04.05.2023
  110


Автор: Сахариев Баламер

ОТТЫ ЖЫЛДАР ҚАҺАРМАНЫ

Сүйікті Коммунистік партия халықты, əсіресе жас ұрпақты тəрбиелеуде көркем əдебиеттің атқаратын ролін айрықша атап көрсетіп отыр. Аға буынның Отан алдындағы, халық алдындағы адал еңбегінің айқын мысалдарын шыншылдықпен суреттеу арқылы «...жас түлектерді ерлікке ұмтылатын талап сезімін өршітіп, өзінің Ұлы Отанына деген белсенді жəне пəрменді сүйіспеншілік сезіміне баулып, аға ұрпақтың жігерлі өнегесіне еліктіре алатын» шығармалардың тəрбиелік маңызы шынында да орасан зор.


Совет халқы өзінің жарты ғасырға жуық тарихында сан алуан қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Соның бірі – күні кешегі Ұлы Отан соғысы. Еліміздің даңқты жеңісінен кейін дүниеге келген кенже ұрпақ үшін ол да ұмыт боп бара жатқан тарих екен-ау! Осы бүгін кəмелетке толып, қолына паспорт алған азамат көзі көрмеген соң көңілі сенбейтін сол бір сын сағаттардың шежіресін Ұлы Отан соғысының ерлері жазған естеліктер мен архив қазыналарының, тарих туындылары мен көркем əдебиеттің көмегі арқылы танып білетіндігі даусыз.


Біздің əдебиетімізде Ұлы Отан соғысы жайында аз жазылған жоқ. Бұл тақырыпқа жазылған лирикалық шағын өлеңдерден бастап ро-ман-повестерге дейін көптеген туындылар бар. Бірақ соның бəрін де халқымыздың жаппай ерлігімен, патриотизмімен салыстырсақ өнер қызметкерлерінің өтер парызы əлі де ұшан-теңіз екенін көреміз.


Жазушы Өтебай Қанахиннің «Дəмелі» атты романы осы үлкен парызды өтеу ниетінен туған көлемді туындылардың бірі. Шығарма Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында уақытша не-міс басқыншыларының қолында қалған аудандардан Қазақстанның батыс облыстарының біріне көшіп келген соғыс заводының өмірін, сол заводқа комсомолдық шақырумен келген жергілікті қазақ жастарының, тылдағы қарапайым еңбек адамдарының ерлік істерін суреттеуге арналған.


 


Майданда еразамат етігімен су кешкен қысылтаяң шақта тылдағы ауыртпалық негізінен əйелдердің, қарттар мен жасөспірім жеткіншектің мойнына түскені, басқыншы жауды қасиетті Отан шебінен қуып, жеңіс күнін жеделдету үшін бүкіл совет халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей, зор ынтымақпен еңбек еткені мəлім. Автордың алға қойған мақсаты да осы ақиқатты көрсету. Романда бұл жайлар кеңінен сөз болады.


Сұрапыл соғыс жылдары. Жағдай қиын, ауыртпалық үлкен. Бірақ заман қаншама қысылшаң болғанмен, өмір деп аталатын күрделі процестің логикасы бар. Бір қолдағы бес саусақ та бірдей емес. Де-мек, адамның да бəрі бірдей емес, алуан түрлі. Біреулер ел басына түскен ауыртпалықты жан дүниесімен терең сезініп, барлық ақыл-ой, жігер-қайратын сарқа жұмсап, жеңіс күнін жақындату үшін жан аямай еңбек етіп жатса, бағзы біреулерге ертең жетер жеңістен гөрі бүгін жейтін нан, қарақан басының қамы, от басының амандығы қымбат. Біреулер жылаған баласының қолына ұстатар бір кесек қант таппай отырса, біреулер қысылшаң кездің қиындығын пайда-ланып, қымқырма пайда тауып, байлықты емін-еркін шайқап жүр. Бүкіл халықта біздің Армияның зұлым жауды жеңетіндігіне деген мызғымас берік сенім бар. Ал сонымен қатар басқыншылар Москва түбіне келіп қалған шақта «қалай болып кетер екен» дегендей күдікке беріліп, өз болашақтарына басқаша жоба, жоспар жасап жүрген бір-лі-жарым опасыздар мен табансыз элементтер де жоқ емес.


Ата-бабасынан бері ақсүйек алпауыттың тұқымы, бұрын кадет корпусын бітірген, патша үкіметінің офицері, революциядан кейін шетелдерде жүріп, енді соғыс басталғасын неміс командованиесінің арнаулы тапсырмасымен Қазақстанға өткізілген шпион Əмірхан Ай-дарханов сияқты жасырын жаулардың қол артып, иек сүйер тірегі де осындай тұрақсыз, азғын элементтер: заводтың ОРС бастығы Əкімгерей Сейтімов пен қойма меңгерушісі Жағыпар Нұрмолдин болды. Диверсиялық осы топ заводқа құрал-жабдықтар алып келе жатқан пойызды құлатып, шойын құю цехын өртейді. Ал тамыр-таныстық арқылы мемлекет мүлкіне қол сұққан саудагер кемпір Томпақ, еразаматы майданға кеткен жетім-жесір қыз-келіншектерге қырындап қыр көрсетіп, жылы орын іздеп жүрген мəнсапқор жігіт Барлыбайлар болса, жоғарыдағы дұшпандар тобын көбейтіп, жау отына май құя түседі. Бірақ қаншама тырысса да дұшпандар тобы совет адамдарының алынбас қамалдай берік ынтымағына, қалт ет-пес қырағылығына кездеседі де отырады. Жаппай еңбекке жұмылған ұйымшыл коллектив бұлардың əрекет өрістерін күн санап тарылта түседі де, ақыры Əкімгерей сияқты зұлым атылып өлуге мəжбүр болады. Өлер алдында ол өз сыбайластарын да əшкерелеп кетеді. Ал мемлекет мүлкіне қол сұғып, дұшпанға құрық беріп жүрген жексұрындар заң бойынша сазайын тартады.


Міне, осының бəрі де тылдағы еңбек адамдарының жеңе білген қиындықтары. Жазушы осы қиыншылықтарды суреттей отыра, бірінші кезекке советтік патриотизм идеясын, халықтың оптимистік жарқын ойлары мен ұлы сенімін, ерлік еңбегін қояды. Шығарманың идеялық ең басты табысы да осында.


КПСС Орталық Комитетінің июнь Пленумы өнер шығармалары туралы айтқанда əсіресе жағымды кейіпкердің тəрбиелік роліне ерекше көңіл белді. Сөз болып отырған шығарма бас кейіпкерінің есімімен аталыпты. Оқиға осы Дəмелі төңірегіне топтасып, қамшының өзегіндей жарыса жүріп отырады. Автордың айтпақ идеясы да, көптеген қосалқы кейіпкерлердің характерлері де бас геройдың өмірге, айналада болып жатқан обьективтік дүниеге қатысына, көзқарасына қарай анықталады. Біздіңше, Дəмелі обра-зы артық-кемді кемшілігіне қарамай, соғыс кезіндегі ауыртпалықты көппен бірге арқалаған қазақ əйелінің жиынтық бейнесін көзге елес-тете алады деп ойлаймыз.


Міне, жанына балаған жарын майданға аттандырған жас əйел ауыр ой үстінде. Екі жастан енді ғана асқан Еркіні майданға кеткен Мəдіғалиын еске түсіріп, жас əйелдің жанын жаралайды. Енді бір-де оны жалғыз баласын майданға аттандырған Балғаным кемпірдің жайы толғандырады да, «екі жарты, бір бүтін» болып күн көру мақсатымен, кемпірді ол өз қолына алады. Уақытқа байланысты, кір жуатын сабын мен асқа қатар тұз, хат жазар қағаз да қат. Жалғыз ұлдың аяғына қыста киер киіз байпақ алуға көмектескені үшін, Əкімгерей сияқты сұрқияны сырттай сыйлап, құрмет тұтқызған да уақыт қиындығы. Адал көңілі үшін артынан ерген ел арасының өсегіне төзетін де ол. Үйге кірсе, жар төсегінен бастап, аяқ киімнің тұмсығына түскен кішкентай сызатқа дейін қан майданның өтінде жүрген ерін елестетеді. Пəлен ай бойына хат келмей дүдамал күдікпен жүргенде, майданнан келген «қаралы қағаз» – Дəмелі ба-сына түскен жай оғындай еді. Осының бəрі де уақыт жүгін арқалап қалған əйел басына өз кезегімен келіп-кетіп жатқан қиындықтар. Бəрі де таныс, бəрі де белгілі.


Алайда, отаншыл жас осы қиындықтардың бəріне төтеп бере, төзе отырып, өз бойынан күрделі станокты игеру сияқты қажырлы қуат табады. Аз уақыттың ішінде токарьдың қиын мамандығын игерген ол өзіне сенімсіздік пен қараған Баранов сияқты қарт мастердің күдігін үзілді-кесілді жоққа шығарады.


Осы алуандас тағдырды бастан кешірген жастар Айтжан, Жүніс, Сима, Бағдагүл, Дəмір, Рəбиғалар тобы Дəмелі бейнесін толықтыра түседі. Бұлардың бəрі де бұрын завод дегеннің не екенін естігені болмаса, көрмеген алыс түкпірдегі ауыл жастары. Бірақ солай болса да, жастар аз уақыттың ішінде тың іске төселіп, тəжірибелі кексе жұмысшылардай маман болып алады. Автор бұлардың əрқайсысын өзіне тəн іс-əрекет, мінез-құлықпен, əр алуан тағдырмен көрсете біл-ген. Ал бас кейіпкерді жеке-дара үздік герой етпей, осы жастардың ансамблінде суреттеуі – жазушының қол жеткен табысынан саналуға тиіс.


Романда айрықша назар аударуды керек ететін парторг Өмірзақ Досмұқанов бейнесі. Майданнан жараланып қайтқан, самайын қырау шалған осынау қарапайым, сезімтал адамның достық көмегін кейіпкерлер де, соған ілесе оқушы да жанмен сезініп отырады.


Шынын айту керек, біздің көптеген шығармаларда парторг барлық жерде, бар жұртқа, қолынан келетінге де, білмейтінге де ақыл айтып, сол арқылы «мен парторг» деп айқайлап тұрады. Əдетте, олардың партия қызметкері екенін іс-əрекетінен немесе мінез-құлқынан емес, жазушының сыдыра баяндап берген анкетасынан қарап білетін едік. Сөйтіп олар көркем образ ретінде көрінбей, көбінесе жасанды «біл-гірлер» болып керінетін.


Сөз болып отырған романның авторы партия қызметкерінің обра-зын жасаудағы осы бір жасандылықтан бойын аулақ салуға тырысып-ты. Бұл, сөз жоқ, құптарлық жағдай. Əманда, кенетоз шинелінің қос қалтасынан қолын алмай, жұрт сөзін үнсіз мұқият тыңдап, бір қараған кезге «өкпе-бауырына дейін ресми» көрінетін Өмірзақ айқайлап та, ақыл айтып та жатпайды. Өзінің арнаулы мамандық білімі де жоқ. Армияда ол политрук болып қызмет істеген. Партия жұмсаған жерге бар ынтасымен келген ол қал-қадарынша адал қызмет атқарып жа-тыр. Мамандығы болмаса да, оған завод тіршілігінде ала бөтен бөгде көрінетін ештеңе байқалмайды. Сөйте тұра ол мамандарға пікір қосып отырып-ақ көп нəрсені елеусіз тындырып жүр. Өзі барынша қарапайым, барынша адал. Адам тағдырына соншалықты сезімтал парторгтің жұмысына жазушы завод директоры Вера Васильевна Кузнецованың ойы арқылы дəл баға берген:


«Жұмыстың    əр    буынын     жеке    алып,    талдап   қарағанда, Досмұқанов, яғни парторг қосқан ешқандай үлес жоқ сияқты. Ал бір есептен көп нəрсеге қозғау салған сол екені тағы анық. Вера Васильевна парторгтің жұмысына теңеу тапқысы келеді. Бірақ ойына ыңғайлы ештеңе түспей отыр. «...Я, кəдімгі ашытқы десе боларлық. Ашытқысыз нан жоқ, ал нанда бөлек көрініп тұрған ашытқы жəне жоқ! Бірақ нанның нан болып шығуы ашытқының сапасына бірне-бір байланысты ғой», – деп парторгтің ісіне мұндай үйлесімді теңеу тапқанына директор іштей қуанып кетті» (183-бет).


Расында да əділ баға. Шын мəніндегі партия жетекшісі əрбір істің, əрбір бастама жаңалықтың, жалпы коллективтің ұйытқысы. Ұйытқысыз айран да жоқ, ал айраннан бөлек оқшау тұрған ұйытқы жəне жоқ. Осы тұрғыдан Досмұқанов сəтті шыққан образ. Оның іс үстіндегі терең тебіреніс, кең толғаныстары соншалықты сенімді.


Тұтастай алғанда, жап-жақсы жазылған шығармада көз тоқтатып, көңіл аударар кейбір кемшіліктер де бар. Жазушы мезгіл тынысын терең сезіндіру мақсатын көздеген болу керек – сол бір тұста болды-ау деген оқиғаның бəрін қалдырмай қамтуға күш салған: шығармада завод жастарының колхоз шаруашылығына көмегі де, армиядағы азаматтардың семьясына камқорлық та, темір жол жұмысшыларына жəрдем де, тіпті т. б. көптеген қосалқы керексіз оқиғалар бірі қалмай түгел сөз болады. Əрине, автордың заман тынысын таныту ниеті-не тəнтіміз. Бірақ оның да орынды ретін білу қажет еді. Бұл жер-де «барлығын қамтуға тырысу» өзін өзі ақтап тұрған жоқ. Автор өз күшін, өз резервін өзі бөлшектеп, орынсыз шашыратып алған. Кей-бір эпизодтар сілкіп қалсаң, шығарманың композициялық желісінен сетінеп, өз жайына кететін тəрізді жəне осы қосалқы эпизодтарда асыра айтқан əсіре қызыл боямалар да аракідік ұшырасып қалады.


Соғыс жылдарындағы таршылық-тапшылықты баяндайтын кей-бір сəттерде жазушы натуралды суреттерге бой ұрып кеткендігін байқамай қалатын жерлері бар. Мəселен, төрт балықты үйге жеткі-зе алмай, бұралқы қызыл төбетпен төбелесіп тұрған екі бала (158-бет), сондай-ақ кейбір «əйел, қыздардың машина майын нанға, нан болғанда, қойдың қиындай қап-қара бірдеңеге жағып жеп жүруі» (207-бет) реалистік картинадан гөрі натуралдық суреттерге көбірек ұқсайды.


Жалпы, жазушының көркемдегіш құралдарды пайдалану тəсіл-дерінде де, тілінде де алғашқы шығармаларынан анағұрлым іл-герілегендік байқалады. Əлгіндей жекелеген кемшіліктері болмаса, «Дəмелі» романы автордың өсу, іздену үстінде екенін танытатын шығарма.


Сөз соңында айта кетелік, кітап қолжазбасының талқылауында пікір айтқан жолдастар романның композициялық құрылысына, сюжетіне, оқиғасына өзгеріс енгізуді тілейтін көптеген кемшіліктерді атап көрсеткен еді. Жарыққа шыққан романнан автордың сол сын пікірлерге құлақ асып, елеулі-елеулі түзетулер жасағаны, кейбір оқиғаларға жаңаша шешім тауып, тарау-тарауларымен қайта жазғандығы көрініп тұр. Достық сынға құлақ асып, дұрыс қорытынды шығару да болашағын ойлаған өсер жазушы үшін өнеге тұтар жақсы қасиет.


1963.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу