Өлеңдер ✍️
ҒАШЫҚТАРҒА УАҒДА ҚЫЛДЫ ДИДАРЫН – ХАҚ
«Фа азкуру уа Аллаһу касиран»* – иманым хақ! –
Зікір айтып, зар еңіреп жүрдім мән-а.
Ғашықтарға уағда қылды дидарын – Хақ,
Ғашық жолда жанды байлап жүрдім мән-а.
Шын ғашықты сүйіп Аллам жолды аршыды, ал,
Аллам сүйсе, жарты жолда қалман сыңар.
«Дидарымды көрмес, – деді, – жалғаншылар», –
Ғашық сында бекем болып тұрдым мән-а.
Ақылға ерсең, көрстаннан хабар білгін,
Соңғы сағат маған да кеп соғар бір күн.
«Маута қабла ән тамутаға»* амал қылғын,
Бұл хадистен пікір етіп білдім мән-а.
Хабар берер: «Файадхаку қалилан»*, – деп,
Айтар және: «Уа лиабку касиран»*, – деп.
Бұл аяттың мағынасын аш, илан, деп,
Бұл дүнияда еш күлместен тындым мән-а.
Пәмсіз күлер, алып қашып бойын сыннан,
Қайғы шегер Хақ әмірге мойынсұнған, –
Жанарлары жастан кеппей уайым қылған,
Көз жасымды дария қылып тұндым мән-а.
Нәпсісі өлген шын ғашықтар «Алла» деді,
Сахар тұрып, шар зарб ұрып зарлап еді.
Ондай құлға Алла назар салған еді,
Сонда жарды дария болып ұрдым мән-а.
Ырық бермей отқа салды залым нәпсім,
Тұла бойым бара жатыр жалындап шын.
Мүшіріктен иман ұрлап лағын жатсын, –
«Ағузы биллаһи бисмилла» – деп жүрдім мән-а.
Мұнафықтар күйіп-жанар тозақтағы,
Иман тапқан жолығады ғажапқа әлі.
Имансыздың тартар мәңгі азап тәні,
Барлығына иман тілеп жүрдім мән-а.
Нәпсім билеп, арбағанда есімді анық,
Пірмұғанға қарай қаштым басымды алып...
Құл Қожа Ахмет, қақпаны ашып, есік жауып,
Ұшқан құстай Ләмәканға кірдім мән-а.
---------------------------------------------
«Фа азкуру уа Аллаһу касиран»*
(аят) – «Алланы көп зікір ет!»
«Маута қабла ән тамута»*
(хадис) – «Өлмей тұрып өл».
«Файадхаку қалилан»*
(аят) – «Аз күліңдер!»
«Уа лиабку касиран»*
(аят) – «Олар көбірек жыласын!»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter