Өлеңдер ✍️

  09.05.2023
  209


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Жігіт пен диірмен

(Баллада)

Ж і г і т
Қайда ақтың өзенім, Неге асықтың?
Мұнша неге мәз едің, Тез тасып тым?
Не іздейсің бұл сайдан, көк майсадан?
Не іздейсің, өзенім, айтшы маған?
Ө з е н
Еркін едім ағылған, Ойнақтаған,
Ұстап алды жалымнан, Байлап адам.
Еркіндік жоқ жүйткитін өз бетіммен,
Диірменнің атқарам қызметін мен.
Ж і г і т
Айрылсаң да еркеңнен, Қиыр белден,
Серісің ғой серпілген, Диірменге.
Диірменшінің қызы үшін жыламайсың,
Мен секілді көз жасын бұламайсың.
Ө з е н
Асықтым сол сұлуды, Көрейін деп,
Таң сәріде суымды Берейін деп.
Жуынуға аң төсін шығар жайып,
Ыстығынан кетеді суым қайнап.
Ж і г і т
Ыстығынан сол қыздың, Су қайнаса,
Сәулесінен жүремін Қалай таса?
Кетті менің сабырым, кетті дәтім,
Кім біледі сол қызды, айтшы атын?
Ө з е н
Сипалаймын аяғын, Қандай шіркін!
Естен танып қаламын, Болмай ырқым,
Тегершікті жіберем айналдырып,
Диірменім зырлайды майдан құрып.
Ж і г і т
Сен де сорлы біліпсің,Шерді мұндай,
Сол үшін де жүріпсің Шөлді қумай.
«Кез қырыңды» — деп қыз да берер кеңес,
Махаббатсыз өмір не? — өмір емес.
Ө з е н
Кетем әрең арудан, Қасіретпен,
Шерім зая ағылған, Жасын төккен.
Болар едім зор бақыт тапқандайын,
Аяғында сол қыздың жатсам дәйім.
Ж і г і т
Азабымның серігі, Уа мұңдасым,
Жеткіз менің шерімді Қыз тыңдасын,—
Жүрегімде ләззәт бар жанып жатқан,
Үмітім бар әлі де жалын атқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу