Шығармалар ✍️
АДАМ. ТАРИХ. РОМАН
Тілшімен тілдескенде
СҰРАҚ: Өткен жыл қазақ əдебиеті үшін өнікті жылдардың бірі болды дегенді қазір жұрт көбірек айтып жүр ғой. Басқаны айтпағанның өзінде тек роман деп аталатын кесек те күрделі жанр-дан ғана сегіз-тоғыз шығарма жарық көріпті. Солардың бірталайы тарихи жəне тарихи-революциялық тақырыпқа арналған. Сіз сол шығармалар туралы қандай пікірдесіз.
ЖАУАП: 1970 жылы тарихи-революциялық тақырыпта тəмам-далған үлкен жұмыстың бірі – жазушы Əбдіжəміл Нұрпейісовтың «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» деп аталатын үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» атты трилогиясы. Біздің болжауымызша, сөз бо-лып отырған трилогия – Əбдіжəмілдің көп жылдық творчестволық тəжірибесін жинақтаған, жазушы қаламының толысып, кемелден-генін танытатын көлемді де көркем туынды, басқаша айтқанда, автордың бүгінгі жеткен биігі.
Трилогияның алғашқы бөлімдері жарық көрісімен-ақ баспасөз беттерінде əрқилы пікірлер айтылды. Олардың ішінде асатпай жа-тып, құлдық ұрған қошеметшіл сындар да, сондай-ақ аяқталып біт-пей жатқан шығарманың бас кейіпкері іздеген деңгейден табылмай жатыр деген сияқты ыссылай ұрттап, асығыс айтылған пікірлер де болды. Бұл пікірлер туралы өз ойларымды 1962 жылы жарық көрген «Партиялық принципшіл сын үшін» деген мақаламда ортаға салғандықтан, қайталап жату артық қой деп ойлаймын. Ал бүгін осы бір алғашқы бетінен бастап таныс шығарманы бас-аяғы түгел бүтінделіп, тəмем боп столға қойылған шағында араға көптеген жыл-дар салып қайта оқып шыққанымызда жазушының творчестволық мəнеріндегі салиқалылық, жалықпай, тынбай ізденгіштік, өз шығармасына деген жауапкершілік ерекше аңғарылады.
Трилогияның аты «Қан мен тер» деп текке қойылмаған: романның өн бойында төгілетін қан да, тер де жетіп жатыр. Мұның өзі қазақ еңбекшілерінің бостандық үшін күрес жолында көрген бейнеті, шеккен азабы, төгілген қаны аз болмағандығын аңғартуы даусыз. Осыған орай романда өлім-жетім көп, автор қиындықты көрсетемін деп ел өмірінің көлеңкелі жағын, қара бояуын қоюлатып алған де-ген сияқты сын пікірлер де айтылып жүрді. Шығарманың алғашқы нұсқасынан жүрек сазып қоя беретін осындай əсер туатындығын біз де айтқан едік. Ал қазір шығарманың бас-аяғы дөңгеленіп, өзінің заңды шешіміне жеткен шақта қаншама қантөгіс, қиындық болып жатса да, оқырман еңсесі биік, көңілі көтеріңкі сеніммен отыраты-нын аңғардық. Оның себебі – жазушы зұлымдыққа, озбырлыққа қарсы тұрар күшті көтеру, жетілдіру арқылы оқырман көңіліне ұялап келген əлгіндей түйткілден жақсы құтылған.
Қазіргі қалпында романда суреттелетін қарапайым халықтың өзі бас кейіпкерлер Еламан, Кəлендерді жоқтатпайтын дəрежеге көтеріле көрсетілген. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырған теңіз жағасындағы балықшы жатақтар – үлкен əлеуметтік күш. Сонау қырда малы жұтап қалған кедей шаруа да, ауылындағы ел жуандарының тісі батып, қашып келген бірлі-жарым жарлы-жақыбай да осыларды паналап, осыларға сүйенетін болды.
Арал теңізі төңірегіндегі қазақтардың, оның ішінде теңіз сауып күнелткен балықшы қауымның тұрмыс тұрпаты, тіршілік қалпы – көптеген оқырманға бейтаныс дүние. Автор осынау өмірді əр қырынан алып, кеңінен суреттейді, теңіз сағалаған жатақтар өмірінің тұтас панорамасын береді. Жазушының өзі суреттеп отырған өлке тірлігін, этнографиялық жайларын, əлеуметтік талас-тартыс мəселелерін жетік білетіні ешқандай шүбə туғызбайды.
Екі əйел алған Төлеу семьясының трагедиясын суреттеу арқылы автор осы бір адыра қалған ескі салтқа қарғыс айтқандай болады, оқырманды соған қарсы қайрай түседі. Томай құлақ, тоң мойын қайнысы Қалау, жеңгесі Кенжекейдің өз баласын өзіне қарсы қойып, сен əжеңнен тудың деген сылтаумен қайрап, туған шешесін сабата-ды. Бірақ сəби жүрегі бəрін де сезеді. Сөйте тұра нəресте күнінен екіге жарылған жарым жүрекке жастай ұялаған жалған сезім оны көпе-көрнеу еркінен тыс қылмысқа итермелейді, ішінен ет жүрегі қан жылап тұрып шешесіне қол жұмсайды. Өкінішке қарай, қазақ аулының бала тəрбиесінде бір кезде Абай атамыздың өзі қатты айыптаған (оныншы қара сөзін қараңыз) осы бір көлеңсіз көрініс тіпті қазіргі кезде де ара-кідік кездесіп қалады.
Романда бұл сияқты ғибрат алар штрихтар, эпизодтар орнымен, ұтымды пайдаланған.
СҰРАҚ: Ал енді осы трилогиядағы образдар галереясы жөнінде не айтар едіңіз?
ЖАУАП. Жазушы образ, характер жасауға да төселгенін, кемел-денгенін танытады. Романдағы Еламан Кəлен, Мөңке, Дос, Телеу, Тəңірберген, Алдаберген сопы, Курнос Иван, Кенжекей, Бебек бей-нелері – образға қойылар талаптарды көтере алатын толыққанды тұлғалар. Тіпті, оқта-текте көрініп, оқиғаға екінші қатарда кірісіп жүрген кейіпкерлер: сəт бағып отырып пайда-серіктен шыққан күйі сырт айналып жүре беретін татар байы Төмірке, Тəңірберген мырзаның барып кел, біліп келінде жүріп, ауылдан тері-терсек жи-нап байып, енді жалына су жүгіріп, қоңына ет біте бастағанда кешегі табынғаны Тəңірбергеннің өзін жүре тыңдай бастаған жылпос, епті жігіт Ебейсін де, ел сөзін жерге тастамайтын есті қария Есбол да өздеріне лайық мінездерімен бой көрсетеді.
Əрине, авторға аты аталып, кітап бетіне шыққан кейіпкерлердің бəрін образ деңгейіне көтермедің деп өкпе артудың лайығы жоқ, ол мүмкін де емес нəрсе. Дегенмен де, оқушыны өз болашақтарынан біраз үміттендірген Мюлгаузен, Селиванов тұлғаларын логикалық шегіне дейін жеткізген дұрыс болар еді деген ойдамыз.
Бояуы келіспей, эскиз күйінде қалған – Жасағанберген бейнесі. Трилогияның алғашқы екі кітабында қалада орысша оқып жүрген бай ауылдың ең кенже мырзасын демалысқа ел ішіне келіп жүрген кезін-де ғана бір-екі рет кездестіреміз. Ауылдағы алпауыт ағаларының іс-терін онша құптамай наразы боп, либералдық пікірде жүрген осы бір науқастау, жүдеу жігіттің революция жағына шығып кеткенін кейін Торшолақ баланың аузынан ғана естиміз. Рас, дүниені дүр сілкіндір-ген төңкеріс жылдарында бір семьяның қарама-қарсы баррикадаға бөлінген фактілері толып жатыр. Бірақ, Жасағанбергеннің дəл мұндай шешімге келуіне романда логикалык əзірлік жасалмаған. Кейіпкердің іс-əрекеті, эволюциялық өсу жолы жоқ.
Колчактан түңіліп, Беловтың армиясына майданға сұранып кет-кен қарт генерал Рошаль, сондай-ақ түрікмендер тұтқынынан қашып шыққан Айғанша тағдыры да атаусыз, белгісіз. Ал Ақтөбеге кел-ген ақтардың армиясына сыйлық алып бара жатқан Тəңірбергенді Шалқар қаласының сыртында тосып алған Еламан тұтқындап, оның орнына қазақ мырзасы боп, бір ай бойы генерал Беловпен бірге Омбыға Колчактың ставкасына да барып қайтады. Қайту сапарын-да Торғай қаласында ажырасып, генерал Беловтың рұқсатымен елге қайтқан Еламан көп ұзамай Шалқарға шабуылға аттанған ақтың армиясына көрсетіп келе жатқан Тəңірберген екенін естиді əрі жүздеседі де. Осы тұста оқырманға Тəңірбергеннін қызылдар тұтқынынан қалай босап кеткені, генерал Белов өзінің алданғанын қалай білгені, əрі онысын білгенде қандай күйде болғаны көмескі қалады.
Немесе Алдаберген сопы өз əйелінің өсегін естіп, Торшолақ ба-ланы қолға түсіргенде оны итше тепкілеп, əбден есінен танғанда есік алдына сүйреп тастайды. «Сол түні, – дейді автор, – Алдаберген сопы ақ тоқалды да көк ала торғайдай ғып, ауыл айналдыра қуып жүріп сабап, Кішіқұм бойындағы төркін жұртына қуып жібереді» («Күйреу», 130-бет). Ал сол ақ тоқалды артынан көп уақыт еткен соң өз аулына өзі бастап алып, келген ақ солдаттардың біреуі «көрпе-төсек жайған төрде, софы ағасының намаз оқитын дағдылы жерін-де» зорлап жатқан жерінен Тəңірберген өзі құтқарып, арашалап алуы да (339-340 бет) түсініксіз. Қалай болғанда да, трилогияның композициялық құрылымына, оқиға желісінен, сюжеттік линиясы-нан селкеу тастамай, шынайы ісмердің қолын танытып келе жатқан жазушыға бұл да мін, кемшілік екені даусыз.
СҰРАҚ: – Аз сөзбен болса да көп жəйді аңғартқаныңыз үшін рах-мет. Өзіңіз діттеген басқа шығармалар туралы не айтасыз?
ЖАУАП: – Біз сөз етіп отырған 1970 жылы «Аққан жұлдыздың» екінші кітабы жарық көрді. Қазақ халқының өткен ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Шоқан Уəлиханов өміріне арналған бұл роман жазушы жоспарында трилогия боп тəмамдалмақ. Үлкен тақырыптың тізгінін үлкен жазушымыздың – Сəбит Мұқановтың ұстауы əбден орынды. Бұл тарихи күрделі тақырыпқа жазушы ке-нет келе қалған жоқ, көп жылдық дайындық, əзірлікпен келіп кірісіп отыр. Бұған дейін ол Шоқан туралы көлемді ғылыми еңбек пен мақалалар, пьеса жазды. Бұларға қарағанда Сəбең Шоқан туралы ма-териалдар жинауға тіпті ертеден кіріскені байқалады. Трилогияның жарық көрген алғашқы екі кітабындағы тарихи деректер мен материалдардың молдығы да бұған айғақ. Роман əлі аяқталып бітпе-се де, осы алғашқы екі кітаптың өзінен-ақ қазақ хандығының соңы ыдырап, орыс əкімшілігінің үлгілері – аға сұлтандық ене бастаған тарихи кезеңдегі заман тынысын, уақыт рухын, əлеуметтік өмірдің кең панорамасын төре тұқымының қолындағы билік тізгіні біртін-деп сусып, суыртпақталып шығып бара жатқанын, ендігі жерде көп мəселені аталы ақсүйектік емес, қалталы бай, ақша шеше бастағанын қапысыз танимыз.
Екінші кітаптың соңында Шоқан шын мəніндегі аққан жұлдыз боларлық, кемелді шағының қарсаңына келіп тоқтап тұр. Оның кандидатурасы атақты Ыстықкөл, Қашқар саяхаттарына ұсынылып отыр. Ал тарихи Шоқанды шығыстану ғылымының аспанында құйрықты жұлдыздай жарқыратқан да оның осыдан былайғы кезеңі, жазып қалдырған ғылыми еңбектері екені мəлім. Демек, жазушының ең жауапты кезеңі үшінші кітаптың үлесіне қалып отыр.
СҰРАҚ: Сонымен «Аққан жұлдыз» туралы ой айтуды сіз де кейін-ге қалдырып отырсыз ғой. Солай-ақ болсын делік. Өз көңіліңізде енді қай шығарма туралы пікір айту ниеті бар?
ЖАУАП: Мен бұл сұрағыңызға жауап ретінде Сейітжан Омаровтың «Қызыл арайын» айтар едім. Бұрын тек əңгімелер мен повестер жа-зып келген сақа жазушының бұл алғашқы романы. Оқиға Харитон деген жас жігіттің есімі қалайша қойылғанына байланысты өрбиді. Бірінші бөлімде оның əкесі Ұлы Отан соғысына қатысып, екі көзден айрылып зағип болған майдан офицері Алмас Оспановтың сестра қызға үйленгені жайына ауыса түседі де, əрі қарай Алмастың əкесі Оспан Жаманбаев жайы əңгімеленеді. Тіпті Жаманбай жайынан да біраз шежіре шертіледі. Кітаптың басым көпшілігі – екінші бөлімі Оспан Жаманбаевтың төңкеріс жылдарындағы, күрес күндеріндегі іс-əрекетін суреттейді де, оның ақтар басып қалған Атбасар қаласына қызылдардың құпия тапсырмасы бойынша астыртын келуімен кілт үзіледі.
Шығарманың ақырында «Бірінші кітаптың соңы деп берілген ескертпеге қарағанда, бұл да аяқталмаған туынды. Оның үстіне со-нау Жаманбайдан Харитонға дейінгі аралықта роман XIX ғасырдың аяғы, империалистік соғыс тұсы, Октябрь революциясы, Ұлы Отан соғысы, қазіргі заман көріністерін қамтуды мақсат тұтқан көрінеді. Осындай себептерден де болар, бұл алғашқы кітапта композициялық желінің тұтастығы байқалмайды. Оқырманның алатын əсері де шашыраңқы. Сондықтан бұл ретте де тұтас бір пікір түйіп, жазушы туындысына үзілді-кесілді баға беруді кейінге қалдырып, «Əліптің артын бақ» дегендей, романның неге кітаппен бітерін күте тұру жөн ғой деп ойлаймын.
СҰРАҚ: Бəке, əңгімеміз қызық болып барады. Дегенмен, бəрін кейінге қалдыра бермейік. Біткен бір шығарма туралы ортаға ой тастаңызшы. Мəселен, Сара Мыңжасарованың «Қыр қыздары» ту-ралы не айтуға болар еді?
ЖАУАП: Авторы жағынан көңіл аударар бұл шығарма расында да əңгімелеуге тұрарлық.
Роман оқиғасы Талдықорған, Қаратал төңірегінде азамат соғысы жылдарында болады. Негізгі тартыс бай мен кедейлер арасында, қараша ауыл атанған қарапайым еңбек адамдары мен шоң ата шон-жар тұқым Елпан, Оралбай ауылдарының арасында жүріп жатады.
Роман негізінен қыр қыздарының, қазақ əйелдерінің санасындағы өзгерістерді, революциялық күрес идеясына келу жолын суреттеуге арналған. Романның соңында Оралбай мен Жұманның шетелге қашып кеткен хабары келеді де, ал Елпан қолға түсіп, істеген бар жауыздығы үшін, Балайым мен Гауһардың оғынан қаза табады.
Əрине, көркемөнердегі еңбек əйел мен еркекке екі түрлі норма беріп, екі түрлі талаппен қарайтын спорт емес. Сондықтан ортақ та-лап тұрғысынан қарасақ, бұл шығарма да кемшіліксіз емес екенін көреміз. Олар кедейлер тобында жүрген, образ дəрежесіне көтеріле алмаған кейіпкерлердің көптігі, күрес күндеріндегі оқиғаларды біресе Елпан ауылына, біресе Оралбай ауылына, кейде Қараша ауылға, кейде қалаға кешіріп қайталай беру, баяндаудың бір сарын-ды шұбалаңқылығы, тілдегі кейбір олқылықтар дер едік. Сондай-ақ романның басынан аяғына дейін ілесіп келе жатқан Қаншайым мен Қалдыбек жəне Мұса арасындағы қарым-қатынас линиясы да дəйекті шешімін таппаған. Қаншайым мен Қалдыбек некелері қиылғанмен, ерлі-зайыпты өмір сүрген емес. Бұл кезде қалада оқып, жазғы де-малыста үйге келіп-кетіп жүрген Қалдыбек те 15-18-ге келіп жігіт боп қалды. Қаншайымға қыз кезінен ғашық Мұсаның əлі де көңілі бар. Ал Қаншайым болса, адал, пəк көңілді қайнысын, қазіргі некелі жары Қалдыбекті қимау, оның үстіне өзін əлпештеп, алақанға салып, туған баласындай көріп отырған ата-енесі Досан мен Дəмелі көңілін қалдырмау, сыйлау сезімі жəне бар. Осы бір шешімін таппаған жұмбақ сезімдердің дүмбілез күйде қалуы – шығарманың ең басты кемшілігі.
Қазақта «көш жүре түзеледі» дейтін мəтел бар. Жаңа бастаған автор түгіл, төселген кəнігі кексе романистердің өзі де кемшілік-тен құр бола бермейді. Олай болса, осы романның жазылып жарық көруінің өзімен-ақ тек авторына ғана емес, жалпы қаламдас əйел əріптестеріміздің бəріне эпикалық күрделі жанрда сəт сапар тілесек, артық болмас деп ойлаймыз.
СҰРАҚ: Қорытындыда не айтар едіңіз?
ЖАУАП: Жалпы қазақ-совет прозасында тарихи жəне тарихи-революциялық тақырып – аса күрделі де ірі тақырып. Оған жазылған романдар да толып жатыр. Тарихи тақырыпты игеруде сөз боларлық проблемалар да ұшан-теңіз. Алдымызда келе жатқан Қазақстан жазушыларының VI съезінде бұл сияқты ауқымды мəселелер ар-найы сөз болып, келелі кеңеске түскені жөн.
1971.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter