Өлеңдер ✍️

  30.03.2023
  261


Автор: Қанат Дауылбаев

Зекет

Адал болам десең, Алла жолында,
Жіті қара оңың менен солыңа.
Садақа бер, шамаң келсе мұқтажға,
Мәз болғанша қарыныңның тоғына.

Аз ғана бақ, мал-мүлікке жинаған,
Масайрайды, адасады кей адам.
Өзімдікі деген ойдан аулақ бол,
Дүниені сынақ үшін сыйлаған.

Жай алмасын жөн-жосықсыз сөкеттер,
Қанағат қыл, бергеніне есеп бер.
Мал-басыңның берекесін ойласаң,
Хақ жолында пітір, ұшыр, зекет бер.

Құдай жолы, ниет қылсаң мал құрбан,
Татса сауап ғаріп, міскін, жарлың дәм.
Көмекші боп берген зекет садақаң,
Қияметте шығады екен алдыңнан.

Бастан бақтың таюы да бір демде,
Бардың құнын біл саламат жүргенде.
Зекет беру бекітілген парыз боп,
Дін Исламның ережесін білгенге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу