Аңыздар ✍️

  03.04.2023
  197


Автор: Серікбай Оспанов

«Жорға аю»

Қонжығы бар қасында
Аю таудан түседі.
Көл жоқ таудың басында,
Өзеннен су ішеді.
 
Кеткен екен күн ысып,
Таудың құйттай тағысы
Жатқан кезде су ішіп,
Қағады өзен ағысы.
Қымбат қой бұл тіршілік,
Біле ме екен ол мұны?!
Суға батып, бір шығып.
Барады ағып қонжығы.
Қонжығынан көз алмай,
Өзен бойлап жүгірді.
Тасқа табан төзе алмай
Жырым-жырым тілінді.
Жыртты тікен балағын,
Қарамады сонда да.
Қуды артынан баланың
Жанұшырып сорлы ана.
Қуып келед
Ананың
Көз жасы ағып, сорғалап.
Тас тілген соң, табанын,
Қалды амалсыз жорғалап.
Аяғы ақсақ болғасын,
Қисаңдап ол қалыпты.
Аюдың сол жорғасын
Күй ғып халық алыпты.
 
Қонжығынан көз жазып,
Қалған енді сорлы аю,
Қорбаң-қорбаң қозғалып,
Аталыпты «Жорға аю».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу