хабар беретін әдеті ғой. Операция төрт сағат жасалынды. Жүрек соғысы әлсіздігі сонша 60-65 соғып, қан қысымы 50-ге дейін түсіп кетті. Сәл кешіккенде, Бейсен Достарыңнан айырылып қалатын едіңдер... Әйтеуір, тұз-дәмі бітпегендігі шығар, оның үстіне құдай жарылқап, қызы үйінде болып, дер кезінде ауруханаға сол әкелмегенде, жағдайы қиын болатын еді ғой.
— Люся, қоя тұр. Милициялар пышақтаған адамды ұстап па? Қамап па?
— Ой, Сабыр, кімді ұстайды?! Өзінің қатыны ішіп алған, мас, қызғанып, Бейсен диванда ұйықтап жатқанда, өз байына пышақ ұрған.
— Ойбай-ау! Күнсұлу ма?! Оған не болған? Онысы несі?
— Ей, Сабыр, соңғы кезде Күнсұлудың араққа салынып кеткенін білмейсің бе?! Әуелі өз тойында өзі ішіп алып, келген қонақтардың ығырын шығарды. Анау Бейсеннің тапқан табысын көтере алмай мастанып, көзіне шел бітіп, адам танымай кеткен жоқ па еді? Міне, ақыры не болды.
Осы кезде менің машинаммен үстіндегі қалған екі-үш тонна пиязды сүйреп, Игілікке кеткен Валера келді.
— Валера, пиязды... қалған пиязды не істейсіңдер?! — дедім, олар машинаны жауып, шығып бара жатқанда.
— Не беспокойтесь. Там они по полтора тысячу продают, а здесь по две с лишним можно продать. Поэтому вместе с луком притащили. А завтра в типовой бокс загоним! — дегенде, «Тегі жақсы болды», - деп қуанып қалдым. Дарлыдап Игілік те келді. Қуанышында шек жоқ.
— Көке, рақмет! Көп-көп рақмет! — деп, қайта-қайта ризашылығын білдіруде. Мен әзіл-шынын араластырып:
— Құрғақ рақметіңе болайын. Әйтеуір ауылға барғанда, «Көкем қарамай тастап кетті» демесең болды! — деп қоямын әзілдеп.
— Көке, бұдан артық қандай жақсылық істеу керек! Өзіңізді риза етемін. Құдайға шүкір, далада қалдырған жоқсыз. Мына Төлеубек көкеме де, Валераға да рақмет.
— Міне, жөнге енді келдің. Осы Төлеубек ағаңды риза қыл. Мені қойшы, бұл — менің туысқандық борышым. Анау Валераны да ұмытпа. Бірінші моториспен кездес те, бағасымен келіс. Айтқан ақысын толық беріп, жұмысыңды бітірген соң, есеп-қисап жасап, рақметіңді айтып, ризашылығын ал. Біз сенімен сапар жолында жүрген адамбыз. Тағы да айтарым — жеңіл жүріс-тұрыстан сақтан, жолда жүрген адамға ондай тірлік жақпайды! — деп, білген ақылымды айттым да, бағанадан бері қызуы әбден шегіне жеткен моншаға түсуге кеттім.
Моншаға түсіп біткенше, Люсяның Бейсеннің басына түскен жағдайы, Күнсұлудың қалай ондай іске барғаны жайындағы айтқандары ой миымнан шықпай қойды.
Шынында да осыдан бес-алты жыл бұрын жаңа фосфор зауытынан бартер жасап алған порошок-ұнтағын Бейсеннің дәріханасына апарып беріп, әйелінің бет-аузы көлкілдеп, лепіріп жүргенін үйіне түскі тамаққа барғанда көрген едім. Бейсен жуынып-шайынып:
— Кеше қонақтар келіп, Күнсұлу бүгін шаршаңқырып, мазасы болмай тұр. Сабыр, оған айып етпе! — деген еді.
Моншадан жаным мен тәнім рақат тапқанымен, көңілімнің қошы болмады. Люся мен Төлеубек соны сезді ме:
— Өзің бағанағыдай емес, моншадан кейін бір түрлі пәсеңсіп қалдың ғой. Давай, Сабыр, после бани сто грамм! — деп, алдындағыларын стаканмен ұсына берді. Жабырқы көңілді көтерсін, әрі әңгіме қызсын деп, бір-екі жүз грамды бәріміз соғыстырып, «амандық-саулық, денсаулық үшін»-деп тартып жібердік. Жүз грамның әсері сөйлетпей қойсын ба?
— Люся, сен менің настроением түсіп кеткенін қайдан сезіп, біліп қойдың? — деп едім.
— Ой-й, Сабыр, сен қайта онша білдірген жоқсың ғой. Мынау Төлеубек досың Бейсеннің жағдайын бірінші естігенде, қатты переживать етіп, Күнсұлуды балағаттап, талай уақытқа шейін «Қандай жігіт еді. Жігіттің сұлтаны еді, қор болды-ау», — деп қайғырып, өліп қала жаздаған. Облыстық ауруханаға күніне бірнеше рет барып, «Тағы да жолықтырмады», — деп күйінгенін көрсең. Күнсұлуды да, врачтарды да, бәрін қырып жіберердей күйініп, мені де балағаттап, «Қатындардың бәрі сондайсыңдар! — деп, әбден пәле қылған. Мына досың жынды ғой, менде несі бар десеңші.
«Күнсұлуды боқта, соған ұрыс, менде не шаруаң бар?» — десем, бұл жынды досың Қызыл жұлдызға да барыпты.
— Бейсеннің үйіне бардым. Ешкім жоқ. Дарбазасы жабық! — деп қайтып келіпті. Дегенмен қайтсін, кішкентайдан бірге өскен досы ғой, қимайды да. Осындай жағдай болған бұл досыңа. Тура сол жағдайды сенен де көріп отырмын.
— Иә, дұрыс айтасың, Люся, мына күйеуің бәрін біледі. Бірінші кластан бастап бір жүрдік, бірге тұрдық. Есейе келе, достығымыз одан да артып, нығая түсті, біз бесеу едік бір класта. Бір-бірімізден айырылмаушы едік.
— Білемін, Сабыр, сол бесеудің ішінде төртеуі Жамбылда, сен Алматыда оқыдың. Енді сенің орныңды жоғалтпай, Алматыда үлкен қызметте Әділ Мырза Маралов жүр ғой.
— Иә, сен жақсы білесің ғой. Студенттік күндерді менен гөрі, осылармен көп өткіздің ғой.
— Сабыр, сен де, Әділ Мырза да оқуды бітіргеннен кейін, сыртта жүрдіңдер. Ал біз Бейсен мен Көлшібай бәріміз осы Жамбылда, ылғи туған күн болсын, мереке, той-томалақ болсын, құр жібермейтінбіз. Соғым басы, Наурыз тойы само сабой. Бәленің бәрі қатыннан шығады емес пе? Бейсенді өзің білесің, бір қалыпты, өзінің мінезі де, өзі де алтын ғой. Ішсе де, ішпесе де, бірқалыпты. Көлшібай досың, әрі туысқаның, дарылдағаны болмаса, артында еш жаманшылығы жоқ. Бекер обалы не керек, «Люся, Люся» деп, екеуі де өліп-тірілетін. Төкенді өзің білесің.
— Иә, содан?1
— Содан не керек, Балтакүл де управлениеге жұмысқа кіргеннен кейін, өзгере бастады. Төлеубек — қарапайым техникумның мұғалімі. Мен жай тігін фабрикасының мастерімін. Бір рет Балтакүлдер қонаққа шақырған соң, барсақ, өзі жоқ. Көлшімбай дарылдап: «Біздің кемпушканың жұмысы не нормированный, кейде осылай жұмыс барысымен кешігіп те қалады. Қайтсін, жұмыстың аты жұмыс қой. Давай, Балтакүл келгенше анау-мынауды, Люся, Күнсұлу, өздерің ыңғайлай беріңдер! — деді де, өздері Төкең, көршісі, тағы бір-екі кісілермен келесі бөлмеге барып, картаға преферанс сызатын әдеттері ғой, кірісті де кетті.
Әне келді, міне келді деген Балтакүліміз әлі жоқ. Шай, жеңіл-желпі тамақтарын еркектерге беріп те қойдық. Олардың ойларында ештеңе де жоқ, картасынан бас алмай, ойынның қызығына түсіп кеткен. Анда-санда Көлшімбай «Люся! А, Люся, мизер келіп қалды. Қазір за мизер болады, бір шөлмекпен қоса закуска ұйымдастырып жібер, айып болмаса» деп дарылдап қойып, ойында түк жоқ, картасын ұрып жатыр.
Әйтеуір сағат екі шамасында етті беріп біттік, Балтакүліміз әлі жоқ. Көлшімбайға бірдеңе деп айтайын десек, батпаймыз. Өзі беспокоиться етпегеннен кейін, неміз бар. Оның ойына ештеңе кіріп шықпайды. Көлшімбай емес, өзім тықыршып, «Бірдеңе болып қалған жоқ па екен?» деп, мазам кетіп барады.
Бір уақытта сағат үштен асып, төртке тақаған кезде, Балтакүліміз келді-ау. Бәріміз шешеміз ұл тапқандай қуанып кеттік.
— Әй, тыныштық па?! Аманбысың?! Кісілерді шақырып алып мынауың не? — деп айта бастағанымыз сол еді.
— Гуляли, и будем гулять! Әй, орыс қатын, будешь пить! — деп маған бас салмасы бар ма? Өзі қатты мас. Мен ол кезде қазақшаны 100% болмағанымен, жақсы түсінетінмін. Мені сол Балтакүл ылғи «орыс» деп, келеке-мазақ етіп, соңғы кезде менің Люся деген атым ол үшін «орыс» болып кеткен. Айтқан басқа да жаман сөздеріне ішім жиырылып, көңілім тас болды да қалды. Төлеубек тез босаса, тез үйге кету болды ойым. Содан Балтакүлден қашқақтап коридорға шыға беріп едім, көрші әйелі сыбырлап:
— Жаңа балаларға кәмпит, нан апарып, көріп келейін деп, үйге жақындай бергенімде, біздің есікке қарама-қарсы бір ақ машина тұр екен. Мен байғұс қайдан білейін, бізге келгендердің біреуі ме деп, жақындай бергенде, бір ыңырсыған дауыс естідім де, қорқып, артқа шегініп, тасадан тыңдасам, машина қимылдады кеп, қимылдады дейсің.
— Бәсе! Әйтеуір біраз уақыт жоқ болып кеттің. Иә, сондай қызық көрдім десеңші одан да...
— Люся! Қоя тұршы. Кім екенін айтайын ба? Ешкімге айтпасаң, айтамын. Осы ақ машинаны бұрын да ылғи біздің үйдің қасынан бірнеше рет көретінмін. Ішінде ылғи Балтакүл отыратын. Содан не керек, Люся, әйтеуір машина қимылдап-қимылдап бітті-ау... Енді не болса да, сыртқа әйтеуір бір шығатын шығар, қайсысы болса деп тұрғанда, машинаның бір есігі ашылды. Ішіндегі жарығы жанып, Балтакүлді анық таныдым. Қой құрсын деп, үйге зытып бердім. Масқара, біздің отырысымыз мынау, осы үйдің қатыны болып, тірлігін істеп, оның жүрісі анау ойнас жасап. Масқара! Масқара! Өзіміздің байымыз бір сағат емес, сәл кешігейікші, талқанымызды шығарсын.
— Құдай-ай-й! Ұятсыз! Қара бет екен ғой! Оңбаған! Бәсе, ол пәленің мас екенін қайдан білейік.
«Гуляли, будем гулять!» дегені де сол екен ғой. Қой құрсын, кетейік ертерек, тағы бір пәле естімей тұрғанда. Тағы да бірдеңесіне ілініп, жаманаты бізге тиіп кетіп жүрер! — деп, мына Төлеубек досыңды ептеп сыртқа шығарып, телефонмен такси шақырдық та, тайып тұрдық. Міне, достарыңның әңгімесі. Өзі де кейінгі жағдайын естіп, Балтакүлден күдерін үзген, Көлшімбайға обал да. Әйтеуір қатыннан ауыздарыңның салымы жоқ екен. Бейсен ше? Ол да өз қатынының қолынан өлім аузынан қалған жоқ па? Сенің де әңгімеңді естігенбіз. Сөз жерде жата ма?
— Иә, сондай. Естісең, естігеніңнің бәрі рас. Менің айтайын дегенім, Көлшібайдың әйелі жүріске, Бейсеннің әйелі араққа салынды. Менің әйелімді не деп ұйғардыңдар?! — деп қойдым, сыр тартып.
— Сенің әйелің абысыны екеуі контрабандамен айналысқан екен, абысыны ұсталыпты да, өзі Ресей жаққа қашып кетіпті, одан кейін сені қамалды деп естідік. Бәрін басқарып жүрген өзі екен деген сөз қау ете қалды. Міне, сендер туралы естігеніміз осы.
— Мейлі, сол қауесет қау ете қалған күйінде қала берсін. Бейсен екеуміздің басқа достарға қарағанда өміріміз, тағдырымыз ұқсастау. Ол да он баланың ішінде өскен. Мені болмаса да білесің, мен де он ағайынды едім.
Марқұм шешем Бейсеннің жақсылығын, адамгершілігін о дүниеге кеткенше айтып отыратын еді. Сол бір жағдайдың ауыр кезі әлі есімде. Жұмысты енді бастаған кезім. Менен кейінгі қарындасымның жүрегі аурушы еді. Ақыры бала үстінде жүректен қайтыс болды. Ол кезде дәрінің таптырмайтын кезі еді ғой. Айналайын Бейсен-ай, қай кезде басрсам, сол уақытта қандай дәрі десек те, тауып беруші еді! — деп аузынан тастамай отыратын.
Тамақ әлдеқашан ішіп болған. Жігіттерді шығарып салып, есіктен үлгермей жатып, Төлеубек:
— Сабыр, Әділ Мырзадан хабарың бар ма?! — деді тосыннан, ол қайдан есіне түскені.
— Ай, Төлеубек! Сен де қызық екенсің. Міне, тоғыз ай болды, шыққалы бері, өзіңнен басқа ешкімді кездестірген жоқпын. Сені де ойламаған жерден кездестірген жоқпын ба мына Люсяның арқасында. Люся Барнаулдан болмағанда, саған да кездеспес едім.
— Мен де осыдан бір жыл бұрын, әлде одан да бұрынырақ па, қазір есімде қалмапты, Әділ Мырзаны көргенмін! — деп сәл ойланып қалды да:
— Люся, мен қай жылы барып едім?! — деді.
— Қайда?!
— Алматыға, Әділ Мырзаға! Анау диірмен соғамыз деп, соның құрал-саймандарын әкелуге барған едім ғой.
— Ой-й, бұдан екі жылдай бұрын ғой ол, - деді Люся.
— Иә, бәсе, біраз болып қалды. Әйтеуір сонда, диірменнің құрал-саймандарына жәрдемдескен. Бағанадан бері Ердоспен қатар отырған Игілік әңгімеге араласып кетті.
— Көке, Алматыға заттар апарғандағы анау «Алтын диірмен» акционерлік қоғамындағы президент досыңыз ба? Сізді бір үлкен, бұрын совхоз болған жерге бастықтың жұмысына шақырған?
— Иә, сол жігіт.
— Ой-й, Төлеубек көке, сонда барлық бірге барған шофер жігіттер Сабыр көкемнің ол досына таңғалғанбыз.
— Иә, не деп?!
— Не дебіңіз не?! Дос болса сондай дос болсын деп.
— Иә, Төлеубек, мен баяғы жер алып, дүкендер алатын кезімде маған Әділ Мырза көп көмегін тигізген. Ең керекті заттарды содан алып тұратынмын. Бұл бұдан екі-үш жыл бұрын еді ғой. Одан кейінгі жағдайды өзің білесің, оның үстіне, ақшасын сатып болған соң беремін деп, он тонна ұн алған едім. Сол ұнды бір Қуат деген ит қайта-қайта келіп, үйден шықпай жүріп, ақшасын бір жұмадан кейін беремін деп, ақыры жоқ етіп тынды.
— Ол Қуатыңды бұрыннан танушы ма едің?!
— Әрине, танимын. Танитын болған соң беремін де, танымаса, тірідей беремін бе?
— Енді неғып созып, бермей жүр?!
— Өзінің әжептәуір фирмасы, тірлігі дұрыс еді. Кейін білдім, алған несиесін өтей алмай, үй-мүлкі, там-тасының бәрі банкке өтіп кетіпті. Содан отырып қалған. Жалғыз маған ғана емес, көп адамдарға қарыз екен. Сол ұнның ақшасын әне берем, міне берем деп жүргенде, жағдай мынандай болды.
— Осы жаз бойы тапқан-таянғанымды құрып, жиып-теріп, Әділ Мырзадан құтылмасам, тегі бетін көретін хал қалмай қалды, Төлеубек достым. Достық көмек одан артық қандай болсын. Дәл Әділ Мырзаға ұқсап жақын ағайының түгіл, туған бауырың да көмектеспейді бүгінде! — дедім.
— Заман сондай болып кетті ме, әйтеуір бір-бірін «лақтырған» уақыт болды ғой. Мен білетін қаншама жігіттер, сен сияқты алғаш кәсіпкерлік шаруақожалығын бастағандардың талайы банкрот болып қалған жоқ па?! — деді Төлеубек мені жақтаған болып.
— Қалайша отырып қалмайды. Өндірген өнімнің шығыны көп, өткізетін жерде шетелдің азық-түлігі қаптап кеткен жоқ па? Бағаларының бәрі арзан, біздікіне қарағанда әлдеқайда төмен. Босқа іріп-шірігенше деп, лаждың жоқтығынан солардың сатып жатқан бағасына өткізесің. Ол баға шыққан шығыныңды да ақтамайды. Содан отырмағанда қайда барасың. Міне, еңбек еткен адамға әуелі жалақы бере алмайсың, содан кейін банкрот болмай қайда барасың?
— Мен енді ондай қыр-сырын біле бермеймін ғой! — дейді Төлеубек.
— Өздеріңнің техникум жағында не өзгеріс болып жатыр? — дедім, әңгімені өзіне салып.
— Біздікі де мәз емес, жартылай мемлекет бюджетінен, жартысы қолма-қол ақша төлеп оқиды.
— Төке, таңғы сағат төрт болып қалыпты. Бағанағы келісілген уәде бойынша Игілікті машинасымен қалдырып, мен өзім ертең жүк күтетін жерге барайын. Маған жүк болса, қай жаққа болса да, кете беремін. Қазір шамалы уақыт болса да демалайық! — дедім, демалуға ықыласты екенімді білдіріп.
— Бағанадан бері айтпайсың ба? — деп бәйек болып жатыр. Төлеубек дос. — Осы жерден 10-15 шақырым жерде лесхоз бар. Сонда барсаң болды, ағашқа келген кісілер КамАЗ іздеп жүреді. Валераның көршісі сол лесхозда істейді. Ертең соған айтып көрейік. Ақыры қай жаққа да кете беретін болсаң, бағасына келіссең болды да.
— Әрине! Оны қалай ұйымдастырамыз?
— Оны ертең Валера өзі оқтай қылады. Сен демалып жата бер. Таң атсын, шешіп береміз. Ал әзірге ұйықтайық.
Ертең ерте дабырлаған дауыстан оянсам, Төлеубек пен Валера қосарланып жарыса сөйлеп:
— Міне, саған клиент келіп тұр. Ташкентке ағаш артамыз деді, — дегені. Қарасам, сағат он бірден жиырма минут кетіпті. Тұра салып жуынып-шайынып, дайын шайға отырдық.
Шай үстінде бағасына келісіп, енді Өзбекстанға, Ташкентке жүретін болдық. Қайыр қош айтысып, ағашты басуға жолға шықтық. Алексеевка деген жерден біз төртінші болып тақтай тиеп, Семей арқылы жүретін болып келістік. Ойымыз — қайтадан Рубцовка , Семей, Аякөз, Талдықорған, Алматы, Тараз, одан әрі Шымкент арқылы Ташкентке түсу.
Қауіпті деген жерлерден аман-есен өтіп, Талдықорған облысының Андреевка аулына түнгі сағат екі шамасында іліндік. Клиентіміз — өзбек. Соңғы үш КамАЗ да Өзбекстандікі. Көлбай асуынан да келіп қалдық. Асудың орта тұсына жеткенде, моторға жанармаймен ауа қосылып, бірде істеп, бірде істемей, жанармайдың жетпей келе жатқаны біліне бастады. Дизельдің бір әдеті — сол иненің жасуындай жанармай жүретін түтікшеден ауа кетсе болды, бәлеге қалдым дей бер. Мотор жұмыс істемек тұрмақ, от алмайды да. Рульде мен отырғанмын. Машинаның бірде ырғап, бірде жұлқып, ретсіз қозғалысынан ұйықтап жатқан Ердос та оянып кетті.
— Көке, тез тежегіштің бәрін қосып тоқтаңыз! Бұлай жүрген өте қауіпті. Мотор өшіп қалса, әй-шайға қарамай, артқа алып кетеді. Көрдіңіз бе? Алдымызда крутой подъем. Трубкаға ауа кетіп жатыр или бір жерден ауа сорып жатыр! — деді, үніне үрей араласып. Ол асығыс аяқ киімін киіп болғанша, мен тежегіштердің бәрін қосып, тоқтап та үлгердім.
Кабинадан тез секіріп түскен Ердос артқа сандықша мен артқы дөңгелектің арасындағы горный тормозды алып, дөңгелектің артына қойып жатты.
Желмен қоса таудың жауыны төпелеп тұр. Жаз айының аяғы емес, шілденің өзінде де таулы аймақтың ауа райы өте құбылмалы болады. Керек десеңіз, Қырғызстанның «Түйе-асу» шыңында қар жауып тұратын әдеті. Жүктің ауырлығынан ыңыранып, төрт табандаған артқы үш КамАЗ да жақындай бастады. Асудың басына қанша қалғанын білмейміз. Қара түнек, асфальт жол фарадан түскен жарыққа шағылысып, одан сайын қап-қара болып көрінеді. Жол бұрылыс-бұрылыс. Оның үстіне өте тар. Қарсы келе жатқан ауыр жүк машиналары зорға сыяды. Кейбір жерде жолға қойған белгі арқылы бірін-бірі күтіп тұрып, екіншісін өткізіп жіберетін тұстар да кездеседі.
Біз түннің қараңғылығынан білмей, қолымыздағы переносқа жарығымен қатарласып қалған үш КамАЗ-ға «Өте бер, кете беріңдер»- деп белгі беріп жатырмыз. Асуға өрлеп, ыңыранып кетіп бара жатқан олардың тоқтауына еш мүмкіншілік те жоқ еді. Әрі тоқтаған қауіпті. Тоқтаған күннің өзінде де аварийный ситуация тудырады. Әрі су болып келе жатқан тежегіш колодкасы ұстамауы да мүмкін. Өзбекстанның машиналары тау тежегішін алып жүрмейтіні бізге бұрыннан белгілі.
Әйтеуір аман-есен, қарсы машина келіп қалмай тұрғанда, соңғы КамАЗ ілбіп, қасымыздан өтіп болды-ау. Білетініміздің бәрін істеп, машинаны бәрібір от алдыра алмадық. Кабинаны көтерейік десек, 45 градус шамасындағы подъемда тұрғандықтан, еш әліміз келмейді. Әбден шаршадық, оның үстіне жаңбыр араласқан жел өңменімізден өтіп барады. Тағы да соңғы рет аппаратураға баратын май түтікшелерінің ауаны қай жерден сорып тұрғанын тексерудеміз.
Аппаратура жақтағы помпаны, түтікшелерді көру үшін, кабинаны көтере алмай, әлек болдық. Бактағы май соратын түтікшеге қоқыс тұрып, ия болмаса майға толық жетпей тұр ма? Жоқ, әлде түтікше жарылды ма деген оймен, он литрлік канистрге солярканы бактан құйып алып, ручной подкачкамен качать еттік. Бұл тексеруден де еш нәтиже шықпады. Бастапқыдан жақсы от алды да, сәлден кейін пық-пық етіп, жұмыс істеп тұрғаны білінеді. Мотордан, не болса да помпа мен аппаратура жақта. Майдың қайта келу түтікшелерінде қоқыстың тұрып қалғанын сездік те, қайткенде де кабинаның көтеру амалын қарастырдық.
Жан-жағымыздан лайықты болды-ау деген екі тас тауып алып, алдыңғы дөңгелек пен кабинаның арасына домкрат қойып, кабинаны көтеретін жағдайға келтіріп, өлдім-талдым дегенде, кабинаны қозғадық.
Қалжырағанымыз сонша — зорға қимылдаймыз. Тісіміз тісімізге тимей, қалшылдап жүрміз. Үсті-басымыз малмаңдай су. Кабинаның көтерген соң, кішкене болса да, демеу болды, әрі үстімізден жауған жауыннан пана болды. Сағатқа қарасақ, түнгі төрт.
— Ердос! Пауктегі солярканың көлшігін көрдің бе? Сен анықтап қара! Мен ручной подкачканы іске қосам. Солярканың қай жерден шығып тұрғанын анықта. Тез істемесек, мына жерде көп тұруға болмайды. Көңілім біртүрлі дегбірсізденіп тұр. Бағана кештен бері оң көзім тартып еді, жақсылыққа тартқай-дағы.
— Иә, көке! Сақтансаң, құдай сақтармын! — деген. Ал, кірісіңіз... Качать етіңіз, мен бұл дәйісті тексерейін.
Ердос әдет бойынша «дәйіс» деген сөзді қосқанына еріксіз күліп жібердім. Күлгенім Ердосқа ұнамай қалды-ау деймін. Шамданған қалыппен:
— Ой, көке! Бол, качайтта! Қазір күлетін уақыт па? Күлкімізді тыя алмай жүрмейік. Ана жекжаттарымыздың да жортатын кезі осындай кез ғой.
— О-о-о, стоп! Таптым, көке! Май келетін жердегі пластмастың ішіндегі алты бұрыштың серіппесі бар, сол жердің резбасы кетіпті. Тиіп қалып едім, сынып түсті.
— Қайсысы, трубкасы ма, өзі ме?!
— Штуцердің гайкасы.
— Е, ол артқы сандықшада бар. Керек десең, пастмасс серіппесімен қоса, штуцердің өзі де бар! — деп, мен артқы сандықшаны ашып, керек-жарақ салған сумканы жарыққа алып келіп, ішінен штуцерді қарастыра бастадым. Подкачкадағы штуцерді помпадан ажыратайын деп жатқанда:
— Көке, штуцердің помпасы емес, штуцер тұратын помпаның резбасы кетіпті. Помпа бар ма еді?
— О не дегенің, міне помпа! Мен штуцер екен!- деп, помпаны ажыратайын деп жатыр едім.
— Жоқ, ажыратпаңыз. Әкеліңіз, рабочий ма? Рабочий болса, соны орнына саламыз. Болды, бес минутта дайын болды. Сіз сайманды жиыстыра беріңіз, тез-тез бітірейік! — деп, жанталаса қимылдап жатыр. Мен саймандарды жиыстырып болғанша, Ердос:
— Ал, көке, ручноймен подкачка жасап, ауаны шығарып, кабинаны түсірмей тұрып, от алдырып көрейік! — дегені.
— Мақұл! — дедім де, ручной качать етіп болды-ау деген кезде, кабинаны түсірмей, от алдырып едім, зар ете қалды. Біраз уақыт тексеріп көрдік. Мотор бірқалыпты істеп тұр. Болды десіп, кабинаны түсіріп, киімімізді ауыстыра барген кезде, ат тұяғының дүбірін естіп, дереу фарды жағып жібердім. Алдымызда желе жортып төрт-бес атты келе жатыр.
— Ердос, сен тез кабинаға отыр, машинаның есігін ашпа, менде кілт бар. Ауаны жинаған соң, бірінші жылдамдықпен алға жүре бер. Мен сол кезде дөңгелектің астындағы тежегішті аламын, қорықпа! Тек қана жылдамдық ауыстырма, тормоз ұстамай қалуы мүмкін. Өйткені колодкасы су.
Сол арада аттылар да келіп жетті. Келген бойы баса-көктеп, төменде тұрған мені қаға-маға тоқтап, әй-шай жоқ:
— Кім болсыңдар?! Қайдан келесіңдер! — деп тергей жөнелді. Сөздерінен-ақ бұл пәлелердің тегін емес екенін сездім. Басында төрт-бес атты ма десем, үш-ақ атты екен. Орысша сөйлесіп тұрғанымен, қазақтар екенін байқадым да, қазақшалап жауап бердім.
— Жолаушымыз, туысқан!
— Жолаушы болсаң қайтейін! Алдағы кеткен үш өзбек сендерікі ме? — деді бірден.
— Жоқ!
— Неге өтірік айтасың?! «Бір машинамыз артта, подъемда бұзылып қалды», — деді ғой.
— Жасы, — біршама кішілігі көрініп тұрған соң, әрі қобалжығанымды сездірмеуге тырысып, сөзді інішектен бастап, жағдайды айта келе, өздерінің кім екенін сұрастырдым.
— Братан, біз бригаданың балаларымыз, жігіттер попался. Соған беретініңді бер, құтқару керек. Өз еркіңмен бер, қинамаймыз.
— Жігіттер! Біздің сендерге бірдеңе беретін жағдайымыз жоқ. Өзіміз бродяга болып, жұмыс істеп жүрміз. Мына көкем екеуміз сегіз айдан аса жатып шықтық. Өзіміз Жамбылданбыз. Алдияр, Алмазды естулерің бар шығар?! — деді Ердос.
— Естігенбіз.
— Естісеңдер сол, мен Алмаздың туысқаны боламын! — деді ол. Сол кезде аттағылардың біраз кідіріп қалғанын байқап, әңгімеге мен араластым:
— Мына Андреевка селосынан Жақан, Жорик, деп атайды, соны білесіңдер ме?!
— Жорик Керибаев па?!
— Ия, Керибаев.
— Ол кім болады?!
— Ол — менің курстасым, Алматыда бірге оқығанбыз. Бір группада.
— О-о, онда Сіз өзіміздің братанымыз екенсіз ғой! Мен сол Жориктің — өзіміздің адамдар екен. Саго, пропусти. Қиналып келе жатыр екен. Ксиво бер.
— Сіздерді тоқтатқандарға «Саго» деп айтып, мынаны көрсетсеңіздер, Сарыөзекке дейін «зеленый свет», - деп, бір жапырақ қағаздарын ұстата берді.
— Байқаңыздар, крутой спуск с поворотом. Кеше Ташкенттің бір КамАЗ-ы спускіден ұшып кеткен. Өзбектеріңіз Көлбайда күтіп тұр! — деп, аттарының басын кері бұрып, жүріп кетті.
Дала мен тау түнгі жауыннан соң жаңадан атқан таңның шапағына бөленіп, мүлгіп тұр. Жауын тоқтаған.
— Аман-есен құтылдық па бәлелерден, жоқ па?! — деді, машинаны жүргізуге кіріскен Ердос, бірінші боп сөз қатып. Ал менің түн бойы көз ілмегендіктен бе екен, бір жағынан малмандай су болып жаурағандікі ме, кабинаның жылуын қосқан соң, маужырап, көзім өзінен-өзі іліне бастады. Әзірге мотордың жұмыс істеуі жақсы.
— Ердос, осы жылдамдықтан асырма. Асудан түскеннен де, осы жылдамдықпен түс! — дедім де:
— Термоста шай қалып па еді? — деп, кабинаның төменгі жағын іздей бастадым.
— Қайнаған су бар, бірақ демделмеген.
— Сол демделмегені жақсы, әйтпесе, ұзақ тұрған демделген шай термоста қарайып кетеді. Оның үстіне ұйқы ашарға кофе салып ішкенге, қайнаған судың болғаны жақсы. Бір-екі пиала ащы кофе ішіп, ұйқымды ашпасам болатын емес.
— Жатып ұйықтай бермейсіз бе?!
— Ол не дегенің? Шаршаған, ұйқысы шала болған адамның жанында екінші адамның ұйқтағаны қауіпті. Әсіресе, өзімен кетсін, рульде сен сияқты отырғандарды екінші адамның ұйқысы тез ұйқыға тартып әкетеді. Ұйқы — дұшпан деген сол. Көрдің бе, төмендегі құлап жатқан машинаның бәрі осындай жағдайда болғандар. Өзбектерге дейін бір отыз шақырымдай жер қалды. Олар Көлбайда тұр, енді ары Сарқандқа жетіп, бір-ақ демаламыз. Ыстық тамақ ішіп, жан шақырмасақ болмас.
— Көке, мен анау бандиттерге, қалай аузыма түскенін, Алмаз, Алдияр деп айта салып едім, бұл иттер танитын болып шықты ғой.
— Ей-й, қандай таниды дейсің. Не, бір дастарқаннан дәм татты дейсің бе? Әншейін, аттарын естіген де. Бұлар — бандалардың құйыршықтары, былайша айтқанда, шабармандары. Әңгімесінің төркінін естідің ғой. «Общягқа, түрмеге, зонаға жібереміз», — деп тантып тұрғанын. Тоналған заттың бәрін жібереді! — деп отырсың ба?
Шынында да қайдан жіберсін, жай далбаса сөз ғой. Олардың кімнен қанша ақша тартып алғанын кім білсін?
— Көке, Анау Төлеубек досыңыздың кездесіп қалғаны мұндай жақсы болар ма? Игіліктер де қиыншылық көрмейтін болды ғой.
— Ойламаған жардан кездесті. Жақсылап табыстап кеттім ғой. Төлеубек ондай жігіт емес. Айтпайды, айтса, істейтін жігіт. Оның үстіне Игілікке де айттым ғой, істеген еңбегіне есеп-қисап жасап, ана моторист Валераны риза қыл!- деп.
— Төлеубектің жақсы жігіт екені көрініп тұр. Айтуына қарағанда, бәріңіз бір мектепте, бір класта оқыған көрінесіздер ғой.
— Иә, Жамбыл атындағы мектепті бірге бітіргенбіз. Содан мен Алматыға кеттім. Бейсен де Алматыдағы дәрігерлер институтының аптека саласын, дәрі-дәрмек факультетін бітірді. Төлеубек ол кезде Жамбыл атындағы су-құрылыс институтының механик-инженер факультетін, ал Әділ Мырза мен Көлшімбай Жамбыл жеңіл тамақ өнеркәсібі институтын, біреуі механик-инженер, екіншісі есепші-экономист мамандығы бойынша бітіріп шықты.
— Әділ Мырза Алматыда дедіңіз, ал Төлеубек Тараз да ма? Қандай салада істейді?
— Бұрын химиктер-механикалық техникумы дейтін, қазір политехникалық колледж болды ғой. Сонда оқытушы. Өзі химия ғылымының кандидаты, жақында докторлық қорғайтын шығар. Шымкенттегі химия өндірісі институтын да бітірген.
— Төлеубек досыңыз екі институт бітірген екен ғой.
— Иә, екі институт бітірді. Басы қатты істейді. Бала кезімізде есептің бәрін біздерге осы Төлеубек шығарып беретін. Содан жанама аты «математик» еді.
— Әділ Мырза досыңыз ше?!
— Тү-у! Әділ Мырзаның жөні бір бөлек қой. Ол жас кезінен ойын-сауық ұйымдастыру, ән-күйге керемет еді. Біреуіміздің үйімізде бір жағдай, я болмаса жер аудару, ағаш жару деген сияқты майда-шүйде жұмыс болып қалса, Әділ Мырза өзі бірінші болып кірісіп кететін. Осындай бір жұмыстан кейін демалып, әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда, бірінші дос болайық деген де осы Әділ Мырза еді. Дос болғанда анау-мынау стакан дос, арақ дос емес, «Өмірлік дос» болайық дегені әлі есімде. Біз Бейсен екеуміз де ауылда орта шаруадан шыққанбыз.
— Ал Әділ Мырзаның өскен ортасы білімді, әкесінің өзі Бейсебай да ұзақ жыл жауапты қызметте істеген сыйлы кісі еді. Анасы да сондай алтын адам болатын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар ғой қазақта. Үйінде ылғи айтып отырған өсиет пен тәрбиенің әсері тиген болу керек. Оның үстіне Әділ Мырзаның өзінің де қабілеті мен зердесі зор еді. Оқуды бітіре салысымен, қатардағы инженерден өзінің іскерлігінің арқасында, міне, Акционерлік қоғамның Президентіне дейін көтерілді.
— Достарыңыз мықты екен. Өз көзіммен көріп отырмын ғой, Төлеубектің қалай қарсы алып, қалай шығарып салғанын.
— Бір әңгіме еске түсіп отырғаны. Айтып берейін бе, Ердос?
— О не дегеніңіз? Айта беріңіз, жол қысқарсын.
— Айт десең, айтайын. Сол күні тура апрельдің отызы, 1969 жылдың көктемі еді. Бәріміз қол алысып, төс түйістіріп дос болдық. Ертең 1-Май. Ол кезде Бірінші Май деген мейрам, ең үлкен мейрам болып саналатын. Сол күні Әділ Мырза тағы бір жаңалық айтты.
— Давай, жігіттер, осы дос болған күнімізді тарихи күн деп санап, жылда атап өтетін болайық. Оның үстіне ертең ынтымақ мейрамы күні. Парадтан шыққан соң (ол кезде әр мектеп қаладағы орталық алаңнан сап түзеп өтетін дәстүр бар еді ғой), бәріміз біздің үйде бас қосайық! — деді.
— Несі бар, күнде бас қосып жүрміз ғой, парадтан кейін келе саламыз! — дедік бәріміз жарыса.
— Жоқ, парадтан кейін емес, кешке қарай бас қосамыз. Бұл отырысымыз бұрынғыдан өзгеше мәнді болуы керек. Бас қосуға әркім өзінің көңілінде жүрген қызын ертіп келсін. Сондықтан әркім қыздарына бүгін ертерек ескертіп қою керек. 1-Май кешке достық күнін атап өтеміз деп.
— Үйде папаң мен мамаң ұрыспайды ма?
— Ұрыспайды, қайта еш жаққа кетпей, үйде болсақ, қуанады.
— Өгіз жоқ Боранбай жер суарыпты дегендей, қыздарды кім деп айтамыз?
— Ештеңе жоқ. Класта бірге оқитын қыздар дейміз.
— Мақұл! — дедік те, шықыратын қыздарымызды жарыса айта бастадық.
Біреуміз біреуді айтсақ, ол екіншімізге ұнамайды. Бірінші айтқан қызымыз ұнамаған соң, екіншісін, үшіншісін айтамыз. Ол да бірімізге ұнаса, екіншімізге ұнамай қалады. Әйтеуір, бірінен кейін бірінің бір теріс қылығы шығып қалып, бірімізге жақпай қалып жатады. Ақыры болмаған соң, мен айттым:
— Бұлай отырсақ, отыра береміз. Одан да аталған қыздардың бәрінің атын қағазға жазайық та, бесеуміз бір-бірден қағазды алайық, алған қызымызға түскен қыздарды қонаққа шақырамыз, қалған қағаз қала берсін! — дедім.
— Бәрі улап-шулап келісті. Жазылған қағаз он шақты болды, тағы да тексеріп шықтық. Сөйтіп, ақыры бес қызды шақырдық. Күні бұрын айтып, қайта-қайта ескерткенбіз. Бесеуміз де мәзбіз. Шақырған қыздарымыз келетін болған.
Содан отырыс басталатын уақыт та жетті. Әділ Мырзаның мамасы мен папасы естіп қойыпты. Біз қыздарды қалай шақырғанымызды Әділ Мырза Әлима деген әпкесіне айтса, ол папасы мен мамасына айтып қойыпты. Әділ Мырзаның папасы Бейсебай — өте жақсы кісі еді. Бізге қарап жымиып:
— Таңдап, қағаз тастап, құда-жекжат күткендей шақырған қыздарың қайда? Арасында келін бар ма? — деп қояды. Күте-күте, біз де жалықтық. Ақырында қыздар емес, қызыл жүн де жоқ, сомпиғаннан сомпиып, арамызда достық күнін солай қарсы алғанбыз. Қайран балалық-ай! Әділ Мырзаның папасы мен мамасы осы күнге дейін бізге күліп жүретін.
Әрқайсысымыз қызмет бабымен әр жаққа кеткенге дейін 30-шы сәуірдің Достық күні ретінде осы күнге дейін атап өтетінбіз.
Әңгімемен біраз уақыт өтіпті. Ең соңғы серпантиннен түсіп келе жатырмыз, осыдан жеті шақырымнан соң Көлбайға да жетеміз. Өзбектеріміздің екі көзі төрт болып, күтіп отырған шығар. Сол жерден бір шай ішіп алып, Сарқанда түскі тамақты ішейік деп топшылап келемін. Өзбектер еш шайсыз жүрмейді ғой. Тандыр нанның қатып қалғанына да қарамай, орап салып алып, далада қалған кезде, көгергенін тазалап қойып, көк шаймен ұра береді. «Көк шалып қалыпты ғой» десең, «пинициллин» деп қоярын қайтерсің.
Әне, Көлбай да көрінді. Жақындағанда, машинаның қасынан жаққан оттың түтіні көріне бастады.
— Ердос, дәу де болса, мыналар қазан асып, палауына кіріссе керек. Осы айтқаным рас келмесе, қара да тұр! — дедім. Қатарласып келіп, машинаны тотқанымды:
— Көке, айтқаныңыз дұрыс келді. Жақсы болды, тамақ ішіп алатын болдық. Қайдан білдіңіз? Бұлар қолдары сәл қалт етсе болды, палауына кірісетін әдеті-ай, — деп, риза болып қояды.
Тоқтаған сәтте, туған әкесін көргендей болып:
— Шопыр әкә! Яқшымысыз!
— Иш қып яқшы келяпсыз! — деп, өзбек әкә қуанып, — Ош-оуқат доояр, — деп, тамаққа шақырып жатыр. Әңгіме арасында:
— Шу, Қазақстанин милициясы ям рэкет, рэкети ям рэкет! — деп қояды.
— Милиция немаққа қып гәпирам десем, ва ушасковый көп гаприф, кәлләмды ауридты, хаммамызди гәрәң қыляпти.
Тез сөйлеген сөзінің біріне түсініп, біріне түсінбеген Ердос:
— Көке, мынау не дейді? Милиция келді дей ме?
— Участковый милиция әбден басымызды қатырды деп отыр — деймін мен тілмаштың қызметін атқарып.
— Ташкентіне жеткенше, әлі басыңды талай ауыртады! — деп күліп қояды Ердос.
— Сообир әкә! Енді өзің бастап, өзің разводить етпесең, бізге қатты тиісіп жатыр! — дейді өзбектер.
— Айтса айтқандай-ақ, Өзбекстанның машинасына Ташкентке жеткенше қатты тиісетіні рас.
Сарқандтан Таразға екі тәулік жүріп жеттік. Түс қайтқан мезгіл болатын. Машинаны бірден Халиманың үйіне қарай бұрдым.
Сегізінші шағын ауданының біріндегі автотұраққа серіктерімді тастап, «Кешке жүреміз, оған дейін ұйықтап, демалып алыңдар, ас-суларыңды дайындап іше беріңдер», — деп, Ердосты ертіп, Халиманың үйіне кеттік. «Жол-жөнекей қарындасымның үйіне кіріп шығайын, әрі Халиманың хабарын естірмін», — дедім.
Қарындасым үйде екен. Біз кірген бойда, «Өңім бе, түсім бе?» деп, бір сәт селтиіп қарап тұрып қалған қарындасым:
— Сабыр! — деп құшақтай алды. Бауырдың аты бауыр ғой.
— Неге хабарсыз кеттің? Аман-есендігіңді білдіріп, телефон шалып тұрсаң қайтетін еді? Соқпай кеткеніңді нағашымыздан, әкемнен естіп, сені ренжіп кеткен екен ғой деп ойладық! — деп көзіне жас алды.
— Артыңнан түрмеге қанша рет барғанымызда, тамағымыздың өзін зорға алып, «Өзімізді кездестір, жолықтыр», — десек, маңайлатпайтын. Содан ренжіп, өкпелеп кеткен екен ғой деп ойлап, жүрегім жаман болып жүр едім. Сот болып жатқанда, мына кішкентайммен ауруханаға жатып қалдық! — деп жағдайын айтып жатыр.
— Жоғары шығыңдар! Мен шай қойып жіберейін! Жол жүріп келе жатқанға ұқсайсыңдар ғой, түтігіп кетіпсіңдер және солярканың да, темекінің де иісі сіңіп қалыпты. Суға түсіп алыңдар. Ыстық су бар! — деп бәйек болуда.
— Бәрінен де бұрын сол суға түсіп алайық. Көп аялдамаймыз, кешке жолға шығамыз. Ваннаға су толтырып, әуелі, Ердос, сен түсіп ал.
— Сабыр, Халимаға жолықтың ба? Барған жоқсың ғой деймін! — дейді Күләнда бізге сүлгі, оны-мұны дайындап жүріп.
— Қайдан? Сендердің үйлеріңнің жанындағы автотұраққа машиналарды қойып, аман-есендіктеріңді біліп кетейік деп кірдік. Халима аман-есен бе?! Олардың жағдайы, денсаулығы қалай? Не болды, аварияға түсті! — деп естідім ғой!
— Жаңа сендердің алдарыңда телефон шалған. Байғұс бір ажалдан қалды ғой. Күнде бір рет телефон шалады. Кейде жүгіріп өзі келіп кетеді. Әйтеуір сенен бір хабар бар ма! — деп ойлайды ғой деймін.
Қазір телефон шалайын, бір қуанып қалсын. Денсаулығы жақсы, ауруханада ұзақ жатып қалды ғой. Қазір хабарласайын, әне-міне дегенше өзі де жетіп келеді! — деп қарындасым телефонға жармасты.
— Алло! Халима, сен бе?! Мен, Күләнда ғой. Тез, біздікіне кел! Қуаныш бар! Сүйіншіңді ала кел... Неғыласың?! Келген соң айтам. Өзің де көресің! — Біліп қойды! — деді Күләнда трубканы қойып жатып. — Адамның жүрегі қалай сезеді деген осы? Сені қатты жақсы көреді-ау тегі, аузынан тастамай, ылғи да айтып отырады. Қазір де бірден: «Сабырдан бір хабар бар ма, или өзі келді ме? Қазір ұшамын, барамын», — деп, көрмей жатып жүрегі жарылып жатыр. Тұқымға тартады, әпкеміз де, жездеміз де жақсы адамдар ғой.
— Өзі ше?!
— Өзі де елгезек, ақ көңіл жан ғой! Қатты толғанып, ойланып жүр. Сенің жағдайыңды ойлап, қиыншылық басына түскенде, қасында бола алмадым! — деп қиналғанын көрсең.
— Қалай болған?! Аварияға қалай түсіп жүр?!
— Ашық тұрған есікті байқамай қалған ба, әйтеуір автобус жүре бергенде, есікке сүйенем деп, шалқасынан құлап, басы асфальтке тиген ғой. Саған тамақ алып бара жатқанда болған жағдай. Сол күні біздікіне келіп: «Тамақты күнде әкелесің, бұл жер курорт емес сенің күйеуіңе», - деп, төрт күн болды милициялардың жолықтырақ тұрмақ, тамақты да алмай, қайтарып жібергеніне. «Бүгін тағы барып көремін», — деп кеткен, дәл сол жолы аварияға түсіпті ғой. Үш-төрт ай Алматыда, екі айдан аса осы жерде емделіп, қазір жағдай жақсы, жұмісіна шығып жүр.
— Бәсе, сондай бір жағдай болған екен ғой! Мен болсам, басқаша ойлап едім.
— Сендер басқаша ойлай бересіңдер ғой!
Сол екі арада есіктің қоңырауы қағылды. Көрмей жатып-ақ, кірген адамның Халима екенін сездім. Қарындасым:
— Сүйінші! Сабыр келді! — дегенше болған жоқ, мен тек орнымнан тұрып үлгердім. Аяғын да шешіп үлгермей, мені құшақтап, бас салып жылап жіберді.
Мен, қарындасым, ваннадан шыққан Ердос — бәріміз жабылып жатып зорға бастық. Арасында сөйлеп отырып та сан рет көңілі босап, солқ-солқ етеді.
Қарындастың шайын ішіп болып, дастарқан жиылған соң:
— Сабыр, үйге жүр, киіміңе тер сіңіп кетіпті, жуып берейін. Күләнда үйге кел! Сабырдың аман-есен оралғанының құрметіне той жасаймын! — деп, мәре-сәре болып жатыр. Қуанышында шек жоқ. Менің қайда кетіп бара жатқанымнан, КамАЗ-да клиент бар екенінен бейхабар. Халима өзінің ақ көңілділігіне салып, таныстарды, көршілерді «Тойға келіңдер», - деп хабарлап жатыр, келіп жатыр. Бірталай адамдар жиналды. Топ-тобымен қарсы алып, тамақтарын беріп, алғашқы келген адамдарды шығарып салып, кейінгі келгендерін қарсы алып, Халиманың өзі-ақ бәрін атқарып жатыр. Елдің біразы келіп-кетіп, жұрт саябырсығанда, Ердосты: «Өзбек ағайындарды шақырып кел», - деп жұмсап жібердім. Халима шын көңілімен:
— Шаршап, жол соқты болып келдің ғой, Сабыр, біраз қисайып, көзіңді іліп, демалып алсайшы! — деп қояды.
Үйге төрт-бес өзбек кіріп келгенді, Халиманың көзі шарасынан шығып кете жаздады.
— Не, Сабыр? Тағы клиенттермен жүрсің бе?! Бүгін кетесің бе?! — деп қобалжып-ақ қалды. — Тү-у, кетпеші! Осы КамАЗ-ды қойсаңшы! Өзіңді қарашы, тозып бітіпсің ғой! — деп жылап жіберген Халиманы жұбатып:
— Кетпеймін! Бірге келе жатқан машинаның шоферлері, тамақ ішсін!-деп, Ердосты жібергенмін! — дедім. Не де болса соған сеніп қалатын бала мінезді Халима, айтқаныма сенді.
Тамағын ішіп-жеп болған өзбектерге сыртқа шыққанда:
— Ертең осындай уақытта Черняевка кеденінде кездесетінімізді айтып, расчет, есеп-қисапты Ташкентке барған соң жасайтынымызға келісіп, «Оқ ел!» - деп шығарып салдым.
Ең соңында өздеріміз қалып, түннің бір уақтысына дейін әңгіме-дүкен құрып тастадық.
— Сабыр, балаларға, Рабиғаға жолқтың ба?! Олар қалай, аман-есен бе? Сені Алматыдан телефон шалды! — деп еді.
— Сені Алматыда ауруханада деп естігеннен кейін барып едім, кетіп қалыпсың. Бұл жолы Барнаулдан келе жатырмын. Ертең Ташкентке жүремін, балаларға жолым түспеді.
— Барнаулдан Астана арқылы жол жоқ па?!
— Жол бар. Айналма жол болып кетеді. Әрі жолы жақсы емес. Біз Алматы арқылы келе жатырмыз.
— Не, ертең тағы кетесң бе?!
— Иә, жүк бар, соны апарып тастап, қайтып келемін.
— Иә, саған!.. Жүк табылса болды, соған кетесің ғой! Білемін ғой сендердің жұмыстарыңды.
— Уақытысында көреміз. Бірақ Тараз арқылы жүремін ғой, қай жаққа болса да. Өзің қалай, денсаулығың түзеліп кеттіме?
— Құайға шүкір, жақсы. Сабыр, әңгімені қой. Қай уақытта болсын, жолың ашық! Жағдайыңды түсінемін. Әйтеуір машинаңның дөңгелегін, басқа да саймандарыңды дайындап алдың ба?! Алғашқы бір-екі рейстің ақшалары сол сайман-бөлшектеріңе, соляркаңа кетеді ғой. Оның үстіне бәрі қымбат. Мен ертеңгі жолыңа дайындық жасайын. Жатып демал, ерте тұрасың ғой.
— Жоқ, күндізгі екі-үштерде шығамыз! Мынау тұрған Ташкент қой, алты сағат шамасында жетіп барамыз. Оның үстіне әр бекет тоқтататын жүк емес.
— Жүгің қандай жүк?! Бұзылып, уақытысында апара алмай, жеткізе алмай қалмайсың ба?1
— Ағаш, тақтай 20 м3. Кеше клиентпен кешке Черняевкада күтмін! — деп келіскенбіз.
— Оларың кетіп қалды ма?!
— Иә, кеше кетті, түнде үйінде болады.
— Құжаттарын тастап кетті ме?! Жоқ, әлде, бөлек-бөлек толтырып пе едіңдер?!
— Менікі бөлек, Қазақстанға толтырылған.
— Жарайды, демала бер, мен ыдысты жинастырайын. Киімдеріңді ертең түске дейін дайындап үлгеремін ғой.
Ертесіне оянсам. Халима әлі қалың ұйқының үстінде екен. «Оятып алмайын, кеш жатты ғой, үйдің қыбыр-жыбыры тірлігі біте ме» деп, жуынып болып, еппен басып бөлмесіне кіргенімде, шалқасынан жатқан Халиманың жүзіне көзім түсіп кетті. Шалқасынан қайырыла, артқа жайылып кеткен шашының арасында басына қарай кеткен тыртықтың орнын анық көрдім. Және оң қабағының үстінде де көрінер-көрінбес кішкене тыртықтың орны қалғаны көрініп тұр. Көзімді ала алмай біраз тұрып қалдым. Сол тыртық белгінің өзі реңді жүзіне жарасып тұрғандай, аппақ жүзі одан сайын нұрланып, қалың ұйқының үстінде жатыр.
«Қандай сұлу, әдемі, реңдісің, қабағың мен шекеңе түскен дақтың өзі әдемілігіңе нұқсан келтіре алмаған-ау. Қандай көрікті, әдемі болсаң, ішкі дүниең де сондай таза, ақ көңіл баладай мінезіңді де соған сай қылып құдайымның бергенін айтсаңшы. Осы жарақатты да алғаның мен үшін ғой. Қалың қара ойдың үстінде автобустың есігі жабылған-жабылмағанын байқамай қалып, құладың ғой. Сен мен үшін не көрмедің, Халима?!
Мен үшін өміріңмен де қош айтысып кете жаздапсың. Өмірден кетпегенің өзінде мүгедек болып қала жаздадың-ау! Әйтеуір, ниетің мен көңіліңе қарай құдай сақтап, жарақат пен таңба дағын ғана қалдырыпты. Бұған да тәуір дейік. Мен үшін бұл таңба — жақсы көрудің, жақсы көретін адамыңды мәңгі іздеудің таңбасы. Сүю дегеннің не екенінің белгісі, дағы деп түсінемін.
Сен жайлы жаманшылық ойлаудан мүлдем аулақпын. Оған түнде айтып жатқан өз сөзің куә. Оған мен сенемін. Жақын адамды жоғалту қасірет екенін де білемін», - дедім, іштей егіліп тұрып.
«Ауруханада жатқанда, маған жаныма да, тәніме де азық болып, күш-жігер, қайрат берген сенің жазған сенің өлеңдерің еді. Інім Рахым өзіммен бірге сенің жазған өлең, жырларыңды алып жүріпті. Өзіме-өзім келгенде, сенің сол өлеңдерңді оқып, күш-қуат алушы едім. Міне, енді менің басқа арманым жоқ, қасымдасың», - дегені-ау.
— Сабыр-ау, Рабиғаны да, мені де, сені де мүсәпір етіп, біреуімізді солтүстікке, екіншімізді түрмеге, мені ауруханаға жатқызып, тоз-тоз қылып жіберген. Мая сұмырайдың ісі емепес пе?! Соның кесірінен жақын адамдарымызды жоғалтып алған жоқпыз ба?! Ол контрабандалық жұмыспен айналысып, Рабиғаны алдап, қолына түсірмегенде, сен түрмеге, мен апатқа ұшырамас па едік, бәлкім! — деген еді. Иә, Халиманың сөзі рас, әрі шындық еді. Басқа түскеннен соң көресің, басқа еш амалың жоқ. Ендігі мақсат — құлшына жұмысқа кірісіп, сары уайымға салынбай, қайта жолға түсіп, жатпай-тұрмай жұмысқа кірісу керек. Бүгін кешке жүгін аман-есен жеткізсем, сол жақтан тағы да бір клиенттің жүгін апарсам, содан кейін өзімнің тауарыммен жұмыс істеуге жағдайым да келіп қалар.
Халимаға осы жағдайдың мән-жайын айтып, жолға дайындалайын деген оймен бөлмеге кірсем, Халима жаңадан тұрып жатыр екен. Оқыстан кіргеніме селт ете қалды...
— Түс көріп, өзіме-өзім келе алмай тұр едім. Негізі сен Сабыр, тегін емессің. Кіріп келе жатқаныңды сезіп те, біліп те тұрғанменен бәрібір «сект» еттім. Сенің сүріңнің басып кеткендігі ғой!..
— Қойшы, қайдағыны айтпай, одан да көрген түсіңді айтшы. Тағы да КамАЗ-бен кетіп барамын ба?! Сен қасымда отырсың ма?! Мен жол жүрер кезде, жолымның қандай болатынын сен түсің арқылы біліп отырушы едің ғой — деп, әзілге бұрдым. Халима жабырқап, үнсіз отырып қалды да, әлден уақыттан барып:
— Түсімде, Сабыр, сен әперген некелік сақинаны қойған жерімнен алып киейін десем, дәл ортасынан қақ бөлініп қалыпты. Мынаған кім тиген, неге бұлай сынған?! — деп, қыздарға айқайлап жатқанымда, өз даусымнан оянып кеттім. «Өңім бе, түсім бе?»-деп, өзіме-өзім келе алмай жатқанымда, сен кіріп келіп, есімді жиғанмын.
— Әшейін ойлағандікі ғой. Кеше мен келгенде, саусағыңда сақина жоқ еді. Соны Сабыр «Қайда?»-деп сұрайды деп ойлағансың ғой, - деп өзгеге жорып қойдым.
— Сен қызықсың, үйде. Басқа қайда болушы еді?! Үйде сақиналарды тақпаймын ғой. Әне, басқа сақиналармен қоса, құтының ішінде тұр! - деп қояды ол шын сеніп.
— Мен қайдан білейін? Түс көрдім дегеннен кейін, жай айтып жатқаным ғой! — дедім мен де ақталған болып.
— Халима, ешқандай абыржып, қиналма. Қиындықсыз өмір болмайды! Бір қиындықтан өттік! Енді тағы да қателік жасап алмайық! Енді қателессек, «құрыдық» Бізді ешкім жақсы! — деп айтпайды. Болар іс болды, ертеңгі күнімізді ойлайық. Айтқан жұрт айта берсін!
— Иә, дұрыс айтасың, Сабыр. Ешкімге қиянат жасамасақ, ешкімнен жәудіреп көмек сұрамасақ, өз тіршілігіміз өзімізде, өліп бара жатқан жағдайымыз жоқ! Бір тамағымызды кешке дейін базарға шығып сауда жасасам да табамын. Қазір денсаулығым да бері қараған сияқты. Осы КамАЗ-ды қойсаңшы. Ұзақ жол жүру де оңай деймісің. Базарда менің жанымда тұратын әйелдің жиені «поливальщик» екен. Сол сен сияқты Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға емес, Қазақстанда-ақ жүреді екен. Соны рэкеттер тонап, ауруханада жатыр. Неше түрлі бәлені естиміз. Сондай-сондайды естіген сайын, зәре-құтым қалмай, сенің амандығыңды тілеп, кейде таңның атысы көз ілмейтін де кездерім болды. Қазақта бір мақал бар ғой: «Даладағы май ішеді, үйдегі қан ішді» деген. Сабыр, менің айтқанымды тыңдасаң, осы жұмысыңды қой. Қолыңнан бәрі келеді. Үйде тыныш отырып, жазуыңды жазып, жайыңа отыруға болмай ма? Жаныңа тыныштық жақпайтын қандай адамсың тегі. Баяғы сенің апаң Өзипа мен менің апам Тәттіқыз екі абысынға ұқсап, қаңғырып далада қалғың келе ме?!
Айтып отырған кісілер біздің Халима екеуміздің үлкен апаларымыз еді. Немере ағайын кісілердің келіншектері. Күйеулері соғыстан оралмай, отыз-отыз бес жас шамаларында жесір қалған.
«Абысын тату болса...» -деген сөз бар ғой, сол екі апамыз ылғи да бірге жүріп, бірге тұрған кісілер екен. Бір жаққа құтты болсын айтуға барса да, той-томалақ болса да, бірге жүреді екен. Сондай өмірінің аяғына дейін жұптары жазылмай, тату-тәтті болып өткен екен. Ол кісілердің қартайған кезеңіне дейін бір-біріне келіп-кетіп, қона жатып айтқан әңгіме-сырларын талай естіп, көрген едім. Содан қатар құрбы абысын-ажындары:
— Сендер бір-біріңді іздеумен жүріп, бір жағдайға ұшырап қалсаңдар, сендер үшін біз ұятқа қаламыз. Өзипа мен Тәттіқыз қаңғырып өліпті деген сөзге қалармыз, - деп әзілдейтін.
Халиманың сол сөзді бұрып айтып отырғаны. Ол сөздің арғы мән-жайы, қалай шыққанына өз басым әбден қанықпын.
Бұрынғылардан сөз қалмаған ғой, - деп, апам Өзипаның ылғи айтып отыратынын естуші едім. Расында, оған бұрынғылардың мына айтылған сөзі дәлел-ау. «Абысын тату болса ас көп...» - не деген керемет сөз. Ал қазір ше? Қазіргі абысындар ше? Мысалы, Мая сияқтылар. Бірін-бірі іздеу былай тұрсын, алдап-арбап алаяқтықпен өз пайдасын ойлап, сатқындық жасауы қалай? Әйтпесе Рабиғаны сондай жағдайға итермелеуге қалайша дәті барды екен?
Міне, Халиманың айтып отырғанының бәрі — шындық.
— Осы рейсті апарып келейін. Жүгін аман-есен табыстайын. Содан кейін сенің айтқаның болады! — дедім.
— Сабыр, құдай үшін солай етші! Сұранамын! — деп, Халима мені құшақтай алды.
— Жазуыңды жазып отыршы дейсің. Тақырып болмаса, не жазасың?! Жазу үшін, өзің әр нәрсені істеп, сол істеген нәрсені өз көзіңмен көріп, ия болмаса, басы-қасында болып, содан кейін барып жазуға кірісуің керек! — дедім шашынан сипап тұрып.
— Мен сені түсінбеймін, Сабыр, жоғары білімің бар! Институтты бітіргеннен бастап ауыл шаруашылық саласында қатардағы маманнан үлкен қызметке дейін көтерілдің. Одан барып тұтынушылар одағының дүрілдеп тұрған кезінде сауда саласында да жеті-сегіз жыл қатардағы сауда қызметкерінен сельпоның төрағасына дейін көтерілдің. Ол аз ба жазатын адамға?
— Халима! Бұл айтып отырғаныңның бәрі аз. Мен өзің айтқандай қызметтерде істедім, ауыл шаруашылық саласынан бастап барлық саладан өттім. Жоғары біліміміз бола тұра, КамАЗ-ды да айдадық. Сен маған КамАЗ-ды қой, саған ол қол емес, қолыңнан келетін тірлікпен айналыс дейсің. Менің топшылап түсінгенім «камазист» дегенге намыстанасың. Мен КамАЗ-да жүргелі бері, қаншама оқиғаның куәсі болдым. Қаншама жерді көрдім. Қысқасы, бір сөзбен айтқанда, «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген қазақтың аталы да қанатты сөзінің мәніне көзім енді жетті.
— Тақырыбыңды енді тапқан екенсің ғой! — деп күлді ол.
— Жоқ, бұл сұрақтың жауабын айта салуға әлі де ертерек.
Дегенмен біраз көңілге қонатындай тақырыптың бастамасы бар сияқты. Бұл бастама өзің айтқан осы КамАЗ-ға қалай отырғанымды білесің. Кеңестік үкімет ыдырап, кешегі мен сияқты желтоқсан оқиғасына қатысушылар біраз сергелдеңде болғанын білесің. Құмның жиегіне барып, кооперативтің атын жамылып, төрт жыл бой тасаланғанымызды білесің. «Азат» азаматтық қозғалысының белсенді мүшесі болғанымда да, сол үшін кейбіреулерге жақпағанымды да білесің. Дегенмен, желтоқсанның өзі барлық дүние жүзінде демократияның айғағы болып танылды ғой!
Осы оқиға жалғыз менің басымды қамтып қойған жоқ! Барлық қазақ атаулы, әсіресе, оның жас буыны — жеткіншек ұл-қыздарының көрген азабымен, тауқыметімен есте қалды.
Азаттық пен тәуелсіздікті, егемндікті аңсаған жас қауымға қарсы Орталық Кеңес Бюросының қаралау, жаламенен қоса, ұлтыш деген айдар таққан саясаты іс жүзіне асырылып, қазақ жастарын аямай жазалады.
Сол желтоқсан оқиғасына қатысушы, азаттықпен елдің егемендігін аңсаған Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира сынды қайраткерлер бірінші болып жазалаушылардың тырнағына ілігіп, жаланың құрбаны болды емес пе?! Бір ауылда өскен Тайжұманов Жамбыл, тағы басқалары 10-15 жылға сотталды. Осылайша қазақ жастарына жаппай қиямет пен қиянат күні туып, ауыр хал кешті емес пе?!
Халима, мен желтоқсан қайраткерлерінің көбімен араласып, олардың біразын танитынымды білесің. Солардың бәрі отаншыл азаматтар еді. Олардың қай-қайсысы болсада бұл атқарған тірлігін ешкімге де міндет етпейді және де бұл біздің «парызымыз» деп санайды. Ал Қайрат Рысқұлбеков — менің жиеншарым. Әкесі Ноғайбайдың анасы Насипа — әпкеміз. Насипа мен сенің анаң Райкүл ағайынды кісілердің қыздары екенін білесің. Менің әкем, сенің анаң, Қайраттың анасы бәрі — Қырғызбайдан тарайды. Әйтеуір Қайрат еліміз егемендігін алғаннан кейін, Республикамыздың тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «Халық қаһарманы» атағын алды.
Тайжұмановта біраз уақыттан кейін ақталды.
Міне, тәуелсіз ел егеменді болғанда, жаңаша жаңа талаппен қоғам құру керек болды. Осы қоғамның бір саласы нарықтық экономика еді. Нарықтық экономика саласын дамытып, өркениетті ел болу үшін, дәл менің Кеңес үкіметі тұсындағы біліміммен қоса тәжірибем жеткіліксіз болып табылып, оны өзімде мойындадым. Мен сияқтылар қаншама еді. Біздің су қараңғы соқыр болып артта қалғанымыз соншалықты — басқа алдыңғы қатарлы мемілекеттердің күнделікті іске пайдаланып жүрген электроника, компьютер саласын меңгеріп, ол құралмен жұмыс істеген емеспіз. Атының өзін бірінші естігенде: «Ол не нәрсе?» дегенбіз. Біздің құралымыз әшейін есепшот тұғын.
Басқа қызметке білім де, шама-шарық келмейтін болған соң, КамАЗ-ға отырдық та «Сапар жолын» бастадық. Бастан кештік.
Кеңес өкіметінің тұсындағы алған білім тек машина жүргізтуге жеткілікті болғаны ғой сонда. Оның өзіне де құдайға шүкір! — деп бір күліп алдым.
Қызды-қызды әңгімемен жолға шығатын уақыттың да жақындағанын байқамаппыз Халима екеуміз жолға керекті заттарды жылдамдата жиыстыра бастадық.
Алда ұйқысыз түнменен қоса, қиыншылығы көп күндер, ұзақ жолдар, асқар асулар, ата-бабамыз болып көрмеген қаншама елді мекендер мен жаңа жерлер күтіп тұрған тұғын.
Ия, алдымызда сапар жолы...
Степногорск қаласы, 1998 ж.
Бірінші кітаптың соңы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter