Әңгімелер ✍️
КЕЛЕСІ БЕКЕТ – БАКУ
Түркістандағы соңғы әрекеті де сәтсіздікке ұшыраған Мұстафа Шоқай сүйікті отанынан жыраққа шығып, теңіздің
арғы жағына орналасқан Баку шаһарын бетке алды. Ол осылай-ша мұғажырлық жолды саналы түрде қалап алып, жаңа заманның мұғажыры болды.
Мұстафа өз еңбектерінде жиі қолданған «мұғажырлық» деген не, «мұғажыр» деген кім? Ол қандай мағына береді? Мұғажыр, дәлірек айтқанда мұхажир — «хижрет етуші» деген мағына беретін араб сөзі. Біздің ұғымымызда оның «эмигрант» сөзінен аясы кеңірек. Мұғажыр өз елінен, туған жерінен зорлықпен, күштеп шеттетілген адам. Сонымен бірге ол — залымдық пен зұлымдыққа төзбей, ба-сыбайлы малайлыққа көнбей, бостандығы үшін жат жұртқа сана-лы түрде қоныс аударуға мәжбүр болған табанды тұлға. Мұғажыр — азаттықты, соның ішінде әсіресе, рухани тәуелсіздікті басты нысана етіп алған.Мұғажырлық,яғни хижретАдам атамен бірге басталған.Ал мұғажырлардың көш бастаушысы — ол Меккеден Мәдинаға қасіретті де қасиетті сапар шеккен Хазіреті Мұхаммет пайғамбар (с.ғ.у.). Со-нымен қатар, ұстанған діні үшін отанын тастап, Меккеден Мәдинаға үдере көшуге мәжбүр болған сахабалар да «мұхажир сахабалар» деп аталады.
Мұғажыр — қарақан басын күйттеп бас сауғалаған қашқын емес, ақиқат үшін арпалысқан, ұлы мақсат жолында жанын беруге әзір азаттық жауынгері, күрескер азамат. Сондықтан, қалтқысыз сүйген халқымен ақ жолда қайта қауышуды аңсаған оның көші — елге тек толық жеңіспен ғана оралуды көздейтін ымырасыз, бітіспес көш. Мұғажыр Мұстафаның да мұраты — тәуелсіз, тұтас Түркістанға қайта оралу болатын. Ол осы мақсатта Ұлттық орталықтың тапсырмасын орындап, үлкен міндетті жүзеге асыру үшін шет елге кетті. Ал осын-дай жолды ұстанған жүректі жанды «босқын» деуге бола ма? Тағдыр тәлейімен шет елге кеткен азаматтарымызды «саяси босқындар» деп атап жүрміз. Шын мәнісінде «бей–берекет босып кеткен», «басы-мен ауып кеткен» деген мағыналарға келіңкірейтін, тіпті «қашқын» сөзімен төркіндес жатқан «босқын» сөзінің аясына Мұстафа Шоқай сынды арысымыз сия қояр ма екен?
Орыс тілін және ағылшын, француз, неміс тілдерін еркін тілдерін еркін меңгергеніне қарамастан Мұстафа Шоқайдың төл еңбектерінен «эмигрант» сөзін кездестірмейміз.Бұл сөзді ол орыс және шеттілдерде жарияланған еңбектерінде ғана қолданған. Шоқайдың өз тілінде жазған еңбектерін, әсіресе «Иені Түркістан» мен «Яш Түркістан» журналдарын зерттеу барысында біз оның «мұғажыр» сөзіне ерек-ше мән бере тоқталғанына куә болдық. Сондықтан, Түркістанның тәуелсіздігін мұрат тұтқан Мұстафа Шоқайды өз сөзімен «мұғажыр» деп атауды жөн санадық.
Тәуелсіз Әзірбайжанның астанасында келген бетте мұғажыр Мұстафа мен серігі Вадим Чайкин үкімет басшыларымен, ел зия-лыларымен байланыс құрып, пресс-конференция ұйымдастырып, Түркістанда орын алған қайғылы оқиғалар жайында баяндады. Бұл кезде Әзірбайжан ұлттық үкіметін кейінірек Шоқайдың жақын до-сына айналған Мехмет Емин Расулзаде басқарып тұрған болатын. Сонымен қатар, Мұстафа Әзірбайжан ұлттық мәжілісінің төрағасы, көрнекті қоғам қайраткері, барша түрік халықтарының тәуелсіздігі мен ортақ тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп, күреске түскен Алимар-дан Топчыбашев бекті де Петербургта жүрген кезінен, Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясынан бері жақыннан танитын еді. Ескі достар тез табысты. Шоқайдың мектепте бірге оқыған досы Сергей Ковалевский де Бакуде екен. Ол Бакудегі жағдайды біршама білетін болып шықты. Осылайша, Мұстафа мен Вадимнің таныстары күннен-күнге көбейіп, қала өмірімен етене араласа бастады.
Алайда, Әзірбайжан мемлекетіндегі сол кездегі саяси ахуал тұрақсыз еді. Әуелі большевиктердің қолына өтіп, кейін османлы және ағылшын мемлекеттерінің ықпалына көшкен Бакуде ұлттық үкімет әлсіз болатын. Мұстафа Шоқай мұның себебін тез түсінді.
Шоқай Әзірбайжанға табан тіремей тұрып, дәлірек айтқанда 1918 жылы Османлы мемлекетінің әскерлері Бакуді бағындырған еді. Билікке келгелі бері ұлы Тұран мемлекетін құруды қиялдап жүрген Әнуар пашаның қалаға кіруінің алдында ғана араларында Шаумян, Чапаридзе, Азизбеков, Везиров бар Бакулік 26 комиссар тұтқыннан босатылып, «Түрікмен» деп аталатын кемеге отырғызылып, Астраханға жөнелтілген болатын.Алайда,Красноводскіде тоқтатылған кемеден түсірілген комиссарлар ағылшындардың қолдауына сүйенген солшылдар тарапынан өлтірілді. Бұл оқиғаны сыныққа сылтау жасаған большевиктік билік «ұлы төңкеріс үшін төгілген жолдастардың қаны сұраусыз қалмайды» деген ұранмен, жаппай кек алуға шақырды. Баку — большевиктердің басты нысанасының біріне айналды.Ал, жағдайды ушықтырып, солшылдарды желіктірген ағылшындар болса, соғыс жылдарында Алманиямен одақтас болған Османлы мемлекетінің Әзірбайжан жеріне иелік етуіне көз жұмып қарай алмайтынын танытты. Олар үшін Иранмен шекаралас жатқан Әзірбайжан мұнайға бай әрі стратегиялық ел ретінде көптен бері көз құртына айналған еді. Дегенмен, «ұлы державалардың өзара келісіміне орай» Әзірбайжан Ресейге тиесілі ел болатын. Сондықтан, Ирандағы ағылшын күштерінің басшысы генерал В.М.Томсон Осман-лы әскерлерінің бір аптаның ішінде Бакуді, ал бір айдың көлемінде бүкіл Кавказды тәрік етіп шығуын талап етті. Оның үстіне, ағылшын генералы Османлының көмегіне сүйенген ұлттық Әзірбайжан Рес-публикасын да танудан бас тартты.
Расында, 1918 жылы 17 қараша күні Бакуге басып кірген Том-сон қалаға кірген бойда Әзірбайжан мемлекетінің жасыл, қызыл және көк түсті ұлттық байрағын түсіріп, бұдан былай өзінің Бакудің қожайыны болатынын мәлімдеді. Лепіре сөйлеген ол жиналған көпшілікке патшалық Ресейді мақтай келіп, одақтастардың ендігі жерде Ресейді қайта тұрғызып, оны әлемдік саясат сахнасындағы ор-нына отырғызатынын айтты.Оның меңзеп тұрғаны,әрине,патшалық Ресейді қайта жандандыру болатын. Оның үстіне, бұл кезде «біртұтас, бөлінбейтін Ресей» деген ұран көтерген генерал Деникиннің әскері де армяндарға көмек көрсету үшін Бакуді нысанаға алған еді. Көршілес жатқан армяндар да ұлттық үкімет үшін үлкен қауіп тудырды. Күдік ұлғайып, ел ішін үмітсіздік жайлаған 1919 жылдың көктем айларын-да монархист Деникиннің армиясы Дағыстанды бағындырып, Бакуге таяп келді.
Еуропадан көмек алу үшін Версаль келісім конференциясына үміт арқалап аттанған, құрамында Алимардан Топчыбашев, Ахмет Ағаев, Жейхун Хажыбейлі сынды танымал тұлғалардың қажырлы еңбектері де нәтижелі бола қойған жоқ. Өйткені, өзі де Версаль конференция-сына жеделхат жіберген Мұстафа Шоқайдың көзі жеткен ақиқат бойынша, одақтастар үшін аз ұлттардың, соның ішінде мұсылман түрік халықтарының тағдыры түкке тұрмайтын еді. Олардың барлық мүддесі бөлінбейтін, біртұтас Ресейді қайта қалпына келтіру жо-лында тоғысқан еді. Сондықтан, ағылшындардың түпкі ниетін Аш-хабадта біліп алған Шоқай Әзірбайжанға қауіп төнгенде олардың көмек көрсететіне сенбейтін. Ал, ағылшындарды жек көретін Вадим Чайкин болса тіпті Бакулік 26 комиссардың өліміне қатысты зерттеу жұмысын жүргізе бастады. Ол осы оқиғадағы шындықтың бетін ашу үшін куәгерлермен кездесіп,түрлі құжаттар жинап жүрді.
Шынында да Шоқайдың айтқаны келді. Генерал Томсон 1919 жылы мамыр айында Бакудегі ұлттық үкіметке Әзірбайжанды тастап кететіндерін, сонымен қатар, ағылшындардың орнын бұдан былай италиялықтардың басатынын жеткізді. Солай болды да. Ал Әзірбайжан жеріне табан тіреген Италияның қуаты белгілі бола-тын. Олар мұнда көп тұрақтай алған жоқ. Нәтижесінде, қорғансыз Әзірбайжан мемлекеті қаумалаған оттың ортасында қалды. Өшіккен большевиктер мен ентелеп, ел шекарасына жақындай түскен Дени-кин армиясына қарсы тұрарлық қауқары жоқ Әзірбайжан ұлттық үкіметі ертеңгі күніне алаңдап, шарасыз ғана ақырын күтті. Оның үстіне қаладағы жұмысшылар ереуілдеп жатты. Мұның бәрінен өткен сорақысы — Бакудің халқы теріскейден төніп келген қауіптің қара бұлтын сезінбей, алаңсыз өмір кешіп жатты. Сұрапыл дау-ыл алдындағы уақытша тыныштыққа алданған аристократтар сән-салтанат құрып, мереке-думанға бой алдырды. Тіпті, Мұстафа Шоқайдың артынан іле-шала, дәлірек айтқанда 1919 жылдың сәуір айында Бакуге келген Мария Шоқай қаланың мамыражай өміріне таң-тамаша қалып, алған әсерін былай жеткізген еді: «...Бұл жерде адамдар құмар ойынына берілген, енді бір жерлерде адамдардың большевиктерден қандай азаптар шегіп жатқаны олардың қаперіне де кірмейді. Бір елдің ішіндегі жаугершілік адамның санасын оятса керек еді, алайда ол байқалмайды. Бұны ойлап бас қатырып жатқан ешкім жоқ».
Қайшылыққа толы осы жайттарды жіті аңғарған Мұстафа Шоқай мен Вадим Чайкин Бакудегі Грузия Республикасының тұрақты өкілімен байланыс жасайды. Бакудегі Полиция көшесінің бойындағы үйге орналасқан Грузия Республикасының тұрақты өкілі Н.Я. Кар-цевадзе өте кішіпейіл, мәдениетті жан болып шықты. Карцавидзе-ден Грузия мемлекеті туралы жан-жақты мәлімет алған екі дос енді барлық жағдайды орнында көру керек деп шешті. Осылайша Вадим Чайкин тәуекел етіп, Грузия мемлекетіне аттанып кетті. Шоқайдың сенімді серігіне айналған Вадим Чайкин бұл кезде Түркістан Құрушы мәжілісін жинау комитетінің мүшесі әрі ұлттық орталықтың шетелдегі ұйымының хатшысы болып қызмет атқаратын еді. Көп уақыт өтпей Тифлисьден Шоқайға хат келді. Чайкиннен келген хатта Грузияда жұмыс жасаудың тиімді екені баяндалған екен. Осылайша жан-жақты зерттеуден кейін толық көзі жеткен Мұстафа Шоқай ендігі жерде Бакуде көп уақыт өткізуді жөн санамады. Ол 1919 жылы 18 нау-рыз күні қайтадан Н.Я. Карцевадзеге барып, өзіне куәлік жаздырып алды.Аталмыш куәлік былай деп жазылған еді:
«Предъявитель сего г. Мустафа Чокаевъ, Председатель Комитета по созыву Туркестанскаго Учредительнаго Собрания следуетъ въ гор. Тифлисъ.
Прошу все военные и гражданские чины Республики Грузии не чинить означенному лицу никакихъ препятствие при следовании по территории Республики.
При немъ имеется револьверъ системы «Наганъ» за №23191». Куәлік қолына тигеннен кейін,Мұстафа Шоқай Грузия мемлекетіне
жету үшін жолға шықты.
...Арада бір жылдан астам уақыт өткеннен кейін Әзірбайжан мемлекеті тәуелсіздігінен айырылды.Кавказдағы генерал Деникиннің әскерін ойсырата жеңген қызылдар 1920 жылы 27 сәуір күні Бакуге келіп кірді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter