14.02.2023
  218


Автор: Наурыз мейрамы

Ұлыстың ұлы күні

Түркі тілдес елдер үшін ерекше, жыл бастау мейрам болып саналатын Наурыз мерекесі қазақ елі үшін жаңа жыл болып табылады. Наурыз айында табиғат оянып, ағаштар бүршік жарып, айнала жасыл-желек, көк майса түрге енеді. Бота боздап, қой қоздап төрт түлік төлдері де жаңарудың ғажайып сәтін бейнелейді. Осындай ғажайып сәттердің түйіні накрыз айының 21-інен 22-ші жұлдызына қараған түні Күн мен Түн теңеліп, таң шапағы нұрланған күні, яғни 22 наурыз күні ел жаңарып, жер жаңарған кезде «Ұлыстың ұлы күні» ретінде аталып өтіледі. Ата-әжелеріміз осындай думанды сәтте «Ұлыс оң болсын», «Ақ мол болсын» деп ақ тілегі мен баталарын беріп жатады. Жоғарыда айтып өткенімдей, Наурыз түрік, парсы, кавказ елдерінде де жылдың бастауы ретінде кеңінен тойланады. Аңыз әңгімелерге сүйенсек дәл осы 22 наурызға қараған түні даланы Қыдыр аралайды. Сондықтан Ұлвстың ұлы күні еліміз үшін қашанда киелі, қасиетті күн болып есептеледі.
Қазақи сәнді киім киіп, мерекеге жиналған жұрт бір-бірімен сәлемдесіп, төс қағыстырады. Салт-дәстүрімізге сай ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға арнайы дайындалған сыйлықтар беріледі. Ән айтылып, би билеген жастар жағы өз өнерлерін ортаға салып жиналған қауымды риза етеді. Міне қазағымның жаңа жылы осындай той думанға ұласып, ауыл-ауыл, аудан көлемінде, тіпті облыс, республика көлемінде қазақи нақыштағы Наурыз той өткізіледі.
Әр жыл сайын гүл көктеммен бір келетін Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын, қазақ елі! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, әр отбасында құт-береке, ырыс-ынтымақ, татулық арта берсін! Отан отбасынан басталады, — демекші, әр отбасы тату болса, еліміз жайнап, жеріміз гүлдене бермек! Жыл айналып келіп жеткен Наурыз құтты болсын баршаңызға!

«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан»  газетінің бас редакторы Жібек Искакова,  Түркістан қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу