Өлеңдер ✍️
ЖЫЛАП САҒАН ЖАЛБАРЫНАМ
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай,
Бұл қауышу – ажырасу болмағай.
Маскүнемдер өкініште қалмағай,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Жап-жасыл қыл махаббаттың бақшасын,
Мастардан қыл сол бақшаның патшасын,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Тал жапырағын ұшыратын жел ұрма,
Айналмағай халық надан тобырға,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Құс ұясын ағашынан құлатпа,
Қатты шошып,
жыламағай жырақта,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Топырақта тұншықпасын шырағдан,
Дұшпан қор боп,
жүре алмағай бұ маңнан,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Ұрылардың қас дұшпаны – жарық-тын,
Күн сөнбесін,
орнамасын ғаріп түн,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Осы алқада тас жүректі жібіттім,
Бұза көрме – құбыласын үміттің,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Ей, Сұлтаным, иесі сен шатырдың,
Жібін әлсіз жалғама деп аһ ұрдым,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Айрылысу – нағыз ащы у жалғанда,
Не қылсаң да, қалдырмашы арманда,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Тек зікірмен жүректі өртеу машық бұл,
Назарыңда тұрғай дәйім ғашық құл,
Жылап саған жалбарынам, Аллам-ай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter