Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  167


Автор: Есбол Бозан

ТОЙШЫ ҚАУЫМ

Той-думан қазаққа емес бөтен,
Бірақ сен жақсымен кеңес, көкем!
Берекелі Қазақтың дастарханын,
Қалайша арақпен елестетем?!
 
Əн салып тимес елге пайдаң тіпті,
Қалғый бермей, тезірек ойлан күпті.
Білмеймін, коньяк ішіп құтыратын
Бұл ауру біздерге қайдан жұқты?
Өзге ел ғылым деген асылды анық,
Меңгерді, ауласы жасылданып.
Ал бізде жырлайды «дəурен-ай» деп,
Жездесі балдызымен қосылып алып.
Бұлай жырлап дəуренді кім күлмейді?
Үлкендер тілек айтып міңгірлейді.
Тойшыл қазақ ет асап қарын сипап,
Əн салудан басқа дым білмейді.
Дегенімен ең озат халықпыз бай,
Жетістіктің қамалын алыппыз қай?
Сауатты ұрпақ артымда қалсын десең,
Саулығыңды дұрыста азып-тозбай.
Алдыменен дұрыста бесігіңді,
Қатын жанды қылдырма еш ұлыңды.
Шошқа жеп, шарап ішіп, қадір кетсе
Бұл тойдың қазаққа несі құнды?!
Жұртың үшін шекпесең дара қайғы,
Ойнап-күліп жүргенің жарамайды.
Білімге ұмтылмаған əрбір адам,
Түбінде кафе бойын жағалайды.
Ар-ұяттың іш бауы сөгілгесін,
Айтумен шектелесің өмірге сын.
Мұндай тойда қасиет қайдан болсын,
Миллиондап ақшалар төгілгесін.
 
Ішкенің мен жегенің арам болса,
Апта сайын кредит мазаңды алса.
Жамағат той тойлап, жетістікке
Жете алмай келеді, амал қанша?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу