Өлеңдер ✍️
ЖІГІТ СЫРТТАНЫ
Кейбір адамдар еркектің еркектілігін құр тұрған денесімен ғана бағалайды. Бұндай соқыр түсініктің пайда болуына ықпал етіп отырған нəрселер де баршылық. Адамдардың санасы соңғы жылда күрт құбылды. Жанарымыз теледидарға телміргеннен бері ақылымыз ортайып бара жатырғанын байқамаймыз. Санамызды оятып əр нəрсені өз атауымен атасақ жөн болар еді. Еркектің еркектілігі ар-намысымен ғана өлшенуге тиісті. Əйтпесе, таудай денесімен тарыдай түйіткілді шеше алмай жүрген ездің қатары аз емес қой. Еркегі бар ауылдың қатыны жалаңаш жүрмейтіндігін бір сəтке есімізден шығармайық!
Жігіттің нағыз сырттаны,
Құралайды көзге атқан.
Алдынан ұрып көк дауыл,
Артында шұбар із жатқан.
Сауытын киіп аймауыт,
Соғысқа əбден қаныққан.
Төнгелі тұрған дұшпанға,
Сарабдал мінез танытқан.
Қылышын салып қынына,
Ішіне буып бармақты.
Жігіттің нағыз сырттаны,
Болады əркез салмақты.
Айтылған сөзі болаттай,
Тайынбас берген сертінен.
Дұшпанның өзі оқ атпай,
Бағынар оған еркімен.
Байсалды жігіт Алладан,
Басқаға басын имеген.
Құс жастықта тынығып,
Жібектен шапан кимеген.
Жігіттің нағыз сырттаны,
Құмарлыққа салынбас.
Дүрия көрпе жамылып,
Алтыннан алқа тағынбас.
Еркектің көркі бұл сақал,
Əйелдің көркі ақ жаулық.
– деген сөзді ұқпайды,
Діннен безген аңқау жұрт.
Бəлкім, саған шен арман,
Бəлкім, саған тақ үстем.
Ал жігіттік тек қана,
Өлшенеді намыспен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter