Ертегілер ✍️
Отанды сүю
Ерте-ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде
Ербол атты ер бопты
Өрнек деген өлкеде.
Өрнекте өмір басқа еді,
Жері құтты,
Жақсы еді.
Елді басып алмаққа
Шығыпты жау əскері:
Ербол жылқы бағатын,
«Тұлпар – дейтін – қанатым!»
Аты зулап ағатын,
Түлкі, қарсақ аулап ол,
Қасқыр соғып алатын.
Қап-қараңғы түнде де
Адаспай жол табатын.
Соққан желмен жарысып,
Ойға, қырға шабатын,
Бір серпіліп қалатын.
Өрнек толы өнерге
Сонда əн-күй, өлең де...
Жаудың қолы Ерболға
– Апар, – дейді – сол елге:
– Өрнекті іздеп келеміз,
Сен білесің,
Сенеміз!
Жол көрсетсең Өрнекке,
Бір қап алтын береміз!
Деді Ербол: – Сенсең де,
Азап,
Мазақ көрсем де
Опасыздық еліме
Жасамаймын өлсем де!
Бар бақытым халқымда!
Сонда абырой, даңқым да!
Айырбастай алмаймын,
Ел-жұртымды алтынға!
От шашады жанары,
Таусылып жау амалы,
Ардақ тұтқан Отанын
Батырға ырза болады.
– Айттың сөздің сен шынын,
Отан – алтын бесігің!
Жол көрсетсең еліңе,
Ашқаның ғой есігін,
Сатылмадың,
Сатпадың! –
Деп жасайды кешірім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter