Өлеңдер ✍️
КЕЙДЕ
кейде,
күлетінім бар айқайлап,
жылайтыным бар еңіреп.
әлем ұсқынсыз. айнала соооондай меңіреу.
мен сүретін планетаның неге Көгі жоқ,
неге тағдырдан қасірет шегем көбірек?!
сенің кінәң ба?
мен де көп күнә жасадым.
екіжүзді досымды айтшы. қас - әділ.
құдайға қанша налыдым екен?!
налыдым.
меніңше, оным қылмыс емес қой аса бір...
алты құрлықтың аспайтынын-ай өкшемнен,
мен адамдарды көп алдағанмын.
көп сенгем!
өз құдайым ғой қуанып алғыс айтсам да,
өз құдайым ғой өкпелей салып сөксем де...
кейде,
мендей ұмытасыз ба ұятты?!
(жаным-домбыра.
ыңырана, мұңлы күй ақты...)
кейде маған әкем де бөтен сияқты,
ақ сүтін емген шешем де бөтен сияқты...
жердің бетінде
жалғыз-ақ маусым – Күз деймін.
жапырақ мырза, мені тыңдайды сіздей кім?!
өзімді үңгір, тау, қалалардан іздеймін,
алты жүз беттік кітаптардан да іздеймін.
мен адамдардан қашқым келеді,
о, несі?!
(қарашада да өртенер ме екен денесі...
...ол келе ме екен әдебиетіне қазақтың,
қазақ әдебиетінде қала ма екен ол осы...)
жолдарды кезем, қыраттарды да жортамын,
келемін басып топырақтың да сортаңын...
мен өзіммен сұхбаттасудан қашамын,
мен өзімді тауып алудан қорқамын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter