Шығармалар ✍️
ƏЛЕМГЕ МƏШҺҮР ƏДЕБИЕТ
Қазақ халқында «Елу жылда – ел жаңа» деген нақыл сөз бар. Тарих көшінің керуен соқпағында мал жағдайының жетегіне еріп, көшіп-қонып жүрген бабаларымыз аталған мəтелде бірқалыпты ми-мырт аяңмен көңілсіз өтіп жатқан өз өмірін де, бəлки, болашаққа, əйтеуір алдағы елу жылға артар үмітін де айтқанға ұқсайды. Уақыт озған сайын бəрі де өзгерісте, ағымда, қозғалыста болмағы табиғи құбылыс, диалектиканың заңы. Алайда осы нақыл қазақ халқы үшін Ұлы Октябрьден кейін мүлде жаңа мағынаға ие болды. Өйткені Ұлы Октябрь революциясы екі бірдей қанаудың қыспағында тұншығып келген қазақ сияқты бұратана аталған қараңғы елдің еңсесін көтеріп, халықтың творчестволық мол қуатының қайнар көзін аршып, оның болашағына азаттықтың нұр шұғыласын шашты. Азат болған ел за-маналар, ғасырлар бойы мойнынан түспей келген лағнет қамытын революция дауылының лаулап жанған жалынына өртеп, жарқын өмірдің күн шуағына қол созды. Еліміздің Ұлы Октябрь революция-сынан кейінгі даму қарқыны даңқты бесжылдықтармен өлшенді. Əр бесжылдық ел көшін өрге бастап, халық өмірін адам танымастай таңғажайып өзгертті. Қайта туған қазақ халқы қазірде «елу жылда ел жаңа» деудің орнына, белгілі əн текстін сəл ғана өзгертіп, «жыл жаңа – ел жаңа» деп жырлайтын болды. Ұлы Октябрь революция-сына дейінгі көне нақыл шат-шадыман халықтың жаңа жырына жол берді. Советтік социалистік өмірдің даму қарқыны халықтың уақыт жөніндегі түсінігіне осылайша өз корректурасын енгізді.
Сөйтіп, елу жыл – небары жарты ғасыр ғана. Көне тарих үшін бұл көп уақыт емес. Осы тарихи шамалы ғана мерзімнің ішінде Ұлы Октябрь революциясының арқасында бұғаудан босап азат болған халықтың творчестволық қуаты атомнан алынған ядролық қуат тəрізді ғажайып алып өзгерістер жасады. Революция тудырған елу жылдық бұл өзгерістерге тіпті сонау кездің заманалар, дəуірлер, ғасырлар жүгі де ілесе алмас еді. Айналасы елу жыл ішінде халқы-мыздың таза экономикалық-шаруашылық саласындағы табыстарын таразыға тартатын статистикалық көрсеткіштер телегей-теңіздей көз жеткісіз көп-ақ. Ал халқымыздың рухани өскендігін тек статистикамен ғана өлшеу бір жақты болар еді. Күні кеше революциядан бұрын хат оқыту үшін көрші ауылға ат шаптырып кісі алдырып жататын, сауаттысын саусақпен санағандай қазақ халқы бүгінде өзінің айдай əлемге əйгілі болған байтақ көркем əдебиетін заңды мақтаныш ете алады.
КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д. А. Қонаев жолдас «Литературная газета» бас редакторының қойған сұрақтарына берген жауаптарында Совет өкіметі жылдарында республиканың қол жеткен экономикалық жəне мəдени табыстарына талдау жасай келіп, былай деді:
«Қазақ халқы мəдениетінің Совет өкіметі жылдарындағы дамуын сөз ете отырып, мен экономика дамуының алып адымына халық ағарту ісінің, денсаулық сақтау ісінің, ғылым мен мəдениеттің қызу қарқыны сай келетінін атап айтсам деймін. 1906 жылы бір патша чиновнигі «Вестник воспитания» журналына мақала жазып, қызық болжам жасапты. Ол қазақ арасында сауатсыздықты жоюдың сол кездегі қарқынына қарай 4600 жыл керектігін дəлелдепті! Советтік Қазақстанда бұл проблеманы 46 ғасыр емес, 46 жыл ішінде шешіп берді» («Қазақ əдебиеті» газеті, 13 октябрь 1967 ж.).
Фантастикаға пара-пар бұл сияқты ұлы өзгеріс қарқынына таң қалмау мүмкін емес. Мəселен, М. Əуезовтің «Еңлік – Кебек» пье-сасы ауыл жастарының күшімен алғаш рет қойылған 1917 жылы қос киіз үйдің іргесі мен бүгінгі таңдағы жазушы есіміне ие болып отырған Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді мемлекеттік академиялы драма театрының сахна төріне дейінгі аралықты тек қана статисти-камен өлшеу қиын.
Қазақ-совет əдебиеті, Совет өкіметі жылдарында қайта туып, со-циалистік ұлт болып қалыптасқан қазақ халқының өзі сияқты, Ұлы Октябрьдің бел баласы. Бұл қыздырмалық үшін айтыла салған қызыл сөз емес, шынайы шындық. Ұлы Октябрь революциясына дейін қазақтың ауыз əдебиеті болмаса, профессионалдық жазба əдебиеті дəл бүгінгідей өрге басып, өркен жайған жоқ. Оның өзінде де, көбінесе поэзия басым болды да, ал проза мен драманың кейбір болмашы үлгілері бүгінгі түсінік тұрғысынан қарағанда профессионалдық сын көтеретіндей дəрежеге жете алмады. Бұл жөнінде акаде-мик-жазушы Сəбит Мұқанов қазақтың шын мəніндегі европалық профессионалдық прозасы революцияға ілесе туып, уақ жанрда да, повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар тудырып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын алғандығын, революциядан бұрын қазақтың ұлттық əдебиетінде ауызға аларлық пьесаның өзі түгіл, иісі де болмағандығын, қазақ драматургиясының алғашқы жолын Мұхтар Əуезовтің қаламынан 1917 жылы туған «Еңлік – Кебек» пьесасы тартқандығын атап көрсетті. Ал қазір осыдан басталған қазақ-совет драматургиясында қыруар шығарма берген авторлар тобы жұмыс істейді.
Біз бүгін мақтаныш етіп отырған драматургиямызды ауызға алғанда, оның қазақ топырағындағы классикалық үлгілерін жасаған Мұхтар Əуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов есімдерін ал-дымен атамасқа немесе сол жанрдың қабырғасын қатайтуға кайтпас қажыр жұмсап келе жатқан Əбділда Тəжібаев, Шахмет Хұсайынов, тіпті кейінгі буынның өкілі Қалтай Мұхаметжанов еңбегін бағала-масқа қақымыз болмас еді.
Тек қана таза классикадан я маңдай алды жақсы шығармадан тұратын творчествоны немесе бүтін бір əдебиетті тарих шежіресі-нен таба қою қиын. Əдебиет əрқашанда тірі организм сияқты жан-ды құбылыс. Мұны ескерсек, мейлі ол жеке жанрда болсын, мейлі тұтастай əдебиетте болсын, жоғарыдағыдай санаулы есім аздық етері даусыз. Бірақ осы солай болар-ау десек, көлемі шағын мақаланы тұтастай тізімнен жасап шығуға болар еді. Алайда одан пайда бола қоймас.
Қазақ-совет əдебиетінің проза, драматургия сияқты екі жанры ті-келей Ұлы Октябрьдің перзенті болса, ал қазіргі поэзияның өзі де мазмұн-мағына жағынан, түр жағынан, азаматтық пафос, идеялық нысана жағынан ревоюцияға дейінгі поэзиядан көз көрім, кеш құлаш ілгері еткен, мүлде тың тұрпатты, жаңа сапалы поэзияға айналды.
1960 жылы қазақ республикасының отау көтеруіне 40 жыл то-луына байланысты жазған «Қайта туған халықтың əдебиеті» атты көлемді мақаласында академик-жазушы Мұхтар Əуезов ұлттық əдебиетіміздің өткеніне, кезіндегісіне, болашағына барынша білгір-лікпен кең талдау, мол пайымдау жасай отырып: «...өткеннен қалған мұра атаулы қазақ əдебиетінде шақ қана... Бұхар, Шортанбай, Ду-лат, Мұрат дейтін ақындардың бар шығармаларын бір арнаға жи-нап келіп, таразыға салғанда, бір ғана Қасым Аманжолов ақынның шығармалар көлеміне жетпейді. Тек көлемі ғана емес, мазмұны жағынан əсіресе солай. Халықтың санасының биіктік сипатымен, ре-волюцияшыл бағытымен, көркемдік мəдениет қасиетімен – қысқасы шартарап шарттарымен солай болған Қасым басым емес пе!» – деген еді.
Жайсаң білімді ғалымның бұл пікірі тек Қасым творчествосына ғана берілген баға емес, түптеп келгенде бұл сонау Ілияс, Сəкендерден бастап, Ғали, Əбділда, Қалижан, Хамит, Сырбайларын ортаға алған, бүгінгі буын Қадыр, Мұқағалиға дейінгі байтақ бір қауымға, ақын қауымға, советтік қазақ поэзиясына тұтас берілген ортақ баға екені-не көз жеткізу киын емес.
Əдебиеттің əр қырына көз салған Мұхаң Абай дəстүрінің дамуы, қазақ-совет əдебиеті бастан өткізген қилы кезеңдер мен қиындықтар, интернационалдық байланыс, тəлім-үлгі алған мектеп, идеялық шынығу т. б. толып жатқан мəселелердің бəр-бəріне өз болжамын айта келіп: «Қазақ-совет əдебиетінің негізін туғызушы алғашқы қазақ жазушыларының зор қасиеті, олар революция орнай салысы-мен Лениннің жарқын жолды іліміне сүйене отырып, əуелгі адымда-рынан бастап, реакциялық ағымдардың бəріне қарсы бітімсіз күрес ашты.
Еңбекші қазақ халқының рухани мəдениетінің тарихында осы бағыт ең жемісті, зор жаңалық басы болып беки берді. Бұл жөнінде анық тарихтық бағалы еңбек етушілер қазақ-совет əдебиетінің көрнекті қайраткерлері: Сəкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сəбит Мұқанов сияқты адамдар еді», – деп жазды. Міне біздің бүгінгі қазақ-совет əдебиетіміз, профессионалдық əдебиетіміз осылайша басталды.
Профессионалдық əдебиет болмайынша сынның болмайтынды-ғы, атап айтқанда əдеби сын мен əдебиеттану ғылымы көркем əдебиет дəрежесінің көрсеткіші болып табылатыны өзінен өзі түсінікті. Демек, «Қазақ-совет əдебиеті – Ұлы Октябрьдің перзенті» деген тұжырымның төркінінде осындай ақиқат шындық бар.
Дамудың даңғыл жолына түскен қазақ əдебиетін зерттеу жұмысындағы, сын саласындағы жетістіктер де мол. Совет өкіметі жылдарындағы қазақ халқының əдеби мұрасын сын көзбен қарап игеру, советтік əдебиетіміздің есу, даму процесін қадағалап, одан туатын əр алуан жағдаяттарды егжей-тегжейіне дейін түбегейлі зерттеу жөнінде қыруар жұмыс істелді. Бұл жылдардың ішінде қазақ əдебиеттану ғылымы мен сынның ірге тасын қалаған бел-ді де беделді аға буын, бірқатар байсалды еңбектер беріп танымал болған орта буын, болашақтарына зор үміт артуға болатын жас буын əдебиетші ғалымдар мен сыншылар отряды туып қалыптасты. Қазақ əдебиеттану ғылымы мен сынының туа бастаған балаң кезінде маман кадрлардың аздығынан əр əдебиетші бар салада, бар жанрда бірдей қызмет істеген болса, мұның өзі онсыз да санаулы күшті күрделі мəселеге топтастыруға қиындық келтірсе, қазір жағдай мүлде басқаша. Бүгінгі таңда жеке жанрдың, жеке бір кезеңнің, тіпті көрнекті жеке жазушылардың зерттеушілері туып, маманда-нып отыр. Бұл, сөз жоқ, əдеби сын мен əдебиеттану ғылымының марқайғандығының белгісі.
Солай дей тұрғанмен де, қазақ-совет əдебиетінің əлі зерттеле бере-тін мəселелері жеткілікті. Өйткені советтік əдебиетіміз революцияға дейінгідей керуен соқпағымен келіп тоқыраған өткен тарих емес, заманымыздың даму қарқынына сай, социалистік реализм магист-раліне шыққан салқар көш үлкен процесс, өсу, өрлеу, өркендеу үс-тіндегі өскелең əдебиет. Оның бүгінгі таңда түбегейлі зерттеуді ке-рек ететін зəру мəселелерінің қатарында: идея мен образ, ұнамды герой, қазіргі заман тақырыбы мен замандастар тұлғасының жаса-луы, стильдік ерекшелік жəне көркемдік шеберлік сияқты күрделі де сүбелі проблемаларды атап кету артық болмайды.
Қазақ-совет əдебиетінің даңқын Одақ оқырмандарына, əрісі əлем жұртшылығына танытқан жанр проза екендігі мəлім.
Проза демекші, біздің қазақ əдебиет сыншылары мен зерттеу-шілері революциядан бұрын жазылған Сұлтанмахмұт Торайғы-ровтың «Қамар сұлу», Спандияр Кебеевтің «Қалың мал», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» атты шығармаларын көпке дейін ро-ман деп қарап келді. Ұлы шығармалар жеке зерттеулер мен мақала-ларда да, орта мектепке арналған оқулықтарда да осылай бағаланды. Əрине, қазақ əдебиетшілері бұл пікірді айдарынан жел ескен-діктен емес, «шарасыздан шалға тидім» деп кəрі қыз айтқандай, эпикалық жанрдың роман, повесть сияқты сүйекті де күрделі, кесек туындылардың тапшылығынан, зəруліктен айтқан еді. Шындығында, бұл шығармалар роман деп атауға көлемі жағынан да, көркемдік жағынан да профессионалдық талап қоюды көтермейді.
Кейініректе, шын мəнінде профессионалдық роман, повесть сияқты шығармалар жазылып, романның не бір түрлері (психоло-гиялық, əлеуметтік, тарихи, мемуарлық, публицистикалық түрлерінен бастап эпопеяға дейін) туындап көбейіп, проза қазақ əдебиетінің жетекші жанрына айналған шақта қазақ əдебиетшілері бұл мəселені қайта қарап, басқаша бағалады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, филология ғылы-мының докторы, профессор М. Қаратаев былай деп жазды:
«Ал енді проза жанрына келсек, бұл салада тікелей пайдаланарлық бізде құнарлы дəстүр болмағаны белгілі. Революциядан бұрын-ғы əдебиетімізде жалпы прозаның, оның ішінде, əсіресе, реалистік көркем прозаның, қанат жайып өсе алмауына байланысты совет əдебиетінің проза жөнінде өткеннен алған мұрасы өте шағын бол-ды... Сол себепті де Совет өкіметінің алғашқы жылдары проза жан-ры қазақ əдебиетінде революциялық мазмұнмен шұғыл қарыштап кете алмады, өйткені жаңа мазмұнға сай жаңа көркем түр тауып беру үшін орыс əдебиетіндегі реалистік прозаның классикалық дəрежеге жеткен дəстүрлері атымен болған жоқ».
Міне осындай жағдайлар бас құрап, қазақ əдебиетінің проза жан-рында социалистік реализмнің кешеуілдеп барып қалыптасуына, əсіресе роман сияқты шығармалардың кенжелеп тууына əсер етпей қалмады.
Сөз арасында айта кетелік, қазақ əдебиетінің Октябрь туғызған проза жанры очерк, əңгіме, повестерден басталды да, бірте-бірте күрделеніп, реалистік прозаның роман сияқты кесек үлгісін кешеу-ілдеу туғызды. Бұл салада алғашқы борозданы Сəкен Сейфуллиннің 1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жеке тараулары жария-ланып, 1927 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап боп басылған «Тар жол, тайғақ кешу» атты шығармасы тартты. Шығарманың жан-ры жайында қазақ əдебиеттану ғылымында əрқилы пікірлер бол-ды. Біреулер мұны тарихи документтерге негізделген очерктер деп қарауға бейім болса, енді бір топ зерттеушілер мемуарлық роман (С. Қирабаев, Е. Лизунова т. б.) деп таныды.
Бірақ қалай болғанда да, даңқты революционер ақынның бұл туындысы қазақ прозасында реалистік романның көріне бастаған төбесі, келешектің кепілі екендігі даусыз еді. Шындығында солай болды да. Арада жыл өтпей жатып, 1928 жылы жанрлық тəркіні ешқандай шүбə туғызбайтын «Адасқандар» (С. Мұқанов) рома-ны жарыққа шықты. Бұл өзінің барлық көркемдік компоненттері жағынан жанрдың қоятын талаптарына толық та түгел жауап бере алатын шын мəніндегі роман болды. Профессионалдық романды Сəбит Мұқанов осылайша бастады да, 1934 жылы жарық көрген «Жұмбақ жалау» атты шығармасы арқылы біржола негіздеді деуге əбден болады.
Осыдан бастап ел өміріндегі əлеуметтік өзгерістерді бейне-лейтін Б. Майлиннің повестері, Сабыр Шəріпов туындылары, Саттар Ерубаевтың «Менің кұрдастарым» романы сияқты кезең-кезең сүйекті шығармалар қазақ прозасының қорын молайта берді. Сөйтіп Ұлы Отан соғысының алдындағы бесжылдықтар кезінің өзінде-ақ əдебиетіміз айтарлықтай табысқа жетіп, тек тақырыптық жағынан ғана емес, идеялық-көркемдік жағынан да анағұрлым іл-гері басқандық байқатты. Осылайша ол республикамыздағы мəдени революция жеңісінің ең бір тамаша көрсеткішіне айналды.
Ұлы Отан соғысының ауыртпалығы совет халқының материалдық байлығын ғана майдан рельсіне көшіріп қойған жоқ, сонымен бірге бүкіл рухани күш-қуатын да жеңіске жігерлендірді. Халықпен бірге əдебиет те Отан қорғауға аттанған кезде көп ұлтты туысқан халықтар əдебиетінің құрамында қазақ-совет əдебиеті де майдан туының ас-тында сапқа тұрды. Отан соғысы жылдарының ерлік шежіресін бейнелеуде тек очерк, лирика, əңгіме, публицистика сияқты шағын жанрлар ғана белсенділік көрсетіп қойған жоқ, роман, повесть, по-эма сияқты іргелі жанрлар да іске кірісті. Жазушы Ғ. Мүсірепов «Ер ана», «Ақлима» əңгімелеріне қоса кейін «Қазақ солдаты» де-ген атпен қайта басылған романының алғашқы нұсқасын дүниеге келтірді. Бұл қазақ əдебиетінің реалистік үлкен прозасында майдан өмірін бейнелеудің алғашқы барлаушысы əрі өте сəтті барлаушы-сы болды. Ə. Əбішевтің «Жас түлектер» повесі мен Ғ. Слановтың «Жанар тау» романы да майдан мен тыл өмірінің бірлігін бейнелеуге арналды. Ал тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған атақты диқан Ш. Берсиев өмірін суреттеген жазушы Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ» романы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы əдебиетіміз-дің ең сүбелі туындыларының бірі болды. Берсиев ерлігіне Мұста-финнен кейін неміс ақыны Бертольд Брехт те арнайы поэма жазғаны мəлім.
Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау жылдары қазақ прозаиктері-нің əдебиетке соғыстан кейін келген жаңа буынының творчестволық тағдырларында да із-түзсіз кеткен жоқ. Шындығында да орта мек-тепті бітірер-бітірместе студенттік партадан майданға аттанған Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ə. Нұрпейісовтың «Курляндия» атты алғашқы романдарының майдан өмірін суреттеуге арналуы табиғи құбылыс. Олардың ол кезде басқадай өмір тəжірибесін жа-зуы тіпті мүмкін де емес еді. Ал қазір бұл талантты жазушылардың туындылары неміс, француз оқырмандарына да танымал болғаны көңілге қуаныш екенін атап өту қажет.
Қазақ прозасының өте-мөте қаулап дамыған кезеңі – Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар. Бұл кезде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезовтің Лениндік жəне Мемлекеттік сыйлықтарды алған «Абай жолы» эпопеясының соңғы ноқаты қойылды. Қалың оқырман қауымның, сондай-ақ көптеген шетелдік һəм советтік əдебиет, мəдениет қайраткерлерінің мойындауы бойынша, бұл шығарма тек совет əдебиетінің ғана емес, жалпы əлемдік əдебиеттің классикалық туындыларының қатарынан берік орын алып отыр.
Көшесінің əр тасы, үйлерінің əр кірпіші əдебиет пен мəдениет тарихынан шежіре шертетін Париждің, сонау бір кездегі «тəкаппар Европаның» көптеген əдебиет, мəдениет қайраткерлері бұл күнде М. Əуезов есімін Гомермен, Шекспирмен, Толстой, Шолоховтар-мен салыстырып, қатар атаса, бұл да жарты ғасыр ішінде ұлттық əдебиетіміздің қай деңгейге, қаншалық биікке самғағанын көрсетсе керек. 1965 жылы Лейпциг қаласында Библиография институты шығарған «Дүниежүзі əдебиетінің справочнигінін» бір томдығына қазақ əдебиетінің үш өкілі (Абай, Жамбыл, Əуезов) енуі де жай-дан-жай емес екендігі түсінікті. Бұған М. Əуезов, С. Мұқанов шығармаларының дүниежүзінің қырық шақты тіліне аударылғанын, тек Ғ. Мұстафин шығармаларының ғана оннан аса шетел тіл-деріне аударылу фактісін қоссақ, оқырман ретіндегі мақтаныш сезіміміздің себебі түсінікті болады. Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романдарын, X. Есенжановтың, Ə. Нұрпейісовтың трилогиялық туындыларын да біз бүгін «біздерде мынадай бар, мынадай бар» – деп ауыз толтырып айта аламыз.
Соғыстан кейінгі жылдары қазақ прозаиктерінің қатарын толтырған 3. Шашкин, С. Шаймерденов, Б. Соқпақбаев, 3. Қабдолов, Ж. Тілеков, С. Бақбергенов, А. Байтанаев, Ə. Сəрсенбаев, Д. Əбілев, К. Оразалин т.б. толып жатқан белгілі прозаиктерімізді айтпаған-ның өзінде, прозаға кеше ғана келген соңғы сүйріктер: С. Жүнісов, Қ. Ысқақов, С. Мұратбеков, Р. Тоқтаров, Қ. Жұмаділов, О. Бөкеев, Ə. Кекілбаевтардың алғашқы табыстарының өзі көңілге тоқ, көзге қуаныш.
Əрине, қол жеткен табысымыздың бəрін бір мақалада айтып жет-кізу қиын. Тегінде ақын Тайыр ағамыз рас айтқан:
Кім айтпас бізді қазір өскен ел деп?!
1970.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter