Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  479


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

ЖЫЛАП ДҰҒА ҚЫЛАМ САҒАН

Рахымыңнан мен ғаріпті шет қалдырма,
Тынбай мезгіл жылап дұға қылам саған.
Ояу болам боялғанша ақ таң нұрға,
Жұмбай көзді жылап дұға қылам саған.
Дәргейіңе келдім, міне, белім байлап,
Жүрек, бауырым өртке толып, жаным қайнап.
Орыны толмас өкініш салып қанымда ойнақ,
Ықыласпен жылап дұға қылам саған.
Жастық-бақта күте алмаппын көңіл гүлін,
Қарттық шақта сөндіріппін өмір нұрын.
Дін жолында жеңілдер ме менің жүгім? –
Иә, Құдірет, жылап дұға қылам саған!
Осы жолда болмайды екен жан күтуге,
Жан күткенді күтеді алдан мәңгі түрме.
Безіп барлық пайдалардан хал бітуде,
Осы күйде жылап дұға қылам саған.
Құл Қожа Ахмет нәпсі-шыңнан асты жәйлап,
Фәна филлаһ* мақамына басты байлап,
Жүрек, бауырым аласұрып тасты қайнап,
Осы күймен жылап дұға қылам саған.
----------------------------------------------------------------------
Фәна филлаһ* – Аллаға сіңу деген мағынадағы рухани мақам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу