Өлеңдер ✍️

  09.05.2023
  135


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Май жыры

Айналам масайрап,
Әндетті, гулетті.
Гүл жайнап, құс сайрап,
Лаулатты күн көкті.
Сылдырап жапырақ,
Бұталар ырғалып,
Сұңқылдап жамырап,
Шоқ талдар ым қағып.
Осынау мәз күнді,
Кеудеме тұндырсам! —
Естіп шат наз үнді,
Жаңғырсам, құлпырсам!
Махаббат — дүние,
Мәз-мейрам келбетің.
Жасадың сүюге,
Жайнатып жер бетін.
Бердің сен мейріммен,—
Бағың гүл ұсынды.
Бердің дән егіннен,
Шырындай сусынды.
Кел, досым, тезірек,
Еркеле кеудемде!
Өзіңдей елжіреп,
Ғашықпын сәулеңе!
Табады ландыштар,
Орманнан саяны.
Аспанға зар құстар,
Қанатын жаяды.
Ал маған бір ғана,
Махаббат сыйын бер.
Сонымен нұрлана,
Жүрегім сүйінер.
Сүйе біл, досым сен.
Алдыңда бағың бар.—
Махаббат хошымен,
Бақытың табылар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу