Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  122


Автор: Есбол Бозан

МƏҢГҮРТТЕНУ

Сəулетімен үйлескен қалам ғажап,
Көше бойы көліктер, алаңда бақ.
Уа, халқым, бірақта бұл күндері,
Пайда болды қылықтар балаңда жат.
Жастар көп өзегін жарып күлген,
Қазақылық барады қалып тілден.
Айнала да адамдар некен-саяқ,
Өз тарихын зерделеп танып білген.
Болашағын қазірден ойласын ұлт,
Əйтпесе, дұшпанның айласы көп.
Неше түрлі «шоуларды» шығарамыз,
Халыққа ешқандай пайдасы жоқ.
 
Текті жұрт деп тарихта қалған атың,
Тексіздікке ендеше болма жақын.
Қазақтардың қарасы азаймай тұр,
Өз тілінде сөйлеуге арланатын.
Ішімдікке салынды жастар бүгін,
Жігер қайда, ар қайда шашқан нұрын?
Жемқорлар халықтың ақшасын жеп,
Өз еліне жасауда қастандығын.
Болмаған соң бойда ар, басыңда ақыл,
Мəңгүрттену індеті қасыңда тұр.
Жазушы мен ақынның орындарын,
Қызтекемен əншілер басып жатыр.
Досы болды несие көп кедейдің,
Ысырапшыл тойыңды жоқ демеймін.
Барлық бəле өзіңнен қайран елім,
Өзгелерге жөнің жоқ өкпелейтін.
Ұрпақ керек дені сау, науатты жүз,
Сондықтан да ашайық сауатты біз.
Ел үшін, жұрт үшін, отан үшін,
Алла алдында бəріміз жауаптымыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу