Әңгімелер ✍️
22 мамырда қандай қызықты оқиға болды
2000 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 22 мамырды Халықаралық биологиялық әралуандық күні (International Day for Biological Diversity) ретінде атап өтуге шешім қабылдады. Бұған дейін бұл мереке 29 желтоқсанда аталып өтетін. Алайда көптеген мемлекеттерде ол күні басқа да шаралар ұйымдастырылады. Сол себепті Халықаралық биологиялық әралуандық күнін 22 мамырға ауыстыру туралы шешім шығарылды. Биологиялық әралуандық – бұл флора мен фаунаның әралуандылығы. Бүгінде ғаламшарда көптеген өсімдіктер мен жануарлардың жойылу қаупі бар. Оның негізгі себебі – адамның іс-әрекеті. Халықаралық биологиялық әралуандық күні қоғамның назарын дәл осы проблемаға аударуды көздейді. Қазақстанның экологиялық жүйесі де бірегей биологиялық әралуандығымен ерекшеленеді. Жалпы, қазақ жерінде өсімдіктердің 15 мыңдай түрі бар. Жануарлар да өте көп. Сүтқоректілер - 180, құстар - 500, бауырымен жорғалаушылар - 52, қос мекенділер - 12, сондай-ақ, балықтардың 104-ке жуық түрі бар. Ал омыртқасыз жәндіктер, шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар бұдан да көп. Тек жәндіктер түрлерінің өзі 30 мыңнан асады.
Бұдан бөлек, бүгін - Халықаралық готтар күні. Субмәдениеттің бұл түрі 1970-ші жылдары Ұлыбританияда панк қозғалыстың негізінде пайда болды. Онымен бірге "готик-рок" атты музыкалық жанр да бар. Готикалық субмәдениеттің өкілдері біртүрлі боянып, үнемі қара киіммен жүреді. Сол үшін оларды ылғи сынап жатады.
Сосын 22 мамырда Бұлбұл күнін атап өтеді. Оның тарихы белгісіз. Дегенмен, дәл осы уақытта Табиғат ана көктеммен қоштасқысы келмейді. Ал бұлбұлдар тоқтамай ән салады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter