Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  149


Автор: Жүніс ӘМІРЕ

АЛЛАЖАН-АЙ, САҒАН СОЗДЫМ ҚОЛЫМДЫ

Сенсің Карим, сенсің Рахим, – сенерім,
Аллажан-ай, саған создым қолымды.
Сенен басқа жоқ емім,
Аллажан-ай, саған создым қолымды.
Алмақ ажал есесін,
толды өмірдің кесесі,
Ішпеді оны нешесі?! –
Аллажан-ай, создым саған қолымды.
Көзім көкке сүзілді,
жан кеудеден үзілді,
Тіл тетігі бұзылды,
Аллажан-ай, саған создым қолымды.
Пішкен кебін әзір ед,
алды хабар Хазірет,
Сенен басқа қазы жоқ,
Аллажан-ай, создым саған қолымды.
Үстіме су құйылды,
бауыр-халқым жиылды,
Халқыма бер сыйыңды,
Аллажан-ай, саған создым қолымды.
Салып шығар тақтаға,
жөнер мазар жаққа ала,
Тұрар намаз-сапқа да,
Аллажан-ай, создым саған қолымды.
Жаназамды шығарып,
салар топырақ сыбанып,
Қашар сосын бұ халық,
Аллажан-ай, саған создым қолымды.
Тамұқ, жұмақ жолығар? –
Әрқайсының жолы бар,
Шаршысы мың – оның әр,
Аллажан-ай, создым саған қолымды.
Мүңкір, Нәңкір – ол қамап
келді, кәне, бер жауап, –
 Жауап бергін «Аллалап»,
Аллажан-ай, саған создым қолымды.
Көрнеу ғажап о заман,
көңілде енді жоқ алаң,
Өлер – туған анадан,
Аллажан-ай, создым саған қолымды.
Жүніс, сөзді қайымда,
Хаққа өзіңді дайында.
Дидарыңнан айырма,
Аллажан-ай, саған создым қолымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу