Өлеңдер ✍️
Түтін иісі
Қылқобыздың зарындай шерге ілінген,
Жүрегім егіз болды сол бір үнмен.
Торғайға тобылғыдай пана болмас,
Айналайын дүние «кеңдігіңнен».
Топырағына тұз сіңген жерден бе еді,
Жағасынан ел көшкен көлден бе еді?
Кәусар жұттым, бал татып, зәмзәм іштім,
Басылатын түрі жоқ шөл мендегі.
Айтыңызшы, бұл шөлдің дауасы не,
Өзегімді тер басты қара сүмек.
Бір жазылсам жазылып кетермін мен,
Туған жердің бір жұтым ауасымен.
Сағыныш жанды жаулап, жетсе өзекке,
Сарсаң оймен түсесің жекпе-жекке.
Жан ұшыра жететін күн туар ма,
Көз көрім жерде тұрған көк белеске?!
Көзіме көп жас қонды у қосылған,
Жалықтым, шын жалықтым бұл жосыннан.
Айдын-көлге қу мен қаз қайта қонар,
Кез болса, ел есейіп, шу басылған.
Тауға шықсам жанымды тау жұбатпас,
Салдыр-күлдір құлайды саудырап тас.
Жылқы иірген ақ жартас еске келді,
Барыс төс, алып тұлға, арғымақ бас.
Ел кездім, қала көрдім, ауыл көрдім,
Алашқа жақын, жекжат, бауыр болдым.
Баяны бұл дүниенің жоғын біліп,
Баяғы ауыр ойдан жауыр болдым.
Қарлы қырқа аумайтын ақ парақтан,
Ақ адырды кезетін ақ тамақ таң.
Түтіннің де иісі өзгеше еді,
Отыны ақсөңке еді отқа жаққан.
Түтіні жан жұбатпай басқа ауылдың,
Жабығамын ішінде жас қауымның.
Табанымнан таусылдым таудан асып,
Таскереңдей қарайсың, тас бауыр күн.
Айтыңызшы, бұл шөлдің дауасы не,
Өзегімді тер басты қара сүмек.
Бір жазылсам жазылып кетермін мен,
Туған жердің бір жұтым ауасымен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter