Өлеңдер ✍️

  09.02.2023
  234


Автор: Еділбек Дүйсен

Түн. Меланхолия

(Диптих)

І
Терезенің маңдайынан жел өбіп,
Кәрі сағат қағады үнсіз таңдайын.
Көкке қарап көк-сұр ернім кеберіп,
Мен отырам жындысүрей жандайын.

Есімді алып он бесінен толған ай,
(Жұлдыз біткен: бөтелкенің сынығы)
Уға айналған Үмітсің деп қойғаны-ай,
Құлақтағы Періштенің күбірі.

«Айырмаң жоқ. Сен де мендей ғаріпсің!»,-
дейді ессіз түн құшағына бойласам.
Басынан бұлт домалаған алып шың
Ол да бір күн шөгетінін ойласам...

Зарым төксем, тыңдайтындай мені ұйып,
Сабыр ғана ұстап тұрған сан асқар.
Маңдайына Ай ілген түн мөлиіп,
Айға қарай ұмсынады ағаштар...

ІІ

Жанымның үндері жазылды ерінде,
Жүрек бетінде жорғалай...
Байғұс әжемнің әжімдеріндей
Менің ғұмырымның жолдары-ай

Пиғылын көріп залым, сұмдардың
Ұғындым жарым мименен:
Шыршалар менен самырсындардың
Ғұмыры маған тимеген!

Сенерім- Өлең! Көрерім- Өлім!
(Қалмаспын таза пішінде)
Тозаққа барғым келеді менің,
Жұмақты сүю үшін де...

Жастықты жас өлер зират қылғаннан,
Жабыққам...
Жан жоқ санасар.
Бұйығы тартқан бұйрат құмдардан,
Бұлаң жол іздеп адасар...

Тамырымды қуып шұбаланған жыр,
Шарасыздық күйін билеп тұр...
Маған қосылып жылаған жаңбыр,
Топырақтың тәнін түйреп тұр...

...Менің жанымның хәлін кешкен топырақты аядым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу