Әңгімелер ✍️
ҚАН
Күн қызарып бөртіп, ұясына қарай сырғанай берді. Ұшы-қиыры жоқ көгерген көк күмбездің батыс жағы өрт шалған тәрізденіп тұрды.
Айнала жым-жырт.
Қалған тоғайы төрт-бес шақырымға дейін ылди, ойпаң жерде болатын. Бір жағында әбден қар басып қалған көлдің әр жерде селдір-селдір қуарған қамыстары ғана басын тербеп қояды.
Әлден уақытта кенеттен тарсылдаған дыбыс естіледі. Тиыш жатқан даланы жаңғырықтырды, оның артынан:
— Трат-та-та-та...
У-шу, қиқу...
Бұл не? Әлде қиғаш отырған елді жау басты ма? Әлде қалың кардон ішінде еріп жүрген ақ бандылар ма? Абайсыз жатқан жерінде қызыл әскер келіп қалып, басып алды ма? Әлде...
Мылтық, пулемет үсті-үстіне сатыр-сұтыр етті.
— Бұл не?
Қаладан кіре тартып, подвод әкеле жатқан, тон жамыла келе жатқан жүргіншілер мылтық, пулемет дауысын естіп, аттарының басын бұрып кейін жүрді.
— Уай, Бекмахамбет қайдасың?
— Е, мен мұнда!
— Е, бұл не?
— Соғыс.
— Айда атыңды.
— Болдырған аттар жүре ме?
— Ойбай, жүргіз.
— Әй, әй! Тұра тұрыңдар.
— Шана ауып. Шана ауып қалды.
— Тартыңдар кейін қарай!..
Атқан мылтықтың қаңғырған оғы, мысықтың дауысын шығарып, мияулап жүргіншілердің төбесінен асып, көкке өрледі.
— Ойбай, қырылдық!
— Тек, антұрған!
— Жүр, жүр, жүр!
Жүрмей келе жатқан аттарға қамшы жан жағынан сарт-сұрт етті. Жүргіншілер өрге қарай кейін жүрді.
— Бұл не екен?
— Большевиктер келіп қалған шығар!
— Бұл қалайша?
— Бұл солайша.
— Жүр, жылдам жүр.
— Е, аттар жүрмей келеді.
— Әрі тарт!
Жауыз, сатынды Салмақбайдың ұстап берушілік «өнері», төңкеріс дұшпандарының пайдасына асты. Салмақбай Алпысбай отрядының түстенген, қонған жерлеріне Тұқпат қажының жігіттерін, Самародовтың казак-орыстарын әкеп отырып, ең аяғында Алпысбайдың ізіне анықтап түсті.
Фронт көрген казак-орыстардың амалы асты. Бір легі Алпысбай отрядының артына түсті де, екінші бір легі, елу шамалы казак-орыс Алпысбайдың алдына орай ұмтылды. Сүйтіп келіп, ең аяғында Андреевке поселкесінен он шақырым жерде, «Қалған» тоғайында Алпысбай отрядын бандылар қоршап алып еді.
Алды-артынан қоршай шапқан жаумен қанша арпалысса да Алпысбай отрядының әлі кетті. Оқ таусылды.
— Енді қалайда құтылып қараңдар?!— деді жігіттерге Тарас Иванович.
Алпысбай отряды жан-жаққа бытырап, әр жерде атысып, жау жоқ жаққа қарай ыға берді.
Тарас, Алпысбай, Жақып үшеуі бірыңғай жүріп, отрядқа қажыр беруге тырысты. Бірақ кеш еді. Казак-орыстар қынаптарынан қылыштарын суырып отрядқа араласып кетті. Қолында қаруы жоқ жігіттерді, мылтықты сойыл құсатып кезеніп жүрген жігіттерді қылышпен тұрақтай берді.
— Но, Алпысбай! Тірі болсақ бірімізді-біріміз көрерміз, қош!— деді қылышын оңды-солды сілтеп, Алпысбайға жақындап келіп, Тарас Иванович. Алпыс байдың көзінен жас ытып шығып кетті. Бірақ есін жиып, дереу атқа қамшы басты. Бірақ ат сүрінді, омақатып барып қарға шеге қалғанда, Алпысбай ұшып түсті. Басын көтеріп тұра беріп еді, сылқ етіп қайта жығылды.
Таңертең жолшыбай жүрген жүргіншілер әр жерде қызарған қанға бөленіп, қырылып жатқан адамдарды көрді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter