Контенттің не құдыреті бар?
Ертеден келе жатқан бір сиқырлы дүние бар. Оның сиқырлығы сонша, адамның өмір сүру ортасына жылдам еніп кетті. Ол – контент. Контент – біздің өмір. Адам өміріндегі байланыс құралының бірі – тіл, ал контент тіл, жазу, видеоға, фотоға түсу бәрін де қамтиды. Демек, адам өмірін контентсіз елестету мүмкін емес. Қайда барсаңыз да, жазуға, сөйлеуге, адамдармен диалог құруға тура келеді. Күнделікті өмірде телефонмен сөйлесеміз, әр түрлі чаттарда, әйтеуір, бітпейтін бір мәселелерді талқылаймыз, әлеуметтік желілерде ойымызды қалдырамыз. Қаласақ та, қаламасақ та, біз контент өндірушіміз.
Контент форматына қарай мәтін, фото, видео, аудио, инфографика т.б. деп бөлінеді. Мысалы, әлеуметтік желілердің ішіндегі Facebook-қа мәтін, фото, видео, инфографиканы сала аласыз, ал Instagram-да құр мәтінді салу мүмкін емес, міндетті түрде фото не видео салынады. Аудио форматтағы контент қана бөлісетін SoundCloud деген, видео контент қана салынатын Youtube сияқты ресурс бар. Әркім өзінің талғамына қарай контент ұсынатын ресурсын таңдайды, фотоға түскенді ұнататындар – Instagram, видеоны жаны сүйетіндер – Youtube, мәтін жазғанды құп көретіндер – Facebook-ты таңдап жатады.
Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді деген мақал бар. Қазіргі таңда хатыңызды да, атыңызды да таныту үшін интернетті, оның ішінде әлеуметтік желіні пайдаланған тиімді. Өйткені, бұл жерде хат дегеніміз сіздің жасаған ғылыми, кәсіби еңбегіңіз, жазған туындыларыңыз бен кітаптарыңыз деп алсақ, ат дегеніміз – кез келген адамның халық алдындағы абыройы, елдің аузында жүрген жақсы істері, жасаған пайдалы дүниелері. Интернет дамыған заманда сіздің хатыңыз да, атыңыз да онлайннан табылмаса, бәрі зая кетті деген сөз. Қазір кез келген адам бір нәрсеге қызықса, біреу туралы ақпарат іздесе, әлеуметтік желілерге сонымен қатар басқа да сайттардағы контентке жүгінеді. Кез келген кәсіп иесі интернеттің пайдалы жақтарын алып, соны тиімді қолданғаны өзіне абзал.
Бизнесмен үшін контент – маркетинг, пиар әрі сату құралы. Кәсіпкер өзінің өнімі мен қызметі туралы көзделген аудиторияға (целевая аудитория) жан-жақты ақпарат беріп, түрлі форматта брендті таныстыра берсе, халықтың да сеніміне кіріп, саудасын жүргізіп, бизнесін дамытады. Неше түрлі ерекше пост жазу, видеолар түсіру, әдемі фотолар арқылы жасалатын жұмыс контент деп аталады.
Контентті көңіл-күйіңізге, жұмысыңызға, жағдайыңызға қарай түрлі мақсатта қолдануға болады. Ең бастысы сауатты жазсаңыз жеткілікті.
Контент – біздің атымызды ғана шығаратын жер емес, қауіпсіз мұрағат hәм ұмытылмас естелік. Бұрындары бала кезімізде ата-анамыз үйге қонақ келсе, альбом қарап, жастық шағын еске алып, мәз-мейрам болып отырушы еді. Ол кезде контентті қағаз форматында сақтады. 21ғасырда үйге келген қонақтарға Instagram мен Facebook-тағы фотоларды, жазбаларды, Youtube-тағы видеоларды көрсетуге болады. Бір жылда 365 күн (төрт жылда бір рет 366 күн) болса, бірнеше жылдан соң, сол күндердің 5-6 күні ғана есімізде қалады. Қалғандарын сақтауға күнделікті жүздеген ақпаратты қабылдайтын шектеулі жадымыз қауқарсыз. Оған қоса әр күнді есте қалатындай қылып өткізу де екінің бірінің қолынан келмейді. Ал, әлеуметтік желі онлайн күнделік қызметін атқарады. Ол өмірде болған қаншама жақсы сәттерді, пайдалы кездесулер мен ізгі жандарды парақшамыздың бір бұрышына сақтап қойып, уақыт өткен сайын оларды қарап, өткен күнге оралуға зор мүмкіндік береді.
Елестетіп көріңізші... Ондаған жылдардан кейін әлеуметтік желіге салған контентімізге қарап, балаларымызға: «Е, қарақтарым, біз кезінде осындай құнды дүниелер жасап, жазып едік»,- деп өткенді еске алып отырамыз, қызық, иә? Бүгінгі жазылған контент — ертеңгі тарих.
Құрметті тәлімгер, бұл кітапты оқи сала, «өз тарихыңызды» түрлі контентпен толтыруға бірден кірісіп кетіңіз. Өйткені, контентпен көптеген ізгі дүниелерді жасауға болады. Ізгілік жасауды үйрету – Hogwart SMM мектебінің міндеті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter