09.05.2023
  178


Автор: Дархан Қыдырәлі

ТҮРКIСТАННЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIГI ЖОЛЫНДА

Түркістанда мұхтарият, яғни автономия жариялау туралы та-лаптар күннен-күнге күшейе түсті. Ал бұл кезде халықтың


талабына орай әрекет жасау үшін бір жол ғана қалған еді, ол да «мұсылмандар одағын» құру арқылы осы одақтың аты мен байрағы астында бірлесіп, әрекет ету болатын. Уақытша үкімет келме-ске кетті. Ташкент қаласында жиналу Ұлттық орталық мүшелері үшін мүмкін емес. Ол жерде Мұстафаның қонақ үйдегі бөлмесіне күніне бірнеше рет қарулы орыс әскерлері келіп, кетіп, оны үздіксіз бақылауға алған болатын. Сондықтан Ташкенттен басқа қалада одақ құрып, әрекет етуден басқа амал қалған жоқ еді. Сондықтан қарашаның бірінші күні Мұстафа екі жолдасымен Самарқанға барды. Бұл жерде олар жергілікті тұрғындардың құлаған Уақытша үкіметтің басшылығындағы     ешқандай     қозғалысқа     қосылмайтынын     жете түсінді. Артынша Самарқаннан Ферғанаға келді. Бұл жерде де жағдай тап солай болатын: құлаған өкіметке жақ бір де бір мұсылман жоқ еді. Сондықтан Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінде қызмет арқарған кезінде жиған азды көпті тәжірибесі Мұстафаға Уақытша үкіметінің қорғаушысы әрі жақтасы ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Халық қолдамаған комитет жұмысының алға баса қоймасын ол жақсы түсінді.


Қараша айының ортасына таман «Улема жамиғаты» тарапынан құрылтай шақырылды. «Улема жамиғаты» тарапынан 12–15 қараша күндері Ташкент қаласына шақырылған құрылтай туралы «Шура-и ислам» ұйымының мүшелері кеш құлағдар болды. Оның үстіне, бұл кезде олар большевиктер билікке келген Ташкенттен көшіп, Қоқан қаласына орныға бастаған еді. Сондықтан, ұлттық кеңес мүшелері бұл жиынды құрылтай деп танудан бас тартты. Дегенмен, Түркістан шаһарынан келген делегат Имамберді Ержігітовтың ұсынысы бойын-ша жиынға арнайы шақырылған Мұстафа Шоқай Ташкентке келіп, мәжіліс жұмыстарына қатысып, сөз сөйледі. Мұстафа өз сөзінде елде большевиктердің билігі орнағанын, алайда большевиктердің билігін мойындамау керектігі туралы айтты. Ол ендігі жерде Түркістандағы бүкіл мұсылмандардың бірігіп, большевиктік үкіметтің де үстінен қарайтын үлкен бір одақ құру туралы ұсыныс түсірді. Мұстафаны қолдап     сөйлеген  Мирадил   Мырзахметов,        мұсылмандарды большевиктердің билігін танудан бас тартуға, олармен ымыраға кел-мей, жұмыс істей беруге шақырды.


Жиыннан кейін Қоқанға қайтып кеткен Мұстафа іле-шала Ташкенттегі Түркістан атқару комитетінің мүшесі Барановтан теле-грамма алды.Мұстафаның сөзін естіген большевиктер оны «маңызды келіссөз» үшін Ташкентке шақырған екен. Телеграммада Мұстафаға толық еркіндік берілетінін де қоса жазыпты. Жолдастарымен ақылдасқаннан кейін Мұстафа большевиктерге баруға бел байлап, Жаңа Марғұланнан жолға шығып,Ташкентке келді.Бұл жерде күтпеген жағдайда, оны жақсы қарсы алды. Бұдан бірнеше күн бұрын Уақытша үкімет комитеті орналасқан ескі Түркістан генерал губернаторының сарайына шақырды. Бұл жерде Мұстафа жаңа үкімет мүшелерінің бірнешеуін көріп, сұхбаттасты. Олар жаңа үкіметке жергілікті мұсылмандардың уақытша алынбауы жөнінде қаулы қабылданғанын, алайда,ерекше жағдай болғандықтан,Мұстафаны үкіметке мүшелікке қабылдайтынын айтты. Тіпті, Баранов оған «жаңа үкіметтің басшысы болуыңыз да әбден мүмкін. Мұсылман комитетінің төрағасы ретінде сіз бізге орасан зор көмек көрсете аласыз» деді. Әрине, жасалған ұсыныс кісі қызығарлық болып көрінгенімен, большевиктердің ай-лаларымен жете таныс Мұстафаның мұсылмандарды мемлекет басқарудан аластау негізінде құрылған үкіметке жылы шырай білдіре қоюы мүмкін емес еді.


Кездесу ұзаққа созылмады. Большевиктерге рахметін айтқан Мұстафа Ташкентте көп тұрақтамай,қайтадан Ферғанаға қарай жолға шықты. Дегенмен, ол осы кездесуден бірнеше ой түйіп қайтты. Ең бастысы — шовинистер мен надан, ымырасыз топтан құралған жаңа үкіметпен келісімге келу қиын екен. Екіншіден, үкімет құрамының ала–құлалығы көзге ұрып тұр. Сондай-ақ, Ташкенттегі көптеген орыс топтарының оған қарсы пиғылда екені де белгілі болып қалды.Демек,большевиктердің айтқандарына сенбеу керек және жергілікті халық пен жаңа үкіметке наразы топтарды бірлестіріп, одақ құру керек.


Осыған орай, Мұстафаның басшылығымен Жаңа Марғұлан қаласында өткен «өлкелік мұсылмандар кеңесі» кеңсесіндегі жиын-да Бүкілтүркістандық мұсылмандардың жалпы құрылтайын шақыру туралы шешім қабылданды. Өйткені, сол аласыпыран күндерде саяси мәселенің аумалы-төкпелі жағын реттеп, тұрақтандыратын жалғыз ұйым — осы құрылтай болатын.


Дегенмен, құрылтай шақырып жатқан топтың саяси жағдайы, ұстанымы мен құрылатын үкімет туралы пікірлері әрқилы болатын. Көпшіліктің пікірінше, үкімет билігі толықтай жергілікті халықтың қолына өтуі тиіс еді. Пікірталас нәтижесінде бұл мәселеге байланысты әзірше шешім қабылдамай, құрылтайда қарау ұйғарылды. Сонымен, жан-жаққа телеграф арқылы хабар жіберіліп, шақыру қағаздары та-ратылды. Құрылтай 26 қараша күні Қоқан қаласында жиылуы тиіс болатын. Құрылтайдың ашылуына дейінгі бірнеше күнді Мұстафа мен серіктері құрылтайдың күн тәртібі мен бағдарламасын жасаумен өткізді.


Құрылтай үшін Қоқан қаласының таңдап алынуы да кездейсоқ шешім емес еді. Ташкент түгелдей дерлік қарулы орыс жұмысшы және әскерлерінің ықпалында еді, Уақытша үкімет таратылған соң, қала большевиктердің қолына өткен болатын. Бұл оқиғалар кезінде Ташкенттегі Түркістан Ұлттық орталығының мүшелері әрең дегенде қашып құтылғандықтан, қалада құрылтай өткізу тіпті де мүмкін емес еді. Ал Қоқан қаласы Түркістан өлкесінде өндірісі дамыған Ташкент-тен кейінгі ірі қаланың бірі болатын.


Осылайша облыс және аймақтық ұлттық ұйымдардың жетекшілері мен басқа да ұлттық топтардың белсенді мүшелері шұғыл түрде Қоқан қаласына шақырылды. Мұстафаның басшылығындағы топ күн сайын жиналып, құрылтайға дайындалып жатты. Оқиғалардың одан әрі өрбуіне әсіресе екі ұйым қатты ықпал етті. Бұлар «Шура-и ислам» мен «Улема жамиғаты» қоғамы еді. Аймақтардан келгендер болса өз пікірлерінде табан тіреп, тұрып алды. Олар осы мүмкіндікті пайдаланып Түркістан өлкесін тәуелсіз мемлекет деп жариялау-ды ұсынды. Тіпті, кейбір өкілдер егер толық тәуелсіздік жариялан-баса, онда ел ішінде наразылық туындап, оның арты көтеріліске ұласып кетуі мүмкін деп айтты. Алайда, Мұстафа мен Убайдулла Хожаевтың көзқарасы бұдан басқалау еді. Олар тәуелсіздік яки ав-тономия мәселесінде асықпауды ұсынды. Өйткені, Түркістанның қалаларында тұрған әскерлер арасында түркістандық жергілікті әскер жоққа тән болатын. Ал, төңкерісшіл орыс әскерлері болса, жергілікті мұсылмандарға жаулап алынған жерлердің тұрғындары ретінде қарауға үйреніп қалған еді. Жергілікті ұлт өкілдері арасын-да жұмысшылар да аз болатын. Орыс жұмысшылары оларға «бодан құлдар» деп қарайтын. Осы жұмысшы және әскерлердің өкілдерінен құралған Түркістан Кеңес үкіметінің жергілікті мұсылмандардың еркін ел болуына көз жұмып қарай алмайтыны да бесенеден белгілі еді.Бұл жағдай кеңес үкіметінің мұсылмандарға қарсы және жергілікті халықтың дұшпаны ретінде отаршылдық пиғылын ашық аңғартқан еді. Сондықтан, қолында мылтығы жоқ әрі әскери дайындықсыз ұлттың қарулы орыс жұмысшылары мен әскерлеріне қарсы күресуі мүмкін емес еді.


Әрине, ертеңге деген үміт, келешекке сенім және берік иман — ұлттық күреске бел байлап кіріскен тұлғалар үшін аса қажетті қасиеттер. Дегенмен, жалғыз сеніммен ғана толық жеңіске жету тағы мүмкін емес. Жеңіске түбегейлі жету үшін жоғарыда аталған қасиеттермен бірге білім және күш-қуат қажет. Техниканы, жаңа қару жарақ түрлерін меңгеру абзал. Олай болмаған жағдайда жариялай салған автономияны сақтап тұру қиынға түспек.


Осылайша ой толғаған Мұстафаны автономия мәселесінде асықпауға итермелеген екінші бір себеп — қазақ сахарасын-да қайнап жатқан саясат қазаны еді. Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш серкелері Ресейден ірге ажыратып, автономия жариялайды ма? Ол автономияның түрі қандай болмақ? Алаш автономиясы тұтас Түркістан аясында бірігу туралы ұсынысқа қалай қарайды? Алашпен бірікпеген жағдайда және Түркістандағы жаңа үкіметке қарсы орыс топтарымен ымыраласпаған жағдайда Түркістан автономиясының күйі не болмақ? Міне, Мұстафаны осындай ойлар мазалаған еді.


Мұстафа мен Убайдулла Хожаев бірігіп жасаған ұсынысты өзге өкілдер қабылдамай тастады. Олар тәуелсіздікті қолдап, тұрып алды. Бұқара халық үшін де «тәуелсіздік жариялау» әлдеқайда түсінікті әрі өткір мәселе болып табылатын. Колесов — Успенский басшылығымен Ташкентте құрылған Кеңес үкіметінің негізгі сүйенер күші ішкі Ре-сейден келген орыс әскерлері мен Түркістанды тартып алған қоныс аударушылары еді. Оның үстіне, үкіметтің өзі де орыстардың ең оңбағандары мен қасиетсіздерінен құралған еді. Міне, осындай жағдайда Ташкенттегі төңкерісшіл үкімет пен ұлттық орталықтың келіссөздер жүргізіп,ортақ мәмілеге келуі мүмкін емес еді.Ұзақ әрі да-улы пікірталастан кейін, Түркістанды «автономиялы өлке» ретінде жа-риялау жөнінде құрылтайға ұсыныс беру туралы шешім қабылданды.


 


Расында         Ташкенттегі          зорлықшыл         үкіметпен         жүргізілген келіссөздер нәтиже бермеді. 25 қараша күні               Қоқан қаласына Түркістанның түкпір-түкпірінен өкілдер келді. Құрылтай 26 қараша күніне кейін шегерілді. Өйткені, құрылтай жұмысын жүргізу үшін мықты бағдарлама даярлау қажет болды. Сондықтан, алғашқы күні Мұстафа мен серіктері жан-жақтан келген өкілдермен жеке-жеке кездесіп, пікірлесті. Пікірлесу нәтижесінде жиылған көпшіліктің «Түркістанның тәуелсіздігін» күтіп жүргені белгілі болды. Сонымен қатар, Түркістанда «әмірлік жариялау керек» деп жүргендердің де бар екенін белгілі болды. Бұлар «Улема жамиғаты» қоғамының мүшелері еді. Бұлардың пікірінше, Түркия — Османлы ханзадаларының бірін Түркістанға шақырып, оның таққа отырғызылуы керек екен. Сондай-ақ, бұқара халық арасында «хан тұқымы —төрелерге» бағыну керектігін айтқандар да жоқ емес еді. Әлбетте, бұлардың барлығы да тек сөз жүзінде ғана болатын.


Дегенмен, Мұстафа Шоқай мен жолдастарының қажыр қайраты арқасында Түркістанның тұтастығын қалайтындардың саны күн өткен сайын арта түсті. Ғұламалар қоғамы келісімге келді. Шарт бойынша қоғам жетекшісі Серәлі Лапин автономиялық үкіметтің «Уақытша Ұлттық мәжілісіне» төраға болып сайланатын болды. Со-нымен қатар, түркімендердің де Түркістанның тұтастығына ниеттес екені белгілі болды. Большевиктерді жек көретін орыс жұмысшылары мен шаруаларының бір бөлігі де өздерінің автономия төңірегінде топтасатындығын мәлімдеді.


Қазан айының соңына қарай дайындық жұмыстарына бастаған Түркістан мұсылмандарының ІV өлкелік төтенше құрылтайы 26–28 қараша (8–10 желтоқсан) күндері арасында Қоқан қаласында болып өтті. Құрылтайға Ферғана облысынан 150, Сырдария облысынан 22, Самарқанд облысынан 21, Закаспий облысынан 1, Бұхарадан 4 өкіл қатысты. Түркістан уәлаятының барлық облыстарынан делегаттар келген құрылтайға сондай-ақ, Жетісу облысынан да өкілдер қатысты. Өкілдердің басым көпшілігі «Улема жамиғаты» қоғамы мен «Шора-и ислам» ұйымының мүшелері болғанмен,құрылтайға қатысқандар ара-сында мұсылман әскерлер одағы мен жергілікті еврей және азшылық ұлттар ұйымдарының да өкілдері бар еді. Құрылтай делегаттардың жалпы саны 250 барып жығылды.


26     қараша     (9     желтоқсан)     күні     бүкіл     түркістандықтардың төтенше құрылтайы салтанатты түрде ашылды және бұл құрылтай халықтың шынайы пікірін білдірді. Сол күні сағат 12-де Мұстафа Шоқай құрылтай жиналысын сөз сөйлеп, ашты. Шоқай делегаттарға жиналысты құрылтай немесе кезекті жиналыс ретінде өткізу тура-лы дауысқа салуды ұсынды. Сонымен қатар құрылтайдың 10 баптан тұратын күн тәртібі анықталды.


Құрылтай кеңесіне ашық дауыспен Мұстафа Шоқай, Убайдул-ла Хожа, Абиджан Махмуд, Хидаетбек Юргули Ағаев, Саломон Герд-цфельд, Шаһислам Шахиахметов, Әбдірахман Оразаев, Камал қазы, Серікбай Ақаев, Абдул Бадин, Кішкенбаев, Пилиев және Кәрімбаев сайланды. Құрылтайды Мұстафа Шоқай басқарды.


Ташкенттегі большевиктер құрылтай басталғанда үлкен әбігерге түсті. Өйткені құрылтайға жиылған өкілдердің сөздері мен баянда-малары ашу-ызаға толы әрі өткір еді. Олардың арасында жаңа үкімет пен орыс әскерлерінің жасаған зұлымдықтарын ашына айтқандар да болды. Сондықтан жаңа үкіметтің өкілі Полтарацкий құрылтайды Ташкенттегі Совнарком атынан құттықтап,өздерінің де Түркістанның автономия болғанын қалайтынын жеткізді. Алайда жиынға қатысып отырғандар оның саяси қулықпен айтылған сырғанақ сөздеріне сен-ген де жоқ.


Құрылтайға жиналған халық өкілдерінің шешімімен, Түркістан өлкесін «Ресей федеративтік республикасының автономиялы өлкесі» деп жариялау туралы ұсыныс көпшілік дауыспен қабылданды. «Түркістан мұхтарияты» деген қарарға ғұлама қоғамының мүшелері де қосылып, өз тілеулестігін білдірді. Қарарға екі өкіл ғана қарсы дауыс берді. Соның бірі кейіннен шаһарды қорғауға келген Чаны-шев деген кісі еді. Дауыс беру аяқталғаннан кейін Мұстафа Шоқай «Түркістан автономиясын жариялау» туралы құрылтай шешімін оқыды. Осы сәтті бүкіл өкілдер ерекше қуанышпен қарсы алды. Құрылтай қарары оқылған сәтте бүкіл өкілдер тік тұрып тыңдап, ал, оқылып біткенде «Жасасын Түркістан мұхтарияты!» деп, ұрандар жаңғырығып кетті. Көптеген кісілер тіпті, қуаныштан жылап тұрды. Тек мұсылмандар ғана емес, жергілікті жөйттер де басқа өкілдерді құттықтап, құшақтасып жатты. Осылайша құрылтай «Түркістан авто-номиясын» салтанатты түрде жария етті.


Құрылтайдың соңғы күні бүкіл демократиялық шарттарға сәйкес, Түркістан халық қалаулыларының құқы жөнінде ар-найы қаулы қабылданды. Бұл қаулы бойынша 54 кісіден тұратын Түркістан Уақытша кеңесі мен 12 кісіден тұратын Түркістан Халық кеңесі мүшелерінің дербес құқы қамтамасыз етілді. Мүшелердің біріне жасалатын қиянат бүкіл 10 миллиондық Түркістан халқына жасалған әрекет болып табылды. Құрылтай, өз өкілдерінің қасиетті құқын қорғауды халыққа сеніп тапсырды. Сол кезде Самарқаннан келген өкіл сөз алып «Түркістанның жері — біздің тәніміз, оның азат үкіметі — біздің қанымыз! Кім де кім бұл екеуіне тиер болса — біздің тәніміз бен қанымызға тиген болып табылады. Біз бұған жол бермейміз!», — деді. Көпшілік дуылдатып қол соғып, шешеннің сөзін қуаттап жатты.


Жалпы құрылтайда төмендегі мәселелер шешімін тапты: Түркістан мұсылмандарының төртінші төтенше құрылтайы Түркістан өлкесінде өмір сүретін халықтардың қалауы бойынша, ұлы Ресей төңкерісі та-рапынан берілген негіздерге сүйене отырып, федерация негізінде құрылған     Ресей     республикасымен     бірге     болатын     Түркістанды жергілікті мұхтарият яғни «территориальный автономия» деп жа-риялады. Бұл автономияның тез арада құрылып, қалыптасуын жақын арада     жиналатын бүкіл Түркістан халқының «Учредительный со-браниясына» тапсырды. Сонымен қатар мәжіліс Түркістан өлкесінде азшылық болып табылатын ұлттар мен ұлыстардың құқықтарының барлық жағынан қорғалуын салтанатты түрде мәлімдеді.


Түркістан автономиясын жариялаған Түркістан мұсылмандарының төртінші төтенше құрылтайы сонымен қатар Халық кеңесі мүшелерін сайлады. Халық кеңесі мүшелерінен 36 түркістандық, 18-і өзге ұлт өкілдері еді. Түркістан халық кеңесіне ашық дауыспен Серәлі Лапин (кеңес төрағасы), Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев, Махмуд Қожа Бехбуди және тағы басқалары сайланды. Осылайша құрылтай өз жұмысын аяқтады.


Құрылтай біткеннен кейін жиылған Халық кеңесінің ішінде үкімет құру мәселесіне орай қайшылықты екі пікір туындады. Құрылтайға басшылық жасаған Мұстафа мен Убайдулла Хожаев орталық комитет сайлап, уақыттың талабына сай жаңа үкімет құру ісін сол комитетке беру қажеттігін айтты. Ал, қалған мүшелер болса, тікелей «Түркістан үкіметін» жасақтау керек екенін алға тартты. Бұл мәселеде табан тіреп, тұрып алғандардың бірі, әсіресе Түркістан еврейлерінің өкілі Саломон Гердцфельд еді. Көпшілік болғасын, олардың айтқаны бол-ды. Соған байланысты, Мұстафа Шоқай мен Убайдулла Хожаев екеуі қайта сөз алып, өздерін үкімет мүшелігіне енгізбеуін өтінді. Өйткені, олар үкімет деп аталған құрылымның шынайы үкімет сияқты жұмыс істеуін қалаған еді. Бұған керісінше, үкіметтің жұмысын атқара білу үшін олардың қолында жағдай да, мүмкіншілік те жоқ болатын. Сондықтан, Мұстафа мен Убайдулла «күш-қуаты жоқ үкімет мүшесі болғанша, үкіметтің тысында қалып, автономияның пайдасы мен өркендеуіне әлдеқайда көп үлес қосамыз» деп есептеді.Алайда,халық кеңесі Мұстафа мен Убайдулланың тілегін қанағаттандырмады.


 


Керісінше, екеуін де үкіметке мүшелікке өткізумен тынбай, ең жауапты қызметтерге тағайындады. Нәтижеде Түркістан автоно-миясы Уақытша үкіметіне мына кісілер сайланды: Үкімет басшысы және Ішкі істер министрі — Мұхамеджан Тынышбайұлы, Түркістан Ұлттық Кеңесінің төрағасы және Сыртқы істер министрі — Мұстафа Шоқай, Үкімет басшысының орынбасары және Қаржы министрі — Шаһислам Шахиахметов, Ішкі істер министрінің орынбасары, қаңтар айынан бастап Ішкі істер министрі — Әбдірахман Оразаев, Қорғаныс министрі — Убайдулла Хожаев, Халық ағарту министрі — Насыр Хан төре, Әлеуметтік істер министрі — Мирадил Мырзахметов, Ауыл шаруашылығы министрі — Хидает бек Юргули Ағаев, Азық-түлік министрі —Абиджан Махмуд және Азшылық ұлт өкілдері министрі — Саломон Гердцфельд.


Елдегі биліктің негізін қалаушы да, қорғаушы да халықтың өзі екендігін анықтап берген Түркістан автономиясының Уақытша үкіметі демократиялық негізде құрылған еді.Тар ауқымды ұлтшылдық жаңа үкіметтің бағыт-бағдарламасында болған жоқ.Бұның ең жарқын дәлелін үкімет мүшелерінің құрамынан да көруге болады. Үкімет мүшелері арасында қазақ, өзбек, тәжік, татар, башқұрт, әзірбайжан, орыс, еврей ұлттарының өкілдері бар еді. Түркістанды мекен еткен барлық ұлттар — өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, тәжік, ұйғыр сияқты жергілікті халықпен бірге орыс, украин, казачи, поляк, яхуди, армян сияқты өзге ұлт өкілдері де жаңа үкіметті қолдап, қуаттады. Сондай-ақ, автономияны қолдап, дауыс берген ұйымдар арасында темір жол-дары одағы, пошта мен телеграф одағы, түрік депутаттары одағы, үкімет ұйымдары қызметкерлерінің одағы, кооперативтер одағы, кәсіпкерлер одағы, солдат-жұмысшы депутаттары кеңесі, социал-демократтар партиясы және сөз жүзінде болса да жергілікті больше-виктер бар еді.


Автономияны жариялау бүкіл Түркістанда қуаныш сезімін оя-тып, саяси рухтың көтерілуіне себеп болды. 1 желтоқсан күні На-манганда 10 мың адам қатысқан шеру болып, онда халық: «Жа-сасын Түркістан автономиясы мен оның үкіметі!» деген ұрандар айтты. Ал Ташкент шаһарында өткен шеруге 60 мыңға жуық адам қатысты. Большевиктердің билігіне өтіп кеткен қалада жасалған ше-руге қатысқандар өздерінің бұдан былай Түркістан автономиясынан басқа ешбір өкіметті танымайтынын мәлімдеп, жария етті. Әсіресе ерекше қуанышқа бөленген Түркістан жастары «Мұхтарият садасы» яғни, «Автономия дауысы» деп аталатын төмендегі жырды ерекше екпінмен айтып жүрді:


 


Атты таң — нұрлы таң елімізге, Күннің көзі балқыды.


Мейрам болып келді бізге, Жаңарған дүние шалқыды.


 


...Алға, алға ей, бауырлар, Бірлесейік, мұсылмандар. Жарқын шықсын ерікті дауысың, Жасасын, автономия, жасасын!


 


...Ізгілік уақыты келді ме, Автономия байрағы желбіре. Ерік қолда, ұранда алға ұмтылып, Даусымыз шықсын жаңғырығып.


 


Ақындар мен шайырлар бірінен кейін бірі автономияға жыр ар-нап жатты. Мәселен, әйгілі жәдитшіл ақын Хамза Хакимзада Ниязи Түркістан автономиясына «Түркістан мұхтариятына» деген арнау жыр жазды. Ол «Ұлығ Түркістан» газетінің 11 қаңтар күнгі санында жарық көріп, халықтың жүрегіне жол тартты. Сонымен қатар, өзбек пен тәжікке ортақ тұлға, белгілі жазушы Садреддин Айнидің «Тұран маршы» да осы тұста жазылған еді:


 


Оян! Тұран елі, оян! Жаңғырықты жер-жаһан. Басталды жаңа дәуір Басқа дәуір — басқа заман.


Өзбек, қазақ, түрікмен, татар, Азаттықтың ақ таңы атар. Бөлінгеннен сақтанамыз, Айырылысқан жанға батар!


 


Түркістан жәдитшілдерінің жетекшілерінің бірі Абдурауф Фитрат Самарқанда шығарылатын «Хуррият» деген басылымда жарық көрген «Мұхтарият» атты мақаласында қуаныш сезімдерін жеткізе отырып: «Түркістан мұхтарияты... Темір қағанның шын балаларының жанын-да, түркістандық түріктер арасында бұдан асқан құтты, бұдан асқан қасиетті, бұдан асқан сүйінішті сөздің бар екеніне сенбеймін.


Түркістан түрігінің қанын қайнататын, иманын арттыратын бір қуат болса, жалғыз осы сөзде бар: Түркістан мұхтарияты.


 


Елу жылдан бері езіліп келдік, қор болдық, қолымыз байланды, тіліміз кесілді, аузымызға қақпақ қойылды, жеріміз тоналып, малымыз таланға түсті, қасиетіміз кірленді, намысымыз ұрланды, құқымызға қол сұғылды, адами қалпымыз аяқ асты болды — төзімді болдық, сабыр сақтадық.


Күшке сүйенген әр бұйрыққа басизедік,мойынсұндық,бүтін байлық — барлығымызды қолдан бердік. Жалғыз ғана бір пікірді бермедік, жасы-рып ұстап, орап ұстап, сақтап келдік: Түркістан мұхтарияты!


Соттың есігінен жылап қайтқанда,жарықсыз түрмелерде жатқанда, жыртқыш жандармның тепкісіне түсіп, жығылып құлағанда, үйлеріміз өртенгенде,діндастарымыз дарға асылғанда өңіміз қуарып,көзіміз суа-лып,есімізден танып,дүние бұлдыр тартты.Сол кезде түскен рухымыз-ды, езілген еңсемізді көтермек үшін қап-қараңғы соқыр дүниенің жырақ бұрышында бір жарық жұлдыз үміт сәулесін шашып тұрар еді. Түкті көрмейтін көзіміз соны көрер еді. Ол неме еді? Түркістан мұхтарияты!


Біз, залым Николай үкіметі қанша өмір сүрсе де, түптің түбінде әділетке ғашық орыс демократиясы мен хаққа сүйенген бір төңкеріс әр ұлттың өз теңдігін өзіне қайтарарын анық білетін едік.


Төңкеріс болды. Ресейдің «федеративтік халық республикасы» негізінде басшылық жасайтыны жария етілді. Осымен бірге Украина, татар және басқа да ұлттардың мұхтарияттары қабылданды. Ке-зек Түркістанға да келген еді. Түркістанның тарихи астаналарының екіншісі Қоқан шахарында жиылған Түркістан құрылтайы 27 қараша күні «ұлттық қадір түніміз» болған кешқұрым Түркістан мұхтариятын жариялады.


Алайда мына жайтты да ұмытпау керек, мұхтарият бір құрылтайдың қарарымен шектеліп қалмайды. Мұхтариятты алмақ һәм сақтамақ керек. Құрылтай өз жұмысын жасады. Қалғандары бүкіл міллеттің міндеті. Мұхтариятты сақтау үшін күш керек. Мұхтариятты игеру үшін ақша керек. Бұларға ұлт дайын болсын» деп, жұртшылыққа салмақ салды.


Осы басылымның қаңтар айындағы санында мүфти Махмұд хожа Бехбуди автономияны сақтап қалу үшін қазақ қандастарына ашық хат жазды:


«Ғазиз қандастарым! Мұсылман бірадарлар! Баршаңызға мағлұм, Түркістан, демек, түрік елі болып, мұндағы халықтың қазағы, қырғызы, сарты, өзбегі, түрікмені, татары — барлығы да түп негізде жиһангир Темірдің үрім-бұтағы яки бауырлары.Түркістандағы араб,қожа һәм сай-идтар да өз тілдерін ұмытып,бәлкім,түгелдей түрікке айналып,тіпті, араб екендіктерін де жадынан шағарып, барлық жақтан тұтасып,бірлесіп кеткен.Түркістанның бірлі-жарым қалалары мен базбір таула-рында парсылар мен тәжіктер бар,десе де,олар да кәміл мұсылман һәм сіздермен бір мәзхабты ұстанады. Тыныс-тіршіліктерінің өзбектерден парқы, айырымы жоқ десе де боларлық.


Бауырлар! Біліңіз, қазір Түркістанды тұрақтаған барша халықтар үшін мұхтарият жарияланды һәм сіз мынаны жақсылап есте сақтаңыз, хақ алынады,берілмейді! Сол сияқты мұхтарият та алынады,берілмейді. Яғни мұхтариятты Түркістанның балалары ынтымақтасып, бірлесіп, қайрат қылып алады. Әлбетте, басқалар тарапынан берілмейді. Өзгелердің қолынан келсе, бермеуге тырысады. Біз бостық қылсақ не-месе Түркістандағы халықтар бірігіп, мұхтарият алуға ортақ әрекет жасамасақ, әлбетте, қазіргі қағаз жүзіндегі мұхтариятымызды бізге көп көріп, жоқ қылады. Бұл әрине, талассыз шындық, осылай болады һәм бұл сөзге ешкім де дау айта алмаса керек.


Енді, жайымыз осылай екен, біз бәріміз, яғни қырғыз, қазақ, өзбек, түрікмен, араб, парсы, жалпы алғанда, Түркістандағы, Қазақстандағы және Түрікменстандағы барша мұсылмандар һәм мұндағы яхудилер мен христиандар бірігіп, одақтасып, осы мұхтарияттың іргесін көтеруге жұмыла қайрат көрсетуіміз лазым-дүр. Егер де біз өз қалауымызбен, шариғат, әдет-ғұрпымызға сәйкес өмір сүргіміз келсе, бәріміз уақыт оздырмай пайдасыз менмендіктен бастартып,өткендегі барлық жайт-ты ұмытып,жалғыз мұхтарият үшін ғана бар нәрсені құрбан еткеніміз абзал. Мұндай мүмкіндік пен заманның бізге қайта айналып келуіне көзіміз жетпейді, қадірін біліп амал қылу керек. Уақыт өтіп кеткеннен кейін өкінгеннен пайда болмайды.


Мынаны да біліңіз, қазақ өз бетімен, шахар халқы мен маңайы өз бетімен кетіп, бөлініп, жеке-жеке мұхтарият жарияламақ болғанда, екеуі де көздеген мүддесіне жете алмайды. Сіз, қазақ қандастарым, жазық жайлауда, кең даладасыз, ләкин, сізден саны көп халық шахарлар мен шахарлардың төңірегіне топтасқан. Тіршілік, өмір солай, дала мен қала халқы бір-біріне өзара тәуелді. Бір-бірінен бөлек өмір сүре алмай-ды. Қала халқымен бірігіп, мұхтариятты басқарғаннан сіздерге залал емес, бәлкім, пайда келеді.


Мұхтарият үшін жалғыз сіз де жеткілікті емессіз, сол сияқты оған өз алдына қала халқы да жеткілікті емес, екеуіңіз бірдей керексіз. Мы-наны да есте сақтау керек, сіздер отырықшы халықпен бірігіп, бір мұхтарият төңірегіне топтасар болсаңыз,сіз бен отырықшы халық бір ғана заңға тәуелді болып қалмайсыз, бәлкім, сіздің өмір салтыңыз бен әдет-ғұрыптарыңызға ыңғайлы, соны басшылыққа алған жаңа заңдар жазылады. Оның үстіне шариғат та көшпелі өмір салтын ұстанатын мұсылмандардың әдет-ғұрыптарына кеңдікпен,түсіністікпен қарайды. Сіз отырықшы халық яки шариғат бізді қыспаққа алады деп ойламаңыз. Жоқ,керісінше,сізге қажет ғұрыптарды ескере отырып,оған тиіспей,өз араларыңыздан шыққан зиялыларыңыз сізге арнайы заңдар шығарады. Тау және шаһар халықтары үшін де ерекшеліктері ескеріліп, түрлі-түрлі заңдар ойластырылады.


Тіпті, Түркістандағы кейбір уездер мен қалалар үшін де арнайы заңдар шығарылуы мүмкін. Әр халық пен аймақтың өздеріне тән кейбір ерекшеліктері бар. Яхудилер мен христиандар үшін де арнайы заңдар қарастырылмақ. Осылайша, әрбір халықтың ғұрпы, сенімі мен мәзхабы ескеріледі. Қорыта айтқанда, мұхтарияттың ұлттық мәжілісі заң қабылдар алдында әрбір халықтың ерекшелігін ескереді. Егер де сіз, қазақ бауырлар, отырықшы халықтан ірге ажыратып, өз алдарыңызға жеке мұхтарият жариялаймыз десеңіз, бұдан сіз де, отырықшы халық та залал көрмек һәм екі халықтың да мұхтарияттан нәсібі болмауы әбден ықтимал.


Бабаларымыздың бізге айтып кеткен «ұрпағым, әрдайым бір болыңдар» деген мәшһүр насихаты бар. Мысалы, бір талдың бұталарын біріктіріп, бірге байласаңыз, оны ешкім сындыра алмайды, ал бір-бірлеп келгенде ол бұталарды кез-келген көк аттының сындыра алары анық. Міне, бабаларымыздың бізге айтқан насихаты мен тапсырмасы осындай.


Шырақтарым! Өзге халықтар, мысалы сербтер, италяндар, ар-мяндар, славяндар, поляктар және басқалар, тіпті, дүниенің бір түкпіріндегі бауырларымен табысып жатқанда, өзге мықты, қуатты мемлекеттерге тәуелді болып, жұтылып, тіпті, тілін жоғалтқан өз қандастарын тауып алып, олармен бірігуге әрекет етіп жатқанда, біз өз ішіміздегі бауырларымыздан көз жазып, айырылып қалсақ, ұят һәм ақымақтық болады.Бұл —түрік тамырына балта шапқанмен пара-пар. Көзі ашық,зиялы қазақтар осыны ойлап,тарихқа қараса,Еуропаның ағайынның     арасына     от     салып,     бүлік-фитнә     ұйымдастыратын ұлттарды айыру саясатының астарына һәм олардың екіжүзділігіне назар салса екен. Біріккен Түркістан халқының бөлінуіне өзіміз себеп болмасақ екен. Барша бүлікшілер де, өзгелер де әлбетте бұдан зияндық көреді, һәм олармен бірге татарлар да, біз де, мұның залалына ұшырап, бөлінудің жазасын тартамыз. Басымызға түскен ауыр күндерге жылармыз, бірақ көзі жасы пайда бермейді.


Шырақтарым, бірігейік! Көріп тұрсыз, бүгін орыстар да бірігіп жа-тыр. Қазір бірігу, бірлесу заманы! Егер сіз бөлінсеңіз, түрікмен ба-уырлар да бөлінсе, онда Түркістан түріктері үшке бөлініп кетеді  һәм ешқайсысының да мұхтарияттан нәсібі болмайды. Жетісудағы мұсылмандарға да айтатын сөзіміз осы.


Ондағы христиандар жайына келер болсақ, олардың да мына-ны есте сақтағаны жөн, біздің мұхтариятқа қосылу, әлбетте, өздері үшін пайдалы болатыны сияқты, Түркістанның өзге де аймақтарына қоныс тепкен орыстар үшін де пайдалы болмақ. Өйткені, олар бірігер болса, ұлт мәжілісінде орыс депутаттардың саны да арта түспек. Біздің мұхтарият жария болғандықтан, Жетісудағы орыстар да оған қосылмай отыра алмас, сірә.


Жалғыз сіз бен біз ғана емес, бүкіл Ресей мұсылмандарының бірігуі шариғат һәм ахлақ бойынша парыз-дүр! «Алланың жібіне бірігіңіз және ажырап кетпеңіз» деген Алланың әмірі. Өзге газеттердің көшіріп басу-ларын өтінеміз».


Осындай мағынадағы түрлі мақалалар мен үндеулер Түркістан басылымдарында толассыз жарияланып жатты. Жәдитшіл көсемдер осылайша халықты аңсап күткен автономияны біріге қорғауға шақырды.


Түркістан автономиясының Ташкентке бекінген большевиктерге қарсы жүргізген саясатынан кейін, үкімет антисоветтік ұйымдардың үміт артатын орталықтарының біріне айналды. Мәселен, сол кезде Кавказдан қайтып келе жатқан Жетісу казактары «Жасасын Түркістан автономиясы және оның үкіметі!» деген ұранмен алға жылжыды.Олар сонымен қатар қару-жарақтарын Қоқан үкіметіне сатуға сөз берді. Бірақ кейін большевиктердің «Қоқанда орыстарға қарсы панисла-мист үкімет құрылды» деген арандатуларына сенген казактар Қоқан үкіметіне сататын қаруларын большевиктерге тапсырады.


Сонымен қатар «Оңтүстік-шығыс казактары одағы» да бұдан бұрын Түркістан ұлттық орталығына хабар жіберіп, Түркістанның да осы одаққа кіруі жөнінде өтініш түсірген еді. Қоқанда жиылған құрылтай болса «бұл мәселені келешекте жиналатын «Түркістан құрушы мәжілісі қарап, жауап беретін болады» деп шешкен болатын-ды. Сондықтан аталмыш одақтың саяси ұстанымы жайында мәлімет жинау және Башқұртстан мен қазақ-қырғыз ұлттық ұйымдарымен байланыс орнату мақсатында желтоқсан айында Мұстафа Орынборға аттанып кетті.


Мұстафаның Орынборға қарай жолға шығуының негізгі себебі — желтоқсан айының ортасына таман мұнда екінші бүкілқазақтық құрылтай өтетін еді. Арнайы шақырылған Мұстафа, суыт жолға шығып, құрылтай жұмысына үлгерді. Ол құрылтайдың соңғы күні келді. Соған қарамастан, келе сала құрылтай жұмысына белсене араласып кетті. Құрылтай делегаттарына Қоқанда Түркістан автоно-миясы жарияланып, оның үкіметі сайланғанын жеткізген Мұстафа, алғашқы кезде қазақ автономиясының жеке шаңырақ көтеруіне қарсы болды. Ол құрылтай делегаттарын Түркістанмен бірге болуға үгіттеді. Бүкіл Түркістанның бөлінбей, тұтастығын сақтап қалуын қалады. Алайда Әлихан Бөкейханов бұлай ойламайтын еді. Алаштың басшы-сы Әлиханның пікірінше, Түркістан халқының бірігіп, бір шаңырақ астында үкімет құруын сол кездегі жағдай көтермейтін еді.


Мемлекет болып құрылып, әрі қарай нық басып, өмір сүріп кету оңай шаруа емес деп ойлайтын Әлихан Бөкейханов, жақсы көретін інісі әрі шәкірті Мұстафамен ұзақ сөйлесті. Ол өз сөзінде қазақ пен Түркістанның бір автономияға бірігіуін түйе мен есекті қосарлап жеккен арбаға теңеді. Бұндай арбамен қай жерге дейін баруға бола-ды? Қазақтың мәдени деңгейі төмен болса, Түркістанды мекендеген өзбек, тәжік, түркімен халықтары одан да кері жағдайда. Қадымшыл дін басылары Түркістанның шариғат үкімдері бойынша басқарылуын қалайды. Ал бұл қазақтың тұрмысына сай келе бермейді. Сондықтан біз өзімізден де артта қалған шығысқа емес, озық батысқа қарай ыңғайлануымыз керек.Біз батысқа Ресей арқылы шыға аламыз.Оның үстіне, қазақ пен орыс іргелес отыр. Қазіргі жағдайда қазақ орыс-тан кете алмайды. Кеткісі келсе де, орыс-орман оны еркіне жібере қоймайды. Олар тым құрығанда қазақтың арасында отырған туыста-рын айтақтап,арандату арқылы жаңа құрылған автономияны әп-сәтте ойран қылуы мүмкін.Ал Түркістандағы қалың жұрт—өз бауырың,түбі бір туысың.Өкпеге қиса да,өлімге қимайтын бауырыңмен кез-келген сәтте ірге біріктіруге болады. Қазір біріксең — тек Ресей ғана емес, бүкіл батыстық алпауыт елдер мұны «панисламизм,пантүркизм» деп, айыптап шыға келуі мүмкін. Онда дүниенің бәрі сенен сырт айнала-ды. Сондықтан, тәуелсіздікке түбегейлі қол жеткізу және оны сақтап қалу үшін Ресей мен батыстық алпауыттарды үркітіп алмау керек. Бәрі бірте-бірте болады. Асықпаған жөн. Айналып келгенде, түбінде Түркістан жұрты ірге біріктіріп, біртұтас болады.


Әлихан Бөкейхановпен кең отырып осы жайттарды кеңесіп, сөйлескеннен кейін әуелгі райынан қайтқан Мұстафа, өзі құрметтеп, көсем тұтатын ағасының уәжіне тоқтап, оны қолдады. Содан кейін Сырдария облысы қазақтарының құрылтайын шақыру тура-лы жазылған жеделхатқа Әлихан Бөкейхановпен бірге қол қойды. Мұстафа онымен шектеліп қалмай Сырдария облысын мекен ет-кен қазақтарға үндеу жазып жазды. «Қазақ» газетінде жарық көрген бұл үндеуде Мұстафа тереңнен толғай келіп: «Сырдария халқына өз  тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айырылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ болмас.Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз» деп жазды. Осылайша бүкіл қазақтың Алаш туы астында бірігуіне де үлкен еңбегі сіңген Мұстафа, құрылтай барысында алаштың серкесі Әлихан Бөкейханов пен Жаһанша Досмұхамбетов бастаған батыс Алашорда тобының арасында туындаған пікір қайшылықтарының азайып, олардың бір арнада тоғысып, жақындасуына да өз септігін тигізді. Нәтижеде Алашорда деп аталған Алаш автономиясы өмірге келіп, Мұстафа оның Ұлт кеңесінің және үкіметінің құрамына кірді. Құрылтай делегаттарының қолдап, қуаттауымен Мұстафа Шоқай Алашорда үкіметінің Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бұл — бір жағынан Мұстафаға көрсетілген үлкен сенім болса, екінші жағынан Түркістанның тұтастығын сақтап қалу үшін жасалған әрекет еді. Осы-лайша, Мұстафа ұлы Түркістан жерінде бір-біріне іле-шала дүниеге келген қос үкіметтің де Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ол мұндай жауапкерлігі зор міндетті тек ұлы Түркістан жерінде ғана емес, сонымен қатар қос үкімет құлап, елде большевиктер билігі орнаған кезде, шет елдерде, дәлірек айтқанда эмиграцияда жүріп те абыроймен атқарып шығатын еді.


Осылайша Алашорда үкіметі орнады. Халықтың қуанышында шек болған жоқ. Ерекше шабытпен дүниеге келген Сұлтанмахмұттың:


...Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің Алашты Қорлығына бермейміз!


...Жасайды Алаш, өлмейміз!


Жасасын Алаш,жасасын! —деп келетін жыр жолдары бүкілхалықтық ұранға айналды. Құрылтай делегаттары Алаштың жолында өлуге серттесіп тарасты.


Құрылтай соңында Ырғыз үйезінің қазақтары Қоқандағы Түркістан автономиясы уақытша үкіметіне құттықтау телеграммасын жіберіп, өздерінің Түркістан автономиясын толық қолдап, қуаттайтынын жеткізді. Түркістан автономиясын таныған алғашқы құттықтау хат болып табылатын бұл телеграммаға қазақтардың көптеген таны-мал тұлғалары өз қолдарын қойған екен. Сондықтан, артынша «Ұлығ Түркістан» газетінде басылған бұл құттықтау жас үкіметке үлкен де-меу болды. Оның үстіне қаңтар айының басында өткен Сырдария қазақтары құрылтайы да келешекте Түркістан автономиясы мен  Алашорда үкіметінің бірігуін қалайтын ұсыныс білдірді. Мұстафа Шоқайдың ерен еңбегі мен қажыр-қайраты арқасында өрбіген бұл оқиғалар бірнеше ғасырдан бері іргесі ажырап қалған ұлы Түркістанның қайтадан бірігіп,тұтас ел болуына бастар жол еді.


Желтоқсан айының соңына қарай Орынбордан оралған Мұстафа Шоқай, Түркістанның тәуелсіздігін сақтау жолында бел сыбанып, іске кірісті. Мұстафаның қарымы мен қабілетін, дарыны мен парасат-пайымын аңғарған Түркістан автономиясы мүшелері де оған ерекше сенім артты. Сондықтан, Түркістан автономиясы үкіметінің алғашқы басшысы Мұхамеджан Тынышбайұлының 1918 жылы қаңтар айының басында өз еркімен қызметтен кетуіне байланысты, үкімет мүшелері оның орнына үкімет басшысы етіп Мұстафа Шоқайды сайлады.


Мұстафа үкімет басына келгеннен кейін үкімет мүшелері арасын-да біраз өзгерістер болды. Азшылық ұлт өкілдері министрі Саломон Гердцфельд орнын босатты. Алғашқы әскер жасақтары құрылып, ұлттық милиция ішкі тәртіпті реттей бастады. Автономияны сақтап қалу үшін Мұстафа үкіметті Ташкентке көшіру туралы ойлай бастады. Ол бұл ойын жүзеге асыру үшін жасырын жұмыстар жүргізді.Мұстафа жаңа үкіметтің күшін әлсірету үшін Түркістанның жүрегі болып сана-латын Ташкенттегі большевиктерге наразы топтармен астыртын бай-ланыс орнатып,орыс солдатжәне жұмысшыларымен келісімге келудің жолдарын қарастырды. Ол соғыс кезінде ішкі Ресейден ықтиярсыз келіп, енді еліне қайта алмай жүрген орыс солдаттарына Түркістан автономиясының атынан елдеріне қайта берулеріне рұхсат берді. Бұл шешім большевиктер арасында едәуір алаңдаушылық туғызды. Үкімет тізгінін мықтап ұстаған Мұстафа автономия жұмысын кең көлемде насихаттау мақсатында орыс тілдерінде «Известия времен-ного правительство Туркестана» және «Свободный Туркестан» атты газеттер шығара бастады. Түркістан Уақытша үкіметінің ресми ба-сылымы болған «Известия временного правительство Туркестана» газетінің алғашқы санында былай деп жазылды: «Түркістан автоно-миясы Уақытша үкіметі тарапынан шығарылып жатқан бұл газеттің ресми бөлімінде жарық көрген жарлықтар мен әмір-пәрмендер кез-келген түркістандық үшін заң болып табылады. Бұларды көрмедім, білмедім деген сылтау жарамайды. Барша жұртшылық бұған бас иіп, бағынуға тиісті».


Мұстафа Шоқай өзі бас болып жергілікті халық арасын-да үгіт-насихат жұмыстарын жиі жүргізді. Әлдеқалай заман туса автономияның негізгі қорғаны боларлық «Мұсылман шаруалары мен жұмысшылары» және «Мұсылман солдат және жұмысшылары» атты ұйымдардың басын құрап,олардың құрылтайларын Қоқан қаласында өткізді. Құрылтай соңында аталған ұйымдар өздерінің Түркістан ав-тономиясын толық мойындайтынын айтып, үндеу жариялады. Со-нымен қатар құрылтайда Кеңес өкіметін Түркістан автономиясын қолдауға шақырған шешім қабылданды. Осы мақсатта құрылтай аты-нан Савнарком төрағасы В.И. Лениннің атына жеделхат жолданды. Жеделхатта Түркістанда тәртіпсіздік пен анархияның тоқтауы үшін қос билік тыйылып, Ташкенттегі Кеңестік билік жойылып, жалғыз Түркістан Уақытша үкіметіне ғана сенім білдіру қажеттігі айтылды. Құрылтай жұмысын аяқтағаннан кейін іле-шала «Ұлығ Түркістан» газетінде автономия басшыларының «Түркістан зиялылары мен озық ойлы жастарына ашық хаты» жарияланды.


Мұстафа үкіметтің қаржы мәселесін шешу үшін ұлттық банк құру туралы ұсыныс айтты. Үкіметтің қаржы мәселесін шешу үшін отыз миллион рубльсомасында мемлекеттік заем шығарған ол,жер-жердегі байлармен, кәсіпкерлермен түрлі келіссөздер жүргізе бастады.Үкімет мүшелері мемлекеттік заемдарды сату үшін қалалар мен ауылдарды аралады. Соның нәтижесінде мемлекеттік банктің Самарқан және Ферғана бөлімшелерінен үлкен сұраныс келді. Мұстафа жергілікті байлар мен ауқатты адамдарға егер большевиктер билігі Түркістанда белең алып кетер болса, онда барлық байлықтарынан айрылып қалатынын, сондықтан қазіргі жағдайда Түркістан автономиясы-на көмек көрсетулері керек екенін түсіндіріп бақты. Қаңтар айының соңында осы мақсатта Наманганға барып келген Мұстафа, үкіметке біраз қаржының құйылуына жағдай жасады.


Дегенмен, автономияның жағдайы күннен-күнге әлсіреп бара жатты. Бұл — Шоқай басқарып отырған үкіметтің әлсіздігінен емес, керісінше, Ташкенттегі Кеңес үкіметінің күшеюіне байланысты туындаған жағдай еді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу