25.04.2023
  323


Автор: Бірлік күні

Бірлігіміз жарасып

Бірлік дегеніміз – мәңгілік және топтаспайтын, бөлінбейтін, ынтымағы мен берекесін бірге ұстаған еліміздегі ұлтаралық татулықтың бейнесін көрсететін ең биік ұғым болып табылады. Қаншама ғасырлар бойғы дана халқымыздың бойына сіңген асыл қасиетін көрсететін бет-бейнесі осы бірлік пен ынтымақ, бауырмалдылық біздерге мұра болып бойымызға дарыған десек артық айтпағанымыз болар. Өйткені, қанымыз бір, жанымыз бір бауырмалдықты өнеге тұтар қазақ емеспіз бе?! Ана жерде өтіп бара жатқан өзге ұлт өкілі демей, аралас-құралас боп кеткен еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы бірлік пен ынтымақ, туған елге деген, жерімізге деген сүйіспеншіліктері, сыйластықтары осы бауырмалдықты айқын көрсетіп отырғандай.
Сонау ата- бабаларымыз ынтымақ пен татулықты, сыйластық пен бірлікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, ортақ келісім мен ауызбіршілікті сақтап, жарасымдылықты мүдделі түрде еліміздің біртұтастығын сақтауда өзіндік биік мақсат етіп қойған. Содан бері біздерге мұра болып жеткен бұл ынтымақты, бірлік пен сыйластық қазіргі таңда да етегін кеңге жайып, көп ұлтты мемлекетімізді бар әлемге танытуда. Расында да, еліміз көп ұлтты мемлекет ретінде басқа елдерге үлгі боларлықтай өнеге көрсетуде. Әрине осындай бірлігі мен тірлігі жарасқан көп ұлтты Қазақстандай елде туғанымызға қуанамыз, елімізді мақтан етеміз.
Бірлік пен ынтымақты елділік пен ұлт болып бір тудың астында ынтымақтықпен сыйысып отырудың басты кепілі санаған. Біздің елімізде 125-тен астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Біртұтастықты қалыптастырып, бір үйдің баласындай барлық ұлт өкілдерімен бірге қанат жайып, бірлігі жарасқан еліміздің халық саны жыл санап өсуде. Түрлі этностардың басын біріктіріп, Мегаполис қатарына қосылып жатқан қалаларымыз қандай көрікті десеңізші.
Бірлігіміз жарасып, ынтымақты болайық, тірлігіміз жарасып, бай, қуатты болайық. Қазақстандық ағайын туыс-бауырлар, өзге ұлт өкілдерінен құралған Отандастар! Бірлік күні құтты болсын! Сыйластық пен бірлік, ынтымағымыз жарасым тауып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан»  газетінің бас редакторы Жібек Искакова,  Түркістан қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу