Өлеңдер ✍️
ХАЛЫҚ ДАНАЛЫҚТАРЫ
Сөз – байлығың, алтының!
Сөзсіз өтпес əр күнің.
Тіліңе оны билетпе,
Билесін тек ақылың.
***
Бізге əлі де қараңғы
Білмейміз ол заманды.
Саз балшықтан жасапты
Құдай алғаш адамды.
Салып барлық өнерін,
Іске асырып дегенін,
Сұрапты Алла адамнан
Тағы да не керегін.
Адам: «Көрдім Жер-Көкті,
Жүрегімді тербетті!
Аяғым бар,
Енді Алла,
Маған бақыт бер!» – депті.
Алла:
Қолың бар, – депті, –
Бердім ақыл, əдепті.
Саз ұсынып:
Бақытты
Өзің жасап ал! –депті.
***
Алдама да, алданба,
Ал, алданып қалғанда,
Кінəсізсің!
Арланба!
Алданбаған бар ма адам?!
Алданған жан – ақкөңіл,
Қара ниетті – алдаған!
***
Білгеніңнен
Білмейтін
Жақсы-жаман көп əлі.
Жерде дұрыс жүрмейтін,
Шыға алмайды жоғары.
Сөзге құлақ түрмейтін
Дей алмаймыз саналы.
Есті сөзді естіген
Өзі де есті болады.
***
Қолдаушыңның бірі – өзің,
Қорғаушыңның пірі – өзің.
Бақытың да, сорың да
Бойға біткен мінезің.
***
Шүкіршілік қылғанның –
Төрт жағы да құбыла,
Айналасы шұғыла.
Шүкіршілік ем болар
Қайғысы мен мұңына!
***
Пайдаланба малдың тілі жоқтығын,
Адам!
Соның арқасында тоқтығың!
***
Ажал төніп тұрса да,
Азаптаса, ұрса да,
Еліне ұят келтірер
Іске қадам баспа сен.
Ел қайғысы серпілер
Жақсылыққа баста сен!
***
Өмір, бақыт, өнер де,
Елде - ұлылық ұққанға.
Қарау керек төменге,
Жоғарыға шыққанда!
***
Сөз сөйлесең, жаңылма,
Ашу – дұшпан,
Бағынба!
Билік айтсаң,
Қашанда
Бұл əділет жағында!
***
Білгенің жөн мынаны –
Адам адам сыңары.
Ренжісіп қалғанда,
Ізде өзіңнен кінəні.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter