09.02.2023
  145


Автор: Жабал Ерғалиев

ӘЛЕМНІҢ БИІК СЕНІМІ

 


Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы асып, мерейі тасып, беделі өсіп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бүкіл түркі әлемінде тұңғыш рет төрағалық етіп, Еуропаға төбе би есебінде билік айтар дәрежеге жеткендігі, 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндерінде Астана Саммитінің өткізілгендігі, Астана Декларациясының қабылдануы Тәуелсіздігіміздің ең бір ұлы жетістігі болса, бұл тарихи табысымызды дүниенің төрт бұрышының кез келген мәселесін саяси тұрғыдан шеше алатын ерік-жігерін, ақылы мен парасатын, ертеңгі күн мен болашақты болжай алатын көрегендігін, кез келген қиын мәселенің түйінін еппен тарата білер көсемдігі мен кемеңгерлігін, даналығы мен даралығын айдай әлем мойындап отырған бір ғана адамның – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен ғана байланысты екендігі анық ақиқат.


Үрпиген үрейлі дүниенің үзілген үмітін жалғап, біріне-бірі от қаруын кезеніп отырған нәзік те, тентек әлемнің бейбіт қатар өмір сүруінің жаңа дәуірі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитінің сәтті де абыройлы аяқталуымен және де Астана Декларациясының қабылдануымен міне, енді басталды!


Сол әлемнің алтыдан бірін бауырына басып дәуірлеп тұрған күні кешегі Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты дүниені қайта бөлісу және әркім өзінің ықпал етуші аймағын кеңейтуге жанталасып, барынша күш жұмсалған соңғы бір ширек ғасырға жетер-жетпес уақыт өлшемінде әлемнің ақ кептерлі бейбітшілігінің қанатын қиғандай етіп, бағасын тым арзандатып, құнсыздандырып алғандығымызды ойға алар болсақ, қазақ елінің төр қаласы Астанада желтоқсанның 1-мен 2-сі күні сәтті өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші Саммиті адамзаттың жаратушыдан жазған өмір сүру хақына ешкімнің де қол сұғуына хақысы жоқ екендігін ұғындыра түскен, соны қайра бір еске салған көне тарихтың ұлы оқиғасы деп бағалануы керек.


Адамзат дәуірінің жиырмасыншы ғасырының аяқталар және жиырма бірінші ғасырының басталар өліара сол бір тұсынан төнген қауіп пен қатердің қорғасын бұлттары әлі де сейіле қоймағандығын айта отырып, мемлекеттер мен биліктің басына келген саясатшылардың әрбірі дүниені өздерінің айдағанына жүргіземін, дегенімді істетемін деген пендешілік ойдан аса алмағандықтарынан да және де «өзім басқарып отырған елден басқа елеулі ешкімнің де болмауы керек, менің ұлтым ғана ұлы, менің халқым ғана дана да дара»,–деген ойдың тар құрсауынан шыға алмағандықтарынан да және тағы да өзім, өзімнің ғана елім аман болсын деген пиғыл-парқының парасатсыздығынан аса алмай отырғандықтарынан да дүние әлі қансырап, жылап тұр.


 


Жаңа дүниенің, былайша айтқанда өз тәуелсіздіктерінің алғашқы қадамдарын адам баласының қанының төгілуімен, түрлі ұлттар мен ұлыстардың дау-жанжалдарымен басталған Прибалтика, Кавказ, Таулы Қарабах, Приднестровье оқиғаларын кәрі тарих өзінің жадынан шығарып, ұмыта алар ма екен?! «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас»,–дейтін қырғыз ағайындарымыздың күні кешегі өздерін де, өзгелерді де арандап тастауынан жазықсыз жандардың       төгілген қанының   құнын                                         кім            өтейді,       зардап шеккендердің көз жастары да оңайлықпен құрғай қояр ма екен?! Дәл қазір шығысымыздағы екі Корей мемлекетінің бір-біріне қарулы сес көрсетуі дүниеге төнген соғыс пен жанжалдың дауының әлі де сейілмегендігін, әлі де қауіп пен қатердің төніп тұрғандығын айғақтай түскендей болады.


Мына дөңгеленген дүние ендігі арада адам баласының өз ақыл-ойының, білімі мен ғылымының жетістігін пайдалана отырып өз қолымен жасаған қаруының соққысын көтере алмасы да анық. Бұл жалпы тіршілік әлеміне, жалпы жаны бар дүниеге төнген қатер деуіміз керек. Адам баласы, жалпы өркениет қолдағы қаруымен ғана мықты ма? Солай деп сұраулы ойға берілер болсақ, онда адам баласының ақылы мен парасаты қайда қалмақшы?! Адамның сол арқылы атом апатын тежеуге, сөйтіп адам баласының парасаты мен ой-санасы өзінің оқ қағары болуға жарамаса, адамдығың қайда?!


Осы бір ойлар адамзаттың адал перзенті, Қазақстан сияқты абыройлы мемлекеттің Президенті, ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты әрдайым толғандырып келе жатқандығын айтқан ләзім. «Қазірдің өзінде қауіп пен қатерді сезініп түсінген адамзат байлық пен кедейліктің                  арасындағы   «бейбітсүйгіш»                        байлармен       «агрессияшыл» кедейлердің арасындағы алшақтыққа қарай нық та нақты қадам жасай алады»,–деп Елбасы өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында (13-бет) айтқанындай расында да бейбітсүйгіштік пен агрессияшылықтың арасы күн сайын алшақтап бара жатпаса, жақындай қойғаны неғайбыл. Міне, осы бір адамзаттың бейбітшіл ниетінің жақындасуының амалын айтып, қадамын жасап келе жатқан әлемде бірден-бір саясатшы, бірден-бір Президент болса, ол Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін қолымызды жүрегімізге қойып мойындамастан басқа амалымыз тағы да жоқ екендігін айтар едім.


Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясында осы ұйымға мүше мемлекеттері басшылары мен саясатшылары алдында сөйлеген бір сөзінде де: «Күшімізді біріктірейік, ерікті ынтымақтастық қадамын жасап көрейік, сөйтіп дағдарыстағы өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік»,– дегенін әлем әлі ұмыта да қоймаған болар. Дағдарысты өңірлер мен дамыған елдердің барлық проблемаларын және дүние бөліктерінде тойынып тамақ ішпей жүрген аш-жаланаштардың мәселелерін шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік деген Қазақстан мемлекетінің Көшбасшысының бұл ұсынысы әлемге тосындау естілгенімен, адамзат мүддесін шешуге бағытталған нақтылы бір ұсыныстың айтылуымен қуантып еді. Сол адамзатқа араша сұрап, оны бүгінгі қауіп пен қатерден алып шығудың ақылға сиярлық, көңілге қонарлық жайын айтып, жөн-жобасын көрсетіп бере білген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы түптің-түбінде бұл ойдың жүзеге асар деген үмітінді маздата түседі. Өйткені, Елбасы бейбіт қатар өмір сүрудің әлемдік үлгісі мен әлемдік нобайын тәуелсіз қазақ мемлекетінің аясында жер жаһанға көрсете білді. Ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге, татулық пен бірлік, ынтымақ пен достықтың мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын әлем мойындап та отыр. Қазақстанда ең бастысы адам баласының жанды екі дүниесі – тілі мен дініне еркіндік, теңдік пен бостандықтың берілуі біздегі бейбіт өмірдің алтын діңгегіне, алтын арқауына айнала білді. Рухани жан дүниенің бостандығын сезінген қазақстандықтардың    бойында    бір-біріне    деген    сыйластық,    ізеттілік, тілеуқорлық сияқты асыл қасиеттер қалыптаса алды. Әрине, бұған біздің Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап «менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі» деген адал көңілінің, адал сөзінің, осыған орай жүргізіп келе жатқан адал саясатының игі ықпалы тиіп отырғандығын айту да қажет.


Астана әлемнің дәстүрлі діндері басшыларының сенімді және үмітті түрде бас қосар киелі ордасына айналды. Бұл Қазақстанның, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат өркениетін, жалпы адамзат тіршілігін      қауіп-қатерден,        дау-жанжалдан  сақтап                   қалуға                   және       де сақтандыруға жасаған батыл қадамдарының бірі болатын. Жалпы қазақ елінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемді бейбіт қатар өмір сүруге шақырып жүрген және соның тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқан әлемдегі бірден-бір Президент екендігін тағы да мойындамасқа амалың жоқ.


Дүние    мемлекеттері    қайткен    күнде    ядролық   қару-жарағымызды молайтамыз, оның қиратушы күшін қайтсек жетілдіреміз, кейбірі атом бомбасына қалайша қол жеткіземіз деп жанталасып жатқан тұста біздің Елбасы Семей ядролық полигонын өз еркімен жауып, қолдағы тажал да аждаһа қаруды өз еркімен жоюға батыл қадам жасап, әлемді ядролық қарусыз бейбіт қатар өмір сүруге шақыра білді.


Ақиқат    үшін    айта    кетейік,    Елбасының    ақылды    да    парасатты ұсыныстары мен бастамалары кей жағдайда түсіністік таппай жататындығы да, сенімсіздеу көрінетіндігі де бар. Алайда, Президентіміздің сол ұсыныстары мен бастамаларының орынды екендігін, ол ұсыныстар мен бастамалардың адам баласының мүддесіне қажеттілігін уақыттың өзі қос уыстап әкеліп алдыңа тартқанда барып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мәселені күні бұрын дұрыс ойлап, күні бұрын көре білгендігіне қайран қалып, сүйсінерің де тіпті сүйінерің де болып жатады. Кешегі кеңестік жүйедегі мемлекеттер бірінен соң бірі өздерінің тәуелсіздіктерін жариялап, егемендіктері мен еркіндіктеріне жаңа-жаңа масайрай бастаған тұста біздің Елбасы Еуразия қауымдастығын құру мәселесін алға тартқаны болды. Сол тұста Қазақстан басшысы бұрынғы Кеңестер Одағын әлі де ұмыта алмай жүр, әлі де кеңестік жүйені көксеп отыр деген әңгіменің шыққандығы да рас. Енді қараңыз, тәуелсіздіктеріміздің көші басталған жиырма жылға жетер жетпес кезең сол Назарбаев ұсынған Еуразия қауымдастығының өміршеңдігі мен қажеттілігін ұғындырып, мойындата түсті. Бұған дәлел Ресей, Қазақстан, Белоруссия мемлекеттерінің Кедендік одағының құрылып, жұмыс істей бастауы айқын нұсқа бола алары анық.


Біздің еліміздің және оның ұлтының Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған бүгінгі саясаты оның тұла бойына біткен адами және қазақ деген дана халықтың ізгі ой-ниетімен, адал көңілімен ұштасып, ұласып тұрғандығын тани білген жөн. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз! Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз! Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз,–деп қазақтың ұлы билерінің бірі Қаз дауысты Қазбектің айтқан осы бір ұлағаты өзінің бір ұрпағына дарыса, ол сөз жоқ біздің Елбасының бойына дарып, ойына қонғандығын біле білейік! Даналық даналыққа ұласып, ол бүгінгі жан алысып, жан берісіп жатқан мына алмағайып заманның зар күйі мен тар күйінен өзінің қазақ деген халқын аман сау алып келе жатса, бұл ұлттың басындағы үкіленген бағы болса керек-ті.


Қазақ баласы сол басымыздағы бағымыздың бағасын бағамдап, қадірін жете түсіне білгеніміз абзал. «Елім-айлап» деп кең даладан не пана, не қоныс таба алмай жөңкіле көшіп «ақ табан шұбырындыға» ұшыраған, шеттен шапқан жауға ұлы құл, қызы күң болып зарланған елдің, одан кейін ақтар келіп атын алып, қызылдар келіп қырғын салған, «елімді ел қыламын»,– деген алаштың ардақты азаматтарын оққа байлаған кешегі жиырмасыншы-отызыншы жылдардың қасіреті, өзегін жалғарлық бір үзім нан таба алмай аштықтан бұратылып өліп, сүйегі ақ жанқа болып сайын сахарада шашылып қалған, одан кейінгі Ұлы Отан соғысындағы құрбандық сияқты қасіреттер мен ауыр күндер мен кезеңдерді біз бір сәтке де естен шығара алмасымыз анық. Көне тарих бұл аласапыранды кезеңдердің кемсітушілігі мен озбырлығына көнгенімен, ендігі арада біздің көне алмасымыз бар.


Міне, осы бір тізбектелген оқиғаларды ойлар тізбегінен өткізе отырып, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бейбітшіл және бейбіт өмір сүйгіш мемлекет болуының өзінде терең сыр жатқандығын айтқымыз келеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз халқының өткені мен бүгіні және болашағы алдындағы                                                                     ұлы жауапкершілікті сезіне білуі біздің халқымыздың жиырма бірінші ғасырдағы әлемдегі ең бір ізгі де ұлы халықтардың бірі, Қазақстанның дүниежүзілік абыройы асып, беделінің биктей түсуінің алғы шарты болды. Бұлай деп тұжырым жасауға бірден-бір себепті жағдай Астана қаласында сәтті жұмыс жасаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы басшыларының Саммиті және Астана Декларациясының қабылдануы себепкер еді.


Әуелде Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтамақтастық ұйымына басшылық жасауға тәжірибесі мен іскерлігі, ой-өрісі жете ме деген күдіктің айтылып қалғандығы да болды. Осы төрағалықтың бізге қажеті бар ма еді деген сияқты өз ішімізден шыққан күңкіл сөздер де естілді. Алайда, Астана Саммиті Қазақстанның зор мүмкіндігін және де оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниенің төрт бұрышының кез келген мәселесін саяси тұрғыдан шеше алатын ерік-жігерін, ақылы мен парасатын, ертеңгі күн мен      болашақты болжай алатын көрегендігін, кез келген қиын мәселенің түйінін еппен шеше білер көсемдігін көрсетіп, дәлелдей алды.


Астана Саммиті бейбітшілікті сақтау жөніндегі әлемнің қалғып кеткен санасын оятты.


Астана Саммиті дүниедегі адам баласының   мүддесіне қатысты мәселелерді мемлекеттердің осылайша бас қосып, бірлесе шешуі арқылы өркениетті алдағы уақыттағы қатерлерден сақтап қалудың бірден-бір жолы екендігін ұғындыра түскендей болды.


Астана Саммиті бір ғана мемлекеттің тыныштығы, оның бай да қуатты болуы ендігі арада оларды да әр елге төңген қауіп пен қатерден сақтап қала алмасын сезіндіргендей еді.


Астана Саммиті адамзаттың ортақ мекені – жер болса, сол жер шарының мекенділері – адам баласы мен жан-жануарларының тіршілігін, соларды қоршаған ортасын бүліну мен қираудан, бұзылу мен құрып кетуден сақтау шараларын бірлесіп ой қосып, бірлесіп ақылдасып, бірлесіп шешудің ойын зерделеп, тізбектеп бергендей әсер қалдырды.


Адамзаттың алдындағы ұлы жауапкершілікті сезіне білген Қазақстан және     оның            Президенті                Нұрсұлтан   Назарбаев    әлемдік    қауымдастық алдындағы зор беделінің нәтижесінде Астана Саммитін жоғары табыспен өткізе алды және сол арқылы соңғы он бір жыл бойы бастарын қоса алмай келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тіршілігін қайра жандандырып, бұл ұйымның әлем және оның халықтарының болашақтағы тағдырлары үшін қажеттігін таныта білді.


Қазақстан өз астанасында Саммит өткізу арқылы Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте бір-бірінен бөлінбейтін қауіпсіздік құрудың көкейтесті мәселелерін айдай әлемге ұсына білді. Сөйтіп, Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының беделін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, санасына тың ойлардан дем салып, қуаттандырып, рухтандырып жүре берді.


Әлем Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өз болашақтары үшін аса қажетті екендігін Астанадағы Саммиттен ұғына түсті, бұл ұйымға Қазақстан сияқты басшылық жасау керектігін де мойындағандай еді. Осы арада мынандай ой тұжырымдауға тура келеді: –Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемнің сенімді саясаткерлерінің бірі. Қазақстандық қоғам ғана емес, ендігі арада әлемдік қауымдастық та Назарбаевтың ақыл-ойына жүгініп отыратындығын, Қазақстанның Президенті бір ғана ұлттың перзенті, бір ғана мемлекеттің басшысы емес, ол тұтас бір әлемнің жан ашыры, сол әлемнің бүгіні мен болашағын болжап, салиқалы да сабырлы ой айта алар және де ізгілікті әрі батыл қадам жасай білер, соған қабілеті мен қарымы, даралығы мен даналығының да жетерлігіне ешкімнің шүбәсі қалмағандай.


 


Бұған дейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі дүние әлемінің көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарында бірге аталып, Түркияның астанасы Анкарада біздің Елбасының құрметіне ескерткіштің орнатылуы, Иорданияның астанасы Амман қаласында бір көшенің Назарбаевтың есімімен аталуы өз дәуірінің және адамзат тарихындағы мәңгі аталар ұлы Көшбасшының бірі екендігін Астана Саммиті тағы да айдай әлемге әйгілегендігін айтқанды ұлылықтың алдындағы бас иерлік парызымыз деп білдік.


Даналығы   да,    балалағы   да    мол   біздің    халқымыз   Назарбаевты Абылайханға тенейтіндіктері де бар. Бұл әрине орынды да шығар. Дегенмен де ой жүгіртер болсақ, Абылайдың заманын бүгінгі заманмен салыстыруға, шендестіруге келе қояр ма екен?! Абылайдың заманында қазақ елі бүйірдегі екі елдің ғана бүлкілін сезген болса, қазіргі Қазақстан бүкіл дүние мемлекеттерінің саясатымен тыныстап, әлем көзін тігіп, назарын салып отырған жер шарындағы ең бір әлеуетті мемлекеттердің бірі. Хан Абылай көрші екі мемлекеттің ғана тілін таба білсе, Нұрсұлтан Назарбаев дүниедегі барлық мемлекеттердің басшыларымен де, саясатшыларымен де тең сөйлесіп, тіл табысып, Қазақстанның мүддесін жоғары қойып және елімізді әлемге мойындата білді. Елбасының бұл ерлігі мен даналығын, көрегендігін, атқарған және атқарып жатқан істерін бұрынғы өткен ешбір хандардың да ешбір сұлтан-билердің де жасаған істерімен салыстырып, теңестіруге ешбір келмейтіндігі және де бар. Біз мұны хандарымыз бен би-сұлтандарымызды кемітейік деген ниетпен айтып отырған жоқпыз, соны тілге тиек етіп, бүгінгі Қазақстанның және Елбасының дүние тарихындағы орасан да зор заңғар биіктегі абыройы мен орнын айқын тани білсек етті деген ниеттеміз. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының тәуелсіздік жылдары атқарған еңбегінің аясы қазақ тарихының өткен кезеңдері мен дәуірінің ешбір өлшеміне сыймас еді деп ойлаймын.


Сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік ұранымен өткен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жасаған төрағалығы сәтті де абыройлы болғандығы қуанта түседі. Бұл біздің еліміздің әлемдік қауымдастықтың кез келген ұйымының төрінде отырып, билік айта алар білімі мен біліктілігін, ақылы мен парасатын, кемеңгерлігі мен кеңдігін, даналығы мен даралығын паш еткендей.


Астана Саммиті әлемдік және қазақ халқының өз тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қалар ұлы оқиғалардың бірі болды. Астана Саммиті арқылы қазақ елі де өз тәуелсіздігінің жиырма жылға жетер жетпес даму кезеңінде сан ғасырлық тарихы бар әлемнің дамыған, өркені өскен өркениетті мемлекеттерінің қатарына барып қосылып, жарқын жүзбен нық барып тұра алды деп батыл айта аламыз. Сол биікке көтерілген еліміз, сол заңғар биікке алып шыққан Елбасымыз аман болсын әрдайым!


 


(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, 4 желтоқсан 2010жыл, Көкшетау қалалық «Көкшетау» газеті, 9 желтоқсан 2010 жыл, «Егемен Қазақстан» газеті, 28 желтоқсан 2010 жыл ).




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу