Өлеңдер ✍️

  07.04.2023
  221


Автор: Аманжол Мақажанов

Дүние сыры...

Сылқым дүние, сырыңды айт...
Сыртымнан сөге бергенше.
Сайқалдық толы сәт сыйлап
Саңырау күнге ергенше.
Сызданған сары уайымды
Серт қылып, соған сенгенше.
Саңылауы көп сезіммен
Сылтауын тауып, сөнгенше.
Сәуірдің күнін сел қылып,
Семіріп, сертке көнгенше.
Сөрелі сәтім сырға бай
Сенімім серік өлгенше!..
Сәскеде түскен сәуледей,
Сыбызғы үнмен жырлайын,
Сылқым бір дүние, сендерше...

Сұрақтан сұрақ, сұрғылт күн,
Сыр қылып, сыздай сырғыттың.
Самұрық құстай талпынған
Салалы өлең ырғыттым.
Сарқылған сары уайым да,
Саналы сағым сұр бұлтпын.
Сарқылған сараң ойларды
Сырларын санап сын ғып мін...
Сар дала сары сағыныш
Сарнайын саған сыр ғып тың.

Салпылдақ сырға сезімдер,
Селт еткен сырды сезіңдер.
Сумақай сенім серт болмас
Саналы шындық сөзін бер.
Саралап алып, сыныңды айт,
Соңына дейін төзіңдер.
Сыланшақ сәтке алданба,
Сал болып қалар сезімдер.
Салихалы бір ой айтар,
Сақалды қария өзін бер.
Сұр мергендей атылған
Сар дала қыран көзін бер.
Сетінетпейік сенімді
Сын көтеретін төзім бер...

Сұқтанып салған әуреге
Сылқым дүние сайқалдау,
Сылаңдап жүрген сәнқойым
Сыңсуын бір күн айтады ау.
Саңқылдап жүрген талайдың
Сол сында, сыры байқалды ау.
Сыланшақ, сыншыл дүние,
Сан мәрте жолдан қайтарды ау.
Сенімсіз жолдас дүние,
Сертіме сырын айталды-ау!
Сері болсам да сенбегем
Сызданған дүние сайқалдау!..

Аманжол Мақажанов 6.04.2021




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу