Аудиторияны қамтуға арналған SMM стратегияны қалай дайындау керек?
Албус Дамблдор SMM маманына арналған ережелер топтамасымен таныстырып өтті. Осы саланың маманы боламын деп армандаған адам аудиторияны қамтуға арналған SMM стратегияны қалай дайындаймын деген сұраққа бас қатырады. Профессор Дамблдор да оған жауабын дайындап қойыпты. Ендеше профессордың жауабын қарастырайық.
1) Стратегияны дайындаған кезде төмендегідей сұрақтарға жауап беріп көріңіз.
SMM-ді пайдаланғандағы мақсатыңыз қандай? Осы сұраққа жауап іздеп, оларды тізіп шығыңыз. SMM стратегиядағы көзделген мақсаттарды орындау үшін жасалатын іс-әрекеттерді анықтаңыз. Мақсаттар орындалу үшін олардың нақты болу керектігі белгілі емес пе? Олардың мөлшері, көлемі, есебі болуы тиіс. Мысалы: SMM кампания, әлеуметтік желіден сайтқа ауысып келетін адамдардың санын 100-ге дейін жеткізу. Біздің көздеген аудиториямыз кімдер? Біз өзіміздің сайттан немесе касса алдынан кімдерді көргіміз келетінін түсінуіміз керек. Маркетингтік персоналарды ойдан түзіп, оларды аудиториямыздың сегменттеріне сәйкес жіктеу қажет.
Біздің тұтынушыларды қандай сұрақтар мазалайды? Тұтынушының рөліне кіріп, өнімдеріңізді аралап, ойша саяхаттап көріңіз. Бұл сауалдардың жауабы сізге ақпараттық кампанияларды бастауға сеп болады. Сіздің сатып алушы аудиторияңызда қай әлеуметтік желі көбірек сұранысқа ие? Өз жарнамаңызды жүргізетін әлеуметтік желіні алдын ала анықтап алғаныңыз жөн.
Аудиторияңыз қанша уақытын әлеуметтік желіде өткізетінін және олардың қай кезде көбірек кіріп отыратынын анықтау қажет. Бұл сауалдардың жауабы болашақта парақшаңызда жарияланатын контеніңіздің уақытын анықтауда маңызды болмақ.
2) Байланыс жасаудың тактикасын анықтаңыз. Стратегиялық сұрақтарға жауап беріп болған соң, сөйлесу мәнері мен стиліне назар аударыңыз. Сізге комменттерге уақытылы жауап беріп отырып, контентті уақытылы жариялап отыратын адамды таңдау керек. Ол үшін төмендегі ұсыныстарға мән беріңіз.
а) Әлеуметтік желідегі контентті жариялайтын жауапты маманды тағайындаңыз. Оған өзгеше сөйлеу стилін қолдануды тапсырыңыз. Бұл кеңестер бизнес иелеріне бағытталған. Сондайақ, жеке парақшаларды да осы кеңестер негізінде дамытуға болады.
ә) Басты эксперт рөлін атқаратын маманды тағайындаңыз. Ол бөлім бастығы немесе менеджер болуы мүмкін. Оған іскерлік стильде сөйлесуді ұсыныңыз. Маман кез келген қиын сұрақтарға жауап беруі тиіс.
б) Брендтің SMM кампания барысында қолданылатын визуалды элементтерін анықтаңыз. Парақшаларды брендке айналдырыңыз. Facebook мұқабасы, Instagram аватары мүмкіндіктерін барынша пайдалансын.
Таңдап алған тактикаңызды үнемі қолданыңыз, сонда сіздің іс-әрекеттеріңізге аудиторияңыз үйреніп алады.
3) Контент жасаңыз. SMM стратегияда бұл – ең басты мәселе. Себебі, әлеуметтік желідегі бизнестің қозғаушы күші – контент. Төмендегі кеңестер сіздің контентіңіздің тиімді болуына көмегін тигізеді.
а) Контентке анонс жасаңыз. Оны басқарыңыз, сәтті шыққандарын қайта жариялаңыз.
ә) Контенттің алуан түрлісінен комбинация жасап көріңіз. Визуалды контентке көп мән беріңіз. Бұл өз кезегінде қолданушылар назарын аулауға пайдасын тигізеді. Қолданушыларға инфографика, фото, презентация, электронды кітаптар ұсынып, видеомаркетинг мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.
б) Тұтынушылар арасында контент жасауға стимул беріңіз. Ол үшін дискуссияны жандандырып, конкурстар өткізіңіз, пікірлеріне назар салыңыз.
в) Аудитория ауқымын кеңейту үшін, қызметкерлер мен таныстарыңызға репост жасауды өтініңіз.
4) Контентке оптимизация жасаңыз. Қандай керемет контент жасасаңыз да, ол сүйкімді марғаумен, жұлдыздармен, жалаңаштанған адамдармен бәсекеге түсе алмайды :) Сондықтан да төмендегі кеңестерді қарастырып көрейік.
а) Facebook-тегі әр постыңызға ашық, әдемі фото қосуды әдетке айналдырыңыз. Егер аудитория марғаумен, жалаңаш жұлдыздарды қалап тұрса, оларды неге бермеске? Асыра сілтеп жібермесеңіз болды.
ә) Адам қызығып, таңданатын тақырыпқа жазба жазыңыз.
б) Оқуға жеңіл болуын қамтамасыз етіңіз.
в) Контенттің барлық жерде көрінуіне жағдай жасаңыз. Дұрыс кілт сөздермен, белгілерді, хэштегтерді қолданыңыз.
г) Сайтта әлеуметтік желіге жазылуға, репост жасауға мүмкіндік беретін виджеттерді пайдаланыңыз.
5) Конверсия жағын да ойлап қойыңыз. Жәй ғана лайк пен репосттар сізге ақша алып келмейді. Оларды конверсияға айналдыру үшін қосымша әрекеттер қажет.
а) Әлеуметтік желі профайлында байланыс нөмірлерін, адрес, электронды пошта сияқты ақпаратты көрсетіп қойыңыз.
ә) Желі қолданушыларын байланыс нөмірлері мен электронды пошта адрестерін қалдыруға итермелеңіз немесе бұл ақпараттарды құнды контентке айырбастаңыз, мысалы электронды кітап.
б) Қызығушылық танытқандарды сайтқа бағыттаңыз. Мысалы, жүргізіліп жатқан акцияға қатысу үшін.
в) Барлық келген пайдаланушыларды сайттың ақпараттық бөліміне бағыттаңыз.
6) Аудиториямен әңгіме дүкен құрып, кері байланыс орнатыңыз.
Әлеуметтік желі тілдесу үшін жасалған. Бизнесті сәтті жүргізу үшін сізге потенциал клиенттеріңізбен тілдесу қажет. Келесі кеңестерге назар аударайық:
а) Фоллоуер тартыңыз. Өзекті тақырыпта контент жариялап, фоллоуер жинайтын әдістің барлық түріне жүгінген абзал.
ә) Парақшаға жазылуды қазіргі және бұрынғы клиенттеріңізге ұсыныңыз. Жеңіл, эксклюзивті ақпараттармен қуантыңыз.
б) Басқа топтардағы дискуссияға қатысып, абырой жинаңыз.
в) Өз жұмысыңыз бойынша эксперттерге контент сапасын бағалап жіберуді сұраңыз.
г) Аты-жөнін тегтеп белгілеп, дискуссияны жалғастыруға итермелеңіз.
7) Нәтижесін тексеріңіз.
ROI-ды бақылау қажет. Мұндағы ROI дегеніміз ағылшынның return on investment деген сөздерінен қысқартылып алынған. Яғни, инвестициядан түскен пайданың мөлшерін белгілейтін көрсеткіш, мұнда біз жарнамаға жұмсалған инвестицияның қайтымдылығын қарастырып отырмыз. UTM-белгілерді зерттеңіз. Мұндағы UTM дегеніміз маркетологтардың жарнама кампанияларын бақылауға арналған стандартық URL параметрлері. Мына кеңестер де артық болмайды:
а) Әлеуметтік желі метрикасын үнемі қараңыз. Фоллоуер, лайк, репост, коммент саны өте маңызды. Олар өсім көрсетуі тиіс.
ә) Әлеуметтік желіден келген трафик қанша? Ол жақтан ауысып келгендердің конверсияға ауысу коэффиценті қанша пайыз, өздерін сайтта қалай ұстайды?
б) Сатылым қалай? Орташа чекті есептеп көріңізші. SMM әсер етті ме?
Егер көрсеткіштер көңіліңізден шықпаса, әріптестеріңізбен ақылдасып көріңіз, мүмкін стратегияда қате бар шығар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter