Әңгімелер ✍️
АУЫР КҮНДЕР
...Кеше таң атқаннан бері батыс жақтың дүңкілі басылмады. Кеше таң атқаннан бері, батыс жақтан қарап шұбырған қараның саны — ақтың солдаттары, казак-орыстар, әлдеқай жерлердің бала-шағалары мен шұбырған байлары, обоз көбейе берді. Кеше таң атқан мезгілден бері ауыл байларының, ақсақалдарының «қара шаңырақтары» алдында қазан арылмады, ошақ оты сөнбеді.
Қашқан ақтар, ақтың «шенді» адамдары: офицерлер, атамандар, ауылдың байларымен, қажыларымен араласып, шүйіркелесіп кетті. «Тамыр» болды. Қазақтың байлары, қажылары, қу сәудегерлері ақтардың төрелеріне барын аямады. Жақсы ер-тоқым, жақсы ат — солардікі болды.
Бірсыпыра офицерлердің ат қосшылары, малайлары (денщик) ноғай, башқұрт солдаттары еді. Көбінесе, офицерлерге тілмаш солар болды.
Сөйтіп жатқан уақыт.
ЬІрсай еліндегі атақты байлардың бірі, Тұңғат қажы ақтардан қару-жарақ сұрап алып, елу адамнан отряд құрды. Ауыл-ауылды аралап жүріп, қараша үйлі кедейлерді, елсіздерді зар қақсатты, сабады, тонады. Бірін қорқытса, үркітсе, екінші біреулерді, араласып жүрген ақтардың қолына ұстап берді. «Мынау нағыз большевик жақтық!» деп, ауылдың қотанында атқызып та тастады. Қараша үйлердің жетім қалған балалары, жесір қалған әйелдері, көздерінен қанды жастары»! сорғалатып Тұңғат қажының өзін, тұқымын қарғады. Шаштарын талдап жұлып, беттерін тырнады. Еңіреді, боздады.
1916 жылы патша жарлығымен қазақтан солдат алынады деген кезде, онда да ауылдың зары, көз жасы сел болып еді. Онда да ауыл еңіреп, боздап, бет тырнап, шашты талдап жұлып еді. Онда да қара бұлт түнеріп, ауыл күңіреніп еді...
Бірақ бұл күңірену, еңірену, ол күндегіден анағұрлым басым, анағұрлым ащы зарлы, аянышты көрінді. Айналаны шолсаң, бір жағың шұбырған мал, жан, обоз, қиратылып жол үстінде жатқан жаңа пәуеске, автомобиль, өліп жатқан адам, ат... Бір жағың — найза үйірген, қылыш жарқылдатқан ақ бандалар... Бір жағың — жылап шулаған бала-шағалар...
Тұңғат қажының отряды, ауылды дүрліктіріп, еркектерін ортаға алып жатқанда, олардың соңынан «ойбай бауырым!» деп ере шыққан әйелдерді, жас келіншектерді, екеу-екеу болып жүрген мас солдаттар, казак−орыстар құшақтап әуре қылып, шіліктің, үйлерінің ішіне қарай сүйрейді. Қараша үйлер дал-дал болды, еркектерінің (көбінің) қарасы өшті. Әйелдерінің әбүйірі көрінген банданың қолында масқара болды.
Сөйтті, сондай ауыр күндер болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter