07.04.2023
  601


Автор: Ғарышкерлер күні

Тоқтар Әубәкіров өмірбаяны

Ол Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры болып табылады.  Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Бірінші Май ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған, шешесі мен апасының тәрбиесінде өскен  Ғарышкер.  Ал әкесі Оңғарбай мен анасы Кәмила ұста болған адамдар. Түптеп келгенде, ол кісі қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы боп табылады екен деген деректер бар. 
«Құдайдың белгісі: ана түсіндегі "әппақ көбелек"
      Халық қаһарманының ұшқыш болатыны, негізінен, әу бастан, болжанған. Оған анасының көрген түсі түрткі болыпты. Түсінде анасына әлдеқайдан шыққан бір дауыс "ұста қолыңа, мынаны" дептi. Ал қолын ашып қараса, аппақ бiр әдемi көбелек отыр екен. Сондықтан анасы баласын "әппақ көбелегiм" деп еркелетiп кетіпті. Өзі де жиі еститін бұл сөздерден соң ұшуды қатты армандапты. Содан кейін де кішкене күнінде бос уақытында ол аэроклуб үйірмесіне қатысып, парашюттен секіруге әуестенеді.
      Кейін орта мектепті бітірген соң, Армавирдегі ұшқыштар училищесіне оқуға түседі. Бастапқыда анасы бұдан хабардар болмайды. Оны туыстары арқылы анасына жеткізеді. Жалғыз ұлының қасында болмайтынын білген ана қатты қамығып, ақырында батасын берген. "Сен туғанда-ақ ұшқыш болатыныңды сезген ем. Қайтейiн, қимасам да бетiңнен қақпаймын. Дегенiңе жет, балам!" деген екен анасы.
  Училищені бітіріп, инженер-ұшқыш атағын алған Тоқтар Қиыр Шығысқа жолдамамен аттанады. Осы жерде түрлі маркадағы бірнеше әскери ұшақты сынақтан өткізіп жүріп, ол 1-класты әскери ұшқыш атағын иеленеді.
      Содан ол сынақшы-ұшқыштар тобына ауысқысы келеді. Бірақ бұл мақсатына жету ғарышкерге оңай соқпайды. Тек Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигельдинов пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың араласуымен ғана бұл мәселе оңтайлы шешілген екен. Ол туралы өз сұқбатында Әубәкіров былай еске алады:
      "Маған Қиыр Шығыстың мықты ұшқышы деген атақ берілді. Одан соң сынақшы-ұшқыштар тобынан маған ұсыныс келіп түсті. Қуанып кеттім, кетуге өтініш жаздым. Бірақ жібермеді. Мен де қайтпай арызды бұрқырата бердім. Сол кезде генерал-лейтенант Трофимовтан жауап келді. Ол хатында "Егер сiз арыз берудi тоқтатпасаңыз, жай ұшқыштан еш уақытта көтерiле алмайсыз" деп жазыпты".

      Осыдан соң Әубәкіров сынақшы-ұшқыш болуды ұмытайын деп ойлайды. Бірақ бір күні cол кездегі Армия қолбасшысы, генерал Кадышевтің Талғат Бигелдиновпен майданда бірге болғанын естиді.  Мұны білген ол жұмыстан сұранып, Алматыға бірден тікесінен тартады. Құдай қолдап, өз орнында жиі болмайтын Талғат ағамыз сол күні кеңседе отырған екен. Аты-жөнін, жағдайын айтқан соң ол өзіне рекомендация жазып беруін сұрайды. Ол кісі оған хат жазып бере алмайтынын айтқан. Себебі бұл істі бұлай шешу тиімсіз болған. Тек кетерінде Талғат Бигелдинов: "Жерде жатқан тастың астына су бармайды, осыны ұқ, қимылда" деп ақыл беріпті.
      Осы сапарында Әубәкіров Қонаевқа да кіріп-шықпақшы болады. Алайда ол кісіні жолықтыра алмайды. Бірақ хат жазып қалдырады.
      Содан сең қозғалып, бір күні Әубәкiровті Армия Қолбасшысы ғана емес, КСРО Қорғаныс министрi мен Саяси Бюро мүшесi іздеп, алдына алдыртады. Арасында Қонаев та болады. Сөйтіп оның өтініші қаралады. Бірақ мәселе бірден шешілмей, тағы бір жылға созылады. Содан соң барып, яғни 1975 жылы Тоқтар Әубәкіров сынақшы-ұшқыштар тобына оқуға қабылданады. Бірақ кедергі осымен бітпейді.
      Оқу қазан айында басталғанмен, Әубәкіровті оқуға жiберу туралы бұйрық әбден кешігеді. Қаңтардың 21-күнi ғана қолына бұйрық тиген әскери Авиация өнеркәсiбi министрлiгiнiң ұшқыштар даярлайтын бөлiмiне барады. Бірақ олар оны қазір қабылдай алмайтынын, оқу басталып кеткендіктен келесі жылы келуін сұрайды. Қайсар жігіт табандылығының арқасында сол жылы оқуға ілінеді.

      "Бәрін қуып жетемін, қолымнан келмесе, шығарып жіберіңдер" дейді комиссияға ол. Расында, сол топта оқыған 17 адамның ішінде емтиханды беске тапсырған екі-ақ адам болады. Соның бірі – Тоқтар Әубәкіров.
      1976 және 1992 жылдар аралығында ол Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы боп жұмыс істейді.  Осы кезде ол реактивті ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізеді.
      Осы Микоянда жұмыс істеп жүріп, 1988 жылы КСРО бойынша тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындайды. Осы кезде авиация саласындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке "Кеңес Одағының Батыры" атағы беріледі.
     1989 жылы ол "МИГ-29К" дыбыстан жылдам ұшатын ұшағын "Тбилиси" авиакрейсеріне қондырып, қайтадан сол кемеден трамплиннен ұшып шығады. Бұлайша көкке көтерілу әлемде тұңғыш рет тіркеліп, Тоқтар Әубәкіровтің есімі Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді.
      Негізі, сынақшы-ұшқыш мамандығы ғарышкерден де ауыр екен. Қазақтың батыр ұлы мұны үнемі айтып отырады.
      Сонымен қатар «Sputnic» сайтының 2019 жылғы осы жазбасында мынадай мәліметтер де жарияланған:    
      Ғарышкердің жұбайының есімі – Татьяна. Тимур, Михаил есімді екі ұлы бар. Екі ұлынан үш қыз, бір ұл немере сүйген. Немересінің есімін өзіне ұқсатып Тоқтар қойыпты. Толық есімі Тоқтар Тимурұлы Әубәкіров.
Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтың алған марапаттары: 
      «Кеңес Одағының батыры», Австрияның «Алтын крест» орденінің иегері, Халық Қаһарманы, Отан ордені, Алтын Жұлдыз,«Ғасыр саңлағы», Қазақтан шыққан Тұңғыш ғарышкер, Түріктен шыққан Тұңғыш ғарышкер сынды ресми атақ пен марапаттарға ие болған жан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу