Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  169


Автор: Есбол Бозан

ШЫН БАҚЫТ

«Олар Аллаға, ақырет күніне сенеді де дұрысқа қосып, бұрыстан тосады. Сондай-ақ қайырлы істерде жарысады.
Міне солар ізгілер».
«Əли Имран» сүресі, 114-ші аят
Гүлденбесе иманмен шырай тағы,
Қу дүние жаныңды мұңайтады.
Бақилық бақытқа ұмтылмасақ,
Бақытты деп біздерді кім айтады?
Бақыт деген не өзі, қандай ұғым?
Рахатқа байлану ма жан-байлығың.
Алдыңда есеп күні күтіп тұрса,
Бұл өмірдің рахатын таңдайды кім?
Бай болғымыз келеді, «белес» дейміз,
Қарапайым халықпен теңеспей біз.
Алайда, патшаның да аяқ асты,
Пақырға айналғанын көп естиміз.
Қабылдамай ақиқат дінді, көкем,
«Бақыттымын» дегені күлкілі екен.
Тəуірсымақ адамның ана жақта,
Қайыр сұрап жүруі мүмкін екен.
Қалай ғана жинайды тірінде есін,
Жүрегінде иманы бүлінгесін.
Қу дүние сұлудай мың құбылып,
Көз алдынан өтпестей көрінгесін.
 
Хақ алдында дүниенің кеткен құны,
Өзі алады мерзімі жеткен күні.
Бақыт деген момынның, қолындағы
Барына қанағат еткендігі.
Бақыт деген дидарың мейірленіп,
Тура жолда қасықтап сый өргенің.
Құран менен сүннетті негіз қылып,
Жалғыз ғана Аллаға иілгенің.
Көпшілігі өздерін жиі алдайды,
Бұл өмірдің қызығын қия алмайды.
Адам деген Аллаға иман етпей,
Бақыттың не екенін біле алмайды.
Болғанымен мына жер мекен бүгін,
Мен сеземін дүниенің бекерлігін.
Қайбір адам Құдайын танымаса,
Сол адамның бақытсыз екендігін!
Бақыт деген не өзі?...
Толғанасың,
Бірақ оған өзгерді көзқарасым.
Ойнап-күлу барлығы бекер екен,
Бір Аллаға құлшылық қылмағасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу