Өлеңдер ✍️

  08.02.2023
  160


Автор: Әділет Ахметұлы

Ауылға бардым

 


 


Тамызда. 


Туған жерімді көрдім,


Пыйғылы өзгерген елімді көрдім. 


Бұлақ боп қалған өзендер менен


Көлшікке айналған көлімді көрдім. 


 


Еңсесі түскен ерлерді көрдім,


Бетегесі жоқ белдерді көрдім. 


Жабағы шашты, жалқаулық басқан,


О, құрбыларым, сендерді көрдім. 


 


Күрең қабақтау көршімді көрдім, 


Өсек лаулаған өртіңді көрдім. 


Алыстан аңсап барған шағымда,


Көңіл ауыртар көркіңді көрдім. 


 


Қураған терек, талдарды көрдім, 


Иманы орта шалдарды көрдім. 


Сайтан көліктер қиранды болған, 


Қан қатқан қара жолдарды көрдім. 


 


Құстары сирек орманды көрдім, 


Құрсауда қалған мал-жанды көрдім. 


Қасапханаға үдіре қарап,


Байлаулы тұрған жорғамды көрдім. 


 


Қанаты сынық кептерді көрдім, 


Тізеге жетпес өткелді көрдім. 


Автоколіктер айқасып жатқан,


Ақ шаңдақ болған бөктерді көрдім. 


 


Бір ғана емес, мың сырды көрдім,


Қарызға батқан жұртымды көрдім. 


Айдаладағы алаяқтарға,


Жайлауын сатқан ұлтымды көрдім. 


Мен сонда рас бір түрлі болдым. 


 


«Қазақтар сонша еріншектер» деп,


 «Пейілі дарқан көңілшектер» деп. 


Алаштан қалған алтын алқаптар,


Толыпты өзге келімсектерге. 


 


Туысым жалғыз атанын сатқан,


Астындағы атын, шапанын сатқан. 


Күзеуліктегі күрең белдерге,


Заводтар кепті зәһарын шашқан. 


 


Зәһары сосын даланы басып,


Байтақ адырлар барады жасып. 


Қара қошқылдап арсалаңдайды,


Аждаһа тектес аранын ашып. 


 


Айбары қайтқан асқарды көрдім,


Тасымал болған тастарды көрдім. 


Сұңқар мен қыран қақалып өлген,


Түтінге толы аспанды көрдім. 


 


Құмаршыл, тойшыл достарды көрдім. 


Жалыны сөнген оттарды көрдім. 


Ақсақал көрсе беті қызармай,


Сәлем бермейтін жастарды көрдім. 


 


Таң атса шырқар құстары да жоқ. 


Ұл менен қыз жүр, ұстамы да жоқ. 


Аңдар мекені ــ ақдала анау,


 Қарсақ пен қоян. . . тышқаны да жоқ. 


 


Бұлақтар қалған қайнары құрғап,


Жағасын жаттың дайрағы бұлғап. 


«Ер ғана түсер»  ертісте күй жоқ,


Кеткендей біреу айбарын ұрлап. 


 


Үн шығар емес үліңгірден де,


 Арнасы құрғар күнін білген бе?!


Бетімді жуар су таба алмай,


Күрсіндім, жылап, түңілдім мен де. . . 


 


Қаһарлы қыс та сырғыды еппен,


Құм бөрәнменен жылжыды көктем. 


Теңгені аңсап, телмірген бойда,


Көбейді халық ындыны кеткен. 


 


Мені шақырған тойларға бардым,


Ішімдік, жемек, шайларға қандым. 


Ақ тілек емес, ақша мен атақ


Екенін көріп ойларға қалдым. 


 


Ақ неке тойы ــ алтыны қандай?


Айқай-шу болған алты күн болмай. 


Арызын айтып сотқа жетет те,


Ажырап жатыр жарты жыл болмай. 


 


Көйлек, жаулықсыз, еріншек мінез,


Айырмай қыз бен келіншекті көз. 


Ата-ененің бетінен алып,


 Жеңгейлерім жүр жеңілтек мінез. 


 


Тапқанмен бағып тамақты ғана,


Көшеге көз сап қарап тұр аға. 


Атадан қалған мыңқырған малдан,


Бүгінгі тұяқ шанақты ғана. 


 


Мейлі көп, мейлі аз ақша жиды. 


Жақсылық жайын жолатса игі. 


Қазақша білмес қазақ сәбиді


Көргенде жаным азапқа күйді. 


 


Кемсеңдеп алдым кезген өйменен,


Таңдандым сенбей сөзге кейде мен. 


Келеді ұрпақ өзге тілменен,


Өзге өйменен, өзге бейнемен. . . 


 


Көзімнің алды күнде бұлт, мұнар. 


Мұндайын көрсем мұң қонып тұрар. 


Қазақша мінез жұқпаған бала,


Япыр-ай, ертең кім болып шығар. 


«Қарағай басын шортан шалар»  деп,


Асан айтқан сөз шын болып шығар. 


 


«Шортан шалды рас, қарағай басын» ,


Шақшадай болды шарадай басың. 


Тақияң басқа тар келмес еді,


Асырды заман арам айласын. 


 


Жаспен жуылған жүзімді сүртіп, 


Онсақтап ойым, бұзылды шырқым.


Аштылау айттым, өкпелейсің-ау,


Осылай екен бүгінгі сұрқың!  


  ***


Ей, менің құтты, дарқан ауылым,


Сағынып жеттім ортаңа бүгін. 


Жүгіңді арқалар бір ұлың едім,


Көтермей жатып арқам ауырды. 


 


Өзгелер басса өрсіңді бай,


Атты ма  «Дала бөрісін»  құдай?!


Аз ғана жылда кетеуің кетті,


Айтшы сен дала, не үшін бұлай?


              2012 жыл 18 тамыз




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу