Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  265


Автор: Есбол Бозан

ҚҰЛТЕМІР

Тарихтың қойнауына көз жүгіртер болсақ, ежелгі Қалмақтар адамды мəңгүрттендірудің ең сорақы тəсілдерін қолданған екен. Тұтқынға түскен адамның шашын түгелдей қырқып алады да, оған жаңа сойылған сиырдың терісін басына тұтастай қаптайды екен. Сонан соң оның қол-аяғын мықтап байлап, аптап ыстықта күннің астына тастайды. Мезгіл өте бере əлгінің шашы өсіп, жаңағы кепкен малдың терісімен əбден бітісіп, жабысып қалады екен. Ол адам осының салдарынан өзінің ақыл-есін, ойлау-түйсігін жоғалтып қояды. Сөйтіп олар сол тұтқынды бір аптадай ұстайды. Кейбіреулері шыдамай өліп кетеді екен. Ал тірі қалғандары болса, өзінің есімін білмейтін, өзінің əке-шешесін танымайтын мəңгүрт адамға айналып шыға келеді. Сонан соң, ол кез-келген бұйрығыңды орындай беретін құл адамға айналады екен.  
Бұл мəңгүрттендірудің баяғы бір əдісі болмақ. Ал қазіргі əдісі қандай деп ойлайсыздар?!
Ақ-қараны танымаған əр адам,
Уақыт өте айырылады санадан.
Мəңгүрт адам соқыр ешкі секілді,
Жүре берер бағытына қалаған.
Ондай түйсік таяз əрі кембағал.
Сондықтан да əр нəрсеге алданар.
Миларының тамырлары жалғанып,
Əлеуметтік желілерге байланар.
Одан кейін жады карта «ми» атты,
Ұмытады ар намыс пен ұятты.
Қарасаңыз бұл көрініс адамның,
Құлтемірге айналғаны сияқты.
Рухани құндылықтан аш қалу,
Жүрегіңе, түйсігіңе дақ салу.
Ақпарат ресурстары арқылы,
Адамдарды қиын емес басқару.
Адамзаттың ой-санасын құртып ең,
Етек алды мəңгүрттену дерті кең.
Біреу отыр басын бұғып таса да,
Шөбереңді тəрбиелеп пультімен.
Сол себепті тілің боқтық, үйің дау.
Міндет енді мұны саған мойындау.
Бұл ежелден қалыптасқан саясат,
Бірақ оған көз жеткізу қиындау.
 
Жігеріңнің бағыты мен қарқыны,
Тұманданып бара жатыр əр күні.
Тобыр болып шыға келдің осылай,
Фильмдерді тамашалау арқылы.
Нəтиже де, тəлім алмай текті елден,
Сорлы болдың ақиқатты жек көрген.
Ақырында құлтемірге айналдың,
Монитордың шеңберімен шектелген.
Монитордың тіліменен сөйлейтін,
Оның арғы саясатын көрмейтін.
Мəңгүрттер қаптап жатыр қоғамда,
Өзінің ана тілін білмейтін.
Түйсігінде қалыптасып əңгі ойлар,
Пайдасы жоқ мəліметті таңдайды əр.
Табиғаттың тынысына көз тастап,
Тереңірек ойланбайды ондайлар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу