Әңгімелер ✍️
Ажал тұзағы - 8 бөлім
Таңға жуық шырт ұйқыда жатқанмын. Анамның шыңғырып айқайлаған дауысынан шошып оянып сасқанымнан іш киіммен сыртқа жүгіре шықтым. Анам жерде жатқан, маңдайы жарылған әжемді көтере алмай арпалысып жатыр екен. Дереу әжемді көтермек болдым. Сол сәтте әжем қор ете қалды. Әжемді үйге кіргізіп бара жатқанда бүкіл денесі бір сілкінді де сылқ ете қалды. Иә, әжем менің қолымда, көз алдымда жан тапсырды. Әжем соңғы күндері ешкімге сөйлемей қойған болатын. Әсем екеумізді шын мәнінде ұрсып жүр, ажырасып кетеді деп ойлады. Олай ойлағанын өзім қалаған едім. Бар ойым әжем қыңыр мінезінен арылса екен деп едім. Алайда оған өлімге әкеп соқтырар тұзақ құрғанымды аңғармаған екенмін. Әжем шөбересін сағынып күйіктен өлді. Оған тұзақ құрған мен кінәлімін. Ақымақ басым әжемді түзейтін емес ажалға жетелейтін тұзақ қойған екенмін. Бүкіл ағайын туыс әжемнің өліміне Әсемді кінәлі етті. Оны әбден жерден алып жерге тықты. Әжем қайтыс болған күні Әсем өзінің туған әке-шешесімен бірге дереу жетіп келіп еді. Алайда әкемнің туған бауырлары мер әпке, қарындастары оларды иттей етіп үйден қуып шықты. Әжемнің өлімін Әсемнің мойнына артып кінәлі етті. Жағдайды ушықтырып алмау үшін ол кезде шындықты айта алмадым. Оның жазықсыз екенін, бұл тұзақты мен құрғанымды айта алмадым. Кейін бәрі кеш болды. Әсемнің әке-шешесі біздің қайта қосылуымызға жол бермеді. Олардікі де жөн. Оларға қаншама ауыр сөздер айтылды. Міне солай жападан жалғыз қалдым. Егер де қырсықпай, әжемді өзгертуге тырыспай аз ғана қалған өмірін өкініш пен өткізбей, жүрегіне сызат салмағанымда әжем өз ажалынан өлгенше біраз уақыт қасымызда жүрер ме еді? Ұлым қасымда әкесінің мейіріміне бөленіп жүрер ме еді? Көңілімдегі жауабы жоқ қаншама сұрақтар менің қайта үйленуіме мұрша берер емес. Әттең-ай деп өкініп жүргеніме қаншама жыл өтсе де қолымнан ештеңе келер емес. Өтініш сіздерден бір аяғы көрде, бір аяғы төрде жүрген қарт кісілердің көңіліне қаяу салмаңыздар. Бар айтарым осы.
Соңы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter