01.02.2023
  1332


Автор: Шынар Әбілда

Әйелдің бақыты неде?

Бақыт деген жинақтаушы ұғым. Оны бір салаға апарып тіреп қою мүмкін емес. «Бақыт деген мен үшін тек махаббат не байлық, не денсаулық, не өзімді жетілдіру деуге келмейді». Бәрібір олай болмайды.

Егер адам назарын тек бір салаға түсіріп, басқа өмір жоқтай өмір сүрсе – өзін алдағаны. Шын мәнінде адам өмірінің барлық саласын реттеп, бүкіл саласында үйлесімділікке қол жеткізсе, дегеніне жеткен кезде ғана бақытты.

Егер бізге бірдеңе жетіспесе, мәселеңки, карьерада қалаған жетістік жоқ, яки махаббатта сәтсіздік боп қалса, күш-жігерімізді жинап, арманды орындаудың орнына өзімізді ақтап әлекке түсеміз. Мысалы: «Кедей болсам да, ақылдымын, адалмын». Немесе: «Жалғыз қалсам да шын махабатты күтем, маған кім көрінгенмен қарым-қатынас керек емес».

Өзіңді ақтау тек бір сәттік нәтиже. Дәл қазір саған бірдеңе жетіспейді, содан өзіңді жолы болмайтын адамдай сезінесің, бірақ орныңнан тұрып ештеңе істемейсің, тек өзіңді жұбатумен уақыт өткізесің. Уақыт өте береді. Сол мәселе сол күйі шешілмейді. Жағымсыз сезім сол күйі көкейде тұра береді. Қайтадан өзіңді ақтайтын сылтау іздей бересің. Өмір тоқтап тұр. Ал сен сол қалпы еш салада нәтижең жоқ күйі бір орында тұрсың.

«Менің де қолымнан бірдеңе келуі тиіс қой! Бәрі жақсы болады! Сәл шыдасам, бәрі оңалады!» - деген сыңайлы жаттанды сөздердің еш әсері болмайды. Бәрі оңалу үшін не істедің? Ақша табу үшін – еңбектену қажет, күйеуге шығу үшін – қарым-қатынас құру керек. Бәрі қарапайым ғой: өмір өздігінен түзеліп кеткенше жылы-жұмсақ жерде отырып уақытты өткізетін айла іздеме. Әрекетсіз отырсаң, өмір өзгермейді. Бәрін шешетін әрекет.

Бәлкім сен: «Дүниенің бәрін өзіне тартатын әйелдің бүтін болмысы ше?!» - дерсің.

1. Алдымен сен үшін ерлік жасайтындай әйелге айналу керек. Ол үшін әрдайым өзіңді жетілдіріп отыр. Өзіңді 100% қабылдау. Өзіңе деген шартсыз абсолютті сүйіспеншілікті тану. Бір секундта жаңадан жаңғырып кетпейсің. Бірақ күнделікті бір қадам – кішкентай жеңіс, ол өмірдің сапасын өзгертуге септігін тигізеді. Жетілудің шегі жоқ, ақыры жоқ. Сондықтан өз меніңді жетілдіруде осымен бәрі бітті деген меже жоқ.

2. Әйелдің ішкі күйі – бұл үдеріс, оның үстіне үздіксіз үдеріс. Оны бір рет ұстап қап, үнемі сол күйде қалу мүмкін емес. Әйел өзін күн сайын нәрлендіріп отыруы тиіс. Ішкі күй көп нәрсеге әсер етеді, бірақ ол әрекетсіз дым бермейді. Өмірлік салаларда нәтиже болмаса, ішкі күй бүтінделмейді. Бұл параллельді дамитын дүние: ішкі күй + әрекет. Ішкі күй бір өзі панацея (барлық заттың ортақ емі) бола алмайды. Дегенмен дұрыс әрекетпен қатар алып жүрсе, плацебоға (өзіңді сендіру арқылы емдеу) айналады.

Дұрыс әрекет өзіңді танумен жүзеге асады. «Қалаймын-қаламаймын», «менікі – менікі емес» дегеннің бәрі қоғамның қалыптастырған «болуы тиіс» деген ұғымнан тарамасын. Әр әйелдің жан қалауы бар. Содан тарасын. Сыртқы қабықтан құтылудан қорықпа. Өкпе, реніштер арқылы ішіңе үңіл. Сонда бүкіл кедергіні өзіңе өзің тартқаныңды түсінесің. Жауапкершілік ал. Әлі күнге қолыңнан не келетінін білмейсің. Себебі, шектеулі өмірдің шекарасынан аттамағансың. Өзіңе бұл өмірді текке сүрмеуге рұқсат ет. Арманыңдағы өміріңді жаса.

Әр адамның өмірінің кілті өзінде. Адам өзін тануына байланысты лайықты бақыттың іргесін қалайды. Арманға екі аттап жетуің мүмкін. Әлде ешқашан оған қол жеткізбеуің мүмкін. Бәрі де арманның орындалуы үшін не істегеніңе байланысты. Ұшу үшін қанатыңды жай. Бақытыңды әлдиле. Сен оған лайықсың. Осыны ұмытпа. Бір қадам жасасаң, өткен өмірдің есігі жабылады. Өзіңді тану саяхатына қош келдің!

Инна Макаренко

Аударған Шынар Әбілда



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу