Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  109


Автор: Жалаладдин Руми

ЕСІҢЕ АЛА ЖҮР, БІРАҚ

Басқа бір тәтті өмірге
кетуге ниеттендің, сұлтаным,
Қарамай пәк көңілге,
ажырасудың ерттедің тұлпарын,
Бірақ ұмытпа бізді,
есіңе ала жүр, бірақ.
Саған дос табылады: бөліскен дертіңді,
Олар жерден де, көктен де жолығады,
Сағынады келіскен көркіңді,
Ескі досыңмен беріскен сертіңді
есіңе ала жүр, бірақ.
Әр түн сайын Ай сен үшін толғанда,
Жатып – төсек, иіліп жастық болғанда,
Басыңды қойып жолдарда,
Тіземде жатқан түндерді,
есіңе ала жүр, бірақ.
Сен – құлдың зергері едің,
нұрдың шеңбері едің,
Шырын сынды ұғушы ең түннің тербегенін,
Ғашық отына өртенген Фархадтай менің де,
Айрылысу тауын тілгім келмегенін
есіңе ала жүр, бірақ.
Көз қиығымнан бір дария көрдің кесілген,
Жанарыма төніп ғашық жазирасын көрдің көсілген.
Тәні – тамыз гүлдеріндей есілген,
Жаны – күздің талдарындай шешінген
Мұны ұмытпа,
есіңе ала жүр, бірақ.
Ей, Тебриздің Шәмісі,
Дінім – махаббат менің,
Сенің жүзіңді көрдім жіпсіз байланған,
сонда – өмірге азығым.
Менің дінім түпсіз қайнардан –
Сенің жүзіңнен қазды шапағат кенін,
Ей, Темірқазығым,
Мұны ұмытпа,
есіңе ала жүр, бірақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу