31.03.2023
  286


Автор: Лашын Әзімжанова

Балаларын көргенде майдай еритін

Мұқағали бала ұстауға да, күтуге де шебер болды. Шолпанымыз туған соң мен бір жылдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Соны әкесі мен балалар күтіп, мені іздетпеді. Мұқағали балаларын жанынан бетер жақсы көрді. Даладан қандай ашуланып келсе де балаларын көргенде майдай еритін. Төрт перзентінің маңдайынан шертпей өтті. Айбар деген баламыз өте қыңыр, шатақ болып өсті, бірақ Мұқағали Айбар десе, ішкен асын жерге қойды, тіпті оның сондай шатақ мінездеріне сүйсініп оты­ратын. Ең кішкенеміз Шолпан деген қызды «Менің кішкентай поэзиям» деп кетті. Мұқағали өлең жазумен бірге шахматты, аңға шығуды, балық аулауды өте жақсы көрді.
Бір жылы балалардың көктемгі демалысында Мұқаң желігіп, «Қапшағайға барып балық аулап келем, балаларыма теңіз көрсетем» деп болмады. Балық аулайтын неше түрлі құралдар сатып алды. Азық дайындап бердім. Балаларын ертіп, автобуспен Қапшағайға таңертең кетті. Кешке жақын шаршап-шалдығып бәрі үйге келді. Барса, Қапшағай көкпеңбек мұз, қатып жатыр екен. Міне, осындай бір әпендешілік болғаны бар…
Ауырмай, сау отырған бостау кездерінде дұрыс, дәмді тамақ ішуді жек көрмейтін. Көңілі келсе, палау басатын. Оны Бұхар палауы, Наманган палауы деп ат қойып, жетіспеген жерлерін, дәмділігін, сұлулығын сөзімен толтырады. Үйдегі сынған нәрсені бабына келтіріп жөндеп те жіберетін. Мұқағали анда-санда балаларына да, үлкендерге де көрсетпей насыбай ататын-ды. Ал үлкен шығармалар жазғанда тамақты да, басқаны да ұмытады. Есіне салып, әлсін-әлі шақырып, дастарқан басына сүйрегендей етіп әрең келтіресің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу