Өлеңдер ✍️

  30.03.2023
  152


Автор: Қанат Дауылбаев

Бес парыз

Бисмиллә деп қалам алдым, жамағат,
Білгенің жөн тұрғанда жан саламат.
Аллаға тән күллі мадақ, мақтаулар,
Және дағы Пайғамбарға салауат.

Дұғаң қабыл, дұрыс болсын талғамың,
Амалыңмен ақырыңды қамдағын.
Тура жолдан адаспасаң, бауырым –
Нығметіне бөленгенің Алланың.

Оған мұқтаж жанды-жансыз тіршілік,
Қалауынсыз көктемейді бір шыбық.
Жаратыпты адамдар мен жындарды,
Тек өзіне жасау үшін құлшылық.

Ғибадат қыл, алдын алып азаптың,
Ислам діні – ізгі, асыл, ғажап дін.
Кәусарынан сусындасаң, иншалла
Ақыреттік қиындықтан азатсың.

Ей, бауырлар, ұмытпайық мұны біз,
Бес нәрсеге негізделген дініміз.
Иман, намаз, ораза мен зекет, хаж,
Бұл бесеуін, парызым деп біліңіз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу